Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Филология институты
Ғылыми талдау
«Абай және ислам философиясы» Орындаған : Мұсабек Саламат, 101 топ
Қабылдаған : Бекбосынов Марат
Алматы, 2023
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, ақын, ойшыл, би, қазақ халқының тарихындағы аты өшпес, аты мәңгіге сақталған ұлт зиялысы, қоғам қайраткері. Абай атамыз тарих сахнасында, қазақ әдебиеті саласында алатын орны ерекше, бөлек деген пікір білдірсек қателеспейтініміз анық. Себебі, Абай атамыздың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, қазақ әдебиетіне сыншыл реализм бағытын әкелгені, қазақ әдебиетінің шамын жаққаны бәрімізге мәлім. Тақырыпқа оралатын болсақ, адамзат өзінің өркениетке жету жолындағы даму тарихында бір нәрсеге қарыздар болса, онда ол дінге қарыздар. Егер дін болмаса, адамдар өз фәни-ғұмырында өмірде жақсылық барына, адалдық, мейірім, махаббат барына сеніп, сеніммен өмір сүрмесе, онда адамзат өзінің даму тарихындағы өркениетке жетпеген болар еді.
«Дін» - сөзі дүние жүзінің барлық тілдерінде «Вера» деп аталады. «Вера» - яғни «Сенім» исламдық мұсылман түсінігінде «Иман» деп айтылады. Сонда «Дін», «Сенім», «Иман» деген сөздер бір мағынадағы мағыналас, синоним сөздер болып шығады. Ал, Абайдың діні мен иманы, яғни сеніміне келер болсақ, ең бірінші айтарымыз, Абай – кәміл, яғни жан-жақты үйлесімді жетілген толық мұсылман. Мұсылманның бес парызының ең бастысы, Алланың бар екеніне, оның бірлігіне сену болса Абай Аллаға, оның ақиқаттығына бар жан-тәнімен сенеді.
Абай :
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас, - дейді.
Бұл жерде Абайдың «Алланың сөзі» деп отырғаны – «Құран Кәрім». Осы өлеңінде ақын :
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөзі айырылмас, - дейді.
Сөз Алланың бір сипаты болғанда, көптеген ілім, кітап Алладан келді дей отырып, Абайдың бөліп алып, оқушысына түсіндіріп отырған «оның төрті» дегені, яғни көктен түскен қасиетті төрт кітапты айтып отыр. Олар : Таурат, Забур, Інжіл, Құран. Бұл төрт кітап әлемдегі басты діндердің канондары, заңдары, қағидалары жазылған негізгі кітаптары болып табылады. Абай өзі мұсылман бола тұра Таурат, Забур, Інжілден Құранды бөліп алып ерекше түсіндірмейді. Алланың сөзі деп осы аталған төрт кітапқа бірдей тең көзбен қарайды.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, - деген ұлы гуманист ақын : «Адамзатты бәрін сүй, Алланың хақ жолы,» - осы дейді. Бұл жерде гуманист Абайдың адамзаттың барлығына сүйіспеншілікпен тең қарайтын пікірі анық білініп тұр.
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзідүр ол,
Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ, - деген ақын Абай сөздерінде, пайғамбар хақ, Құран Алланың сөзі. Алла мінсіз. Сол мінсіз Аллаға шын мұсылман еліктей отырып, ұқсап бағуы керек, - деген ақын, Алланың сөзі Құран мен жаратушы Алла шексіз, оны тануда пенденің пайым-түсінік, ғылымының аз екендігін айтады. Құранды түсінуге үлкен ғылыми даярлық керек деген ойды, «Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ,» - деу арқылы Абай оқушысына анық жеткізеді. Ақын бұл жерде, Пайғамбардың хақтығын, Алланың мінсіз екенін, Алланы, Алланың сөзі Құранды ғылымнан бөле жармай, барлығын тұтас күйінде, бір бірлікте қарастырып отыр.
Абай шығармашылығын зерделей оқыған әрбір оқырман, оны өз айналасындағы болып жатқан әртүрлі құбылыстар мен өмір сырларын, жалындаған жас жүрегімен сүйгенін де, кейін толыса келе суық ақыл зердесіне салуы да ақынның бір Алланы тану жолындағы өрістері деп түсінгені жөн. Ақынның бүкіл саналы ғұмыры бір Алланы тану жолында кеткен секілді.
Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде :
«Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі, - дей келе ақын :
«Біз Алла тағала «бір» дейміз», «бар» дейміз. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде,» - дейді. Абайдың бұл жерде «ғалам» деп отырғаны жер шары, дүниежүзі емес. «Ғалам» - деп ақын, жер шары, Күн, Ай секілді әрқайсысы бір-бір планета, аспандағы миллиардтаған жұлдыздарды қоса қамтыған ғарыш әлемін айтып отыр, яғни «Вселенная» деген мағынада. Сонда бүкіл ғалам Алла тағаланың ішінде болғанда, Алла тағаланың мүмкіндігі мен құдіретін сезе беріңіз.
«Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісбірлән жаратқан, - дей отырып, Абай : «Бұл көзге көрінген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет бірлән жарастырып, қандай құдірет бірлән жарастырып, қандай құдірет бірлән орнастырған, еш адам ұғылының ақылы жетпейді» - дейді. «Қандай хикмет бірлән» - яғни қандай данышпандықпен жарастырған деп, Абай ғаламдағы гармонияны, үйлесімділікті, жарасымдылықты, тепе-теңдекті айтып, таңырқап отыр. Абайдың өзі мұсылман бола тұра, ол тек қана діни – исламдық шеңберде қалып қоймай, дініне, тегіне қарамай күллі адамзатқа өркениеттің, Алланың хақ жолын нұсқайды. Бұл – Абайдың гуманистік ойының әлемдік деңгейге көтерілуінің жарқын көрінісі еді. Ислам дінінің философиясын жоғарғы деңгейге көтерген Абай, Алланың бір, пайғамбардың хақтығына ешқандай күмәні жоқ бола тұра, Алланың бар екенін ғылым арқылы тану керек, өйткені ғылым Алланың бір сипаты, - дейді. Абайдың ұғымында Алла хақ, мына шетсіз-шексіз ғаламды жаратушы бір Алла! Ғалам Алланың ішінде, оған ең данышпан хакимнің де түсінігі жетпейді. Сондықтан да, Алланың қасиеті : 1. Хаят – күш, 2. Ғылым, 3. Құдірет-күш, 4. Басар – көру, көруші, 5. Сәміғ – есту, естуші, 6. Ирада – тілеу, қалау, 7. Кәләм – сөз, 8. Тәкин – болдыру, - секілді сегіз сипаты мен тоқсан тоғыз есіміне еліктеу арқылы Алланы іздеп, Аллаға іштей ұқсауға тырысып, Алланың бар екенін білмек парыз, - деп ой қорытатын хакім Абай : «Ақыл мен хауасты (жаратушы иені) танып болмайды, бірақ оны жүрек сезеді, - деген дүниетанымдық ой қорытындысына келеді. Ал, бұл аса күрделі басты мәселені түсіндіруде мүтәкәллимин ғылымының шамасы жетпейді деген ой байламын жасағандықтан :
Ақыл мен хауас барлығын,
Білмейді жүрек сезедүр,
Мүтәкәллимин, мантикин
Бекер болса езедүр, - дейтін мағынасы аса терең, тіпті абайтанушылар ушығына жете алмай жүрген ой толғанысын айтып отыруы жай нәрсе емес,» - дейді Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы.
Иә. Хакім Абай, жаратушы күш бір Алланы ақылмен біліп қоймайды.
Оны адамдар тек қана жүрекпен сезеді, - деген қорытынды ойға келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер :
Абайтанудың алғашқы дәрістері/ Нұрғали Маханов
«АЗИАТ» баспа үйі, Алматы 2015 ж.