№2(62)/2011 Серия филология


Қазақ тіліндегі мақал-мəтелдердің уəжділігі (гендерлік қыры)



Pdf көрінісі
бет7/23
Дата22.02.2017
өлшемі2,61 Mb.
#4683
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   23

Қазақ тіліндегі мақал-мəтелдердің уəжділігі (гендерлік қыры) 
Мажитаева Ш., Тажикеева А. 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
В статье рассматривается проблема мотивации пословиц и поговорок в казахском языке. Прослежива-
ется история исследования пословиц и поговорок в казахском языкознании. Анализ пословиц и пого-
ворок,  являющихся  источником  народной  мудрости  и  национальной  самобытности  (ментальности), 
дает возможность определить стереотипы, характеризующие место и роль женщин и мужчин в обще-
стве. Также показано влияние социально-общественных условий на зарождение пословиц и поговорок 
в казахском языке. Авторы статьи пытаются объяснить мотивацию пословиц и поговорок казахского 
языка в гендерном аспекте.
 
Short review of the history of investigating Kazakh proverbs and sayings is made in the article. The analysis 
of proverbs and sayings that are considered to be a treasure of national wisdom enables to reveal stereotypes 
connected with role and place of men and women in society. The influence of social factors in formation of 
Kazakh proverbs and sayings are discussed as well. 
 
Тіл  əр  халықтың  мəдениетін,  əлеуметтік-қоғамдық  құрылысын,  дүниетанымын  бейнелеумен 
бірге ұлттың, келер ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыруда аса маңызды əрі негізгі қызмет атқарады. 
Қазақтың мақал-мəтелдері ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан тілдің лексикалық құрамының 
бөлінбес бір бөлшегі болып саналады. Мақал-мəтелдер — ұлттың өзіндік ерекшелігін айқындайтын, 
ғасырлар бойы қалыптасып, халықпен бірге жасап келе жатқан халық даналығының мол қазынасы. 
Қазіргі  тіл  біліміндегі  «адамды  тіл  ішінде  тану»  сияқты  антропоцентристік  бағытқа  сəйкес 
мақал-мəтелдердегі  адам  бейнесін  когнитологиялық  құрылым  мен  концептілік  модельдер  арқылы 
ғылыми талдау өзекті мəселелердің бірі болып саналады. 
Мақал-мəтелдер  туралы  тіл  білімінде  де,  əдебиеттануда  да  жазылған  еңбектер  біршама.  Қазақ 
дүниетанымында  қалыптасқан  мақал-мəтелдердің  халық  өмірінде  алатын орны  мен  маңызы  туралы 
айтылған академик Ə.Қайдаровтың пікірін де келтірейік: «Қазақ мақал-мəтелдерінің халықтың өткен 
өмірі мен бүгінгі болмысын танып-білуде дүниетанымдық, логикалық, этнолингвистикалық жағынан 

Қазақ тіліндегі мақал-мəтелдердің уəжділігі ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
39 
мəні  өте  зор.  Себебі  дүниеде,  қоғамда,  табиғатта  қалыптасқан  құбылыстардың  бəріне  мақал-
мəтелдердің қатысы бар. Дүние болмысының өзінде о бастан-ақ қалыптасқан табиғи реттілік бар. Ол 
реттілік барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына 
қарай шоғырландырып қарағанда ғана көрінеді» [1]. 
Мақал-мəтелдерді  жинастыру,  оларды  мерзімді  баспасөзде  бастыру  ісі,  қолдағы  бар 
материалдарға қарағанда, ХІХ ғасырда басталды деуге болады. 
Жас ұрпақты тəрбиелеуде мақал-мəтелдердің маңызының зор екенін түсініп, өзінің оқу құралына 
енгізген ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Кейіннен бұл талпыныс жалғасын тауып, əр түрлі мерзімді 
басылымдарда, оқу құралдарында жарияланып отырды. 
Мақал-мəтелдердің  халқымыздың  көп  жылғы  өмір  тəжірибесінің  негізінде  қалыптасқандығы, 
олар  халық  даналығының  қазына-байлығы  болып  саналатындығы,  оларды  қазақтың  көшпелі  жəне 
еркін тіршілігін дəл жəне анық бейнелеу үшін сол қалпында қолдануға болатындығы, 4 мыңға жуық 
қазақтың  мақал-мəтелдері  жинастырылғандығы  туралы  айта  келе, 1927 жылы  Ташкент  қаласында 
жарық көрген «Казахские пословицы» деген еңбегінде А.А.Диваев төмендегідей тұжырым жасайды: 
«Казахские  пословицы,  как  пословицы  других  народностей,  складывались  и  вырабатывались  в 
течение  веков  и  являются  результатом  работы  коллективного  народного  ума.  В  них  отражаются 
взгляды народа на различные предметы, явления и отношения окружающего мира. 
Казахская  степь  помогла  своим  сынам  долгое  время  сохранять  в  неприкосновенности  и 
первоначальной чистоте национальный характер и обособленный народный облик» [2; 328]. 
Бала  тəрбиесіне,  жас  маманды  дайындауда  мақал-мəтелдердің  тигізетін  ықпалын,  əсерін 
М.Балақаев  былайша  көрсетеді: «Əрбір  мəдениетті,  сауатты  кісі,  тілге  шешен  болғысы  келетін 
оқушы, студент халық тіліндегі тұрақты тіркестерді көңілге тоқи жүріп пайдалануы тиіс» [3]
ХХ ғасырдың басынан бастап мақал-мəтелдер зерттеу нысанына айнала бастады, олар жайында 
айтылған  пікірлерді  жиі  кездестіруге  болады.  Мəселен,  қазақ  мақал-мəтелдері  туралы  жазылған 
көрнекті  қазақ  зиялыларының  бірі  А.Байтұрсынұлы  «Сөз  өнерінің  ғылымы»  мен  «Қара  сөз  бен 
дарынды  сөз  жүйесін»  қарастыра  келе,  оларды  өрнекті  сөйлемдер,  өлеңді  сөйлемдер,  шешен  сөз, 
дарынды  сөз,  ділмəр  сөз  деп  бөліп,  əрқайсысына  жеке-жеке  тоқтайды.  Осылардың  ішінде  мақал-
мəтелдерге  айрықша  орын  беріледі. «Мəтел  дегеніміз — кезіне  келгенде  кесегімен  айтылатын 
белгілі-белгілі сөздер. Мəтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тəжірибеден шыққан ақиқат түрінде 
айтылады» [4], — деп түйіндейді. 
Сондай-ақ мақал мен мəтелдің айырмасын М.Ғабдуллин былайша көрсетеді: «Мəтелдер көбінесе 
сөз  айшығы,  көркем  теңеу,  сөз  образы (Көппен  көрген ұлы  той,  Құрыққа сырық  жалғап,  Қызым, 
саған  айтам,  келінім,  сен  тыңда,  Тілге  тиек  жасап    т.б.)  ретінде  қолданылады.  Егер  мақалда 
дəлелдеу мен қорытынды, пікір бірдей келіп отырса, мəтелде бұл екеуінің бірі ғана болады» [5]. 
Сонымен,  мақал-мəтелдер  тұлға  жағынан  да,  қолдану  жағынан  да  тұрақты  болып  келеді.  Олар 
ойды  бейнелі  жеткізуде  қолданылады.  Айтылатын  ойды  жеткізудегі  пресуппозициялық 
ерекшеліктеріне  қарай,  мақал  жəне  мəтелдер  деп  бөлінеді.  Мақал  ойды  толық  аяқтайды.  Мысалы: 
Қазанға  жолама,  қарасы  жұғар,  Жаманға  жолама,  бəлесі  жұғар...  Ал  мəтелде  айтылатын  ой 
тұспалдап жеткізіледі: Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме... [6; 127]. 
Тіл  білімінде  мақал-мəтелдер  тұрақты  сөз  тіркестерінің  қатарына  жатқызылады.  Зерттеу 
еңбектерінде  фразеологизмдер  сияқты  мақал-мəтелдер  де  дайын  күйінде  жұмсалатындығы,  мақал-
мəтелдердің  тұрақты  тіркес  ретінде  атқаратын  қызметі,  мағыналық  даму  заңдылығы,  қолданыс 
ерекшеліктері болатындығы айтылып, олардың құрамдық, мағыналық даму заңдылықтары, қолданыс 
тəсілдері, ауыспалық мағыналары, эмоционалды-экспрессивтік реңктері т.б. қарастырылады. Сөйтіп 
мақалдар-мəтелдер — сан жағынан да, мағына-мазмұн жағынан да, құрамы мен тұлғасына қарай да 
сан  түрлі  болып  келетін  тілдік  құбылыстар.  Мақал  мен  мəтелдердің  бұл  ерекшеліктері  жайында 
ғалым  К.Аханов  былай  дейді: «Фразеологиялық  оралымдардың  ішінде  құрылымы  жағынан  да, 
мазмұны жағынан да тіл коммуникативті единицасы сөйлемге сəйкес келетіндері бар. Бұлар мақалдар 
мен  мəтелдер,  қанатты  сөздер.  Мақалдар  мен  мəтелдер  жəне  қанатты  сөздер  фразеологизмдердің 
қатарына жатқызылғанда, олардың сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпында жұмсалатыны, 
құрамының тұрақтылығы ескеріледі» [7]. 
Тұрақты тіркестер халықтың рухани, мəдени өмірі мен салт-дəстүрі, əдет-ғұрпы негізінде туып 
сөздің  мəні  мен  мағынасына  эмоционалды-экспрессивті  рең  беріп  тұратын  тілдік  құбылыс.  Қазақ 
халқы көшпелі кезеңде мал шаруашылығымен айналысқан, шаруашылығына байланысты мекенін де 
ауыстырып  отырған.  Мал  бағып  қана  қоймай,  табиғат  көріністерін,  төрт  түлікке  тəн  табиғи 

Мажитаева Ш., Тажикеева А. 
40 
Вестник Карагандинского университета 
ерекшеліктерді  жіті  бақылаған.  Адамдардың  іс-əрекетін  сипаттағанда  осы  ой  қорытындыларын 
пайдалана  отырып,  бір-екі  ауыз  сөзбен  жеткізген. «Ана  тіліміздің  сөз  айдынының  тереңінде 
халықтың  ғасырлар  бойғы  іс-тəжірибесінен,  өмір  тануынан  қорытылып,  ереже  түрінде 
тұжырымдалған  аталы  сөз  мақал-мəтелдер,  тұрақты  тіркестер  туып  жатады», — дейді  профессор 
Ж.Манкеева [8]. 
Қазақ  халқы  өткір  де  терең  мағыналы  бір  ауыз  сөзге  тоқтап  отырған.  Мақалдар  мен  мəтелдер 
үлкен ойдың, толғаныстың қорытындысы, ұзақ əңгіменің қысқа айтылатын тұжырымы есепті. Олар 
халқымызға тəн дүниетаным мен сананың дəлелі ретінде ұлттық менталитетіміздің тілдегі маңызды 
да,  мазмұнды  өрнегі  болып  саналады.  Мақал-мəтелдерді  тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  түйіні  деп 
бекер  айтпаған;  өйткені адам айтайын деген  ойын  мақал-мəтелдер  арқылы  астарлап айтып, бейнелі 
түрде түсіндіре жəне жеткізе алған. 
Зерттеулерде  мақал-мəтелдердің  үшжақты  ерекшелігі  көрсетіледі:  біріншіден,  мақалдар  мен 
мəтелдер фразеологизм сияқты тілдік құбылыс; екіншіден, пайымдау мен ой-пікірдің түйіні ретіндегі 
логикалық  тұлға;  үшіншіден,  келелі  ой,  кең  мазмұнды  қысқа  айтып,  қорытынды  жасаудың  тамаша 
үлгісі. 
Мақал-мəтелдер  əбден  қалыптасып  орныққан,  оның  құрамындағы  компоненттердің  де  орны 
əдетте  тұрақты  болады.  Ə.Болғанбайұлы  мен  Ғ.Қалиұлы  мақал-мəтелдердің  дайын  қалпында 
жұмсалуына  қарай  оларды  фразеологизмдерге  жатқызады.  Дегенмен  фразеологизмдер  мен  мақал-
мəтелдердің  арасында  үлкен  айырмашылық  бар.  Фразеологизмдер  мен  мақал-мəтелдер  бір-бірінен 
мазмұны жағынан да сырт тұлғасы жағынан да ерекшеленеді. 
Мағыналық жағынан айырмашылығына келсек, «фразеологизмдердің құрамына кірген сыңарлар 
бір-бірімен жымдасып, өздерінің тура мағыналарынан түгелдей немесе жартылай айырылып қалып, 
түйдектелген  күйінде  мүлде  басқа  бір  мағынаны  астарлы,  бейнелі  түрде  білдірсе,  мақал-мəтелдер 
құрамына  кірген  сыңарлар  (сөздер)  өздерінің  негізгі  мағыналарынан  онша  ажырай  қоймай  (қол 
үзбей), бірақ ойды тікелей емес, уағыз-өсиет сипатында, игі ниеттерге үндеу, жол сілтеу, ишара жасау 
тұрғысында білдіреді» [9]. 
Халық  мақал-мəтелдерінің  көркемділігі,  ең  алдымен,  олардың  ықшамдылығында.  Мақал-мəтел 
туралы  жазылған  еңбектерде  осы  пікір  «əрі  қысқа,  əрі  нұсқа»  яки  «қысқа  да  нұсқа»  деген 
тіркестермен  беріліп,  тұрақты  қайталанады.  Бұл  бекер  емес:  ең  ұлы  даналық  қысқа  да  қарапайым 
сөзбен  беріледі.  Мақал-мəтел — сөз  мəйегі,  ой  түйіні.  Осы  жағынан  алғанда,  мақал  мен  мəтелдің 
түйіндеу  тəсілі  көркемдік  қасиеті,  аз  сөзбен  көп  мағынаны  жинақтау  шеберлігі,  кең  таралып  жұрт 
жүрегіне ұялауы сияқты қасиеттері байқалады [10]. 
Зерттеушілердің  пікірінше,  мақал-мəтелдердің  нақыл  сөздерге  айналуы  үшін  терең  мағыналы 
болумен  бірге,  мақал-мəтелдер  сияқты  құрылысы  жағынан  ықшам,  əрі  көркем,  айтуға  жеңіл  болуы 
шарт. 
Сонымен,  мақал-мəтелдер — құрылымы  жағынан  əрі  ықшам,  əрі  көркем,  мағынасы  жағынан 
терең ой, кең мазмұнды қамтитын, асқан шеберлікпен жасалған сөз өрнегі. 
Əлемдегі  этностардың  мəдениеті,  салт-дəстүрлерінің  т.б.  əр  түрлілігі  өмір  сүру  ортасына 
байланысты  екені  мəлім.  Мақал-мəтелдерден  ұлттық  дүниетанымды,  менталитетті,  гендерлік 
ерекшеліктерді  байқауға  болады.  Сондықтан  халықтың  санасында  қалыптасқан,  түрлі  мағыналық 
реңктермен  сақталған  мақал-мəтелдердің  прагматикалық-дискурстық  үйлесімін  зерттеу  мақал-
мəтелдердің теориялық əдіснамалық негізін тереңдететіні анық. 
Қазіргі  қазақ  тіл  біліміндегі  антропоөзектік  бағыттағы  зерттеу  жұмыстарының  арасында  тіл 
мəселелерін  гендерлік  лингвистика  аясында  қарастырған  еңбектердің  саны  көбейе  бастады.  Оларға 
Г.Смағұлова,  Ж.Исаева,  Б.Хасанұлы,  А.Байғұтова,  Г.Мамаева,  Г.Шоқым,  М.Ешимовтердің,  тағы 
басқалардың зерттеулерін жатқызуға болады. 
Қазақ  халқының  мақалдары  мен  мəтелдерін  іріктеп,  таңдаулыларын  жинастырып,  жарыққа 
шығарған  еңбектерде  мақалдар-мəтелдер  «Адам», «Қоғам», «Табиғат»  деген  үш  ірі  тақырыпқа 
топтастырылады  да,  өзара  оннан  елуге  дейін  тақырыпшаларға  бөлініп  беріледі,  оның  ішінде 
гендерлік  сипаты  бар  мақал-мəтелдерге: «Адам  туралы», «Жігіт,  ер», «Азаматтық-кісілік», 
«Ақымақтық  туралы», «Қыз,  қалыңдық», «Əйел  заты,  отбасы», «Үйлену,  жанұя», «Бала,  ұрпақ, 
тəрбие», «Мінез-құлық», «Тентек,  менмен,  тəкаппар», «Сұлулық,  əдептілік», «Адалдық-əдептілік» 
т.б. жатқызуға болады. 

Қазақ тіліндегі мақал-мəтелдердің уəжділігі ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
41 
Мақал-мəтелдердің гендерлік табиғатын ашу үшін оларды социуммен біртұтас алып қарастыру 
қажеттігі сөзсіз, өйткені кез келген тілдегі мақал-мəтелдер халықтың қоғамдық-əлеуметтік жайынан, 
халықтың ұлттық менталитетінен хабар беретін категория ретінде көрініс табады. 
Сондықтан  біз  гендерлік  мақал  мен  мəтелдерді  шартты  түрде  Қазан  төңкерісіне  дейінгі  жəне 
Қазан төңкерісінен кейінгі қалыптасқан мақал-мəтелдер деп бөліп қарастырмақпыз. Мəселен, Қазан 
төңкерісіне  дейінгі  мақал-мəтелдерде  əйелдердің  ер  адаммен  салыстырғанда  қоғамда  алатын 
орнының əлдеқайда төмен екенін көрсететінін аңғаруға болады: Əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа; 
Қатын  бастаған  көш  оңбас;  Қатын  өлді — қамшының  басы  сынды;  Байтал  шауып  бəйге  алмас; 
Байтал  жүйрік,  пайда  жоқ;  Қатын  шешен,  парқы  жоқ;  Жаман  қатын  өлсе,  төсек  жаңғырады; 
Жақсы  қатын  өлсе,  бас  қаңғырады;  Алтын  басты  əйелден;  Бақыр  басты  еркек  артық;  Қатын 
жолда,  бала  белде;  Əйелдің  жолы  жіңішке;  Бəйбіше — құдай  бұйрығы,  тоқал — иттің  құйрығы; 
Еркек — бас,  ұрғашы — мойын;  Қатын  бастаған  ел  қараң  қалады;  Баланы  жастан,  қатынды 
бастан [2; 4] т.б. 
Дүниенің 
паремиологиялық 
бейнесін 
лингвомəдениеттанымдық 
аспектіде 
зерттеген 
Ж.Исаеваның  пікірінше,  ер  адамның  қоғамдық-əлеуметтік  мəртебесін  əйел  адамның  қоғамдағы 
отбасылық рөлінен жоғары қойып, əйел затын жаратылысынан ер адамнан төмен тұратын екіншілік 
орындағы  тұлға  ретінде  бағалап  келген  қазақы  түсінік  жəне  сол  бағаға  сəйкес  этнос  санасында 
қалыптасқан  стереотиптік  образдар  əйел  затына  қарата  қолданылатын  көптеген  мақал-мəтелдер 
бойына жағымсыз коннотация дарытады [11; 21]. 
Қазан  төңкерісінен  кейін  қоғамда  болған  саяси-əлеуметтік  өзгерістерге,  əйелдердің  қоғамда 
алатын  орнына  байланысты  жоғарыда  келтірілген  мақал-мəтелдердің  көбі  қолданыстан  шыққаны 
белгілі. 
Кез  келген  тілдегі  мақал-мəтелдерді  «жақсы  əйел/еркек»  жəне  «жаман  əйел/еркек»  деген  екі 
санаттық  топқа  бөліп  қарастыруға  болады. «Қазақ  мақал-мəтелдерінде  қордаланған  «əйел»  жəне 
«еркек»  жөніндегі  білімді  жеткізуші  макрофреймдік  тармақтар  қазақтың  паремиологиялық  дүние 
суреті  андроцентрлік («еркектік»  позицияның  үстемдігі)  сипатта  екенін  көрсетеді.  Мысалы:  Алтын 
басты  əйелден  бақыр  басты  еркек  артық;  Жаман  ерден  жайдағым  жақсы,  Жаман  қатыннан 
бойдағым жақсы; Ақ Еділдің өзі болмасақ та бұлағымыз, Ақылды бастың өзі болмаса да құлағымыз; 
Əйел  тілінен  өледі,  Түлкі  жүнінен  өледі;  Ақылды  жігіт  атқа  да  отырар,  таққа  да  отырар  т.б. 
[11; 20,21]. 
Дегенмен,  мақал-мəтелдердің  тарихи  категория  екендігі,  олардың  қоғамдық-əлеуметтік 
жағдаяттарға  сəйкес  өзгеріп  отыратындығы  туралы  жасаған  В.Дальдің: «Мақал-мəтелдерді 
тудырушы  халық.  Заман  өзгеріп,  халықтың  дүниеге  көзқарасы,  əдет-ғұрпы,  салты  өзгеріп,  білімі, 
мəдениеті артқан сайын, өзіне терең мазмұнды, дұрыс идеялық мағынаны талап ете бастайды [12], — 
деген тұжырымы шындыққа жанасады. Қазақтың паремиологиялық дүние суретінде əйелге қатысты 
жағымсыз  мағына  беретін  мақал-мəтелдерге  қарағанда  қазір  көркіне  мінезі  мен  ақылы  сай,  ерінің 
ақылына  ақыл  қосып,  үйде  де,  түзде  де  сыйлы  əйелдер  туралы  мақал-мəтелдер  жиі  қолданылады. 
Қазақ халқының ақылды, шешен, биязы мінезді, өжет, батыр, айлакер əйелдері тарихта көп болған. 
Шын  мəнінде  бір  əйелдің  айласы,  тапқырлығы  көп  істі  тындыратындығы  анық.  Бұл  сөз  мəйегі 
көркемдік мақсатта жұмсалып, оқиғаға стильдік өң береді. Мысалы: 
Ердің асылы күшінен білінеді, 
Əйелдің асылы ісінен білінеді. 
 
Əйел көркі — ақылда. 
 
Ер айласы бір, 
Қатын айласы мың. 
 
Мақал-мəтелдердегі  мағына  мен  ұғымдардың  қалыптасуын  зерттеуде  когнитивтік 
лингвистиканың  мүмкіндіктері  мол  екені  анық.  Тіл  мен  танымның  сабақтастығы  нəтижесінде 
концептоөрістегі  білім  құрылымы  мен  формасы  жəне  оның  тілде  көрініс  табуы  мақал-мəтелдерді 
зерттеудің  жаңа  парадигмаларына  негіз  болады: «Қазіргі  білім  парадигмалары  гуманитарлық 
ғылымдардың зерттелу аясын когнитологияның принциптері бойынша жан-жақты, терең қарастыруға 
кеңінен мүмкіндік берді» [6; 48]. 

Мажитаева Ш., Тажикеева А. 
42 
Вестник Карагандинского университета 
«Əйелдер» жəне «ерлер» концептілері — кез келген ұлт дүниетанымында айрықша орын алатын 
əмбебап  концептілер.  Əйел  заты  мен  ерлерге  тəн  стереотиптік  мінез-құлық  ерекшеліктері  жалпы 
əйелдік  пен  еркектік  қасиетті  айқындайтын  əмбебап,  ортақ  сипатқа  ие  болады.  Мысалы,  əйелдер 
туралы  сөз  еткенде  жұмсақтық,  нəзіктік,  мейірімділік,  сезімталдық,  күмəншілдік,  аса  сақтық, 
байқағыштық,  құбылмалылық,  тиянақтылық,  отбасы  ұйтқысы  сияқты  стереотипті  бейнелері  мен 
мінез-құлықтары ойға келеді. Ал, еркектер басшы, күшті, шешім қабылдаушы, қатал, мансапқұмар, 
жауынгер, отбасы асыраушы деген стереотипті бейнелерді ойға келтіреді. 
Зерттеуші  В.А.Маслова  «стереотип»  ұғымын  тілдің  мəдениеттегі  доминантты  құрамдас 
бөліктерді сақтап, оны келесі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретін құбылысы, тұрақтаушы факторы 
ретінде анықтайды [13]. 
Зерттеуші А.Смайлов өзінің «Əйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің лингво-
мəдени  сипаты»  тақырыбындағы  кандидаттық  диссертациясының  авторефератында  стереотипті — 
дүние  туралы  таным-түсініктің  қайталануынан  тұрақталған  əрекеттер  мен  құлықтар  шаблоны  деп 
көрсетеді [14]. Біз де өз мақаламызда автордың келтірген тұжырымын ұстанамыз. 
Гендерлік стереотиптерде, А.В.Кирилинаның пікірінше, екі жыныстың қасиеттері, атрибуттары 
жəне  өзін-өзі  ұстау  нормалары  жөнінде  қалыптасқан  əлеуметтік  жəне  мəдени  пікірлер  мен 
пресуппозициялар бар [15; 98]. 
Əйелдер  мен  ерлердің  мінез-құлық  ерекшеліктері,  əлеуметтік  статусы,  отбасындағы  орны,  сол 
халықтың  ұлттық  менталитетінен,  əлеуметтік-мəдени,  тарихи  даму  барысында  қалыптасқан  салт-
дəстүр, əдет-ғұрып, ұлттық санасы негізінде айқындалады. Əйел мен ер адам қоғамда, отбасында əр 
түрлі рөлдер атқарады жəне ерлердің қасиеттері əйелдердің мінез-құлық ерекшеліктерінен жақсырақ, 
олардың  қасиеттерінен  жағымды  деуге  болмайды.  Əйелдер  мен  ерлер  бірін-бірі  толықтырып 
отырады, қоғамда да, отбасында да жəне екеуі бірігіп бір тұтастықты құрайды. 
Сонымен қатар əйел мен ер адамның ойлау, қабылдау ерекшеліктері де əр түрлі болып келеді. 
А.В.Кирилинаның  пікіріне  сүйенер  болсақ,  əйелдердің  ассоциативтік  өрісі  жалпыланған  жəне 
ізгіленген  (гуманистический),  ал  ерлердікі  аңшылық,  спорт,  кəсіби  жəне  əскери  салаларымен 
байланысты [15; 57]. Əйелдердің ассоциативті ойлау өрісі ізгілік, күнделікті тұрмыс-тіршілік, отбасы 
—  ошақ  қасы  аясында  өрбиді,  ал  ерлер  өздерін  күшті,  мықты  болуға,  жоғарыдан  көрінуге,  отбасы 
асырау, жұмыс істеп, шаруашылықпен айналысумен байланыстырады. 
Жалпы  əйелдер  мен  ерлердің  танымдық  өрісінің  өзіндік  ерекшеліктеріне  келсек,  ойлау 
операцияларына байланысты əйелдер мен ерлерге тəн қасиеттер де əр түрлі болып келеді. Əйелдер 
көбінде  асығыс  шешім  қабылдағыш,  эмоционалды,  интуитивті  ойлауы  дамыған,  логикаға 
үйлеспейтін  сезімге  берілгіш,  жүрегі  жұмсақ  əрі  аяғыш  деп  саналады.  Ерлер  туралы,  негізінен, 
аналитикалық,  логикалық  ойлауға  жүгінетін,  асықпай  байыппен  объективті  шешім  қабылдайтын, 
қайсар мінезді əрі қатал жүректі (мейірімсіз емес) деген стереотип қалыптасқан. 
Сонымен  əйелдер  мен  ер  адамдарға  тəн  мінез-құлық  ерекшеліктерін,  əмбебап  қасиеттерді, 
оларды  танытатын  стереотиптік  бейнелерді  бір  жүйеге  келтірсек,  онда  əйелдерге  байланысты 
қалыптасқан  стереотиптер:  хатшылар,  енжар,  ізбасарлар,  төзімді,  тиянақты;  отбасы  ұйтқысы, 
қолдаушы, мейірімді, жұмсақ, көнгіш; эмоционалды, сақ, байқағыш, күмəншіл, сезімтал. Ал ерлерге 
байланысты  қалыптасқан  стереотиптерге  бастықтар,  белсенді,  көшбасшы,  өзіне  ғана  сенеді, 
атаққұмар;  отбасы  асыраушы,  басшы,  қорғаушы,  күшті,  батыл;  тəуелсіз,  логикалық,  объективті, 
шешім қабылдаушылар, бір жақты т.б. жатады. 
Жоғарыда  атап  өткеніміздей,  бұлар — əйелдер  мен  ерлерге  тəн  жалпылама  əмбебап  қасиеттер 
мен  ерекшеліктер.  Еркектік  пен  əйелдік  биологиялық  туа  біткен  қасиеттер,  дегенмен  олар  ұлттық 
дүниетаным,  əлеуметтік-мəдени  даму  нəтижесінде  пайда  болған  салт-дəстүр,  ұлттық  философиядан 
бастау  алады.  Алайда  мəдениеті,  ділі,  діні,  ұлттық  болмысы  алшақ  халықтардың  қоғамында 
қалыптасқан мінез-құлық, əдеп, өзін-өзі ұстау жөніндегі ұстанымдары əр түрлі болып келеді. 
Қазақ  халқы  генетикалық  негіздерге,  тектілік  мəселесіне  қатты  мəн  берген,  сондықтан  да  кез 
келген  ер  мен  əйел  ата-анасына,  тұқым-əулетіне  кір  келтірмеуге  тырысып  бағатындығы,  олар  ең 
алдымен өн бойында міні жоқ адам болуға əрекет жасайтындығы белгілі. Осыған байланысты пайда 
болып,  халқымыздың  жадында  сақталған: «Қас  арғымақ  белгісі — аз  оттар  да,  көп  жусар,  қас 
жақсының белгісі — аз сөйлер де, көп тыңдар; Тексіз жігіт тезекпен тең; Тексіз жерден қыз алма; 
Жақсыдан жаман туса — жыннан пайда болғаны, жаманнан жақсы туса — нұрдан пайда болғаны; 
Жақсыдан  жаман  туса,  ем  табылмас,  жаманнан  жақсы  туса  тең  табылмас;  Жақсыдан  жаман 
туады бір аяқ асқа алғысыз; Жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз; Жақсының басына іс 

Қазақ тіліндегі мақал-мəтелдердің уəжділігі ... 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
43 
түссе,  ашынар  да  ашылар,  жаманның  басына  іс  түссе,  бір  тулар  да  басылар;  Жақсының  ашуы 
жібек  орамал  кепкенше;  Жаманның  ашуы  басы  көрге  жеткенше;  Жақсының  өзі  өлгенмен,  сөзі 
өлмейді;  Жақсыға  ерсең,  жетерсің  мұратқа;  Жаманға  ерсең,  қаларсың  ұятқа»  деп  келетін  мақал-
мəтелдерде  жақсы  болып  жүргендердің  барлығы,  арғы  ата-тегінің  «дұрыстығынан»  деген  идея 
ұсынылатындығы айтылады [16; 12]. 
Тектілік, тексіздік əйелге де, ерлерге де қатысты айтылады. Қазақ халқы қыз алуда, қыз беруде 
жастардың ата-анасының шыққан тегіне көп көңіл бөліп отырған. Сондықтан да «Тең теңімен, тезек 
қабымен»  деп,  қазір  де  көпшілік  ата-ана  бұған  аса  жауаптылықпен  қарайды,  тектілермен  жолдас 
болуға тырысады. Өйткені бұндай мақал-мəтелдердің бала, ұрпақ тəрбиелеуде үлкен маңызы бар деп 
есептейді,  балаларының  тəрбиелі,  жақсы  мінезді  азамат  болып  өсуіне,  инабатты,  ибалы  қыз 
тəрбиелеуге  қызмет  етеді  деп  есептейді: «Бұл  мақалдар,  бір  жағынан,  тектілік  үшін  күреске,  текті 
жерден  қыз  алып,  тектілермен  жолдас  болуы,  сөйтіп  тұқымды  да,  тəрбиені  де  ілгері  бастыруға 
үндесе, екінші  жағынан, азаматтың  мінезін  тəрбиелеуге  қызмет етеді. «Текті  жерден шыққандығың 
рас  болса,  өз  ортаңа  жолбасшы,  ақылшы  болып  қызмет  ет»,  əйтпесе  «Зорсынғанға  Алла  бар, 
сомсынғанға балға бар» дегендей, еліңнің қадірін білмесең, сол қауым сені ілезде-ақ «Аузы жаман ел 
былғайды,  аяғы  жаман  көл  былғайды»  деген  атқа  қалдыра  алады,  сондықтан  сол  ортаның  қалай 
болғанда да мүддесін ойлап, үдесінен шыға біл дегенге мегзейді [16; 13]. 
Қорыта  айтқанда,  тіл  біліміндегі  жаңа  бағыттарға  сай  мақал-мəтелдердің  гендерлік  сипатын 
зерделеп, ерлер мен əйелдердің қазіргі қоғамда алатын орнын анықтайтын мақал-мəтелдерді саралау 
үшін  осы  сияқты  зерттеулердің  қажет  екені  сөзсіз.  Сондай-ақ  бұндай  ізденістер  ана  тілінің  ұлтты 
ұйыстырушылық  қасиетін,  құдіретін  күшейтумен  тығыз  байланысты  екені  анық.  Зерттеудің 
болашақтағы бағдары — қазақ жəне ағылшын тілдеріндегі мақал-мəтелдерді салғастырып, олардың 
ұлттық-мəдени ерекшеліктерін анықтау. 
 
 
Əдебиетер тізімі 
1.  Қайдар Ə. Халық даналығы. — Алматы: Толғанай, 2004. — 142-б. 
2.  Диваев А.А. Казахские пословицы. — Ташкент, 1927. — 340 с. 
3.  Балақаев М. Қазақ тілінің мəдениеті. — Алматы: Қазақстан, 1971. — 41-б. 
4.  Байтұрсынов А. Шығармалары. –Алматы, 1980. — 92-б. 
5.  Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз əдебиеті. — Алматы, 1974. — 78-б. 
6.  Смағұлова Г. Қазақ фразеологиясы лингвистикалық парадигмаларда: Монография. — Алматы: Арыс, 2010. — 280 б. 
7.  Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — Алматы: Санат, 2003. — 250-б. 
8.  Манкеева Ж. Мəдени лексиканың ұлттық сипаты. — Алматы, 1997. — 10-б. 
9.  Даль В. Пословицы русского народа. — М., 1957. — С. 135. 
10.  Қалиұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. — Алматы: Əлішер, 2006. — 125-б. 
11.  Қарсыбекова Ш. Қазақ мақал-мəтелдерінің логика-семантикалық жəне заттық-тақырыптық топтастырылу принциптері 
// ҚазҰУ хабаршысы. Филология сер. — № 2 (92). — 2006. 
12.  Исаева Ж.И. Дүниенің паремиологиялық бейнесі (лингвомəдениеттанымдық аспекті): ...Канд. дис. автореф. — Алматы, 
2007. — 15-б. 
13.  Маслова В.А. Лингвокультурология. — М.: Academia, 2001. — С. 110. 
14.  Смайлов А. «Əйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің лингвомəдени сипаты: ...Канд. дис. автореф. — 
Алматы, 2008. — 9-б. 
15.  Кирилина А.В. Гендер: лингвистические аспекты. — М.: Ин-т социологии РАН, 1999. — 189 с. 
16.  Тілепов  Ж.  Халықпен  ғұмырлас  рухани  мұра // Қазақ  халқының  мақалдары  мен  мəтелдері / Құраст.  Қ.Алпысбаева, 
П.Əуесбаева т.б. — Алматы: ҚазмемҒА ҒЗИ, 2001. — 463 б. 
 
 
 
 

Түйте Е.Е. 
44 
Вестник Карагандинского университета 
ƏОЖ 811.512.122:81'22'373 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет