36. Қазтуған жыраудың өмірі және шығармашылығын кестеге түсіріңіз. Қазтуған Сүйінішұлы (XVII ғасыр) - мырза, батыр, жырау. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен айтулы жорық жырауы.
Қазтуған жырау ноғайдың Едисан ордасының билеушісі Сүйініш мырзаның ұлы. Сүйініш мырзаның Қазтуғаннан басқа Азамат және Әдіжі атты тағы екі ұлы болған. Оның арғы ата-бабалары Ноғай Ордасының билеушілері еді. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы Еділ бойында өмір сүрген, кейін Қобан жаққа өтіп кеткен. XVII ғасырдың екінші жартысында жазылған орыс деректерінде Сүйініш мырзаның аты жиі айтылады. Ресей мемлекеттік архивінің көне актілер жөніндегі бөлімінің «Ноғай істері» қорында Сүйініш мырзаның және ноғай ұлысының 1660 жылдарға дейінгі деректері сақталған. Қазтуғанның шежіресі былайша таратылады: Едіге би - Нұраддин - Уаққас - Мұса - Ысмайыл би - Дінбай би - Тінікей - Абдолла - Сүйініш - Қазтуған. Қазтуғанның есімі алғаш рет тарих беттерінде 1673 жылы аталады. Орыс деректерінде оның есімі Тоған деп көрсетілген. Осы жылы қалмақ билеушісі Аюке хан өзінің бірнеше тайшысымен бірге Астрахан басшыларының алдына барып, орыс-қалмақ келісіміне қол қойып, аманат сарайындағы ноғайдың жас мырзасын босатуды сұраған. Қалмақ тайшылары мұндай қадамға едисан ноғайларының мырзасы Сүйініштің сұрауы бойынша барған болатын. Олар Сүйініштің патша алдындағы абыройлы істерін еске салды. Алайда, бұл сұрақтың жауабын Астрахан билігі емес, Мәскеудегі патшаның өзі беру керек еді. Осы кезде іске қабардин кінәзі К.М. Черкасский араласып, соңғы шешімді ұлық патшаның өзі хабарлайтынын айтып, қалмақ делегациясын жылы шыраймен шығарып салады. Қазтуған 1696 жылы ұзақ жылдар бойы Қалмақ хандығына тәуелді болған Едисан ұлысын бастап, Еділ бойынан Қырым хандығына тиесілі Қобанға көшіп кетеді. Қазтуғанның есімі соңғы рет 1698 жылғы деректе аталады. Онда Едисан ордасының мырзалары Тоған мен Гидемирдің Қобанның сол жағалауында орын алған жұтқа байланысты Мәскеуге Бейшім аға бастаған елшілікті жібергені жазылған.
Қазтуған жырау жорық жыршысы және халық эпосын жасаушылардың бірі саналады. Артына әскери рухты, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейтін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған. Дегенмен, бізге жеткен жекелеген туындылары оның әдебиет тарихы төрінен орын алуға лайықты екенін айғақтайды. Оның поэзиясы жауынгерлердің көшпелі өмірін, көзқарасын суреттейді. Және олардың тұрмысын, айналадағы құлан таза табиғат туралы ойларын бейнелейді. Ақын-жыраудың қиялының жүйріктігі, өткірлігі, бай және әдемі көркемдік әдістері сол дәуірдегі көшпенділердің поэтикалық өнерінің жоғары деңгейде болғанын, сонымен бірге, өзіндік ерекшеліктері бар екенін білдіреді. Ұлттық бояуы жағынан айқын суреттелген, жасампаз романтикамен көркемдеген, нақылдық ой орамдары мен көркемдік тіркестерге бай. Қазтуған жырау өлеңдері көп ғасырлық өнер мектебі мен әдеби үлгі ретінде санамыздан орын алды.
Қазтуған жыраудың "Мадақ жыры", "Туған жермен қоштасу" сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халық жыраулары арқылы жеткен бірқатар толғаулары И.Березиннің "Түрік хрестоматиясында" (1862), Ғабдолла Мұштақтың 1910 жылы шыққан "Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары" жинағында, М.Мағауиннің "Алдаспан" кітабында (1970) жарияланды.
Жыраудың «Бұдырайған екі шекелі» толғауында әрі жырау, әрі батырға тән өз портретін өзі жасап, ұтымды да дәл метафоралық салыстырулар арқылы әсем көмкерген. Ал, «Алаң да алаң, алаң жұртта» халықтың туған мекен ? Еділін тастап, шу бойында алғаш хандық құрып, қоныс тебуі, тәуелсіз ел болу кезеңін меңзейді. Қазтуғанның туған жер, өскен елге деген махаббаты да кіршіксіз әрі шексіз. Ол «Кіндік кесіп, кір жуған» ата қоныс ? Еділдің дарқан байлығы мен шексіз де шетсіз қуатты мекен екенін сипаттау арқылы өз сүйіспендігін жайып салады. «Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жерді» суреттегенде, оның елге қорған, мықты тірек болғанын да ұмытпайды. «Белгілі биік биік көк сеңгір» жырынан жауынгер-жыраудың өмір жайлы тыныс-түсінігі айқын аңғарылады. Бұл аталған жырлар қазақ әдебиетінде өзінің мазмұны мен көркемдік сипаттары жағынан ғана емес, сыртқы түзілім-құрылыс тұрғысынан да ерекше дараланады.