Осы шақ. Осы шақ сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқанын білдіреді. Осы шақ болатын етістіктердің мағыналық белгісі сөйлеп тұрған кездегі іс-әрекетті және әр дайым қайталанып тұратын дағдылы іс-әрекетті білдіру болатындығына байланысты оның екі түрі болады. Осы белгісіне қарай нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ болып бөлінеді.
Нақ осы шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтте істеліп, болып жатқанын білдіреді. Нақ осы шақ етістіктің құрамына қарай жалаң және күрделі болып екіге бөлінеді.
а) Нақ осы шақтың жалаң түрі отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктерінің тікелей жіктік жалғауының толық түрімен жіктеледі. Отыр, тұр, жүр етістіктері нақ осы шақтағы дербес мағыналы етістіктер болғандықтан, жіктелуде екі морфемадан тұрады. Ал жат етістігінің түбір тұлғасы екі морфемадан жат+ыр тұратындықтан, жіктелуде оған жақ көрсеткіші жалғанып, үштік жүйемен жіктеледі. Нақ осы шақтың болымсыз түрі а) –ма,-ме болымсыздық жұрнағы арқылы; ә) отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктеріне -ған, -ген, -қан,-кен жұрнағы жалғанған түріне «жок» көмекші сөзінің тіркесіп келуі арқылы жасалады. Жіктік жалғау көмекші сөзге жалғанады.
ә) Нақ осы шақтың күрделі түрі етістіктің а, -е, -й, -ып, -іп, -п тұлғалы көсемше тұлғасындағы етістікке отыр, тұр, жатыр, жүр етістігінің мәнінде қолданылатын көмекші етістіктердің бірінің жіктеліп келіп тіркесуінен жасалады.
Ауыспалы осы шақ қимыл іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіреді. –а, -е, -й тұлғалы көсемшенің жіктелуі арқылы беріледі. Ауыспалы осы шақ мағынасын оқулықтарда –уде қосымшалары арқылы берілуі де көрсетіліп жүр. Мысалы, тұрмыс жақсаруда т.б. Ауыспалы осы шақ болымды түрде де, болымсыз түрде де қолданылады. Ауыспалы осы шақтың болымдылық мағынасы нөлдік жұрнақ арқылы жасалады. Болымсыз түрі –ма,-ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағының жіктік жалғауының алдында тұруы арқылы жасалады.
Келер шақ.Келер шақ қимыл, іс-әрекеттің әрі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін іске асатынын білдіреді де, мағыналық ерекшелік-теріне қарай үш түрге бөлінеді: Болжалды келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің болу мүмкіндігін айқын көрсетпей, болжай ғана айтылуын білдіреді. Болжалды келер шақтың болымды түрі етістіктің түбіріне есімшенің –ар, -ер, -р жұрнақтары жалғануынан, ал болымсыз түрі болымсыздық жұрнақтан кейін –с жұрнағының жалғануы арқылы және келер шақ етістігіне «емес» көмекші етістігінің тіркесінен жасалады.
Болжалды келер шақ–с жұрнағы арқылы жасалған болымсыз етістіктен жасалғанда, қимыл, іс-әрекеттің болмауын болжай, күмән келтіре айтудан, білдіруден гөрі жігерлі, үзілді-кесілді мән беруге бейім болады.
Мақсатты келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің келешекте мақсат етіле орындалатынын білдіреді. Мақсатты келер шақ етістіктің түбіріне 1) -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтары, одан кейін жіктік жалғауларының толық түрі жалғануы арқылы жасалады. Етістіктің –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтарының үстіне –шы, -ші жұрнағы жалғанып, жіктелуі арқылы да жасалады. Мақсатты келер шақтың болымсыз түрі -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек –шы, -ші тұлғалы етістікке емес көмекші етістігінің тіркесуімен де жасалады. Ондайда жіктік жалғау көмекші етістікке жалғанады. 2) Мақсатты келер шақ –ғалы отыр,-гелі жүр, -қалы тұр, -ғалы жатыр аналитикалық форманттары арқылы жасалып, қимылдың жасалу алдында, жасалайын деп тұрғанын білдіреді.
Ауыспалы келер шақ та ауыспалы осы шақ сияқты –а, -е, -й жұрнақты көсемшенің жіктеліп келуі арқылы жасалады. Сол сияқты түбір етістікке –атын,-етін,-йтын,-йтін жұрнақтары жалғанып жіктелуінен де ауыспалы келер шақ жасалады. Ауыспалы келер шақ пен ауыспалы осы шақ бір-бірімен сөйлемдегі мағынасы жағынан ажыратылады. Ауыспалы келер шақтың болымсыз түрі етістіктің - ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады.