21. Математика есептерін шешуді оқытудың жалпы әдістемесі. Есептің математиканы оқытудағы орны Есептерді шешу - әдеттегіден өзгешелеу жұмыс, атап айтқанда ақыл-ой жұмысы. Ал қандай да болмасын жұмысты үйрену үшін алдымен сол жұмыстың мақсатын біліп, оны орындау жолдарын алдын ала жақсылап зерттеу керек.
Демек, есептер шешуді үйрену үшін олардың түрлерін, қалай құрылғанын, қандай құрамдас бөліктерден тұратынын, есептер шешуге қажетті құралдардың қандай екенін анықтаған жөн.
Осының бәрін талдап көрелік.
Сонымен, есеп деген не екен?
Егер кез келген есепке зер салып қарасақ, онда оның көрсетілген шарттарды ескере және оларға сүйене отырып жауабын табу керек болатындай талап немесе сұрақ түрінде болатынын көреміз. Сондықтан да қандай да болмасын есепті шешуге кіріскенде оны мұқият талдау керек, яғни оның талаптарын (сұрақтарын) , қандай шарттарға сүйеніп шешу керек екенін анықтау керек. Міне, бұл – есептің анализі (талдауы) деп аталады.
Математикалық есептердің шешуін іздестіруге арналған негізгі ұсыныстарды тұжырымдасақ: 1. Есепті оқып, оның түрін анықтау керек.
2. Егер ол стандарт есеп болса, онда оны шешу үшін өздеріңізге белгілі жалпы ережені қолданыңыздар.
3. Егер де есеп стандарт болмаса, онда:
а) есептің таныс (бұрын шешілген) бөлігін жекелеп алу немесе есепті стандарт түрдегі ішкі есептерге жіктеу (бөліктеу тәсілі) керек;
б) шартқа көмекші параметрлер, көмекші сызулар (көмекші элементтер тәсілі) енгізу керек;
в) есепті оған пара – пар басқа есеппен ауыстырып, қайта тұжырымдау (модельдеу тәсілі) керек.
4. Аталған тәсілдерді жүзеге асыруды жеңілдету үшін есептің көрнекі көмекші моделін – оның схемалық жазылуын алдын ала құрып алған пайдалы.
5. Стандарт емес есептерді шешу есептер шешудегі амал – әрекеттерді әрдайым терең талдаудың және әр түрлі есептерді шешуге үнемі жаттығып отырудың нәтижесінде меңгеріп алуға болатын өнер.
Есептерді шешу шығармашылық іс әрекеттің түрі, ал шешуді іздестіру ойлап тапқыштық процесс екені естеріңізде болсын.
Есептер шешу процесінде жасап шығаруға, ойлап табуға (ойлап шығаруға) үйреніңіздер.