№4(56)/2009 Серия история. Философия. Право


ШƏКƏРІМ  ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ  БАСТЫ  ФИЛОСОФИЯЛЫҚ  МƏСЕЛЕЛЕРІ



Pdf көрінісі
бет19/39
Дата22.12.2016
өлшемі6,1 Mb.
#151
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   39

ШƏКƏРІМ  ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ  БАСТЫ  ФИЛОСОФИЯЛЫҚ  МƏСЕЛЕЛЕРІ 
В  статье  рассматриваются  поднятые  в  произведениях  Ш.Кудайбердиева  важнейшие 
философские проблемы. Автор подчеркивает особенность и своеобразие творчества великого 
мыслителя.  
Pecularity and distinguishing feature of important philosophical problems in scientific work of 
scholar is considered in the article which is named «Basic philosophical problems of Shakarym’s 
world outlook». Also in given article author indicates on uniqueness in history of philosophy’s basic 
philosophical problems in studies of different scholars. Pecularity of basic philosophical problems in 
Sh.Kudaiberdiev’s world outlook is comprehended by author through prism of given work. It empha-
sizes uniqueness problems of scholar, which stay valuable and important on replacement of period of 
humanity. 
 
Философиялық  дүниетанымды  құрайтын  негізгі  философиялық  сұрақтар  болуы  тиіс.  Бұл 
сұрақтарды кейде философияның басты мəселесі деп жатамыз. Бірақ философияның басты сұрақтары 
шектеулі  емес.  Əлемде  қаншама  құпия  сыр  болса,  сонша  сұрақ  болуы  тиіс.  Шəкəрімнің  де  өз 
философиясының  сұрақтары  бар.  Шəкəрім  дүниетанымының  кеңістігі  қандай  философиялық 
сұрақтарды  қамтиды?  Бұл  жайында  айтпас  бұрын  философияның  басты  мəселесі  деген  сұраққа 
қысқаша тоқтала кетейік. 
Философияның  басты  мəселесі  деген  сұрақ  өте  кең  ауқымды,  əрі  қарама-қайшылыққа  толы. 
Оның  негізгі  қиыншылық  тудыратын  тұсы  философияның  зерттеу  объектісінің  тым 
ауқымдылығымен  байланысты.  Қазір  философия  туралы  оқулықтарды,  ол  жайындағы  əдістемелік 
құралдарды  қарайтын  болсақ,  философияның  зерттеу  мəселелерінің  ауқымдылығы  сондай,  оның  өз 
ішінде  бағыт-бағдарларына, мəселелерінің  кеңістігіне қарай бірнеше бағытқа  бөліп қарастыру орын 
алғандығына көз жеткіземіз. Əлеуметтік философия, философиялық антропология, онтология, таным 
теориясы сияқты бірнеше салаға бөлінеді. Бірақ бұның барлығы да «философия» деген жалпы ортақ 
ұғымның  аясына  енеді.  Сондықтан  философия  мəселелерінің  өмір  сүру  кеңістігінің  осыншама 
ауқымдылығын  аңғара  отырып,  оның  басты  мəселесі  туралы  айтудың  өзі  қиындық  тудыратыны 
заңдылық. Мəселен, əлеуметтік философияда қоғам, қоғамдық қатынастар, əлеуметтік даму, адамның 
қоғам  өміріндегі  ролі  туралы  сұрақтар  негізгі  орынға  қойылса,  философиялық  антропологияда  ең 
негізгі  орында  адам  жəне  оның  болмысы,  ал  таным  теориясында  ойлау  мен  болмыстың  қатынасы, 
ақиқат,  ойлаудың  əдістемелері,  формалары,  ғылым  əдістемелері  негізгі  орында  болса,  онтология 
бүкіл əлем болмысы, оның жаратылысы мен басты себептері туралы мəселелерді қамтиды. Бұлардың 
бірін философияның маңызды немесе басқасын екінші кезектегі мəселелесі деп қарастыра алмаймыз. 
Бұлардың  барлығы  да  философияның  негізгі  мəселесі  болуға  тұрарлық  сұрақтар.  Олай  болса,  бір 
ойшылды  философ  немесе  келесі  ойшылды  философ  емес  деп  қарастырудың  өзі  ағаттық  болар  еді. 
«Бұл  нені  білдіреді?»  деген  сұрақ  туындайды.  Философия  тарихына  көз  жүгіртсек,  сонау  көне 
заманда  шығыс  жəне  батыс  елдерінде  философия  жеке  адамның  ой  кешуі  ретінде  дүниеге 
келгендігіне  көз  жеткіземіз.  Адамзаттың  философиялық  ой  кешу  тарихына  көз  жүгірте  отырып, 
алғашқы  философиялық  ой  кешулердің  өзі  коллективті  ойлаудан  жеке  ойлаудың  бөлініп  шыққан 
тұсымен тұспа-тұс келеді. Олай болса, философияның өзі пайда болу тарихында көпшілік ойлаумен 
емес жеке ойлаумен тікелей байланысты екендігін көруге болады. Сондықтан философияның басты 
мəселесі  осы  жекелеген  ойшылдардың  шығармашылығында  өз  орнын  тауып  дамып  отырған.  Бірақ 
бұл мəселелер барлық ойшылда бірдей емес. Ендеше, философияның басты мəселесі  дегенде, оның 

136 
əр ойшылдың философиясының басты мəселесі екендігін ұғынуымыз қажет. Кейін белгілі бір ортақ 
мəселелермен айналысатын ойшылдар топтары пайда болып немесе белгілі бір мəселе ойшылдардың 
айналып  өте  алмаған  мəселесіне  айналуына  байланысты  сол  мəселелер  негізгі  мəселелер  ретінде 
көрініс  берген.  Бұған  көне  заманнан  бастап  ХХ  ғасырға  дейінгі  аралықтағы  ойшылдардың 
шығармашылығын  мысалға  алсақ  жеткілікті.  Мəселен,  көне  грек  ойшылы  Фалес,  Анаксимен, 
Анаксимандр,  Гераклит,  Демокрит  сияқты  ойшылдар  өз  философиясының  басты  мəселесі  ретінде 
дүниенің алғашқы бастамасы туралы сұрақты негізгі орынға қойса, кейін Сократ өз философиясының 
басты мəселесі ретінде адам туралы сұрақты басты негізге алады. Аристотель мен Платонның да өз 
философияларының  негізгі  мəселелері  бар.  Кейінгі  заман  ойшылдарына  келсек,  жаңа  заман 
ойшылдары  өз  философиясының  басты  мəселелері  ретінде  қоғам,  адам  туралы  сұрақтарды 
қарастырған.  Ал  ХХ  ғасыр  ойшылы  А.Камю  болса, «Өмір  сүруге  тұрады  ма,  əлде  жоқ  па?»  деген 
сұрақты қойып, бұны шешу — философияның ең негізгі сұрағы, қалғандары екінші кезектегі мəселе 
деп тұжырымдаған 
1. Көне шығыс ойшылдарына келсек, оларда да дəл осындай жағдай. Олардың 
əрқайсысы философиясының басты мəселесі ретінде ортақ проблеманы алмаған. Мəселен, Конфуций 
қоғам  ондағы  адамдардың  міндеті,  парызы  туралы  мəселені  өз  философиясының  негізгі  сұрағы 
ретінде алып, одан адамзаттық деңгейдегі ілім қалыптастыра білген. Лао Цзының философиясының 
басты мəселесі бұдан сəл өзгеше болып келеді. Ал испан ойшылы Хосе Ортега-и-Гассет «Философия 
дегеніміз не?» деген еңбегінде философияның басты мəселесі универсумды тану деп ой түйеді 
2. Ал 
М.Хайдеггердің  ойынша, «мына  əлем  не  үшін  бар,  неліктен  керісінше  емес?»  деген  сұрақ 
метафизиканың  басты  мəселелерінің  бірі» 
3.  Бұлардың  бəріне  қарай  отырып  ұғатынымыз 
философияның  басты  мəселесі  туралы  сұрақта  əр  ойшылдың  өзіндік  сұрақпен  келгендігіне  көз 
жеткіземіз. 
Адамзат жекелеген ойшылдардан ғана құралмайды. Белгілі бір ойшылдың шығармашылығы ол 
өмір  сүргеннен  кейінгі  замандарда  маңызды  деңгейге  қайта  көтеріліп,  олардың  жақтастары,  сол 
ілімдерді жалғастырушылар пайда болады. Кейін бұлар белгілі бір ұстанымға негізделген ағымдарға 
айналып  отырған.  Мəселен,  Платонның  ілімі  ол  өмір  сүрген  заманнан  бірнеше  ғасырдан  кейін 
неоплатонизм,  Канттың  ілімі — неокантианство,  Маркстің  ілімі  марксизм  деген  атаумен 
дамығандығын  тарихтан  көруге  болады.  Сондықтан  бұл  белгілі  бір  ағымның  немесе  ұстанымның 
жақтастарының  арасында  қарама-қайшылық  туындауы  заңды  құбылыс.  Философияның  мəселелерін 
қарастыруда да бұларда көзқарас алшақтығы бола беруі мүмкін. Бірақ соған қарап, мынау философия 
немесе  мына  мəселе  философиялық  емес  деп  айтуға  болмайды.  Қазіргі  көптеген  еуропоцентристік 
философияны  зерттеуші-ғалымдар  тарапынан  қазақта  философия  болмаған  деген  пікірлердің 
қалыптасуы  осындай  жағдайларға  байланысты.  Олар  өздері  сусындаған  философиялық  арналардың 
аясынан  шыға  алмай  қалып  жатуы  да  мүмкін  ғой.  Олар  үшін  сол  Еуропа  философиясында  негізгі 
ойлаудың  проблемасына  айналып,  кейін  оларды  шешуде  біршама  жетістікке  жеткен  сұрақтар  ғана 
философияға  жақын,  қалғандары  алшақ  болып  көріне  беруі  мүмкін.  Бұны  көзқарас  алшақтығы  деп 
қана  түсіну  керек.  Əйтпесе  философияның  басты  мəселесі  мынау  ғана  деп  түптеп  көрсету 
біржақтылық болар еді. Бұның басты себебі — философияның проблемаларының ауқымдылығында. 
Қазақ 
ойшылдары 
еуропа 
ойшылдары 
айналысқан 
белгілі 
бір 
категорияларды 
өз 
шығармашылығында  маңызды  мəселе  ретінде  көтермеді  екен  деп  оларды  философ  емес  деп  қарау 
ағаттық  болар  еді.  Абайды,  Шəкəрімді  философ  емес,  қазақта  философия  жоқ  деп  дау  айтындарға 
біздің  қоятын  жалғыз-ақ  сұрағымыз  бар.  Тек  олар  сол  сұраққа  жауап  бере  алған  болса,  біз  онда 
олардың пікірін қабылдауға дайынбыз дер едік. Ол сұрақ мынандай: «философия немен айналыспауы 
керек?».  Философияның  немен  айналыспауын  анықтасақ,  онда  философияның  тек  қана  айналысуы 
тиіс басты сұрақтары анықталар еді. Бірақ бұған əзірше мүмкіндік жоқ. Біз бұған жауап жоқ дер едік. 
Бұған  тек  белгілі  бір  ұстанымдар,  қағидаларды  берік  ұстанған  адамдар  ғана  біржақты  жауап  беруі 
мүмкін. Бірақ олардың пікірінің абсолютті екендігі де күмəнді. 
Сондықтан  белгілі  бір  халықтың  дүниетанымын,  ойлау  жүйесін,  философиялық  түсініктерін 
теріске  шығара  салу  іске  аспайтын  шаруа.  Мəселе  тағы  да  философияның  басты  мəселесіне  келіп 
тіреледі.  Егер  «Шəкəрім  философ  па,  философ  емес  пе?»  деген  сұрақ  туындайтын  болса,  ол 
түсінбестік  деп  қана  ұғу  керек.  Белгілі  бір  философиялық  жүйенің  қағидалары  арқылы  ол  жүйеге 
қатысы  жоқ  ойшылдарды  сол  жүйенің  тарапынан  бағамдау  біржақтылық  болады  дер  едік.  Шын 
мəнінде  əр  ойшылдың  философиялық  дүниетанымын  бағамдауда  оның  өзі  көтерген  мəселелерінен, 
ойшылдың жан дүниесін тебіренткен сұрақтардан бастаған жөн. Бұл кез келген ойшылдың өзіне тəн 
ойлау  мəдениеті  мен  философиялық  ойының  шыққан  биігін  аңғаруға  апаратын  тура  жол  болып 
саналады. Біздің айтпағымыз дəл осылай қазақ ойшылдарының шығармашылығын еуропоцентристік 

137 
көзқарастардан  ада,  олардың  өзі  көтерген  басты  сұрақтары  арқылы  зерделеу  қажет.  Қазақ 
философиясының  өзіндік  ұғымдар  мен  түсініктер  жүйесін  олардан  алшақ  кептей  отырып  зерттеп, 
оған  баға  берген  дұрыс.  Біз  де  Шəкəрім  Құдайбердіұлының  дүниетанымының  философиялық 
кеңістігін  оның  дүниетанымының  өзіне  тəн  басты  сұрақтарының  болғандығын  көрсетуден 
бастағанды жөн көрдік. 
Жоғарыда  айтып  өткенімізге  сай  бағамдар  болсақ,  Шəкəрімнің  дүниетанымдық  кеңістігін 
зерделеу  үшін  оның  көтерген  философиялық  мəселелеріне  тоқталған  жөн.  Бұл  жалпы  Шəкəрім 
дүниетанымының  ғана  мəселесі  емес,  жалпы  адамзаттық  мəселелер  десе  де  болады.  Бірақ  дəл  осы 
мəселелерді 
Шəкəрім 
өз 
философиясының 
негізгі 
сұрақтары 
ретінде 
көтеріп, 
оны 
шығармашылығының бүкіл өне бойында алға тартып, шешуге тырысқан. Бұл қандай мəселелер еді. 
Енді соған тоқталайық. 
Шəкəрім  шығармаларын  басынан  соңына  дейін  оқып  отырғанда  біз  үнемі  оның  белгілі  бір 
дүниетанымдық  сұрақтардың  айналасында  ой  қозғайтындығын  аңғарамыз.  Оның  өлеңдері  не  осы 
сұрақтардың  қойылуынан  немесе  оған  берген  ойшылдың  жауаптарымен  мазмұндалады.  Шəкəрім 
өзінің философиялық трактаты «Үш анықта» да əлгі сұрақтардың айналасында ізденуді басты мақсат 
тұтады [4]. 
Шəкəрім  тек  қазақ  философиясына  ғана  тəн  емес  бүкіл  адамзаттың  əлі  күнге  дейінгі  маңызды 
болып  келе  жатқан  кеңістігі  ауқымды  сұрақтарды  көтереді.  Оның  көтерген  философиялық, 
дүниетанымдық  мəселелері  тұтастай  адамзаттың  өмірін  қамтитын  сұрақ  болғандықтан,  ойшылдың 
дүниетанымы  да  белгілі  бір  ұлттың  немесе  халықтың  дүниетанымының  аясында  шектелмей,  бүкіл 
адамзаттық деңдейге ұласып жатады. Ол қандай сұрақтар еді? 
Шəкəрімнің өмір бойы рухани ізденісінің тірегі болған сұрақтар адамзат баласының жəне мына 
тіршілік  əлемінің  қайдан  жаратылғандығы,  өлген  соң  оның  қайда  барып  оралатындығы,  сонымен 
қатар  осы  екеуінің  арасындағы  уақыт  адамның  ғұмырының  мақсаты  неде  екендігі  туралы  болып 
келеді. Міне, бұл сұрақтар Шəкəрімнің философиялық дүниетанымының ең басты сұрақтары болып 
саналады. Ол бар ғұмырын осы сұрақтардың шешуін іздеу үшін ғылым жолында сарп еткен. Өзінің 
бір өлеңінде 
Талайдан бар бір ой менде, 
Бұл əлемді жаратқан не? 
Жоғала ма жан өлгенде, 
Түзу жол істер іс қалай? [5], 
—  деп  өзінің  басты  мақсатын  ашып  көрсетеді.  Осы  сұрақтарды  ескерусіз  қалдыруды  Шəкəрімнің 
адам баласының өзін-өзі ұмыт қалдыруымен тең деп санағандығын айта кету керек. 
Неден бармын? Не қылған жөн? 
Жоғалама жан өлген соң? 
Бұл үш ойды елемеген, 
Талапсыз, ойсыз, есер, бəңгі-ай! [5; 195]. 
Шəкəрім үшін бұл басты сұрақтарды ескермеу, ойсыздық, есерлік, талапсыздық болып саналмақ. 
Жоғарыда  бұл  сұрақтар  Шəкəрімнің  барлық  шығармашылығының  өне  бойынан  көрініс  табады 
деп айттық. Ол өзінің «Көңіл» атты өлеңінде аталмыш сұрақтарға тағы да қайтып оралады. 
Келдім қайдан, барам қайда? 
Не қылғаным болар пайда? 
Қалам ба мола боп сайда? 
Деген ой тырнаған көңіл! 
Жиырма жыл жүректі тесіп, 
Бір олай, бір бұлай десіп, 
Алынғанша анық шешіп, 
Тынымдап тынбаған, көңіл! [5; 198]. 
Бұл, ойлап қарасақ, өмірге ойдың көзімен қарайтын кез келген адамды толғандыратын сұрақ. Əр 
адам  өз  өміріне  оның  мақсатының  неде  екендігін  ойланғанда  аталмыш  сұрақтар  оның  алдынан 
шығуы  тиіс.  Бұл  сұрақтар  тек  Шəкəрімнің  сұрақтары  емес,  ойшыл  бұл  мəселелерге  қарапайым 
адаммен  салыстырғанда  ғылыми  тұрғыдан  келген.  Басты  мəселе  Шəкəрімнің  мақсатында  болып 
отыр.  Біз,  гуманитарлық  сала  немесе  философия  саласының  мамандары,  бұл  сұраққа  жиі  кезігеміз. 
Бізден  Шəкəрімнің  айырмашылығы  сонда,  ол  бұл  сұрақтардың  айналасында  ізденгенде  басқаша 
мақсат  қояды.  Мəселен,  қазіргі  ғылым  саласындағы  біздер  аталмыш  мəселелер  туралы  ізденгенде 
дəріс оқу үшін немесе мақала  жазу үшін, ал  студенттер қауымы болса, семинар сабақтарына жауап 

138 
беру үшін, емтихан тапсыру үшін ізденеді. Біздің ізденісіміз осы мақсаттарға қол жеткізгенде тоқтап 
қала беруі мүмкін. Ал «Шəкəрім не үшін ізденді?» деген сұрақ туындайды. Оның мақсұты алыс. Ол 
бұл  сұрақтарды  өмірінің  соңғы  сəтіне  дейін  ойланып,  ізденіс  жасап  өтті.  Оның  мақсаты  біздікімен 
салыстырғанда  терең,  əрі  онда  бір  жанкештілік  байқалмайды  ма.  Шəкəрімнің  ойшыл  ретіндегі  бір 
ерекшелігі осында. 
Шəкəрім  келдім  қайдан,  барам  қайда  дегенде  ол  жан  туралы  айтып  отырғандығын  ескеруіміз 
керек.  Өйткені  адам  осы  дүниеге  келгенде  оның  жаны  денеге  енеді,  кетерде  денені  тастап  кетеді. 
Дене  осы  дүниенікі.  Ал  келіп-кету — жанның  ісі.  Сондықтан  бар  құпия  жанның  жұмбағына  келіп 
тіреледі.  Бізді  келген  жағымызбен  жəне  қайтатын  жағымызбен  байланыстыратын  осы — жан. 
Сондықтан ол жақты тану үшін жан туралы ойланған дұрыс. 
Шынды білмек ойласаң сен, 
Алдыменен жанды біл. 
Ең керекті үш сұрақпен 
Жан құлағын қой бұрап. 
Келдім қайдан, қайтсе пайдам, 
Өлгеннен соң не болам? 
Мен деген жан-ақыл айнам, 
Жоғала ма сол шын-ақ? [5; 205]. 
Жоғарыда өзі көтерген сұрақтарға ойшыл жауап таппаған десек, қателескен болар едік. Ол бұл 
сұрақтарға біршама жауап тауып, ойшыл өзінің даналық ой-толғамдарында қалдырған. 
Бүгін тауып тілегенді, 
Хақиқатқа көңіл сенді. 
Қуанып, түрленіп енді, 
Бозторғай шырлаған көңіл! — 
деп ойшылдың ізденістер нəтижесіне қол жеткізген сəтінде осылайша шырқайтыны да бар [4; 198]. 
Шəкəрім  өзінің  келдім  қайдан,  барам  қайда  деген  сұрақтарына  отыз  жылдан  астам  ізденісінің 
нəтижесінде туған «Үш анық» трактатында да біршама жауап берген.  
Шəкəрім  түсінген  басты  ақиқат  адам  баласы  үшін  мына  пəни  дүниесі  бұрыннан  бар  болып 
табылмайды. Мəселе оның бұған келгендігінде жəне кететіндігінде болып тұр. Ендігі мəселе Шəкəрім 
үшін  адам  баласының  қайдан  келгендігінде  жəне  қайда  баратындығында.  Яғни,  Шəкəрім  бұл 
дүниенің  сұрақтарынан  шығып  кетіп,  бұған  дейінгі  жəне  бұдан  кейінгі  мəселе  туралы  қозғап  отыр. 
Сонда  адамның  тұрақты  мекені,  немесе  үйі,  қайда?  Шəкəрім  сол  жағын  ойланып  отыр.  Ол  бұл 
туралы «Қайтқан шал» өлеңінде де тағы да ой қозғайды. Бұл дүниені осы өлеңінде ойшыл сан алуан 
керуендер келіп-кетіп жатқан кең сарайға теңеп, өзінің шын үйінің қайда екендігі туралы ойланады. 
Мен де жүрмін ел жүрген сол сарайда, 
Тамағым тоқ, қайғы жоқ, төсек майда. 
Аздан кейін азайды жолдас сиреп, 
Кетіп жатыр, білмеймін, əлдеқайда. 
Мен қызыққа айналдым үйді ойламай, 
Тұрған сайын құмар боп мейрім қанбай. 
Жолдасымды іздемек болдым бір күн, 
Жалғыз қалсам болам деп əлде қандай [5; 71]. 
Адам баласы бұл дүниеге келеді, кетеді. Ол пəни дүниесі үшін аз күн қонақ. Пəни дүниесі оның 
тұрақты  өз  үйі  емес.  Мəселенің  бəрі  осында.  Ал  Шəкəрім  адам  баласының  тұрақты  үйі  туралы  ой 
қозғап отыр. 
Мен бір қонақ, кеттім ғой біраз қонып, 
Қайтатұғын қалыпты мезгіл болып. 
Осы қонақ қайда деп сынға алмаңыз, 
Тəуір деп-ақ айта сал, оймен жорып [5; 72]. 
Шəкəрім  адамның  бұл  дүниеге  аз  күн  қонақ  екенін  қайталап  айтып  отырған  жоқ,  ол  адамның 
баратын мекені туралы ойланады. Сол туралы тұспалайды. 
Əлім келсе, қонбаймын үйге жетпей, 
Тура апарсын құдайым тентіретпей. 
Енді болды еліме қайтар кезім, 
Жүруші едім сіздерді қиып кетпей. 
Мен келгелі көп болды, бұ да жетер, 

139 
Жата берсе қонақтан қадір кетер, 
Қайтқанымда жарайды қаңғи бермей, 
Асқа тоймас антұрған болмай бекер. 
Ас аяды демеймін сізді менен, 
Кем қылмай-ақ сыйладың ештемеден. 
Шыққан жерім, шын үйім ойға түсіп, 
Мезгіл толып қалған соң қайтамын мен [5; 72,73]. 
Шəкəрім  жоғарыда  айтқан  келген  жақты  жəне  баратын  жақты  «шыққан  жерім,  шын  үйім»  деп 
отыр. Олай болса біздің көз жеткізетініміз ол екеуінің бір екендігі. Яғни адамның келетін жағы жəне 
баратын жағы біреу-ақ деп отыр, жəне ойшыл оны шын үйім, адамның шын мекені деп түсіндіреді. 
Бұл  туралы  ойлану  керек.  Олай  болса,  біз  не  үшін  өзімізге  мына  жалған  мекенге  тəн  тұрақ,  тиянақ 
іздейміз? 
Тиянақ көрме жалғанды, 
Қуа берме арманды. 
Пайғамбар мен сахаба, 
Сен түгіл содан қалғанды 
«Құтырмай енді тек отыр. 
Күнəңə уайым жеп отыр. 
Алдыңда кірер жерің тап. 
«А, тоба оңда», — деп отыр. 
Есің барда елің тап, 
Барғанда кірер жерің тап. 
Жаратқанның құлысың, 
Жағатұғын ебін тап» [5; 83,84]. 
Шəкəрім баратын үйіңді ойла деп отыр емес пе. Ол адамның келген жəне кететін жағын адамның 
шын  үйі  деп  санаған.  Ол  бұл  сұрақтар  төңірегінде  өте  көп  ойлар  қалдырған.  Біз  жоғарыдағы 
өлеңдерді  сөзімізге  тиянақ  ретінде  пайдаланып,  ойшылдың  өзінің  басты  сұрақтары  төңірегіндегі 
ізденісіне байланысты көзқарастарын көрсетуге тырыстық. 
Ендігі  басты  мəселе,  Шəкəрім  қойған  ортадағы  мəселе — келу  мен  кетудің  ортасындағы  не 
етсем  пайда  деген  сұрақтың  ойшылдың  шығармашылығындағы  маңызына  тоқтала  кетейік.  Адам 
баласының келген жағы жəне ертең баратын жағы туралы ойлануды Абай атамыз ең басты мақсұтым 
деп  санаған.  Абай  атамыз  оны  ол  лə  мəкəн  (Алланың  мекені  немесе  адам  баласының  келген  жəне 
баратын жағы) дейді. Абайдың ойынша, бұл адамның келген жəне баратын жағы. Абай атамыз: «Түп 
иесін  көксемей  бола  ма  екен  жəне  оған  қайтпақсың  оны  ойламай,  өзге  мақсат  көңілге  тола  ма 
екен», — деп толғанады. Олай болса, ойшылдың ойынша, өзге мақсаттар көңілге толымсыз. Көңілге 
толымды  мақсат  ол — лə  мəкəнді  ойлау.  Бұның  өзі  Абай  мен  Шəкəрімнің  философиясының  басты 
мəселелерінің үндес екендігін көрсетеді. 
«Не  етсем  пайдам?» — дейді  Шəкəрім.  Бұл  Шəкəрімнің  ғана  сұрағы  емес,  барша  адамзат 
баласына  ортақ  сұрақ.  Бұл  адамның  келу  мен  кетуінің  арасындағы  ғұмырының  ең  негізгі  мақсаты 
турасындағы сұрақ. Адам өмірінің мақсаты неде? Не істесе адам пайда келтіреді? Осы сұрақтардың 
айналасында Шəкəрім үлкен ізденістер жасаған. Жер бетіндегі əрбір тіршілік иесінің, өсімдіктердің, 
жан-жануарлардың  белгілі  бір  мақсаты  бар.  Барлығы  ортақ  табиғаттың  заңдарына  мойынұсынып 
тіршілік  етуде.  Осындағы  адам  баласының  орны  қандай?  Ол  не  істей  алады?  Оның  басты  қызметі 
неде? Адамдардың арасындағы күншілдік, соғыс атаулы қайдан пайда болды? Міне, бұл сұрақтарды 
түсіну үшін адамның ең негізгі мақсатын айқындау керек. 
Ең  алдымен  жоғарыда  айтқанымыздай,  Шəкəрім  үшін  мына  дүние — адам  баласының  шын 
мекені, өз үйі емес, ол оған келген жəне ол одан кетеді. Бұны түсініп алу — басты міндет. Олай болса 
тұрақсыз, қысқа, жалған ғұмырда адам не істеу керек? Не болмаса адамның қандай ісін уақыт ақтап 
алады? Бұл турасында Шəкəрім ауқымды ойлар қалдырған. 
Кейінгіге сəлем айт біз байғұстан, 
Бұл сарайда көп екен бізге дұспан. 
Қызықтырып, қыздырып алдайды екен, 
Біреуі іштен болады, бірі тыстан [5; 73]. 
Шəкəрім  бұл  ғұмырда  адамға  дұшпан  көп  дейді.  Бірі — адамның  ішкі  нəпсісі,  екіншісі — 
сыртқы  жылтырақ  дүние.  Бұлардың  бəрі — осы  тіршілікке  тəн  адамның  құмарлықтары.  Бірақ 
Шəкəрім  оларды  дұшпан  дейді.  Себебі  олар  адамның  жолаушы  екендігін,  қонақ  екендігін 
ұмыттырып,  барынша  осы  дүниеге  байланып  қалуға  ықпал  етеді.  Міне,  олардың  басты 

140 
дұшпандығының  мəні  осында.  Шəкəрім  өзінің  мəнді  сөздерінің  бірінде: «Бұл  дүниеде  сыры  өзімен 
бірге  көмілетін  адам  бар  ма  екен  өзі», —дейді.  Яғни  ондағысы  адам  баласы  бұл  дүниеге  сырын 
ұрлатады, тонатады дегені. Сөйтіп, адам ұттым деп дүниенің қамын толтырып жүргенде ұтылғанын 
білмей қалады. Соны ұғу керек. 
Ұтқызған боп алады өзіңді ұтып, 
Байқамайсың қойғанын бітеу жұтып. 
Қыздырып қызығына алдандырса, 
Кетесің біржолата үйді ұмытып. 
Кейде тегін береді, кейде бұлдап, 
Мінезі жел қайықтай тұр бұлтылдап. 
Бұл күнде жүз түрленіп, мың құбылып, 
Көзіңді қызықтырар тым жылпылдап. 
...Алдап алып артынан ергізеді, 
Адал деп арам боқты тергізеді. 
«Бұл-қызық, міне пайда, əне айла», — деп, 
Жаның түгіл, арыңды бергізеді [5; 73,74]. 
Адамға  не  істеу  керек?  Алдымен  Шəкəрім  алданба  деп  отыр.  Ғұмыр  қысқа.  Бұл  өмірді 
жамандаған  емес,  бұл  өмірдің,  тіршіліктің  заңдылығы  екендігін  түсіну.  Оның  адамның  тұрақты  үйі 
еместігін, уақытша екендігін ұғыну. 
Тұруға уақытым жоқ сөзді ұзайтып, 
Барамын асығыспен елге қайтып. 
Сусын деп у беретін сұм сарайдың 
Кетейін кейінгіге сырын айтып [5; 74]. 
Шəкəрімнің  мақсаты  айқын.  Ол  кейінгігі  өзі  көз  жеткізген  дүниенің  сыры  турасында  айтып 
отыр. «Тірліктің түрін көрдім», — деп толғанған ойшыл, оның шын бейнесін бізге ұқтырғысы келген 
сияқты. 
Мақсұтың қайсы, досың кім. 
Осының түбін шын көзде. 
Бар ақылым — осыным, 
Айтарым жоқ тіпті өзге [5; 91]. 
Адам  баласының  осы  дүниеде  дос  пен  дұшпанын  айыра  білуі  оның  басты  мақсаты  дейді 
Шəкəрім.  Адамға  дұшпан  міндетті  түрде  басқа  адам  болуы  тиіс  емес.  Адамның  дұшпаны — ол 
адамның  жоғарыда  айтылған  шын үйін  ұмытуға  себеп  болатын нəрселер. Шəкəрім  оны кейде  пəле 
деп те атаған. Хафизден аударған бір өлеңінде Шəкəрім: «Пəлесінен дүниенің күні-түні қыл сабыр», 
—  дейді.  Бұл  пəлелердің  бəрі — дұшпан.  Ал  шын  дос — ол  саған  қайтатын  үйің  туралы  ойлануға 
көмектескендер. Ал шын үйді іздеушілер — данышпандар. 
Табылмас анық азат адам, 
Жаралыс билер заманды, 
Көрсетер мұқтаж, азап саған, 
Тартқызар өмір жазаңды. 
Кəрілік жетсе аяу білмей, 
Жас өмір келмес қайтадан. 
Бұзылмай, өлмей өзгерілмей 
Қалады дейсің кім аман [5; 188]. 
Адамның міндеті — дос пен дұшпанды айыру. Адам баласы — өз болмысының бақташысы. Ол 
үнемі өзінің шын үйі туралы ұмытпауы тиіс. Шəкəрім өмірдің қысқалығын, тиянақсыздығын көрген 
түске теңейді. Бірақ сол көрген түстің бəрін шын деп қабылдамау керегін ескертеді. «Түстегіні шын 
ғой деп, шынды ұмытқан жарай ма», «Əркім орар еккенін, өз ішіңді салмақта», — дейді. 
Ол — не жақсы, не жаман, 
Оның жүгі сенде емес. 
Десе біреу, «мен аман». 
Ол зияннан кенде емес... 
...Шымылдық артын кім білер, 
Шын иесі болмаса, 
Соның жолы жөнделер, 
Кімді сынап оңдаса! — дейді [5; 193,194]. 

141 
Бақи — пəнидің өлшемі. Шəкəрім келген жəне баратын жақ арқылы уақытша ғұмырды өлшейді. 
«Бақи қоймас пəнидің мінін көрмей», — деген Абай ойымен үндесіп жатады. 
Өлімді  біз  кейде  қорқынышты  күш  ретінде  үреймен  қабылдаймыз.  Олай  болатын  жөні  бар. 
Кімнің өлгісі келер дейсің. Жарық дүние ыстық əрқашан. Бірақ кейде осы өлім туралы біздің пікіріміз 
бəрібір біржақты болып кетеді. Өлім — ол тағдыр. Өлім — ол адам өмірін таразылаушы. Көне грек 
дүниетанымында адамды өліміне дейін бақытты деп айтуға болмайды  деген қағида  бар. Шынымен, 
кімнің қалай өлетіндігін көрмей бақытты деп қалай айтамыз. Өлім адам өміріне мағына береді. Өлім 
болмаса, адам өмірі мəнсіз, мағынасыздыққа, түкке тұрғысыздыққа айналар еді. Бірақ осы өлімнің өзі 
шартты нəрсе. Өлім ол тəн үшін ғана бар дейді Шəкəрім. Жан үшін өлім жоқ. Ол бар болғаны жанның 
өз киімі денені тастағаны деп ұғу керек екендігін айтады. Жоғарыда айтқан шын үйге тек жан ғана 
барады. Бұл түсініктен келіп, Шəкəрімнің не етсем пайда деген сұрағына жауап шығады. Ол сол шын 
үйге  таза  бару.  Адам  таза  келген  соң  өмірден  таза  кету.  Тазалықтың  да  Шəкəрім  үшін  бірнеше 
өлшемдері  бар.  Бұл  жерде  сыртқы  тазалық  туралы  емес,  ішкі  тазалық  турасында  айтып  отырмыз. 
Шəкəрім үшін — ол ақыл тазалығы, ар тазалығы, ниет тазалығы, қиянатсыздық, дүниенің арбауынан 
таза болу. Сəбише тазалыққа ұмтылған Шəкəрім «Тазалыққа тағы кеттім, балалықты қуып жеттім», 
—  деп  тазару  туралы  ерекше  жан  толғанысын  білдірген.  Тазалыққтың  асқан  шыңы  ол  балалықты 
қуып  жету.  Балалық  бұл  жерде  Шəкəрімнің  өлшемінде  адамның  мына  дүниеге  келген  сəтідегі  таза 
күйімен теңестіріліп тұр. 
Баста таза жаратты, сен таза бол, 
Ұқсаң, анық айттым ғой бұл — тура жол. 
Мақтан күйлеп, арамнан мал жинасаң, 
Орның — дозақ, сорлы — сен, айтқаным сол!  
— деп толғанады ойшыл [5; 95]. 
Адамға  пайдалы  іс  ол  іштің  тазалағы  дейді  Шəкəрім.  Ойшылдың  сырт  тазалығына  ғана 
ұмтылған  кейбір  молдаларды  сынауының  себебінде  де  осы  іш  тазалығы  мəселесі  жатыр.  Ішкі  жан 
дүниенің тазалығы — ол басты тазалық. 
Өлімнің хақ екенін білсең де, 
Өлместей омыраулап, шатасың, 
Дозақтың барын біліп жүрсең де, 
Күнəға, əлің келсе батасың... 
... Адалдың адал рызқын жесең де, 
Арамды əдейі іздеп татасың. 
Сыртыңды сыланасың өң беріп, 
Ішіңнің түзетпейсің хатасын. 
Айла мен алдағанды жөн көріп, 
Адамды аң орнына атасың. 
Жалғанның бір пайдасын көргенде, 
Арланбай арыңды да сатасың. 
Алланың ақ өлімі келгенде, 
Амалсыз қара тастай қатасың [5; 112,113]. 
Көп адамдардың өмірі дəл осылай өтуде. Оны Шəкəрім анық аңғарып, айқын көріп отыр. Адамға 
барлық  тіршілік  үшін  пайда  əкелуге  тырысу  керек  екендігін  өзінің  не  етсем  пайда  деген  сұрағына 
жауап  іздеу  барысында  Шəкəрім  жан-жақты  көрсетіп  береді.  Шəкəрім  адам  өмірін  балалық  шақ, 
жастық шақ, кəрілік деп үш кезеңге бөледі. Соның ең маңыздысы — ортаңғы өмір, яғни жастық шақ, 
екендігін  ескертіп,  сол  кезеңнің  бірде-бір  сəтін  бос  өткізбе,  ғылым  ізде  дейді.  Ғылым  арқылы  ғана 
артыңда адам атың қалады деп ой қорытады. 
Сонымен, ойшылдың көтерген философиялық басты сұрақтары адамның қайдан келгендігі жəне 
қайда  баратындығы,  осы  келу  мен  кетудің  арасындағы  ғұмырда  не  етсе  пайда  келтіретіндігі 
турасында  болып  отыр.  Бұл  сұрақтар  адам  өмірінің,  адам  болмысының  барлық  қырларын  қамтиды. 
Бұл жалпы адамзаттық деңгейдегі сұрақтар. Аталмыш сұрақтар Шəкəрім шығармашылығында үнемі 
көрініс  тауып,  оның  өлеңдерінің  негізгі  мазмұнын  құрайды.  Бұл  үш  сұрақты  Шəкəрім 
дүниетанымының ең негізгі сұрақтары десе де болады. Осы үш сұрақтың негізінде Шəкəрімнің əлем, 
адам болмысы туралы ой–толғамдары қалыптасады. 
 
 

142 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Камю А. Бунтующий человек. — М., 1990. — С. 25. 
2.  Хосе Ортега-и-Гассет. Что такое философия? — М., 1991. — С. 83. 
3.  Хайдеггер М. Время и бытие. — М., 1993. — С. 27. 
4.  Құдайбердіұлы Ш. Үш анық // Əлем альманахы. — Алматы, 1991. 
5.  Құдайбердиев Ш. Шығармалары / Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. — Алматы, 1988. — 194 б. 
 
 
 
 
УДК 101.1:316.33 
С.А.Арыстамбаева 
Академия финансовой полиции; Астана 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет