А. Б. Салқынбай қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет32/41
Дата02.04.2023
өлшемі1,06 Mb.
#78447
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   41
Байланысты:
учебник История каз языкознания(1)

ХАСАН КӘРІМҰЛЫ МҰХАМБЕТ

Нағыз ұстаз қай ғасырда да – ұстаз болып қала бермек. Ұстазға қойылатын талап пен тілек қашан да ортақ. Ол - БІЛІМДІЛІК, ИМАНДЫЛЫҚ, ПАРАСАТТЫЛЫҚ. Осындай үлкен қасиеттер бойынан табылатын ағаларымыз Хасан Кәрімұлы, Айтбай Айғабылұлы, Сапархан Мырзабеков сынды қазақ тілі ғылымының майталман ғалымдарымен бірге қызметтес болдық. Жақсы ағалардың өмір жолы, қоғамға сіңірген еңбегі, тіл ғылымындағы көрнекті зерттеулері, жастарға берген ұлағатты тәрбиесі көз алдымызда.


Профессор Хасан Кәрімұлы Мұхамбет – 1931 жылдың күзінде Атырау облысы Теңіз ауданы Морской ауылдық кеңесінің 4-балықшы ауылында балықшы отбасында дүниеге келген. Мектепке барудың алдында-ақ алғыр бала ауылда ересектер үшін ұйымдастырылған “Сауат ашу мектебіне” анасымен бірге қатысып жүріп, әріп таниды. 1938-1945 жылдары “Қызыл Ту” колхозының орталығындағы “Пионер” атындағы жеті жылдық орталау мектепте оқиды. 1948 ж. аудандағы орта мектепті үздік бітірген соң, арман жетегімен астана-Алматыға келеді. ҚазМУ-дың филология факультетінің күндізгі бөліміне оқуға қабылданады. 1953 ж. ҚазМУ-ды үздік бітіреді. Университетте үздік оқығаны үшін 1952-1953 жылдары Сталин атындағы стипендия алып тұрады.
Еңбек жолын Х. Кәрім-Мұхамбет өзінің туып-өскен жері Теңіз ауданында бастайды. 4 жыл сонда қызмет істейді. Алғашқыда қарамағында 3 колхозы бар (Қазақстан, Жамбыл, Коминтерн) Нұржау селолық кеңесінің орталығындағы К.Е. Ворошилов атындағы орта мектептің директоры және соның жанындағы 40-балалар интернатының басшысы болады. Көп кешікпей-ақ, білікті де алғыр маман ретінде танылып, 1955 жылдың 1 ақпанында аудан орталығына қызметке ауыстырылады. 1955-1957 жылдары аудандық Мәдениет бөлімінің меңгерушісі әрі еңбекшілер депутаттарының Теңіз аудандық Советінің депутаты, Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Хасан Кәрімұлының принципшілдігі, адалдығы аудан жұртшылығы арасында абырой-атағын өсіреді, халықтың алғыс-ризашылығы шексіз болады. Бірақ ағай қызметті емес, ғалымдық жолды, білім беру жолын таңдап, өзінің төл мамандығын аңсап, 1957 жылдың жазында – Гурьев педагогикалық институтына жұмысқа ауысады. 1959 жылға дейін – Гурьев пединститутында қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарады. Ғылымға деген ынтық сезім ағайды Алматыға қайта алып ұшып, 1959 ж. ҚазМУ-ге аспирантураға түседі. 1961 жылға дейін атақты ғалым Мәулен Балақаевтың ғылыми басшылығымен білім теңізінде әдеби тілдің қалыптасу жолдарын, көркем әдебиет тілін талмай зердеге тоқиды. Аспирантураны ойдағыдай бітірген жас ғалым Қазақстандағы қазақ тіл білімін зерттеудегі жетекші кафедра саналатын ҚазМУ-дың қазақ тілі кафедрасының ассистенті болып қабылданды. 1966-1969 ж.ж. – аға оқытушы, 1969 ж. – доцент, 1996 жылдан қазақ филологиясы кафедрасының профессоры болып қызмет етті. 1998 жылы оған “ҚазМУ профессоры” деген академиялық атақ берілді. Ағаш бір жерге көктеп, көгереді дегендей, Хасан Кәрімұлы да – осы университет шаңырағы астында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп, сандаған жастарды қанатының астына алып білім нәрімен сусындатып келе жатқан құрметті ұстаз. Профессор Хасан Кәрімұлының ғылыми-шығармашылық жолы сол аспирант жылдарынан бастау алады. М.Б. Балақаевтың ғылыми жетекшілігімен 1965 жылы “Б.Майлин әңгімелерінің тілі” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетінде қызмет ете жүріп, “Қазақ әдеби тілінің тарихы”, “Қазақ диалектологиясы” пәндері бойынша дәріс оқиды. Р. Сыздық, Е. Жанпейісовпен “Қазақ әдеби тілінің тарихы” атты бағдарлама, диалектология пәні бойынша бірнеше оқу, практикалық бағдарламалар жазады. Осы бағдарламалар негізінде Қазақстан Республикасындағы барлық жоғары оқу орындарында аталған пәндерден дәрістер жүргізіліп келе жатқанын бүгіндері мақтанышпен айта аламыз. Ғалым “Көркем әдебиет тілін зерттеу” деген арнаулы курсты жоғары ғылыми-теориялық деңгейде оқыды, оның бағдарламасын шығарды. Мұхамбет Кәрімнің “Қанатты тіл”, “Диалектология мен әдеби тіл тарихы саласындағы зерттеулер“ атты зерттеу монографиялары қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар, тиянақты, ғылыми терең мағлұматы мол еңбектер.
Ғалымның 100-ге жуық ғылыми мақалалары мен он шақты оқу құралдары мен монографиялары, бірнеше оқу бағдарламалары бар. Ғалымның жетекшілігімен Бағдан Момынова мен Гүлжан Шоқым кандидаттық диссертация қорғады.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ әдеби тілі, диалектология мен морфонологияның өзекті мәселелеріне арналды. Диалектология саласындағы зерттеулері қазақ тілінің говорларындағы дауысты және дауыссыз дыбыстар арасындағы сәйкестіктерді жүйеге түсіруге және тарихи қалдықтарды анықтауға арналған. Х.Қ. Мұхамбет-Кәрім 1969 ж. бері “Қазақ әдеби тілі тарихы” бағдарламасының авторларының бірі. Өзіне ұстаз санайтын белгілі ғалымдар: Н.Т. Сауранбаев, Қ.Қ. Жұбановтың ғылыми пікірлеріне сүйене отырып ХV ғасырдан басталатын қазақ әдеби тілінің даму тарихын терең зерделейді.
Х. Мұхамбет-Кәрім – қазақ мемлекеттік университетінде диалектологиядан 1961 жылдан бері дәріс оқушы ғана емес, он жыл қатарынан студенттік экспедицияның жетекшісі ретінде де Алматы (бес ауданы), Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Маңғыстау облыстарының елді мекендерін аралап, халық тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді жинаумен шұғылданды. Осы материалдардың орынды пайдаланылуы да автордың ғылыми мақалаларының құндылығын, сапасын арттыра түсті. Хасан Кәрімұлының диалектология саласындағы барлық еңбектеріне ортақ негізгі ерекшелік – ол қайсы бір тілдік деректі талдаса да, соған қатысты материалдың барлығын түгел қамтып, бүге-шүгесіне дейін зерделейді. Әр түрлі көзқарастарды бүкпесіз келтіріп, салыстыра отырып, өзінше салиқалы түрде қорытынды жасайды.
Автордың 1995 жылы “Қанатты тіл” атты оқу құралы жарыққа шықты. Ғылыми зерттеудің концепциясы жағынан 1965 жылғы диссертациядан бастау алатын бұл еңбекті көркем шығарма тіліне мүмкіндігі болғанша филологиялық тұрғыдан талдау жасаудың қазақ тіл біліміндегі алғашқы көрініс деп қарау әбден орынды. Мұнда стилистикалық талдауды прозалық көркем туындының тілдік композициясын құрайтын тұтастықтардың (автор сөзі, кейіпкер сөзі, қосүнді сөз) әрқайсысының нақ осы шығармада алатын орнын, рөлін, көркемдік қызметін анықтаудан бастау, тілдік өрнектелу ерекшеліктері жайында сөз қозғау қажеттігі – негізгі ұстаным ретінде ұсынылады. Б. Майлин, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов сынды әдебиет алыптары қаламынан туған көркем әңгімелер тілін қазақ әдеби тілі, көркем проза тілі тарихымен тығыз байланыста қарастыру арқылы “Қанатты тіл” тағы бір жаңа қырынан танылды. Ұстаз-ғалымның көп жылғы ғылыми-зерттеу еңбектері 2001 жылы “Қазақ университеті” баспасынан “Диалектология мен әдеби тіл саласындағы зерттеулер” деген атпен жеке кітап болып басылып шығып еді. Бұл зерттеу еңбектің де болашақ жас ізденушілерге берері мол. Орасан бай материалдарды тілге тиек етіп, ғылыми негіздеген ғалым еңбегін бүгінгі қазақ тіл біліміне қосылған сүбелі үлес деп бағалау қажет. Тіл білімін зерттеушілер мен ізденушілерге, студенттерге еңбектің үйретері мол. Автор еңбектің алғысөзінде жинағын ұстазы Мәулен Балақаев рухына арнайтынын жазды. Жинаққа енгізілген әрбір мақаланың көтерер жүгі ауыр. Автордың “Қазақ тіліндегі морфонологиялық құбылыстар жайында” атты мақаласы морфонология мәселесін алғаш рет көтеріп, оның негізгі нысаны мен міндетін анықтап берген ғылыми-теориялық білігі жоғары еңбек.
Қазақ диалектологиясының бүге-шүгесін толық меңгерген ғалым оның негізгі проблемаларын да жақсы көре білді, сондықтан жинаққа енген “Қазақ диалектологиясының кейбір мәселелері”, “Қазақ тілі говорларындағы жуан, жіңішке дауыстылар сәйкестігі”, “Еңбекші Қазақ ауданы тұрғындары тіліндегі фонетикалық ерекшеліктер” деген мақалаларының ғылыми-теориялық құндылығы жоғары. Ғалым говорлардың пайда болуының заңдылығын оның тарихи даму және қалыптасу жолы арқылы анықтады. Еңбектің әдістемелік жағының да студенттерге берер пайдасы мол. “Қазақ диалектологиясы” пәнінен жасалған типтік бағдарламаның, “Қазақ әдеби тілі тарихы” семинар сабақтарына арналған әдістемелік талдаудың енуінің ғылыми маңызы жоғары деп бағалаймыз. Сондай-ақ, “Қазақ диалектологиясы” тақырыптық-әдістемелік еңбегінен үзінді беріледі (бұрынғы басылымында оның редакторы М. Томанов болған).
Автор әдеби тіл тарихы туралы біраз ғылыми мақалаларын енгізген. Әсіресе, “Профессор М.Балақаев және қазақ әдеби тілінің тарихынан”, “Академик Н.Т.Сауранбаев – қазақ әдеби тілі тарихы проблемалары жайында” атты зерттеулерінің қазақ тарихнамасы үшін аса маңызды. Х.Қ. Мұхамбет, сондай-ақ, факультеттің, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан. Бір орында 40 жылдан астам еңбек еткен ғалымның қанша курсқа куратор болып, филолог-жастардың шыңдалуына қосқан үлесінің қанша екенін ойша ғана саралауға болар. Хасан Кәрімұлы 1968-70 жылдары, 1988-90 жылдары филология факультетінің бастауыш партия Ұйымының хатшысы болып қызмет еткен. Үгіт коллективінің жетекшісі, үгіт пунктінің меңгерушісі, Сайлау комиссиясының төрағасы болып, талай-талай уақытын сарп етті. Әлденеше рет Жоғары және арнаулы орта Білім Министрлігі тарапынан құрылған инспекторлық тексеру топтарының құрамында болып, еліміздегі университеттердің оқу-әдістемелік деңгейін тексеруге қатынасқан.
Әр жылдарда құрмет грамоталары мен алғыстар жарияланып, “Айбынды еңбегі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарымен марапатталған.
Көрнекті ғалым Хасан Кәрімұлы көптеген жас магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге жетекшілік етті. Шебер дәрісші-ұстаздың алдынан өткен шәкірттері – филология факультеттерінің мыңдаған түлектері, ғалымның қызықты да байсалды, деректерге толы өрелі сабақтарын ғана емес, өздерінен сапалы білімді талап ететін, принципшілдік, адалдық қасиеттерін де бүгінде ризашылықпен еске алады. Жеңілдің асты мен ауырдың үстін талғамай, өмірінде кездескен талай қиыншылықтарға мойымай қарсы тұрып, ҚазМУ-де 50-жылға жуық уақыт қажымай-талмай қызмет еткен, “қарағайға қарсы біткен бұтақтай” қайсар мінезді ғалым ағаның зерттеулері қашанда қазақ ғылымында жүрген ғалымдардың іздеп оқитын кітабы болып қала берері даусыз.
Әдебиет:

  1. Х. Кәрімов. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Методикалық талдау. —Алматы, 1988, 6

  2. Х. Кәрімов Қазақ тіліндегі морфонологиялық құбылыстар мәселесі жайында. // Қазіргі қазақ әдеби тілінің грамматикалық құрылымы. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің баспасы. 1983 ж. 124-144 бб.

  3. Х.Кәрімов. Қанатты тіл. Монография. Алматы: Қазақ университеті, 1995.

  4. Х.Кәрімов. Қазақ әдеби тілінің тарихы мен даму жолдарында. Советская тюркология. 1982, № 5.

  5. Х. Мұхамбет-Кәрім Диалектология және әдеби тіл саласындағы зерттеулер. Алматы: Қазақ университеті, 2001.

  6. Х, Мұхамбет-Кәрім. Жан сырым // Хабаршы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Филология сериясы. - 2002. - №18(52). - С. 7-11 б.

.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет