Әдебиеттанудың Өзекті мәселелері актуальные вопросы литературоведения relevant issues of literature study



бет1/4
Дата18.11.2023
өлшемі42,81 Kb.
#124747
  1   2   3   4
Байланысты:
Мақала әдебиет


ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
АКТУАЛЬНЫЕ ВОПРОСЫ ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЯ
RELEVANT ISSUES OF LITERATURE STUDY
Ғ.Е. Жақсылық*


Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қазақстан
(E-mail: zhaksylyk.gaziza@mail.ru)
Шығармадағы көркем антропология және ішкі монолог (Д.Исабековтің прозасы бойынша)

Мақала жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков прозасындағы кейіпкерлерді көркем антропологиялық және ішкі монолог тұрғысынан зерттеуге арналған. Әлем әдебиетінде көркем антропология ұғымын ашып зерттегендер, теориялық жағынан түсініктеме жасағандар болғанымен, қазақ әдебиетінде көркем антропология терминіне қатысты бірді-екілі мақалалар мен Қазақстандық ғалым, орыс әдебиеттанушысы В.В.Савельеваның «Художественная антропология» деп аталатын орыс әдебиеті шығармаларына талдау жасай отырып жазған еңбегінен бөлек, бұл ұғымды қазақ әдебиеті шығармалары тұрғысында талдап, зерттегендер болған жоқ. Мақаланың ғылыми жаңалығы да осында. Зерттеу жұмысымызда «Көркем антропология» ұғымын Д.Исабековтің прозасына талдау жасай отырып ашамыз. Біз қарастырып отырған Дулат Исабеков прозасында көркем антропологиялық қолданыстар жиі кездеседі.


Кілт сөздер: проза, көркем антропология, ішкі монолог, Дулат Исабеков прозасы


Кіріспе

Әдебиеттану ғылымында көркем шығармадағы кейіпкерлердің психологиясын ашудың түрлі тәсілі бар. Теориялық тұрғыдан қарасақ қаламгерлердің бәрі дерлік мұндай тәсілдердің ішінен ішкі монолог және көркем антропологияға жүгінетінін байқаймыз. Себебі, қолға алған туындысын жазудағы басты мақсатын көрсетудің де ең тиімді жолы өз ойын кейіпкер монологына лайықтап соның ойына салып беру арқылы кейіпкерінің ішкі жан дүниесін ашу, оқырманға жақындату. Зерттеу жаңалығымыз болып отырған көркем антропологиялық қолданыстардың теориялық тұрғыдан зерттелуі аз болғанымен, көркем туындыда мұндай жасалымдарды көптеп кездестіреміз. Портрет жасауда немесе болып жатқан оқиға, өрбіп жатқан әңгіме, диалогқа қатысты кейіпкерлердің түрлі эмоция, мимика, ым-ишараттарының көрінуі және осындай тәсілдер арқылы образды жан-жақты ашуға, жан-дүниесіне бойлауға мүмкіндік беретін қолданыс көркем антропология болып табылады. Қазақ прозасындағы кейіпкер психологизмін зерттеу жайы қазіргі таңдағы ең актуалды тақырыптардың қатарында. Себебі, жазушылар туғызып жатқан түрлі кейіпкерлер мен олардың ішкі ойын көрсетуде түрлі тәсілдерге баруы зерттеу объектісін кеңейту үстінде.


Қ.Ергөбек: «Дулат Исабеков – мейлі өткен күн тағылымын айтсын, мейлі бүгінгі күн шындығын жазсын, қайда да, қашан да – шынайы суреткер. Айтарын характер арқылы бейнелей айтады, жазарын көркем детальдарды ойната құбылтып ашады, шығарманың көркемдік формасы жұтынып, композициясы дөңгеленіп шып-шымыр шығады»-деп, қаламгер туындыларына тамаша баға берді [1, 123]. Д.Исабековтің қаламынан туған «Пері мен періште» повесіндегі Құлахмет ағайдың Сафураға алған біз өкше туфлиі, Нәзікетке арнаған қызыл лентасы мен жинаған ірі-ірі қып-қызыл алмалары да деталь қызметін атқарады. Қызыл лента Нәзікеттің бұрымына арналған. Қазақ отбасындағы бұрымды кішкентай қыздың қызыл алмадай өсіп келе жатқандығының белгісі. Қызыл түс – әдеміліктің, қызғалдақтай балғындықтың символы. Жазушы Құлахметтің көңіліне қуаныш орнатқан кішкентай ғана ботақанын өз отбасында, әке - шешесі қасында, қызғалдақтай өсіп келе жатқан періште көңілді Нәзікетті біз өкшелі Сафурадай шешесінің жұлып алып кетуін деталь дәлдігімен бере білген. Авторлық таным тұрғысынан біз өкшелі туфлидің өзін деталь ретінде алып, оны біздиген Сафура характерімен психологиялық параллелизмде суреттейді.
Көркем шығармадағы әрбір кейіпкердің психологиясы, көрсеткен эмоциясы, ішкі ойы, жан дүниесі және оның көрсеткен әрбір мимикасы, әрбір емеуріні мен қимылы арқылы көрініс табады, бір-бірімен тығыз байланыста болады. В.В.Савельева «Художественный текст и художественный мир» атты еңбегінде «... эмоционалдық күй-жағдайларды заттық, көзге көрінетін құбылыстар арқылы алмастырып жеткізу - әдебиетте дәстүрлі жолдың көрінісі, дегенмен, лингвистердің айтуынша, эмоционалдық күйді дене бітімі немесе көзге байқалатын құбылыстар арқылы жеткізу – тілге тән құбылыс. Мысалы, адамның қорқыныш, үрей сезімі оның денесінің суыққа жауап беретін реакцияларымен сәйкес келеді (денесін суық қарып бара жатуы, төбе шашы тік тұруы, мұз жүрек болуы), ал қуану әрқашан ойнау, қызықтыру, ұшқындау, жарқырау, нұрлану сияқты сезімдермен беріледі», - дейді [2, 67]. Мұндай қолданыстарды Дулат Исабеков өз шығармаларында шебер қолдана білген. Кейіпкердің оқиға барысында көрсеткен түрлі мимикасы арқылы автор сол оқиғаға қатысушы кейіпкердің толық бейнесін қалыптастыра алған. Қаламгердің туындыларынан көз, адамның өңі жүзі, мұрты, шашы, ерні, кірпігі, қасы, мұрны арқылы жасалған психологиялық портреттердің шебер шыққанын көруімізге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет