57-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар Мыналар:
1) прокурордың заңды түсiндiргенiне және (немесе) осыған уәкiлеттi тұлғалардың оны тоқтату талабына қарамастан құқыққа қарсы
мiнез-құлықты жалғастыру;
2) бұрын бiртектi әкiмшiлiк құқық бұзушылығы үшiн әкiмшiлiк жазаға тартылған, ол бойынша осы Кодекстiң 61-бабында көзделген мерзiмi өтпеген адамның оны бiр жыл iшiнде қайталап жасауы;
3) кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту;
4) кiнәлi адамға психикасының ауыр түрде бұзылуынан зардап шегетіні көрінеу белгілі адамдарды не әкiмшiлiк жауаптылық туындайтын жасқа толмаған адамдарды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тарту;
5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың заңды әрекеттерi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
6) адамға немесе оның жақындарына қатысты осы адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
7) кiнәлi адамға жүктiлік жағдайда екені көрінеу белгілі әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кiнәлi тұлғаға тәуелдi адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
8) адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
9) дүлей зілзала жағдайларында немесе басқа да төтенше жағдайлар кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
10) алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп танылады. Әкiмшiлiк жаза қолданатын сот (судья), орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипатына қарай осы мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауы мүмкiн.
58-бап. Бiрнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде әкiмшiлiк жазалар қолдану 1. Бiр адам екi немесе одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде әрбiр құқық бұзушылық үшiн жеке-жеке әкiмшiлiк жаза қолданылады.
2. Егер тұлға бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасап, оларды сол бiр судья, уәкілетті орган (лауазымды адам) қараса, онда бұл тұлғаға сол бiр түрдегi жазалар қолданылған жағдайда, жазаның түпкiлiктi мөлшерiн жазаның осы түрi үшiн осы Кодексте белгiленген үш еселенген ең жоғары шектен асыруға болмайды, әкiмшiлiк қамаққа алу үшін – осы Кодекстiң 50-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен, ал арнайы құқықтан айыру үшін осы Кодекстің 46-бабының екінші және үшінші бөліктерінде белгіленген мерзімдерден асыруға болмайды.
3. Егер әкімшілік айыппұлдар пайызбен көрсетілсе, олар бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны үшін салынған кезде, айыппұл әрбір құқық бұзушылық үшін жеке өндіріп алынады.