3-билет М. Мақатаев поэмаларының көркемдік ерекшеліктері


) Ғ. Мүсіреповтың Ана тақырыбына жазған әңгімелері



бет3/5
Дата15.12.2023
өлшемі42,63 Kb.
#139791
түріПоэма
1   2   3   4   5
2) Ғ. Мүсіреповтың Ана тақырыбына жазған әңгімелері
Ғ.Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел – Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі Әйел – Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті. Ол “Ананың анасы” (1933), “Өлімді жеңген ана” (1933), “Ашынған ана”, “Ананың арашасы” (1934), “Ер ана” (1942), “Ақлима” (1944), “Әмина”, “Ана жыры”, “Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ өмірінің шынайы көріністері сипатталады.
Ана туралы тақырыпқа баруы М. Горькийдің әсерімен болғандығын автордың өзі былай деп мәлімдеген: «Горькийдің тақырыбын, жазу әдісін ұғынам деп талаптанғанымда ұшы-қиыры жоқ кең байлықтың ішіндегі ең бір негізгі саласы- күшті адам екен деген қорытындыға келдім. Құлақта ертеден бір әңгімелер жүретін еді. Горькийдің «Аналарын» қайта бір оқығанда, сол әңгімелерім тіріле бастады. Көп ойланбастан Горькийдің аналарында, өзімде бар әңгімелерді де қағазға түсірдім»
Адам өміріндегі ең аяулы да құдіретті жан туралы әлем әдебиеті тарихында жүздеген жылдардан бері сөз болып келе жатыр (Ги де Мопассан, М.Горький т.б.). Ал қазақ әдебиетіндегі ана тақырыбына тереңдеп барып, бір емес бірнеше шығармасын ана тақырыбына арнап, қазақ әйелінің – қазақ анасының ішкі жан дүниесіне үңіліп, айқын аша білген дарынды да, талантты қаламгер – Ғабит Мүсірепов болды.
Ана туралы әңгімелер тақырыптық жағынан ұқсастығының үстіне идеялық бағыты, пафосы жағынан да бірін-бірі толықтырып отырады. Олардағы ортақ типтік герой- шындық үшін, әділет үшін өмірдің не бір қиындығына да қарсы тұрып, кедергілерді жеңе білетін, әлемге өмір тарататын, сол өмір үшін өліммен айқасатын, қауіптің алдында қорқып иілмейтін, өзінің ұлылығын сезінетін, әрі мейірбан, әрі айбатты күрескер, өршіл, өжет, ананың образы.
«Ананың анасы» (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады.
«Ашынған ана» (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық; қозғалысына арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып, түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты көп көріп, азап шеккен: «... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана...».
Ал Ғ.Мүсіреповтің «Ананың арашасы» (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атып-асуы, Нағиманы "большевик балаңды тауып бер" деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.
Ақтар армиясының бандыларының жауыздығын жазушы былайша суреттейді: «...Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс... Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен өктем куш теке- тіресіп кездесе қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес.Қара көк жапырақты ақ көйлек қызыл қанға айналып, арқа жағы тілім- тілім болып кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің ашынған жерлерін иіскеп табатындай жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшы сарт етіп қалғанда, ана көзінен от ұшқыны да жалт ете қалады. Сіресіп қалғандай табанаудармай, кеккернегенанадатұр, мыңсұрауына бір жауап ала алмай ызаға булығып Антонов та тұр. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты... Бұдан әрі өжет ана Антоновтың адамгершіліктен жұрдай жауыздығын бетіне басып, өршелене түседі». Жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы «Ана алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді» дегенді бейнелеп беріп отыр.
«Ана кесімі айнымайды» (1942) әңгімесінде ана ақылды данышпанды, ер мен батырды ғана емес, мынау жарық дүниеге «қала халқын қырып, адам ұясын аяусыз қырып жатқан бұзық қанішер де ананың баласы, әйелден туған» деген ащы ақиқатты білдіреді. «Өлім егушіге – Өлім!» – деп, ана «іштен шыққан шұбар жылан» өзінің баласына айнымас кесімін жасайды.
Ғ.Мүсірепов Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта оралып, екі әңгіме жазды. Оның бірі − «Ер ана» (1942). Онда жау уақытша басып алған селода ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп, ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі.
Ал «Ақлима» (1944) әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан мүгедек болып оралған Сапар деген жігітті асырап алып күтуі, оны өз баласы Қасымнан кем көрмеуі баяндалады. Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен Украина, Ресей жерлерінен келген орыс, неміс, шешен, ингуш, татар балаларын қазақтардың асырап алуы көп болған. Ал қол-аяғы бірдей шөрке боп қалған жауынгер жігітті туған анасындай болып күту гуманистік ұлы жүректің ғана қолынан келетін қасиетті іс-әрекет еді. Жазушы осы арқылы ана жүрегінің кеңдігін, махаббатының молдығын асқан суреткерлікпен бейнелейді.
Ғ.Мүсірепов әңгімелеріндегі қазақ әйелдерінің өршіл де өжет, қажырлы да сабырлы, пайымды да ақылды қасиеттері барынша жарқын суреттелген. Жазушы әңгімелерінің көркем идеясы, сюжеттік құрылымымен тамаша сабақтасқан озық туындылар ретінде бағаланады. Әңгімелерінің бір ерекшелігі - адам психологиясына терең бойлататын қайсарлық, өжеттік, адалдық қасиеттерді ішкі күрделі көңіл-күймен шебер танытады.
Ана туралы әңгімелер жазудан бастаған жазушы 1975 жылы, жасы жетпістен асқан шағында “Ұлпан” повесін жарыққа шығарды. Мұндағы Ұлпан – авторды 40 жыл бойы толғантқан тарихи тұлға, Абақ, Қарқабат, Ақкелін, Домалақ ана секілді рулы елге ана болған әйелдер бейнесінің жиынтығы. Жазушының өзі “менің Джакондам” деп атаған Ұлпан бейнесі – қазақ прозасының үлкен табысы.
Жазушы өзінің күнделігінде «Ұлпан» шығармасы туралы былайша толғанады: «Әрбір жазушының ойында әр кезде өзімен жасасып толыға түскен бейнелері болу керек. Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, мінезі, мейірім т.т.
Джоконда маған мұңайыс пен жымию сиқыры сияқты елестейді. Мен сиқырға бара алмадым, кәдуілгі тірі әйел бейнесін жасамақ болдым. Горькийдің бағытын ұстандым. Ұлпанда романтизм бар деп те ойламаймын. Орыс сыншылары Ұлпан бейнесінде аңыз бар десті. Мен жоқ деймін, Ұлпаннан бірнеше ғасыр бұрын өткен Абақ, Қарақабат, Ақкелін, Домалақ ене тағы басқа рулы елге ұран болған әйелдеріміз болған ғой!».
Повестің басты кейіпкері Ұлпан – өмірде болған, есімі белгілі адам. Өткен ХІХ ғасырда көшпелі қазақ ауылында өмір сүрген қарапайым әйел ақырында елге қамқор ер ана дәрежесіне көтеріледі, бір өзінің ғана емес, барша әйелдердің бас бостандығын, еркіндігін арман етеді, қолынан келгенше сол жолға бар күш-жігерін аямай жұмсайды. Ұлпанның бойынан өзі өмір сүрген дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын, ең асыл қасиеттері көрінеді. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, мейірімділігі, моральдық тазалығы, парасаттылығы, өткірлігі – кейінгі ұрпаққа өнеге.
Қазақстанның белгілі әдебиет сыншысы Мұхамеджан Қаратаев Ғабит Мүсірепов сомдаған Ұлпан туралы былай жазды: “Ұлпан – нағыз образ, типтік характер. Сонымен бірге ол – көптің бірі, көрінгеннің көшірмесі емес, ілуде бір кездесетін дара бітімді жан, қазақ ортасынан үздік туып, озып шыққан өр мінезді өрен қыз... Ұлпан образы – жазушы жүрегінен жарып шыққан Нағима, Ақлима, Қапия секілді адал ана, ер ана, әділ ана образдарының керуенін тағы бір бел-белеске шығарған ел анасының образы”.
Қаламгер повесін мынадай сөздермен аяқтайды: “Менің ойыма өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның бейнесі біржола ұялап, шегеленіп қалды. Қанша жыл ойымда жүрсе де, қашанғы әдетім бойынша кешігіп жарық көрген “Ұлпан” сол бейнеге, сондай бейнелерге арналады”.
Ал 1976 жылғы 11 маусымда (“Қазақ әдебиеті”) жазушы Жайсаңбек Молдағалиевке берген сұхбатында жазушы: “Ұлпан жайлы. Мен – ана тақырыбына біршама шығарма берген кісімін. Бұл повесть сол салада қойылған нүктем секілді. Одан әрі жазбаймын деген сөз емес, әзіргі ойым осы”, – депті.
Ғабит Мүсірепов қазақтың үш асыл қызы Ұлпан, Ұмсын, Майра туралы, олардың трагедиялық өмір жолы жайлы көп ойланып, көп толғанған. Осы үшеуі туралы шығарма жазып, жас ұрпаққа танымдық дүние ретінде тапсыруды ойлаған. Сөйтіп, “Ұлпан” повесі туған.
«Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.
Жазушы шығармаларындағы әйел-ана бейнесінің ішінде өзінің көркемдік бітімімен ерекшеленетін дара, кесек, қайталанбайтын бейне – Ұлпан бейнесі.
Қаламгер ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-тарихи өмірін терең зерттей келе, қоғамдық өзгерістерді, шынайы оқиғаларды, адамдарды шығармаға негіз етіп алды. Тарихи оқиғаларға Ұлпан өмірімен байланыстыра, ұштастыра суреттейді.
Ұлпан – тарихи бейне. Сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын бейнесін, асыл қасиеттерін жинақтаған шынайы образ.
Шығармада Ұлпанның сезімі, адамгершілігі, адалдығы, зеректігі, парасаттылығы мен өткірлігі, өжеттігі келісті бейнеленген. Ұлпанды өзге әйел-ана образдарынан даралап, оқшаулайтын қасиеттер бар.
Ол – қашанда елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаушы, қамқор ана. Өз қара басының бақытын ғана емес, бүкіл жұрттың, елдің қамын ойлап, соған қызмет етуші жан.
Артықбайдай батырдың қызы, атақты батыр, аты шулы әділ би атанған Есенейдің жары, сенімді серігі Ұлпан – адамгершілік қасиетті биік ұстаған зерек жан.
Есенейдің өзі «менің Есенейім – Ұлпан» деп Ұлпанды айырықша пір тұтты. Өзінің өжеттігімен, зерделілігімен, адалдығымен, ибалылығымен, сұлулығымен Есенейді өзіне тәнті ете білген тұстарын жазушы нанымды детальдар арқылы көркем шеберлікпен суреттеген.
Қаламгер бүкіл өмірі шиеленіскен күресте, арпалыста өткен Ұлпанның өмірі арқылы дәуірдің әлеуметтік шындығын суреттейді. Жазушы айтқандай, «Өз заманынан бұрын туып, арманда өткен үлкен жанның» өмірі басқаша аяқталуы мүмкін емес еді, деп жауыздар тобымен шиеленісіп өткен Ұлпан өмірі трагедиямен аяқталады.
Ұлпан көне ескілікке, феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы батыл күресе білген, жанашылдыққа, жаңалыққа ұмтылып, халқына үлгі-өнеге көрсете білген жан. Оның бұл қасиеттері оны асқақтата, биіктете түскен.
Жасынан ерке, ығыспай сөйлейтін зейінді, зерделі Ұлпан бойында өткірлік, қаһармандық та бар. Оның ел халық намысы үшін күрескен тұсы, әсіресе, Сибан жорығы тұсында ел анасы болумен қатар, елді бірлікке, батырлыққа, ерлікке шақырады.
Оның адамгершілік, ізгі қасиеттерін, биік тұлғасын халық аса жоғары бағалады. Өмір бойы ел алғысына бөленген Ұлпанды, өлгеннен кейін де ұмытпай оны әулие тұтып, аруағына сыйынған.
«Ұлпан» – тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней – қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол Шыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылғыш, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.
Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп – айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей – Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?» − дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің», – деп кесіп жауап береді. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды», – деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді.
Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор – Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі станса).
Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса – опақ, тұрса – сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін», – деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.
Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу – Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет