ӘБЖАН ҚҰРЫШЖАНҰЛЫ
Қазақ тілінің тарихында ескі түркі жазба мұраларына қалам тартып, халық тілінің інжу-маржандарын терген ғалымдардың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті ғалым - Әбжан Құрышжанұлы екені баршаға белгілі. Қазақ халқының тарихын ескінің көзіндей сақталған “Кодекс Куманикус” арқылы зерделеген Ә. Құрышжановтың өзге зерттеулерін айтпағанда, Ю. Баласағуниды қазақша сөйлетуінің өзі оның есімін түркітану тарихына, берісі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, тіл ғылымының тарихына жазды.
“Ынтымақта” өсіп, ержетіп, саналы өмірін ең ынтымақты саналатын тіл ғылымына арнаған ғалымның алғашқы еңбегі қыпшақ тілінде жазылған қазақ халқының ұлы мұрасы “Кодекс Куманикустің тілдік құрылымын” зерттеуге арналыпты. “Кодекс Куманикус тіліндегі септіктердің тұлғалары мен мағыналары” деген тақырыпта 1968 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл үлкен тақырыпты берген ғалым академик Н.Т. Сауранбаев екен. Ғылымдағы ұстаздың еңбегін өтеудің бір жолы деп танып, қазақ тіл білімінде Н.Т. Сауранбаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арнап зерттеу еңбек жазған шәкірттің бірі емес, бірегейі де Әбжан аға Құрышжанов. Қазақ тіл білімінде ұстазының өмір жолы мен шығармашылығына арнап осындай арнайы жеке еңбек жазған өзге шәкіртті біз әзірге білмейміз. Бұл жолы да профессор Әбжан Құрышжанұлы өзгелерден өрелі.
Ә. Құрышжанұлының зерттеулерінің нәтижесінде қазақ тілінің тарихи грамматикасына “Кодекс Куманикус“ қазақ халқының төл мұрасы ретінде енді. Танылды. “Кодекстің” тілін тұлғалық және мағыналық деңгейде терең зерделеген ғалым, ондағы фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктердің өзге түркі тілдерімен салыстырғанда қазақ тіліне өте жақын екенін нақты тілдік деректермен бұлтартпай дәлелдеп берді. Тегінде, түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші ғалымдар осылайша, Әбжан ағаша еңбек етіп, тер төксе, ұлтын сүйсе, біраз құндылықтардың тарихи сыры кеңірек, тереңірек ашылар ма еді кім білсін. Ғылымға ғашық көзбен, нұрлы жүрекпен, барынша адал қарауды өз басым Әбжан ағадан үйрендім, өзгелерге де үйренуді ұсынар едім. Жазба деректерді зерттеуде одан ұлттық болмыс пен мәнерді іздеу, әрбір лексикалық немесе грамматикалық тұлғалардың мәніне тереңдей үңілу, оның ғылыми деңгейінің айқындығына, нақтылығына жауапкершілікті толық сезіну – ғалымның кез келген мақаласынан, зерттеуінен, Әбжан Құрышжанұлы қаламынан туындаған кез келген еңбегінен анық сезіліп тұрады маған.
Ғалымның “Кодекстің” тілін терең зерделеп, көптеген құнды ғылыми-теориялық тұжырымдар айтқанын білеміз. Шығарманың грамматикалық, лексикалық құрылымы мен семантикалық сипатын терең талдағанын, сөйтіп, түркологияда алғашқылардың бірі болып “Кодекс” туралы ғылыми ой қалыптастырғанын былай қойғанда, ғалымның қыпшақ тілі туралы, оның халықаралық статусы жөнінде айтқан ойларының әлеуметтік, халықтық мәні мен маңызы өте ерекше болды деп пайымдаймыз.
Ғалым “Қыпшақ тілі халықаралық тіл болған” деген тұжырымды ойды ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бұл Әбжан Құрышжанұлы зерттеулерінің лейтмотивіне айналған десек қателеспес едік. Қыпшақ тілінің халықаралық статусының болғаны, автор зерттеулерінде “жалпы солай болғанның” астарымен емес, нақты тарихи деректерге ғылыми талдаулар жасау негізінде дәлелденеді. Орта ғасырда қыпшақ тілінің Батыс елдері мен Шығыс елдерін, Таяу Шығыс пен Кіші Азияны, Монғолия мен Қытайды, Кавказ бен Қырым далаларын өзара байланыстырып тұрған “алтын көпір” болғанын нақты дәйектермен дәлелдейді. Осы елдер арасындағы экономикалық, саяси, мәдени байланыстардың бәрі негізінен қыпшақ даласы арқылы өткендіктен, олардың қыпшақ тілін меңгеруі қажеттілік болғанына сенесіз. “Қыпшақ тілінің кезінде халықаралық тіл болып қызмет атқарғаны оның әлеуметтік-коммуникативтік ролі тұрғысынан алып қарағандағы маңызы” – деп жазады ғалым. Ал оның ғылыми жағынан зерделеніп, әлі де ашыла түсер жайы көп екенін анықтап көрсетеді.
Тілдің тарихын, жазба мұраларды әркім-ақ зерттеп жүргені белгілі. Десек те, Ә.Құрышжанұлы айтқан “қыпшақ тілінің –халықаралық тіл” болғаны туралы ғылыми тұжырымды ешкім айта алмаған, әрі жоққа да шығара алмасы анық. Бұл пікір қазіргі таңда, әсіресе, кеңінен насихаттауды қажет етеді. Бүгінгі қазақ тілінің негізгі төл бастауы саналатын қыпшақ тілінің орта ғасырларда тек мемлекеттік тіл болып қана қоймай, халықаралық қарым-қатынас құралы болғаны туралы ғылыми мұндай деректер жас ұрпақтың бүгінгі санасына сіңіп, олардың ұлттық патриоттық сезімін “масадай” оятуы тиіс, өз ұлты мен өз тілін қадірлеп, қастерлеуге тәрбиелеуі қажет. Қалауын тапса қар жанады дегендей, Әбжан ағаның ғылыми ойлары баспасөз беттері арқылы қазақ жастарының жүрегіне жетіп жатуы керек, бұл бүгінгі уақыттың алға қойып отырған қажеттіліктерінің бірі. Тарихи зерттеулер тек тарих үшін ғана керек дейтін түсініктің тым келтелігін біз Әбжан аға зерттеулерін оқи отырып бағамдаймыз.
Көне қазақ тілінің мемлекеттің, халықаралық статусынан бастап, тарихи мұралардағы ұлағатты ойлар мен парасатты тұжырымдарды қайта тірілтіп, бүгінгінің керегіне жаратып отырған, кешегі ұлы ойшылдардың жасаған рухани қазыналарын қазақша сөйлетіп, жастарға ұсынған ғалымның еңбегін ерекше бағалау қажет. Қазіргі білімді қауым Әбжан аға аударған түркі ғұламаларының еңбектерімен танысу арқылы адамзат баласына тән ұлық қасиеттермен, мемлекетті басқару ісінен бастап, қонаққа бару мен қонаққа шақырудың жөн жоралғысына дейінгі замана бойында халық қалыптастырған дүниетанымды біледі, меңгеруге мүмкіндік алады.
Ескі түркі жазбаларының тілін зерделеп, орта ғасыр ғұламалары М.Қашқари, Ю.Баласағуни, А.Йүгінеки, А.Иассауи еңбектерін аударған ғалымның зерттеулері сан-салалы. Өзі терең меңгерген көне кезеңдегі жазба ескеркіштердің жазылу кезеңдерін анықтап, қазақ әдеби тілінің даму бағыты мен дәуірлерін жіктеуін ғалымның негізгі ғылыми көзқарасы ретінде танимыз. Ә. Ибатовпен бірігіп жазған “Ескі түркі жазба ескеркіштері жайында” деп аталатын мақалада мынадай төрт түрлі кезеңнен өткен қазақ тарихы көрініс береді: 1. Көне түркі дәуірі (Ү-ҮІІІ ғ); 2. Ескі түркі дәуірі; 3. Жаңа түркі дәуірі: 4. Совет дәуірі. /1. 98/.
“Әдеби тіл – ғасырлар бойы жасалып, ұзақ уақыт қолданылатын тарихи құбылыс” деп тани отырып, ғалымдар “әдеби тіл әр заман мен әр дәуірдің айнасы, белгілі бір әдеби ситуациялық орталықтың жемісі ретінде қызмет атқарып, өткен көштің өжірін қамтып қалатын айрықша категория” екенін жазады.
Әбжан Құрышжанұлының үлкен еңбегі – Йүсүп ұлық Хас-хажиб Баласағунидың “Құтадғу білік” (Құт әкелетін білім) кітабының ғылыми-поэтикалық аудармасын жасауы деп есептейміз. 541 беттен тұратын бұл көлемді еңбекте “Құт әкелетін білім” аударылып, аудармашының түсініктемесі беріледі. “Құтадғу білікпен” қазақ оқырманы 1985 жылдары Асқар Егеубаевтың көркем аудармасы арқылы таныс екені белгілі. Әбжан Құрышжанұлы аудармасының ерекшелігі – сөз мағыналарының нақты және дәл аударылып берілуі. “Бұл туынды – ақыл-білім деңгейін талап ететін тек көркем әдебиет шығармасы ғана емес, жоғары дәрежелі ғылыми еңбек”, сондықтан мұның ғылыми аудармасының жазылуы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы үшін үлкен жаңалық әрі маңызды екендігі шүбәсіз /2. 497/.
Аударманы оқып шыққандағы аңғарғанымыз - өлеңдегі ұйқастардың оралымдылығы, поэзиялық көркемдіктің сақталуы, өлеңдегі ойлылық пен сөздің әсерлілігі. Айталық,
Ақыл – шырақ, көр соқырға – көз болған,
Өліге – жан, мылқау тілге – сөз болған.
Тіл мен сөзі ақылдының шыңдалар,
Бар қылығы әрі таза, шын болар.
Сор мен құрмет – Бір құдайдан, - бөлінбе,
Содан келер өмір шіркін, өлім де.
Ессіз басшы билесе – ел-жұрт шөгеді,
Ел азады, халық азап шегеді.
Ел билеуші есті болса білімді, -
Береке орнап, елге нұрын себеді т.б.
Әбжан ағаны бұрын ақын ретінде танымасақ та, “Құт әкелетін білімді” оқып шыққан соң, ғалым ағаның үлкен жүрегінің ақынжандылығына, нұр төгіліп тұрар шуағына таң қалмасқа лажымыз жоқ. Аудармадағы ритм, ұйқас, буын жүйесінің бәрі “қыздың жиған жүгіндей” іштей келісім тауып, “сөз патшасы” ырқына бағынған. Ал ойдың, сөздің ішкі мәнінің нақты да дәл берілуі бұл аударманы ғылыми поэтикалық деңгейге жеткізген. Ендеше болашақта “Құт әкелетін білімнің” танымдық және мәдени аспектісін қарастырып, ескі түркі жазбалар тілін зерделеймін дегендер ізденушілерге жол ашық.
Әр сөзі алтынмен бағалануға тиіс Й.Баласағунидың “Құт әкелетін білімін” қазақша сөйлеткен ғалым еңбегі ерен. Ғалымның әр сөзге терең бойлап, сөздің мәні мен мағынасын ұғым арқылы саралап, құдіретті поэзия тілінде ойдың дұрыс та нақты берілуіне үлкен жауапкершілікпен қарап, жіті тексергенін сырт көз бірден-ақ аңғарады. Оған көңіліңіз сенбесе, Кітап соңында берілген “Түсініктемелерге” назар аударсаңыз да жеткілікті. Еңбектің әр тілге аударылған бірнеше нұсқаларын салыстыра отырып, әр сөздің байыбына барып, ғұламалық, даналық ойды дәл жеткізуде қазақ сөзінің иірімдер желісі мен мағыналық терең қабаттарын сарқа пайдаланғанын байқауға болар еді.
“Құт әкелетін білімді” аударуға ғалым 10 жылдан астам уақытын арнап, ұзақ толғатқан екен. Толғандырған мәселенің жауапкершілігінің орасан екенін сезіну осындай толағай табысқа жеткізген деп бағаладық. Қазіргі кезде бір жылға жетер-жетпес уақытта кандидаттық, докторлық диссертацияны жазып тастап жүрген біздің ғалымсымақтарға ойланатын, аздап ат басын тартатын жағдай емес пе?
Ғалым “Ескі түркі жазба ескерткіштері” деп аталатын еңбегінде өзі жасаған аудармаларды қалай жасағаны туралы былай деп жазады: “Көне түркі тілдері мен қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемдердің құрылу жүйесі, жалпы алып қарағанда, бірдей болғандықтан және бұл тілдерде қолданылатын көптеген сөздердің мағыналық (лексиа-семантикалық, синтаксистік) қатынасы өзара ұқсас (шамалас) келетіндіктен, оларды аудару үстінде түпнұсқаның ішкі сыры мен сыртқы сипатын бұзбауға тырыстық. Көне түркі тілдерінде жұмсалған қайсыбір сөздер қазақ тілінің жергілікті (диалектілік) ерекшеліктерінің сөздік қорынан кездесетін болса, біз оларды тиісті жерінде қолданып отырдық”. Мұның өзі түркі ғұламаларын аударуда ғалым таңдаған жолдың қисындылығын аңғартса керек.
Профессор Әбжан Құрышжанұлы қазақ тіл білімінде тұңғыш рет жазба мұралардағы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді теріп, жинақтап, тақырыптық-семантикалық топтарға бөліп, көпшілік қауымға ұсынды. Мұндағы жинақталып берілген аталы сөздер әртүрлі жыр-жауһарларынан теріліп алынған тағылымы мол, халықтық тұтас дүниетанымды таныта алатын, бүтін бітімдікке жетудің сара жолын нұсқайтын қасиетті сөздер. Мақал-мәтелдер - Адам туралы, мінез-құлық туралы, көңіл күйлері, туыстық қатынас пен сыйласу, халық туралы, жақсы мен жамандық жайында, “Бар” нәрсе мен “Жоқ” нәрсе жайында, рухани байлық, табиғат көріністері, өмір өткелдері - деген тараушаларға бөлінген. Ең алдымен, тараушалардың осылай бөлінуінің өзінде ішкі заңдылық бар, әрі бұрынғы осыған дейін жарияланып келген қазақ мақал-мәтелдерінің бөлінісінен мүлде өзгеше, жаңаша, соны. Сонылығымен де құнды.
Еңбекте берілетін “Аталы сөздердің” де мағынасы терең, мәні ерен, көңілге түйіп, көкіректе жаттайтын ұлағаты мол ұлы сөздер.
Бүгінгі уақыттағыдай пенденің қадірі ақшамен емес, “Адамның қадірі білімінен білінеді” деген принципке сүйенер болсақ, “Аталы сөзді” оқып отырып, сөз атасын танып, біліп, бүтіндік пен жарымның, жақсылық пен жамандықтың, дүние болмысы мен рухани тазалықтың сырлы сазын ұққандай боламыз.
“Басында ұлылықтың ұғым тұрар, білікті биік өсіп, мығым тұрар” деп Әбжан ағам қазақшалаған Й.Баласағуни бабамыз айтқандай, профессор Әбжан Құрышжанұлы білімінің арқасында өзге ғалымдардан биік тұр. Мығым тұр.
Әдебиет:
Құрышжанов Ә. Исследование по лексике «Тюркско-арабского словаря». – Алматы: Наука, 1970. 232 б.
Құрышжанұлы Ә. Ескі қазақ тілі// «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998,;
Құрышжанұлы Ә. Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері// «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998,
Құрышжанұлы Ә. Аш-шудур ад-даһабий...// «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998,
Құрышжанұлы Ә Китаб ад-дурра әл-мудийа фил-лұғат ит-туркийа уал-камал// «Қазақ тілі» Энциклопедиясы. А., 1998, 170-171 беттер;
Құрышжанұлы Ә Китаб муқаддима // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998,
Құрышжанұлы Ә Китаб ат-тухфа аз-закийа фил-лұғат ат-туркийа // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 172-173 беттер;
Құрышжанұлы Ә Кодекс куманикус // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 173-175 беттер;
Құрышжанұлы Ә Китаб-ул-айни // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 173 бет;
Құрышжанұлы Ә Қыпшақтану // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 249-250 беттер;
Құрышжанұлы Ә Армян қыпшақтарының тілі // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 31 бет;
Құрышжанұлы Ә Диуани лұғат-ит-түрк // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 98-99 беттер
Құрышжанұлы Ә Б.Көмеков, С.Дүйсен. Ескі қыпшақ тілі. Алматы, 2008.
Құрышжанұлы Ә. Йүсүп ұлық Хас-хажиб Баласағуни “Құтадғу білік” (Құт әкелетін білім). Түркістан, 2004.
Әбжан Құрышжанұлының [Текст] : биобиблиографиялық көрсеткіш / ҚР Білім және Ғылым Министрлігі ; Түркі Академиясы. - Астана : Кантана Пресс, 2012. - 140 б.
Құрышжанұлы Ә. Тіл тарихы туралы зерттеулер. Алматы, 2011. 540 б.
Құрышжанов Ә., Томанов М. Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінің зерттелу тарихы мен грамматикалық очерктері. Алматы, 1964.
Курышжанов А.К. Парадигмы склонения в языке писменного памятника ХІІІ-ХІҮ вв.- “Кодекс куманикус” / Вопросы истории и диалектологии казахского языка. –Алма-ата, 1958. Вып.1.
Тапсырма:
Ә. Құрышжанұлы еңбектерімен толық танысу;
Ә. Құрышжанов зерттеулеріндегі ұлттық білік;
Ә. Құрышжановның «Кодекс Куманикус» туралы ғылыми пікірлерінің маңызы.
Ә. Құрышжанов халықаралық қазақ тілі мәртебесі туралы.
Достарыңызбен бөлісу: |