№14
дәріс
|
№14 дәріс: Көркемдік әдіс. Әдеби бағыт, ағымдар
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
Социалистік реализм әдісі жайлы қазіргі сыни көзқарас.
Реализм-көркем өнер салаларына ортақ көркемдік әдіс.
Көркемдік әдістердің (романтизм, реализм) туындылардағы поэтикалық болмысы
Символизм, классизм, сентиментализм, натурализм, романтизм, реализм, модернизм т.б. көркемдік әдістер мен әдеби ағымдардың қаламгер стиліне ықпалы
Әдеби бағыт, ағым, мектеп, бұлардың мақсаты ортақ (қоғамдық өмір шындығын таныту) десек те, олар бір ұғымдар емес, бір-бірінен соншалықты алшақ құбылыстар да саналмайды, керісінше бірімен-бірі тығыз байланысты қатар өмір сүретін құбылыстар.
Алдымен, әдеби бағыт пен әдеби ағым мәселесіне тоқталайық. Әдеби бағыт дегеніміз не? Әдеби ағым деп өнердегі қандай құбылысты танимыз? Бұл ретте В.А.Богдановтың мына бір пікірі назар аударарлықтай: “Біздің әдебиеттану ғылымымыз әдебиеттің тарихи даму заңдылықтарын зерттей келе бұл дамудың екі жетекші “координаттарын” анықтады: ол әдеби бағыттар (белгілі бір эстетикалық бағдарлама ұстанған жазушылардың шығармашылық бірлігі) және әдеби ағымдар (өмір-болмысты идеологиялық тұрғыдан ұғып-түсінуде ортақ көзқарастағы қаламгерлер бірлігі). Бұл пікірден әдеби бағыт пен ағымның әдеби дамудың жетекші тенденциялары екендігі, олардың айырмашылықтары мен өзара жақындығы да айқын аңғарылады. Әдебиет туралы ғылымда бағыт, ағым жайлы пікірталастары да бар. Соның бірі – әдеби бағыт бірінші ме, әдеби ағым бірінші ме деген мәселе. Орыстың бірсыпыра жетекші әдебиетші, теоретик ғалымдары (Г.Н.Поспелов, Н.А.Гуляев, А.И.Ревякин, В.И.Кулешов т.б.) мәселені орыс, еуропа әдебиеттері тарихымен байланыстыра қарастыра келе, бұл ұғымдардың өзара сабақтастығын, әдеби бағыттың біріншілігін анықтап дәлелдеді. Бір әдеби процесс аясында қоғамдық, көркемдік-эстетикалық сұраныс-қажеттіліктерге орай әуелі әдеби бағыттың туып қалыптасатындығы, оның дами, өркендей келе өз ішінен бірнеше әдеби ағымдарға бөлінетіндігі – өнер заңдылығы. Әдеби бағыт та, әдеби ағым да – тарихи категориялар, оларды белгілі бір кезеңнің қоғамдық шындығы туғызады, белгілі бір уақытта әдеби бағыт та, ағым да өнер сахнасынан кетеді. Тағы бір ескеретін нәрсе әдебиет зерттеушілері, әдебиет теоретиктері классицизм, сентиментализм, тіпті романтизм сынды мәшһүр әдеби құбылыстарды кейде бағыт, енді бірде ағым деп те атайды.
Әдіс деген атауды әркім әр түрлі айқындайды: біреулер көркемдік әдіс десе, біреулер шығармашылық әдіс, енді біреулер жай әдеби әдіс дейді. Мұның бәрі — бір ұғым. Әдіс деген сөзге, ұғымға, мағынаға байланысты көзқарастар көп: В.Щербина: "әдіс — шығармашылық тәсіл" десе, кейбір ғалымдар әдісті суреткердің дүниетанымына байланыстыра байыптаса, біреулер бұған қарама-қарсы, "әдістің таза дүниетаным категориясымен қабыспайтынын" (Л.Новиченко) дәлелдеп жатады. Г.Абрамович "әдіс — шындықты суреттеудің жалпы принципі" десе, Л.Щепилова "әдіс — өмірді образ арқылы көрудің айрықша типі" дейді. Сондай-ақ, Ф.Головенченко "Әдіс пен ағымның арасында анық шекара жоқ" десе, В.Сорокин әдісті ағымға қоса тексере тұра, екеуінің ара жігі айқын екенін, яғни "әдіс — ағымнан әлдеқайда кең ұғым" екенін айтады. Көркемдік әдіс — алдымен, шындықты шын мәніндегі суреткердің өз көзімен образды түрде тану жолы, содан соң, өзі таныған шындықты бар өнерін төге, бар шеберлігін сала көркем жинақтап, өзгеге таныту жолы. Көркемдік әдіс — өнер туындысында адам образын жасауға, сол арқылы шындықгың сырын образды түрде ашута қажет өмір деректерін белгілі бір эстетикалық талғам биігінен тандаудың, қорытудың және жинақгаудың өзгеше принципі, сайып келгенде, өмір шындығын өнер шындығына айналдыра саралап, белгілі бір қоғамдык идеал тұрғысынан қайта туғызудың айрықша типі.
|