A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Қазақ мифологиясындағы «жылқы» бейнесі



бет22/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

6.5 Қазақ мифологиясындағы «жылқы» бейнесі. Қазақ мифологиясы жүйесінде символдық мәнге болған «жылқы» бейнесі өзіндік белгісіне сәйкес түрлі сипатқа және қимыл-қасиетке ие. Жылқы малының қазақ халқы үшін ерен ерекшелігін айтып жатудың қажеттігі жоқ деп ойлаймыз. Ал мифологияда «жылқы» мәселесін қарағанда, оның түркілік негізіне бойлаймыз. Өйткені қазақ мифологиясының бастау арнасында түркілік таным бар деп есептеп, түп-тамырын арғыдан іздейміз. Ғылымдағы қағидалар бойынша, ең алдымен атты ең бірінші қолға үйретіп, соған сәйкес жөн-доралғыларды тудырған үндіевропалықтар болып табылады. Түркілер солардан үйренген деп топшылайды.
Түркілер үшін ат - әр адамның жан серігі, ең жақын жолдасы болып есептеліп, аттың иесі қайтыс болса, оның атын да сол үшін құрбан етіп, бірге жерлейтін болған. Мұндағы басты идея – келесі дүниеде арғымаққа мініп жүреді деген ой. Ежелгі түсінік бойынша, ең ескі танымда көсемдерімен қоса, оның әйелдерін де өлтіріп (егер бірнеше әйелі болса), қоса көметін болған. «Ежелгі Қазақтан мифтерінде» былай деп айтылған: «Аттарды құрбанға шалу – түркілердің арғы түп бабаларынан түркілерг, олардан монғолдарға және орта ғасырлардағы түркілерге уақыт көшіне ілесе ауысып келе жатқан тәңіршілдік ғұрып» [16, 255-б.]. Сонда ежелгі түркілік танымда «құрбан аттары» қызметін атқарған жылқы малы уақыт өте келе, өз «қызметінен» айырылады. Мәселен, қазақ халқы үшін қызметі өзгергенмен, қасиеті айырылмады. Ғұрып бойынша, өлген кісінің атын күні бұрын дайындап, ер-тоқымын теріс қарай салып, иесінің киімдерін, қару-жарағын іледі. Аттың құйрық-жалын кесіп, оны «тұлданған қаралы ат» деп атайды. Бұл атты бір жыл бойы жылқы ішінде жүргізіп, бір жылдан соң марқұмға ас берілетін тұста сойылады. Бұл салтты біз М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжейдің өліміне байланысты туған ғұрыптардан көреміз.
Жылқы мифологиясы туралы айтқан кезде, оның иесі Қамбар ата туралы айтқан жөн. Қазақ халқы жылқы малының пірі ретінде, оның иесі ретінде Қамбат атаға немесе Жылқышы атаға табынған.
Шаруаның бір түлік пірі – Қамбар ата,
Тілегенде өзің бер ақтан бата!
Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып,
Ойдан-қырдан арқансыз әкеп мата!
Өзің сақта ысқырған жел мен жаудан,
Қуғын-сүргін сабылтқан төтен лаудан,
Шаруаны беймезгіл бөліктірген.
Өзің сақта пәлелі қиян даудан [16, 239-б.], - деп келетін жолдарда өз малдарын өз иелеріне аманаттап, «тапсырып», солардан медет тілеу мотивін көреміз. Бұл жерден тәңірлік діннің аясындағы анимизмнің қалдығын көре аламыз. Қазақ танымы бойынша, Қамбар – тек жылқы иесі ғана енмес, бие сүтінен ең алғаш қымыз дайындаған бірінші адам. Сонда Қамбар ата – мифологиядағы жасампаз қаһарман ретінде көрініс береді, ал оның «ойлап тапқан» қымызы – жасампаз құрал, құрылғы. Осы рете тәңірлік діннің аясында қалыптасқан мынадай ырымдарды көрсетуге болады:
1. басқа малдарды сойғанда, «ет таза болсын» деген ниетпен, қанын жуып-шаятын болса, жылқының сойғанда, бастағы бақ таяды деп, қанды жумаған.
2. кейбір мекендерде жылқының шекесін тұтас асқан. Оны шауып бөлшекке бөлсе, халықтан ынтымақ, бірлік кетеді, мал басы көбеймейді деп ойлаған.
3. кебір жерлерде аттың басын, егінге змян келмесін деп, қарақшы ретінде іледі. Иен далада аттың шекесін жастанып жатса, бұл қауіп-қатер мен жын-шайтаннан қорғайды деген наным бар.
4. аттар адамның ауруын емдеуге көмек болады деп сенген, өйткені ауру адамның қасына жылқыны әкелсе, қасындағы жын-перілер, албасты-шайтандар одан қорқып, жоғалып кетеді екен деген ырым бар.
5. аттың тұяғының таңбасы қалған жерді «қасиетті», «періштелер ізі» деп санап, сол жерден топырақ алып, шүберекке орап, жас сәбидің жастығының астына салған немесе суға қосып шомылдырған.
6. жылқының жалы мен құйрығы бәле-жала, жын-періден сақтайды деп, бесікке байлап қоятын болған.
Қазақ танымында қадір тұтылатын жылқы түрі – ақ ат. Ақбоз аттар аққудан жаралады деп ойлаған халық Абылайдың Алшаңбозы аққуға айналды дейді. О.Жанайдаров: «Ақбоз жылқыны қадір тұту әртүрлі салт, дәстүрлерге байланысты. Боз биенің сүтіне шомылған кісі барлық ауруларынан жазылады, оған қайғы-қасірет жоламайды деген ырым бар» [16, 232-б.], - дейді, сонда ақ түс бейбіт өмірді, жағымды өмірді бейнелейді.
Теңіз аттары турасында да мифтер сақталған, оның басты мазмұны «адай» этнонимімен және сақ мифологиясымен байланысты болып келеді.
Мифологиядағы ат бейнесін мынадай символикалық жүйеде қарастыруға болады:

  • ат – аспан денелерінің құрамдас бөлігі;

  • ат – күн бейнесі;

  • ат – уақыттың белгісі;

  • ат – шежірелік сипатта белгілі бір «одақтың» арғытүбі;

  • ат (ақ боз) – аққудың бейнесі;

Енді жоғарыда аталған символдық жүйеге тоқталсақ. Аттың аспан денелеріне қатыстылығы – алдымен темірқазық жұлдызымен тікелей байланыстылығы. Темірқазық жұлдызының қақ ортасындағы ұстап тұрған қазыққа екі ат байланып тұр, олар – Ақ Боз бен Көкбоз деп келетін мифте аталған екі ат бірнеше сюжетке өзек болады. Кейбір түсінік бойынша, қазақтар түнгі аспанды жайылым, барлық жұлдыздары оның аттары деп есептеген. Осы ретте Серікбол Қондыбай «жылқы» мен «жұлдыз» сөзі бір түбірден шыққан болу керек деген топшылау жасайды [17, 268-б.]. Қазақ мифологиясында ең көп кездесетін аттың бір түрі – теңіз аттары немесе суын. Ол жылқылар өте әдемі, жылтыр, адамды өзіне тартушы ретінде келеді де, үстінен әрқашан су тамшылап тұрады. Су сиырының (бегемот) болатыны рас, сол секілді түр-тұлғасы, болмыс-әрекеті жылқыға сай келсе, су жылқысының болуы ғажап емес. Тұлпар жоғарыда аталған суын мен ұрғашы құлынның қосындысынан пайда болады деп халық есептеп, суынның сұлулығын кеңінен дәріптеп, ғажайып жануар ретінде қастерлеген.
Ат мезгілдің белгісі ретінде мифтік кеңістіктегі уақытты береді. Осы жерде аттың күнтектілік сипатын ашатын болсақ, «пырақ» аспани әлемнің нышаны ретінде сипатталады. Қазақ мифологиясында аттың басты қасиеттері мынадай болып суреттеледі:

  • аттың қанаты болады;

  • аттың тұяқтары жез, темір, алтын-күміс, яғни металдан болады;

  • аттар адамның басты серігі ретінде сөйлейді;

  • ат болашақты сезгіш, алдыңғыны болжағыш, оны досына сездіруші;

  • ат неше түрлі кейіпке айналушы, лезде өзгермелі. Бір түрден екінші түрге, одан кейін келесі түрге ауысушы;

Қорыта келгенде, қазақ мифологиясында жылқы бейнесі – мифтік кеңістік пен уақытқа тәуелді, өзіндік болмыс-бітімі ерекше жануар ретінде суреттеліп, түрлі композициялық сюжет арқылы мифологияға өзек болатын танымдық белгілер.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет