А мәтіні.Ғаламтор мақаласынан үзінді. «Тұсаукесер салты» туралы



Дата11.11.2022
өлшемі19,02 Kb.
#49363
Байланысты:
Адамзаттық құндылықтар 8-сынып (1)


Төменде берілген 2 мәтінді оқып,тапсырмаларды орындаңыз.
А мәтіні.Ғаламтор мақаласынан үзінді.
«Тұсаукесер салты» туралы
Жақында ағайынның қуанышына ортақтасып, тұсаукесер тойына бардық. Көпшілікке жайылған ақ дастарханнан кейін қонақтар тұсаукесер салтын тамашалауға жиналды. Баланың табан жолына кестеленген «тәй-тәй» төселді. Ата-анасы баланы алып шығып аяғына ала жіп байлады. Көпшілік баланың тұсауын кім кесер екен деп тағатсыздана күтіп отырған сәтте ортаға 20 жастағы жігіт шықты. 
Үлкендерден бата сұрамастан баланың тұсауын кесті. Тұсаукесер жыры да айтылған жоқ. Сәби болса, автокөліктің кілтін алып ата-анасын мәз етті. Үлкендер жағы күбір-күбір ете қалды: «Жас балаға кестіргені несі? Көпті көрген, өнегелі жолы бар неге үлкендерге кестірмеді? Бата беру керек емес пе? Қазір жастар өз білгендерін жасайды. Салт-дәстүрді бұрмалап, мағынасын жоғалтып бітті» деген сыбыр көбейе бастады. Үлкен кісілердің де пікірі орынды. Бірақ таңдау ата-ананың өз еркінде болған. Сөйтсе, әлгі бала үлкен ағаларының жалғыз түйір ұлы екен. Шетелде оқиды. Әсілі, бір жасар балақай да соған ұқсап, сырт ел асып, оқымысты болсын деген шығар? Кім білсін!
Той әйтеуір мәресіне жетті. Көпшілік тарқасты. Бірақ бәрінде бір ой кетті. Расында қазір салт-дәстүріміздің көбі бұрмаланып жүр. Мәселен, үйлену тойында ағылшынша ән айтылып, жастар «Love story» түсіруді сәнге айналдырды. Тіпті осы «Love story» үшін шетел асатын жастарымыз бар. Қыздарымыз да өзінің қара шаңырағынан емес, түннің бір жарымында мейрамханалардан ұзатылып жатыр.
Осы тұста Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова бүгінгі жас ата-аналардың баланың тұсауын кескен кезде көптеген қателік­терге бой алдырып жүргенін атаған еді. Бұл салт-дәстүрдегі ұстанымдардың мағынасын бұзатынын және кейінгі буынға өзгертіліп жететініне алаңдау­шылық білдірген. ( 221сөз)

Ә мәтіні. Газет мақаласынан үзінді. «Салт-дәстүр - ұлттық тәрбиенің негізі» («Алматы ақшамы»газеті 01.07.2017ж)

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі кезеңдегі әлемдік жаһандану жағ­да­йында заман ағымына икемделуді, жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңі­руді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді. Сол мәдениетке халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет ғұрпы, музыкасы, өнері, т.б. кіреді. Бұлар ұлттық кодтың элементтері. Олай болса, ұлттық түп-тамырымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ата-баба­мыздан келе жатқан дәстүрі­міздің озық үлгілерін атадан балаға мирас етіп жеткізу керек. Дәстүр – ұлтқа рух беріп, оның ішкі, сыртқы кел­бетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Дәстүр – адамдардың ғасырлар бойы қалыптас­тырған құнды­лығы, әлеуметтік-мәдени мұрасы. Әдет-ғұрып, салт-дәс­түрлер арқылы халық өзін-өзі тәрбие­леп, стандарт­тап отырады. Олар қоғам­ның, отбасының барлық саласында көрініс табады. Дәстү­рі­міз бұзылса, онда қоғамның тарихи дамуы­ның сабақ­тастығы да бұзылады. Әрине, дәстүр қатып қалған өзгеріске түс­пейтін құбы­лыс емес. Ұлттық коды­мызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгі­лерін насихаттап, ұлттық тәрбиеміздің ірге­тасы етіп тұрақтандырумыз керек. Қазақ тұрмысында ұрпақты қоғамға, отбасына бейімдеп, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, иман­дылыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз жеткілікті.


Ерте кезеңнен-ақ ата-бабаларымыз бала, ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оларды үлкенге тағзым, кішіге ілтипат етіп, бауырмалдыққа, мейірімділікке, ізеттілікке баулыған. «Тәрбие – тал бесіктен баста­лады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ұлағатты сөзді жадына әбден тоқыған. Сондықтан да ата-бабалары­мыздың өмір тәжірибесімен қалыптас­қан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді ұлттық кодымыздың анықтаушы бір элементі ретінде қоғамдық, отбасылық іс-әреке­тімізде, тұрмыс-салтымызда ұстануымыз керек. Себебі, ұлттық әдет ғұрып, салт- дәс­түрлер арқылы – қазақ халқының өзіндік дәстүрлерін бойына сіңіре білетін, салт-дәстүрлерімізді ұғына білетін, оны ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғастыра білетін, ұлттық рухпен қару­ланған тұлғаны қалыптас­тыруға мүм­кіншілік аламыз. (227сөз)

Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікіріңізді қоса отырып, «Қазіргі жастардың салт-дәстүрді менсінбей қарауы,бұрмалануы болашақ үшін қаншалықты қауіпті деп санайсыз?» деген тақырыпта (170-200сөз) көлемінде эссе жазыңыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет