3.Әдеби теориялық ұғым.Кейіпкерлер жүйесі. Кейіпкер –көркем әдебиетте роман, повесть, әңгіме, драмалық шығармада, поэмада уақиғаға қатысушы адам.
Ы.Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесіндегі – Асан мен Үсен, М.Әуезовтың «Әжемнің әңгімесіндегі» - Абай, Абайдың әжесі, шешесі – Ұлжан, қонақтар –Барлас пен Байкөкше т.с.с. Міне осының бәрі жалпы кейіпкер болғанмен, бұл бір-бірінен дараланатын, бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер. Оны біз олардың жасына, түріне, мінез-құлқына, сөйлеген сөзіне, іс-әрекетіне қарап айырамыз.Мысалы,Абай туралы жазушы былай дейді:
«Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімделген. Бірақ әлі сол мүсінде, үлкендік жоқ. Толық, ьалғын емес. Сидиып арықтап,құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес. Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазірде Қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозғылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді.»
Бұл суреттеу Абайдың жас мөлшерін, кескін-келбетін көз алдымызға елестетеді. Жазушының осындай суреттеуі арқылы біз Абайдың 13 жастағы бала кезін көз алдымызға келтіреміз. Егер қолымызда 13 жастағы Абайдың фотосуреті болса, біз үңіле қарап, оның жансыз суретінен бет әлпетін, түр-түсін т.б. байқаған болар едік. Ал, жазушы сөз, суреттеу арқылы бізге кейіпкердің кескін-келбетін яғни портретін елестетеді. Жазушының сөз арқылы осылайша біреудің суретін беруін кейіпкердің портреті дейміз. Фотосурет пен кейіпкердің суретінің (портретінің) айырмасы үлкен. Жазушы шығармадағы жағдайға қарай кейіпкердің портретіне қайталап соғып отырады.
Адамның әр түрлі жағдайларда – жеке өмірде, тұрмыста, қоғамда, адамдармен қарым-қатынаста көрінетін рухани және психикалық ерекшеліктерінің жиынтығын –мінез дейміз.
Мінездеу де портрет сияқты образ жасаудың негізгі құралы. Мінез арқылы кейіпкердің ішкі толғаныс, күйініш–сүйініші де беріледі.
Балалар өлеңінде портрет ерекше орын алады. Ол көбінесе хайуанаттар мен ұсақ жәндіктер жайында айтылған өлеңдер мен сатиралық өлеңдерде жиі қолданылады. Хайуанаттар мен ұсақ жәндіктер портреттерінің суреттелуі өте қарапайым болғандықтан балалар оған оңай түсінеді, тез ұғады, танысады, сол арқылы олардың түс таңбасын ажырата біледі, өзіндік ерекшеліктерін байқайды.
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан
Ала бұта, теріскен,
Мұрындығы келіскен,
Шөк дегенде «бық» деген,
Шешіп үйін жүктерін.
Немесе:
Мүйізі айдай иілген,
Мұрнын көкке шүйірген.
Керілген желін сала емшек,
Сауғанда жаның сүйінген
Ірімшік пен құрт майың
Жегенде тілді үйірген.
Бұл өлеңдерде түйе, сиыр портреттері әдемі берілген. Ұсақ жәндіктер портреті бұдан да айқынырақ, бұдан да дәлірек суреттелген.
Ат басты,
Арқар мүйізді,
Бөрі кеуделі
Бөкен санды, -
дегенде шегіртке портреті тым әсерлі берілген.
5.Кейіпкердің тілі. Шығармадағы кейіпкердің сөйлеген сөздерінің бәрі оның тіліне жатады. Яғни, кейіпкер тілі деп сол кейіпкердің өзіне тән сөйлеу ерекшелігін, сөз байлығын, шығармадағы оқиғаға, іс-әрекетке байланысты айтылған сөздерін айтамыз.Қазақ тілі грамматикасының ережесімен айтқанда біреудің өзгеріссіз берілген сөзін төл сөз дейміз. Ал шығармадағы төл сөздер - белгілі бір кейіпкер сөзі. Белгілі бір кейіпкерге тән сөздердің бәрін жисақ, ол сөздер оның тілін құрайды/ 3/ .