Процесс развития казахских народных
игр для детей в Китае
Проблема, которая выбрана для исследования в статье, — одна их актуальных в современной
фольклористике. Проблемы детского фольклора, которые являются отдельной сферой в устной
казахской литературе и которые по сей день имеют свое продолжение, рассмотрены с научной точки
зрения. Автор, затрагивая тему места видов игр и песен для детей в воспитании подрастающего
поколения, исследовал психологическую, педагогическую значимость игр на пути становления их как
личности. Кроме того, он классифицировал виды казахских народных игр для детей и обратил
внимание на происхождение песен и их исполнение. В статье особое внимание обращено на
изменение древних детских игр в соответствии с сегодняшним развитием общества.
B.Naukenuly
The process of development of
Kazakh national games for children in China
The problem that has been selected for research in the article is one of the topical issues of modern folklore.
Actual problems of children's folklore, which is a separate sphere of Kazakh oral literature, and that today
have its continuation, are considered from scientific point of view. Author, emphasizing the place of games
and songs for children in the education of the younger generation, studied the psychological and pedagogical
importance of games on their way to a person becoming. The author classifies the types of Kazakh national
games for children and pays attention to the origin of songs and their performance. In the article attention is
paid to the change of the ancient children's games of our nation according to the present developed society. In
this regard, questions of various changes in the ancient games for children are classified in comparative de-
gree according to social development.
References
1 Ancestry’s words. 100 of tomes, 72-th. Childhood folklore, Astana: Foliant, 2011, p. 6.
2 Naukenuly B. Chldrens play songs, Urumchi: Publ. Ulttar, 2011, p. 16.
3 Akhmeov Sh. Kazakh childhood literature, Almaty: Gylym, 1974, p. 12.
4 Uakhatov B. Kazakh fol literature, Almaty: Gylym, 1974, p. 12.
5 White chest, blue chest. Childhood folklore, Almaty: Zhazushy, 1988.
6 Isilyamzhanuly K. Rukhanu uyz, Almaty: Sanat, 2008, p. 56.
7 Ibraev Sh. Beginnig, Almaty: Publ. house, 2009, p. 9.
36
Вестник Карагандинского университета
ƏОЖ 8217 5127 122 (091)
Р.С.Каренов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(E-mail: rkarenov@inbox.ru)
Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин –
көрнекті ақын, жаңашыл жазушы
Туғанына 175 жыл толуына орай
Мақалада ХІХ ғасырдың көрнекті ағартушысы, педагогы Ыбырай Алтынсариннің əдеби қызметіне
көңіл бөлінген. Оның қазақтың əдеби тілінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі туралы
қорытынды жасалған. Алтынсариннің əдеби шығармаларында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы
қазақ халқының өміріндегі тарихи жəне əлеуметтік өзгерістер суреттелген. Бұл шығармаларда
халықты отырықшылдыққа, еңбексүйгіштікке, шындыққа шақырғандығы баяндалған. Өз заманының
көрнекті ағартушы ретінде Ы.Алтынсарин Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің, И.А.Крыловтың
еңбектерін ана тіліне аударғандығы бейнеленген.
Кілт сөздер: педагог-ғалым, поэзия, əлеуметтік мəселелер, табиғат, көркем проза, əңгімелер,
аудармалар.
Кіріспе
Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі ХІХ ғасырдың 60-70-жылдарында қазақ халқының
өмірінде болған тарихи-əлеуметтік үлкен өзгерістермен сабақтас, солармен тікелей байланысты. Ол
өзінің əдеби шығармаларымен тіршіліктің өзекті проблемаларын көтеруге батыл бет бұрды.
Ұлы педагог-ғалым қазақтың жазба əдебиетінің, əдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі
болды. Əдебиетке тың тақырыптар, озық ойлар енгізді. Шиеленіскен тартыстар, соны бейнелер,
бұрын болмаған жанрлар арқылы əдебиетті мазмұн жағынан ғана емес, түр жағынан да өркендетті.
Қазақ даласының сұлу табиғаты, ұшан-теңіз байлығы, еңбек пен еңбек адамдары туралы əсем
лирикалық өлеңдер, қысқа да əсерлі əңгімелер, сол кездегі қоғам өмірінің сан алуан жайларын шебер
сипаттайтын публицистикалық мақалалар жазды. Оның шығармаларында философиялық
пайымдаулар мен тұжырымдар молынан келтірілді. Орыс тіліндегі балаларға арналған көптеген
еңбектерді қазақ тіліне жеңіл аудара білді. Сөйтіп, ұлтымыздың халық ағарту саласында көп еңбек
етті.
Ыбырай Алтынсарыұлының өз заманына сай ақындық өнерді меңгеруі
Қазақ поэзиясында Ы.Алтынсарин несімен ерекшеленеді дейтін болсақ, ең бастысы, асыл сөздің
негізгі міндетін орындап, өлеңдерін оқыған адамның жанына қажетті рухани білім бере білгенінде.
Ол халықтың дəстүрлі өлең үлгілерін жаңашылдықпен түрлендіріп, байытты.
Ыбырай Алтынсарыұлының өлеңдері көп емес. Бірақ қай-қайсысында да ғибрат бар. Ақынның
өлеңдерінде өнер, еңбек, кəсіп, адалдық, адамгершілік идея, отырықшылыққа байланысты тұрмыс
жаңалықтары кең көтеріліп, еуропалық мəдениет үлгісі уағыздалды. Өмір мəселелері кейіпкерлер
əрекеттері арқылы ашылды. Ыбырай мен Абай қазақ əдебиетінде жыл мезгілдерін өз алдына тақырып
етіп жырлаған жаңашыл лирик ақындар болды.
«Үміт еткен көзімнің нұры балам ...» атасы Балғожа бидің оқудағы немересі Ыбырайға жазған
хаты осылай басталады. Бұл өлең-хат қазақ баласының тұңғыш оқу кітабы «Қазақ
хрестоматиясында» жарияланды. Балғожа бидің жазған хаты тек Ыбырайдың ғұмыр мұратының ғана
арқауы емес, бар қазақ баласына ықпалы жайылған жəдігер болды [1; 8]:
Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жəрдем берсін құдайтағалам;
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сəлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл берсең басыларсың;
Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,
Надан боп, білмей қалсаң аһ ұрарсың.
Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин — …
Серия «Филология». № 4(80)/2015
37
Шырағым, мұнда жүрсең нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің?
Ыбырай бұл өлеңді оқу жылдарында дəтке қуат, жанына медет тұтынса, ата-əжесін, ағайын-
туғанын, ауыл-аймағын сағынған сəттерде есіне алып, өзіне одан күш пен жігер тапса, есейе келе оны
өмірлік тұмар етіп тағынды. Өзге жастарды да оқуға, өнерге тарту мен талпындырудың ұтымды құралы
ретінде пайдаланды. Өлең кейін Ыбырай хрестоматиясы арқылы мүлде өлмес қасиетке ие болып, қазақ
шəкірттерінің сан ұрпағына бастапқы мақсатында қызмет етті.
Ыбырай Алтынсаринның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» сияқты өлеңдері
оқырман қауымның жүрегіне жол тапты. Ғұлама педагог-ғалымның туындылары шəкірттерді Отанын
сүюге, адамгершілікке, тəлім-тəрбиеге жетеледі. Ағартушы ұстаздың [1; 7, 8]:
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды,
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді.
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар –
Бəрі дағы анықтай.
Білмегенге танықтай,
Біз де бекер жатпалық
Осыларға таныспай.
Ат өнері білінбес,
Бəйгеге түсіп жарыспай.
Желкілдеп шыққан көк шөптей,
Жаңаөспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз қалыспай! –
деген тамаша жыр жолдары жас ұрпақты тəрбиелеудегі қажетті құралдың біріне айналды.
Ұлы ұстаз балалардың оқу керектігін, оқығандардың көңіліне ықыласпен тоқу керектігін айта
келіп, оқыған баланың тілегені алдынан шығып, шырақ болып жағылатынына сенген [1; 5]:
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметін талқылағанда, оның адамгершілікке арналған мына
өлең шумақтарының мəніне жету қажет [1; 12]:
Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Іске аспай бақ-дəулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.
Р.С.Каренов
38
Вестник Карагандинского университета
Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа!
Злиха Жүсіппенен сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына!
Ыбырай Алтынсариннің бір топ өлеңдері əлеуметтік мəселелерге арналған. Бұл орайда «Өсиет
өлеңдері» [1; 9–11], «Əй, жігіттер!» [1; 15, 16] тəрізді тағы басқа туындыларын атауға болады.
Ақынның мұндай өлеңдері биік адамгершілік тұрғысынан ұрлық-қарлықты, əділетсіздікті сынап,
жалқаулықтың, ескі салттардың зияндылығын көрсетіп, адал еңбектің, адамгершілік қасиеттердің
артықшылықтарын бейнелейді.
Əсіресе ақынның «Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен» деген өлеңінің мəні өте терең. Бұнда ол
еңбек салтанаты мен адалдықты, шындықты жырлайды. Халқын берекесіз, жұғымсыз істен аулақ
болып, игілікті еңбегімен, өз күшімен күн көруге, шындық үшін жан беруге, адал өмір сүруге
шақырады. Ыбырай бұл өлеңінде əлеуметтік теңсіздікті жоюдың жолын еңбекке негізделген
парасатты өмір үстемдігінен іздейді [1; 12]:
Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бар кессе басың шындықпенен!
Қорек тап бейнеттен де тəңірің жəрдем,
Телмірме бір адамға мұңдықпенен.
Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір əділ қазнасы кең патшаңды ізде!
Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір тəңіріңнен күдер үзбе!
Ақын «Əй, достарым!» деген өлеңінде [1; 14, 15]:
Əй, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма,
Қолыңнан келсе, қыл қайыр,
Кісіден алушы болма...
Ақылсыз достан — ақылды дұшпан артық,
Дұшпаныңнан бір сақтан!
Сырты майда, іші қан,
Ел ішінде жар-жора,
Достарыңнан бір сақтағанда, мың сақтан! –
деп, қайырымды, кеңпейіл, адал азамат болуға шақырады.
Ақынның «Əділдік көрмегені үшін бір төреге айтылған сөз» атты өлеңінде [1; 19] былай
делінген:
Оразаның түбіне мақсым жетер,
Азған елдің түбіне тақсыр жетер.
Əділдіктен хан тайса наным кетер,
Жылай-жылай жарлының малы кетер.
Ай, тақсыр, бұл дүние өтер-кетер,
Мал иесі де артыңнан қуып жетер.
Жарлылар да бір табар əділ қазы,
Таразылы күн болса арыз етер!..
Осы туындыдан байқайтынымыз, Ыбырай Алтынсарыұлының өлеңдері асыл сөзбен жазылған
мұсылмандықтың тұтқасы болып табылады.
Ағартушы ақын бала тəрбиесіндегі ананың еңбегіне ерекше мəн берді. Ана махаббатын терең
сезіммен жырлады. Сол арқылы баланың ата-ана алдындағы перзенттік парызын есіне салатын
ғибратты сөздер, пайымды ойлар айтты. Əйелді отбасының құты деп, əспеттеп-құрметтеген.
Ы.Алтынсарин «Ананың сүюі» деген өлеңінде [1; 19, 20] ананың балаға деген шексіз
махаббатын, ынтызарлығын былайша паш еткен:
Кім сендерді, балалар, сүйе-тұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйе-тұғын?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүре-тұғын.
Кім сендерді, балалар, тербететін,
Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин — …
Серия «Филология». № 4(80)/2015
39
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең?
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.
Ы.Алтынсариннің табиғат туралы жазған өлеңдері оның ақындық шеберлігін танытады. «Өзен»,
«Жаз» сияқты пейзаждық шығармалары Ыбекеңнің нағыз талантты ақын болғанын көрсетеді.
Мысалы, Ыбырайдың «Өзені» табиғат суретін тамаша бейнелейді [1; 18]:
Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сəуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар,
Өзеннен рақат тауып басылады.
Қынарда тілсіз тұрған тоғайлары
Шуылдап желмен бірге бас ұрады...
Бұл туындыда суға толы өзеннің ағысы өмір сырын бейнелейді. Тынымсыз ағып, адам, жан-
жануар біткенге өмір нəрін ұсынады.
Ыбекеңнің бірде ауылға келіп демалғанында шығарған «Жаз» атты өлеңі [1; 16–18] бар. Онда
қазақ жайлауының классикалық сұлу көрінісі былай бейнеленген:
Сəуірде көтерілер рақмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы...
Ұшпақтың бір сəулесі жерге түсіп,
Өсірер жерден шөпті нұрдың буы!..
Жақындар құдайымның көктен күні,
Тең болар жарлықпенен күн мен түні.
Аспаннан рақымменен күн төнгенде
Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны.
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.
Ыбырай Алтынсарыұлы осы шығармасында өзінің басты ұстанымын алға тартады:
Адамзат сайран етер көңілі жай,
Секіріп ойын салар құлын мен тай.
Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады,
Тасиды күркіреп өзен мен сай.
Аяғын алшақ басып түйе шығар,
Жаратқан мұнша таңсық жаббар Құдай!
Кеш болса күн қонады таудан асып,
Шапаққа қызыл алтын нұрын шашып,
Аһ ұрып шүкірлікпен құшақтасар
Рақатпен кеш уақытында неше асық...
Боз үйден таң алдында күйеу шықса,
Артынан қарар жары жүзін басып.
Құдайға шүкір етер жас пен кəрі,
Р.С.Каренов
40
Вестник Карагандинского университета
Бердің деп жанға рақат мұндай дəрі!
Жын-айуан, адамзат, құрт-құмырсқа
Разылық бір Құдайға асар зары.
Қырда орман, жер жүзінде бəйшешектер,
Шуылдап шүкір етер мұның бəрі!
Сонымен, ақын бұл еңбегінде табиғат пен тіршілікті, аспан мен жерді, ай мен түнді, тау мен
орманды көріп-сезіну үшін білім керек екенін есімізге салады.
Ағартушы-педагогтың ХІХ ғасырда айтылған [1; 6]:
Оқу білген адамдар
Май тамызған қылыштан...
Білмегенді білуге
Есті бала тырысқан, —
деген ақыл сөзі бүгінгі ХХІ ғасырда да өзектілігін жоғалтпай отыр.
Жалпы алғанда, Ыбырай өлеңдерінің тілі қарапайым, жатық та тартымды. Олар мақал-
мəтелдерге де толы. Ақын айтайын деген ойын оқушысының көңіліне құйып, қолына нық
ұстатқандай əсер қалдырады.
Қорытындылай келе айтарымыз, Ыбырай өлеңдері — тəлім-тəрбие мақсатын көздеген,
дидактика сарыны басым шығармалар. Сондықтан олардың көпшілігіне публицистика стилі тəн деуге
болады.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ əдебиеті тарихынан
мəдениетті прозашы ретінде елеулі орын алуы
Ы.Алтынсарин қазақ прозасының еуропалық шағын түрін қалыптастырды. Бұл жанрдың сырын
ашты. Көркем əңгіме, новелла жазудың жақсы үлгісін көрсетті. Сондықтан қазақтың жаңа үлгідегі
көркем прозасы Ыбырай əңгімелерінен басталады деу орынды.
Ыбырай əңгімелерін үш топқа бөлуге болады: оның бірі — новелла; екінші тобы — ауыз
əдебиетінде қалыптасқан ертегі-аңыз үлгісіндегі əңгіме; үшінші тобы — шағын көлемді мысал
үлгісіндегі өнеге сөздер [2].
Мазмұны жағынан Ыбырай əңгімелері өз кезінің келелі мəселелерін қамтыған. Ғұламаның
шығармаларының барлығы дерлік оқырманын адамгершілікке, кішіпейілділікке, еңбек-сүйгіштікке,
əділдікке, жақсылыққа, өнерпаздыққа, зеректікке, кəсіпқорлыққа, шынайы достыққа шақырады.
Жақсылыққа əуестеніп, жамандықтан аулақ болуға баулиды.
Жазушы «Бақша ағаштары» атты белгілі əңгімесінде тəрбиенің не екенін қарапайым ағаштармен
салыстыру арқылы былайша сипаттап береді: Жаздың əдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің
баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
—Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? — деп сұрады баласы.
—Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау
ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен, — деді атасы.
—Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, — деді баласы.
—Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе əбірет алсаң болады;
сен жас ағашсың, саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен
менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетімен
кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің [1; 70, 71].
Бұл əңгіменің ата-аналар үшін де, оқушылар үшін де тəрбиелік мəні зор. Балаға жас күнінен
дұрыс тəрбие беру оның болашақ өмірі үшін өте қажет. Есейіп кеткен соң оның қисығын түзеу
қиынға түседі. Ыбекеңнің бұл əңгімесі мектеп балаларын тəрбиелеуде қазір де басшылыққа алатын
басты ұстаным болып саналады.
Жазушының шығармаларының ішінде сюжеті қызықты «Таза бұлақ» атты əңгімесі. Мұндағы үш
жолаушының бірі — саудагер, екіншісі — молда, үшіншісі — жай бір келбетті жігіт. Бұлардың
əрқайсысының өзінше түсінігі, өмірге деген көзқарасы бар. Олар жолдағы бір таста жазылған.
Ей, жолаушы таза болсаң, осы бұлақтай бол» деген сөзді өздерінше ұғынады: «...Үш жолаушы
бұлақтан ішіп қанған соң, жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты:
— Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара
кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат
Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин — …
Серия «Филология». № 4(80)/2015
41
сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, еш уақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең,
ақырында сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, — деді.
Екінші жолаушы мүсəпір молда екен, басын шайқап:
— Жоқ, мен олай ойламаймын, бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаннан гөрі жоғарырақ соқса
керек, бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады,
сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дəметпейді; бұлай болса адамға да əбірет
сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек, — деді.
Үшінші жолаушы көркем келген бір əдемі жігіт екен, бұл үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен
не ойлайсың?» — деп сұрады.
Жігіт айтты:
— Менің ойыма бөтен бір нəрсе келеді: бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-
шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні
тынбай ағып тазаланып түрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді,
бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің
сəулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін, — деді [1; 98,
99].
Автор бұл туындысында кісі еңбегін қанайтын саудагерді де, елге жалған үтіт тарататын
алдамшы молданы да жақтамайды. Ол еңбекші халық өкілі — жас жігіт ниетін жақтап, соның ойын
құптайды.
Ы.Алтынсариннің шығармашылығында еңбекке тəрбиелейтін бірнеше əңгімелері бар. Солардың
ішіндегі ең биік шыңы — «Бай мен жарлы баласы» [1; 83–87].
Бұл туындыда Асан — өмірдің қиыншылығын көрмеген бай баласы, ал Үсен — өмір мектебінен
өткен кедей баласы. Жазушы үйрек ұстап, шақпақ тұтатып, тамақ пісірген, қармақ иіп балық аулап,
түнімен от жағып, қамаған қасқырдан да қорықпай, Асанды көшіп кеткен елге аман-есен алып жеткен
Үсеннің ұстамдылығын байыппен баяндай келіп, түрлі ситуацияны қисын тауып қосып отырып
ашады. Қызықтыру, елітіп, енді не болар екен дегізіп қоятын тосын оқиға желісі, айнала табиғат,
жанды-жансыздың жаратылыс суреті, баланың жай-күйі, суда ойнаған балық көрінісі — Ыбырайдың
жазу өнеріндегі тіл шеберлігі, дүние құбылысын көркем бейнеге көшірудегі қаламгерлік дарыны [3].
Бір сөзбен айтқанда, Ы.Алтынсарин қыр өміріндегі балалықтың қым-қуыт шиеленіске құрылған
бір күнін классикалық əңгімеге айналдырған. Оның бұл шығармасының тəрбиелік түйіні егер өзіңді-
өзің еңбекке, ұқыптылыққа баулып, шынығып өссең, Үсен сияқты өмірге икемді, қиыншылыққа
мойымайтын, өршіл боласың. Ал еңбексіз арамтамақтықпен өссең, Асанға ұқсап қабілетсіз, икемсіз,
енжар боласың деген тұжырымға келіп тіреледі.
Жазушы жасөспірімдерді адал еңбек етуге шақырады. Бұл ойын «Қыпшақ Сейітқұл» əңгімесінде
өте қызықты əрі тартымды етіп өрбітеді. Онда егін егіп, халықты соңына еріте білген Сейітқұл мен
оның ұрлықпен күнелткен баукеспе ағасын салыстыра отырып баяндайды. Оңай олжаға қызыққан
ұры ағасы біреулердің қолынан қаза табады: ...Сейітқұлдың ағасы аттаныс-түсіспен жұрттың
малын ұрлап бай боламын деп жүргенде, Қоңырат жағында қолға түсіп, кім екені де белгісіз, біреу
өлтіріп кетіпті; қалған мал-жанын ұрының малы деп Түркістан əкімдері талап алып,
жамағаттарын Сейітқұл көп жылдар іздетіп, таптырып, қасына алыпты-мыс [1; 98].
Сейітқұл болса ақ адал еңбегінің арқасында мол дəулетке ие болады. Оның халық арасындағы
беделі артады. Əңгіме түйіні осындай.
Көптеген əңгімелерінде жазушы қоғам өміріндегі мынадай көкейкесті мəселелерді көтеріп,
жұртшылықты жаңа өмірге жетелейді:
— «Əке мен бала» əңгімесінің арқауы — «Аз қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың; азға
қанағат ете білмесең — көптен де құры боласың» [1; 70] деген нақыл сөз;
«Петр патшаның тергелгені» атты əңгімесінде Петр патша өз қателігін мойындап, сот
алқасының əділ үкіміне риза болып: «Законға мен мұнша көнгенімде, бөтендер көнбестік етуді
ойынан шығарсын!» [1; 103] — деп бұйырыпты. Бұл қарапайым əңгіме кез келген оқырманға
əділеттік туралы ой салады;
«Асыл шөп» деген əңгімесінде [1; 70] Злиха мен Бəтима дейтін екі кішкене қыздың оқиғасын
өрбіте отырып, «Сабыр түбі — сары алтын» екенін əңгімелейді;
Табиғатты қорғауға байланысты жазылған «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» атты
əңгімесінде [1; 67] балаларға қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатындағы «обал-сауап»
ұғымының мəнін түсіндіріп, экологиялық түсініктерін қалыптастырады;
Р.С.Каренов
42
Вестник Карагандинского университета
«Мақта қыз бен мысық» атты əңгіме [1; 132, 133] əлем балалар əдебиетінің үздік үлгілері
қатарында тұруға лайық дүние: қысқа-қысқа баяндау үлгілері, екеуара сөз қағысу, авторлық
қыстырма шығармаға жинақылық, жедел даму дарытады;
– «Лұқпан Əкім» [1; 92, 93], «Надандық» [1; 108–112], «Киіз үй мен ағаш үй» [1; 113–115],
«Дүниеде жамандық неден?» [1; 133–135] деген шығармалар қоғамдық өмірдің əр түрлі жайларына
арналған. Бұларда автор сол дəуірдің елеулі мəселелерін көтерді, надандық бұлты басып келген
халықтың санасын оятып, көкірегін ашуды көздеді;
– «Түлкі мен ешкі» [1; 77], «Жəнібек батыр» [1; 82, 83], «Баланың айласы» [1; 88, 89], т.б. осылай
жалғаса беретін əңгімелер топтамасында Батыс пен Шығыстың əдеби үлгілерінің ең татымды
тұстарын алып, кейбіреуін тəржімалап, кейбіреуін ықшамдап баршаға түсінікті етіп береді.
«Қазақ хрестоматиясына» арнап жазылған ғибратты қазақтың əңгімелерімен қатар Ыбырай
келесі мəтіндердің авторы:
«Орақ батырдың баласы Əлібек мырзаның бір ханға айтқан сөзі» [1; 25–28];
«Сейітахмет деген жігіттің үйіне түсірмеген құрбысына айтқан сөзі» [1; 28];
«Нұржан бидің бір сөзі»[1; 29];
«Орынбай ақынның Ерден батырды мақтаған сөзі» [1; 29, 30];
«Бір ақынның əділ төреге айтқан сөзі» [1; 30, 31] т.б.
Бұл мəтіндердің бəрі — қазақ əдебиеті үшін аса маңызды мағлұматтар.
Сонымен, Ыбырай Алтынсарин өзінің əңгімелері арқылы қазақ балалар əдебиетінің негізін
салды. Бұл — оның айрықша атап айтар тарихи еңбегі. Оның əңгімелерінің көркемдігі жоғары, нақты
оқиғаны дəл баяндайды жəне шыншыл. Жазушы-ағартушы адамдар бойында еңбексүйгіштік,
адалдық, ізгіліктік, достықта сенімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді дамытуға көп күш
жұмсады.
Алтынсарин аудармаларының мысал жанрының
қалыптасуына негіз болуы, қазақ əдеби
тілінің дамуына жол ашуы
Ыбырай Алтынсариннің тəржімашы-аудармашылығының өзі бір төбе. Қай кезеңде болсын
аударма ісі əдебиет пен тілдің үлкен бір саласы екендігі айтпаса да түсінікті.
Ыбырай Алтынсарыұлының аударғаны негізінен прозалық шығармалар. Поэзиядан тек қана
орыс классигі И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» [1; 22, 23] жəне «Егіннің бастары» [1; 21, 22] деген
мысалдарын аударған.
Ыбекеңнің аудармашылық шеберлігіне «Қарға мен түлкі» деген мысалдың мына бір
шумақтарының аудармасы айғақ:
— Қарға батыр, əр сөзің күміс, алтын,
Сырттан тілеу тілейді барша халқың.
Қарға-екеңдей дүниеде əуез жоқ деп,
Осылайша шығады сыртқа даңқың.
Сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім,
Жүзіңді бір көруге келіп едім.
Даусыңды бір шығаршы, шаттанайын,
Сырттан асық болғаннан өліп едім, –
Басын салып құйрығын былғаңдатып,
Екі көзін қарғаға қылмаңдатып, –
«Қарға тақсыр, көзім жасын көріңіз», — деп,
Жыламсырап сөйлейді жылмаңдатып.
Масаттанып бұл қарға сілкінеді,
Ішін тартып миықтан бір күледі.
«Арып-ашып алыстан келген шығар,
Көңілі тынып кетсінші, шіркін», — деді.
Мақтау сөзге семіріп судай тасып,
Пəрменінше «Қарқ!» етті ауызын ашып.
Қарқ еткенде ірімшік жерге түсіп,
Оны кетті түлкі-екең ала қашып.
Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин — …
Серия «Филология». № 4(80)/2015
43
Бұл аудармада суреткер түлкінің айлакер, сұм, зұлымдық бейнесін қаншалықты дəл, өткір,
шебер берсе, қарғаның мақтан сүйгіштігін, аңқаулығын да соншалықты шебер суреттеген.
Алтынсариннің аударғаны негізінен К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, И.И.Паульсон шығармалары.
Жазушы Паульсонның өз қаламынан туған жеті əңгімесін тəржімалаған: «Бір уыс мақта» [1; 71];
«Алтын шеттеуік» [1; 72]; «Аурудан — аяған күштірек» [1; 74–75]; «Тышқанның өсиеті» [1; 76];
«Дүние қалай етсең табылады» [1; 94–95]; «Əдеп» [1; 99]; «Тəкаппарлық» [1; 113].
Ыбырай орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстойды басқадан бұрын танып, оны өзінің ұстазы деп
санаған. Өйткені Толстой 1862 ж. Ясная Полянада шаруалардың балалары үшін мектеп ашып,
педагогикалық жұмыспен шұғылданады. 1870 жылдардың басында педагогикалық іске қайта кірісіп,
«Əліппе» (1871–1872), «Жаңа əліппе» (1874–1875) деген еңбектер жазды. Ұлы жазушы практикадан
тыс дерегі жоқ педагогиканың негізсіз екенін көрсетті. Ол тəжірибені қорыта білген педагогика ғана
нағыз ғылым болады деп тұжырымдады [4].
Ыбекең Л.Н.Толстойдың əр түрлі оқу құралдары мен балаларға арналған кітаптарынан бес
əңгіме аударды: «Силинші деген ханым» [1; 93]; «Мұңсыз адам» [1; 100, 101]; «Жамандыққа
жақсылық» [1; 112]; «Данышпан қазы» [1; 115–118]; «Үш ұры» [1; 118, 119]. Бұл əңгімелер
тақырыптық ерекшеліктері жағынан Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының арасында
көп тараған аңыз-əңгімелерге ұқсас. Толстойдың қыруар шығармалары ішінен Алтынсариннің дəл
осы тектес əңгімелерді таңдап алуы кездейсоқ емес. Ол əңгімелер ұлы ағартушының негізгі
көзқарасына сай келген жəне халық ұғымына жеңіл, өмір ерекшелігіне таныс.
Түйін
Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды: Ыбырай Алтынсарин — көрнекті ақын,
дарынды жазушы. Оның қаламынан бойындағы тамаша талабын танытқандай маңызы зор көркем
шығармалар туды. Ол өзінің бар күш-қуатын халықты ағарту, жастарды тəрбиелеу қызметіне
жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің түпкі қазығы да сол оқу-өнер, білім мəселесімен
сабақтас. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітіретін зор нысанасы —
қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мəдениетті елдердің қатарына қосу.
Сондықтан Ыбырайдың қоғамдық-педагогикалық, жазушылық қызметі өзектес, оның ізгі, көкейтесті
ойларының туындысы.
Ұлы педагог-ақын өзінің өлеңдері арқылы оқудың, өнер-білімнің маңызын түсіндіріп,
надандыққа қарсы шықты. Өмір шындығын танытар көркем проза жасады.
Қазақ балалар əдебиетінің негізін салды. Өзінің шығармалары арқылы қазақ əдебиетін жанр, түр
жағынан да, мазмұн-идея жағынан да ілгері бастырды.
Ыбырай Алтынсарыұлы қазақтың əдеби тілінің негізін салуда да елеулі еңбек етті. Тіл тазалығы
үшін күресіп, оны ұстартты. Өз туындыларында халықтық тілдің негізгі сөздік қорын пайдалана
білді. Əдеби тіл принципін қатаң сақтады. Шығармаларында мақал, мəтел, нақыл сөздерді, аңыз-
əңгімелерді шебер пайдаланды. Өмір шындығын халықтық стильде жазды.
Сонымен, Ыбырай Алтынсарин — кемеңгер ағартушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан
таныта білген аса дарынды суреткер, қажырлы қоғам қайраткері. Ол заманның ең маңызды
мəселелерін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы. Сөз жоқ, Ыбекең сол жаңаның
тынымсыз жаршысы. Ол өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды
Азамат.
Көрнекті əдебиетші-ғалым Қ.Жұмалиев «ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ əдебиеті» деген
ғылыми-зерттеу еңбегінде педагог-жазушыға: «ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Еуропа
мəдениетіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушылар дəрежесіне көтерілген əрі педагог, əрі
ақын-жазушы Ыбырай Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор» [5], — деп баға
берген.
Біз: «Ыбырай — ұлы педагог, Ыбырай — ағартушы», — деп жиі айтамыз. Ал осы ұлы ұстаздың
сан қырлы шығармашылық жолына аса мəн бермейміз. Ол ұлылықты педагогтік қызметімен ғана
емес, жазушылығы, ақындығы арқылы алып тұрғанын болашақта баса айтуымыз керек секілді.
Нақтырақ айтқанда, əдебиеттен ойып орын алатын тұсы — оның халық ауыз əдебиетін терең
зерттеуінде.
Р.С.Каренов
44
Вестник Карагандинского университета
Əдебиеттер тізімі
1 Алтынсарин Ы. Кел, балалар, оқылық: Өлең, əңгімелер мен мақал, жұмбақтар. — Алматы: Атамұра, 2006. — 168 б.
2 Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 859-б.
3 Мəдібай Қ. Үміт еткен көзімнің нұры балам... // Қазақ əдебиеті. — 2009. — 31 шілде. — № 3 (3144).— 6-б.
4 Қазақ Совет энциклопедиясы. — 11–т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., 1977. — 92-б.
5 Сəтбекова А. Қазақ мектебінің тағдырын ұлт тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды // Аңыз адам: Жұлдыздар
отбасы. — 2013. — № 17 (77). — 36, 37-б.
Р.С.Каренов
Достарыңызбен бөлісу: |