15. Үмбетей жыраудың Бөгенбай батырға арналған толғаулары Үмбетей Тілеуұлы (1706-1778) - Ақмола облысында, яғни Орталық Қазақстанда дүниеге келген. Арғын тайпасы Қанжығалы руынан шыққан[1]. Ол жас жағынан Бұқар жыраумен құрдас болған деген дерек бар:
Үмбетей Бұқармен дос, құрдас екен,
Қайтыс боп үш жыл бұрын құса-дерттен,-
деген өлең жолдары осыны меңзейді.
Бұл өлеңді Бөгенбайдың немересі Бапан би шығарған деседі ел аузында. Үмбетей жас күнінен-ақ кедейліктің зардабын тартады. Ақындық даңқы шыққан Үмбетейді Абылай хан өз айналасында ұстайды, ол сол кезден-ақ жырау атанған. Ол Бөгенбай батырға серік әрі оның жыршысы болған. Жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте болып, тарихи оқиғаларды нақты жырлаған. Ол халық мүддесі үшін хан көңіліне қарамай, әділ,тура өлеңдер қалдырған. Жырау Ақмола өңірінде жүз жасап дүниеден өткен.
Үмбетей жырау- дидактикалық поэзияның әйгілі шеберлерінің бірі. Ол жастайынан сөз өнеріне ден қойған. Оның осы жолдағы алғашқы ұстазы - өз әкесі болған. Ол ән өнерін жақсы білген, ел тарихына өте қанық адам болғанға ұқсайды. Сол себепті халық шежірелерінен, шешендік сөздерінен, халық дастандарынан көп тағылым алған.
Үмбетей жырау- елінің қорғаны болған батырларды жырына арқау еткен. "Бөгенбай өліміне", "Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту" атты толғауларында ол Бөгенбай бастаған халық батырларын дәріптеп, қайратты ерлерді ұрпағына өнеге еткен. Жырау Бөгенбай батырдың ерлік бейнесін тамаша өрнектейді. Оны асқар Алатауға теңейді, тегеурінді бүркітке балайды, "Боламшыдай анадан болат тудың,Бөгенбай" деп қастерлейді. Атамекен жаудан қорғап қалған, халқымыздың ұлан-байтақ жерін-Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау- бүкіл Сарыарқа атырабын қалмақтардан аман алып қалған Бөгенбай батырдың ерлігін сүйсіне жырлайды. Үмбетей:
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың.
Ақшәуілге қос тігіп,
Ауыр қол жидырып алдырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың
-деп, халқына Бөгенбайдың елі үшін жасаған ерлігін атап көрсететі. Жырау тек Бөгенбайды ғана емес, Абылай тұсындағы қолбасы батырлардың - Қаракерей Қабанбай, Қаз дауысты Қазыбектің, батыр Жәнібектің, Баянның және т.б ерліктерін де өлең жолдарына қосқан.
С.Қасқабасов "XV-XVIIIғасырлардағы қазақ әдебиеті"
XVIIIғасырдағы қазақ әдебиетін дамытуға үлкен үлес қосқанжырау-ҮмбетейТілеуұлы.Даңқы шартарапқа жайылып абыз жырау атанған шағында Үмбетей әйгілі "Бөгембай өліміне"деген реквием іспетті жоқтауын және "Бөгембай өлімін Абылай ханға естіртуін" шығарады.Үмбетей мұрасының ішінде шоқтығы биік, ерекше көзге түсетін шығармасы да осы -Бөгембай батырдың өліміне байланысты екі шығармасы.Ежелгі дәстүр бойынша даңқты қолбасы немесе ардақты адамның қаза болғанын халыққа, әсіресе ханға естіртудің өз рәсімі болған.Мұндай суық хабарды әміршіге тек аса көрнекті әрі беделді , елдің құрметіне бөленген абыз жырау немесе шешен би, яки ауызы дуалы ақын естірткен.Еліне еңбегі сіңген батырлар мен хандардың, ұлы қайраткерлердің жоқтауын ең алдымен ресми түрде атақты ақын-жырау шығарған.Міне осы екі бірдей функцияны яғни Қанжығалы қарт Бөгембайдың қазасын естіртуді, әрі оны жоқтауды Үмбетей атқарған, ал бұл- жыраудың асқардай таланты мен күллі қоғам алдындағы ерен еңбегін, таудай биік беделін құрмет тұту еді.
"Бөгембайдың өліміне"-сыртқы формасы жағынан жоқтау, тіпті реквием десе де болады.Ал мазмұны жағынан бұл шығарма-Бөгембай батырға арналған гимн.Мұнде Бөгембай-шынайы батыр,күллі халықтың сүйікті қаһарманы ретінде бейнеленеді.
"Бөгембай өлімін Абылай ханға естіртуі"-дәстүрлі осы жанрдың арнасынан бөлек.Түпкі мағынасына үңілсек, бұл-батыр мен ханның ел тағдырындағы ролі мен маңызы, әміршінің мемлекет өмірінде алатын орны туралы, дәлірек айтқанда, Абылай ханның заманы жайындағы кең диапазонды толғау.