2. Мәміленің нысаны және оның маңызы АК 151-бабы мәміленің ауызша және жазбаша түрлерін ажыратады. Ал жазбаша түрі, өз кезегінде, жай және нотариалдық болуы мүмкін.
Сөз жүзінде жасалатын мәмілелер ауызша түрде жасалған мәмілелер деп есептеледі. Қатысушының еркі тікелей, шарт жасасуға бағытталған конклюденттік әрекеттер арқылы білінетін мәмілелер (мысалы, таңдап алған тауар үшін сатушыға ақша беру) де, сондай-ақ қатысушының еркі үндемеу арқылы білінетін мәмілелер де ауызша түрде жасалатын мәмілелерге жатады. Бірақ заңдарда тікелей белгіленетін жағдайларда немесе тараптардың келісуімен ғана үндемей қалуға осындай маңыз беріледі.
АК-ның 151-бабына сәйкес, мәміленің ауызша түрі ол жасалған кезде атқарылатын жағдайда қолданылады және ол мәміле сомасына байланысты емес. Мәміле жасалғаны және оның шарттарының қандай болғаны жөнінде дау туса мұндай мән - жайлар кез келген заңды жолдармен, оның ішінде күәлардың айғақтарымен дәлелденуі мүмкін.
АК 151-б. 3-тағы жетон, билет немесе әдеттегідей қабылданған өзге де растайтын белгі арқылы расталған мәмілелерді ауызша түрде жасалған мәмілелерге жатқызады. Мұндай мәмілелердің жасалуы мен мазмұны куәлардың айғақтарымен дәлелденуі мүмкін.
АК 152-бабына сәйкес мынадай мәмілелер жазбаша түрде жасалуы тиіс:
1. егер мәмілелердің жекелеген түрлері үшін заңдарда өзгеше жағдай арнайы көзделмесе немесе іскерлік қызмет еркінің әдеттегі құқықтарынан туындамаса, мәмілелерді жасау кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, кәсіпкерлік қызмет үрдісінде жүзеге асырылатын;
2. мәмілелердің жасалу кезінің өзініңде орындалатындарынан басқа, 100 айлық есептік көрсеткіштен астам сомаға;
3. заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген өзге де реттерде.
Мәміленің жазбаша түрінің тиімділігі - ол мәміленің болуын да, оның мазмұнын да неғұрлым дұрыс көрсетеді. Бұл мәмілеге қатысушылардың мүдделерін барынша сенімді корғауды және бухгалтерлік есеп жүргізудің барынша дәл жүйесін жасауды қамтамасыз етеді.
Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімімен белгіленген реттерде жазбаша мәмілелер оларды нотариат куәландырғаннан кейін жасалды деп саналады (АК 154-бабы). Заң мұндай талаптарды мәмілелердің нақты түрлеріне ғана қояды. Мысалы, АК-ның 58-бабының 5-тармағы шаруашылық серіктестік құру жөніндегі құрылтай шартын нотариалдық куәландыруды талап етеді.
Заң талап етілетін нысанды оны қарапайымдату жолымен бұзуға тыйым салады. Керісінше, мәмілеге қатысушылардың өзара келісуімен, белгіленген нысаннан оны күрделендіруге жол беріледі.
Заң бірқатар жағдайларда жасалған мәмілелерді тіркеуді талап етеді (мысалы, АК 118, 238-б.). Заң бойынша тіркеуді керек ететін мәміле осындай тіркеуді тиісті тіркеу органында жасағаннан кейін ғана заңдық күшіне енеді /155-бап/.
Мәміленің жазбаша түрінің бұзылуы оның жарамсыздығын туғызбайды. Егер тараптар оның жасалуы және мазмұны туралы фактінің төңірегінде дауласпаса, мәміле заңдық күшін сақтайды. Мәміле орындалуға тиіс және оның бұзылуы жалпыға белгілі жауаптылықты туғызады.
Мәміленің жазбаша нысанын сақтамаудың салдары болып: қатысушылардың бipeyi мәміле жасасқанын мүлде теріске шығаратын немесе оның мазмұнында келесі тарап талап ететін шарттардың бар екенін мойындамайтын жағдайда оның орындалуын талап ететін тұлға өзінің дұрыстығын растайтын куәгерлік айғақтарды келтіре алмайды. Бірақ басқа, көбіне - жазбаша дәлелдерді келтіре алады.
Егер, заң арқылы немесе тараптардың келісімімен мәміленің жазбаша нысанын бұзу мәмілені жарамсыз етуге әкеп соқтыратыны жөнінде сөз қосылса, ол нысан бұзылатын ретте ол жарамсыз болады. Сондықтан бұл жағдайда мәмілеге қойылатын міндетті талаптар бұзылуының жалпы зардаптары қолданылады - мәмілеге қатысушыньң (немесе қатысушылардың) мәміле бойынша келесі қатысушыға бергенінің бәрін қайтаруды және оларды қайтармауы не ішінара (тиісінше емес) қайтаруы арқылы келтірілген залалдың орнын толтыруды талап ету құқығынан туындайтын оның жарамсыздығы яғни eкі жақты қалпына келтіру (реституция) деп аталатын салдары қолданылады.
Сыртқы экономикалық мәміле, яғни қазақстандық және шетелдік азаматтар немесе заңды тұлғалар арасындағы коммерциялық мәміле жай жазбаша түрде жасалуы тиіс. Бұл талап сақталмаса мәміле жарамсыз деп танылады (АК 153-б. 3-т).
Заң талап ететін мәмілені нотариалдық куәландыруды орындамау оның жарамсыз болуына әкеп соқтырады. Егер тараптар оны толығымен немесе ішнара орындаған болса, олар мәміле бойынша алғандарының бәрін қайтарып беруге міндетті (АК 157-б).
Алайда АК 154-б. 2-тармағы бұл жалпы ережеге де ерекшелікті көздейді, айталық егер нотариаттың куәландыруьн талап ететін мәмілені тараптар немесе тараптардың бірі іс жүзінде орындаған болса, ол өзінің мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшінші жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделі тараптың арызы бойынша мәмілені жарамды деп тануға құқылы.
Тіркелуге тиіс мәміле ол тіркелгеннен кейін ғана жасалған болып есептеледі. Демек, тіркелуге дейін мәміленің, ол тиісті дәрежеде ресімделсе де толық заң күші болмайды. 155-баптың 2-тармағы бұл жөнінде былай дейді: "Егер мемлекеттік тіркеуін керек ететін мәміле тиісті нысанда жасалса, бірақ тараптардың бipi оны тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәмілені тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Бұл ретте мәміле соттың шешіміне сәйкес тіркеледі".