А. Оралбекова кадастр негіздері 5В071100 «Геодезия және картография» мамандығында оқитын студенттерге арналған дәрістік курс Өскемен, 2018 ОӘД 349. 414(075. 8)



бет5/5
Дата08.12.2023
өлшемі457 Kb.
#135233
1   2   3   4   5
Суармалы егістік жерлерінің топырақ сапасын айыру.
Суармалы егістік жерлердің топырақ сапасын айырғанда жоғарыда айтылған алты көрсеткіштерге қосымша төмендегі көрсеткіштер ескеріледі:

  1. топырақ құрамындағы тұздың орта мөлшері топырақтың 0-50 см. қабатына қоса 50-100 см қабатында алынады (топырақтың екінші қайтара тұздануын білу үшін;

  2. топырақтың 0-50 см қабатындағы кішкене бөлшектердің орташа өлшем мөлшері;

  3. топырақтың ұсақ бөлшекті қабатының қуаты.

Эталон ретінде топырақтың 0-50 см қабатындағы қарашіріннің 2,5%-ке тең мөлшері алынады. Шығымдылық пен топырақтың балл бонитетінің арасындағы байланыстың тығыздық өлшемі ретінде бірнешеден корреляциялық коэффицииентті қолданған жөн. Егер олардың арасында тікелей байланыс (тәуелдік) болса, онда регрессия теңдеуі есептелінеді. Сол арқылы шығымдылықтың өзгеруіне сәйкес топырақ сапасының балл көрсеткішінің өзгерісі аңықталады. Регрессия теңдігі бойынша топырақ сапасы балының және шығымдылықтың шамасын теориялық тұрғыдан есептелінеді. Осыдан кейін оларды практикалық көрсеткіштермен салыстырып, олардың айырмасының екі есе дәрежесінің орташа мәні үйлесімдік шама ретінде пайдаланылынады.
Табиғи жайылым алаптарының топырағының сапасын айыру.
Бұл жұмысты геоботаникалық зерттеу мәліметтерінің негізінде өсімдіктердің белгілі бір топырақ түрлерінің бағалау топтарына ұштастырылған түрлері бойынша жүргізіледі. Табиғи жайылымдық алаптардың топырақ сапасы екі түрлі көрсеткішпен анықталады: мал азықтық бірлік (кормовая единица) және сіңірілгіш протеин (переваримый протеин) арқылы. Бірінші (малазықтық бірлік) негізгі көрсеткішті болып саналады, ал екінші көрсеткішті анықтаудың мақсаты сіңірілгіш протеиннің қаншалықты жетіспеушілігін және оның орнына пайдаланатын қажеттілікті көрсету болып саналады. Эталон ретінде (100 балл) бір гектар алаптың 10 ц. Малазықтық бірлікке және 100 кг протеинге тең өнімділігі алынады. Осы жолмен анықталған баллдардың нәтижесі бойынша бонитировкалық шкала жасалады. Жер учаскесінің кадастрлық номері мемлекеттік кадастр кітабына енгізіледі және есептік кварталдың кадастр картасына қойылады.
Жер иеленушіліер және пайдаланушылар бойынша бағалау шкаласын құру .
Жоғарыда қарастырылған әдістемелер бойынша жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың жерлерінінің балл бонитеті әрбір топырақ түрлерінің балл бонитеттерінің орташа өлшемдері бойынша мына формуламен анықталады:
Бш =∑ К1-п∙Б1-п , Бұндағы,
∑ К1-+п
Бш-шаруашылық егістігінің балл бонитеті,
К1-п-топырақ түрлері тармақтарының көлемі;
Б1-п-топырақ түрлері тармақтарының балл бонитеті.
Құрама (комплексті) топырақты жер участкелерінің балл бонитеті әр құрамның (комплекстің) компонентінің орташа өлшем мөлшеріне сәйкес біркелкі контурға негізделіп қайтадан есептеледі. Әрбір топырақ түрлерінің сапалық баллдары ауыл шаруашылық дақылдардың көпжылдық орташа шығымдылығымен салыстырылады.

10 ЖЕР КАДАСТРЫН ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ, АҚПАРАТЫН ПАЙДАЛАНУ.


Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудiң ережесі Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 20 қыркүйектегi N 958 Қаулысымен бекітілген. Осы Ереже мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу, жердi сандық және сапалық есепке алу мен жердi бағалау, тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алу, мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр ақпаратын пайдалану тәртiбiн белгiлейдi.


Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жер кадастры мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды жер және жекелеген жер учаскелерi туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiледi.
Кадастр қағаз жеткiзгiшпен жүргiзiледi және ақпараттарды жинақтаудың, өңдеудiң және сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалана отырып жүргiзiлуi мүмкiн.
Тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекiтiлген жер учаскесi кадастрдың деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi болып табылады. Кадастрда әрбiр жер учаскесi үшiн оны кеңiстiкте бiр мәндi бөлуге, мөлшерiн және орналасқан жерiн айқындауға мүмкiндiк беретiн сәйкестендiру сипаттамалар, сондай-ақ учаскенiң кадастрлық бағалау құны белгiленедi.
Кадастрдың құрамына жер учаскесiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар туралы ақпарат кiредi. Жер учаскесi туралы мәлiметтер осы учаскеге бекiтiлiп берiлген нөмiрi, орналасқан жерi, шекарасы және мәтiндiк сипаттамасы көрсетiлетiн жер-кадастрлық карталармен ара қатынаста болады.
Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында Кадастрды жүргiзу бiрыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады және ол жер учаскелерi туралы мәлiметтердi жинау, құжаттау, жинақтау, өңдеу, есеп жүргiзу және сақтау жөнiндегi дәйектi iс-қимыл болып табылады.
Жер учаскелерi туралы ақпарат учаскелер мен жер алқаптарының шекарасы мен алаңдары өзгерген кезде жүйелi түрде жаңартылады. Жер учаскесi, егер оның белгiленген шекарасы болса және оған жер-кадастрлық iс жүргiзiлсе, түпкiлiктi қалыптастырылған болып саналады. Кадастрдың мәлiметтерiн пайдаланушылар болып мыналар табылады:

  • аумақтарды дамытуды жоспарлау, жердi аймақтарға бөлу, табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлеу мәселелерi, жер ресурстарын басқаруға байланысты басқа да мәселелер бойынша - мемлекеттiк басқару органдары;

  • жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу саласындағы уәкiлеттi органдар;

  • мемлекеттiк статистика саласындағы органдар;

  • құрылыс салуға жер учаскелерiн таңдау және беру (сату) мәселелерi бойынша - құрылыс және басқа объектiлерге тапсырыс берушiлер;

  • жобалау-iздестiру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшiн бастапқы деректер алу мәселелерi бойынша - жобалау, iздестiру, ғылыми-зерттеу ұйымдары;

  • мемлекеттiк қала құрылысы кадастрын жүргiзу, қала құрылысы және басқа да құжаттаманы әзiрлеу мәселелерi бойынша - сәулет-қала құрылысы қызметi саласындағы уәкiлеттi органдар;

  • табиғи ресурстардың пайдаланылуын және қоршаған ортаның жай-күйiн бақылауды жүргiзу, табиғат қорғау iс-шараларын әзiрлеу мәселелерi бойынша - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдар;

  • жер салығын есептеу мәселелерi бойынша - салық қызметiнiң органдары;

  • өзге де жеке және заңды тұлғалар.

Белгiлi бiр жер учаскесi туралы мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерi осы жер учаскесi есепке алынған орын бойынша үзiндi түрiнде берiледi. Белгiлi бiр жер учаскесi туралы кадастрдың мәлiметтерi қағаз немесе магниттiк жеткiзгiштерде, сондай-ақ техникалық және телекоммуникациялық байланыс құралдары қолданыла отырып, Кадастр деректерi банкiне тiкелей санкцияландырылған рұқсат түрiнде жер учаскесiн есепке алу орны бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен берiледi.
Кадастрдың жер учаскелерi туралы мәлiметтерi жер-кадастрлық карталармен (жоспарлармен) ара қатынаста болады.
Кадастрдың мемлекеттiк құпияларды және өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi жалпыға қол жетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi.
Кадастрдың мәлiметтерiн мемлекеттiк органдарға беру осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен тегiн негiзде жүзеге асырылады.
Кадастрдың мәлiметтерiн алу режимiн бұзу немесе анық емес ақпараттарды ұсыну заңнамалық кесiмдерде көзделген жауапкершiлiкке әкеп соқтырады.
Кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйелерi жұмыс iстеу тәртiбiн жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын мамандандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердiң базасында құрылады.
11 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫН КАДАСТРЛЫҚ БӨЛУ. ЖЕР УЧАСКЕСІНІҢ КАДАСТРЛЫҚ НӨМІРІ

Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу жер учаскелерiне кадастрлық нөмiрлер беру мақсатында жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлудiң бiрлiгi есептiк кварталдар болып табылады.


Кейiннен құқық кадастрында пайдаланылатын есептiк кварталдардың шекарасы сәулет және қала құрылысы органдарымен, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу органдарымен келісім бойынша жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары айқындайды және тиiстi жергілікті атқарушы органдар бекiтедi.
Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн түзу мақсатында облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берiлетiн кодтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Жер кадастрын жүргiзгенде әрбiр жер учаскесiне жер учаскесiнiң орналасқан жерiн анықтау (сәйкестендiру) мақсатында жеке, Қазақстан Республикасының аумағында қайталанбайтын, учаске бiртұтас болып тұрғанша сақталатын, кадастрлық нөмiр берiледi. Жер-кадастрлық iс те осындай нөмiрге сәйкестендiрiледi.
Жеке және заңды тұлғалар жер учаскесiне кадастрлық нөмiрдi беру үшiн Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорынға өтiнiш жасайды, ал жер учаскесiне сәйкестендiретiн ескi үлгiдегi құжатты жаңаға ауыстыру үшiн жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органына жүгiнедi.
Өтiнiшке жер учаскесiне сәйкестендiретiн құжаттың түпнұсқасы қоса берiледi.
Жер учаскесiн сәйкестендiру оны жер-кадастрлық картада көрсету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу бұл учаскенiң нақты шекараларын, шектеулер мен ауыртпалықтардың бар-жоғын айқындаудан, басқа тұлғалар құқықтарының сипатын, сондай-ақ мақсатты пайдаланылуын анықтаудан басталады. Жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу және оларды ресiмдеу рәсiмдерi жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның бұйрықтарына сәйкес жүргiзiледi.
Жер учаскесiн сәйкестендiру жөнiндегi жұмыстардың нәтижелерi бойынша мамандандырылған кәсiпорын жер учаскесiне кадастрлық нөмiр бередi, ескi үлгiдегi құжатқа тиiстi белгi жасайды және оны өтiнiш берушiге бередi. Жер учаскесiне кадастрлық нөмiрдi бергенi туралы ақпарат жер учаскесiнiң орналасқан жерi бойынша жер қатынастары жөнiндегi тиiстi уәкiлеттi органға ұсынылады.
Жер учаскесiне құқығы туралы ескi үлгiдегi құжатты облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы өзiнiң құзыретiне сәйкес өтiнiш берушiге беретiн сәйкестендiретiн жаңа құжатқа ауыстыру өтiнiш берушiнiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
Жер-кадастрлық кiтапқа, кадастрлық iске және мемлекеттiк жер тiзiлiмiне тиiстi жазба жасалады.
Кадастрлық нөмiрдi құру:

  • облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың коды мен;

  • ауданның немесе облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың кодымен;

  • есептi кварталдың кодымен;

  • жер учаскесiнiң есептi кварталдағы реттiк нөмiрiмен айқындалады. Елдi мекеннiң кварталы, жұмыс кенттерi және ауылдық елдi мекендер, бағбандық және саяжайлық қоғамдар, желiлiк объектiлер: темiр жол, автомобиль жолдары, жердегi, жер үстi және жер асты құбыр желiлерi бөлу жолақтарымен, суаттар және басқалар есептi кварталдар болып табылады.
    Жер учаскесi кадастрлық нөмiрiнiң екi алғашқы саны облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кодын, одан кейiнгi үшеуi - ауданның немесе облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың, одан кейiнгi тағы үшеуi - есептi кварталдың кодын және соңғы үш сан - есептi кварталдың iшiндегi жер учаскесiнiң реттiк нөмiрiн бiлдiредi.

  • Есептi квартал iшiнде жер учаскелерiнiң саны 999-дан асқан жағдайда, осы есептi квартал iшiнде қалыптасатын келесi жер учаскелерiне төрт таңбалы реттiк нөмiр берiледi.

  • Есептi кварталдардың және/немесе аудандардың, облыстық (аудандық) маңызы бар қалалардың, астананың iшiндегi есептi кварталдардың кодтары мен жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар бередi.

Жер учаскесiн бiрнеше бөлiкке бөлу немесе бiрнеше жер учаскелерiн бiреуге бiрiктiру кезiнде ескi нөмiрлер жойылады және жаңа кадастрлық нөмiрлер берiледi.
Бүтiн жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жердi пайдалану құқығы басқа меншiк иесiне немесе жердi пайдаланушыға ауысқан кезде жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi ауыстырылмайды. Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорын жер учаскесiне кадастрлық нөмiр берiлгендiгi және бұл учаскенiң жер-кадастрлық есепке қойылғандығы туралы өтiнiш берушi мен тiркеушi органға хабарлайды. Өтiнiш игерушiге жер учаскесiнiң жаңа кадастрлық нөмiрi бар және жер-кадастрлық картадағы (схемадағы) өзгерiстер көрсетiлген жер-кадастрлық картаның (схеманың) тиiстi бөлiгiнiң расталған көшiрмесi берiледi.
Шығыс Қазақстан облысы - 05
Глубокий 068
Зайсан 069
Зырян 070
Қатон-Қарағай 071
Күршiм 072
Тарбағатай 078
Ұлан 079
Шемонаиха 080
Зайсан қаласы 081
Зырян қаласы 082
Риддер қаласы 083
Серебрянск қаласы 084
Өскемен қаласы 085
Шемонаиха қаласы 086
Абай 236
Аягөз 239
Бесқарағай 240
Бородулиха 241
Жарма 243
Көкпектi 244
Үржар 248
Аягөз қаласы 251
Семей қаласы 252
Шар қаласы 253

12 ЖЕР-КАДАСТР ҚҰЖАТТАМАСЫ. СӘЙКЕСТЕНДІРУ ҚҰЖАТТАРЫ.


Жер-кадастр құжаттамасы есепке алудың барлық деңгейлерiнде: базалық, мезгiл-мезгiл жаңартылатын және жыл сайын жасалатын құжаттаманы қамтиды.


Базалық жер-кадастр құжаттамасына:
1) жер-кадастр iстерi;
2) жер-кадастр кiтабы;
3) жердiң бiрыңғай мемлекеттік тiзiлiмi;
4) жер-кадастр карталары жатады.
Жер кадастр құжаттамасының құрылымын, құрамын, мазмұны мен нысандарын, сондай-ақ оны жүргiзу тәртібін орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
Жер-кадастрлық iс - жер учаскесiнiң қалыптасуы туралы iс, оған жер учаскесi туралы құжаттар кiргiзiледi.
Мемлекеттiк меншiктегi жерлерден берiлетiн жер учаскелерiне жер-кадастрлық iстердi Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорындар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмдерiнiң шешiмдерi, Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген құзыретiне сәйкес, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органы бекiткен жерге құқық беру туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi материалдар негiзiнде жүргiзедi.
Қалыптастырылған жер-кадастрлық iс жер учаскесiн жер-кадастрлық кiтабына жазу және бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмiне жер учаскесi туралы мәлiметтердi енгiзу үшiн негiз болады. Бiрнеше жер учаскелерi бiрге қосылған кезде жаңа кадастрлық iсi ашылады, оған осы учаскелерге бұрын жүргiзiлген кадастрлық iстер жинақталады. Бiрiктiру нәтижесiнде құрылған жер учаскесiне жаңа сәйкестендiру құжаты дайындалады
Бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмi құқықтық, сәйкестендiру, экономикалық және басқа да сипаттамаларды қамтитын Кадастр құрамындағы жер учаскелерiн есепке алудың қорытынды құжаты болып табылады.
Жер-кадастрлық кiтабы жер учаскелерi есепке алынатын, жердiң кеңiстiк, табиғи және шаруашылық жағдайы туралы анық мәлiметтер қамтылатын құжат болып табылады.
Жердiң жер-кадастрлық картасы жер учаскелерiнiң орналасқан жерiн, мөлшерлерiн және шекараларын көрнектi кескiндеу, бiрiктiру және бөлу кезiндегi олардың өзгерiстерiн есепке алу мақсатында құрылады және жүргiзiледi.
Жер учаскелерiнiң желiлiк және алаңдық сипаттамаларын бейнелеу және өзгерiстер енгiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiстi жер-кадастрлық карталар Кадастрдың картографиялық негiзi болып табылады. Жер-кадастрлық карталардың масштабы есепке алу бiрлiгiнiң мөлшерiне және Кадастрды жүргiзудiң деңгейiне байланысты таңдалады. Кадастрды автоматтандырылған жүргiзу кезiнде картографиялық негiз геоақпараттық технологияларды қолданумен және қағаз жеткiзгiштермен көшiрмелерiн дайындаумен электрондық карта түрiнде қалыптастырылады.
Кадастрды жүргiзудiң деңгейiне қарай жер-кадастрлық карталар (схемалар):

  • Қазақстан Республикасының жер-кадастрлық картасы (схемасы) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;

  • облыстың жер-кадастрлық картасы (схемасы) аудандардың және облыстық (аудандық) маңызы бар қалалардың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;

  • республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер-кадастрлық картасы қаланың iшiндегi аудандардың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;

  • ауданның, облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың жер-кадастрлық картасы (схемасы) eceптi кварталдардың шекаралары мен кодтары көрсетiле отырып;

  • есептi кварталдың жер-кадастрлық картасы (схемасы) жер учаскелерiнiң шекаралары мен кадастрлық нөмiрлерi көрсетiле отырып бақылау жағдайында құрылады және ұсталады.

Жер-кадастрлық картада (схемада) жер учаскелерiнiң шекаралары жер учаскелерiне сәйкестендiру құжаттарына және картаның (схеманың) масштабындағы жердi пайдалану жоспарларына сәйкес көрсетiледi. Жер-кадастрлық карталарды (схемалары) жүргiзудi және кейiннен жаңартуды Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорындар жүзеге асырады.
Жер-кадастрлық құжаттама мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:

  1. барлық деректемелердi (оларды шығарушы органның, мекеменiң, ұйымның атауын, күнiн, құжаттың нөмiрiн, мекен-жайын (құжатты алушыны) көрсету) толтыра отырып белгiленген үлгiдегi бланкiлерде орындалады;

  2. жер учаскелерi шекараларының жоспарларын (сызбаларын) дайындау жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлейтiн техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады;

  3. мемлекеттiк құпияға жатқызылған жер учаскелерiнiң жоспарларында (сызбаларында) қамтылатын мәлiметтер олардың құпиялылығын қамтамасыз ететiн белгiленген ережелерге сәйкес пайдаланылады және сақталады.

Жер учаскелерi жөнiндегi жер-кадастрлық iстер, жер-кадастрлық кiтаптар, бiрыңғай мемлекеттiк жер тiзiлiмi Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорынның мұрағатында тұрақты түрде сақталуға тиiс
Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзетiн мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсiпорындар мен лауазымды адамдар жер-кадастр құжаттамасына енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыстығын қамтамасыз етуге мiндеттi.


Жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты - жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 маусымдағы N 511 Қаулысымен сәйкестендіру құжаттарының нысандары бекітілген. Сәйкестендіру құжаттарының түрлері:

  • жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт;

  • тұрақты жер пайдалану құқығын беретін акт;

  • уақытша (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін акт;

  • уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын беретін акт;
    Сәйкестендіру құжаттарын Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған кәсiпорын жасайды. Сәйкестендіру құжатында келесідей мәліметтер болады:

  • Жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;

  • Жер учаскесіне құқық түрі;

  • Жер учаскесінің алаңы

  • Жердің санаты

  • Жер учаскесін нысаналы тағайындау

  • Жер учаскесін пайдаланудағы шектеулер мен ауыртпалықтар

  • Жер учаскесінің бөлінуі

  • Жер учаскесінің жоспары

  • Сызықтардың өлшемін шығару

  • Жоспар шегіндегі бөтен жер учаскелері

  • Жер учаскесінің шекарасындағы ерекше режиммен пайдаланылатын жер учаскелерінің тізбесі

Актіні беру туралы жазба жер учаскесіне меншіктік құқығын, жер пайдалану құқығын беретін актілер жазылатын кітапта жазылады.

13 ЖЕР-КАДАСТРЛЫҚ IСТIҢ ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ


Жер-кадастрлық iстiң құрылымын, құрамын және мазмұны Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттiгi Төрағасының 2009 жылғы 19 маусымдағы N 103-П Бұйрығымен белгіленген.


Жер-кадастрлық iстiң құрылымы:
1) жер-кадастрлық iстiң сыртқы бетi;
2) жер-кадастрлық iске енгiзiлген құжаттардың тiзiмi;
3) жер-кадастрлық iске түсiндiрме жазба;
4) жер учаскесi туралы жер-кадастрлық iске қосылатын құжаттар.
Жер учаскесiнiң жер-кадастрлық iсiнiң құрамына келесi құжаттар кiредi:
1) жер учаскесiнiң меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiне сәйкестендiру құжатын ресiмдеуге кәсiпорынға берген еркiн нысанды өтiнiшi;
2) жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушысы туралы мәлiметтер:
жеке тұлғалар үшiн – жеке басын куәләндыратын құжаттың (төлқұжаттың), салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi;
заңды тұлғалар үшiн – мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң, статистикалық карточканың, салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi;
3) жер учаскесiне құқықты белгiлейтiн құжаттың (мемлекеттiк атқарушы органның құқықтық актiсiнiң) көшiрмесi;
4) жер учаскесiн таңдау актiсi;
5) Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссияның қорытындысы;
6) берiлген жер учаскесiнiң алаңын, оның шекаралары мен орналасқан жерiн, жер учаскелерiнiң шектес меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларын, сондай-ақ берiлетiн жер учаскесiне шектеулерi мен сервитуттарды дәлдейтiн жер учаскесiне құқық берiлгенi туралы жерге орналастыру жобасы.
Тұрғын үй, саяжай құрылысына және бағбандық үшiн бөлiп берiлетiн жер учаскелерiн жайластыру алаңына жерге орналастыру жобасы болған жағдайда, ресiмделiп отырған жер учаскесiнiң жер-кадастрлық iсiне жоғарыда айтылған жерге орналастыру жобасының үзiндi көшiрмесi кiргiзiледi. Әрбiр жер учаскесi үшiн жерге орналастыру жобасын әзiрлеу талап етiлмейдi;
7) жер учаскесiнiң шекараларын жергiлiктi жерде белгiлеу материалдары:
- жер учаскесiнiң меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жұмысты жүргiзуге арналған еркiн нысанды өтiнiшi;
- жергiлiктi жерде жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеуге (қалпына келтiруге) жұмыс сызбасы;
- далалық өлшеу журналы;
- жер учаскесiнiң ауданың есептеу және координаталар ведомосi;
- жергiлiктi жерде жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеудiң (қалпына келтiрудiң) сызбасы және актiсi;
- межелiк белгiлердi сақтауға тапсыру актiсi;
8) жер учаскесiне сәйкестендiру құжатын дайындауға тапсырыс беру бланкiсi;
9) жер учаскесiне сәйкестендiру құжатының көшiрмесi;
10) жер учаскесiне жер-кадастрлық кiтабының нөлдiк бөлiмi.
Ауыл және орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қойған кезде, жер-кадастрлық iсiнiң құрамына ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасының мөлшерiн анықтау актiсiнiң көшiрмесi қосылады.
Орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн орман алқаптарын алып қойған кезде, жер-кадастрлық iсiнiң құрамына сондай-ақ орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасының мөлшерiн анықтау актiсiнiң көшiрмесi қосылады.
Жер учаскесiн жеке меншiкке ақылы негiзде берген кезде, жер-кадастрлық iстiң құрамына келесi құжаттар қосылады:

  • жер учаскесiнiң кадастрлық (бағалау) құнын айқындау актiсiнiң көшiрмесi;

  • жер учаскесiн сатып алу-сату шартының көшiрмесi;

  • жер учаскесiн сатып алу бағасын бюджетке төлегенi туралы түбiртектiң көшiрмесi.

Жер учаскесiне уақытша жер пайдалану (жалдау) құқығын сатқан кезде, жер-кадастрлық iсiнiң құрамына сондай-ақ келесi құжаттар қосылады:

  • жер учаскесiне жалға алу құқығының сатып алу бағасын айқындау актiсiнiң көшiрмесi;

  • жалға алу құқығын сатып алу-сату шартының көшiрмесi;

  • жалға алу құқығын сатып алу бағасын бюджетке төлегенi туралы түбiртектiң көшiрмесi.

Жер учаскелерiн сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) алған кезде, жер-кадастрлық iстiң құрамына сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) нәтижесi туралы хаттама көшiрмесi қосылады.
Бұрын жер пайдалану құқығына берiлген жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алғанда, жер-кадастрлық iстiң құрамына келесi құжаттар қосылады:

  • бюджеттiң алдында берешегi жоқ екендiгi (жер салығы) және/немесе жер учаскесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы туралы салық органының анықтамасы;

  • жер учаскесiмен мәмiле жасасуға кедергi болатын ауыртпалықтардың жоқ екендiгi туралы жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу органының анықтамасы.

Шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берiлген жер учаскелерiн, шартты жер үлестерiнен қалыптасқан жер учаскелерiн, сондай-ақ ортақ жер пайдаланудағы жер учаскелерiн жеке меншiкке сатып алған кезде, жер-кадастрлық iсiнiң құрамына қатысушылардың жер учаскелерiн сатып алу туралы жалпы жиналысы хаттамасының көшiрмесi қосылады.
Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн берген кезде, жер-кадастрлық iсiнiң құрамына сондай-ақ келесi құжаттар қосылады:

  • жер үлестерiнiң мөлшерлерi көрсетiлген шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң құрамы туралы анықтама;

Ауыл шаруашылық ұйымдары құрамынан шаруа немесе фермер қожалығы үшiн жер учаскесi бөлiнiп шыққан кезде:

  • бөлiнетiн жер учаскесiнiң мөлшерi және орналасқан жерi туралы ауыл шаруашылық ұйымы мүшелерiнiң жалпы жиналысы хаттамасының көшiрмесi;

  • бөлiнетiн жер учаскесiнiң орналасу сызбасы.

Жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшiн жер учаскесiн берген кезде жер-кадастрлық iстiң құрамына, жер қойнауын пайдалану туралы келiсiм-шарттың көшiрмесiмен толықтырылады.
Жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамалары өзгерген кезде, бұрын қалыптастырылған жер-кадастрлық iстiң құрамына келесi құжаттар қосылады:
1) жер учаскесiне құқықтың ауысуын растайтын құжаттар – құқық белгiлейтiн құжаттардың (шарттар, сот шешiмдерi, мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк, мемлекеттiк емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезiндегi табыстау актiсi немесе бөлу балансы) көшiрмесi;
2) жаңа құқық иесi туралы мәлiмет (жеке тұлғалар үшiн – жеке басын куәләндыратын құжаттың (төлқұжаттың), салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi; заңды тұлғалар үшiн - мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң, статистикалық карточканың, салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмелерi);
3) бұрын берiлген жер учаскесiн бөлумен (сегментация) байланысты жаңа жер учаскелерiнiң қалыптасқаны туралы жерге орналастыру жобасы;
4) құрылған жер учаскесiне сәйкестендiру құжатының көшiрмесi.
Жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамалары өзгермеген жағдайда бұрын қалыптастырылған жер-кадастрлық iсiнiң құрамына жер учаскесiне құқық иесiнiң ауысуы туралы жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын орган ұсынған мәлiметтер қосылады.

14 ЖЕР КАДАСТРЫНЫҢ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕСІ ЖКААЖ


Жер ресурстарын басқаруды қамтамасыз етентін міндеттерді тиімді, уақытты және сапалы түрде жүзеге асыру үшін жер кадастры жерді үйлестіру, жер мониторингі топографиялық-геодезиялық, топырақтық, геоботаникалық гидрогеологиялық және басқа ізденістер бойынша көп көлемде ақпаратты тез іздеу мен пайдалануда көптеген қосымша мақсаттарды шешуі қажет. Осы ақпаратты іздеу, сақтау және пайдалану казіргі есептеуіш және телекоммуникациялық желісіз мүмкін емес. Сондықтан республикамызда қәзірде белсенді түрде қалыптасып жатқан жер кадастрының автоматтандырылған ақпатаррық жүйесі өзегі болып келетін жер ресурстарын басқарудың бірыйғай ақпаратты-есептеуіш жүйесін құру керек.


Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің республикалық орталығы РМК «ЖерҒӨО-ның» құрылымды бөлігі болып табылады. Орталық - Қазақстан Республикасы әкіметінің 2000 жылғы 30 маусымдағы № 991 «Қазақстан республикасының салық төлеушілерінің біркелкі автоматтандырылған деректер банкін құру туралы» және 2000 жылғы 25 қыркүйектегі №1449 «Сандық геоақпараттық жүйелер негізінде Қазақстан Республикасы табиғи объектілерінің бірыңғай мемлекеттік кадастрлар жүйесін құру туралы» қаулысы, «ЖерҒӨО» 2003 жылғы 17 ақпандағы № 24 бұйрығы негізінде мемлекеттік жер кадастрының деректер қорын жүргізу және жүйелеу, жинау, алып жүру, енгізу мақсатында құрылды.
ЖКААЖ құрудың негізгі мақсаты жер ресурстарын басқарудың барлық ауқымын жоғары өнімді компьютер технологиясын пайдаланып, жер кадастырын жүргізу түбегейлі, жаңа тәсілдері мен түрлеріне көшу болып табылады. ЖКААЖ тиісті мәліметтер базаларында ресурстары туралы ақпаратты жинайды, сақтайды. Оларды барлық деңгейдегі кәсіпорындары, кызметтері, тиісті министрліктер және ведомстволар пайдаланады. ЖКААЖ ол күрделі, көп нысаналы, көп кызметті, үздіксіз дамып жатқан ұйымдастыру – технологиялық жүйе. Оған:

  • жер ресурстарын басқару процестерінің мүмкіндігінше толық ақпараттары;

  • басқарудың барлық деңгейлері бойынша ақпараттың қысқа уақытта өтуі;

  • жер пайдалану жүйесіне басқарушы жерлердің жоғары ұйымдылығы;

  • басқарылатын жүйеде (жер мониторингі) болатын барлық өзгерістерді дер кезінде тауып, есепке алу;

  • жер ресустарын басқару мақсатына мемлекеттен бөлінетін қаржыларды нәтижелі пайдалану мүмкіндіктері кіреді.

Қалыптасып жатқан ЖКААЖ қызметі мына мәселелерді қамтиды: жер пайдаланушы субъектерге, басқару органдарға, барлық мүдделі органдарға, ұйымдарға кәсіпорындарына заңды және сол салада жұмыс істейтін жеке тұлғаларға қызмет көрсету. ЖКААЖ жер меншігінің әр түрлеріне негізделінген жер қатынастарының орнатылуын қамтамасыз ететін және жер нарығының дамуын қолдаушы мемлекеттік ақпараттық құрылым ретінде қарауға болады. Оны Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік құрамында құруда және жүргізуде бұрынғы Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу жүйесін пайдалану мүмкіндігі каралған.
Қазақстан Республикасы ЖКААЖ қызметтік құрылымы. Республикалық деңгей:

  1. Ұзақ мерзімді және болашақтық жоспарлау;

  2. Бағдарламалық өнімдерді және Қазақстандық бағдарламаларды игеру;

  3. ЖКААЖ облыстық орталықтарын әдістемелік, бағдарламалық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

  4. Ақпаратты қорыту;

  5. ЖКААЖ орталықтың облыстық және аудандық мамандарын оқыту;

  6. Сапаны тексеру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету; Облыстық деңгей:

    1. Орта мерзімді болашақтық жоспарлау;

    2. Картографиялық негіз құру;

    3. Ақпаратты қорыту;

    4. ЖКААЖ аудандық орталықты әдістемелік, бағдарламалық, материалдық – техникалық қамтамасыз ету;

    5. Мамандарды оқыту;

    6. Жұмыстардың сапасын тексеру.

Жер кадастры мәліметтерін өндеуде шешілетін негізгі міндеттер:
1. Жер учаскелері, аудандар, облыстар, республика бойынша жер көлемдерін анықтау;
2. Алқап түрлері бойынша аудандарын есептеу;
3. Жерлердің және ауыл шаруашылық алқаптардың сапасын анықтау;
4. Жақсартылған жерлердің аудандарын және олардың жай-күйін анықтау;
5. Аудандар, облыстардың есептік мәліметтеріне өзгерістер енгізу;
6. Есептік кадастрлік құжаттарды құрастыру.
Кадастрлық процеске компьютерлік технологияны енгізуге байланысты соңғы жылдарда жер кадастрын жүргізуде автоматтандыру мүмкіндіктері шұғыл кеңейді. Мысалы, жер учаскесін тіркеу кезінде олар және жер пайдаланушылар туралы барлық мәліметтер компьютерлік мәліметтер банкіне енгізіледі, б.а. ауданның мемлекеттік жер кадастрлік кітабына жазылған бар мәліметтер толығымен ақпараттың магниттік таратушысына түсіріледі. Сонымен, жер учаскесін тіркеуде барлық құжаттарымен жер кадастрлік іс қалыптасады, ол қатарласа жер учаскесі туралы барлық ақпарат тиісті бағдарлама бойынша компьютерге түсіріледі. Мұндайда сол ақпаратты автоматтық тәртіпте сақтаумен катар, онымен жұмыс істеуге болады, былай айтқанда жердің негізгі және кезекті есебін жүргізуге болады (аудан, сапалық сипат жөнінде әр жер учаскесі, алқаптар, алқап түрлері және жер санаттары бойынша).
Қазіргі уақытта жерлердің бар болуы мен үлестіруші олардың санаттар, жер учаскесінің иесі, жер пайдаланушы және алқаптар бойынша кезектегі жылдың 1-қарашасына қосымда кестелерімен бірге есеп беріледі. Осы мемлекеттік статистикалық есеп беру аудан, қала, облыс, республика деңгейлерінде толық автоматтандырылған.
Республикамызда жер кадастрын автоматтандыру жұмыстары жер қатынастарын қата қараумен қатар бірге жүргізіле басталады. Ең алдымен жұмыстар республикалық МемҒӨО жер, Жер ресурстары басқару жөніндегі Алматы облыстық, қалалық комитеттерден басталды. Мысалы, Алматы қаласының қалалық комитетінде 20 астам автоматтандырылған жұмыс орны АЖО бар, барлық қажетті техникамен және бағдарламалық бұйымдармен жабдықгалған жер кадастрын жүргізуді автоматандырылған бөлімшесі құрылды.
Керек техникамен жабдықталған АЖО қаланың аудандық агенттігінде қалыптаса бастады. Қазіргі кезде жер учаскесін тіркеу, жерлерді негізгі және кезектегі есепке алуды жүргізу, барлық деңгейде есеп құру жұмыстары түгел автоматтандырылған.

МЖК ААЖ құрылымы





15 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЖЕР КАДАСТРЫНЫҢ МӘЛIМЕТТЕРIН БЕРУ ЖӘНЕ АҚПАРАТЫН ПАЙДАЛАНУ


Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және ақпаратын пайдалану туралы нұсқаулық Жер ресурстарын басқару агенттiгi Төрағасының 2009 жылғы 10 шiлдедегi N 118-П бұйрығымен бекiтiлген. Бұл нұсқаулық мемлекеттiк құпияларды және өзге шектеулiктердi қамтымайтын мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және оның ақпаратын пайдалану тәртiбiн нақтылайды.


Кадастр мәлiметтерi берiледi:
1) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органымен – Қазақстан Республикасы жерiнiң сапасы және пайдаланылуы туралы мәлiметтер:
жер санаттары бойынша;
әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерi бойынша;
алқаптардың түрлерi, олардың саны және сапасының жағдайы бойынша;
2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдары - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиiстi жер балансында болатын жерлерi туралы мәлiметтер:

  • облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жерiнiң жалпы көлемi туралы;

  • жердi жер санаттары бойынша бөлу;

  • алқаптардың түрлерi бойынша бөлу;

  • Кадастрда болатын жердiң жағдайы және пайдаланылуы туралы мәлiметтер.

3) Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорындар:

  • жер-кадастрлық iстердi қамтитын, жер учаскелерi туралы мәлiметтердi:

  • жер учаскелерiн құқықтардың жеке және заңды тұлғаларға тиiстiлiгi;

  • жер учаскелерiнiң орналасқан жерi және олардың шекаралары;

  • шектес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылары;

  • жер учаскелерiн пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар;

  • жер учаскелерiнiң бөлiнетiндiгi және бөлiнбейтiндiгi;

  • жер учаскелерiнiң нысанды тағайындалуы;

  • жер учаскесiне құқықтың түрi;

  • өтеулi негiзде берiлген жер учаскесiнiң бағалау құны;

  • жерлердiң сапалық жағдайы туралы (жер учаскесiнiң топырақ және геоботаникалық сипаттамасы, оның мелиоративтiк жағдайы) және жер мониторингi мәлiметтерi, жер-кадастрлық, топырақ және геоботаникалық карталардан үзiндi көшiрмелер;

  • жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамалары.

Жер кадастрының мемлекеттiк құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi. Жер кадастрының мәлiметтерiн мемлекеттiк органдарға беру ақысыз негiзде осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Кадастрдың мәлiметтерiн жеке және заңды тұлғаларға беру үшiн төлемақының мөлшерiне мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынның мәлiметтердi әзiрлеуге, оларды рәсiмдеуге және жiберуге жұмсалған шығындары кiредi.
Мәлiметтерге сұрау салып отырған мемлекеттiк органдар осы органның бiрiншi басшысы немесе мемлекеттiк органның басшысының мiндетiн атқарушының қолы қойылған органның тиiстi бланкiдегi, жазбаша сұрау негiзiнде берiледi.
Кадастр мәлiметiн алуға мүдделi тұлға тиiстi ұйымға өзiнiң реквизиттерiн, сұрап отырған мәлiметтердiң сипаттамасын және көлемiн, беру нысаны мен жеткiзу тәсiлiн көрсете отырып жазбаша өтiнiш бередi.
Өтiнiштi сенiм бiлдiрiлген тұлға берген жағдайда "сенiмхат бойынша" деген жазба енгiзiледi және өтiнiштi бiлдiрушi тұлға туралы мәлiметтермен қатар сенiм бiлдiрiлген тұлға туралы мәлiметтер де көрсетiледi.
Мүдделi жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттiк органдарды қоспағанда, өтiнiштен басқа, Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынға келесi құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн (жеке тұлғалар ұсынады);
2) құқық белгiлейтiн құжаттардың көшiрмесiн (мемлекеттiк емес заңды тұлғалар ұсынады);
3) сенiмхаттың көшiрмесiн (сенiмхат берiлген тұлғалар);
4) заңнамада белгiленген жағдайларда, өкiлдiң өкiлеттiлiгiн куәландыратын құжаттың көшiрмесiн;
5) мәлiметтердi беру қызметi үшiн төлемақының төлегенi туралы түбiртектi ұсынады.
Жер учаскесi туралы мәлiмет алу үшiн, өтiнiште сол жер учаскесiнiң кадастрлық нөмiрi, ал егер ол болмаған жағдайда, жер учаскесiнiң орналасқан орнының сипаттамасы көрсетiледi.
Нақты аумақтың шекараларында орналасқан бiрнеше жер учаскелерi туралы мәлiметтердi алу үшiн, өтiнiште аталған аумақтың сыртқы шекараларының сипаттамасы берiледi.
Нақты өңiрдiң бар жерлерi және оның сапасының жағдайы туралы мәлiметтер алу үшiн, өтiнiште өңiрдiң атауы және сұрап отырған мәлiметтердiң құрамы көрсетiледi.
Мәлiметтердiң сипаты мен көлемiне байланысты ресми сұраныс кезiнде өтiнiш:

  • Республиканың жер қоры бойынша - жер ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi органға, Кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға;

  • нақты жер учаскесi, бiр ауданның шегiндегi жер учаскелерiнiң тобы, тұтас алғанда аудан бойынша – аудандық жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органға, Кадастрды жүргiзетiн облыстық мамандандырылған кәсiпорынға, немесе оның аудандық жер-кадастрлық бөлiмшесiне;

  • облыстық жер қоры бойынша – облыстық жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органға, Кадастрды жүргiзетiн облыстық мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынға;

  • республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы жер учаскелерi, жер учаскелерiнiң тобы бойынша – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органға, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе облыстың кадастрды жүргiзетiн мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорынға берiледi.

Кадастрдың мәлiметтерi өтiнiш берiлген сәттен он жұмыс күнi мерзiмiне дейiн қағаз және (немесе) электронды тасымалдағыштарда үзiндi түрiнде, сондай-ақ техникалық және телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдана отырып, Кадастр деректерi банкiсiне тiкелей санкцияландырылған рұқсат түрiнде берiледi. Кадастрдың мәлiметтерiн беруден бас тартудың дәлелдi себептерi көрсетiлуi және өтiнiш берiлген сәттен он жұмыс күнi мерзiмiне дейiн өтiнiш иесiне жiберiлуi тиiс.
Кадастрдың мәлiметтерiн беруден бас тартуға негiз болып табылады. Кадастрдың мәлiметтерiн беру туралы өтiнiш және осы мәлiметтердi беру фактiсi берiлген мәлiметтердiң есеп кiтабында тiркеледi.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


Негізгі әдебиет





  1. Қазақстан Республикасының ұлттық экономика Министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 160 «Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргізу тәртібін бекіту туралы» бұйрығы.

  2. Қазақстан Республикасының ұлттық экономика Министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 158 «Жер учаскесіне жеке меншік құқығына және жер пайдалану құқығына сәйкестендіру құжаттарының формаларын бекіту туралы» бұйрығы.

  3. Қазақстан Республикасының ұлттық экономика Министрінің 2014 жылғы 5 қарашадағы № 68 «Жер-кадастрлық құжаттың құрылымын, құрамын және мазмұныны бекіту туралы» бұйрығы.

  4. Варламов А.А., Гальченко С.А. Земельный кадастр (в 6-ти томах). Том 6. Географические и земельные информационные системы. — М.: КолосС, 2008. — 400 с. — (Учебники и учеб. пособия для студентов высш. учеб. заведений).

  5. Варламов А.А., Гальченко С.А., Земельный кадастр, Том 3, Государственная регистрация и учет земель, 2009.

  6. Жер учаскелерін мемлекеттік тіркеу және жерлерді есепке алу /Оқу құралы. / Ж.Т. Сейфуллин, Г.Ж. Сейтхамзина, А.С. Иканова. – Алматы, 2011. – 215 с.

  7. Сейфуллин Ж.Т. Қазақстандағы жер кадастры. Алматы: КазНИИЭРСТ.- 2009. – 214 с.

  8. Чешев А.С., Фесенко И.П. Земельный кадастр. Учебник для вузов.- М.: «Издательство ПРИОР», 2008. 

Қосымша әдебиет





  1. Қазақстан Республикасының Жер Кодексі № 442 2003 жылғы 20 маусым.

  2. Қазақстан Ресубликасының 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310 «Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы» заңы.

  3. Серикбаева Ш.Б. Государственная регистрация прав на землю в Республике Казахстан.-Алматы:Юрист,2005.

  4. Есполов Т.И., Сейфуллин Ж.Т. Управление земельными ресурсами. Алматы: КазНАУ, Агроуниверситет. - 2004. – 284 с.

  5. Дюсенбеков З.Д. Государственный земельный кадастр. Автоматизированная земельно-информационная система РК. // Международный сельскохозяйственный журнал. - 1995 - №6 – с.14

  6. Улюкаев В.Х., ВарламовА.А., Петров Н.Е. Земельное право и земельный кадастр. Учебник-М.: «Колос»,1996.

  7. Крюков Ю.А. земельный кадастр как информационное обеспечение рынка недвижимости.М.,1997.

  8. Магазинщиков Т.П. Земельный кадастр.-М.:Высшая школа,1987.

  9. Козлова И.В. Понятие недвижимости и вопросы регистрации прав на недвижимость// Правоведение.1998 №2.

  10. Временное положение о порядке государственной регистрации прав на недвижимое имущество и сделок с ним от 20.02.1997г. (с изменениями, внесенными Постановлением Правительства РК от 02.11.2000г. №1656) // справочная система «Юрист».

  11. Постановление Правительства республики Казахстан «Об утверждении ставок сбора за государственную регистрацию прав на недвижимое имущество и сделок с ним //Справочная система «Юрист»,от 16.05.2003г №454.

  12. Муканова Д.Е. Некоторые проблемы подачи заявлений на регистрацию обременений прав на недвижимое имущество// Субъекты гражданского права. Алматы: КазГЮА,2001.Т2.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет