Жоғары оқу орындарының тәжірибесінде кафедралар, оқытушылар кейде нақты тақырып ұсынады, кейде тандауға бірнеше зерттеу тақырыбын ұсынады, кейде тақырып таңдау еркіндігін студенттің өзіне қалдырады. Кейбір оқытушылар жазбаша жұмыстың көлемін, құрылымын, стилін өзі анықтап береді, кейбірі бұлай жасамайды. Қалай болғанда да, берілген тапсырманы түсінгеніңізге әбден көзіңізді жеткізіңіз. Тапсырманы орындау туралы қандай да бір сұрақтарыңыз болса, оқытушыдан түсіндіруін өтініңіз. Сізден не талап етілетінін білгеннен кейін зерттеуіңіздің басты мәселесін анықтап алыңыз.
Зерттеудің өзектілігін негіздеу - автордың жеке зерттеу еңбегінде көтеріліп отырған мәселені жан-жақты терең түсінуі мен орындалған жұмыстың сапасы туралы сөз қозғауға мүмкіндік беретін элемент.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәнідегеніміз - теориялық және практикалық зерттеу нәтижелерінің маңыздылығы. Теориялық маңыздылықтың мысалы ретінде қандай да бір білім саласындағы теориялық қорытынды жасау болуы мүмкін. Ал практикалық мәніне мысал ретінде эксперименталды зерттеу немесе әзірленген жоба бола алады.
Зерттеудің теориялық мәні автордың жаңалығы бар теориялық тұжырымдары мен ережелерінің маңыздылығын айқындау жолымен анықталады. Зерттеу нәтижелерін болашақта ғылымның нақты бір саласында қолдануға мүмкіндік беретін тұжырым ретінде беріледі.
Зерттеудің практикалық мәні автордың ұсынған практикалық ұсынымдарын қолдануға мүмкіндік беретін нұсқаулық ретінде беріледі.
Зерттеудің мақсатын жазу дегеніміз - зерттеу жұмысының алғашқы кезеңінде айқындалған зерттеу мәселесін қысқа, нақты, түсінікті сөйлеммен беру деген сөз. Бұған үйрету мүмкін емес, бұл қабілет нақты, практикалық жұмыс жасау кезінде пайда болады. Пайда болмаса да, соған ұмтылу қажет.
Жұмыстың мақсаты айқындалған соң, сол мақсатқа жету жолындағы міндеттер көрсетіледі. Мақсат біреу, ал міндет бірнешеу болады. Міндеттер зерттеу мақсатын шығармашылық тұрғыдан нақтылаудан туындайды. Мақсат бірнеше міндеттен тұрады, бұл міндеттер, біріншіден, жұмыстың негізгі мазмұндық бөліктерін анықтайды, екіншіден, барынша нақты және орындалатын сипатта құралады. Міндеттер зерттеу нысанын мазмұндық тұрғыда ашуға көмектеседі және басты зерттеу болжамдарына апаратын жол болып табылады.
Тапсырма: -ғылыми жұмыстардың кіріспе бөлімдерімен танысу -зерттеу тақырыбын таңдау оның өзектілігін негіздеп, мақсат міндеттерін анықтау
Ұсынылатын әдебиеттер: 1. Подготовка и редактирование научного текста : учебно-методическое пособие /сост. Н. П.Перфильева Москва : Флинта [и др.] , 2016. - С.111
2. Розанова Н.М. Письменная работа студента и аспиранта: как добиться совершенства /Н.
М. Розанова. - Москва : Экономика , 2019. – 122 с.
3. Зачем и как писать научные статьи : [научно-практическое руководство] /Е. З. Мейлихов.Долгопрудный: Интеллект, 2018. – 159 с.