48. Қазіргі Қазақстанның денсаулық сақтау, спорт және дене шынықтыру. Қазақстандық спортшылардың жетістіктері. Салауатты өмір салты ұлт болашағын қалыптастырудың негізі ретінде. .Спорт және дене шынықтыру саласындағы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзіне тән ерекшелігі дәстүрлі түрде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытудың теңгерімді тәсілдерін іске асыру болып табылады.
Бұқаралық спорт саласында ел халқының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыт болып отыр.
Республика халқының жалпы санынан дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсуі (2012 жылы - 21,6 %, 2013 жылы - 23,2 %, 2014 жылы - 25,1 %) байқалады.
Спорт секцияларына баратын студенттерді қамту - 55,8 % немесе 278.6 мың адам, еңбек ұжымдарында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны - экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 15 %-ын немесе 1,6 млн. адамды; дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын мүгедектер саны - 9,2 %-ды немесе 22,6 мың адамды құрады.
2014 жылы дене шынықтыру ұжымдарының саны 19,3 мың болды.
Дене шынықтыру және спорт ұжымдарында барлығы 92,5 мың спорт секциясы құрылды, оларда 3,3 млн. адам, оның ішінде ауылдық жерде 1.6 млн. адам спортпен шұғылданады.
Халықты дене шынықтырумен қамтуды көп жағдайда саланың қолданыстағы инфрақұрылымы айқындайды.
Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес 2014 жылы елде 34,9 мың спорт құрылысы жұмыс істеді және 2013 жылмен салыстырғанда 2 %-ға өскен (34,2 мың спорт құрылысы).
Соның ішінде: 25,7 мыңы - спорт мектептерін қоса алғанда, білім беру мекемесі объектілеріне, 9,3 мыңы - дене шынықтыру-спорт мақсатындағы объектілерге жатады.
Балалар мен жасөспірімдер спорты инфрақұрылымын 435 бірлік балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 16 мектеп-интернат құрайды.
2014 жылы қосымша білім беру мекемелері қатарына 569 балалар мен жасөспірімдер клубы, 120 мыңнан астам балалар мен жасөспірімді қамти отырып, дене даярлығының 105 балалар мен жасөспірімдер клубы кірді.
Студенттік спорт саласы белсенді дамып келеді. Жүз жиырма алты ЖОО-ның жетпісінде спорт клубтары жұмыс істейді.
Республикада денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 10 спорт клубы жұмыс істейді. «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт орталығы» РМҚК құрылды.
Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартылған мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсу серпіні сақталып отырғанын атап өткен жөн. Еліміздегі жалпы халықтың 3,6 %-ын құрайтын 626 700 мүгедектің 440 мыңы еңбекке жарамды, оның ішінде 245 мың адамға спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілім жоқ. 2012 жылғы қорытынды бойынша адамдардың осы санаты қатарында спортпен шұғылданатын адамдар саны — 8,3 %, 2013 жылы - 8,7 %, ал 2014 жылғы қорытынды бойынша 9,2 % құрады.
Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу жүйелі негізде ұйымдастырылған.
Тек 2014 жылдың өзінде Саламатты өмір салты орталығымен бірлесіп, 34 мыңға жуық спорттық-бұқаралық іс-шаралар мен акциялар өткізілді, оған 4,1 млн. астам адам қатысты.
Жыл сайын 5 мыңнан астам мүгедек спортшылардың қатысуымен түрлі санаттағы мүгедектерге арналған 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионат пен турнирлер өткізіледі.
Спорт түрлерінен спартакиадаларды, түрлі турнирлерді, «Тұңғыш Президент - Елбасының тесттерін» тапсыру айлықтарын, «Анам, әкем, мен - спортшы отбасы!» атты отбасылар арасындағы спорттық жарыстарды, жыл сайын 2 млн. астам адам қатысатын жаппай жүгіру мен өзге де іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды.
Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде 20-дан астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша қарқынды түрде дамыған ұлттық спорт түрлерімен 265,7 мыңнан астам адам шұғылданады (2012 жылы — 229,9 адам, 2013 жылы — 250,9 адам).
Ұлттық ат спорты жарыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізуге жағдай жасалуда.
Барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында стандартты ипподромдар салынды.
Спорт және дене шынықтыру саласын дамытудың әлемдік тәжірибесі бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын тиімді дамытудың нәтижесінде спортшылар Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізетінін көрсетеді.
Отандық жоғары жетістіктер спорты нақты міндеттер мен даму бағыттарын іске асыруға бағдарланған.
Тәуелсіздік кезеңінде республикада кәсіби спортшыларды дайындаудың бастапқы кезеңінен жоғары спорттық шеберлікке дейінгі жүйесі қалыптасты.
Қазақстанда спорт түрлерінен 109 республикалық федерация, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерінен - 40, ұлттық спорт түрінен - 7 федерация, мүгедектер спорты түрлерінен - 3 федерация және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 59 федерация жұмыс істейді.
Біліктілікті арттыру мақсатында 2013 жылдан бері жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде жақын және алыс шет елдерде оқуға мүмкіндік алды.
Отандық спортшылар жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуы ең маңызды нәтиже болып табылады.
Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спортты зор салтанатқа бөледі, онда ел құрамасы бұдан бұрынғы Азия ойындарының бәріне қарағанда, жеңіп алған медальдар бойынша рекорд орнатып, бірінші орынға ие болды.
2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан спортындағы елеулі оқиға болды, мұнда Қазақстан командасы өз тарихында тұңғыш рет әлемнің 205 елі ішінде бейресми командалық есепте 12-орынға табан тіреді.
2014 жылы Инчхон қаласында (Корея Республикасы) өткен XVII жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама команда 84 медаль (28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль) жеңіп алып, 4-орынды иеленді.
2014 жылы Сочи қаласындағы қысқы Олимпиадада қазақстандық 15 спортшы 6 спорт түрінен ғаламның 10 үздік спортшысы қатарынан орын алды.
Қазақстанның маңызды халықаралық имидждік жобалары 2017 жылғы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиаданы дайындау және өткізу болып табылады.
Сала заңнамасын жетілдіру шеңберінде 2014 жылы саланы дамытудағы заманауи талаптарға сәйкес келетін «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Ұсынылып отырған Қазақстан спортының дамуына шолу саланың орнықты даму жолына шыққанын сипаттайтын оң үрдістердің бар екенін айғақтайды.