№4(60)/2010 Серия филология


Психолингвистикадағы лексиконды зерттеудiң ұстанымдары



Pdf көрінісі
бет8/20
Дата29.12.2016
өлшемі2,07 Mb.
#703
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20

Психолингвистикадағы лексиконды зерттеудiң ұстанымдары 
Кенжеғалиев С.А. 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
В  статье  приводятся  научные  суждения  относительно  структурной  особенности  языка  и  мышления, 
языковых функций, языковой и речевой деятельности. Наряду с этим уделяется внимание постановке 
проблемы  лексикона,  структуры  и  организации,  его  роли  в  процессе  речевосприятия,  а  также 
определению основных критериев единиц как эквивалентов ментального лексикона. 
The article devotes problem of scientific opinions about structural especiality of language and thinking, lan-
guage functions, language and speaking acts. So there is attention to putting of problem of lexicon, its struc-
ture and organization, rule in process of speech and snowing base criteries of members like as equalients of 
mental lexicon. 
 
Жапон тіл білімінде «тіл тіршілігі» деп аталатын мектеп бар. Ондағы зерттеулердің мақсаты — 
тілді адам іс-əрекетімен, қызметімен байланыстыру. Бұл — тілдік акті мен ауызекі сөйлеуді зерттеу 
деген сөз. Бұл мектеп тұжырымдамасының түйінін тезис түрінде ұсынамыз. Тілқатысым танымның 
құралы  болғандықтан,  соған  орай  зерттеудің  негізгі  нысаны  интеракт  болады.  Сөйлем — адамның 
əлеуметтік  дағдылы,  əдеттегі  əрекеті.  Ол  əрекет  ой  мен  сезімді  тілдік  таңбалар  көмегімен 
бейнелеуден жəне осы бейнеленгенді ұғынудан тұрады [1]. 
Қазіргі  кезеңде  психологиялық  тілтану  аясында  тілді,  сөйлеу  іс-əрекеті  мен  ойлауды  əр  басқа 
қырынан  қарайтын  əр  түрлі  бағыттар  пайда  болды.  Тіл  мəселесіне  психологиялық  тұрғыдан  келу 
əлеуметтік  лингвистика  мен  құрылымдық,  тілдік  таңбатану  жəне  математикалық  тіл  білімі 
зерттеулерінен  байқалады.  Сөйлеу  қызметін  психофизикалық  əрекет  айтушының  қабілеті  ретінде 
зерттеушілер  сөйлеудің  физиологияға  негізделетінін  мойындайды.  Тіпті,  олар  сөйлеуді  айтқан  я 
тыңдаған уақытта ғана адам ағзасында болатын психикамен бірлескен физиологиялық қызмет деп те 
таниды.  Осыдан  болар  бұл  бағыттағылар  тілдегі  тарихилықты  трансформациямен  жəне  сөздің 
сапталуының  статикалық  күйіндегі  деңгейлік  сипатымен  алмастырып  жіберді.  Лингвистикалық 
психологизм  ішінен  қазір  этнолингвистикалық,  семантикалық  психологизм,  психологиялық 
құрылым, таза психологиялық бағдарларды бағамдауға болады. 
Психолингвистердің  өз  арасында  сөйлеу  іс-əрекеті  туралы  əр  түрлі  пікірлер  бар.  Мəселен, 
Н.Хомскийдің  трансформалық-генеративтік  грамматикасы  адам  өз  сөйлеуін  комбинаторика 
ережелеріне  сай  түзеді  деп  үйретеді.  Биохевиористер  сөйлеуді  «стимул–реакция»  қатынасымен 
талдайды.  Əрекет  теориясы  сөйлеу  іс-əрекеті  сөйлеуші  мен  қабылдаушының  белсенділігіне  тікелей 
қатысты деп санайды. 

Кенжеғалиев С.А. 
54 
Вестник Карагандинского университета 
Бұл  көзқарастарда  ұтымды  тұстар баршылық, алайда  инсандағы  тіл  мен  сөйлеудің  қасиеттерін 
түгендеп береді деп айтуға болмайды. 
Қарым-қатынастың ұлттық-мəдени ерекшелігі аз дегенде екі қырынан көрінуге тиісті: 
1)  тіл,  ойлау,  жад,  қатысымдардың  бір-бірімен  байланысы  жəне  адам  өміріндегі,  тұтастай 
алғанда, тілдің алатын орны; 
2)  қатысымның  ұлттық  ерекшелігі  бар  үдерістері  мен  құралдары  жағынан.  Мұндағы  бірінші 
аспектіні «Сепир-Уорф» лингвистикалық салыстырмалылық туралы гипотезасы сипаттаса, ал екінші 
аспектіні этнопсихология қарастырады. 
Əр  түрлі  халықтың  тілі  мен  сөйлеуіндегі  өзгешеліктер  психолингвистика  мен 
этнопсихологияның  түйісінде  қаралады.  Мəселен,  норвегтер,  шведтер,  финдер  сияқты  солтүстіктің 
халықтары  оңтүстіктегі  испандар  мен  италияндарға  қарағанда  дауысын  ақырын  шығарып  жəне 
эмоцияны  аз  жұмсап  сөйлейді  екен.  Ал  осы  испандар  мен  италияндарға  қарағанда  грузин,  цыган, 
түрік,  араб  сияқты  оңтүстіктегі  халықтар  мен  қара  нəсілділердің  ішіндегі  бойлары  ұзын  болып 
келетін  этникалық  топ  өкілдері  дауыстарын  қатты  шығарып  сөйлейді  екен.  Шығыстағы  жапондар, 
үнділер,  вьетнам  халқы,  қытайлар  т.б.  ақырын  сөйлеседі. «Орыс  болып  кеткен  еврейлерді  дауыс 
ырғағынан  білесің»  дейтін  əзілде  де  шындық  жоқ  емес.  Бұл  жерде  басқа  факторлармен  бірге 
географиялық  мекен,  климаттың  да,  өскен  ортаның  да  ықпалы  баршылық  екені  байқалады.  Алайда 
бір  географиялық  ендікте  өмір  сүретіндердің  сөйлеуі  мен  қылығында  əр  түрлі  өзгешеліктер  бола 
береді. 
Сөйлеуге  жанама  əрекеттер  тіл  білімінен  гөрі  этнографияда  қарастырылады.  Десек  те,  мұндай 
əрекеттер  тілге  сəулесін  я  көлеңкесін  түсірмей  тұрмайды,  сондықтан  да  ол  тілмен  қосталады,  сол 
себепті  бұл  психолингвистиканың  бір  саласы  этнопсихолингвистикада  қарастырылады.  Этно-
психолингвистикада белгілі бір мəдениеттің тілдегі көрінісін сипаттайды. Бұл жерде біз əр ұлттың я 
ұлыстың ым-ишара, қимыл, тұспалдарын еске алып отырмыз. Мұны лингвистикада «тілдің көмекші 
құралдары»  деп  атайды.  Шындығында,  адамзат  тілінің  шығуында  ым  мен  қимылдың  белсенді  рөл 
атқарғандығы туралы болжамдар негізсіз емес. Мəселен, Австралиядағы аранда тайпасы 450 түрлі ым 
мен  қимылды  нақты  зат  я  құбылысты  білдіру  үшін  ғана  емес,  жалпы  ұғымды  түсіндіру  үшін  де 
қолданады екен. Үндістердің тайпааралық қарым-қатынас құралы ым-ишара екенін көпшілік біледі. 
В.Вундт əуелде екі тіл — ым тілі жəне дыбыс тілі болған деп есептейді. Дыбыс — сезімді, ым-
қимыл нақты затты білдірген. Ым-қимылдың үш түрі болған: нұсқау, бейнелеу, символика. Ымдау, 
негізінен, тарихи-əлеуметтік құбылыс. Зерттеулердің түсіндіруінше, сөзбен қосалқы жүретін ым мен 
қимыл бірте-бірте əр халықта əр түрлі рөл атқара бастаған. Бізге мəлім мəліметтерге қарағанда, бір 
сағат  сөйлескенде  мексикалықтар 180 рет,  француз 120 рет,  италиялықтар 80 рет,  ал  финдер 1 рет 
қана  ым-қимыл  жасайды  екен.  Сондай-ақ  орыстарда  қол  сермеу  əдепсіздікке  жатқанмен,  басқа 
халықтардың əдетінде ол кəдімгі күнделікті ишараның біріне жата беретін жайттар көп. Сол сияқты 
бір мағына əр халықта əр түрлі ым-қимылмен беріледі. Мысалы, болгарларда келісуді білдіретін «иə» 
— бас шайқаумен, ал теріске шығаруды білдіретін «жоқ» — бас изеумен беріледі, дəл осы мағыналар 
болгарлармен  туыстас  орыстарда  керісінше: «иə» — бас  изеу, «жоқ» — бас  шайқау.  Испандар  мен 
португалдар «жоқ» дегенде қолын өзінен ары кері қарай қозғалтады, ал жапондар мұндайда саусағын 
шошайтады,  ал  үндістер  білегін  бүгіп  бетінен  иығына  дейін  қолын  апарады,  арабтар  басын 
шалқайтып  таңдайын  қағады,  түріктер  иегін  шошаң  еткізіп,  көздерін  сығырайтады  да  таңдайын 
қағады  (түрікпен  туысқан  қазақта  тіптен  басқаша  екенін  білесіз),  малайазиялықтар  мұндайда  көзін 
төмен түсіреді. 
Міне,  осы  сияқты  құбылыстарды  этнографтар  салт  ретінде  зерттесе,  лингвистер  қарым-
қатынастың  тілге  көмекші  құралдары  ретінде  ұлттық  ерекшелікті  ескере  отырып  зерттейді.  Жеке 
инсанның қандай да бір ұлттың өкілі екенін ескеретін болсақ, бұл бағыттың ділдік лексиконға əсерін 
жоққа шығаруға болмайды. 
Психолингвистиканың  мəдениеттанушылық  бағытында  мəдениетаралық  қарым-қатынасқа  да 
назар  аударылады.  Мəдениетаралық  қарым-қатынас  дегеніміз — əр  түрлі  ұлт  пен  ұлыстың 
өкілдерінің  өзара  қатысуы.  Мəселен,  мұндай  зерттеулерде  бір  мəдениет  реципиентінің  (өкілінің) 
басқа мəдениетке негізделіп түзілген мəтінді ұғуы туралы қаралады. Бұл құбылыс ділдік лексиконға 
да  жат  емес.  Мұндай  мəтіндер  психолингвистикада  өзге  мəдениеттік  мəтіндер  дейтін  арнайы 
нысандық санатқа ие. 
Психолингвистика  əлеуметтік  лингвистикамен  де  шектеседі.  Мəселен,  белгілі  бір  əлеуметтік 
топтың  сөйлеуі  əлеуметтік  лингвистика  мен  психолингвистикаға  ортақ  проблема  бола  алады

Психолингвистикадағы лексиконды ... 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
55 
Айталық,  гендерлік  лингвистика — осы  тұрғыдағы  сала.  Ал  ділдік  лексикон  мəселелерінде 
əлеуметтік жəне психологиялық факторлар қатар жүреді. 
Психолингвистика коммуникация теориясымен, оның ішінде тілдік қарым-қатынас теориясымен 
тығыз  байланыста  болады.  Тілдік  қарым-қатынас  теориясында  өзекті  мəселе — тілдің  (сөйлеудің) 
қалай қатынас құралына айналғаны туралы мəселе, яғни тілдің шығуы жайлы мəселе. Тілдің шығуы 
жөніндегі  болжамдарда  психикалық  факторларға  сүйенетін  дəлелдер  баршылық.  Тілдің  шығуы 
жөніндегі «еліктеу» теориясы (Лейбниц, Гумбольдт) екі ұстанымға (қағидатқа) сүйенеді: 
1) сөз табиғаттағы қоршаған ортадағы дыбысқа еліктеуден шыққан; 
2) дыбыстау əуелден символикалы болды, сондықтан мағына заттың табиғатын бейнелейді. 
Табиғатқа  еліктеудің  тілдік  қарым-қатынаста  орыны  бар  екені,  табиғаттың  адам  психикасына 
əсері  болатыны  даусыз.  Дегенмен  еліктеуге  сүйеніп  шыққан  тілде  ұлттық  қасиет  болмас  еді,  оның 
үстіне əр  халықта еліктеу  əр  түрлі  болады. Тілдің  шығуы  туралы  эмоционалдық  болжам  (Жан-Жак 
Руссо) бойынша, құштарлық алғашқы тілдік дыбыстарды шығарды. Сондықтан алғашқы тілдер үнді, 
сазды  болып  келеді,  ал  кейін  қарабайырланып  кеткен.  Көріп  отырғанымыздай,  бұл  Жан-Жак 
Руссоның  ағартушылық, гуманистік  идеал  іздеу  ниетінен шығып  отыр.  Кейін  бұл  болжам  «одағай» 
(рефлекс)  теориясына  (Штейнталь,  Дарвин,  Потебня,  Кудрявский)  ұласты.  Табиғатпен  тайталаста 
адам өз еркінен тыс дəйім дыбыс шығарып отырды (аштыққа, қуанышқа т.с.с. байланысты). Осының 
дамуы нəтижесінде мұндай одағайлар қоғам мүшелерінің бəріне бірдей символдық мəнге ие болды. 
Тілдің шығуы жөнінде психикаға мəн берілген бұл екі бағыттағы теориялардың айырмасы — бірінде 
адам сөйлеуіне қозғаушы күш сыртқы дүние болса, бірінде — адамның өзінің ішкі əлемі. 
Байқап  отырғанымыздай,  бұл  болжамдарда  тілдің  экспрессивтік  қызметі  жоғары  қойылады  да, 
коммуникативтік қызметі оның көлеңкесінде қалады, басты мəселе ретінде сөйлеу механизмдерінің 
пайда  болуы  психофизикалық  тұрғыдан  зерттеледі.  Олай  болса  инсанның  сөз  саптауы  мен  сөз 
қабылдауы  мəселесінде  тарихи-генетикалық  себептер  де  бар.  Бұл — арнайы  зерттеудің  үлесінде 
болғаны жөн. 
Психолингвистикада  бұқаралық  ақпараттық  коммуникацияның  мəселелерін  зерттейтін  де  сала 
бар.  Бұқаралық  қарым-қатынас  теориясы  радиомəтіндерді  қабылдау,  теледидар  тиімділігі,  газет 
мəтіндерінің  ықпалдылығы,  саяси  плакат,  ұран,  жарнамалардың  адам  санасына  əсер  етуі  т.с.с. 
мəселелерді  қамтиды.  Демек,  бұл  тұста  психика  мен  сөйлеу  (тіл)  көмекке  келеді.  Ғалымдар 
психолингвистиканың  осы  аспектісінде  бұқаралық  коммуникацияға  арналған  мəтінді  қабылдау 
сəтінде  əрекет  ететін  сатиация  деп  аталатын  механизмнің  егжей-тегжейлі  зерттелгенін  айтады. 
Сатиация  дегеніміз — қайта-қайта  қайталау  я  жағдаятқа  сəйкестірмей  қолдану  салдарынан  сөз 
мəнінің жоғалуы. Бұл механизм жеке инсан басынан да өтетінін ділдік лексиконды зерттеуде назарда 
ұстаған жөн. 
Психолингвистика,  əрине,  лингвистикалық  талдауға  да  сүйенеді,  бірақ  лингвистикалық 
талдауды  көбінесе  аралық,  өткел,  өткінші  мəлімет  ретінде  қолданады.  А.А.Леонтьевтің  пікірінше, 
сөйлеу  əрекетін  зерттеуде  тілтану  мен  жантанушының  еңбегінің  үлестік  мөлшері  мына  сипатта: 
тілтанушы  меңгерілетінді,  меңгерілгенді  зерттейді.  Ал  психолог  лингвистикалық  модельді  игеру, 
қабылдау  барысында  адам  санасында  болып  жататын  психикалық  байланыстар  мен  үдерістерді 
зерттейді,  қарапайым  айтқанда,  сөйлеушілер  шын  болмыста,  өмірде  сөйлемді  (сөйлеуді)  қалай 
құратынын  жəне  түсінетінін  тексереді.  Ділдік  лексиконды  зерттеуде  осыны  тұғырлы  əдіс  ретінде 
қарау керек. 
Психолингвистикадағы лингвистикалық сала туралы айтатын болсақ, онда бірнеше тарамдар бар 
екені  байқалады.  Солардың  бірі — сөз  мағынасының  тұрпатын  зерттеу.  Айталық,  көп  жағдайларда 
дыбыс  сапасы  сөз  мағынасымен  байланысты  болмайды  дейтін  қағида  бар.  Алайда  бұл  тұста  да 
қағидадан  ауытқу  болатыны  рас.  Дəлел  үшін  айтсақ,  қазақ  тіліндегі  еліктеуіш  сөздердің 
мағынасының дыбыспен байланысы бар екенін ешкім жоққа шығармайды, керісінше, дəлелдей түседі 
(Ш.Ш.Сарыбаев, С.Р.Ыбыраев, К.Ш.Хұсайынов). Тіл дыбыстарының эмоциялық-экспрессивтік мəнін 
зерттейтін фоносемантика саласының нəтижелері де назар аудартады. Мысалы, А.П.Журавлев («Звук 
смысл») экспериментінде (10000 адамдай қамтылған) орыс тілінің дауысты дыбысына мына тəріздес 
түстік мағына беріледі: а — қызыл, я — ашық қызыл, о — ақ, ё — сарғыш жасыл, е — жасыл, э — 
жасылдау,  и — көк,  у — көк  жасыл,  ю — бозқараған  түсті,  ы — шымқай  қоңыр [2]. Ділдік 
лексиконды сипаттауда сөзді графика-фонологиялық белгілер арқылы талғап тану үдерісін түсіндіру 
үшін осы дəлелдер шығар жол орнында болады. 

Кенжеғалиев С.А. 
56 
Вестник Карагандинского университета 
Лингвистикалық  бағыттағы  психолингвистикалық  зерттеулерде  сөз  семантикасы  мəселелері 
айрықша орын алады. Тіпті, білімдердің индивидуалды (дара) жүйесінің пайда болуы, құрылуы мен 
қызмет  етуін  зерттейтін  ерекше  ғылыми  сала  психосемантика  шықты.  Психосемантиканың  басты 
қағидасы  тіл  біздің  əлемімізді  екі  еселейді  дейтін  пікірге  сүйенеді.  А.Р. Лурия: «Адамда  екі  əлем 
болады, оған тікелей бейнелейтін заттар əлемі де, сөзбен белгіленетін сапалар, қатынастар, нысандар 
мен бейнелер əлемі де кіреді. Сөйтіп, сөз болмысты бейнелеудің ерекше формасы болып саналады. 
Адам бұл бейнелерді олардың шын өмірде бар-жоғына қарамай-ақ еркін түрде атай алады, осы екінші 
əлемді  еркінше  басқара  алады», — деп  жазады [3]. Психосемантика  ділдік  лексиконмен  табиғи 
байланыста болатыны — айқын жайт. 
Тіл  біліміндегі  ат  қою,  ғылымиландырып  атасақ,  номинация  теориясының  да  адамзат 
психикасымен,  ойлауымен,  таңбатануымен  байланысы  баршылық.  Осы  түйісте  сөздің  уəждемесі 
(мотивациясы) туралы мəселе келіп шығады. 
Уəждеме  құбылысына  тіл  білімі  ғылымында  тоқтамды,  тұрақталып  қалыптасқан  анықтама 
берілмеді  десе  де  болады.  Бұған  айқын  дəлелдің  бірегейі  сол,  бұл  құбылыстың  өзін  əр  түрлі 
терминдермен  береді:  мотивировка,  мотивация,  сөздің  ішкі  формасы,  семантикалық  форма,  сөз 
образдылығы, сөздің мағыналық белгісі, сөздің этимологиялық құрылымы, негіздеме, уəждеме т.б. 
Тіл — адам  танымының айнасы  болғандықтан,  тілді  таңбалық жүйе  аясында қарасақ,  уəждеме 
арқылы  зат  пен  құбылыс  атауының  табиғатына  бойлауға,  қажеттілігін  түсінуге,  атаудың  негізін 
түйсінуге,  зат  пен  құбылыс  жəне  олардың  атауларының  арасындағы  əлдебір  байланысты  айқын 
сезінуге,  байымдап  байқауға  болады.  Қазақ  тілінде  уəждемеге  берілген  екі  қысқаша  анықтама 
қолымызда бар: «Мотивация, уəждену (фр. motif — сылтау, дəйектеме) ағыл. motivation — уəждеме, 
дəлелдеме — тіл арқылы аталған заттың немесе құбылыстың белгілерін бейнелеу актісі [4]. Əдетте, 
мотивация  мəні диахрониялық  тұрғыдан ашылады.  Мысалы,  тіліміздегі  қабырғасымен кеңесу  деген 
фразеологиялық  тіркестің  «үйдегі  əйелімен,  отбасымен  кеңесу,  ақылдасу»  мəнінде  қолданылатыны 
бəрімізге  белгілі.  Ал  осы  тіркестің  шығу  төркінін  христиан  дінінің  қасиетті  кітабы  «Таураттан» 
іздеуге болады. «Жаратылыстың басталуы» тарауында құдай көк пен жерді жаратқан соң топырақтан 
еркек  адамды  жасап,  оған  жан  бітіріп, «адамның  жалғыз  болғаны  жараспас»  деп,  оның  бір 
қабырғасынан əйел жасап берді. Осындай мотивация негізінде фразеологизм пайда болған. 
Екінші  бір  лингвистикалық  түсіндірме  сөздікте  уəждемені  «туынды  жəне  күрделі  сөз 
мағыналарының, оларды құрайтын сөздердің мағыналарына тəуелді болуы» деп көрсетеді [5]. 
Көріп  отырғанымыздай,  назар  күрделі  сөздің,  тіркестің  мағыналық  құрамына,  таза 
экстралингвистикалық оқиғаларға аударылады екен. Ал жеке сөз мағынасының уəжіне бойлай қойған 
жоқпыз.  Ал  мұның  адам  психикасының  даму  үдерісімен  қалай  да  бір  байланыста  екеніне 
күмəндануға болмайды. 
Сөзжасам  барысында  сөз  жасаушы  бірліктер  уəждемені  тудыруға  себепші  болады  да,  ал  оның 
нəтижесінде туған жаңа атау уəжделген таңба болып саналады. Демек, уəждеме номинациямен (затты 
сөзбен атаумен) байланысты қарастырылуы қажет. 
Күнделікті тұрмыста уəжделмеген сөздер ішкі тұрпаты айқын сөздер сияқты белгілі бір заттың 
атауы қызметін атқарады. Дей тұрсақ та, мұндай уəжделмеген сөздермен салыстырғанда, уəжделген 
сөздер  қолданылу  аясы,  таңбалық  қасиеті  тез  қабылданып,  санада,  есте  берік  сақталады.  Уəжделу 
байланысы — сөздік құрамдағы жүйелі қатынастардың маңызды түрі сөздік құрам болады. 
Құбылыс  немесе  зат  атауының  түп-төркініндегі  бастапқы  негіз  оның  субъектіге  қалай  əсер 
етуінде жатады. Əрбір зат пен құбылыс табиғи жəне табиғи емес қасиеттерден, белгілерден тұрады. 
Олардың  бəрі  бірдей  бір  мезгілде  адам  психикасында,  санасында  орнығуы  қиын.  Сондықтан 
солардың ішіндегі біреуі я бірнешеуі ғана іріктеліп, екшеліп шығады да, адам жадынан ерекше орын 
алады. Нысанды бейнелеу үшін тілдік жүйе іске қосылады да, түйсікпен қабылданған алғашқы белгі 
(қасиет,  сипат)  кеңейіп,  өрістей  түседі.  Осылайша  таңдап  алынған  қасиет  барлық  физиологиялық 
қатынастарға  тəуелді  емес.  Əсер  етуші  қозғаушы  күштің  қайсысы  неғұрлым  басым  болса,  адам 
санасына  тек  сол  ғана  ерекше  əсер  етеді  деген  түсінік  тумаса  керек.  Себебі  осының  нəтижесінде 
ұғынылмақ мағынасы бар сөздің я басқа тілдік таңбаның бəрі бірдей қалыпты нормаға айналып кете 
бермейді.  Ми  қабатының  қызметі  арқылы  заттың  немесе  құбылыстың  тек  бір  ғана  қасиеті  сүзіліп 
шығып,  оны  субъект  берік қабылдайды.  Сүзуден  өткен  санадағы  осындай құбылыс  тілде  дұрыс  əрі 
жиі  пайдаланылады.  Мысалы, «сағақ»  деген  сөздің  жалпы  қасиеті  (мағынасы)  бірнəрсенің  төменгі 
жіңішке,  қылта  жағын  таңбалайды.  Алайда  қазақ  əдеби  тілінде  бұл  малдың  мойыны  мен  иегінің 

Психолингвистикадағы лексиконды ... 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
57 
арасын  білдірсе,  оңтүстік  өңірде  оның  «төменгі  жақ»  мағынасы  басым  болып  қабылданудың 
нəтижесінде жəне тұрмыс-тіршіліктің ерекшелігіне орай «ағаштың ең төменгі бұтағын» таңбалайды. 
Құбылыстың  не  заттың  белгілі  бір бастапқы  қасиет,  сипатын  белгілеуге арналған  сөздің  тілдік 
даму жолында алғашқы мағынасының көмескі тартып кетуі де тіл тарихына белгілі үдеріс. Мəселен, 
«тон»  сөзі  алғашқыда  киім  атаулыны  белгілеуге  бағытталса,  қазір  ол  жалпы  тектік  сипаттан 
айырылып, киімнің бір ғана түрін таңбалайды. Кейбір сөздің аталуы сол құбылыстың я заттың адам 
психикасында қалай қабылданып, оған қай жағынан əсер еткендігімен байланысты болады. 
Сондықтан  кез  келген  сөз  белгілі  бір  нысан  арқылы  уəжделеді.  Тілдік  таңбаның 
таңбаланушымен  арасындағы  байланыстың  еркін  болуы  нəтижесінде  келе-келе  сөз  бен  оның  түпкі 
уəжі  арасындағы  байланыс  алшақ  тартады,  сөз  өзінің  «тегін  жатсынады».  Осының  нəтижесінде 
лексикалық  бірлік  деэтимологияланып,  уəжі  күңгірттенеді.  Тілдік  таңбалау  еркін  құбылыс  болып 
шыға келеді. Сонымен қатар адам психикасының табиғаты, қызметінің икемділігі сондай, түсініксіз 
деген  сөздерді  қайта  өңдеп,  оның  тағы  бір  жаңа  баламасын  тауып,  соған  қайтадан  уəждеме  жасай 
алады. 
«...  мотивацияның  көптеген  біржақты  анықтамалары  зат  атауынын  тек  экстралингвистикалық 
немесе тілдің ішкі ерекшелігіне көңіл бөлумен шектеледі. Ойдың мазмұнын жеткізу жолы бір ғана тіл 
арқылы  іске  асқанымен,  оның  өзі  түрлі  физикалық  жақтан  қабылданып,  түрлі  физикалық  жағынан 
беріледі» [6]. 
Себебі  əрбір  құбылыс  адамның  сезім  ағзаларының  бəріне  бірдей  əсер  етпейді,  біреуін  ерекше 
қабылдайды.  Мысалы,  көзбен  көру  арқылы  қабылданған  сезімді  адамның  дыбыстық  тілі  тек  сол 
көрініс  ұғымында  ғана,  тыңдау  арқылы  қабылданған  сезімді  тек  сол  дыбыс  күйінде  жеткізе  алады. 
Бастапқы атауға негіз болатын алғашқы импульсті беретін тіл емес, керісінше, адам сол құбылысты 
таныту үшін тілдік құралды талап ететін заттың өзі психикаға əсер ету арқылы нұсқау береді. 
Сөздің  уəжделуі  уəждеменің  ең  өзекті,  басты  теориясының  бірі  ретінде  саналады.  Бұл  ұғымға 
берілетін анықтамалардың түрлі варианттары қолданылып жүр. Мысалы, заттың атау алу заңдылығы 
принциптеріне  сүйенетін  тілдегі  ономосиология  ғылымы  уəжделуді  былайша  түсіндіреді:  уəжделу 
үдерісі — тілді  ономосиологиялық  жағынан  ыңғайластыратын,  атаудың  негізінде  себеп  болатын, 
белгілі бір уəждің барысында шығатын атаудың формасы. Уəжделудің анықтамасын іздегенде басты 
рөлді  тілдік  қатынастар  атқаратынын  ұмытпаған  жөн.  Себебі  əрбір  ой,  əрбір  лексикалық  бірлік  əр 
ұғымда  əр  түрлі  болып  қалыптасады.  Уəжделуді  қарастырғанда  лексикалық  материалды 
лексикологияның  аспектісінен  іздестіру  жиі  кездеседі:  сөз  мағынасының  уəжделуі  оның  құрылымы 
мен тілдік жүйедегі сөйлеу элементтерінің тірі санамен болатын семантикалық қарым-қатынасынан 
көрінеді.  Уəжделу — күрделі  бүтіннің  мағынасынан  сол  бүтіннің  бөлшектерінің  мағынасын  алып 
шығу,  сөздің  семантикасы  мен  айтылуының,  дыбысталу  мен  мағынаның  арасындағы  байланыстың 
негізгі  себепкері.  Уəждемелік  мағына  синхронды  түрдегі  сөз  өндіру  факторы  ретінде 
психолингвистикалық тұрғыдан егжей-тегжейлі, өте ұқыпты зерттеуді қажет етеді. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Конрад Н.И. О языковом существовании // Японский лингвистический сб. — М., 1959. — С. 85. 
2.  Журавлев А.П. Звук и смысл. — 2-е изд., испр. и доп. — М.: Просвещение, 1991. — С. 119. 
3.  Лурия А.Р. Основые проблемы нейролингвистики. — М.: Изд. Москов. ун-та, 1975. — С. 44. 
4.  Тіл білімі сөздігі / Жалпы ред. басқ. Э.Д.Сүлейменова. — Алматы: Ғылым, 1998. — 232-б. 
5.  Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. — Алматы: Сөздік-Словарь, 1998. — 151-б. 
6.  Гинатулин М.М. К исследованию лексических единиц. — Алматы: Наука, 1973. — С. 32. 
 

58 
Вестник Карагандинского университета 
ƏОЖ 81 
Психолингвистикадағы лексикон туралы пайымдаулар 
Кенжеғалиев С.А. 
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
В  статье  рассматривается  проблема  исследования  лексикона  в  психолингвистике.  Связь  языка  как 
историко-культурного  явления  с  народом,  отдельной  личностью  объясняется  с  психологической 
точки  зрения.  Приводятся  примеры  возникновения  психологической  парадигмы  в  казахском 
языкознании в сочетании со взглядами А.Кунанбайулы, А.Байтурсынулы, Ж.Аймауытулы. 
The article devotes problem of research of lexicon in psicholinquistic. The combination of language like as 
historic-cultural thing is understood by psichologic position. There are examples of appearing of psicholin-
quistic paradigmes in combination by opinions of A.Kunanbaylu, A.Baytursunulu, Zh.Aymauytuylu. 
 
Психолингвистиканың 
пəнін 
айқындауда 
даулы 
мəселелер 
баршылық, 
қазіргі 
психолингвистикадағы  бірқатар  қағидалар  нақты  емес,  зерттеуге  алынған  мəселелерде  айқын  меже 
жоқ десе де болады. Бұл жайттан психолингвистика осы күнге дейін арыла алмай отыр. Себебі оның 
қамтып  отырған  проблемалар  аясы  өте  кең,  əр  алуан,  əр  текті.  Басқа  сала  өрістеріне  жиі  жайылып 
кетеді.  Мұның  өзі  біздің  зерттеуімізді  бұлдыр  шексіздікке  апарып  соғардай  əсер  етеді.  Сондықтан 
ділдік лексиконға қатысты айқын деген құбылыстарды негізгі нысанаға алуға тура келеді. 
Психолингвистика  аясында  тіл  білімінің  философиялық  аспектісі  мен  психологияға  арналған 
зерттеулер баршылық. Бұлардың қатарына тіл мен ойлау, тіл мен сананың өзара ықпалы мəселесіне 
арналған,  онтогенездік  жəне  филогенездік  тұрғыдан  адам  санасының  қалыптасуына  бағытталған 
еңбектер жатады. Ойлаудың таңбалық сипаты проблемасы да осы тұрғыдан зерттеліп жүр. Мəселен, 
неогумбольдтшіл  Лео  Вайсгербердің  «Ана  тілі  жəне  рухтың  қалыптасуы»  атты  еңбегі  тіл 
философиясы  тұрғысынан  жазылған.  Солай  бола  тұра  бұл  ғалымның  осы  еңбектегі  пікірлеріне 
психолингвистер  дəйек  ретінде  жиі  назар  аударып  отырады.  Вайсгербердің  психолингвистикаға 
сүйеніш болып жүрген кең тараған бір пікірі мынадай [1; 14]. Ғалым таңбаның мүмкіндігін саралай 
келе, таңбаның мынадай қызметтерін көрсетеді: 
1)  оқиғалар  легіндегі  бір  сəтті  белгілейді,  ол  сəтті  басқа  сəттерден  өзгешелейді де  сол  арқылы 
оған жаңа айқындық, анықтық қосады; 
2)  тəжірибе  арқылы  сезінуді  еркін  түрде  қайта  қайталауға  мүмкіндік  береді  жəне  оны 
жеңілдетеді; 
3)  түрлі  сезім  толқыныстарының  арасын  байланыстыруға  көмектеседі  де,  соның  арқасында 
нақты  бір  сезім  толқынысынан  көптеген  басқа  құбылыстарды  жалпылап  ойлап  қорытып  шығаруға 
болады. 
Ділдік лексиконның түзілуінде бұл қызметтер белсенді əрекеттерге жатады. 
Мəтінді ұғыну-ұғындыру туралы ғылым ретінде герменевтика да психолингвистикамен жақын, 
шектес.  Герменевтикада  сөз  (сөйлеу  іс-əрекеті)  мəтіннің  өзі  мен  оның  қабылдануы,  болмысты 
адамның 
түсіндіруі 
мен 
түсінуінің 
тұрғысынан 
қарастырылады. 
Герменевтикада 
да, 
психолингвистикадағы  сияқты,  мəтінді  интерпретациялаудың  көптүрлілігі,  көп  нұсқалы  болатыны 
туралы қағида бар. Бұл жайт ділдік лексикондағы сөзұғыным үдерісінде де кездеседі. 
Психолингвистикада  мəдениеттану  мен  ұлттық  психологияға,  ұлттық  танымға  шектесетін 
бірқатар  ортақ  проблемалар  бар.  Атап  айтсақ,  тіл-тілдегі  əлем  бейнелерінің  арасында 
айырмашылықтың  болуы  тілдердің  құрылымымен  ғана  емес,  сол  тілде  сөйлеушілердің  дүниені 
өзінше, сол тілдің «көзімен» көруімен де байланысты екендігі туралы ойлар. Дəйек ретінде мына бір 
қағидаларға ой жіберіп көріңіз. Данышпан қазақ шығарған мақал: «Сөзіне қарай кісіні ал, — Кісіге 
қарап  сөз  алма» [2]. В.  фон  Гумбольдт: «Тіл — халықтың
 
рухы,  мəні» [3]. Л.  Вайсгербер: «Тілде 
халықтың тəжірибесі, сол тілдің өкілдеріне маңызды дегеннің бəрі сақталады» [1; 15], — деген Ділдік 
лексиконның түзіліп, қалыптасуындағы ұлттық факторлар үлкен-үлкен зерттеулерді күтіп тұр. 
Қазақ  тіл  білімінде  психолингвистика  дербес  сала  болып  қалыптасқан  жоқ.  Жоспарлы  түрде 
зерттеу мен оқытудың өзі санаулы ғана уақыттың еншісінде. Оның бір айқын дəлелі — қазақ тілінде 
атап  көрсетерліктей  іргелі  арнайы  зерттеу  еңбегі  немесе  оқулықтың  қолда  жоқтығы.  Бізде  тіл 
құбылыстарының  психикамен  байланысы  модальділік  шеңбері  көбіне  мағынадағы  эмоционалдық-

Психолингвистикадағы лексикон туралы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
59 
экспрессивтілік  аясынан  аспайды  десек,  асырып  айтқан  бола  қоймайды.  Себебі  қазақ  тіл  білімінде 
сөйлеу үдерісі емес, тіл зерттеледі. Көп тұста тіл мен сөйлеудің ара жігі ажыратылмай талданады. Бір 
дəйек келтірейік: «Психолингвистикалық құбылыстар (түйсік, қабылдау, сезім т.б.) сөйлеу үдерісіне 
тікелей  қатысады.  Адам  ауызекі  немесе  жазба  тіл  арқылы  қатынас  жасағанда,  белгілі  бір  ұғымды 
білдірумен бірге, сол ұғымға деген өзінің көзқарасын да қоса аңғартады. Демек, тіл ойды ғана емес, 
сонымен  қатар  адамның  сезімін,  жан  дүниесін  де  білдіреді.  Мысалы,  оңбаған,  қаныпезер,  жауыз 
немесе сұлу, əдемі, көрікті, керім сияқты синонимдік қатардың құрамындағы сөздер бір-бірінен тек 
лексикалық  мағынасымен  ғана  емес,  сонымен  қатар  эмоциялық  бояу-реңкімен  де  ажыратылады. 
Айтылу  мақсатына  қарай  хабарлы,  лепті,  бұйрықты,  сұраулы  болып  келетін  сөйлемдерде  адам 
психологиясына, ішкі дүниесіне əр түрлі əсер етеді». Бұл «Қазақ тілі» энциклопедиясының алынған 
дəйексөз қазақ сөйленісінің психологиялық қыры тың жатқанын көрсетеді [4]. 
Əрине,  бұл  қазақ  тіл  біліміндегі  психологизмді  тақыр  жерге  орнату  деген  сөз  емес.  Оның 
нышандарын  сөзтануға  қатысты  əдебиеттерден  кездестіруге  болады.  Тіптен,  Абайдың  өзінің: 
«Естіген нəрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар»: 
 əуелі, көкірегі байлаулы берік болмақ керек; 
 екінші, сол нəрсені естігенде я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу 
керек; 
 үшінші, сол нəрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек; 
 төртінші, сол кеселді нəрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. 
Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік я бір қайғыға салынып, я бір нəрсеге 
құмарлық пайда болу. Бұл төрт нəрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нəрселер», ал «Он 
тоғызыншы қара сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып 
ескерсе...  білгені,  көргені  көп  болған  адам  білімді  болады» [2; 
173], —  деген  сөздерін 
психолингвистикалық  санаттар  тұрғысынан  қарастыруға  əбден  болады.  Сөз  арасында  айырықша 
атайтын  бір  тарихи  идея  бар.  Өкінішке  қарай,  идеологиялық  субъективизм  кесірінен  жанданып, 
дамытылмай  қалды.  Ол — Ахмет  Байтұрсынұлының: «... ауыздан  шыққан  сөздің  бəрі  сөйлем  бола 
бермейді,  айтушының  ойын  тыңдаушы  ұғарлық  дəрежеде  түсінікті  болып  айтылған  сөздер  ғана 
сөйлем болады», — деп сөйлемге  тауып белгілеген  талабы.  Психология  мен  тіл  білімінен  хабардар 
адам  мұндағы  «ауыздан  шыққан  сөз», «айтушы», «ой», «тыңдаушы», «ұғарлық», «түсінікті  болып 
айтылған»  деген  ұғымдарды  сөйлеу  іс-əрекетінің  психологиясынан  да  кезіктірер  еді.  Бірақ  қазақ 
кеңес  тіл  білімі  мұны  «жылы  жауып»  қойды  да, «сөйлем  дегеніміз — аяқталған  ойды  білдіретін 
синтаксистік  тіркес»  деген  анықтаманы  дəлелдеуді,  өзгертуді  қажет  етпейтін  қасаң  қағидаға 
(аксиомаға) айналдырды [5; 264]. 
А. Байтұрсынұлы «Əдебиет танытқыш» атты еңбегінде əдебиетті сөзді іске жарату тұрғысынан 
қарайды.  Сол  себепті  де  оның  пікірлері  психолингвистиканың,  оның  келелі  мəселесі  ділдік 
лексиконның қазақ филологиясындағы бағдарламасындай əсер етеді: 
«Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге. 
Ақыл ісі — аңдау, яғни нəрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі — мегзеу, 
яғни ондағы нəрселерді белгілі нəрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; 
көңіл ісі — түю, талғау. 
Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың мегзеуін мегзегенше, көңілдің түюін 
түйгенінше  айтуға  жарау».  Мұнан  соң  ғалым  ділдік  лексиконның  тұғырлы  нысандарын 
айқындайды: «... жұмсай  білетін  адамы  табылса,  тіл  шама-қадарынша  жарайды.  Бірақ  тілді 
жұмсай  білетін  адам  табылуы  қиын.  Ойын  ойлаған  қалпында,  қиялын  мегзеген  түрінде,  көңілдің 
түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек. Мүддесін 
тілмен айтып жеткізу қиын екендігін, оған өте шеберлік керек екендігін мынадан байқауға болады. 
...Əркімнің  өз  салты  болғанымен,  ол  салттар  жалпы  сөз  тізу  шарттарынан  аса  алмайды.  Сөз 
шығарушылар, əуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше əдісі 
болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бəрінен бұрын лебіз заңынан шыққан 
сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білу қажет. 
...Бір  нəрсе  турасындағы  пікірімізді,  яки  қиялымызды,  яки  көңіліміздің  күйін  сөз  арқылы 
жақсылап  айта  білсек,  сол  сөз  өнері  болады.  Ішіндегі  пікірді,  қиялды,  көңілдің  күйін  тəртіптеп, 
қисынын,  қырын,  кестесін  келтіріп  сөз  арқылы  тысқа  шығару — сөз  шығару  болады»  [6; 10–17]. 
Көріп  отырғанымыздай,  жеке  адамның  тілді  жаратуы  психолингвистиканың  бір  саласы  сөз  саптау 
(производство речи) мəселесімен ұласып жатады. 

Кенжеғалиев С.А. 
60 
Вестник Карагандинского университета 
А.Байтұрсынұлы  мұрасында  ділдік  лексиконның  нақты  негіздерін  көрсетіп  беретін 
пайымдамалар баршылық. Мына бір пайымдаманы ділдік лексиконның қазақ тіл біліміндегі алғашқы 
ғылыми  түсіндірмесі  деуге  əбден  болады: «Біз  қазақ  тіліндегі  сөздің  бəрін  білгеніміз  қазақ  тілін 
қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сəйкес келетін сөздерді таңдап 
ала білуді  айтамыз.  Қазақ  тілі қазақ  ортасындағы  бəріне бірдей  ортақ  мүлік болғанмен, бəрі  бірдей 
пайдаланбайды.  Əркім  əр  сөзді  өзінше  қолданады,  өзінше  тұтынады  (қоюлатқан  біз. — С.К.). 
Бүтін пікірін айтып шығатын əңгіме ішінде түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де əркім əр түрлі сөз 
қолданады. Мəселен, біреу «Амансыз ба?» деп, біреу «Есенсіз бе?»  деп, біреу «Сəлемет жүрсіз бе?» 
деп,  біреу  «Күйлі,  қуатты  барсыз  ба?»  деп  амандасады.  Сол  сияқты,  əркім  пікірін  сөз  қылып 
шығарғанда да ана тіліндегі сөздерді əрқайсысы əр түрлі қолданады. Қысқасын айтқанда, əркім сөзді 
өз қалауынша алып, өз оңтайлы көруінше тұтынады. Əркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып 
тұтынған сөздер сол адамның тілі болады» [6; 18,19]. 
Ғалым  ділдік  лексикондағы  сөзді  тану  үдерісінің  жалпы  сипатын  беруде  айтушының  айтатын 
нəрсені  жетік  білуі  керектігін,  себебі  адамның  мұндайда  «ашық»  сөйлейтінін,  ал  толық  таныс  емес 
сөзді «көмескі, күңгірт» баяндайтынын басшылыққа алады [6; 20].
 
А.Байтұрсынұлы  сөзді  қолданудағы  инсанның  психикасында  болатын  объективті  үдеріс 
өзектендіруді  анық  байқаған: «Сөздің  дұрыс,  таза,  анық,  дəл  айтылуының  үстінде  талғау  сөздің 
көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың 
күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде, сөзі толық түсінікті болу үшін, 
дерексіз заттарды деректі затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптайды. Жансыз затты жанды 
заттай ғамалдайды» [6; 23]. 
Ойды  сөзбен  хабарлаудың  алгоритмдік  өңделуі  туралы  алғашқы  бастау  пікірді  де 
А.Байтұрсынұлынан  табуға  болады.  Бір  дəлел: «Сөз  дұрыс  айтылуы  деп  əр  сөздің,  əр  сөйлемнің 
дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін керек: 
1)  сөздердің  тұлғасын,  мағынасын  өзгертетін  түрлі  жалғау,  жұрнақ,  жалғаулық  сияқты 
нəрселерді жақсы біліп, əрқайсысын өз орнына тұтыну; 
2) сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру; 
3)  сөйлемдерді  бір-біріне  дұрыс  орайластырып,  дұрыс  құрмаластырып,  дұрыс  орындастыру» 
[6; 19]. 
Сондай-ақ, 
психолингвистикадағы 
гештальт 
мəселесінің 
алғашқы 
ұшқындары 
А.Байтұрсынұлының əдістемелік еңбектерінен орын алған [5; 335,336; 364–366]. 
Инсанның  сөзді  танып-білу  үдерісінде  сөзді  көру,  есту  арқылы  графика-фонемалық  деңгейде 
танудың  маңызы  зор  екені — қазіргі  психолингвистика  теориясында  дəлелденген  жайт.  Мұның 
маңызын  А.  Байтұрсынұлы  да  тілді  оқыту  əдістемесіне  арналған  еңбектерінде  айырықша  атап 
көрсетеді [5; 324; 357–363; 368–372]. 
Қазіргі этнопсихолингвистикадағы өзекті мəселенің бірі белгілі бір тіл əлеміне енбек инсанның 
мəдени-психологиялық  толқыныстарының  себебін  А.  Байтұрсынұлы  мынадай  жайттардан  көреді: 
«Современная  культура  не  есть  создание  одной  какой-нибудь  нации  или  расы,  а  результат 
совокупных  усилий  и  навыков  всего  человечества.  В  культуре  каждой  нации,  кроме    собственного 
творения,  имеются  заимствования,  и  на  смешение  их  культуры  влияют  их  отношения,  которые 
различаются  с  точки  зрения  дружественного  и  неприязненного.  Заимствования  бывают  и  при 
покорении  одной  нации другой,  и  при  мирном общении  народов друг  с  другом.  При  этом  сходные 
формы  религии,  обычаев,  нравственности,  общественной  организации,  сродность  наклонностей, 
инстинктов, психологии и т.д. облегчают процесс заимствований и смешения культур» [5; 419, 420]. 
Ж.Аймауытовтың «Психологиясында» да ділдік лексиконды зерттеуде ескеруге тұрарлық ойлар 
баршылық. Ділдік лексикон функционалдық-динамикалық жүйе ретінде көрінеді, осыған ғалымның 
мына  бір  аналогиясы  орайласады: «Ағаш»  деген  ұғымды  жүз  түрлі  ағаштың  бернесінен  құрастыру 
негізінде болмайды. Болса, біздің ойымыз тым шабан жүрер еді. Осындай көп бернелерді ықшамдап, 
оңайлату  үшін  сөз  қолданылады,  сондықтан  ойымыз  шағындалып,  аз  уақытта  көп  нəрсе  ойлайтын 
боламыз.  Ойды  өнімді  қылатын  сөз  екен» [7; 
190]. Ж. Аймауытұлының  тілдің  шығуын 
психологиялық  негізден  іздеуі  де  зейін  қоярлық  жайт [7; 191–193]. Ж. Аймауытұлы  жеке  адамның 
сөйлеу əрекеті туралы проблемалардың бір парасын санамалап береді. Олар сұрақ түрінде берілген: 
«Сөйлеу  мінезі,  қалай  сөйлейді?  Аз  ба?  Көп  пе?  Зауықты  ма?  Зауықсыз  ба?  Жылдам  ба?  Баяу  ма? 
Тəптіштеп пе? Қысқа ма? Бір тегіс пе? Кібіртік пе? Тілге байлығы, ойлағанын үнемді, еркін айта ала 

Психолингвистикадағы лексикон туралы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
61 
ма? Жан толқындары сөзіне қандай рең береді? ... жазғандағы тілі, баяндағандағы тілі, қол сермесі, 
сөйлегендегі бет құбылысы» [7; 285]. 
Жеке адамның семантикалық жады ділдік лексиконның қалыптасуына ерекше ықпал етеді, тіпті, 
қазіргі психолингвистикалық кейбір зерттеулерде бұл екеуін теңестіріп қарау да бар. Осы тұрғыдан 
келгенде,  Ж.  Аймауытұлының  жадты  ассоциациямен  (оны  «іліктестік»  деп  атайды),  зейінмен 
(Ж.Аймауытұлы терминологиясында — «ілтипат») сабақтастыруы [7; 152–161] лексиконды зерттеуге 
өзгеше бір жол сілтеп тұрғандай əсер етеді. 
Сөйтіп,  қазақ  ғылымында  психолингвистиканың  аты  аталып,  арнайы  зерттелмегенмен,  сөйлеу 
мен  психиканың  ықпалдастығы  жайлы,  жеке  инсаннның  сөз  саптауы  туралы  зерттеуге  азық  болар 
пайымдар  бар  екеніне  көз  жеткізуге  болады.  Əрине,  зерттеуімізде  бұларды  тұғырламасақ  та,  тұрғы 
ретінде ескеріп отырамыз. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Белянин В.П. Психолингвистика. — М.: Флинта, 2003. — 232 с. 
2.  Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. — ІІ т. — Алматы: Ғылым, 1977. — 312 б. 
3.  В. фон Гумбольдт. Избранные труды по языкознанию. — М.: Прогресс, 1984. — С. 32. 
4.  Арын Е.М. Қазақ тілі энциклопедиясы. — Алматы: «IDK-TIPO», 1998. — 321-б. 
5.  Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 264 б. 
6.  Байтұрсынов А. Əдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. — Алматы: Атамұра, 2003. — 208 б. 
7.  Аймауытұлы Ж. Псиқолоғия. — Алматы: Рауан, 1995. — 312 б. 
 
 
 
 
 
ƏОЖ 811.512.122.378.096. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет