Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) — 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы
Өмірбаяны
Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш.Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. Ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі.
Абылай дарынды хан, аса ірі қайраткер, қолбасшы болды. Әбілмәмбет ханның тірі кезінде қазақ халқы оны өзінің қорғаушысы, көсемі санады. Ол патша өкіметінің губернаторларының ыңғайына жүрмеді. Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білді.
Әрине, бір мақаланың көлемінде Абылай ханның қазақ халқына сіңірген еңбегін толық қамту мүмкін емес. Дегенмен де нақты құжаттарға сүйене отырып, біраз өмір жолына шолу жасап көрелік.
Абылай сұлтан өзінің ақылды, сабырлы мінезі мен адамгершілігінің арқасында тек бір орда емес, үш орданың сыйлы ханы атанды. Әрине, біраз тарихшылар, жазушылар Абылай сұлтанды Әбілмәмбеттің тірі кезінде хан болды дейді. Олай емес. Әбілмәмбет 1765 жылы қайтыс болды. Ол Түркістанның (Қалдан Сереннің қол астында 1743 жылдан), әрі Орта Орданың ханы болып есептелді. Ол өлгеннен кейін оның ұлын сайлады. Шындығында басқару тізгінін Абылайға берді. Қытай жазбаларында оны 1742 жылдан хан болды деуі осыдан. Олар ешқандай құжатқа сүйеніп хан болды деп жүрген жоқ. Халық арасындағы әңгімеге сүйенді.
Ресеймен одақтасудан кейін көп кешікпей Абылай елдің ішкі сыртқы жұмысынан екі жылдай қол үзді. Ол туралы Мәскеу мұрағатынан табылған (қор 122, тізім 1, іс 2) хатқа жүгінейік.