Шылау сөздердiң емлесi. Шылау сөздердiң жазылуы 3 түрлi : 1.Бөлек жазылады; 2. ақ, ау, мыс, мiс, ай шылаулары түбiрден дефис арқылы бөлiнiп жазылады; 3. ма, ме, па, пе, ба, бе шылаулары түбiр мен қосымша арасында қолданғанда мы, мi, бы, бi, пы, пi түрiнде фонетикалық өзгерiске ұшырап бiрге жазылады.
Бас әрiптiң қолданылуы. Бас әрiппен жазылатын сөздердiң 4 түрлi уәждемесi көрсетiледi : 1. нүкте, сұрау, леп белгiлерiнен кейiнгi сөйлемнiң бiрiншi сөзi, өлеңнiң әрбiр жолы; 2. жалқы есiмдер; 3. күрделi есiмдерден құралған жоғарғы мемлекеттiк дәрежедегi мекеме, ұйым атаулары, мемлекеттiк дәрежедегi атақ, дәреже атаулары; 4. қысқарған сөздер.
Сөздердiң тасымалдануы. Сөздердiң тасымалдануына байланысты 3 пункт берiлген. Бiрiншi пункт бойынша сөз буын жiгiне орай тасымалданады, екiншi пункте и,у дыбыстарымен келген сөздердiң буындалуы мен соған орай тасымалдануының 2 түрлi жағдайы көрсетiледi: а) екi дауыстының ортасында келген и,у дыбыстары бар сөздер (дауыс, дайын) буындалғанда, и,у дыбыстары келесi буынның басында келедi (да-уыс, да-йын) және солай тасымалданады, ә) ал ұу, үу, ый, iй қосар дыбыстарының орнына жазылған у,и әрiптерi бар сөздер буындалғанда, келесi буын дауысты әрiптен басталады және солай тасымалданады: бу-ын, су-ық, қу-а-қы, қи-ын, ти-ын, жи-ын. Дұрысында, бұлайша буындалу жазбаша тiлдiң жемiсi. Ауызша сөйлеу заңдылығы бойынша мұндай сөздер бұ-уұн, сұ-уұқ, құ-уа-қы, қы-йын, ты-йын, жы-йын түрiнде буындалуы тиiс. Қазақ тiлiндегi сөздердi буынға бөлу /буын, жiгiн ажырату/ заңы бойынша: 1-ден сөз ортасында жалаң ашық буын келмейдi (қу-а-қы), 2-ден буын сөз ортасында дауыстыдан басталмайды /су-ық, бу-ын/.
Осы бөлiмде ескертi ретiнде, сөз iшiнде 3 дауыссыз қатар келгенде /құмырсқа, жаңғыртты, күңгiрттеу/, алдыңғы жолда 2 дауыссызды қалдырып, келесi жолға үшiншi дауыссыз дыбыс әрпiн шығарып тасымалдау керектiгi көрсетiледi: құмырс-қа, жаңғырт-ты, күңгiрт-тей т.б. 3- пунктi тасымалдауға болмайтын сөздерге арналады. Сөздер 5 жағдайда тасымалданбайды: 1. бiр буынды сөздердi, 2. жеке дауысты дыбыс әрпiн; 3. бас әрiптен қысқарған сөздердi; 4. кiсi атының қысқартылып алынған инициалдарын; 5. цифр арқылы таңбаланатын сандарды, оларға қатысты сөздерден бөлiп тасымалдауға болмайды
Достарыңызбен бөлісу: |