32. Тәтіқара ақынның өмірі, шығармашылығы Тәтіқара ақын (1705 – 1780) Тәтіқара (1705, қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданы – 1780, сонда) – ақын, жырау.
Шыққан тегі Найман тайпасының Тоғанас руының Ағанас тармағынан.
Абылай ханның ақылшысы ретінде біршама уақыт хан сарайында тұрған. Олжабай, Бөгенбай батырлардың қалмаққа қарсы жорықтарына қатысып, олардың ерлік істерін мадақтаған, толғауларында жауынгерлерді табандылыққа, төзімділікке үндеген. 1756 жылғы Цин империясы басқыншылары мен Абылай сарбаздары арасында өткен соғысты сипаттаған жалынды жырлары (“Қамыстың басы майда, түбі сайда”, “Кебеже қарын, кең құрсақ”, т.б.) Тәтіқара есімін халыққа кеңінен танытты. Өткір мінезді Тәтіқара ел билеген ханның осал жақтарын сынап, батыр-бектердің кемшін тұстарын беттеріне айтып отырған. “Кеше тоқыраулы судың бойында” атты толғауында ол “Ат құйрығын күзеңдер, Аллалап атқа мініңдер, Ханталау қылып алыңдар” деп халықты күреске шақырады. Бұдан кейін Абылай мен ақын арасы алшақтап, Тәтіқара сарайдан біржола қуылады. Жасы ұлғая келе жағдайы ауырлап, жоқшылық көреді. Алайда ақын қиыншылыққа мойымаған, ханға бас имеген.[1] Бұған көңілін сұрай келген билерге айтқан “Ассалаумағалейкум, жайсаңдар мен қасқалар” дейтін жыры дәлел.
Тәтіқара – Абылай ханның тұстасы. Қалмаққа қарсы жорыққа қатысып, сол жорықтарды жырлаған ақын. Шоқан Уалиханов Тәтіқараның кезінде ірі ақын болғандығын айта келіп, оны Абылай қолының жыршысы деп орынды ескертеді және Абылай қолының жаудан сасқан бір шағында айтқан Тәтіқара өлеңінің мазмұнын баяндап береді. Профессор Е. Ысмайылов та Бұхар мен Тәтіқараны өзі көрген жортуыл туралы жырлар шығарған эпик ақын деп санайды. «Ер Тарғын», «Қобыланды» жырларды оқиғаның куәсі болған Сыпыра жырау шығарып, ал онан соң Үмбетей, Тәтіқаралар жырлап таратуы ықтимал – дейді.
Академик Ә. Марғұланның ескертуі бойынша, Тәтіқара жырау – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады.
Тәтіқара Бөгенбай қолымен қалмаққа қарсы шабуылдарға қатысып, өзінің жалынды жырларымен күреске аттанған. Шайқастың нақ ортасында жүріп, халықтың көңілін көтеріп, жігерін оятып отырған. Мысалы, оның бір жыры «Қамыстың басы майда» деп басталады. "Әдебиет және Искусство” журналында 1946 жылы (7–8 сандары) жарияланған, бір өлеңінің шығу тарихы осындай. Ол қазақ қолының қысылшаң жағдайға ұрынған кезінде, жауынгерлердің ерлік намысын ояту ниетінде айтылған жалынды сөз:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Мұнда Тәтіқара қол бастаған батырлар ісін, олардың ерлік дәстүрін үлгі ете сөйлеп, қалың қолды ілгері ұмтылуға үндейді. Алдағы судан да, жаудан да тайынбай, батыл шабуылға бастайды. Қазақтың қайтпас батырларының аттарын атап, олардың өшпес даңқтарын үлгі етеді.