Білектің арт жағындағы беткей бұлшық еттерітоқпан жіліктің сыртқы өсіндісі мен кәрі жілік, шынтақ сүйектердің артқы беттерінен басталады.
1. Тоқпан-кәрі жілік еті -тоқпан жіліктің сыртқа бетінен басталып, кәрі жіліктің «біз» өсіндісінен бекиді.Жиырылғанда пронацио қалпында тұрған қолды керісінше (орталыққа) айналдырады және бұл ет қолды шынтақ буынынан бүгуге көмектеседі.
2. Білезік жазатын кәрі жіліктің ұзын және қысқа еттері - тоқпан жіліктің сыртқы өсіндісінен басталып, оның ұзын еті ІІ алақан сүйегіне, ал қысқа еті ІІІ алақан сүйегіне бекиді. Олар жиырылғанда қол басын жазуға көмектеседі.
3. Саусақтарды жазатын жалпы ет білекті бойлай төмен түсіп, төрт сіңірге бөлініп, қол басының сыртынан ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү саусақтарға бекиді. Жиырылғанда саусақтарды қол басымен бірге жазады.
4. Шынтақтың білезік жазатын еті - Ү алақан сүйегінің арт жағынан бекиді. Жиырылғанда қол басын жазады.
Білектің артқы жағындағы терең бұлшық еттеріне: супинатор және ІІ-ІІІ саусақтың жеке бұлшық еттері жатады.
5. Супинатор еті – тоқпан жіліктің сыртқы өсіндісінен және шынтақ жіліктің қырынан басталып, кәрі жілікті қиғаш айналып өтіп, сыртқы жағынан бекиді. Жиырылғанда білекті сыртқа қарай айналдырып, алақанды алға қарай тартады, сондықтан да бұл етті супинатор деп атайды.
6. Басбармақты алшақтататын ұзын ет - шынтақ сүйек пен кәрі жіліктің сырт жағынан және сүйекаралық жарғағынан басталып І алақан сүйегіне бекиді.
7. Басбармақты жазатын ұзын ет - І саусақтың негізгі бақайшығына бекиді.
8. Басбармақты жазатын қысқа ет шынтақ сүйектің арт жағы мен сүйекаралық жарғақшасынан басталып, І саусақтың тырнақты бақайшығына бекиді. Бұл екі еттің жұмысы атына сай басбармақты жазады.
9. Сұқ саусақты жазатын ет – шынтақ сүйектің сыртқы беті мен сүйек аралық жарғақтан басталып, сіңірі саусақтар жазатын жалпы ет сіңірлерімен қосылып, сұқ саусаққа бекиді. Сондықтан да сұқ саусақ басқаларға қарағанда жеке, еркін жазылады.