A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Сәкен Сейфуллин шығармашылығындағы «аққу» бейнесі және оның мифофольклорлық сипаты



бет23/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

6.6 Сәкен Сейфуллин шығармашылығындағы «аққу» бейнесі және оның мифофольклорлық сипаты. Қазақ өнернамасында поэзия тарланы, сұлу жырдың сырбаз сарбазы – Сәкен Сейфуллин шығармашылығы сыршылдық пен саздылыққа құрылғандығымен ерекше. Сәкен Сейфуллин – «сыр сандықтың» сезімтал сырласы, сұлу сөздің сардары, сыпайылығына сән-салтанаты сай, сымбатына сырғалы сұлуларды сұқтандырған сырбаз сәйгүлік, сал-серіліктің сөнбес символы, сырнайдай сұлу саздары Сарыарқаның саф, саялы самалындай сезіледі.
Қандай ақын болмасын, оның ақындық идеалы немесе ақындық тотемі болады. Сол берне арқылы біріншіден, ілкі заманның бір бағзыбейнелік сипатын ашса, екінші жағынан бүгінгі күнге лайықталған символдық эстетикаға тиемелдейді және өз шығармасына арқау етеді. Осы тақырыбымызды одан әрі өрбітер болсақ, ақын Сәкеннің қадір тұтар киесі – «Аққу». Сол аққу бейнесі ақын лирикалық кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін, көркемдік арнасын, эстетикалық танымын аңғартып, жоғары дәрежедегі талғамымен ұштасады.
Әдебиетте аққу бейнесі әр түрлі мәнде, яғни ақынның дүниетанымдық шеңберіне орай көрінеді. Соның бір мысалы ретінде ХІХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті өкілдердің бірі Құлыншақ Кемелұлының дүние туралы толғаған ой-тұжырымдарын алсақ. Ақын «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» атты өлеңде дүние ұғымына өзіндік пайымдар мен пікірлерді көркемдік нақышпен бернелейді.
Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,
Аққудай көлден ұшқан аспандағы.
Өткен соң сәбиліктен балиғатқа,
«Бейнетің, - дейді халық, басталғаны» [18, 642-б.], - деп өмірдің бір орында тұрмайтын диалектикалық ұғым екендігін танытуда мифтік символикаға жүгінеді. Осылайша ол өмірдің әрбір кезеңдерін психологиялық егіздеу тәсілімен құс, кейбір шартты ұғымдар бейнесімен сәйкестендіреді. Сәбиліктен балиғатқа өтер шақты аққудың көлден ұшуымен, балиғаттықтан орта жасқа көшуді сұңқардың аспанда қалықтауымен, егделіктен сексен жасқа өтуді кеменің баспалдағынан аттаумен ұштастырады. Ақын сонда сәбилік шақты аққумен байланыстырып, балалық дәуреннің ақырын көлден ұшқан аққуға теңеуінде бір мән жатыр. Себебі аққу – пәктіктің, саф тазалықтың, кіршіксіз адалдықтың символы. Оны ежелден қастерлеп, бақыттың бастауы, жақсылықтың жаршысы, сұлулықтың белгісі деп есептеп, құс төресі ретінде киелі деп бағалады. Шетел халықтардың мифологиясында аққудың Күнмен арадағы қарым-қатынасы өте кең суреттеледі. Күннің бір тәуліктегі қозғалысын аң-құс бақылап отыратын болыпты-мыс. Күндіз дәу шырақты аспанда пырақтар алып жүретін болса, түн мезгілінде оны жер асты мұхиттарымен аққу, қаз, үйрек секілді құстар алып жүретін болған. Ғалым Л.Бенуас «Знаки, символы и мифы» атты еңбегінде аққу символына тән мифтік белгі-бейнелеулерді былай береді: «Лебедь, еще одна солнечная птица, сопровождала Аполлона в еге зимних миграциях в Гиперборею и связывала, таким образом, между собой северные и средиземноморские земли. Знаменитая «лебединая песня» является одним из видов «языка птиц» и этимологически изоморфна. В Индии в изначальных источниках лебедь (hamsa) является верховым животным Брахмы и Варуны и он же высиживает Яйцо Мира (brahmanda) [19, 54-б.]. Ал қазақтың мифтік ойлау жүйесінде аққу үш әлемде де мекен ететін құбылмалы бейне. Ол көбінесе миф-ертегілерде кездесетін пері хикаялық мифонимімен сабақтас (пері сұлу қыздың кейпінен бұрын құс болып, оның ішінде аққу (жамылғы) болып келеді). С.Қондыбай бұл турасында: «Мифологияда аққу – медиатор. Ол суда, жерде, аспанда қозғала алатын образ ретінде үш дүниені жалғастырушы кейіпкерлердің негізгісі болып табылады» [20, 255-б.], - деген. Демек, салыстырмалы әдебиет тұрғысынан алатаны болсақ, аққу туралы мифтер әр халықта түрліше мән береді. Қазақ мифтерінде Аспани Арулық идеясымен (Соловьев) сай келіп, көбіне сұлулықтың символы бола отырып, көкте бақылап отырады. Олар мейірімді, жаралы, қайғылы адамдарға көмектесу үшін жерге түседі (Қалша батыр мен Аққу туралы миф-аңыз т.б.).
Халық танымында махаббаттың басты символы – аққу. Олар әрқашан жұптары жазылмай, бірі ай, бірі күн болып, табиғаттың тепе-теңділігін теңестіретін таңғажайып жаратылыстар. Табиғат пен адамның ортақ қасиеттерін таба отырып, бір-бірімен сәйкестендіру натурфилософиялық тұжырымның бір белгісіне келіп саяды. Әйел сұлулығын аққуға теңеу – қалыптасқан үрдіс. С.Сейфуллин шығармасын осы тұрғыдан қарастырар болсақ, оның шығармасындағы аққу бейнесі – «Аспани Арулық» (Соловьев) идеясымен өрнектеледі. «Сәулем» деген өлеңнің:
Ақ төсі ақ көбіктей толқындағы,
Аққудың ақ мамығы – ақ тамағы.
Арқада тағы өскен, сұлу сәулем,
Көңлімді жадыратшы келіп тағы! [21, 47-б.], - атты жолдарында сұлудың төсін су бетіндегі нәзік иірімді көбіктерге баласа, тамағын қудың жанға жайсаң, жұмсақ, үлпілдеген ақ мамығына теңейді. Қандай ақын болмасын, ару бейнесін сомдағанда, аққуға қатысты элементтер жүйесіне, симфоликалық эстетикаға жүгінеді. Берне мен оның ішкі мағынасы, мазмұны бірігіп, ұғым қалыптастырады. Осылайша үштік құрайтын бейненің артында табиғи танымдық эстетика тұрады. Ақын «Аққу құс күйі» деген өлеңінің кіріспесінде лирикалық кейіпкер атынан сүйген сұлуын аққу құсқа теңеген Аян атты ақынның біраз өлеңдері деп баяндайды. 4 жырдан тұратын өлеңнің өн бойы ерекше бір тылсым күшке толы. Өйткені әр жырда әр түрлі сезім сергелдеңі, махаббат әуселесі көрінеді. Бірінші жырдың:
Ақ сұлу, - сен, - көлдегі аққу сынды.
Ақ күміс, сыңқылдаған сұлу үнді.
Тұңғиық, ақ сұлудың төсін құшып,
Сүйеді шөп-шөп етіп, сылқ-сылқ күйіп [21, 240-б.], - деп келетін жолдарында сүйгенін аққуға баласа, өзін күнде төсін құшса да бір тоймаған «тұнжыраған тұңғиыққа» балайды. Метафоралық әдіспен жасалған сөз өрнегінде іңкәрлік пен құштарлық ұғымы тұнып тұр. Аққу мен тұңғиықтың сол кезгі арпалысы бір жарасымдылықтың белгісі іспетті. Қандай адам болса да, қос ғашықты аққу бейнесінде елестетеді, өлеңдерінде де қос аққудың бірлігін, ажырамас, айнымас серіктігін дәріптейді. Сол аққулар сияқты қатар жүзіп, өмірде бірге болуды армандайды, қиялдайды. Лирикалық кейіпкер, керісінше, аққуды жалғыз қалдырады да, өзі тұңғиық болып «тұнжырайды». Біздің ойымызша, оның екі сыры бар сияқты. Біріншіден:
Ей, сәулем, сен – аққу құс, көлден ұшқан,
Сұқтанған сәулетіңе дос пен дұшпан [21, 240-б.], - деп келетін жолдарында сенің сұлулығыңа көз тігіп, көңіл қойғандардың ішкі запыранын көргенше, табаныңның астында бақылап тұрайын дегендей сыр ұқтырса. Екіншіден, осы сюжет қашықтық, тереңдік, яғни аралары бір-бірінен алыс екендіктерін еске салдырады. Екінші жыр ұлы мұң мен наланың қара шоқпарына мертігіп, қайғының тұңғиығына бойлаған лирикалық кейіпкердің бейнесін көреміз.
Тұнжырайды тұңғиық
Терең шіркін өмір тілейді,
Буып ашу мың қиық
Күрсінеді, уһлейді [21, 241-б.], - деген жолдарда «тұңңғиық» - лирикалық кейіпкердің өзі. Жеке басқа тән қасиеттер осы арнадан көрініс тепкен. Ал үшінші жырда сол сұлудың өзіне бұйырмағанын, оның еркінде емес екенін ашына суреттейді.
Тұңғиық мас, ессіз құмар
Ақ сұлудың көркіне,
Төсін мәңгі құшар еді,
Аққу тисе еркіне [21, 242-б.], - дейді де, жалғыз мен емес, бәрі оны құшқысы, сүйгісі келеді.
Аққу кетсе қамысқа еніп,
Мұз қабағын түйеді.
Жүрек бауыры мұздай болып,
Тағы өртеніп күйеді.
Толқын кернеп дөңбекшиді,
Ашу кебін киеді.
Долыланып арыстанша
Айналаға тиеді... [21, 242-б.], - деп, аллегориялық сипатпен суреттейді. Ғазиз ғұмырмен, өрісті өмірмен, маздаған алаулы махаббатпен өрбіген осы бір сюжет тіршіліктің тұтқасы іспетті жан пен жүректен хабардар етеді. Соңғы төртінші жыр әлгі лирикалық кейіпкердің аса бір жан күйзелісіне құрылып, өмірдің өкінішіне өксігін жайып, бұл жалғанның мәні мен сәнінен құр қалғанын қасіретпен күй шертіп:
Ақ мамығым, ақ үлдірім,
Неге мұнша сүйдірдің?
Неге маған кез болдың сен,
Неге ынтық қып күйдірдің?.. [21, 242-б.] - дейді. Ал ақынның «Аққуға» деген өлеңі анау бір кездегі Төлегеннің алты қазға айтқан сәлемі реуішті, лирикалық кейіпкердің анасына деген ыстық махаббаты, жалынды сағынышы аққу бейнесі арқылы беріледі. Бұл жерде де психологиялық параллелизм айқын көрінеді. Анасының мұңды даусын аққудың сыңқылдаған үні есіне салады.
Уа, әне сыңқылдаған аққу екен,
Біреуге сәлем айтсам, айтар ма екен?
Әй аққу, әй, сәлем айт жолыққанда,
Сарыарқа сынсыз сұлу біздің мекен [21, 70-б.], - деген жолдарда анаға, туған жерге деген сағынышын аққу-құс арқылы жеткізгісі келеді. Бұл да бір – «ақындық бауырмалдық». Өйткені қазақ халық ауыз әдебиетінде «сағыныш» (сәлем, көмек) тасушы қарлығаш болса, қоғамдық сананың өзгеруіне байланысты қаз бен аққу – жаңашыл поэзияның «терминдері».
Ақынның аққу құсына, оның сезімі мен ішкі жан-толқынысына, сыртқы келбетіне, мінез-құлқына арналып жазылған біршама өлеңдері бар. Оның әр айтқан сөзі – аққуға емес – сұлулыққа, әлемге, табиғатқа айтылған үн сияқты болып есептелінеді. Ақынның «Аққу құс» атты өлеңі – аққудың әні мен сәніне арналған туынды.
...Көлді кеп құшты...
Керіліп құшты,
Ақ төсін төсеп айнаға.
...Қақ жарып сызды...
Күміс жол сызды –
Сұлуым, сәулем, аққуым!
...Аққу құс сөйлеп,
Сыңқылдап күйлеп,
Сыбырлап сүйіп жалынды [21, 85-б.], - деп, барлық іс-қимылын айнытпай, тура портретін жасап, мінездеме береді. Ал «Аққу» өлеңінің көлемі шағын, қысқа болса да, сұлу лиризмге құрылған:
Сәулем, аққу,
Сыңсып сұлу,
Суды сызып сылдыр су!
Сәулем сылаң,
Аппақ қылаң,
Ақ көбікке шомылған! [21, 137-б.] - деген жолдарда өрнекті тілімен әр адамның көз алдына тірі сурет, табиғатты әкелдіреді. Суға жан бітіртіп, қуға сұлулықтың сәнін сұқтандырады.
С.Сейфуллин шығармашылығындағы аққу тақырыбына жазылған ең көрнекті туындыларының бірі – «Аққудың айырылуы» поэмасы. Аққу – көркіне ақылы сай, махаббат пен сүйіспеншіліктің биік белесінде тұратын, мәңгілік жұптылыққа бел бууға өмірлерін ғазизлене тапсырған тылсым тіршіліктің жоғарғы сатыдағы жаратылысы. Біз оны ақылды дейміз. Өйткені ең жоғары саналы сүтқоректі адам дейтін болсақ, аққудың ақылдылығы мен ұлы сезімталдығы тіпті, кей адамдардардан артық болатыны аян. Халық содан шығар «Аққуды атпа» дейтіні. Онда бәрі бар – асқан сезім, абыройлы өмір, парасатты ақыл, тек тіл жоқ. Оларда тіл болмай-ақ қойсын, бәрі бір қатыгез тірліктің тозағына шыдамай, қиналған сайын жинала түсіп, бірін-бірі үшін жанын қияды. Бұл поэма қысқа ғана сюжетке құрылғанымен, сол аққу-екеш аққудың да сыңары үшін жанын пида қылған байсалды беріктік пен қысқа күнде қырық құбылатын табандылықтың тауына мінген, осынау табиғаттың таңғажайып толқынында ерекше бір жаратылыстың жалынышты жан-күйін жырлайды. Бұл поэмада тіршілік, өмір, барлық бояулары келіскен сурет бар.
Біресе аққу шырқап биік,
Көкке жылап зарлады;
Біресе кеп жерге тиіп,
Көзден жасы парлады.
Біресе кеп жерді сабап,
Жер бауырлап ыңқылдап;
Біресе ұшып желді сабап,
Назаланды сұңқылдап.
...Мөлдіреген көздің жасын
Моншақтатты, тыймады [21, 282-б.], - деген жолдарда аққудың ішкі жан-толқынысы, ішін кернеген қимастық, аянышты ажырасу ауаны сезіледі.Тіпті олардың бір-бірін жаңа көргендей, сағыныштың сарайында сарғая көрісуі бір қуанышты қасірет еді.
Жалғыз аққу жырақтағы
Әнге салды «келем» деп.
Сыңар аққу құрақтағы
Тұрды күтіп, көлеңдеп.
....Жұбайына аққу келді
Алыс жерден сағынып [21, 277-б.], - деген жолдарда лирикалық кейіпкердің ішкі жан сарайының жырпернесінен ақтарыла ақтарыла шыққан назды көрісу - жүрек төріндегі қос ғашықтың үні еді. Сұлу сазы мен сұңқылдаған үні, мамық жүні мен еске салатын айлы түні мен көрікті күні, жүрегінің ақадал шыны мен сарабдал сыны күміс судың ақ көбігіне бұлануы құдды бір эстет тұлғаның, әдебиеттегі образдылығы төгілген көркем бейненің тууына әкеп соқтырды. Осылайша аққудың жүрегін ақын қазақ даласындай кең дарқан жүрекке, періште-сәбидей кіршіксіз, ақ жүрекке, даналықтың гүлінен жаратылған ұлы жүрекке, махаббаттың ұшқынын маздатқан жас жүрекке, қайырым мен мейірімге толы отты жүрекке, мәңгілік ғашықтықтың ғаламатына ғұмырларын ғазизлене арнаған шын жүрек – бір жүрекке балаймыз. Сұр мергеннің сұм, қанды құрығына ілінген жан жарынан айырылғанына қатты күйзеліп, ыза мен кектің асауына мінген сыңары өз шыбын жанын қоярға жер таппай, қосағынсыз өмірдің мәні жоқ екендігін түсініп, мергеннің алдына «мені атшылап» шырылдайды. Мергеннің оны да атуға дәті бармағандықтан, махаббатқа берік аққу құлдилап барып, жанын үзеді.
Күйікті жар құлап өлді,
Ақ төсінен қан ақты;
Жұбайына «ырза бол!» деп
Бір-ақ серіпті қанатты.
Өлімді де шіркін ғашық
Сүйгенімен бір көрді;
Жан күйігін мәңгі басып,
Жұбайымен бірге өлді! [21, 283-б.] - деп, дала, табиғат махаббатының ең үздік үлгісі мен көрінісін бір жағынан, өмірдің өкінішті өткелдерінен белгі тартса, екіншіден, насихат ретінде толғайды.
Сайып келгенде, Сәкен Сейфуллин шығармашылығындағы биік пафос – ұлы махаббат пен ізгі сүйіспеншілікті дәріптейтін сезім мен намыс философиясына құрылған пафос. Оның шығармаларын оқи отырып, айдын көлде сұлулықтың салтанат құрып, әдеміліктің жүзіп жүргенін байқаймыз. Е.Тұрсыновша: «ақындар өнері туралы ұғымдардың ішінде тотемдік ұғымдар кездеседі» [22, 104-б.], - десек, С.Сейфуллиннің ақындық тотемі аққу дейміз. Ақын шығармашылығындағы «аққу» образының басты идеясы – ғазиз де ғаламат ғашықтықты жанына жалау еткен жаратылыс киелерін жария ету.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет