2-китап indd


Қоғам құрылды, ендігі міндет не?



Pdf көрінісі
бет93/196
Дата17.10.2023
өлшемі2,63 Mb.
#117240
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   196
«Қазақ әдебиеті», 1989. 29 қыркүйек.
Қоғам құрылды, ендігі міндет не?
Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының дүниеге келгеніне, міне, үш 
айға жуық уақыт болды. Алматыда өткен Құрылтайда қоғамның шаңырағын 
көтеріп тарқатқан қалың қауым енді игілікті істің жемісін көруге асығатыны 
түсінікті. Тіпті, күтуден жалыға бастағандардың біразы «Қоғам неге жұмыс 
істемей жатыр, бұл не жайбарақаттық?» деп дегбірсізденсе, енді біреулері 
«Жергілікті жерде қоғам құруымыз керек еді, оның тәртібі қалай екен?» 
деген сұрақтарға жауап іздеп, қоғам бастықтарына хат жазып, телефон 
соғып, мазасыздана бастады. Қоғамды сын садағына алғандар да жоқ емес.
Бәрі орынды, бәрі заңды... Сондықтан бұл мақаланың мақсаты: сол 
қалың жұртшылықтың тілек-талабына сай, біріншіден, қоғам тарапынан 
істелген және істеліп жатқан кейбір шаруалар жайында алғашқы мөлтек 
есеп болып саналса, екіншіден, ұйымдық мәселелерге байланысты ақыл-
кеңестерімізді ортаға салу.


212
Бәрімізге белгілі, қоғам құруға арналған Құрылтай «Ана тілі» 
деген ұранмен шақырылып, оған қатысқан қалың қауымның (яғни 
әр жерден сайланған мандатты делегаттардың) қалауымен ол ресми 
республикалық «Қазақ тілі» қоғамы болып танылды. Ұйымдастыру 
комитетінің және оны қолдап-қуаттап келген ресми ұйымдар мен 
ынталы топтардың о баста болашақ қоғамды «Ана тілі» деп атаса, оның 
жарғы жобасын жариялауында тіл проблемасына интернационалдық 
мән беру, яғни республикамыздағы басқа халықтардың тілдеріне де 
қамқорлық жасау мақсаты көзделген еді. Бірақ Құрылтай үстіндегі қызу 
талқылауда қазақ тілінің бүгінгі мүшкіл де ауыр жағдайы жан-жақты 
айқындала түсті. Оны сақтап қалудың бірден-бір жолы, сондай-ақ жаңа 
қабылданған Тіл туралы Заңды іс жүзіне асырудың шұғыл да қауырт 
шарасы тек қоғам құруға ғана емес, сол қоғамның «Қазақ тілі» болып 
аталуына да байланысты екендігін делегаттар ашық айтты. Сондықтан 
да Құрылтайға қатысқан қауым демократиялық принципке сүйене 
отырып, көпшілік дауыспен қоғамның аты «Қазақ тілі» болсын деген 
шешім қабылдаған болатын.
Әрине, бұл шешім жөнінде Құрылтайға қатысқан 20 шақты басқа 
ұлт өкілдерінің ішінен өкпе-наз айтқандар да, тіпті, ренжігендер де 
болды. Біз бұл жөнінде съезден кейін радио, газет арқылы түсініктеме 
берген едік. Онда: қоғам қалай аталса да ол өзінің о баста ұстанған 
интернационалдық принципін сақтай отыра, республикада мекендейтін 
барлық халықтардың тіліне қамқорлық жасауды абыройлы міндет деп 
санайтыны және ол бұл істі құрылып жатқан ұлттың мәдени орталықтар 
(қазір олардың саны Алматыда 14-ке жетті) арқылы жүзеге асыратыны 
айтылды.
Мұны айтып отырған себебіміз: талқылауға түскен қоғамның 
жарғысын (уставын) Құрылтайдан кейін үш түрлі себепті ескере отырып, 
қайта қарауға тура келді. Біріншісі: қоғам құру мәселесі көтеріліп оның 
жарғысы алғаш жарияланғанда қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру-
бермеу туралы мәселе заң жүзінде әлі шешілмеген еді. Екіншісі: қоғам 
аты «Қазақ тілі» болып өзгерді. Үшіншісі: Құрылтай тағлымы қалың 
бұқараның санасын оятып, өміріміздегі көптеген келеңсіз құбылыстардың 
бетін ашты, қоғамнан тек таза тіл мәселесін ғана емес, соған байланысты 
басқа да проблемаларды шешуді талап етіп отыр.
Міне, бұл мәселелерді Құрылтай тағлымы тұрғысынан қарап 
қорытынды шығару, тиісті електен өткізіп, қоғамның программалық 
нысаналы мақсаттарына айналдыру, көпшіліктің пікір-тілектерін ескере 


213
отырып, қалың жұртшылыққа бағышталған үндеу мен қоғамның жаңа 
жарғысын газет беттерінде жариялау — қоғам тарапынан тындырылған 
алғашқы істерге жатады. Арнайы тоқталып айтайын: «Алматы 
қаласындағы Фрунзе аудандық тұрғын үй-әлеуметтік банкісінен 
республикалық «Қазақ тілі» қоғамының №700107 есебі ашылды. Енді 
қалың көпшілік пен қамқор мекемелердің қоғамға ақшалай жәрдем 
көрсетуіне де мүмкіндік бар.
Бұл, әрине, қоғам белгілеп, бағдарлап отырған қыруар шаруаның 
тек алғашқылары ғана. Соның өзінде де ілгері аттатпай, аяққа оралғы 
болып отырған тосқауылдар жоқ емес. Ол туралы ашық айтпасқа 
болмайды. Оны қоғамның тілеулестері де білгені жөн.
Әлі күнге дейін шешімін таба алмай отырған мәселенің бірі — 
қоғамның «шаңырағы». Шынын айту керек, қоғамға үй беру мәселесіне 
тиісті орындардың бәрі-ақ атсалысып отыр. Бірақ соның өзінде де оған 
астанамыздан лайықты баспана таба алмай отырғаны рас. Ұйымдастыру 
ісіндегі үлкен кедергі осы болып отыр. Өйткені, қызу да қарқынды 
басталып кеткен қоғамның іс-әрекетіне басшылық ететін адамдарға ең 
алдымен орын қажет. Ал ұйымдастыруға байланысты ақыл-кеңес алу 
үшін Тіл білімі институтына ағылып келіп жатқан адамдарда есеп жоқ. 
Қоғамның 14 қамқоршы негіздеушісі, оны қолдап-қуаттаушы ондаған 
спонсорлар, сондай-ақ жер-жерлерде құрылып жатқан, құрылуға тиісті 
облыстық, қалалық, аудандық ұйымдар мен ынталы топтардың атынан 
күн сайын қоғам деп келетін өкілдер мен ұйымдастырушылардың ат 
басын тірейтін, бас сұғатын өз шаңырағының әлі күнге дейін болмауы 
бәрімізді де қынжылтады.
Қоғамның ұйымдық мәселелеріне қатысты күрделі де маңыздысы 
— жарғыда көрсетілгендей, оның өз органы ретінде дербес газетін 
шығару. Бұл мәселеге келгенде сүйінші сұрауға болады: осы жақын арада 
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен республика үкіметі 
қоғамның талап-тілегіне сай, кіші форматты «Ана тілі» деп аталатын 
апталық газет шығару жөнінде арнайы қаулы қабылдады.
Бұл, әрине, халқымыздың мәдени тарихындағы елеулі оқиға. 
Мұндай газеттің шығуы ең алдымен кеше ғана қабылданған Тіл туралы 
Заңымызды іс жүзіне асырудың, мемлекеттік мәртебе алған ана тілімізді 
дамытудың мықты кепілі деп есептеуге болады.
Енді қоғамның ұйымдық мәселелеріне, яғни жер-жерлерде оның 
облыстық, қалалық, аудандық және бастауыш ұйымдарын құрудың тәсіл-
формаларына тоқталып өтейік. Бұлардың тәртібі қоғамның жарғысында 


214
жалпы тұрғыда көрсетілгендіктен, оны іс жүзінде орындауда көптеген 
қиындықтар кездесіп отыр. Жер-жерлерден қойылып жатқан сұрақтар да 
осыларға байланысты.
Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы Қазақ ССР-інің территориясында 
құрылған және құрылуға тиісті өзіне мақсаттас, бағдарлас әртүрлі 
деңгейдегі қоғамдардың басын қосатын жалпыхалықтық ерікті 
ұйым болғандықтан, олардан Құрылтайда қабылданған жарғы мен 
программа-платформаны толық мойындауды және соларға сүйене 
отырып ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Жергілікті 
жерлерді құрылған, не құрылатын мұндай қоғамдар сол аймақтың 
немесе сол әлеуметтік ортаның, ведомство мен мекеменің әлеуметтік, 
демографиялық, т.б. ерекшеліктерін ескере отырып, республикалық 
«Қазақ тілі» қоғамының құрамдас бөлігі бола тұрса да, өз аттарын 
«Қазақ тілі» деп те және басқаша да атауға (мәселен, «Ана тілі», «Тіл 
және мәдениет», «Сана» серіктігі, т.б.) сондай-ақ республикалық қоғам 
программасымен үндес өзіне қолайлы деген программасын қабылдауға 
қақылы. Мұны біз жүздеген, мыңдаған қоғамның творчестволық 
инициативасына еркіндік беру, қазақтан басқа халықтардың тіліне 
де мүмкін болғанынша қамқорлық жасау деп білеміз. Бірақ барлық 
жағдайда да қоғамның түбегейлі мақсаты біреу, ол – Тіл туралы Заңды 
жүзеге асыру және мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміздің қолданыс 
аясын кеңейтіп, қоғамдық ролін арттыру.
Құрылтайда қабылданып, газет беттерінде жарияланған жарғы 
бойынша үш жылда бір өтетін қоғамның кезектегі съездері аралығында 
барлық жұмысты атқаратын орган – құрамында 60-тан астам мүшесі бар 
басқарма болса, оның күнделікті істерін жүргізетін он шақты адамнан 
(президент, вице-президент, үш орынбасар, жауапты хатшы, газеттің 
жауапты редакторы, халық университетінің ректоры, т.б.) тұратын 
басшылары басқарманың президиумын құрайды. Басқарманың жанында 
қоғамға ақыл-кеңес беріп отыратын 10 – 15 адамнан тұратын ақсақалдар 
алқасы тағы бар. Қоғамның барлық іс-әрекетіне бағыт-бағдар беріп, 
қамқорлық жасап отыратындар да, міне, осылар.
Жер-жерлерде қоғам құруға байланысты алдын-ала ескерте кететін бір 
жағдай: бұл қоғамдар әдеттегідей төменнен жоғары қарай емес, керісінше, 
жоғарыдан төменге қарай құрылғалы отыр. Қоғам құруға арналған 
Құрылтай жұмысына тек облыстар мен қалалардың ғана өкілдері қатысты. 
Сондықтан жарғыда республикалық қоғамнан кейін облыстық және 
қалалық қоғамдарды, одан кейін аудандық қоғамдарды құру ұсынылған 


215
еді. Аудандық қоғамдар құрылып болғаннан кейін барлық ірілі-кішілі елді 
мекендерде, мекемелер мен өндіріс орындарында, яғни 10-нан көп адам 
мүше болуға тілек білдірген жерлердің бәрінде де дербес бастауыш ұйымдар 
ашуға болатындығы айтылған. Ал іс жүзінде, бізге келіп жатқан хабарларға 
қарағанда, кейбір жерлерде, мекемелерде, өндіріс және оқу орындарында 
бастауыш ұйымдар аудандық, қалалық, тіпті, облыстық ұйымдардың 
ресми құрылуын күтпей-ақ, ынталы топтардың инициативасымен құрыла 
бастағаны белгілі.
Әрине, жаңа басталған және қалың көпшіліктің өз еркімен істеліп 
жатқан бұл жұмыстың осы тәрізді ілгері-кейін болуы заңды да. Оны 
айыптаудың еш реті жоқ. Өйткені, тіл қоғамы қай жерде және қай кезде 
құрылса да ол қоғамның республика бойынша әкімшілік-территориялық 
принципі негізінде белгілеп отырған жүйесінен өзінің тиісті орнын тапқаны, 
яғни «Қазақ тілі» қоғамының аясында болғаны жөн.
Осыған орай бір мысал. Мәселен, Жезқазған, Целиноград қалаларында 
облыстық қоғамдар республикалық қоғамнан бұрын құрылды, бірақ 
олардың өкілдері Құрылтайға қатысып, өз жұмыстарын қоғамның жарғысы 
мен программасы негізінде жүргізіп отыр.
Бүкіл республика бойынша «Қазақ тілі» қоғамын құру науқаны ақпан 
айының соңында түгел аяқталуы керек. Ол үшін қоғам құрушы ынталы 
топтарға жәрдем ретінде ұйымдастырудың кейбір тәртіптері мен ережелерін 
түсіндіргіміз келеді.
Біріншіден, облыстық, қалалық және аудандық ұйымдар құру үшін 
сол қалалар мен облыстағы мекемелер мен аудандардан шешуші дауыспен 
қатысуға праволы жалпы саны 200 не 300-дей делегат шақырылуы тиіс. 
Делегат сайлауға облыс орталығындағы ірі өндіріс және оқу орындарының, 
творчестволық ұйымдар мен әртүрлі мекемелердің, мәдени орталықтар, 
қоғамдар мен партия-совет органдарының, сондай-ақ облысқа қарасты 
аудандардың (10 – 15 адамнан) өкілеттігі тегіс қамтылуы керек. Олар 
делегатты осы мәселеге арнап шақырған өздерінің жиналыстарында 
сайлайды. Құрылтай мәжілісіне ұйымдастырушылардың қалауы бойынша 
делегаттардан тыс қонақтар да шақырылуы мүмкін.
Екіншіден, Құрылтай мәжілісінде облыстық ұйымның қоғам 
жарғысына сәйкес міндеттері мен программасы жайында баяндама 
жасалады. Ол баяндаманы, әдетте, ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 
немесе оның орынбасары жасайды. Талқылау қорытындысы Құрылтай 
шешімінде ескеріліп, қажет болса программаға енгізілуі тиіс. Бұл жұмыс 
конференция ашылғанда сайланған редакция алқасы тарапынан істелінеді.


216
Үшіншіден, ұйымдық мәселе қаралады. Оған қоғамның төрағасын, 
жалақы алып істейтін оның орынбасары мен қазынашысын сайлау және 20 
– 30 адамнан тұратын қоғам басқармасын, сондай-ақ тексеру комиссиясын 
(3 – 5 адам) бекіту жатады. Бұлардың бәрі мандатты делегаттардың ашық 
дауысымен сайланады.
Қалалық және аудандық Құрылтай мәжілістері де осы тәртіп бойынша 
өткізіледі. Қала және аудан тұрғындарының ауқымына байланысты 
Құрылтайға шақырылатын делегаттардың саны әртүрлі болуы мүмкін.
Енді бастауыш ұйымдарды құру мәселесіне келейік. Бастауыш ұйым 
қоғамның негізі, іргетасы болып табылады. Ана тілімізге қатысты игілікті 
істің бәрі осы ұйымнан басталады, осы ұйымның нақтылы іс-әрекеттері 
арқылы жүзеге асады. Сондықтан бастауыш ұйымды ашу мәселесіне 
ерекше мән берілгені жөн. Ең бастысы: оны ұйымдастыруда формализм мен 
таптаурындылықтан сақ болу керек. Әрбір ұйымның басында ынталы топ, 
немесе істің мән-жайын жетік білетін, қоғамның жарғысын мойындайтын, 
оның программасы мен нысаналы мақсаттарын іс жүзіне асыра алатын 
сауатты адамдар болғаны абзал.
Жер-жердегі бастауыш ұйымдар, әдетте, аудандық ұйым 
басшыларының тікелей араласуымен жарғыда көрсетілгендей, мүше 
болуға ниет білдірушілердің саны 10 адамнан асқан мекемелерде, өндіріс, 
мектеп, оқу орындарында, шаруашылық, мәдени, творчестволық, партия, 
совет ұйымдарында құрылады. Оны құру үшін сол коллективтің жалпы 
жиналысы шақырылуы тиіс. Онда ынталы топ атынан «Қазақ тілі» 
қоғамының жарғылық талаптары мен программалық мақсаттары туралы 
бір адам баяндама жасауы қажет. Бастауыш қоғам ресми құрылғаннан 
кейін ол сол жиналыстың үстінде, не арнайы жиналыс шақырып, қоғам 
мүшелерін қабылдауына болады, мүшелікке қабылдауды барлық жерде де 
салтанатты дәстүрге айналдырған жөн.
Үлкен мекемелерде, өндірістік бірлестіктерде, жоғары оқу орындарында, 
яғни мүше саны 300-ден асқан жерлерде бірнеше бастауыш ұйымдар 
құрылады. Қоғам жарғысында көрсетілгендей, ондай жағдайда сол 
бастауыш ұйымдар өзара шоғырланып, бірлескен комитет құруы мүмкін. 
Мұндай жағдайда бұл комитеттер территориялық жағынан қоғамның 
аудандық, немесе қалалық ұйымына бағынуы тиіс.
Қоғамның бастауыш ұйымының төрағасы және оның орынбасары мен 
қазынашысы қоғамдық негізде қызмет атқарады. Мүшелердің жарнасынан 
түскен қаражат тоқсан сайын (үш айда бір) аудандық қоғам есебіне қолма-қол 
құйылып тұрады. Ал аудандық қоғам қалалық, не облыстық қоғамдардың 


217
есебіне жарнаманың, спонсорлардан түскен жалпы қаржының 30 процентін 
аударып отыруға міндетті, ал облыстық және қалалық ұйымдар өз ретінде 
жиналған барлық қаржының 30 процентін республикалық қоғам қорына 
аударып отырады.
Қоғамға ақшалай, заттай жәрдемдесуге тілек білдірген спонсорлар 
өздері қалаған қоғамның есебіне аударуына, не қолма-қол тапсыруына 
болады. «Қазақ тілі» қоғамын республика бойынша құруға байланысты 
алғашқы кезекте айтарымыз, міне, осылар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   196




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет