№
дәріс
|
№1 дәріс: Әдебиеттану ғылымы және оның салалары. Басқа ғылыми пәндер жүйесіндегі орны
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Ғылыми пән ретінде әдебиет поэтикасының мәні.
2. Филологиялық ғылымдар жүйесіндегі әдебиет поэтикасы
3. Әдебиеттану ғылымы және оның салалары
4. Әдебиеттанудың жанама салалары
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Әдебиет туралы ғылымның өзара сабақтас-байланысты үш саласы бар. Олар: әдебиет тарихы, әдебиет сыны және әдебиет теориясы.
1. Әдебиет тарихы. Бұл сала атынан да аңғарылып тұрғандай, бір ұлттың, халықтың сөз өнері қай дәуір-кезеңдерден бастау алады, одан бергі даму-қалыптасу жолдары, ерекшеліктері қандай, қай кезеңдерде қандай өкілдері болды және олардың шығармашылығы әдебиеттің дамуына қаншалықты үлес боп қосылды, жалпы алғанда, міне, осындай мәселелерді жан-жақты қарастырады. Әр кезеңдерде өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан аттары белгілі, белгісіз сөз өнері қайраткерлерінің өмірі мен мұраларын зерттеп, жинастырып, олардың әдеби процеске қосқан үлесін белгілеп, әдебиет тарихындағы орнын айқындап береді. Әдебиеттің осындай өткенін, тарихын зерттеуші ғалымды әдебиет тарихшысы деп атайды.
Төл өнеріміздің тарихына қатысты әрбір жаңа зерттеулер, олардың нәтижесінде айқындалған әдеби фактілер, жаңа шығармашылық есімдер мен туындылар әдебиет тарихына қосылған үлкен үлес, әдебиетіміздің тарихын өркенді-өрісті етіп, оны байыта түсетін айғақ.
Туған әдебиет тарихын алғашқы зерттеушілер қатарында А.Байтұрсынұлын, М.Әуезовті атау ләзім. А.Байтұрсынұлының 1913 жылы “Қазақтың бас ақыны” атты мақала жазып, Абайды осылай жоғары бағалауы, ақынның қазақ поэзиясы тарихындағы қадірлі орнын белгілеп беруі болса, “Әдебиет танытқыш” (1926) сөз өнерінің ерекшеліктерін талдаған алғашқы теориялық еңбек қана емес, онда әдебиет тарихына қатысты мәліметтер де (әр кезеңдерде ғұмыр кешкен ақын, жыраулар шығармашылығы) молынан кездеседі. М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” (1927) еңбегі атына сай ХІХ ғасырдағы төл әдебиет тарихын ғылыми жүйелі зерттеудің игі бастамасы. Сондай-ақ Абай өмірі мен шығармашылығын қарастыру, зерттеу және ұлы ақын бейнесін өнерде сомдау М.Әуезовтің ғалымдық, қаламгерлік ғұмырындағы басты тақырып болғаны белгілі.
|