62. Қолданбалы лингвистика, негізгі ұғымдары, зерттеу нысаны, мәселелері
Тіл білімінде де екі бағыт бар: іргелі (фундаменталды) тіл білімі және қолданбалы тіл білімі. Іргелі тіл білімі – тіл туралы, оның субстанциялық, функционалдық және прагматикалық қасиеттері туралы ғылым. Ал қолданбалы тіл білімі тілдің қолданылуындағы практикалық мәселелерді шешумен айналысады. Қолданбалы лингвистика термині ХХ ғасырдың 20-жылдардың соңында пайда болды.
Ғылымдар тоғысы нәтижесінде пайда болған қолданбалы лингвистика:
-машиналық аударма жасау,
-автоматты түрде ақпарат іздеу,
-жазуды ойлап табу және жетілдіру,
- ауызша сөйлеудің транскрипциялық жүйесі мен бӛгде тілден кірген сөздердің транслитерациялық жүйесін құру,
- көзінде ақауы бар адамдарға арналған жазу жүйесін жасау,
- жаңа бұйымдар мен зат атауларының даму үдерістерін зерттеу
мәтіндерді шет тілдік формаға (аударма) дұрыс аудару әдістемесін құру;
-тілдерді оқыту әдістемесін жетілдіру сынды міндеттерді атқарады.
Қолданбалы лингвистика билингвизм, көптілділік, дискурстық талдау, тілдік педагогика, тілді меңгеру, тілді жоспарлау және саясат, аударма сияқты көптеген салаларды қамтиды. Сонымен қатар, қолданбалы лингвистика білім, коммуникация, әлеуметтану және антропология сияқты басқа да салалармен байланысты. 1960 жылдары ерекше ғылыми бағыт ретінде қалыптасқан компьютерлік лингвистика пәні тілді қолданудың практикалық міндеттерін компьютер көмегімен шешуге байланысты қолданбалы лингвистиканың салаларын қарастырады (С.Б. Бектемірова, Ж.Ж. Күзембекова)
63. Компьютерлік лингвистика, зерттеу нысаны, ұғымдары, өзекті мәселелері
Қолданбалы лингвистиканың бір саласы болып табылатын компьютерлік лингвистика бір жағынан тілді, екінші жағынан компьютерде тілдермен қалай жұмыс істеу керектігін зерттейтін ғылым. Компьютерлік лингвистиканың зерттеу мақсаты – ЭЕМ-да қарым-қатынас жасау үшін жасанды тілдердің құрылуымен байланысты компьютерлік технологияның лингвистикалық мәселелелерін шешу, бағдарламаларды лингвистикалық құралдармен қамту, мәліметтер жиынтығын құру, түрлі сөздіктер мен глоссарийлер құрастыру, мәтіндерді өңдеу алгоритмі, тілдік семантикалық кодын ескер отырып, түрлі тілдік үрдістерді үлгілеу.
Компьютерлік лингвистика ғылыми бағыт ретінде ХХ ғасырдың 60-жылдары қалыптасты. Стэндфорд және Нью-Йорк университеттерінде (АҚШ) алғаш рет тілдерді ЭЕМ-де оқытудың алғышарттары жасалған. 1990 жылдардың екінші жартысында компьютерлер мен телекоммуникациялық құралдардың жаңа түрлерінің пайда болуымен лингвистикалық ақпараттық кеңістікті кеңейту мақсатында мультимедиялық технологияға негізделген бағдарламалар жасалды. Кең көлемді ақпараттық ресурстарды тілді оқыту үдерісінде қолдану, қажет ақпараттарды өңдеу және сақтау – қазіргі тілдік білім беру үдерісіндегі өзекті мәселелердің бірі. Компьютерлік лингвистиканың зерттеу нысаны ‒ компьютерлік құралдарды лингвистикада қолдану, жасанды тілдерді өңдеудің жүйесін қалыптастыру, қажет ақпаратты іздеу жұмыстары, машиналық аударма мәселесі, мәтінді компьютерлік безендіру, сөйлеу формасындағы ақпаратты автоматты түрде өңдеу, оны іздеу және сақтау сынды бағдарламалармен қамтамасыздандыру. Компьютерлік лингвистиканың маңызды мәселелерінің бірі ‒ автоматты түрде оқылатын лингвистикалық ақпаратты анықтау.
Қазіргі қазақ тіл білімінде компьютерлік лингвистиканың негізгі бағыты мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында ғылым тілі ретінде қолдануға бағытталған «компьютерлендіру» ісіне арналған. Осыған байланысты қазақ тілші-ғалымдары тарапынан қазақ лексикографиясы саласы бойынша компьютерлік қор жасау, қазақ мәтіндері корпустарының компьютерлік базасын құрастыру ісі қолға алынды. Бұл үшін мәтін мазмұнын компьютер арқылы түсінуге мүмкіндік тудыратын модель жасау үшін мәтіндегі тілдік бірліктердің (морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) мағыналарын формалды түрде анықтауға қатысты зерттеулер жүргізілуде.
Достарыңызбен бөлісу: |