A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Мифологиядағы адамның аң-құсқа, тау-тасқа айналуы мотиві



бет26/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

1.2 Мифологиядағы адамның аң-құсқа, тау-тасқа айналуы мотиві. Әдебиеттегі мотив ұғымы өте тар аяда қарастырылғанмен, ол сюжет құрауда, композициялық желіге тартылғанда өте мол әсер ететінін айту керек. Осы мақсатта мотивті деталь, штрих секілді ұғымдармен салыстыруға келмейді, себебі бұлар бір-біріне формасы жағынан ұқсас болғанмен, мотивтің алатын орны – оның бірнеше оқиғаға, бірнеше сюжетке ортақ болуында, тек ортақ болып қоймай, тұтас бір жүйе қалыптастыруында. Мотив сюжеттің ішінде өмір сүреді десек, мотивтілікті өзгермелі, әрқашан даму үстінде тұратын түр деп айтқанымыз жөн болар. Мотивтіліктің даму әрекетіне «көшпелі сюжеттердің» де әсер ететінін айтуға болады. Кейбір мотивтер бірнеше халықтар фольклорында да кездеседі.
Мифологиядағы көп кездесетін мотивтердің бірі – адамның құбылуы. Құбылушылықтың мәні - әдебиеттегі магизмге келіп саяды. Яғни белгілі бір сиқырлы күштің, неше түрлі факторлардың әсері арқылыбір зат екінші бір күйге түсіп отырады. Қазақ фольклорында ертегілерде көп кездесетін құбылушылық сарыны осы мифтік танымнан қалған Әсіресе адамның өсімдікке, құсқа, жануарға, тау-тасқа айналып кету мотиві ескі танымда өте көп кездесіп, кең тараған. Мәселен, «Тобылғы, баялыш, арша» [4, 30-б.] деп аталатын мифті алатын болсақ, оның астарында аталған ағаштардың әуел басында адамдар болғаны мәлем етіледі, бірақ олардың ағашға айналу себебі көрсетілмейді.
Ал адамның құсқа айналу мотивін алайық. «Пайғамбардың келіні» деп аталатын мифте келінінің жалқаулығына байланысты пайғамбардың қарғысынан шекіш атты құсқа өзгереді. Ал «Байұлы» деп аталатын мифте «ата қарғысы – оқ» деген нақылды негізге ала отырып, тентек, тіл алмағыш баланың барынан жоқтығы, «құс болып, ұлып қал, ұяң таста болсын» [4, 32-б.] деп қарғаған әкесінің қаһарына ұшыраған бала құсқа айналып кеткен. Ал бұл мифтің екінші нұсқасында да осы ата қарғысы мотивінен құсқа айналып кету мотиві бар, бірақ оқиға желісі бойынша, халықтың қамын ойламаған пасық, елге кесірін көп тигізген, әкесінен де өткен озбыр ұлдың қорлығына шыдамай, елдің үлкен қариясының қарғысынан құсқа айналады. Жоғарыда аталған мифтерде ата қарғысының әсерінен құсқа айналу мотивін көрсек, «Сүтақ» деген мифте өз әйелінің анасына сүтке су қосып беріп жүргенін біліп қалған күйеуінің қарғысынан құсқа айналса, көкек құс туралы айтылатын мифте өз атын күзететін қарындасының атты ұрлатып алуына байланысты ағасының «жоғал» деген сөзінен қыздың «ат жоқ» деп қайталай бергенінен, көкек деген құстың пайда болуы көрініс табады. Сонда адамның құсқа айналу мотивінің негізінде адамның қарғысқа ұшырауынан құсқа айналу процесін көреміз.
Мифтерде адам оңай аққу, жылан секілді түрлерге тез ауысып, сол түрде басқа құбылушылыққа сәйкес, қалып қоймай, «мәңгілік» ауысып жүреді. Бірақ олардың ауысып жүруінің астарында – екі әлем, екі өмірді байланыстырушы ретінде қызмет атқаруында. Аққу – жер мен көктің, жылан – жер мен жер астының байланыстырушысы ретінде көрініс беруінің мәні осында. Бабай Түкті Шашты Әзіз дәрет алып отырған жерінде, суға түсуге үш аққудың ұшып келіп, кебін шешкенде, қызға айналып, біреуін жерге алып қалып, ол қыздың шарт қоя отырып, орындамаған мезетте көкке қайта ұшып кетуі – диалектикалық құбылушылыққа сай келсе, жыланның оттан қашып, адамның омырауына кіріп, оны құтқарғаны үшін өз қызын қойшыға беріп, шылан патшалығынан сұлу қыздың пайда болуы, қыз-жыланның жігітке тандырға нан жаппаймын деген шарт қоя отырып бас қосуы да осы түрге келіп тіреледі. Жылан-адам туралы сюжеттерге келер болсақ, бұл жерде адам түн мезетінде жыланға ауып, шөлі қанбай, бүкіл суды ішеді, немесе үлкен айдаһарға айналып, өзеннен «тамақтанады». Бұл жердегі көріністің салдарынан уақыт өте келе тотемдік нанымның пайда болуын бажайлауға да болады. Сонда біз құбылушылықтың екі түрін анықтап отырмыз. Оның біріншісі – таза құбылушылық, бұл дегеніңіз – белгілі бір нәрсенің еш өзгеріске түсе алмайтындай, тек бір ғана мәрте өзгеруі. Ал екіншісі – диалектикалық құбылушылық, бұл – бір нәрсенің екінші бір нәрсеге құбылуып, қайтадан орнына келуі. Бұл жоғарыда айтқан аққу, жыланға қатысты ғана емес, ертегілерде сиқырдың көмегі арқылы кесапаттан қашу мақсатында бірнеше түрге қатарынан ауысу мотивіне де келеді.
Адамның жануарға, аңға ауысу мотивіне келер болсақ, мұндағы ауысудың негізгі белгілері деп мыналарды атап өтуімізге болады:

  1. Адамның кірпіге айналуы (кірпідей жиырылып, сараң болғандықтан);

  2. Адамның көртышқанға айналуы (І нұсқасы) (Жайық деген мергеннің жер бетіндегі бүкіл аң-құстарды атып алуына орай, олардың тәңіріден жалбарынып сұрағанына байланысты);

  3. Адамның көртышқанға айналуы (ІІ нұсқасы) (қыздың өз бауыры айтқанын тыңдамағаны үшін қөзін ойып алып, жерге көміп қоюы);

  4. Адамның мәлінге айналуы (жоғарыдағы сюжетке жалғас келеді: әкесі ашуланып, қызын қарғауына орай мәлінге айналады);

Бұл жерден көріп отырғанымыздай, адамның аңға айналау мотивінде белгілі бір себептіліктің, мақсаттылықтың әсерін көреміз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, адамның аңға айналу процесінде қарғыстың, халықтың тәңірден жалбарынып тілеуінің астары жатқанын айтып кетуге болады. Немесе С.Қасқабасовша айтсақ, «мұнда адам өзінің табиғаттан, жануардан бөлек екенін біледі және адамның жануарға айналуы бұрынғыдай заңды болып қабылданбайды» [5, 83-б.]. «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты жинақта келтірілінгендей, аю мен адамның өзара достығы, аю-адам, аю-бала, аю мен әйелдің өзара байланысы, қасқыр мен адамның некелесуі, қасқырдың шежірелік мәнденгі сипаты секілді мәселелерді мақсатты түрдегі құбылушылыққа жатқызуға келмейді, бірақ оларды табиғи, жаратылыстық нәтижеде деп түсінгеніміз жөн. Себебі адам мен аңның одағы әр халықта өз деңгейінде кездеседі және кездесіп қоймай, өз деңгейінде тотемге айналды. Түркі халықтарына ортақ негізді қасқыр тотем болса, аю кейбір ел танымында оттемдік қызмет те атқарады. Бертініректе болған оқиғаны өзек еткен жоғарыда аты аталған жинақтағы әйелдің ислам дініне қарсы шығып, аяқасты еткені үшін кие ұрып, бейітте жатса да, ел арасында көрген адамдардың айтуы бойынша бір ауық доңызға айналып, ел кезіп, қайтып адам болып, жиіркенішті құбылушылыққа тап болудың бір ұшы діннің тарихынан да мағлұмат бере кетеді. Діни білімге сүйенсек, тәңірі зина, һарам әрекет жасайтын адамдарды доңызға айналдырып жіберген, сонда біздің айтпағымыз, құдайдың құдіретінің киелілігі өмірде дінге қарсы көп қатыгездік жасаған адамдарды жиіркенішті жануарларға айналдырып жіберу мотивінің халық арасында қолданылыуы осы түсінкке сай деп ойлаймыз.
Сонда, адамның аң-құсқа айналу мотивінен бірінші ретте, әке, ер адам қарғысының әсерін, адамдардың тәңірден жалбарынып, кесапаттан құтылу үшін тілек тілеу машығын байқаймыз.
Қазақ мифологиясының астарындағы адамның құбылуы мотивінің аясында адамның жануарға, құсқа айналуының процесі мифтік нанымның ең ескі де ежелгі танымымен сәйкес келеді. Енді біз адамның жер-суға айналып кету мотивіне тоқталатын болсақ. Мифологияда құбылушылық термині белгілі бір түрдің келесі бір түрге мақсатты, яғни себепті түрмен өтетіндігі турасында ғалым С.Қасқабасов үш негізге бөліп қарастырғанын «Қазақстың халық прозасы» атты кітабынан білеміз. Оның пікірінше, біріншісі – адам өте шаршағандықтан ұйықтап кетіп, сол бойда басқа түрге ауысуы, екіншісі – адамның кінәлі болуы, үшіншісі – зор қауіптен құтылу жолы [6, 72-73 бб.]. Бұл кейіпкерлер тау-тасқа айнала отырып, мақсаттылық мәнінде көрініс беріп тұр. Сонда, алғашқы қауымда адамның түсінігіне сәйкес, кез келген бейқам уақытта басқа түрге ауысу мотиві болмаған. Яғни мифологиядағы анимизм бағыты жер-су атауын жасауда мол ықпал тигізіп тұр, себебі халық жер-су, тау-тастың өн бойында адамның рухы бар деп сенген. Қазақ танымында алғашқы ретте «тірі» мен «өлі» деп аталатын екі категория бір-бірін алмастыратын кезектес ұғым ретінде қолданылмады. Олар тіріден өлінің кейпіне, одан кейін қайтіп тірі кейпіне өтуге болады деп сенген. Бұған дәлел болатын қазақтың кейбір ертегілерін алуға болады. Ол ертегілерде қарғыстың, күнәліліктің кесірінен тасқа айнала тұрып, бірақ шартты қайта орындау арқылы тасты жібітіп, адамды қайта тірілтіп алу мотиві кездеседі. Өлген адам ешқашан жоғалмайды деген сенімдері берік болды. «Жеке батыр» туралы аңызды алып қарар болсақ, мұнда мәңгілік ұйқыға кеткен батырдың қайтып келмес кейіпте тасқа айналғаны – шаршап жатып, қозғалуға да шамасы келмей, мәңгілік ұйқыға кеткенімен сәйкес. Жоғарыда айтқанымыздай, кейбір сюжеттерде тасқа айналған құбылысты қайтып тірілтіп алуға болады. Бірақ ол егер адамның күнәсіздігі мойындалса ғана қайтарып алу дәстүрі ертегілерде ғана арагідік кездеседі. Ал бұл жердегі жеке батырдың тірілуге дәрменсіздігі – айдаһардың отпен шарпуында деп те түсінуімізге болады.
Қырыққыз топонимін алсақ: «Тәжікстанға қарасты Чарқу деген кішкене ауыл бар. Чарқу деген сөзді қазақшаға аударғанда «төрт тау» деп аталады. Сол төрт таудың бірі «Қырық қыз». Ілгеріде бір бай болады. Оның жалғыз қызы болады. Бір күні ол қыз өзінің қырық қызын ертіп, сейілге шығады. Олар сейілдеп жүргенде оларды қарақшылар ұстап алады. Олар қыздарды үңгірге алып барып, қорлайды. Сонда қайғыланып, көз-жасын төккен қыздар: «Бұдан көрі тас болып қатып қалсақшы», - деседі. Сонда олардың тілегі қабыл болып, олардың бәрі тасқа айналып қалады» [4, 101-б.], - деген мифтен жау қолына қалай да беріліп қалмай, одан да өлгеніміз жақсы деген ниетпен қыздардың құдайдан жәрдем тілей отырып, содан тасқа айналып кеткені туралы мағынаны көреміз. Сонда бұл жердегі идея – жансыздану құбылысы адамның өздігінен, қолдан жасалған құбылушылық. Осы типтес Шілтер жерінің пайда болуы туралы мифті алайық: «Баяғы өткен заманда Шілтер деген бір әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі сүттей пәк, ниеті адал, сөзі түзу адам екен. Бір күні жолаушылап келе жатып, қасындағы қырық кісісімен бірге Қазығұрт тауының етегіне келіп түседі. Дәм ішіп, дамылдағаннан кейін бесін намазын оқуға кіріседі. Намаз оқылып жатқан кезде таудан түскен қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп, тап береді. Шілтер мен қасындағы қырық жолдасы намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие алладан былай деп тілепті:

  • Иә, Құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше тас мүсінге айналдырып, қатыра гөр, - деп тілейді

Жарықтық қасиетті Шілтердің тілегі қабыл болып серіктерімен бірге тасқа айналып, қатып қалады» [4, 97-б.]. Бұл мифте де жоғарыдағыдай қырық саны кездеседі, бірақ бір ерекшелігі – ислам дінінің ықпалының күштілігінің әсері байқалады. Бұнда діни түсінікті мифтің алдында келтіруі – құдайдың тек өзіне құлшылық қылғандарға көмек көрсететінін тілге тиек еткен. Бұл жердегі мифтегі идея – адамның өз еркімен тас айналуды құдайдан тілеу мотиві.
Ал басқа біреудің (адамның) тарапынан қарғысқа ұшырау мотивіне келер болсақ, оған мынадай мифтерді келтірейік. Келіншектау деп аталатын таудың пайда болуын Е.А.Керімбаевтың келтірген мәтінінен көруімізге болады: «В давние времена один бай готовил приданое для своей карасавицы-дочери. Приданое получилось сказочно богатым, и отец невесты не жалел последнего, чтобы караван с приданым поражал вооброжение всякого. Караван с приданым тронулся в путь, и на одном из перевалов Каратау дочь-невеста, окинув взглядом вереницу верблюдов, увидела, что посуда для кормления собак (итаяқ) сделана из абрикосового дерева. «Почему посуда для кормления собак не сделана из серебра?» - разгневалась невеста и отправила жениха к отцу в аул за серебряной посудной отец невесты, отдавший последнее для приданого, выслушав жениха, пришел в большое душевное расстройство и проклял дочь: «Каменное сердце у дочери моей, да превратится она в камень». Проклятье свершилось и свдебный караван вместе с жадной невестой превратился в камень – с тех пор гора, у подножья которой застыл на вечные времена каменный караван, стал называться Келіншек тау – гора невесты [7, 107-108 бб.]. Бұл Келіншектау атауының шығу төркіні жоғарыда аталған Қырық қыз мифінен өзгешелеу. Қырыққыздағы құбылушылық – қыздардың «тілегінен», яғни өз ықтиярларымен, өз еріктерімен болды. Ал Келіншек тау топонимінде сөз магиясының белең алып тұрғанын көреміз. Теріс қарғыстың әсерінен, яғни сөздің сиқырлы құдіреті арқылы қызы үшін тірнектеп тапқан-таянғанын берсе де, тас жүрек болған қызына қапаланған әкенің ызасынан, екінші жағынан, ата-ананың киесінен қыздың тасқа айналу процесі халықтық танымды бойына толық сіңіріп тұр. Сонда, халық сөз магиясы арқылы «елеулі» мәселелерді шешкен. Магизмнің мифтік танымда алатын орны зор дейтін болсақ, топофольклордың поэтикалық жүйесінде атқарар ролі зор. «Азанұр жайлы әңгіме» деген мифтің жаралуының түп төркіні атасының келініне деген қарғысында жатыр. «Жаулар Азанұр есімді кісіні қанша амал-айла жасағанымен алудың есебін таба алмапты. Сонан Азанұрдың келінін ұстап ап: «Атаңызды қалай аламыз? Бәлкім, сіз айтарсыз, бірдеме?» - депті. Келіншек сонда: «Атамды бір алсаңыздар таң намазда аларсыздар», - депті. Азанұр қолға түскенін келінінен келгенін біліп (сонда келіні су әкеле жатқан екен) «А, келін, боғым боп қатып қал!» - депті. Ел-жұрт аузында Ағытпаға (Бұхара облысы, Ғыждуан ауданына қарайды) жақын жерде «Азанұр әулиенің келіні, қолындағы екі шелегімен сол күйінде тас боп қатып қалған», - деседі» [4, 99-б.], - деген мифтен көретініміз, ата қарғысының діни наныммен байланыста болуы. Яғни ислам дінінің пайда болуының ілкібасындағы адам өзін жердегі «тәңірмін» деп есептегеніне орай, атасы келінін өз ырқында ұстап, өз дегенін жасау, әлемге, табиғатқа «билігін» жүргізу секілді мәселелерді алға қойған.
Құдайдың (Алла) тарапынан қарғысқа ұшырауға байланысты «Бәбішетас пен келінтас» деп аталатын мифті алуымызға болады. «Бәйбіше тас һәм Келінтас» деп аталатын мифтік әңгімеге көз тігетін болсақ, мұндағы сюжеттік желі құдайдың қаһарына іліккен әйелдер мен еркектің істеріне телінеді. Негізгі түсінігі бойынша, әңгіме бұрынғы өткен заманда діншіл би, оның әйелі, баласы, келінінің тату-тәтті өмір сүруінен басталады. Бірақ уақыт өте келе енесі мен келіні өте араз болып, ұрыс-керіс басталады. Күндердің күнінде бай бір жерге қосын тіккен кезде, жөнсіз нәрседен әйелдердің айқайы, ұрыс-керісі, тіпті төбелесуге дейін жеткен әрекеті көрініп қалып, одан безініп кеткен би қосын тастап, кетіп қалады. Жоғарыданбәрін көріп тұрған Құдайдың «Сендер менің берген дәулетіме тұрмайсыңдар, ондай бақ сендер түгіл араз кісіні де жарастырса керек» деген ашулы да ызалы сөзінен, қаһарынан әйелдер қара тас болып қатып қалады.
Қуаңшылықтан, соғыстан қорғану үшін «құрбан болу», елі үшін басын қатерге төгу мақсатында жазым болып, тау-тас, жер-суға айналған мифтерге «Толағайды» жатқыза аламыз. Енді елімізде орналасқан Толағай топонимінің түп-төркініне барлайтын болсақ. «Қазақтың мифтік әңгімелері» жинағындағы аңыз әйгілі балалар жазушысы Ә.Тәжібаев жырлап өткен «Толағай» әдеби ертегісімен ұқсас келеді. Мұндағы басты идея – елі үшін шұрайлы, қуатты жерді арқасына салып, халқын бақытқа жеткізу. Ал Толағай тауы туралы келесі бір нұсқаны алып қарайық: «Қалмақ Толағай», яғни бұл Қалмақтың басы деген сөз. Қалба тауының бөктерінде жақын оқшау орналасқан тау осылай аталады. Таудың бүйірінде Ақтас, Қызылтас деген екі төбешік бар. Бұл таудың маңында үнемі боран соғып тұрады (Тау мен даланың қиылысы болғандықтан солай). Оның себебін қазақтар былайша түсіндіреді. Қазақ батырлары солтүстіктен қалмақтарды ығыстырып түре қуған заманда Тарбағатай өңірінде әкелі-балалы екі алып сүріпті. Бұл қалмақтың екі батыры таяп келе жатқан жауды тоқтату үшін Ертіс өзеніне бөгеу салып, сары далаға суды жайып жібермек болады. Ол үшін екеуі құрбан шалып «ұрғашыға жақындаспауға» серттеседі де иықтарына Тарбағатай тауының бір жотасын арқалап келе жатып, орта жолда тынығады. Баласы әкесінен қалыңдығына қыдырып келуге рұқсат сұрайды. Әкесі рұқсат береді де сертті бұзбау керектігін ескертеді. Бірақ баласы уәдені орындамай, содан болып ертеңінде тауды қайта көтеруге қос алыптың күштері жетпей қалады. Ашуланған әкесі ұлын өлтіреді, содан Қызылтас пайда болады (Баланың тәні мен қанынан бұл төбе жаралыпты). Қаһарлы әке Дәуір-кезең шатқалындағы үңгірге еніп кетеді. Алып ата бұрынғы оқиға есіне түсіп, ауық-ауық ашуланғанда, демінен боран пайда боп, дауыл соғады-мыс. Екінші бір нұсқа бойынша ұлы қалыңдығына қонақтап келген соң тауды көтеруге әлдері келмеген әке мен бала осы жотаның астына бастырылып қалады. Қалыңдық пен анасы бұл оқиғаны естіп қос алып қазақ болған орынға жетеді. Қайғырып қапаланған анасы қазіргі Ақтас төбешік тұрған жерге келіп жылан-еңірегенде көз жасы көл боп, омырау сүті бұлақ боп ағады. Қазіргі Ақтас осылайша пайда боп, бауырындағы бұлақ сонда жаралыпты. Қасіретті ана түрегеліп біраз жүрген соң, ауыр қайғыны көтере алмай, отыра қап тағы да еңірейді. Бұл жолы көзінен жас, емшегінен сүт шықпай, оның орнына көз бен омырауынн қып-қызыл қан ағады. Содан Қызылтас пайда болған екен дейді. Алып атаның қаһарлы рухы Дәуір – кезең үңгірінде өмір сүретін дәу жыланға көшкен екен. Соның ызалы демінен қазір оқтын-оқтын боран пайда болады-мыс» [8, 228-229 бб.]. Екі нұсқадан да көрінетін алғашқы бірдей мотив – таулы, нулы, сулы, шұрайлы жерді көтеру. Алғашқы нұсқасында елдің игілігі үшін болса, екіншісінде жауға тойтарыс беру мақсатында. Келтірілген алғашқы нұсқа тиянақты, айналасы жұп-жұмыр, атамекен идеясын көтерген топоатау болды. Ал екінші келтірілген нұсқа көпарналы, сюжеті де өз арнасына бірнеше инварианттарды қамтиды. Мәселен, бұл топоатауды беру негізінде Ақтас пен Қызылтас атауларының да пайда болғаны жөнінде де мағлұмат береді және оның оның өзі екі нұсқадан тұрады. Бұл мифтегі басты мотивтер – Қызылтастың қаннан жаралуы, Ақтастың сүттен пайда болуы. Кейбір ғалымдар Толағай жерінің аңыздық желісін жоққа шығарып, оған тек тілдік-этимологиялық негіз беріп жүргенін білеміз. Десек те, халықтың ойы, танымы, нанымы ескі дүниетанудың жетегінде болғанмен де, олардың эстетикалық көзқарасы бір негізден тарайды. Ол негіз – жоғарыда көріп отырғанымыздай, бір жерді келесі бір жерге көшіру. Көшіру болғанда да, елін аман сақтап қалу, елдегі қайғы-қасіреттерді жеңу, қуаңшылықпен күресу, жауға қарсы табиғат құбылыстарын пайдалану (жауды тоқтату үшін жазық далаға су жайлату) секілді себептілік мотивінде көрініс тапты.
Сарыуайымға салынуға байланысты тасқа айналып кету мотиві «Алтайтас» атты мифте сақталған. Кедейдің баласы Алтай мен байдың қызы Сұлушаш бір-бірін сүйгеніне қарамастан, қыз әкесі оларға қарсы болып, Растай атты дәулетті жігітпен атастырып қояды. Сұлушаш, Алтай, Алтайдың досы Қайсар үшеуі қашып шығып, ақыры қуғыншылар қуып жетіп, орманға өрт қояды, осыған орай Қайсар құзға кетіп өлсе, Сұлушаш суға құлап мерт болады. Бұл уақытта аңда жүрген, ештеңеден хабары жоқ Алтай келген мезетте, досы мен сүйгенінен айырылып, «көл жағасында бүк түсіп отырып, сарыуайымға салынған Алтай тасқа айналыпты. Сонымен ел сол тасты Алтайтас деп атап кетіпті» [4, 115-116 бб.]. Бұл жердегі қауіптен құтылу дегеніміз – Алтайдың тек қуғыншылардан құтылу мәніне емес, оның қайғы-қасіреттен арылу, досы мен сүйгенінен айырылған сұм тағдырмен қоштасу мағынасына келіп саяды.
Мифологияда ескі таным-түсінік бойынша, адам кез келген кейіпке енуші, өзгермелі бейне ретінде көрінген. Адам жануарға, өсімдікке, тау-тасқа айналып кете беретін «құбылмалы», яғни тәңірдің жетегінде жүретін, сиқырлы «өмірмен» қатар, араласа жүретін болмысты образға ислам дінінің тарамай тұрған мезетінде болса керек деп топшылаймыз. Себебі бұл магиялық наным - өте ескі танымның жемісі. Жоғарыда көрсетілгендей, тау-тасқа тек адамның өзі ауыспай, оның белгілі бір бөлшегі, атап айтсақ, көзінің жасы, адам қаны, шашы секілді атрибуттары ауысады. Жер-су атауларының мифтік сипатында көп кездесетін мотив – ол адамның көз жасынан жер-су, тау-тастың пайда болуы. «Жайық» өзенінің пайда болу тарихына үңілсек, Жайық деген бұрынғы өткенде хан болыпты, соның атына орай қойылған екен. Ханның Шыңғырлау атты қызы болып, ол қызын бәйгеден озып келген жігітке бермек болып, жиын жасайды. Алайда қыздың сүйген жігіті бәйгеден қалып, қыздан үміті үзілгеннен кейін, ауылына кейін қайтады. Бойжеткен өз сүйгенінен айырылғасын, суға кетіп өледі. «Жалғыз қызынан ханның көз жасы көл болыпты. Ол ұлғая келе «Жайық» өзеніне айналыпты, жігіт атының басын қойған төбе «Торы ат бас» тауы атанып, қыз кеткен су «Шыңғырлау» өзені атаныпты-мыс» [4, 126-127 бб.]. Бұл мифтің астары да адам бөлшегінің суға айналу процесіне келіп саяды. Ал Атасу деген мифті алып қарайық: «Ерте кезде бір байдың қызы қойшыға ғашық болыпты. Әкесі онымен үйленуге тыйым салады. Ақырында екі жас қашып кетеді. Бай қуғыншыларды аттандырады. Оларды қуып жеткен байдың мергені қойшы жігітті көздеп атып алады. Қауіпті алдын ала сезген қыз оқты кеудесімен жауып үлгереді. Осылайша қойшы тірі қап, сүйген жігіті үшін қыз байғұс мерт болады. Күйік тартқан әкесі марқұм қызын құшақтап зар еңірегенде көз жасы көл боп ағып, содан қазіргі Атасу өзені пайда болыпты» [9, 279-б.]. Бұл топоатаудың атының өзі айтып тұрғандай, қыз атасының көзінің суына орай құрылып тұр, және сюжет желісі ата-ананың қайғыруынан пайда болған. Көптеген топоатауларда кезігетін кейіпкерлер қатарында әке мен бала, әке мен қыз секілді сюжеттердің мол болуының астарында да бір ерекшелік жатыр деп ойлаймыз. Жылаған ата атауында кезігетін мотив – көз жастан пайда болу. Жоғарыда Толағай туралы мифте кездескендей, кейде тау-тас қаннан да жаралады. «Қызтөккен» деген мифтің бір сюжеті осы мотивке құрылған. Кедей жігіт пен байдың қызы бір-бірін сүйгендіктен, ата-анасының қарсылығына қарамай, елден қашады, артынан жетіп келген қуғыншыларға төтеп бере алмаған олар солардың қолынан мерт болады. Жігіттің басын алғандағы қан төбедегі жартасқа шашырап, сол қан қара даққа айналған. Сол дақтан мөлдір сулы бұлақ ағып жатқан көрінеді» [4, 120-б.]. Бірақ мифологияда түске байланысты әр нәрсенің өзіне байланысты құбылысқа айналып кетуі ғажап мәлімет емес. Сонда, сүттің түсіне орай, ақ нәрсеге (ақ тас, ақ шоқы, ақ тау), қанның өз түсіне орай (қызыл тас, қызыл шоқы) өзгеруі де заңды. Мифологиядағы түстің танымдық деңгейде даму заңдылығына сәйкес түрлі поэтикалық астарда кездесітіні анық дүние.
Сонда, қазақ топопоэтикасында жер-судың жаралуында адам атрибуттарынан жаралуының астарынан мынадай мотивтер кездесетінін көрдік:

  1. Көз жастан жаралу;

  2. Сүттен пайда болу;

  3. Қаннан пайда болу;

Қорыта келе, қазақ мифологиясындағы образдар жүйесі кең арналы, мол тынысты.Және олардың өзіне тән ерекшелігі сипат-бедері бар. Топонимиялық фольклорда мифтік кейіпкерлердің атауына сәйкес топоатаулар кездеседі. Бұған алғашқы себеп – халықтың мифтік танымының әлі солмағандығында. Екінші себеп – ол кейіпкерлердің сакральдық кейіпке еніп, ел арасында қасиетті деп ұғынылуында. Топоатаулардағы мифтік танымның ең белсенді көрсеткіші деуге болатын дәнекер – құбылушылық сарыны. Мифологиядағы құбылушылық – ежелгі анимистік танымның таза сарыны деуге болады. Өйткені адамның жануарға, адамның өсімдікке айналуы – халықтық тұрғыда «өмірде болған» деген идеяға сай келсе, кейбір діни әдебиеттерде де бұл танымның түбірін байқаймыз. Мәселен, өмірде жаман, қатыгез, зина жасайтын опасыз адамдарды шошқаға айналдырып жіберді, сол себепті шошқа еті адам баласына зиян, оның құрылымы адам құрылымымен бірдей деген түсінік – жоғарыда айтқан құбылушылықтың нақты бір жарқын көрінісі.
Сонда, қорыта келгенде, адамның тау-тасқа айналу мотивінің негізгі аясын мына топтарға бөлуге болады:

  • Адам қатты шаршағандықтан, күресуге дәрменсіздігінен тасқа айналады;

  • Адам өз еркімен қауіптен құтылу үшін құдайдан қара тасқа айналуын сұрайды;

  • Басқа біреудің (көбіне ата-ана, ел-жұрт) факторынан, яғни өмірде ол адамнан бас тарту, қаламау, қарғыс арқылы жазаға ұшырайды;

  • Құдайдың (Алла) тарапынан қарғысқа ұшырайды;

  • Қуаңшылықтан, соғыстан қорғану үшін «құрбан болады»;

  • Сарыуайымнан тау-тасқа айналады.

Жалпы алғанда, адамның аң-құсқа айналуы мен тау-тасқа айналуы мотивіндегі негізгі ортақ белгі – қарғысқа ұшырау мәселесі. Десек те, тау-тасқа айналу процесінде бірнеше фактордың әсер ететінін жоғарыда көрдік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет