223
сапалық тұрғыдан да дәл «Қазақ тілі» қоғамының деңгейіне жеткен
емес. Мүшесі миллионмен өлшенетін мұндай қоғамның бұрын-соңды
болып көрмеуінің өзі мерей емес пе?!
– Сіз жуырда шет елдердегі отандастармен мәдени байланыс
жөніндегі Қазақ қоғамынан Қазақ ССР-інің халық депутаттығына
кандидат болып тіркелдіңіз. Мұның өзі қиыр жайлап, шет қойған
отандастарымызбен қарым-қатынас жайы қоғам тарапынан
жандана түсер деген үміт ұялатады.
– Әлбетте, солай болуы керек.
Депутат болып сайланайын-
сайланбайын тіл тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен жандардың бірі
менмін. Ал шет елдерде атақонысына елеңдеп, күнде мойнын созып
жүрген үш жарым миллион бауырлар тағдырын бүйрек қалдырып,
туған тілімнің ұпайын түгендеймін деу бос әурешілік. «Ала қойды
бөле қырыққан жүнге жарымайды». Бөлінгенді бауырға тарту – парыз.
Айтпақшы, қоғамның устав-жарғысында бұл мәселенің басы ашып
көрсетілген.
– Жасалып жатқан істерді нақтылай кетсеңіз.
– Тіл дегеніміз – тірі организм деп
мектеп қабырғасынан айтып
келеміз. Бірақ тірінің жағдайы болса өсуге, жағдайы болмаса өшуге бейім
келетіні және бар. Мәселен, тіліміздің қазіргі халін мен жас шыбыққа
теңедім. Құнарлы топыраққа сәтімен тамыр тартқан өскін ғана бой
көтеруге бейім болмай ма? Қазақ тілі қоғамының жер-жерде құрылып
жатқан бастауыш буындары тіл бәйтерегінің енді ғана қуат ала бастаған
тамырлары секілді. Сол «тамырлар» шет жұрттағы қазақтар қауымына
да арқау тартса, ортақ іс ілгері басар еді. Бүгінде Өзбекстанда, Омбыда
қоғамдар құрылды. Моңғолияда «Тіл-әдебиет қоғамы» дүниеге келді.
Мұндай тіл қоғамы жуырда қазақ жұрты біршама шоғырланған Қытай,
Түркиямен қатар бес жүз түтін мұғдарында туыстарымыз тұратын ФРГ-да
да құрылмақшы. Алыстағы ағайынмен араластың бір аспалы көпірі осылай
тартылса, тағы бір шарасы – ана тілінде жазылған оқулықтар, шыққан
газет-журналдар жіберу, басқа да мәдени шаралар алмасу болып табылады.
– Қоғам мақсатнамасында халық санасын ояту басты мұрат
ретінде көрсетілген. Ахмет Байтұрсыновтың «Масасы» мен Міржақып
Дулатовтың «Оян, қазағы» бүгінде көкейкесті екеніне таңданбауға бола
ма? Мына буырқанған ғасырға елең етпестен «айранын ұрттап, қойын
құрттап» бүкіл дүние жүзі қазақтың ғана қамы үшін қарекет етіп
жатқандай қаперсіз жүрген қандастар мен алаңсыз жатқан ауылдар да
аз емес.
224
– Тіл қоғамы бұл мәселені үнемі назарда ұстап келеді. Жуырда ғана
қоғам қасынан «Тіл өнері» атты халық университеті құрылды. «Ана тілі»
газетінің алғашқы сандары жарық көрді. Бір тіл мәселесі ғана емес, салт-
дәстүріміз, мәдениет-тарихымыз, этика-этнографиямыз, ар-иман, обал-
сауабымыз секілді сан қырлы проблемаларды қозғауы тұрғысынан бұл бір
кезде данышпан Ахаң шығарған «Қазақ» газетінің тікелей жалғасы, заңды
мұрагері болса дейміз.
Қоғамға жуырда үй беріледі. Онда салт-дәстүрімізді насихаттайтын
бейне студия жұмыс жасайды. Қазақ тілін үйренем, ілеспе аударманың
маманы болам деушілерге қол ұшын беретін «Ғақлия» методикалық оқу
орталығын ұйымдастырдық. Көптеген қажетті құралдарды «Желмая»
кооперативі жасап беруде. Осы тірліктерді бір арнаға түсіру халық санасын
оятуға жәрдемдеседі деген үміттеміз.
– Тіліміз қоғам өміріне бойлай ену үшін ең бірінші кезекте не істеу
керек?
– Біріншіден, «бесігіңді түзе» деп Мұхаң айтқандай, тіл тәрбиесін от
басы – бала бақша, мектеп аясында жедел қолға алған жөн. Қазір жылына
200 мың қазақ баласы орыс мектебіндегі парталарда отырып жүр. Алматы
бала бақшаларындағы 18 мың қазақ бүлдіршіндерінің 12 мыңын ата-
аналары туған тілде тәрбиелейтін топқа ауыстырғысы келмейді.
Екіншіден, ана тілін білмейтін, не шала білетін бауырларымыз жалпы
жұртымыздың 40 процентін құрайтынын естен шығаруға болмайды.
Бұлардың дені негізінен қала жастары. Оларға үдірейе қарап, сыртқа
тебуден келер пайда жоқ. Соңғы санақ бойынша халқымыздың 80 проценті
25-ке дейінгі жастар екенін ескерсек, әлгі 40 процентпен, жалпы жастармен
жүргізілер тәрбие жұмыстарының шешуші маңызы болатынын түсіну
қиын емес.
Үшіншіден,
әдеби тілмен қатар ғылым, өнер, техника тілін
дамыту қажет. Бүгінге дейін Қазақстанда ғылыми жұмыстар жазу мен
қорғаудың 90 проценті орыс тілінде орындалып келді. Тіл толыққанды
қызмет атқару үшін қоғамдық өмірдің басты-басты 50 саласында
қолданылуы керек екен. Ал біз бүгінге дейін 10 саланы қамтуды қанағат
етіп келдік. Орыс жұрты ХVІІ ғасырға дейін ғылымы мен өнерін неміс,
француз тілінде, ал Жапония екінші дүниежүзілік соғысқа дейін
ағылшын тілінде дамытып келгенін, бұлардың да ана тілдеріне қайтып
оралғанына көп уақыт болмағанын ойлағанда, В.И.Лениннің 55 томын
сөйлеткен қазақ тілінен көп үміт күтуге неге болмасқа?
–Егер депутат бола қалсаңыз...
225
– Депутаттық маған шешілмей жатқан түйіні көп тіліміздің
көкейкесті проблемаларын парламенттік деңгейде қозғауға, шешуге
жәрдемдесер еді. Әйтпесе, атқа мінуге
әуес жастан өтіп кеткеніміз
шындық қой. Осы орайда Украинаның «Рух» қоғамына 20–30,
Өзбекстанның «Бірлік», «Тіл қоғамына» 18 депутаттық мандат бөлінгені
еске түседі. Рухани мұра мен тіл қазынасына қамқорлықтың шынайы
үлгісі оларда осылай бейне тапқан. Ал бізде... Мандатты қалтада бос
өлтірмей, халық қажетіне жарата алар нағыз қалаулыларға ұсынғанға
не жетсін.
– Осы ғұмырыңызда тағдырыңызға шүкіршілік етер бетбұрысты
сәттер сан рет болған шығар. Соның ең бастысына тоқталсаңыз.
– Өмір маған халқымның тағдырлы мезетімен орайластырар
таңдауды екі мәрте ұсынды. Оның бірі – тоғызыншы класс оқып жүріп
өз ықтиярыммен Отан қорғауға аттануым. 1942 жылы майданға ендім.
Соғысты үш орден және офицерлік шенмен бозбала күйімде аяқтадым.
Екіншісі – ана тілімнің болашағына деген сенімім ең қиын сәтте
де сетінемепті. Пешенеме тіл тағдыры безбенге түскен сәтте соның
абыройлы да айқасқа толы төрінен табылу жазылған екен. Сол үшін де
бақыттымын. Осы екі таңдау менің азаматтық болмысымның алтын
арқауы дер едім.
«Социалистік Қазақстан», 1990. 27 сәуір.
(Сұхбаттасқан А.Бөкенов)
Достарыңызбен бөлісу: