Абай (Ибраһим) Құнанбаев 1845-ж. осы күнгі Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған. Абайдың арғы атасы Ырғызбай, бергі атасы Өскенбай-екеуі де феодал. Өз әкесі Құнанбай-жас кезінде «батыр» жігіттің бірі саналып, өсе келе сөз ұстап, ел басқарған адам. 1822-ж. шыққан патша өкіметінің Сiбiр қазақтарына арнап шығарған уставы бойынша қазақ даласы округқа бөлініп, округты бұйрық арқылы билеу тәртібінен кейін, Құнанбай Қарқаралы округына аға сұлтан болып сайланады. Құнанбайдың атын шығаруға бұл жағдайлардың мәні үлкен болды. Өйткені ел билейтін хан, аға сұлтандар бұрын хан, төре нәсілдерінен болып келсе, жоғарғы заң бойынша, ол міндетті түрде төреден болмай-ақ, қарадан шыққан мықты феодалдар да ел басқаруға жарай беру мүмкіншілігі Құнанбайды аға сұлтан етсе, бұл жай-жапсарды жақсы ұға білмеген көпшілік Құнанбайды ерекше бағалайды. Өз қолындағы әкімшілігін Құнанбай өз керегіне толық пайдалана білді.