47. Қазақстан – Екінші дүниежүзіліс соғыс жылдарындағы майдан арсеналы 1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатынасты. Соғыстың басталуы және оның сипаты туралы тарихи деректерге сүйенетін болсақ: Шабуыл жасаспау туралы (1939 ж. 23 тамыз) Кеңес Одағымен жасаған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді.
1940 жылдың орта кезеңінде-ақ (18 желтоқсан) Гитлер КСРО-ға басып кірудің «Барборосса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспарын жасауға кіріскен болатын. Бұл жоспар бойынша фашистік Германия мен оның қол шоқпарларының құрлықтағы, әуедегі және соғыс теңіз күштері КСРО-ға бір мезгілде шабуыл жасайтын болды. Бұл жоспардың басты мақсаты қысқа мерзім ішінде (3-4 ай), «қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде (қараша) аяқтау тиіс еді. Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.
Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Маншүк Мәметова: "Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін«,— деп әскери комитетке өтініш берді. Қазақстаннан соғыс майдандарында 100-ге жуық ақындар мен жазушылар шайқасқан. Республика бойынша 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті. Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 жеке атқыштар бригадасы 30-дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. В. Панфилов болды. Армия қатарына 1196164 (1196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.
Соғыстың сипаты — Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды. Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 млн астам адамдары соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы (400 мың) қазақстандықтар. Міне, осылай Кеңес халқы мен оның Қарулы күштері бұдан 69 жылдан астам бұрын адам баласының қас жауы фашизмді осылай талқандады. КСРО-ның Ұлы Отан соғысында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалды, Европа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды. Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлер да, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын, халқын жырлаған ақындар айтарлықтай болды.