8-дәріс. Тынысалу жүйесі. Ауа өтетін мүшелер мен өкпенің құрылыс ерекшеліктері Дәріс жоспары: 1. Дәріс бірінші бөліміне шолу.
2. Материалдың екінші бөлімін түсіндіру.
3. Өткен сабақты қорытындылау.
Кілтті сөздер:өкпе, кеңірдек, бронхы, альвеола, ацинус, көкет.
Көрнекі материалдар: слайд, мульяж, қаңқа, кестелер.
Тынысалу жүйесі организмдегі ең басты қызмет оттекті ұлпаларға, мүшелерге тасымалдап, көмірқышқыл газын сыртқа шығарып отырады.
Мұрын қуысы, жұтқыншақ, көмекей, кеңірдек, бронхылар, бронхиолдар ауа өтетін жолдарға жатады. Оларда ауа әр түрлі заттардан тазарады, әрі үнемі ылғалданып тұрады. Өкпеде ғана газ алмасу процесі жүреді.
Мұрын қуысы – жұп танау тесігінен басталады және олар бір-біріне жақын әрі төмен қарай бағытталған. Мұрын қуысында иіс сезу клеткалары да орналасады. Мұрын қуысының ішкі сілемейлі қабығын капилляр қантамырлары торлап жатады және ондағы кірпікшелі эпителий клеткалары үнемі сілемей бөліп, мұрын қуысын ылғалдап тұрады. Мұрын қуысындағы үш мұрын қалқаны (үстіңгі, ортаңғы, төменгі) мұрын қуысының жалпы бетін кеңейтіп тұрады.
Жұтқыншақтың құрылыс ерекшелігі асқорыту жүйесінде айтылды.
Көмекей (larynx) - екі түрлі қызмет атқарады: тыныс алуға және дыбыс шығаруға қатысады. Көмекей шеміршекті іші қуыс мүше. Оның құрамында ірі үш сыңар (қалқанша, сақина пішінді және көмекей қақпағы) және үш жұп (ожау пішінді, мүйіз пішінді, сына тәрізді) шеміршектерден тұрады. Бұл шеміршектер бір-бірімен сіңірлер, бұлшықеттер және буындар арқылы байланысқан. Сондықтан да, көмекей сөйлеген кезде үнемі қозғалып отырады. Осыған сәйкес халқымызда “көмекейі бүлкілдеген әнші екен” деген сөз тіркесі бар.
Көмекейдің ішкі қуысында алдынан артына қарай көлденеңінен едәуір тығыз дыбыстық сіңір созылып тұрады. Көмекей қуысының пішіні құм сағатына ұқсас. Оның жоғары және төмен бөлімдері кеңейіп келеді де, ортаңғы бөлімі біршама қысыңқы болады. Осы ортаңғы бөлімі нағыз дыбыстық аппарат деп аталады.
Кеңірдек (trachea) – жартылай сақина пішінді іші қуысты мүше, ұзындығы 10-11 см. Ондағы жартылай сақина пішінді шеміршектердің саны 16-20. Олар бір-бірімен сіңірлер арқылы байланысқан. Кеңірдектің де ішкі сілемейлі қабығында бездер мол. Кеңірдек көмекей мен бронхыларды байланыстырып тұрады.
Бронхылар (bronchi) – IV арқа омыртқаның тұсынан басталып, үлкен 2 тармаққа бөлінеді. Оң жақ бронхы қысқа әрі жуан, ал сол жақ бронхы жіңішке, бірақ ұзындау болып келеді. Бронхылардың да қаңқасы жартылай сақина пішінді шеміршектерден тұрады. Ірі бронхы тармақтары ұсақ бронхы тармақтарына бөлінеді. Ірі бронхылар бірінші реттік, одан кейінгілері екінші, үшінші реттік деп аталады. Бронхылардың ішкі сілемейлі қабығы безді болып келеді. Диаметрі 1-2 мм. Ұсақ бронхы тармақтары бронхиолдар деп аталады. Олардың қабырғаларында шеміршектер де, бездер де болмайды. Бронхиолдар тікелей өкпе альвеолдарымен байланысады.
Өкпе (pulmones) – оң және сол жақ өкпе деп бөлінеді. Өкпенің пішіні жоғары ұшы үшкірленіп төменгі етегі кең әрі ойысталып келеді. Өкпенің пішіні конус тәрізді. Екі өкпенің біріне-бірі қараған беті өкпе қақпасы деп аталады. Оң жақ өкпе жалпақтау әрі шамалы қысқа, ал сол жақ өкпе ұзынша, ені қысқа. Оң жақ өкпе ойыс сайшалар (қиғаш, көлденең) арқылы 3 бөлікке (төменгі, ортаңғы, жоғарғы) бөлінген. Өкпенің әр бөлігі өз алдына оқшауланған, әрі өзіне тән бронхы тармақтары, қантамырлары, жүйке талшықтары болады. Мұндай оқшауланған өкпенің жеке бөліктері сегмент деп аталады.
Өкпенің әрі құрылымдық, әрі қызметтік бірлігі – ацинус деп аталады. Оған жеке бронхының ұсақ 14-16 бронхиол тармақтары және олармен тікелей байланысатын 1500-ге дейін альвеол жолдары жатады. Әрбір жеке өкпе бөліктерінде 16-18 ацинустар болады. Екі өкпедегі альвеолдар саны адамда 600-700 млн., ал олардың жалпы ауданы 120 шаршы метрге жетеді.
Өкпенің сыртын жұқа дәнекер ұлпалы екі жапырақшадан тұратын плевра қабығы қаптап тұрады. Оның ішкі-висцеральды жапырақшасы өкпеге тығыз жанасып жатады, ал сыртқы жапырақшасы кеуде қуысын астарлап жатады. Бұл екі плевра жапырақшасының арасындағы тар саңылауды плевра қуысы деп атайды. Бұл арада аздаған серозды сұйықтық болады. Ол плевра жапырақшаларын үнемі ылғалдап, үйкелісті азайтады.
Әдебиеттер тізімі: Адам анатомиясы [Мәтін]: Оқу құралы / Р. Сәтімбеков, Ә. Қырбасова, Р. Алипова.- Алматы, 2008.- 128 бет.
Адам анатомиясы [Мәтін]: Оқулық / М.М. Дайырбекова.- Алматы: Медицина баспасы, 2002.- 288 бет.
Жандар, К.Е. Тәнтану (Адам анатомиясы) [Мәтін]: Оқулық / Керімбектің Ермаханы Жандар.- 2-басылымы.- Алматы: Білім, 2004.- 464 б.- (ҚР Білім және Ғылым мин-гі).
Рақышев, А. Адам анатомиясының атласы, латын, қазақ және орыс тілдерінде. 1Том: Алматы, 2006жыл.
Рақышев, А. Адам анатомиясының атласы, латын, қазақ және орыс тілдерінде. 2 Том... Алматы, 2006 жыл.
Рақышев, А. Адам анатомиясының атласы, латын, қазақ және орыс тілдерінде. 4 Том... Алматы, 2006 жыл.