A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Грек мифологиясындағы Афродита және қазақ мифологиясындағы сұлулық пен сүйіспеншіліктің бейнеленуі



бет20/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

6.3 Грек мифологиясындағы Афродита және қазақ мифологиясындағы сұлулық пен сүйіспеншіліктің бейнеленуі. Миф дегеніміздің өзі – халықтың арманшыл, қиялшыл жаны. Олар өзінің тарихи танымын осы ұғымға сыйдырады. Ертедегі мифтер бүгінгі жаңа өмірімізге енді. Мифтік образдарды біз өнердің барлық түрлері: архитектура, мүсін, музыка, сурет салаларының бойларынан көреміз.
Афродита – махаббат пен сұлулық құдайы. Оның өмірге келуі турасында екі нұсқа бар. Біріншісі – ол Зевс пен Дион океанидінің қызы, екіншісі – Уранның Кронмен жанжалдасып, соның қанының теңізге барып көбік түзіп, осының негізінде «көбіктен туған» деп аталғандығы. Немесе Афродитаны Анадиомена деп те атайды, яғни «теңіздің жоғарғы бетінен пайда болған» деген мағынаны білдіреді. Гесиодттың пікіріне жүгінсек, Уранның қанынан эринилер мен гиганттар да дүниеге келген. Афродита әлемді таңғажайып нұрға бөлетер, өзіне сұқтандырар қуатты махаббаттың иесі болды. Ол сонымен қатар отбасы, мәңгілік көктем және өмір құдайы ретінде де танылды. Және оның махаббаттық атағына құдайлар мен адамдардың өзі тәнті болған. Классикалық Афродита – Зевс пен Дионның қызы. Оның Уран қанынан туғандығы бұл жерде ұмыт қалады [7, 132-б.].
Зевс өз қызына соғыспен айналысуды емес, некелерді ұйымдастыруға кеңес береді. Афродита өз әкесінің тілін алып, адамдардың нәзік сезімі, сүйіспеншілігі мен ыстық махаббаттарын жалғайтын алтын көпір тәрізді қызмет атқарды.
Ғажайып Афродита шартарапты сұлулығымен жаулап алып, әлем сұлулығын уысынан шығармай, әдеміліктің тізгінін қолында ұстады. Десек те, оның өзінің еркі мен армандарын, тілектерін орындайтын көмекшісі – баласы Эрот еді. Ол өте ерке, көңілді, қалжыңбас және құбылмалы кезде қайырымсыз, қатыгез бала болды. Алтын қанаттарымен тау-тас, өзен-көл, жер-жерлерді шапшаң және жеңіл жел секілді аралады. Оның қолында – кішкентай алтын садақ, ал арқасында жебелері. Эроттың оқтары бақыт пен қуаныш әкеліп қана қоймай, махаббаттың қайғысы мен тауқыметін бірдей білдіреді.
Эрот – тек әйел мен еркек махаббатының символы емес, ол – еркек сыйластығы мен түсіністігінің жебеушісі. Осыған сәйкес римдіктер өз құдайларын Амур немесе Купидон деп атайды. Сонымен бүгінгі жаңа заман табалдырығында, европалық дәрежеде ой-сана, мәдениеттің дамуына байланысты махаббат құдіретінің символы, белгі-бейнесі – садағы мен оғын құдайлар мен адамдарға қарата ұстаған (кей жерлерде факел ұстаған) алтын қанатты жасөспірім немесе кішкентай періште секілді сәби [8, 238-239 бб.].
Ал қазақ мифологиясында махаббат, сүйіспеншілік, сұлулық бедерлері қалай беріледі? Ұлттық менталитетке сай сүйіспеншілік, махаббат сезімі ашық айтылмайды. Дегенмен шығыстық-діни мотивтің интерпретациясына орай, қазақ мифологиясында ер адамнан гөрі, әйелдің сұлулығы ерекше сипатқа ие болып, халық арасында Хор қызы ұғымы кең етек алған. Яғни аталған хор қызы – бар жігіттің төрт ұйықтаса түсіне, он ойланса ойына кірмейтін, қолы жетпес, бірақ сұлулықтың нышаны, соның сәулесі іспетті. Діни мистиканың негізгі бейнелерінің бірі болып саналатын хор қызы– жұмақта мекендейтін көркін айтуға ешкімнің сөзі жетпес ару. Қаса сұлудың келбетін ақын Б.Күлеев хор қызына былайша балайды:
Иланып шын сүйгенге мен де сүйдім,
Хоры деп Ақжайықтың алабының [9, 47-б.]
«Жер хорларын түрлендіріп,
Айқас, ойна күл», - дейді [9, 54-б.].
Ізгі хордың ернін сүйіп,
Баурыма алып қысармын [9, 66-б.]
Хорлар күліп, құттықтап ғайып-ерен.
Нұр себілген бүкіл шарыққа
Бүгін сені кезек қолға алып,
Хорлар біткен қатты сүйген күн [9, 77-б.]
Жоламас ең, табиғаттың заңы бар,
Бірді сүйсең, хор болса да тағы бар [9, 150-б.]
Қатты ұйқы таң алдында дәмін татып,
Түсімде жұмақ барып хормен жатып [9, 72-б.].
Өртенген сезім мен ыстық махаббат болмағанымен, сол құбылыстарды алмастыратын астарлы, бейнелі, бернелі ұғымдар жеткілікті. Грек мифологиясында барлығы ашық, айқын бернеленген. Ал қазақ мифологиясында – жұмбақ, тылсым, астарлы ой, философия. Айқын беріледі дегеніміз – антика заманының өзінде халық табиғатпен етене жақын болып, оның сан алуан түрлі сырларын игерсем деген ниетпен ой-саналарын белгілі бір арнаға тоғыстырды. Олар - әр нәрсе мен құбылыстың «тәңірісі» - құдайлар деп есептеді. Табиғатты, қоғам мен өмірді реттеп тұру мақсатында құдайларға өз «жанын» сеніп тапсырды. Адам жанының негізгі «ұстазы», сан қырлы өмірдің белестері үшін құдайларды идеал ретінде ұғынды.
Қазақтар әр нәрсенің иесі бар деп ұқты, бірақ теоцентристік ұғымға саятын біртәңірлікті мойындады. Сондықтан Тәңірден басқа жоғарғы күшке ие жан болған емес.
Ұлттық үрдіске сай «сұлулық», «әсемдік» ұғымдарына қазақ халқы Ай мен Күн, Періштені жатқызды. Махаббат тақырыбында жырланатын өлеңдердің бәрінде осы ұғым аталады. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын болсақ, ай - космологиялық мифологияның символы – адам тағдыры, ғұмырына байланысты өлшенген қағидалардың жиынтығы. Мифтерге сүйенсек, Тәңір көк пен жерді жаратқаннан соң, өмірге ұрпақ келтіру үшін еркек пен әйелге бөлді. Құдай-әйелді Ұмай-Тәңір деп атап, оны Сумер тауының ұшар басына, сүтті көлі бар (Сүткөл) Аспан тауының қия шыңына қондырады. Тәңірдің құдіреті мен күш қуаты шексіз болып, екпіні мықты еді. Демі жел мен бұлттарға, даусы күннің күркіреген дабылына айналып, оң көзінен Күн, сол көзінен Ай жаратқан. Сонда махаббат жаратушы ұғымынан келіп шығады. Өйткені табиғат, айнала, қоршаған орта, адамға қажеттілік барлығы жаратушының әмірілігімен, оның ризашылығымен, махаббатымен жасалынады. Сондықтан да Абайда да айтылады ғой: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деуі содан. Бұл – түркілік мифологияның сарқыншағы. Жоғарыдағы Ай мен Күн түсінігіне орай, мынадай жайт бар. Халық «оңыңнан Күн, солыңнан Ай тусын» деп тілек білдіреді. Мифтік аңыз бойынша, Айдағы қыз – Зайра деп аталады. Ол Аймен сырласады, мұңдасады:
Ай ым қылып, жер жымиып, күн күлед,
Өздерінше сөйлесе ме кім білед [9, 225-б.], - деп, Ай, Күн, Жердің өзара жымдасып, үйлесімдік құрып, лирикалық кейіпкермен жақындасқысы келеді. Сірә, Ай – қалыңдық, Күн – күйеу. Сондықтан асқан сұлу, қаса аруды халық Айға балайды. Сол секілді лирикалық кейіпкер менің сүйгенімді Ай алып кетті ме деген секеммен:
Айнамменен,
Зайрамменен
Мен де бірге болайын [9, 207-б.], - деп, немесе жан сырын Айға жайып салғысы кеп, онан басқа ақынды ешкім түсінбейтіндей көреді:
Айға, айға, жалғыз-ақ айға айтамын,
Айдан басқа кім ұға алсын мұңымды?! [9, 219-б.]. Ал грек мифологиясында ай тұлғасын сомдайтын, соның кейпіндегі құдайды Селена дейді. Яғни грек тілінен аударғанда, «жарық», «сәуле» деген ұғымдармен төркіндес. Ол – Гиперион мен Тейи титандарының қызы, Гелиос пен Эостың апасы. Бізге оның сұлу Эндимионға ғашық болып, түнде соның үңгіріне кездесуге баратындығы туралы мифтер жеткен. Ал рим мифологиясында Ай Диана құдайының әмірлігінде. Ал Күн құдайы гректерде – Гелиос болса, египеттіктерде – Ра. Мифке сүйенетін болсақ, Гелиос Гипернон титанының баласы (Гиперион – «жоғарыда өмір сүретін»). Селена (Ай құдайы) мен Эостың (таңғы арайдың құдайы) ағасы. Антикалық өнерге сай Гелиос - өзгеше бір көз тартарлық дәрежеде жарқыраған күн басты адам. Кейде оның жанары от болып жанғанда адам шошырлықтай. Ал қазақ мифологиясында Күн – Нұрмен сабақтасқан форма.
Сұлулықтың ендігі бір символикасы – періште. Ақын туындыларында періште – сұлу жар, ару, нәзік сезім, ұлы сезім, адал махаббат. Бұл атаудың өзі пәктікті, саф тазалықты, кіршіксіз, риясыз көңілді білдіреді. Ғылыми еңбектерге періште ұғымына мынадай анықтама беріледі: «Періштелер жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың істерін үнемі бақылап отырады, назарларынан еш нәрсе тыс қалмайды, әрбір сәтті қалт жібермейді [8, 144-б.]».
Періштелік әр ісіне көрінсе,
Иманымен сүйгеніне берілсе [9, 43-б.].
Жас періште, жас қызғалдақ шыдамай,
Қарт шөңгенің қулағына алданса [9, 44-б.].
Сенің жас мен сүйгенде бала күнің,
Күнәсіз, періштедей «таза» күнің [9, 47-б.].
Бүгін сенің ізгі жүрегіңе
Періштелер леппен үрген күн [9, 77-б.].
Гүләндамым,
Періште бол, кел бері [9, 155-б.].
Онда сен шын періште ең,
Көркем ғана келісті ең [9, 184-б.].
Жаса, жердің періштесі,
Гүлде, қайта келмес шағыңда [9, 78-б.], - деген өлең жолдарында періште-ғұмыр, періште-ару концептілері сұлу өмірді сүйіп, тәтті ғұмыр кешкісі келетін ақын қиялын бағамдаймыз. Періште - әрқашан желеп-жебеп, қамқор жасап жүретін құдіретті бейне, сондықтан лирикалық кейіпкер өз сұлуының періштедей ақ адал болғанын қалайды. Ақын пәк арудың бейнесін сұлулардың төресі жоғарыдай айтып кеткен – хор қызымен сабақтастырады.
Антика әдебиетінде Нимфа деген ұғым бар. Ол грек тілінен аударғанда, «бикеш» (дева) деген ұғымды береді. Грек мифологиясында табиғаттың ерте құдайлары. Олар өзен, көл, теңіздерде (сулы: океанидтер, нереидтер, наядтар), балшық, шашық жерлерде (лимнадтар), тауларда (орестиадтар), тал-ағаштарда (дриадтар, гамадриад) жүретін деп және өзара жеке тектерге (мелиадтар – шетен ағашында мекендейтін (ясень)) бөлінеді. Кейбіреулері ағашқа жабысып, содан айырылмай өмір сүреді. Ертедегі нимфалар Уранның қан тамшыларынан пайда болған деп топшыланады. Олардың бір ерекшелігі – нимфалар мен құдайлардың некелерінен тек батырлар туады (Зевс пен Фетида, Зевс пен Эгина). Олар Олимп тауының арғы жағында мекен етіп, тек Зевстің шақыртуымен құдайлар сарайына келе алады. Және олар ақылдылық пен білімділік, өмір сүрудің тәсілдері мен өлімнің құпиялары туралы мол білімге ие. Бұл арқылы біз не айтқымыз келді? Яғни грек мифологиясындағы нимфа қазақ мифологиясындағы пері ұғымымен төркіндес деп айтуымызға болады. Ал су перісі – қазақ ұғымына ырым-нанымдардан белгілі. Халық «түнде суға барма, су перісі қағып кетеді дейді». Осы ретте славян мифологиясына тән «русалка» ұғымын айтып кеткен жөн. Бұл – қазақ танымында жоқ дүние. Бірақ су перісі бар екені рас. Ал славян танымында ол су рухымен байланысты. Ол сұлу қыз кейпінде, шашы жасыл түсті, төгіліп тұрады. Олар адамға өте зиянды, оларды суға «менмұндалап» тартып тұрады. Ғалымдар русалканы өлім кейпімен салғастырады. Өйткені русалкалар өліп қалған, суға батып кеткен тірі жандар болып есептелінеді.
Мифтік символиканың, мифологиялық сананың, мифопоэтикалық ойлау жүйесінің көркемдік дәрежеде сақталып жетуін біз ақындық қолданыстағы сөз саптау үлгілерінен анық көреміз. Қазақ жазба поэзиясында мифтік белгі-бейнелеулердің бастауы ұлы Абай, М.Жұмабаев пен Б.Күлеев шығармашылығынан орын алғандығы да олардың соны бір ерекшелігі болып табылады. Ғасыр қойнауынан төгілмей-шашылмай, адам санасының шеңберіне сыйып жинақталған қор – кешегі күннің елесі, кешегі күннің дүниетанымы болмақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет