№5 дәріс: Қазақ жазуының тарихы. Қарастырылатын сұрақтар: 1. Кирилл графикасына негізделген жазу.
2.С.Аманжоловтың қазақ жазуы тарихандағы рөлі.
Кирилл графикасына негізделген қазақ жазуы Қазақ жазуын кирилл графикасына негізделген әліпбиге көшіру кезеңі 1930 жылдардың екінші жартысынан басталды. Қазақстанда ол 1938 жылдың орта кезінен басталды. Бірақ бұл жұмыста латын графикасын қабылдағандай бір орталықтан басқару болмады. Түркі тілдес республикалардың графикасын ортақ заңдылықтар негізінде жүйеге келтіретін орталықтар болмағандықтан, түркі тілдес халықтардың ортақ графикалық жүйесі қалыптаспады. Басқа түркі халықтары сияқты қазақтар да орыс графикасына көшуді 1940 жылы аяқтады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бесінші сессиясы 1940 жылдың 10 қарашасында «Қазақ жазбасын латын алфавитінен орыс графикасы негізінде жасалған жаңа алфавитке көшіру туралы Заң» қабылдады. Бұл жаңа әліппеде 41 әріп бар, оның 32-сі орыс тіліндегі таңбалар, болса, қазақ тілінің өзіне тән 9 әрпі қосымша таңба ретінде берілді.
Кириллица - славян әліпбиінің алғашқы екі түрінің бірі (екіншісі – глаголица). Әліпби славян ағартушысы Кириллдің атымен аталған әліпби. Кирилл 827 жыл шамасында Фессалоники (Солунь) қаласында туған. Кирилл славян елдеріне христиан дінін уағыздау үшін славян әліпбиін жасайды. Грек жазуының 25 әрпіне славян тілінің дыбыстарын белгілеу үшін қосымша 18 әріп қосып, 43 әріптен тұратын әліпби құрастырды. Қазіргі кириллица 43 әріптен тұрады, ол әуелде 38 әріптен құралып, оған 5 әріп кейін қосылды. Кириллицаның әріптік құрамы көне славян тілінің дыбыстық жүйесіне сай келеді, сондықтан ол қазіргі славян тілдерінің көпшілігінің әліпбиіне негіз болды. Кириллица грек жазуы негізінде жасалған. Ресейге кириллица 10 ғасырда енген. Орыс әліпбиінен кириллицаның 12 әрпі шығарылып, екі жаңа әріп (й, е) қосылған. 1940 жылы Кеңес Одағы халықтары біртекті әліпбиді қолдануы қажет деген саясатпен КСРО құрамындағы халықтардың жазуы жаппай кириллицаға көшірілді. Оның ішінде қазақ жазуы да кирилл әліпбиіне көшіріліп, бүгінге дейін қолданылып келеді. Орыс тілінде жоқ қазақ тілі дыбыстарының таңбалары кирилл таңбаларына ұқсастырылып (қ-к, ғ-г, о-ө, ң-н), қазіргі қазақ әліпби қабылданды.
Латын графикасынан кирилицаға көшу жұмысына басшылық ету, кирилицада жоқ, бірақ қазақ тілінде бар 9 дауысты/дауыссыз дыбыстарды таңбалау туралы ойлы пікірлер айтып, жаңа әліппенің жобасына жетекшілік жасаған - Сәрсен Аманжолов еді.
Аманжолов Сәрсен - 1903 жылдың 27 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келіп, 1958 жылдың 28 қаңтарында Алматыда қайтыс болды. 1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген соң Алматыда ашылған Қазақстан ұлт мәдениет институтында ғылыми хатшы болып істейді. (1934-1936 жыл) 1936 жылдан бастап өмірінің ақырына дейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында қазақ тілі кафедрасының бастығы болып істеді. Сонымен қоса (1937-1942 жж.) КСРО Fылым академиясының Қазақстандағы филиалында сектор бастығы, кейінде 1948-1952 жылдар арасында Тіл, әдебиет институтында терминология секторын басқарды. 1942 жылдың ақпан айынан 1946 жылдың маусым айына дейін Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысы жылдары орыстан басқа ұлттардың жауынгерлері арасында қоғамдық, ағартушылық және тәрбиелік жұмыстар жүргізді. 1948 жылы ақпан айында Мәскеуде «Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» атты докторлық диссертациясын қорғады. 1954 жылы қарашада Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Ол қазақ тілі білімінің көптеген мәселесімен айналысқан, мектептен бастап, жоғары оқу орындарына оқулықтар, оқу бағдарламаларын жазды, көптеген лингвист-ғалымдар дайындады. 2003 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне тілтанушы-түрколог, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың есімі берілді.