2.1 «Қорғансыздың күні» әңгімесінің әдеби көркемдік деңгейі М. Әуезовтың тұңғыш көрген «Қорғансыздың күні» шығармасы болашақ ұлы жазушының суреткерлік дарынын, шығармашылық қуатын толығымен көрсеткен дүние. С.Мұқановша айтқанда, «Өзінің тұңғыш әңгімесімен европалық деңгейге көтерілді». Әңгіменің тілі, оқиға желісінің, сюжеттік тартыстың ширығуындағы композициялық құрылым, ішкі жан дүние әлемі терең ашылған, мейлінше дараланған көркем бейнелер. Бұл әңгіме жазылған кезде Әуезов 23-24 жас шамасында, «Қорғансыздың күні» 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының қосарланып шыққан 3-4-сандарында жарияланған. Осыған қарағанда әңгіменің жазылу мерзімін 1920 жылдың соңы мен 1921 жылдың басы деп айтуға болады. Әңгіме қалыптасқан тәжірибелі жазушының қолынан шыққан дүние деп айтуға болады.
Тұңғыш дүниенің әдеби-көркемдік деңгейі өте биік. Тіптен жазушылық шеберліктің мінсіз үлгісі дерлік.
Әуезовтің өмірді ойшыл ретінде тану, қорыту деңгейінің өте жоғары болғанына тоқталдық. Танымдық мүмкіндіктер жазушыға тақырып таңдауға келгенде, өмірлік материалды тануда зор көмек екені белгілі. «Қорғансыздың күнін» оқығанда автордың хас шеберлігімен қатар жазушы-баяндаушының айқын гуманистік ойын, мейірім мен аяушылық сезімінің ыстық табын аңдаймыз.
М. Әуезов бұл әңгімесінде зорлықшыл, мейірімсіз адамның сол кездегі қазақ қоғамында кездескен ең бір шектен шыққан үлгісін жасаған. Жазушы зорлықшылдың образын аша түсу үшін қорғансыз күйдегі ер азаматынан айырылған отбасының хал-ахуалын үлкен көркемдік қуатпен суреттеп шыққан. Жүрегінде титтей де кісілік ұшқыны бар көптеген адамның аяушылық сезімі оянатын жағдай. Жүдеу үйде өздерін шын пейілдерімен қонақ етіп, мұңын шағып әңгіме айтып отырған қорғансыз әйелдерді қорлап Ақан болыстың нәпсі үшін ғана бейкүнә бала қызға зорлық істеп арын аяққа таптауға баруы тіптен әлемдік әдебиетте сирек кездесетін ең сорақы зорлық, оңбағандық көрінісі. Бұл сұмдық зұлымдықтан кейін бала қыз қайтпек? Шектен шыққан қорлық, жан азабы арлы баланы есінен тандырып есеңгіретеді. Зорлықшы отырған үйге қайтып кіре алмайды. Шешесі мен әжесіне көріну де азап. Қорлық көрген адамның, әсіресе, жас баланың баратын жері, бас сауғалайтын орны көбіне ата-ана, жақын-туыстарының бейіті. Автор бұл жерді мейлінше психологиялық дәлдікпен реалистік ұстаныммен суреттейді. Осы оқиғаға қатысты өз сезімін, өз ойын да ашық айтады.
Ғазизаның көңілінде қалған ойдың ең ақырғы бұйрығы: әкесі мен бауырының бейітіне барып, екеуінің арасында отырып зарлау! Дүниеде жетім болып, жалғыз қалғандағы басынан кешірген қасіретін шығару, азабын, дертін айту. Ғазиза бейітті бетіне алып: «А, құдай, ендігі бар тілегім-осы көкемнің басына жеткіз!», - деп жүріп кетті».
Бұл үзіндіде Ғазизаның өлімінің алдындағы ішкі жан толқынысы, әкесінің бейітінің басына алып барған себептер тек көркемдік тұрғыдан ғана емес, психологиялық, тіпті физиологиялық тұрғыдан да өте дәл жазылған. Мұндағы Ғазиза өлімінің себептері Бейшара Лизаның, Бовари ханымның, Анна Каренинаның өлімімен мүлдем басқа. Адами тұрғыдан да, діни тұрғыдан да адал өлім. Көрсоқыр зорлық, қорғансыз күй бейкунә Ғазизаға ешқандай басқа таңдау қалдырмады.
Әдебиеттің классикалық үлгілерінің қатарындағы «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы» повестері М.Әуезовтің Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, әлемдік әдебиеттің тарихымен де, теориясымен де танысып, жан-жақты, терең де білім алып, біраз көркем шығармашылық тәжірибе жинақтаған кезінде жазылған. «Абай жолы» роман-эпопеясы жазушының кемеліне келген шағында жазылған. «Қорғансыздың күнінде» көркем образ жасау, сюжет құру, композициялық, фабулалық құрылым, тіл шеберлігі, реалистік тереңдік тұрғысынан келгенде титтей де кем соғып тұрған жоқ. Тіпті М.Әуезов эпопеясының томдарына тарту етіп ыңғайлап кіргізіп жіберсе, жігі білінбей жымдасып, көркемдік тұрғыдан ешқандай нұқсан келтірмес еді. Әңгіме - жазба әдебиет дәстүрі ертеден бәр, кемеліне келген әдеби ортаның талантты, тәжірибелі өкілінің шығармасы сияқты. Жас, балаң жазушының қолынан шыққанын тек жазушының өз кейіпкерлерім деген айқын, ыстық ықыласынан, мейірім төгіп тұрған анық айшықталған терең гуманистік лебінен ғана байқалады. Көркем әдебиет физика-математика, химия ғылымдары сияқты, өндіріс пен техникадан жеткен бұрынғы жетістіктерді баспалдақ етіп, келесі сатыға, келесі деңгейге көтеріле беретін сала емес. Әдебиет пен өнер адамзаттың психологиялық, логикалық, сезімдік дамуының деңгейіне тығыз байланысты. Әдебиет те, өнер де осы деңгейден асып кете алмайды. Осыған орай әдебиет пен өнер түрлері XVIII, XIX ғасырларда өз дамуының шарықтау шегіне көтерілген. М. Әуезовтің тұңғыш көркем шығармасы әдеби технологияның мінсіз үлгісі саналады. Әдебиет тарихында алғашқы шығармалармен танылып, таланытын паш еткен ақын-жазушылар некен-саяқ ғана деседі. [24,5]
М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде сюжеттік оқиғаларды алып жүретін үш баяндау стилі бар. Әңгімеде Күшікбайдың ерлігін сипаттайтын жеке әңгімеге келетіндей шығарманың уақыттық, кеңістіктік аясын ұзартып, кеңітіп тастайтын бөлігі ауызша әңгімені баяндаушының (автордың) одан ары ықшамдай түскен түрінде берілген. Ғазизаның әжесінің әңгімесі өте дәл берілген ауызша әңгіменің психологиясына жан дүниесіне, хикаяттағы белгідерек штрихтарға сүйене қарасақ, анық бақытты болуға лайық жан.
Әңгіменің қалған бөлігі,пейзаждары Әуезовтың классикалық,эпикалық өз стилінде.
«Қорғансыздың күні» әңгімесі тау суреттемесінен басталады. Табиғат қатал мінезге басып, қыр көрсете ызғар шашып, Арқалық бойын бораннан босатпай, тіпті кедейшілігіне де себеп болды. Ата қонысты тастауға қимай, тұрғыны да көнбістікке бой алдырған еді. Шығарма басынан-ақ адамзат тіршілігі мен табиғат мінезінің осылайша өріле суреттелуі, шығарма бойында бұған жалғас бір ызғардың бар екендігінен белгі беріп тұрғандай [29,103]. Бұл - озық үлгісі бар елдер әдебиетінде Әуезовке дейін қалыптасқан тәсіл. Жас жазушының тұсау кесер еңбегінде-ақ осыншалықты көрегендік танытуы классикалық шеберліктен үлгі алуында. Автордың көздеген межесі, айтпақ ойы - бейкүнә, уыздай Ғазизаның жазықсыз қорланып, запыран жұтқанын, жанын өлімге қиғанын жеткізу. Автор бұл мақсатына, оқиғаның шарықтау шегіне қалай жетті?
Жазушы шығарманың басындағы табиғат суреті мен Ғазизаның қабір басындағы өмірмен қоштасу сәтіне дейінгі аралықта тұйықталған белгілі бір тұтастыққа жету үшін біршама ойды ағытады. Табиғат суретінен кейін әңгіме өзегі Күшікбай кезеңіне ауысып, батырдың өмір сүрген уақыты, ерлігі баяндалады. Автор Күшікбай кезеңін суреттеуде жер тарихына ғана шолу жасаған жоқ, сонымен қатар Күшікбай өлімі мен жас сұлу Ғазиза өлімін салыстыра, сабақтастыра көрсеткен. Мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долдана өлген Күшікбай жайлы баяндалғаннан соң ғана Январь айының аяқ кезі» [16,105] деп, әңгіме өзегі негізгі оқиғаға ауады.
Қаладан елге қайтып келе жатқан жүргіншілер болыс Ақан мен оның жылпос серігі Қалтайға берілген мінездемелер қысқа болғанмен, Ақанның түнгі жүріске, кұмарлыққа бейімділігі мен қожайынның көңілінен шығу үшін жанын салатын Қалтайдың арам пиғылды адам екенін де аңғаруға болады [16,106]
Жүргіншілер бейіт секілді мүләйім, қыс басынан қары күрелмеген жұпыны үйге түнемекке тоқтаған. Бұл тұста Қалтай өзінің жымысқы ойын санасында пісіріп те қойған еді.
Таяуда ғана екі бірдей өлік шыққан қаралы үйдін қалған ендігі тұрғындары кемпір, соқыр әйел, жас қыз Ғазиза [16,109]
Үй иелері жолаушыларды бар бейілімен қарсы алып, олардың ат басын осы үйге бұрғанына қуанған да. Шәй үстінде кемпір болысты қан жұтып отырғап
қалпына қаңық етті. Бірақ қуаныш қызығы да, үміт қорғаны да сол суық қабырға өліктермен бірге кемілген жандардың тірлігі бұл босағаны өз қулығын асыру үшін ғана аттаған жүргіншілердің сезімін оятып, селт еткізе қоймады. Жазушы Ақанның без бүйректігін мына жолдарда көрсетеді: «Жалғыз-ақ сол әңгіменің ішінде болып қорлық көруші, ыза шегуші қайраты қуаты жоқ сорлы кемпірдің өзі айтқандығы аз ғана жүрегінің тыныштық, сезімсіз қалпын бұзғандай болып отырды» [16,112]
Ғазизаның арын төгіп, айуандығын асырған Ақан өз кесірінен боранды түрде ізім-ғайым жоғалған бейкүнәні іздеуге де бармай, кемпірдің зарынан құтылғанша асық болып, таңды атырған соң беті бүлк етпестен жүріп кетті. Таң атқанша Ақанның сабасына түсіп, шалыс ісіне баға беріп, қателігін түсінетін уақыты болған еді. Бірақ аузы қанға былғанған аш қасқырдың шімірікпестен сол отауға қайта енуге дәрмені жетті.
Жазушы бейкүнәға қиянат жасаған Ақанды оқиға ортасынан бірден алып кетпейді, оның Ғазиза үйіне қайта кіріп, таңды атырғанымен, шектен шыққан қаныпезерлігін көрсетеді. Кемпірдің зары оның мазасын алды, жылап отырғандар ортасы оған соншалықты қолайсыз көрінді, дегенмен, ол үйден де шығып кете алмады, таңның атысын күтті. Бұған себеп, екі аяқты қорқау дала қорқауларына жем болғысы келмеді. Автор Ақанның сұм әрекетіне қоса әлсіз тұсын да көрсете алды.
Ғазиза ше? Қорлық пен мазақ көрген Ғазизаның алдында бірі өмірге, бірі өлімге апарар екі айырым жол жатты. «Жастығына лайық болған үміт, қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді. Ғазизаның көңілін бұл қиял кернеген сайын, үйге кіру керексіз бола бастады» [16,121]. Қорлыққа төзбеген Ғазиза әкесі мен бауырының бейіті басынан соңғы демін шығарды.
Ары аяққа тапталған қаршадай қыз жұбаныш пен жылы алақан іздеп шешелеріне шағымданбай, өзегі өксікке толған күйі қабір басында жарық дүниемен қоштасты.
Қ.Ақшолақов «Қорғансыздың күні» жөнінде: Осы әңгімеде тек құрдымға кеткен қайғы-мұң ғана емес, мұнда білінер-білінбес болса да бұлқынып жатқан қайсар күш бар, қарауытып тұнжыраған мылқау ағыстың астында жатқан табан толқын бар сияқты» [6,22]дейді.
Жауыздықтың құрбаны болған пәк сезімді Ғазизаның өлімін суреттеу сәтіне дейін жазушы бірнеше түйдекті оқиғаның басын біріктіріп, сабақтай отыра межеге жеткен. Яғни, табиғат суреті, Күшікбай кезеңінің тарихы, жолаушылар жәйі, кедей үй тұрмысының суреттелуі, кемпірдің әңгімесі мәреге шығуға жетелер баспалдақтар тәрізді.
Зулымдықтың қанды шеңгеліне түсіп, касіреттің ащы жүгін көтере алмастан ерте солған жас арудың бейнесін сомдауда Әуезов үлкен көрегендік пен шеберлік танытып мұхтар шабытына шабыт қосқан да. Сол күндерде қағазға түскен «Қорғансыздың күні» Әуезов шығармашылығының бастау алды алғашқысы, сезімді тербеп, елжіретер кестелі сөзге бай көркемі болып, жазушының шоқтығы биік шығармасына айналды. Туған жердің кәусар бұлағының дәмі мен таза ауасы.
З.Қабдолов «Задында шын мәніндегі нағыз үлкен талант өзінің өнер өрісінде жаттығу жасап, онша ұзақ күйбеңдемейтін болса керек. Әуезовтің осынау алғашқы әңгімесінің өзінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік мәнер-машығы бар, кібіртіксіз көсіле жөнелген жорға қаламның ізі сайрап жатыр» [28,27] деген орнықты пікір білдіреді.
Алғашқы шығармасының өзі жазушының сойы бөлек, соқтасы ерекше даралығын аңғартады.
«Қорғансыздың күні» арқылы ол заманының шынайы көрінісін, ащы шындығын, тұтас бір қорғансыздар әлемінің мұң-зарын көрсетіп, оқырманның ішкі сезімін батарлық жан түршігерлік оқиғаны баяндады. Осы ащы, зарлы шындықты жеткізуде Әуезов асқан шеберлік танытты: оқиғаға қатынасушы адамдардың тамаша портреттерін жасап, онысымен әрекет иелерінің мінез-құлқын да білдірді. Табиғат келбетін суреттеу арқылы адамның ішкі толғанысын, сонымен қатар болар істің хабарын берді, тамаша композиция құра білді.
«Қорғансыздың күні» әңгімесі әлеуметтік теңсіздікті, күшті мен әлсіздің арасындағы жайшылықты, кедейшілікті, яғни дала өмірінің сұрқия келбетін танытады.
Автор «Қорғансыздың күні» трагедиялық, сюжетті әңгімесіне шынайы болған оқиғаны себеп етіп, қорғансыз жандардың тіршілігін көрсетуімен қатар, ұлттық ерекшелігіміздің бір қырын да көрсеткен тәрізді. Ақан арын төгіп, тәнін былғағанымен, жанын үзбеген еді, өлім жолын Ғазизаның өзі таңдады. Асқар таудай әкесі мен бауырының өлімі бұл отбасын бір есеңгіретсе, жанарынан айырылып, су қараңғы болып қалған шешесінің қайғысы жығалғанға жұдырық болып тиді. Бұл соққыға Ғазиза көндіккенмен, келер күннен үмітін де үзбеген еді. Ал мына, өз басынан өткен сұмоқиға жас қыздың бар үмітін тас-талқан етті, шыдамын тауысты. Автор он үш жасар жас қыздың саналы ақыл тоқтатқан адамдарша ой түйіп, қазақ қызына тән инабат, парасат, пәктік, тазалық қасиеттерді өзінен де жоғары қоятындығын көрсетті. «Қорғансыздың күні» ғасырға жуық уақыт бойы талай ұрпақтың ықыласпен қабылдайтын шығармасына айналып, өз өміршеңдігін дәлелдеді. Заман өзгеріп, дәуірлер озғанымен адамзат баласының сұлуға сүйсініп, сұрқиядан жиренерлік қасиеті жойылған жоқ. Олай болса, қаныпезерден зәбір көрген бейкүнә Ғазизаның ақ бейнесі талай дәуір перзентінің жадында жатталып қалары сөзсіз.
«Қорғансыздың күні» әңгімесі жан түршіктірер ауыр хал, қатал шындыққа негізделген. Шығарма - қорғансыз жандардың талқыға түскен ауыр тағдырының шынайы көрінісі.