29. Жыраулық поэзияның қалыптасу тарихы.
Әдебиетімізде өзінің жанрлық белгі сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке
сала болып дамыған ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше.Жыраулық поэзияның қалыптасуына қазақ хандығының өз алдына мемлекет болуының әсері зор.
15-18 ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы-жыраулық поэзия.Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халкының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулық поэзия қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нөр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, дүние мен дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшақка даңқы жеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтұған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады. Асан қайғы туралы аңыздар ноғай,қырғыз,қарақалпақ халықтарында да сақталған.
Бүгінде жыраулық өнерді сақтап қалған бірнеше географиялық аймақтар бар.Олар:Атырау өлкесі,Сыр бойы және Жетісу аймағы.Мұндағы жыраулық поэзияның негізгі ерекшелігі-дыбысты дірілдетіп шығару арқылы орындау.
Жыраулар мен ақындар жырларды тудыра отырып, өзі де қадір тұтқан поэзиялық мұраларды жырлап, таратып отырған. Бұл дәстүр қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ноғай т.б. халықтарда күні бүгінге дейін сақталып, дами түсті.
Ақын, жыраулар мұрасында сол дәуірдегі талай тайпалар басынан өткен тарих іздері бар.Әр дәуірдің ірі, іргелі оқиғалары, көрнекті адамдары тарихи тұрғыда нақты, дәлдікпен көріне қоймаса да, жыраулар мен ақындардың өз басы жағдайлары, жыр жолдарында кездесетін адамдармен қарым-қатынасы, олардың сыртқы һәм ішкі бейнесінің кейбір көріністері, сол замандағы бірқатар оқиғалар хақындағы деректер анық байқалады.
Мысалы, Асан қайғы жырламаса Жәнібек хан, Шалкиіз жырламаса Темір, Әзике, Мансұр билер поэзия жолдарында қалмас еді.Өскелең ұрпақ ата-бабасының кім екендігін не болмаса ерлігін білмей кетер еді. Мысалы, Тәтіқараның «Кеше тоқыраулы судың бойынан», Бұқардың «Ал, тілімді алмасаң» толғауларынан Абылай өмірінің кейбір деректерін, Үмбетейдің «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуінен» қалмақ пен қазақ арасындағы шайқас көріністерін тани аламыз.Осылайша сол діуірдегі Абылайдың қылған ерлік істері мен бет сұлбасын біз жыр жолдарын оқи отырып танимыз.