Шаруашылығы. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен (әсіресе жылқы шаруашылығымен) және Талас, Сырдария өзендерінің бойында егіншілікпен айналысты. Үйсіндер мыс, қорғасын, қалайы, алтын, темірді кеңінен қолданған.
Қоғамдық құрылысы. Үйсін қоғамы- тайпа мен ру дәулеттілері, жасауылдар мен абыздар, қатардағы бұқара малшылар мен егіншілерден тұрды. Басшысы- гуньмо (күн бегі) деп аталған.
Үйсін қоғамында малға жеке меншік және қауымдық, тайпалық, рулық жайылымдарға меншік қалыптасты.
Мәдениеті. Діні- ата бабаның аруақтарына табыну. Материалды мәдениетінде үйсіндер екі түрлі тұрғын жайларда: кірпіш және тас үйлерде тұрған. Қысқы үйлер шикі кірпіштен және тақтатастан балшық лай құйылып қаланған. Керамика ыдыстар жасау кең тараған. Олар пайдалану жағынан – тамақ ішетін, тамақ пісіретін және шаруашылық ыдыстар болып бөлінеді. Тұрмыстық заттардан басқа әртүрлі зергерлік бұйымдар да жасалған. Олар алтын, мыс немесе қола сымнан бұрап, асыл тасты алқалары бар сырғалар жасалған. Соңғы үйсін кезеңінде зергерлік заттарға түсті тастардан көз салу кеңінен қолданылды. Сонымен қатар, тоқыма, жіп иіру, тері илеу, тастан, сүйектен бұйым жасау ісі дамыған.
Археологиялық ескерткіштері: Үйсін ескерткіштері қорымдар, обалар түрінде өте көптеп кездеседі. Мысалы: Қапшағай- 3, Өтеген-3, Қызыл еспе, Қызыл ауыз, Қызыл қайнар, Қарлақ, Алтын Емел, Қаратума, Алтын Емел, Талғар, Шолақжиде, Үңгіркөр, Қалқаман, Үңгір қара, Арал төбе, Ақтас обалары мен Луговое ауылының маңынан табылған қоныстар мен 2300 м. биіктіктегі тау шатқалынан табылған атақты “ Қарғалы диадемасы” мысал бола алады.
Қаңлылар б.д.д. 3-2 ғасырда үйсіндермен бір кезеңде сақтарды тарих сахнасынан ығыстырып, Қазақстанның оңтүстігінде үлкен тайпалық бірлестік құрды. Қаңлылардың ұлы билеушісіне бес иелік бағынышты болған. Территориясы: Қаратау жотасынан Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерді мекендеді. Қытай деректерінде халқының саны 600 мың немесе 120 мың үй делінген. Астанасы: Битянь қаласы.
Б.з.б. ІІ ғасырдың екінші жартысында қаңлылардың солтүстік жерлері ғұндарға, оңтүстігі – юечжилерге тәуелді болғаны туралы мәліметтер кездеседі. Б.з.б. 101 ж. Қаңлылар Қытай әскерлерінің басқыншылық шабуылына қарсы ферғаналықтарды жақтады. Б.з.б 85 ж. Шығыс Түркістан жерлерін иемденбекші болған қытайлықтарға қарсы көтеріліске шыққан Қашғар билеушісіне әскер жібереді. Мұндағы қаңлы саясатының жалпы бағыты Ферғана арқылы Шығыс Түркістанға өтетін сауда жолына ықпалын сақтап қалу еді.
Б.з.б 47-46 жж. каңлылардың билеушісі үйсіндерге қарсы күресте солтүстік ғұн шаньюі Чжи Чжимен одақтасқан. Оған өз қызын ұзатып, өз иеліктерінің шығыс шептерінен жер бөледі, өз әскерінің бір бөлігін оған басқаруға берген. Бірақ Чжи Чжи үйсін жерлеріне бірнеше рет шабқыншылық жасағанымен, оларды жеңіліске ұшырата алмайды. Соның нәтижесінде қаңлылар мен ғұндар арасында өзара келіспеушілік пайда болады.
Ү ғ. ортасында қаңлылардың күш-қуаты әлсіреп, Эфталит мемлекетінің құрамына енеді.