151
УДК 512.14
ПОЭЗИЯ ТІЛІНДЕГІ «АТАМЕКЕН» КОНЦЕПТІСІНІҢ ҚОЛДАНЫЛУ
ЕРЕКШЕЛІГІ
Искакова А.С., Таласпаева Ж.С.
(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)
Көшпенді түркі халықтары үшін кеңістік ұғымы əрі горизонталды əрі вертикалды
формада қабылданатыны оның түрлі мифтерде, ауыз əдебиеті үлгілерінде, поэзия мен
прозада сақталған тілдік бейнелерінен көрінеді. «Кеңістік – қазақтар үшін шексіз
космос. Осы космоста олардың «өз микрокосмосы бар, ол – «атамекен» деп аталатын
олардың бүкіл болмысын өзге ықпал етуші, үйлесімділігін бұзушы күштерден
сақтайтын, ата-бабасынан мұраға алып келе жатқан өздері үшін ерекше «жұмақ, жайлы
жер» [1, 22 б.]. «Атамекен» ұғымы осы тіркестердің құрамындағы «ата» жəне «мекен»
сөздерінің ассоциативті мағыналары арқылы да объективтенеді. Ата - «ата-баба»
мағынасында əрі «ежелгі» мағынасында алынады, мекен – «тұрақ, өмір сүретін, өсіп-
өнетін территория» деп түсінеміз. Сонда атамекен «ата-бабаларынан мекен етіп, өркен
жайып келе жатқан жер» деген ұғымды береді. Атамекен атауы кейде лекика-
семантикалық мағынасынан атажұрт, атақоныс, туған жер, Отан сөздерімен де
ауыстырылып қолданылады. І.Кеңесбаевтің «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде»
«туған жер» сөзіне мынадай анықтама беріледі: «Туған ел – торғын беісік. Туған жер.
Отан, өз елі, кіндік кесіп туып-өскен жері [2, 519 б.]. Осындағы «Отан» деп
отырғанымыз – қазіргі ұғым атауы. Адамдар қай кезеңде де, əсіресе, түркі халықтары
қоғамдасып өмір сүруге ерте кейінгі орта ғасырларда, айталық, ХІІІ-ХVІІ ғасырларда
белгілі бір этникалық, территориялық тұтастықтарға бөлініп өмір сүрген, оның ірі-
ірілерін ғылымда хандық деп атап жүрміз. Ал ертеректегі ата-бабаларымыз бұл ұғымды
Отан, мемлекет, хандық деп атамай, ел, жұрт, байтақ, ел-жұрт, ел күн деген сөздермен
білдірген» [3, 44 б.]. Бірақ көшпенді қазақ халқы үшін тіл дамуының бертінгі
кезеңдерінде қалыптасқан «туған жер», «Отан» атауларына қарағанда «Атамекен»
ұғымының мағынасы əлдеқайда кең, əлдеқайда терең. Атамекен ата-бабадан ұрпаққа
мирас болып қалған ежелгі құтты қоныс, мекен [4, 53 б.]. Сондықтан «Атамекен» -
адамзат тарихымен адам баласының ой-санасында жоғары тұратын қасиеті де, қастерлі
ұғым. «Атамекен» кез келген ұлт үшін аса маңызды рөл атқаратыны белгілі. Оның
ішінде қазақ халқы «кіндік қаным тамған жер» деп қастерлейді.
Қазақ танымындағы «Атамекен» концептісінің логикалық моделі «Отан» Туған
жер» «Ата қоныс» сияқты күрделі логикалық ассоциациялардан тұрады. Оны
тіліміздегі «Ата қоныс — алтын мекен», «Отансыз адам — армансыз бұлбұл» т.б
паремиологиялық бірліктер құрамынан көруге болады.
Біз «туған жер», «ел» концептісінің қазақ танымында қандай ұғым беретінін
қарастыра отырып, халықтың басынан кешкен өмірін, ұлттық ерекшелігін,
дүниетанымын тани аламыз, адамзатты табиғатты, Отанын сүюге тəрбиелейміз. «Туған
жер» концептісін зерделеу арқылы адамның ой мен түсінігін тұжырымдап тілдің
этнолингвистикалық сипатын айқындай аламыз. «Туған жер» концепісі қазақ халқы
үшін ерекше құнды дүние болып табылады. Біз үшін «туған жер» немесе «ел»
концептісі «атамекен», «ата-қоныс», «ата-жұрт», «кіндік қаны тамған жер» секілді
модельдердің қатысымен анықталады. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын
мəдени мұра. Қазақ ақын-жазушыларының ішінде туған жер тақырыбына қалам
тартпаған қаламгер болмаған шығар. Сондай ақындардың бірі – Сəкен Сейфуллин.
152
Туған жер, ел тақырыбында ақын қаламынан туындаған өлеңдері бірнешеу. Мəселен,
«Туған жерім – өз елім». Бұл өлеңін Сəкен ағамыз шет жерде жүргенде жазған болатын.
Өлеңде ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігі тамаша бейнеленген.
Қайғы ойлаттың естен кетпей туған жер,
Қаны қашты, əм сарғайды ет пен тер.
Сені ойласам ішім күйер қапа боп,
Жүрегімде түйіншектей қайғы шер.
Ұйықтасам да еш шықпайсың түсімнен,
Тұрсам-дағы сен кетпейсің есімнен.
Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім,
Бəсеке қып, жұмыртқа алған ну көлім, - дей келе шет елде жүргенмен, туған жерін
сағынатынын, күндіз ойынан, түнде түсінен кетпейтіндігін айтады.
Ал «Нұра» өлеңі арқылы отарлау саясатымен өз туған жеріне бөгде, бөтен
адамдардың келіп, билік етіп отырғанына ақынның жүрегі ауыратынын байқаймыз.
Сағынып Нұра, мен келдім,
Бұрынғы иең – байғұсың
Айрылған сенен көп елдің
Жатырсың көріп қайғысын.
Бұрынғыдан қайғылы
Құстарың да сайрайды:
Қолдан келер еш не жоқ,
Жүрек от боп қайнайды, - деген өлеңінде ақын туған жеріне кімнің келгенін ашық
айтады жəне олардың ол елді өз еліндей иемденгеніне күйінеді,
қынжылады. Оны біз «Туған жерім» өлеңі арқылы байқаймыз:
Өзен өрлеп, суға қармақ салғаным.
Құрбылармен таласып балық алғаным.
Сөйткен жерге хохол келіп орнады
Арманда боп, жылай-жылай қалғаным.
Ел аман, жұрт тынышта отырып, қазақтың елін, жерін басқаға билетіп қоюына
ақын ызаланады, намыстанады, оны мазақ болу деп түсінеді.
Мекен болдың бір уақыт
Көшіп жүрген қазаққа.
Айрылып сенен бейбақыт
Сорлы қалды мазаққа, - деп толғанады. Өлең туған жерге бағышталғандықтан,
жер мұңы –халық мұңы, ел мұңы екенін түсінеді.
Қорытындылай келгенде, С.Сейфуллин шығармаларының біразында «туған жер»,
«атамекен» концептісі ұшырасады. Бұл концепті ақынның ішкі жан дүниесімен астасып
жатыр. Мұнда нəзік психологизм, Отанға, туған жерге деген ақынның көзқарасы,
сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі ашық аңғарылады[5, 262-264 б.].
Əрбір тілдің сөз байлығы мен көркемдік қуатын сол тілдегі көріктей амалдары
жəне сөздік қордың деңгейімен өлшеу жеткіліксіз, сонымен қатар, тілдің байлығы
ұлттың тілдің тұлғасының танымдық-концептуалды деңгейімен де өлшенеді. Ол үшін
сол ұлттың концептуалды əлемі жəне содан өрістейтін концептуалды кеңістігіне
тұтастай барлау жасалуы керек. Ілияс Жансүгіров көркем дискурсында «Атамекен»
концептісі «дала», «туған жер» мағыналас ұғымдарымен сипатталып, былайша көрініс
тапқан. «Атамекен» ең алдымен, туып-өскен, өсіп-өнген мекен. Себебі:
Тудым, өстім, есейдім,
Ен далам – анам, мен – балаң.
Ен далам – анам, мен – балаң.
Туған, өскен есейген,
Еңбек тулы ел- балаң. («Дала» поэмасынан)
153
Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім;
Асқарда Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім («Құлагер» позмасынан)
Міне, əрбір адам баласы үшін тұрақтап, өсіп-өнген, мекен етіп, бауыр басқан жері
– киелі. Ақын танымында дала мен ана ұғымдары – егіз ұғым. Осындағы тау, тас, бұлт,
т.б. тілдік бірліктер «атамекен» концептісін анықтаушы тілдік құралдар. Атамекен –
«ғасырлар бойы біршілік етіп, өмір сүріп келген ата-бабаларымыздың кең аспан
астындағы құтты мекені, кірін жуып, кіндігін кескен ана-жұрты, өсіп-өнген өлкесі.
Өскен жердің кəусар бұлағы мен салқын самалы, орманды тоғайы мен жазира даласы ,
асқар тауы мен айдынды көлі – бəрі де əркімнің жанымен сезінетін табиғи ортасы».
Екіншіден, «Атамекен»-тыныштық, мəңгілік орны. Дала лексемасының көркем
мəтіндегі берілген мəні - жалпы адамзаттың өмір сүріп, тіршілік етер ортасы. «Дала»
лексемасының ұлттың рухани-мəдени құндылықтар жүйесін маңызды орын алатын
«қасиетті, киелі мекен» деген ұғымы ақын дискурсында одан əріге тереңдеген [6, 75 б.].
Өлеңдерінде «Атамекен» концептісі анық байқалатын ақындардың тағы бірі -
Мағжан Жұмабаев. Ол алғашқы өлеңдерінде-ақ, əлеуметтік тақырыптарға
ден қойған. Отан, туған жер тақырыбына жазылған жыр жолдары бір төбе.
Жерлес ақынымыз аталмыш тақырыпқа бірнеше өлеңдер жазған. «Туған жерім
Сасықкөл», «Түркістан», «Алатау» сынды өлеңдерінде бір қалаға, бір ауылға ғана
емес, тұтас қазақ жеріне, Отанына, атамекеніне деген сүйіспеншілігін жазған.
Оқырманның санасына тез сіңіп, тез жатталатын өлеңдерінің бірі «Туған жер».
Бұл жарыққа аяқ басып тұрған жер,
Кіндік кесіп,кірім сенде жуған жер.
Жастық-алтын,қайтіп келмес күнімде,
Ойын ойнап,шыбын-шіркей қуған жер, - деген өлең жолдарында ақиық ақын
Мағжан Жұмабаев туған өлкесіне деген сағынышын, балалық шағы өткен ауылына
деген перзенттік махаббатын білдіреді. Жастық шақты алтынға бағалап, өткен
уақыттың қайтып келмейтінін жырға қосқан.
Жаратылдым топырағыңнан,сен-түбім,
Жалғаны жоқ,бəрі сенен жан-тəнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы
Жарық болар Шолпан, Айым, сен - Күнім, - деген өлең жолдарында ақын туған
елдің топырағынан жаратылдым, - дей келе сол жердің аспанындағы Ай мен Күнге
деген сезімін жырлаған. Яғни, Мағжан туған жердің тау-тасын, өзен-көлін ғана емес,
тіпті, бар əлемге ортақ шуақ төгіп тұрған Күні мен Айын да ерекше жақсы көрген. Ол
үшін атамекеніне қатысты əр құбылыстың, əр заттың орны өзгеше болғаны осыдан
байқалады.
Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тəңірі берген несібі ғой, - дей келе Мағжан Түркістанда туған жұрттың
бақытты екендігін айтады. Ол ата қоныс Түркістанды түркі халықтарының тал бесігіне
балап, оның қасиетімен киесін арттыра түседі.
Мағжан өз өлеңдерінде туған жерге деген махаббат тақырыбын айрықша жыр
арқауы еткен. Ақынға азаматтық та, ақындық та, ұлылық та дарыған. Содан да болар,
Мағжан поэзиясы оқырмандарының қойын кітабындай. Ақын өлеңдері өзінің кіндік
қаны тамған, шырылдап жарық дүниеге келген туған жеріне деген перзенттік
сүйіспеншілігіне толы. «Туған жер» тақырыбына жазылған өлең арқылы оқырманын
Отанды сүюге, мейірімді болуға тəрбиелейді. Патриотизммен өрілген,ыстық жүректен
154
шыққан ақын жырлары өскелең ұрпақты ержүрек болуға тəрбиелеп, шығармашылыққа
баулиды.
Туған жер тақырыбы барлық заманда өзекті. Əр заманның ақыны, аталмыш
тақырыпты жырына қосып, атамекеніне деген ыстық ықыласын білдірген. Мысалы,
Кəкімбек Салықовтың «Қызылжар» атты өлеңінде:
Ақ қайың елі жайдары,
Сарыарқа алтын айдары.
Абылай ақ үй орнатқан,
Қазақтың ғажап аймағы, - дей келе Кəкімбек Салықов солтүстік өңір табиғатының
сұлулығын жырға қосқан. Небəрі осы бір шумақтың арқасында ол біздің өңірдің ақ
қайыңдар өлкесі екендігін, мұнда хан Абылайдың отау тіккендігін, өз туған жерінің
қаншалықты тарихи маңызды, құнды екендігін жеткізе алды. Яғни, жылдар мен
ғасырларға созылатын тарихтың белгілі бір бөлігін төрт жолға сыйғызған. Бұл ретте
ақын ағамыздың Отан-анаға деген махаббатын ғана емес, зор мақтанышын да анық
байқаймыз. Атамекенінің тарихи жетістіктерін суреттей келе, ол өз өлкесінен шыққан
ақиық ақындарға, танымал тұлғаларға, ел мақтаныштарына тоқталады.
Мағжандай қайсап жаралған,
Ұлдары арыс сан алуан,
Атадан мирас нəр алған,
Қыраны елдің - Қызылжар,
Жұмағы жердің - Қызылжар. Бұл шумағында ақын Қызылжардың киелілігін
кеңінен ашты. Кəкімбек Салықов Қызылжарды елдің қыранына да, жердің жұмағына да
балайды. Демек, осы өлең жолдарымен ол еш нəрсенің туған өлкеге тең келмейтінін, əр
азамат үшін Отанның алар орны бөлек болатынын жеткізген. Мағжандай арыс ұлдар
дүниеге келген біздің өлке да ата-бабадан қалған мирас, асыл мұра. Сондықтан, оны
қорғап, аялап өту, бұрынғы ақындардың жырларын əрі қарай жалғастыру, бүгінгі
жастардың міндеті.
Əдебиет:
1. Нұрдəулетова Б. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі: ф.ғ.к,
докторы... авторефераты. - Алматы., 2008. - 47 б.
2. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1977. - 712 б.
3. Сыздық Р. Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар. - Алматы: Арыс, 2009. - 272 б.
4. Мейлах Б.С. Философия искусства и художественная картина мира// вопросы философии. -
М., 1987. - № 7. - С. 54-61
5. Бекбауова С. С.Сейфуллин шығармаларындағы «туған жер, ел» концептісі Қазақстан
Республикасының Бірінші Президенті күніне арналған «Сейфуллин оқулары – 9: жоғарғы
білім жəне ғылым дамуындағы жаңа бағыт» атты Республикалық ғылыми-теориялық
конференция материалдары. – 2013. – Т.2, ч.1. – Б. 262-264
6. Əділбекова Л. І. Жансүгіров прозасының идеялық-көркемдік ерекшеліктер: ф.ғ.к., диссер. -
Алматы, 1988 - 111 б.
Достарыңызбен бөлісу: |