Педагогикалық зерттеулер түрлері. Педагогика саласындағы зерттеулер деп тәрбие үдерісінің заңдылықтары, оның құрылымы мен тетігі, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру теориясы және әдістемесі, оның мазмұны, ұстанымдары, әдістері және тәсілдері туралы жаңа білім алуға бағытталған ғылыми іс-әрекет үдерісін және нәтижесін айтуға болады. Педагогикадағы зертеулер оқу-тәрбие үдерісінің құбылыстары мен деректерін түсіндіреді және болжайды. Ғылыми-педагогикалық зерттеу эмпирикалық тексеруге болатын нақты қойылған деректерге негізделеді, әйгілі болған теорияларға сүйенеді, мақсатты бағытталған, жүйеленген, барлық элементтердің, әдістердің өзара байланысымен ерекшеленеді. Онда эмпирикалық, логикалық және теориялық танымдық міндеттер сараланып шешіледі. Ғылыми-педагогикалық зерттеудегі түсініктеме элементтерін басқа ғылыми зерттеулерде қолдануға болады және логикалық–құрастырушылық кесте көлемінде жасалған стандарттар негізіне құрылады.
Зерттеулерді жіктелуді талдау мәселесі педагогикалық әдебиеттерде біршама қарастырылған. Типология бойынша зерттеудің жіктелуі 60-шы жылдары пайда болды. Сонымен, И. Т. Огородников жұмыстың үш түрін бөліп көрсетті: педагогика жетістігінің теориялық және практикалық қорытындысын шығаратын қорытынды зерттеу; көп қырлы тәжірибелік іс-әрекеттің заңдылықтарын ашатын, жеке жақтарын тереңдетіп зерделеуге бағытталған жұмыстар; оқу–тәрбие мекемесінің жеке типтеріндегі өскелең ұрпақтың тәрбиесі және оқыту тәжірибесіне тікелей жетекшілік ететін мақсатта құрылған нормативті және құрылымды-әдістемелік қайта өңдеулер (оқу бағдарламалары, оларға түсініктеме хат, әдістемелік құрал, оқулықтар).
Берілген жіктелуді М.А. Данилов шартты және салыстырмалы деп есептеді және жоспардағы қойылған мәселе деп қарастырды. Кейінірек ғылымтануда зерттеудің іргелі, қолданбалы және қайта жасалымдар деп жіктелу қатары пайда болды. Іргелі зерттеулер педагогикалық үдерістің заңдылықтарын ашады, ғылымның жалпы теориялық тұжырымдамасын, оның әдіснамасын, тарихын жасайды. Олар ғылыми білімді кеңейтуге бағытталған, ғылыми ізденіске жол сілтейді, қолданбалы зерттеу және жасалымға арналған база құрады. Қолданбалы зерттеулер оқыту, тәрбиелеу әдістері, білім мазмұны, оқытушыларды дайындау мәселелерімен байланысты теориялық және тәжірибелік жеке міндеттерді шешеді. Көптеген жағдайларда қолданбалы зерттеулер іргелі зерттеулерді жалғастырады. Олар ғылым және тәжірибені, іргелі зерттеулер мен жасалымдарды, теоретиктер мен практиктерді байланыстыратын аралық буын рөлін атқарады.
Педагогикалық зерттеудің әрбірі жеке сала ретінде қарастырылатын әдіснама, дидактика, тәрбие теориясы, педагогика тарихы, мектептану сияқты пәндердің шекарасында жүргізіледі. Әрбір пәннің көлемінде іргелі де, қолданбалы зерттеу де болуы мүмкін. Бұған дәлелді біз педагогикалық іс-әрекет түсінігіне талдау берілген В. В. Краевскийдің жұмысынан табамыз. Ол өзіне тәрбиешілер, мұғалімдер іс-әрекетін ғана емес, сонымен қоса, педагогика саласындағы ғылыми іс-әрекетті, мұғалімдерге педагогика ғылымындағы материалдардың берілуін, педагогика саласындағы ғылыми әрекетті бағыттайтын және реттейтін басқарушылық жұмысты да қамтиды. Бұндай кең түсінік бізге әрбір педагогикалық пәнде іргелі және қолданбалы зерттеу болуы мүмкін деген негіз береді.
Жіктелу нысандарының белгілі бір қасиеттерін сипаттайтын, зерттеудің тәуелсіз жіктелінген топтамаларға бөлінуі – ғылыми-педагогикалық зерттеу жіктелуінің негізіне фасетті әдіс лайық. Зерттеу қасиеттерінің теориялық және тәжірибелік бағытталған сипатында төрт жеке фасет ерекшеленеді. Бірінші фасет – зерттеу міндеттері - ғылыми қызметкерлердің, ғалым-педагогтердің өздерінің алдына қоятын мақсаттары, жан-жақты жоспарланған нәтижелерге бағытталып жүргізетін жұмысы сипатталады. Екінші фасет – зерттеу нәтижелері – ғылыми іс-әрекет нәтижесінде алынған өнім, білім түрлерін көрсетеді. Үшінші фасет – зерттеу мекен-жайы – ғылыми және тәжірибелік іс-әрекет барысында алынған нәтижелерді пайдалануға қызығушылық тудыратын ұйым мен ортаны анықтайды. Төртінші фасет – құжат түрлері – ғылыми-педагогикалық зерттеу нәтижелері берілген жарияланым типтерін сипаттайды.
Ғылыми-педагогикалық зерттеудің әртүрлі қырларын сипаттау берілген фасетке тән және көпқырлы белгілерін көрсететін фасеттің әрқайсысына көптеген терминдер енеді. Сонымен, зерттеу міндеттері: сипаттау, анықтау, негіздеу, жасау, айқындау, толықтыру, жүйелеу, жетілдіру, дамыту, нақтылау, талдау (тұжырымдаманы, болжамды, әдістемені, әдісті, білім мазмұнын және т. б.) болуы мүмкін. Зерттеу нәтижелері тұжырымдамаларды, ұстанымдарды, заңдылықтарды, болжамдарды, жіктеулерді, әдістемелік нұсқауларды, ұсыныстарды, оқу құрал-жабдықтарына талаптарды және т. б. қамтиды. Барлық педагогикалық мәселелерді шешу әлеуметтік, этикалық нұсқауларға байланысты. Гуманитарлық әдіснама педагогикалық нысаналардың қызметінің құндылық-бағдарлы мәнін түсіну модельдерін құруға бағдарлайды. Педагогикалық білім ғылыми-педагогикалық тілде сәйкестікпен бейнеленеді, барлық зерттеу сұрақтары өзара байланысты.
Гуманитарлық әдіснамаға ерекше педагогикалық құбылыстар мен үдерістердің сапалық жақтарын зерделеу тән, өйткені педагогикалық зерттеу барысында алынған тұжырымдар мен нәтижелердің құндылық сипаты педагог әрекетімен шартты байланыста деп түсініледі. Гуманистік тәрбие – рухани құндылықтардың әдіснамалық негізі. Жоғары мектеп педагогикасы бүгінгі күні көптеген жалпы ғылымилық, әлеуметтік-философиялық; әлеуметтік-мәдени және адамгершілік-эстетикалық үдерістердің тоғысуына тап келіп отыр, өйткені қоғамдық өмірдің күрделі талаптарына сәйкес тәрбиенің құндылық сипаттарын қайта анықтау өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Ал оның алғышарты ретінде басты гуманистік құндылықтарды дамыту, яғни жеке тұлға бойында қайырымдылықты, шыншылдықты, әділдікті, еркіндікті қалыптастыру педагогика ғылымының прогрессивті ұстанымдарының бірі болып табылады. Олар әсіресе, тәрбие практикасында бүгінгі күні жалпыадамзаттық негізгі құндылықтарды анықтау, бекіту үшін аса қажет. Болашақ мамандарды даярлау барысында негізгі мақсат – шығармашылықпен жұмыс істей алатын, гуманистік көзқарасы мен сенімдері қалыптасқан тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Бұл үшін әуелі ғылымда әдіснамалық зерттеулер жүргізіледі.
Педагогиканың әдіснамасының заманауи түсініктерінің бірі болып әдіснамалық мәселе танылады. Зерттеушілер әдіснамалық мәселелерді үш белгісі бойынша реттеуді ұсынды – деңгейі, пәндік мазмұны мен сипаты бойынша. Әдіснамалық мәселелерді бөлудің негізі ретінде әдіснамалық білімнің төрт деңгейін бөліп көрсетеді: философиялық әдіснама, жалпы ғылымдық әдіснама, жеке ғылымдық әдіснама, нақты зерттеу техникасы мен әдістемесі; пәндік мазмұны (пәндік облысы), сипаты (аты жай шартты түрде алынған, негізінде бұл жерде әдіснамалық мәселе тар мағынада тәжірибелік әдістер мен танымдық құралдарын жетілдіру немесе іздеуге бағытталған іс әрекет; кең мағынада, әдіснамалық мәселе болып шешімдері оқиғаларды түсіндіруде жалпы сипатын беретін, соған сәйкес оларды басқару сипаттарын анықтайтын мәселелер).
Келесі түсінік – педагогика саласында әдіснамалық зерттеу. «Әдіснамалық зерттеу» түсінігі педагогикалық зерттеудің бір түрі ретінде 1970 жылдардан бастап қарастырыла бастады. Ғалымдар негізгі бағыттарын жасап, әдіснамалық мәселелердің, оның қызметтерін, зерттеу пәнін анықтап, әдістемелік зерттеу объектісін нақтылауға талпыныстар жасады. Әдістемелік зерттеулерді жасауға арналған еңбек ретінде біздің көзқарасымыз бойынша, М.Н.Скаткиннің монографиясын айтуға болады. Ондағы үшінші бөлім «Әдіснамалық зерттеудің міндеттері мен оның педагогика ғылымының дамуындағы алатын рөлі» атты бөлімі ғылым мәселелерімен айналысып жатқан маман-методологтарға ғана арналған. Автор әдістемелік зерттеудің айналымы мен пәнін, олардың деңгейлерін нақтылап, әдістемелік зерттеулерді жүргізудің өте маңыздылығын атап көрсетеді, педагогика саласындағы барлық ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін бағыт болатынын айтады.