Колумбия университеті - АҚШ-тағы озат кеңінен танымал жеке меншік университеттердің бірі. Университеттердің жалпы ұлттық рейтингінде 2007 жылы тоғызыншы орынды иемденді. Ал әлеуметтік ғылымдар саласында үшінші орын, құқықтық пәндер бойынша екінші орында. Онда Нобель сыйлығының жетпіс алты лауреаты еңбек еткен. 1996-2006 жылдар аралығында университеттің он бес қызметкері Нобель сыйлығының иегері атанды. Жыл сайын медицина және медициналық технология аймағында жүз жетпіс бес инновация университет қабырғасынан шығып жатады. Алты жүздей патент компаниялармен жүзеге асырылуда. Басқа да зерттеу университеттері секілді мұндағы ғылымға бөлінген қаржының ауқымдылығы профессорлар, аспиранттар мен студенттерді іргелі зерттеулер мен қолданбалы өңдеулерге тартумен түсіндіріледі.
Ұлыбританиядағы реформаны талдау қаржылық ресурстарды басқару саласында университеттердің өз еріктілігінің артқанын және жоғары оқу орындарының коммерциялануға айқын бағытталғанын көрсетті. Қазақстанда өткізіліп жатқан нарықтық өзгерістер шет ел оқу орындарының тәжірибесіндегі қосымша табыс алу ұстанымдарын, әдістерін, тәсілдерін және оларды инновациялық әзірленімдерге пайдалануды Қазақстанның өзіне үлгі етіп алу қажет. Оксфорд университетінің тәжірибесі әсіресе үлгі болуға лайық. Мұнда кәсіби мүдделері бойынша келесідей болатын (шартты түрде) тұлғаларды шығарады. 1.жеке тұлға-инновацияшы; 2.жеке тұлға -кәсіпкер; 3. жеке тұлға-өндіруші.
Шведтік Халмер технологиялық университеті инновациялық әзірлеме мен менеджмент бөлімі инновациялық инкубатормен бірлесе отырып, аймақтық инновациялық нарық пен инновациялық кәсіпкершілікті дамытуға ықпал жасауды жүзеге асырады.
Қазақстанда университеттердің инновациялық әрекетінің бірнеше жылдық тәжірибесі ондағы маңызды мәселелерді бөліп қарастыруға мүмкіндік береді, мәселенің болуы университет әрекетін жетілдіруге бағытталған күштің тиімділігін төмендетіп отыр.
Университеттердің осы орайда төрт типін бөліп қарастыруға болады: енжар-бейімделгіш, белсенді-бейімделгіш (жағдаяттық), озық (көшбасшы) және өзгермелі.
Университеттердің инновациялық әрекетіне жасалған талдауға сүйене отырып, инновациялық белсендігі жоғары мекемеге былайша сипаттама беруге болады:
-ондағы мәселелер айқындалып, оны шешу жолдары да бірізділікке түседі;
-барлық іс-әрекеттеріне деңгей бойынша сапалы талдау жасалады;
-үнемі даму, ізденіс үстінде болады;
-әр оқытушы-профессорлық құрам өз жұмысын жетілдіруге бағытталған әдістерді іздестіріп, тапқан жаңалықтарымен ұжымда талқылау жүргізеді;
-басшылыққа университеттің жұмысын арттыру мақсатында оқытушы-профессорлық құрам өзінің үздік ұсыныстарын жеткізеді;
-ғылыми конференция, семинар, кездесулерге белсенді қатысып, өз пікірлерін баяндап отырады, сол арқылы тиімді тәжірибе алмасады;
-университетте педагогикалық үдерісті жүзеге асыруға барлық жағдай жасалынады;
-әдіснамалық семинарларда ғылымның соңғы нәтижелері талқыланып, басқа да үлгі тұтарлық мекемелердің озық тәжірибесі жиі ортаға салынады;
-университетаралық және халықаралық байланыстар белсенді жұмыс атқарады және т.б.
Университеттердің жаңашылдықты іздеуі, бағалауы және талдануы жүзеге асырылу барысында ғалымда (В.С. Лазарев жәнет.б.) негізгі төрт мәселені бөліп қарастырды:
Жаңа ғылыми өңдемелер мен озық тәжірибе туралы ақпараттың қолжетімділігі. Мұнда тек жаңашылдық туралы білу емес, оны бағалауға, қажетті шешім қабылдауға, оны енгізу немесе бас тартуға қажетті толық мәліметтің болуы маңызды.
Жаңашылдықты бағалау мен шешім қабылдау тетігінің әлсіздігі. Жаңашылдықты ендіру немесе енгізбеу туралы шешім басшылықтың құзырында, ал мұнда үстірт көзқарастың деңгейі өте жоғары болуы мүмкін.
Университеттің даму жолын іздестіруде оқытушылардың ынтасының төмендігі.
Университеттің білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін іздестіру мен бағалауда ОПҚ-ын қатыстыру тетігі мен оны ұйымдастыру деңгейінің төмендігі.
Осылайша, тәжірибені талдау көрсетіп отырғандай университеттердің инновациялық әрекеті жоғарылап келеді. Алайда, жалпылама қарастырсақ, көптеген университеттердің өзін дамытуға қабілеттіліктері жоғары емес. Университеттердің инновациялық әрекет тәжірибесі, оның білім беру әрекеті сияқты жетілдіруді талап етеді.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда әлемдік қоғам мойындаған әлеуметтік, саяси жағынан дамушы ел ретінде танылды. Енді мемлекет дамудың жаңа сатысын бастады. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастауымен индустриальды-инновациялық дамуы бойынша мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Білім жүйесін дамытуға, экономика саласының инновациялық жаңаруына көңіл бөлінуде. 2011-2020 жылдарға арналған білім саласын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламасына жаңа тетіктер енгізілді. Білім берудің жаңа сапасына көшуде. Қазіргі таңда бүкіл дүниежүзі бойынша білім беру сапасы ең маңызды мәселе болып есептеледі.
Мамандар дайындау бойынша Қазақстан университеттері жаңа сатыға көтеріліп отыр. Біріншіден, мамандар дайындау үшін ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделген бағдарлама дайындалу қажет. Ел университеттерінде іргелі, қолданбалы ғылыми жетістіктер жеткілікті. Инновация, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу, жаңа технологиялар жасау жағына келгенде тәжірибе аз. Осы жағынан тәжірибемен бөлісуді қажеттігі туындауда.
Жоғары мектептегі инновациялық әрекеттің мәндік мазмұнын ашуда көрсеткіштер жүйесі айрықша маңызға ие. Жоғары мектептегі инновациялық қызмет бір позициядан қаралуы мүмкін емес. Оған толық барабар баға беру үшін демографиялық жағдайды, ауқымдылықты, инновациялық әлеуетті көрсететін белгілі бір көрсеткіштер тобын таңдау қажет. Жоғары мектептің инновациялық қамтамасыз етілуі мәселесін зерделей отырып, қомақты «салмаққа», болжаулық қасиеттерге негізделген көрсеткіштерді бөлген жөн.
Қазақстанда инновациялық білім беру және инновациялық инфрақұрылым сәтті дамуда, жоғары оқу орындарында корпоративті мәдениет және бәсекелестік орта қалыптасуда, бизнес инкубаторлар мен студенттік-инженерлік зертханалар құрылып жұмыс жасауда деп толық сеніммен айтуға болмайды. Бір жағынан, үлкен үмітпен бұл үдерістің қалыптасуына алғышарттар бар екендігін айтуға болады.
Жоғары мектептің бірінші, екінші, үшінші даму кезеңдері алдымен мемлекеттік жоғары оқу орындарының өсуімен сипатталды, бірақ кейіннен отандық жеке меншік және шетелдік жоғары оқу орындары да қарқынмен дами бастады. Оларда 140 мамандық бойынша, негізінен гуманитарлық сала бойынша білім беріледі. 2000 жылға дейін мемлекеттік емес жоғары оқу орындары санының өсуі орын алды, әрі қарай олардың сапалы өсуі байқалды.
Жоғары оқу орны жүйесінің дамуындағы ерекше орынды төртінші кезең алады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен (Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылдың 5 шілдесіндегі №648 «Жекелеген жоғары оқу орындарына айрықша мәртебе беру туралы» Жарлығы) жекелеген жоғары оқу орындарына айрықша мәртебе берілді, олар білім беру жүйесінің көшбасшылары болуы тиіс болды.
Аймақтық білім беруді дамыту мақсатында елімізде 18 аймақтық жоғары оқу орны анықталған. 2001 жылы екі халықаралық жоғары оқу орны ашылды: Қазақ-Британ техникалық университеті мен М.В. Ломоносов атындағы ММУ-нің Қазақстандық филиалы.
Жоғары мектеп дамуының бесінші кезеңінде әр нақты оқу орнының профессорлық-оқытушыларының сапалық және сандық құрамы туралы айқын көріністі қалыптастыратын Қазақстан жоғары оқу орындарының штаттық оқытушылары жөніндегі мәліметтер базасы жасалды. Жоғары оқу орындарының педагогикалық қызметкерлеріне жүргізілген аттестация кәсіби құзіреттілік деңгейінің артуына, шығармашылық бастамашылықтың және шеберліктің дамуына, білім беру қызметкерлердің беделі мен абыройының өсуіне, оларды моральдік және материалдық көтермелеу мүмкіндігінің кеңейіуіне, еңбекті төлеу деңгейінің көтерілуіне жол ашты.
Дәл жаңа мыңжылдық басында Қазақстан білім берудің жаңа ұстанымдарын қалыптастыруда шешуші қадам жасады. Біреулер үшін бұл үдеріс «жетілдіру, дамыту, жаңғырту» болса, біреулер үшін «вестернизация», яғни толық немесе ішінара қайта бағдарлау болды. Ресейде жоғары оқу орнына түсуге Бірыңғай тестілеуге көшу қажеттігі немесе көшудің мүмкін еместігі туралы дау жалғасу үстінде болғанда Қазақстан толығымен Бірыңғай Ұлттық Тестілеу моделіне көшіп кетті, жоғары оқу орындарын акциялау мен білім беру гранттары мен кредиттерін беру жүйесін ендіруге кірісті.
Қазақстандағы жоғары мектепті реформалардың маңызды шарттарының бірі еліміздің Болон үдерісіне жедел кіруі және үш деңгейлі модельге енуі болды. Бұл деңгейлер: базалық 4 жылдық бакалавриат, 2 жылдық магистратура, докторлық бағдарлама PhD. Доктарантура аспирантура, ізденіс, докторлық диссертацияны даярлаудың әр түрлі формалары сияқты білім беру бағдарламаларының жиынтығын біріктіреді деп қарастырылған. Білім беру реформасының идеологтары PhD бағдарламалары диссертациялық зерттеулерге әзірлік кезеңін барынша қысқартады және ғылыми дәреже беруде көптеген керексіз сәттерді жояды деп сендіреді. Бұдан өзге, кеңестен кейінгі кеңістікте халықаралық білім беру стандарттарының рецепциясы жолындағы кедергілердің бірі - нострификация мәселесі – жоғары білім туралы құжатты мойындау мәселесі шешіледі.
Жоғары мектепті ұйымдастырудың үш деңгейлі моделіне көшу – бұл бұрынғы Одақтың барлық елдеріндегі жағдаят. Кеңестік жоғары білім беру жүйесі ұзақ уақыт өзін өзі ақтап келді және білім беруді жоғары деңгейін қамтамасыз ете білді. Алайда, ТМД елдері жаңа нарық жағдайында бұл моделді өзгеріссіз сақтап қала алмады, мамандарды даярлаудың бес жылдық жүйесі еңбек нарығының сұраныстарын өтей алмады, еңбек нарығында белгілі бір «ойық» қалыптасты, бұған бейімделуге дәл осы екі деңгейлі «магистр-бакалавр» жүйесі көмектесті. Басқаша айтқанда, шет елде бес жыл оқыған маманның дипломы магистр дипломының дәрежесі тең әріптесі бола алмады. Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына қарағанда қазақстандық жоғары оқу орындары үшін бұл мәселе өзектірек мәселе болды, себебі Ресейде халықаралық білім беру стандарттарына қарамастан, дипломы Батыста сұранысқа ие бірқатар «брендтік» университеттер болды. Қазақстанның жоғары оқу орындарының мұндай артықшылығы болмады және Болон үдерісіне ену – қазақстандық дипломдардың шет елдерде жарамдылығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болып табылды.
Реформаның бұл қыры Қазақстан үшін сонымен бірге қолданбалы сипатқа ие болды, себебі білім берудің халықаралық стандарттары жоғары оқу орындарының білікті ғылыми және педагогикалық кадрлармен белгілі бір шамада «толығуын» қатаң талап етті. Ғылым кандиттары мен докторларының санының жеткіліксіздігі ғылыми дәреже алу рәсімін жеңілдету қажеттігін талап етті. Бұл міндетті шешу аясында PhD бағдарламасы бойынша дайындықтан өткен мамандар тиісті ғылыми дәрежені тікелей жоғары оқу орнының диссертациялық кеңесінде алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім мен ғылымды ұштастыра жүргізу шараларын іске асыру мақсатында ғылыми-зерттеу институттарымен келісімшарттарға қол қойылды. Зерттеу жүргізу бағыттары айқындалып, оқытушы-профессорлар құрамын, магистранттар мен докторанттарды жұмылдырудың бағдарламалары жасалынды. ҚазҰУ-дың классикалық үлгідегі оқу орнынан ұлттық зерттеу университетіне айналдырудың бағдарламасының өмірге келуі әлемдік топ-университеттердің орташа тобына енудің алғашқы қадамы. Жаңа үлгідегі университетке айналудың бірінші ұстанымы, ол – инновацияға негізделген білім. Сонымен қатар, мұнда 24 ғылыми-зерттеу институтын шоғырландырған ғылыми инфра-құрылым бар.
Ұлттық зертеу университеті статусын иемдену үшін студент жастардың зерттеу әрекетін дамыту қажет, өз ғылыми ойларын қаржыландыруға дейін жеткізгісі келетін шығармашыл білім алушылардан құралған бизнес-инкубатордың жұмысын белсендіру керек. СҒЗЖ және МҒЗЖ аясында жасалған кез-келген зерттеу мен гранттарды ғылыми ұжым қаржылық өнімді құру мүмкіндігі ретінде қарастыру қажет және өз интеллектуалды әлеуетін қолдана отырып нарықта кіріс таба бастау керек.
Сұрақтар мен тапсырмалар Инновациялық білім беру мәселелерін зерттеу әдіснамасы мен әдістемесі туралы
әдебиеттерге шолу жасаңыз.
Қазақстандағы университеттердің инновациялық әрекетінің сипатына қарай 4 топқа
бөліну өлшемдерін негіздеңіз.
Қазақстанда инновациялық білім беру және инновациялық инфрақұрылымның даму