Педагогикалық теория құрылымындағы ғылыми деректер. Әдіскер-тарихшылардың пайымдауынша, оқу үдерісінде оқушылар дерек, құбылыс, оқиға, үдеріс секілді категорияларға сүйене отырып, тарихи білім элементтерін меңгереді. Олар, әдетте оқиғаның мәнін ашады, оларды салыстырады.Әдіснама туралы әдебиет пен тарихқа қатысты ғылыми зерттеу әдістемесінде тарихи зерттеудің мәні мен орны сипатталады. Тарихи дерек-тарихи білімнің іргелі категориясы. Тарихи ғылымдар үшін дерек мәселесі салыстырмалы түрде жаңа болып табылады. Белгілі бір ғылыми категория ретінде «дерек» тек ХХ ғасырдың басында ойға алынды. ХІХ ғасыр тарихшылары дерек ұғымына тарихи деректерден алынған берік орныққан білімді белгіледі.
Сөйтіп, жоғарыда баяндалған тұжырымдарды педагогикалық жазықтыққа тасымалдайтын болсақ, ғылыми дерек біздің санамыздағы белгілі бір құбылыстың бейнесі болып табылады. Ол таным субъектісі мен нысанының түйіскен жерінде туып, ғылыми білім жүйесіне қосылады. Ғылыми деректер өзгереді, зерттеудің ауқымына, зерттеушінің қызығушылық көзқарасына байланысты пайда болады және жоғалады. Оларды таңдау зерттеушінің тұжырымдамалары және ғылыми тұғырнамасына байланысты. Егер эмпирикалық деңгейде алынған ғылыми деректер алға қойылған зерттеу мақсатының аясындағы ғылыми сипаттамасы болса, ол жүйені теориялық түйсіну оның ғылыми түсінігін береді.
Ғалымдардың пікірінше, психологиялық немесе педагогикалық дерек деп, жеке бірнеше рет немесе сенімді түрде тіркелген қоршаған ортаның әсері мен жеке тұлғаның даму факторын есептеуге болады. Дерек ретінде жалпылау ішіндегі жекелеген теориялар, тәрбиенің әртүрлі сатысындағы, әртүрлі тәрбие жүйесіндегі жалпылама инварианттар көрінуі мүмкін. Ғалымдардың есептеуінше, өмірде бар түсініктемелердің аясына сыймайтын деректердің жиналуына қарай жаңа теорияның шығуына қажеттілік туындайды.Мұнда ғалымдар ғылыми айналымға «бастапқы дерек» және «құнды дерек» ұғымдарын енгізіп, педагогикалық деректерді талдау мен ой елегінен өткізудің төмендегідей алгоритмін ұсынады. Бастапқы дерек өмірде бар, бірақ бізді қанағаттандырмайтын жағдайды тіркейді. Бастапқы педагогикалық деректерді талдап, бағаланғаннан кейін зерттеудің теориялық тұжырымдамасының негізгі ережелерін (постулатты, аксиоманы) айқындап, тіркеген дұрыс. Одан соң негізгі бастапқы деректі негізгі ереженің сүзгісінен өткізіп, оны басқаша (қалауы бойынша) өзгертуге тырысу керек. Мұнда бастапқы деректі құнды, қалаулы дерекке ауыстырудың механизмін, құралдары мен тәсілдерін іздестіру үдерісі жүреді. Осыдан қайта құру идеясы туады.
Барлық ғылыми мәліметтер негізгі дерек болып табылады, сондықтан ғылыми деректерді дәл бақылау мен эксперимент арқылы жинақтау қажет. Бірақ дерек бастапқы тұжырымдама тұрғысынан ғана ғылыми дерекке айналады. Сондықтан, орыс физиологы И.П. Павловтың «дерек-ғылымның ауасы» деуі заңды. Берілген тұжырымдаманы талдау деректер нысанының көкейкесті жағдайымен сәйкестендіріледі деген ойға алып келеді. Ондай жағдайда әңгіме нысанның көкейкесті жағдайын жасауға мүмкіндік беретін нақты деректер туралы болады. Тарихи зерттеулердегі секілді, ізденушілер бірінші кезекте педагогикалық оқиғалар, үдерістер туралы сенімді деректерді анықтау үшін түрлі дереккөздерге иек артады.
Ғалымдардың пікірінше, идеяның құралы ретінде оны іске асырудың құралы болып табылатын жабдықтар түсініледі, ол педагогикалық шындық нысанының мазмұны, құрылымы, қызметі, сол мақсатқа жетудің жолдары мен тәсілдері туралы болжамға алып келеді. Жаңа білім, жаңа теория болжам түрінде туып, дамиды. Сол болжам арқылы тұғырнамалық негіз, оны іске асыру идеясы мен ойы көрінеді.Әдіснамашылардың зерттеулері көрсеткендей, ғылыми болжам философтар мен логиктер белгілеген бірқатар талаптарға жауап беру керек: деректерге сәйкестік, тексеру мүмкіндігі, құбылыстарға қолдануға болатындығы, қарапайымдылық, т.б. аталғандарға көрінетіндей, болжамға қойылатын талаптардың ішінде оның дерекке сәйкестігі бірінші кезекте тұрады.
Сонымен, деректерді жинау, жалпылау, жүйелеу мен жіктеу зерттеу қорытындысында алынған нәтижелердің сенімділігіне, дәлдігіне қол жеткізуде маңызды орын алады.
Дерек категориясының ғылыми білімді ұйымдастыру формасы ретіндегі анықтамасымен келісуге болады: дерек (синонимі: оқиға, нәтиже). Ғылыми дерекке тіркелген, дәйектелген құбылыстар, оқиғалар, олардың қасиеттері, байланыстары мен қатынастары жатқызылады. Дерек ғылымның іргетасын құрайды. Деректердің жиынтығынсыз тиімді ғылыми теория құру мүмкін емес.
Ғылыми әдіснамадағы дерек – шындық болмыстағы оқиғалар мен құбылыстар туралы эмпирикалық білімдерді тіркеуші сөйлемдер. Ғылым танушылардың пайымдауынша, ғылымдағы дерктерді бөліп алу, іріктеу мен тексеру міндетті түрде эмпирикалық танымдық әрекеттермен, яғни бақылау, өлшеу мен сынақтан өткізу әдістерімен байланысты, сондай-ақ ғылыми білімдердің қандай да бір жүйесімен байланысты. Зерттеушілер ғылымда деректі бөліп алуға, қолдануға тексеруге негіз болатын бірқатар өлшемдерді атап көрсетеді:
- белгілі бір жағдайда деректі пайымдауға болады;
- әртүрлі тәсілдермен деректі тексеруге болады;
-деректі одан әрі зерттеу, танымның жаңа құралдары еңбек құралдарын жасау үшін іс жүзінде қолдану мүмкіндігі;
-ғылымда дерек идеалдандырудың ерекше түрі болып табылады.
Ол алғашқыда эмпирикалық зерттеуге лайық тар салада белгілі болады. Содан соң, соған ұқсас барлық қасиеттер, сипаттамалар мен құбылыстарды белгілі жағдайда дерек ретінде қарау ұсынылады. Ғалымдар деректер мен болжамдарды байланыста қарастырады. Олардың пікірінше, ғылымда болжам жасауға көп жағдайда ғылымға белгілі заңдар мен теориялардың көмегімен түсіндіруге келмейтін жаңа деректер пайда болғанда иек артады. Ғылымда жаңа деректер пайда болса, ғалымдар ең алдымен белгілі ғылыми білімдермен сәйкестендіруге тырысады. Сөйтіп, жаңа деректер ғана емес, соған қатысты білімдер жүйесі де тексеріліп нақтыланады. Ғалымдар көбінесе басқа жағдайдың орын алатынын жоққа шығармайды: жан-жақты зерттеуден кейін жаңа деректердің басқа салаға қатыстылығы мен басқа табиғи қырлары ашылады. Оны түсіндірудің басқа әдістерін іздеуге тура келеді. Осындай ізденістің басты құралы болжам болып табылады.
Дерек педагогикалық теорияның да өзегі болып табылатыны жалпыға белгілі. Соңғы уақытта ғалымдар құрылымында педагогикалық деректеме ілімі (фактология) маңызды орын алатын педагогикалық жүйелеу ілімінің мазмұнын айқындап, белгілеуде. Олардың анықтауынша, педагогикалық деректеме ілімі эмпирикалық деректерді сипаттау мен талдау туралы, нақты педагогикалық актілердің (әрекеттің) адамға – оның мінез-құлқына, қарым-қатынасына, құндылық бағдарларына ықпалы туралы білім жүйесі.
Кез-келген ғылыми зерттеу деректі жинау, жүйелеу мен жалпылауда басталады. Ғылыми деректі ғалымдар эмпирикалық және теориялық танымның өзара қатынасы аясында қарастырады. Ғылым әдіснамасында – ғылыми таным дегеніміз – үдеріс, яғни екі негізгі деңгейден – эмпирикалық және танымдық деңгейден тұратын дамушы білімдер жүйесі. Эмпирикалық деңгейде тірі табиғи шығармашылық басым болады, сондықтан зерттелуші нысана негізінен сезімдік таным арқылы қол жеткізілетін және ішкі қарым-қатынастарды бейнелейтін ішкі байланыстар мен көріністер арқылы бейнеленеді. Эмпирикалыққа тән басты белгілер – деректер жинау, оларды алғашқы жалпылау, бақыланған және сынақтан өткен мәліметтерді сипаттау, оларды жүйелеу, жіктеу және басқа да деректерді тіркеу әрекеті. Эмпирикалық зерттеу тікелей нысанаға бағытталады, оларды салыстыру, өлшеу, сынақтан өткізу, талдау, байқау әдістері мен құралдарының көмегімен меңгереді, ал олардың ең маңызды элементі дерек болып табылады.