Балам дейтін жұрты болмаса,жұртым дейтін бала қайдан шығады? А.Байтұрсынов. Баланың танымдық қызығушылығын білу - бала жан-дүниесіне билік жүргізудің жолы. Баланың білуге деген құмарлығын қалай дамытуға болады? Ол үшін ата-ана не істеу керек?
Баланың білуге деген құмарлығын дамыту ересектермен байланыс жасау кезінде ерекше қарқын алады. Ата-анамен қарым-қатынас кезінде бала өзін толғандырған сұрақтарға жауап алуға тырысады, бірақ психологтардың зерттеулеріне қарағанда, сұраққа бірден жауап беруге тырыспау керек, баланы әр нәрсенің жауабын өзі ізденіп табатындай жағдайға жеткізу керек.
Біз, ересектер балалардың қойған сұрақтарына көбінесе, жүрдім-бардым, жеңіл-желпі қарап жатамыз. Сұрағына жауап ала алмаған баланың ересектерден көңілі қалып, біртіндеп айналада қоршаған ортаға қызығушылықтары төмендей бастайды.
Құрметті ата-аналар, есіңізде сақтаңыз, сұрақ болмаған жерде дүниені тану да, даму да болмайды. Сондықтан да балаңыздың білуге құштар жүрегінен шыққан әр сұраққа мұқият қарап, ойланып жауап қайтарыңыз. Бала сұрақ берген сәтте оған ұзын-сонар жауап айтудың қажеті жоқ, оның ұғымына сай қысқа әрі нұсқа жауап берсеңіз болады. Сұраққа жауап бере отырып, баланы ойлануға жетелеу керек. Шама келсе, баланы өзін қызықтыратын сұрақтарға жауапты сөздіктерден, балалар энциклопедиясынан іздену арқылы табуға жетуіне тәрбиелеу керек. Бала өзін қоршаған ортамен белсенді байланысқа түскенде ғана «Неге бұлай? Бұл қалай? Неліктен? Не себептен?» деген сияқты сұрақтар туындайды. Мұндай кездерде ата-ана баланың дамуына ықпал ететін, ол үшін жаңалық болып ашылатын сан алуан әрекет түрлерін ойластырғаны, ұйымдастырғаны жөн. Сол арқылы бала өзін тұлға ретінде таниды, өзі үшін маңызды жаңалық ашады. Ата-ана баласын табиғат аясына, хайуанаттар бағына, саябаққа ертіп апару арқылы олардың дамуын белгілі бір танымдық мақсатқа бағыттайды. Сонымен қатар ол баланы салыстыруға, талдауға, қорытуға, ой түюге итермелейді.
Психологтар балалардың танымдық қабілеттерін дамыту үшін келесі жағдайларды бөліп көрсетеді:
1.Бала дамуында ерекше сезімтал, әсершіл кезең деп шамамен 3-тен 12 жас аралығы саналады. Сондықтан баланың ақыл-парасат дамуының кемелдігі үшін осы кезеңді босқа өткізбей, толыққанды қолдана білу керек.
2.Баланың танымдық белсенділігі жоғары деңгейде болады. Осы қабілеттерінің дамуы үшін оның оқуға деген ұмтылысы, білуге деген талпынысы басты орынға шығады.
3.Тәрбиенің тең құқылы жүйесі. Ата-ананың балаға үстемдік жасауы, өз айтқандарын істетеіп, баланың ішкі пікірін есепке алмауы, санаспауы, баланың толыққанды дамуын тежеуші бірден-бір фактор болып табылады.
4.Баланы интеллектуалдық тапсырмалар мен жаттығулар орындауға үйретіңіз. Бірақ баланың еркінен тыс мәжбүрлеу ешқандай нәтижеге қол жеткізбейді. Керісінше, оның қызығушылығын жойып, белсенділігін тежейді.
5.Өз бетінше оқу. Бала 9 жасына дейін өз бетімен кітап оқып үйренсе, бұл баланың дамуын ары қарай ұштап дамыта түспек.
6.Өзін жоғары бағалау. Бала өзін, өз қабілеттерін жоғары бағаласа ғана, мақсат еткен, қолға алған кез-келген істе сенімді болады.
7.Бала белгілі бір табысқа қол жеткізген жағдайда ғана өзін-өзі бағалай бастайды. Сондықтан да баланы табысқа, жетістікке жетелейтін жағдай жасауға ұмтылу керек.
8.Баласының интеллектуалдық дамуын, зейінінің өсуін қадағалап отыратын, кітап оқығанды жақсы көретін отбасында баланың дамуы жедел жүреді.
Дарынды балалармен жұмыс істеуде ата-аналарға берілетін кеңестер Балаңызға өзінің мүмкіндігін оятып, ашылуына жағдай жасауға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі психологиялық база құрыңыз.
Балаңыздың шығармашылыққа деген ұмтылысы мен қабілетін әрқашан қолдап, демеп тұрыңыз және тәжірибелерінің сәтсіздікке ұшыраған жағдайларында жанашырлық білдіріңіз. Сонымен қатар тәжірибені сынап, жаман баға беруді болдырмаңыз.
Балаңыздың түрлі түсініксіз ойларына сабырлықпен қарап, бәрін бірден білгісі келетінін және шексіз сұрақтарын құрметтей біліңіз. Шектен тыс немесе қойылмайтын жабайы сұрақтарына мүмкіндігінше жауап беруге тырысыңыз.
Егер бала қаласа, оған өзінің ойларымен жалғыз қалуға, істерімен өзі айналысуға мүмкіндік беріңіз. Өз ісінің «бастығы» болу балаңыздың шығармашылығын тез жетілдіруге жол ашады.
Балаңыздың негізгі адамдық қажеттіліктеріне толық қанағат болуын қадағалап отырыңыз. Яғни, қауіпсіздік сезімі, балаға деген махаббат, қоршаған ортаға және өзіне деген құрмет, әрқашан болуы тиіс.
Балаңызға өзін-өзі жеке әрі дарынды тұлға ретінде құрметтеуді және бағалауды үйретіңіз. Алайда оның мінез-құлқы мәдениеттілік шегінен аспауы тиіс.
Балаңызға барлық сұрақтарға бір мағынада жауап беру мүмкін еместігін, сұраққа толық жауап беру үшін уақыт, ал баланың жағынан шыдамдылық қажет екендігін түсіндіріңіз.
Жаңа ашылу мен зерттеуге бел буған балаңызға жылы-жылы қолдау сөздерін таба біліңіз де, сынау сөзден қашық болыңыз. Балаңызбен жылы қарым-қатынаста болыңыз, бала деген махаббатыңызды аямаңыз, жасырмаңыз.
Дарындылықты дамыту үшін әр кезде арнайы жағдайлар жасалуы тиіс. Сондықтан балаңызды қоршаған ортаның жағымсыз, сын көзқарастарынан сақтай отырып балаңыз үшін керекті жағдай орнатыңыз. Егер дарындылықтың дамуы барысында негативті әсерлер позитивті әсерлерден басым болса, онда балаңыздың шығармашылық энергиясы қажетсіз, тіпті зиянды салаға көшуі мүмкін. Өзіңіздің балаңыз үшін міндетті түрде өзіне ұқсайтын, жан дүниесі мен мінезі, кем дегенде, қабілеттері мен ойлары бір жерден шығатын, жолдас, серіктес жан дос тауып беріңіз. Бұл бала үшін өте маңызды: ұшқыр ойларын, сырлары мен армандарын бір-біріне айту арқылы олар бойларындағы сенімділік пен қажырлық қасиеттерін нығайтады.