көркем, шебер, дәл, терең, астарлы мінезі, тағдыры; табиғат, ғарыш, оның
толып жатқан құбылыстары, жан-жануары, өсімдігі, жақсылық пен жамандық,
махаббат пен ғадауат, достық пен дұшпандық, байлық пен кедейлік, өмір мен
өлім, жастық пен кәрілік, әйел мен еркек – осы алуандас құбылыстар, түйіп
айтқанда адам баласына қатысты мың сан көкейкесті сұраулардың
диалектикалық шешімі бар.
Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр-Жүсіп
Көпеевтің ерінбей ұзақ жинағаны мәлім.
Фольклордың басқа жанрларына
қарағанда, мақал-мәтелдерді жинаумен айналысу фольклорист-ғалымнан ұзақ
уақытпен қажымас ізденуді қажет ететіні белгілі. Себебі мақал-мәтелдер дайын
күйінде жеке дара кездеспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не
қолжазбалар ішінен, туындылар арасынан іздеп табу арқылы қағазға түсіру
керектігі аян. Осы тұрғыдан келгенде Мәшһүр-Жүсіптің қазақ мақал-мәтелдерін
көптеп жинағанын қолжазба қорынан аңғарамыз. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев
жинаған қазақ мақал-мәтелдері тақырыптық жағынан болсын, тәрбиелік,
өнегелік жағынан болсын маңызды. Осындай ұлы ғұламамыздың
қолжазбасынан алынған мақал-мәтелдер қазіргі таңда «Қазақ мақал-мәтелдері»
деген атпен шығатын кітаптарда жиі кездеседі. Бірақ,
өкінішке орай кейбір
материалдарда Мәшһүр-Жүсіптен алғаны еш көрсетілмей келгенін үлкен
қынжылыспен атап айтқымыз келеді.
Сайып келгенде, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жинаған қазақ мақал-мәтелдерінің
сөз өнерінде алатын орны ерекше. Себебі мақал-мәтел – бейнелі сөз,
тапқырлық, даналық сөз. Мақал-мәтел – көлемі нұсқа, тілі ұста, құрылысы
тұрақты сөйлем. Сондықтан да ол жаттауға,
есте сақтауға, керекті кезінде
қынаптан қылыш суырғандай жаңғыртуға, пайдалануға оңтайлы.
Мақал-мәтел – халықтың көп жылдың, сан ғасырлық көрген-білгенінен,
бастан кешкенінен қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы; табиғатта,
өмірде үнемі болып, қайталап тұратын уақиғалармен,
құбылыстармен
байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Мақал-мәтелдер – әрбір халықтың көне де байырғы рухани қазынасы. Ол -
өз бастауын адам баласының тым ертедегі саналы қоғам құраған балаң кезінен
алып, ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, толассыз толығып келе
жатқан жанды құбылыс, халық даналығының қорланып жиналған қоры, атадан
балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан рухани мирасы.
Қорыта айтқанда, белгілі қазақ фольклортанушысы Мәшһүр-Жүсіп
Көпейұлының мақал-мәтелдерін арнайы зерттеудің мәні өте зор.
71