Абай жолы. ІІ кітап



бет1/4
Дата19.02.2023
өлшемі0,52 Mb.
#69132
  1   2   3   4

шМұхтар Әуезов. Абай жолы. 2-том
ТАЙҒАҚТА
1
Таң алдында бiр ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түндi ұйқысыз өткiздi. Бiрақ әлi талған жоқ. Әлi де кiтап бетiне үңiлуде. Әр алуан тiлдерде туған бұл кiтаптар бүгiн осы жерге оқыс келiп, қызық бас қосқан. Абай жақсы ұғынатын – шағатай, түркi кiтаптарымен қатар, тiлiн Абай қиналып түсiнетiн араб, парсы және олардан көрi де әлi ауырырақ тиетiн орыс тiлiндегi кiтаптар.
Абайдың жайшылықтағы оқуынан бүгiнгi оқуының мақсаты да басқа. Кiтаптан алатын бiлiм нұсқаның бүгiн тiршiлiктiң қолма-қол керегi үшiн асығыс қажет болған бiр шағы едi. Абай соңғы күндерде, әсiресе осы соңғы түнде, өзiне бұрын дағдылы болмаған бiр халде. Ол бiр ескi "ғалымдар" ма, "рауаилар" ма, солардай бiр күйде отыр. Осы жайына өзi таңырқай түсiп, қызығып та қарайды.
Парсы, түркi кiтаптары бұны бiресе Шираздың гүлзарына әкетедi. Самарқанның мазар ғымараттарына қадалтады. Мәру, Мешhедтiң миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңiлтедi. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселерiне, кiтапханаларына тартады. Осылардан бiр ауық орысша кiтапқа түскенде Орта-азия, Иран Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тiрлiгiн айқын тани түскендей болады. Абайды бүгiн өзiне үңiлдiрген – жаңағы елдер мен уәлаяттардың дәл бүгiнгi көрiнiсi.
Оқи отырып, кей жайларды анық айқын етiп хатқа жазып келедi. Керуен көшетiн сауда жолдары, үлкен базарлар, атақты қалалар, су жолдары – барлығы да бүгiн айрықша керек болған.
Бұл кiтаптардан алған хабардың бәрi қазiр аттанатын жолаушы үшiн керек. Абай оқи отырып, кей кездерде, бала шақтан көп естiген сонау алыс мұнар iшiндегi шаhар, уәлаяттарға беттеп, "осы сапарға өзiм жүрер ме едiм" деп, қызығып та қояды. Көрмек, бiлмекке қызығады.
Ашық терезеден оқыс соққан салқын жел келдi. Үлкен, жеңiл ақ перденi жел үйiрдi. Шалқыта толқытып кеп, жақын тұрған биiк үстелдiң үстiндегi кiтаптарға төндiрдi. Перде бiресе ойнаған баладай боп, Абай оқып отырған кiтап бетiн жасыра бүркеп қалады, бiресе желпи қағып, кiтаптың, жазуларын сыпырып ұшыруға тырысқандай болады.
Абай жаңа байқады, артындағы үлкен есiк кең ашылып, ар жағында келе жатқан бiр сый адамды күткендей екен. Таң атқалы бұл бөлменiң есiгi ашылып, кiсi кiргенi осы едi. Абай бұрылып қарай бере, келе жатқандардың кiм екенiн бiлдi. Жай басып, ауыр тыныс алып, демiгiп келе жатқан өзiнiң шешесi. Бұл күнде денесi ауырлап, жүрiс қозғалысы үлкен қиындыққа айналған Ұлжан есiктен кеп көрiнгенде, оның екi жағынан екi әйел қолтықтап, сүйеп келедi екен. Абай орнынан шапшаң тұрып шешесiне көрпе салды. Түсi Абайға ұқсаған, сәнмен киiнген ақсұр сұлу келiншек жастықтар әкеп қойды. Барлық тұлғасы Құнанбай тектес бұл жас әйел – осы үйдiң келiнi, Абайдың апасы – Мәкiш. Екiншi әйел – Ұлжанның ауылдан ере жүрген жолдасы – Қалиқа. Ол бәйбiшенiң алдына жалтыраған жез шылапшын мен қашқардың әсем, сопақ құманын әкеп, су құйды. Мәкiш кең бөлменiң ортасындағы топсалы үстелдi қайырып жазды да, ашық есiкке қарай дыбыс берiп:
– Ал, әкел жасай бер! – дедi.
Үйге Мәкiштiң өзi құрбылас ақ қызыл жүздi, сұңғақ бойлы келiншек кiрдi. Оқа жақ салған, қара мақпал кемзалы бар, самай шашы майланып, жылтырай таралған, келiстi келiншек дастарқан жайып, қонақтарға арналған таңертеңгi асты жасауға кiрiстi.
Шешесi жуынғаннан кейiн кезек алып, бешпетiн тастап, бетi-қолын жуына бастаған Абай ұйқысыз түнде басының азырақ ауырлап, зеңiп қалғанын ендi сезiп едi. Мәкiш бұны қонақ тұтып сыйлап, қолына су құйып тұрғанда:
– Мәкiш, суың жайлы тиiп барады, сергiп алайын. Басыма да құйып жiбер! – деп, бас-мойнын түгел жуып алды.
Сүртiнiп демiгiн жаңа ғана басқан Ұлжан Абай отырған биiк үстелге көз салып, баласының жайын түсiндi де:
– Абайжан, осы сен түн бойы ұйықтамағанбысың? – деп баласының бетiне қарады. Абайдың өңi ақшыл тартып сұрланып, екi көзi қызарып тұр едi.
– Жоқ, түн ортасында көз шырымын алдым ғой! – дедi.
– Соншалық сарылғанда кiсiнiң ойы шатаспай ма? Қойға қасқыр шапқанын неғып байқамай қалдың, ұйықтадың-ау, дегенiмде бiздiң Қодыға айтып едi:" ұйықтағам жоқ, бiрақ таң алдында көзiме, тiптi, түйенiң өркешi төртеу болып көрiнiп отырған шақ едi. Дәл қасымнан өтiп, сүмеңдеп кетiп бара жатқан қасқырды ит екен деп қораға жiберiп алдым" дейтiн. Сол айтқандай түйенiң өркешi төртеу болған шақта, мең-зең болған басқа бiлiм қона қоя ма екен, балам-ау? – дедi.
Шешесiнiң қалжыңына Абай да, Мәкiш те күлдi. Абай:
– Қодығанiкi рас, апа. Бiрақ уақыт тығыз. Бүгiн жүргiншiлер аттанады ғой! – дедi.
Ұлжан "кiтаптан жүргiншiлердiң қай жолмен жүретiнiн анық бiлуге бола ма екен?" деп сұрастырып едi. Абай "айқын қара жолдай болмаса да, сол атаған жерге жеткiзетiн көш соқпағын" аңғарғанын айтты. Және осы күндерде кiтап жүзiнен аса жақсы қанып, танысып алған бiр жай туралы шешесiне:
– Ал, анау үлкен жерiңiз туралы, бармасам да барғанға жуық қанық болдым.! – дедi. Бұл бiр жаңа тапқан олжасы тәрiздi.
Ұлжан жолдың ұзақ болатынын әбден бiлетiн. Ендi шай үстiнде Абайдан осы жолдың бейнетi, қауiп-қатерi, ауыртпалығы қандай екенiн сұрастырды. Үйде бөтен кiсi жоқ. Абай өзi бiлген шындықты шешесiнен жасыруды еш уақытта қажет, мүмкiн деп бiлмейтiн. Мәкiш те Абайдан осы жөннен жауап естiмекке ынтық сияқты. Ол шешесiнiң сұрауымен қатар:
– Бәсе, соны айтшы, қалқам Абай! – деп қабағын түйiп, қызара түсiп, өз көңiлiнiң ауыр бiр уайымын сездiрдi.
Абай апасының түсiне қарап аз бөгелiп, ойланап қалды. Оның iшiн түсiнедi. Қалада үлкен үйдiң ерке келiнi болғанмен Мәкiш туған жұрағатын, ауыл-аймағын ойлағанда өзгеше бiр қимас ыстық жүрекпен, соншалық тiлеулестiкпен тебiренедi. Бұның дәл бұл халдегi көңiл күйiн жете ұғыну үшiн, жастай жат елге ұзатылған қыз болып, дүниеге соның көзiмен қарау керек. Ол бiр мұңы да, назы да көп, күрсiн арманы да көп, нәзiк сыр.
Уақыт қана емдейтiн, ұзап барып айығатын, әзiрше үзiлмес шер.
Абай Мәкiш күйiн танып, шешесiне айтпақ болған ашық ойларын бұның көзiнше айтпай-ақ қояйын деп едi, Мәкiш ол еркiне қойған жоқ:
– Қазақ баласы емес, тiптi осы жақтан бiрде-бiр жан бармаған жол дейдi. Қайта оралып, аман-есен келе ме, жоқ па? – дедi.
Iркер жайды Мәкiш өзi айтып отыр. Абай бiрер шыны шай iштi де, тоқтап қалды. Астыңғы үйдегi бапты аспазшы пiсiрген ыстық самсаны да жеген жоқ. Түн бойы кiтаптан жазып шыққан қағазын қайта алып, соған қарап отырып, шешесi мен Мәкiштiң сұраған сөзiне ендi жауап айтты. Мәкiшке қарап отырып айтты.
– Мәкiш, әкең оңай сапарға бара жатқан жоқ. Бiрақ тәуекелдi, үмiттi серiк ет! – дедi.
Апасының қатты қиналғанын көрiп, Абай үндемей, тоқтап қалды.
Ұлжан Мәкiшке:
– Әкең балам жасық екен деп аттанбасын! – дедi. Абай үндемей тұра берiп едi, есiк ашылды да, Тәкежан мен Ғабитхан есiкке жiтi басып келе берiп, Құнанбайдың келе жатқанын бiлдiрдi. Ұлжаннан басқа жанның бәрi де орындарынан тұрып, көрпенi, жастықты үлкен үстел айналасына баптап салып, әзiрленiп қалды.
Құнанбай мен Ызғұтты алда келедi екен. Артынан шұбырып, қоршап келе жатқан кiсi көп. Бiрақ, қалың жұрт алдыңғы бөлмеде қалды. Ол да жасаулы, үлкен бөлме едi. Онда да ас әзiрленiп жатқан. Мынау үйге Құнанбаймен iлесе, осы үйдiң иесi Тiнiбек кiрдi. Құнанбайдың көп уақыттан бергi сыйлас құдасы да, досы да өзi. Қала байы, сыпайы, таза киiнген. Отырыста да жайылып отырмайды. Ұлжанға ерсi көрiнген бiр әдетпен бала шәкiртше жүгiнiп отырды. Жоғары шық дегенге шықпай, Мәкiштiң ғана жоғарғы жағынан кеп жайғасқан. Онда да Құнанбайдың шынысын өзi әперiп, қызмет қып отыру үшiн әдейi осы араны алған екен. Имам, хазреттердi күтiп алатын, өздерiнше дағдылы, тәрбиелi отырыс, кiшiлiк отырысы. Ишан пiрдiң алдындағы мүриттер бейнесiндей.
Құнанбай Ұлжан жанына отырды да, Мәкiш пен Абайдың жүздерiне қарады. Үй iшiнiң қабағын әрқашан сергек, танығыш көзбен болжай қарайтын әдетi едi. Бұл жолы балаларын әсiресе барлағандай. Құнанбайдың өз түсi бұл кезде кәрiлiктiң алғашқы ызғарына анық iлiнгендей. Кешеңдеп кеп ағара бастаған сақал-шашы, жетпiске iлiнiп болғанша, бурыл ғана боп келiп едi. Қазiр ағы деңдептi. Бет, маңдайында ажымы тереңдеген. Бiрақ бойы әлi сұңғақ, әлi етiнен арылған жоқ. Жүрiсте, отырыста Құнанбай әлi тiп-тiк.
Қазiргi бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын өзi қинап, алаң еткен кiсi емес. Мәкiштiң екi көзi қызарып, өңi қуқыл тартқанын көрдi де, жылағанын бiлдi. Алдыңғы бөлмеден жаңа кiрiп, бiрiндеп келiп үстел жанына отырып жатқан жақындар iшiнде Тәкежан, Оспан, Жақып, Майбасар, Ғабитхан бар едi.
Бұл жолға Құнанбай бiр жыл бұрын бекiнген болатын. Бекiнумен бiрге былтырғы көктемнен берi қарай, жаз бойы, күз, соғым кездерi босын, бәрiнде қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзiрленiп келген.
Сүйтiп, пұл – уайым емес. Қиын сапар уайым болса, ол – кәрiлiктiң тақаулығы, қайрат қайтқандығы. Соны әсiресе көп ойлап, Құнанбай осы жолға өзi баратын ниеттi Ызғұттыға да ниет етiп, оны қасына жолдас еткен. Ол көптен бергi сенiмдi серiгi болатын. Жол киiмiн осы қалада Мәкiшке су жаңа қып тiккiзiп киiнген Ызғұтты, қазiр де Құнанбайдың дәл өз қасында отырғаны сол. Жасы қырықты жартылап асып бара жатқан Ызғұтты әлi күнге жиырма бестегi жiгiт күйiндей ширақ, қайратты, сергек болатын.
Тыстан келген соң Құнанбай аз уақыт үндемей отырып, шай iшiп, ыстық самса жеп, тоңазыған ет жеп тойып алды.
Дастарқан басына отырмаса да, бұл үйге кiрiп Құнанбайдың жүрер алдында қасында отырып қалғысы келген жақындар бiртiндеп кiре түсi, көбейiп келе жатыр. Жүрер шақта үй-iшi, бала-шағаға оңашарақ айтпақ бiр сөзiн Құнанбай осы бөлмеде, осы үстел басында айтармын деп едi. Ендi аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кететiн сияқты.
Мәкiшке тағы бiр рет көз тастап, ойлана түстi де Құнанбай үн қатты:
– Ей, менiң балаларым, дос-жарым, iнi-туғаным! – деп, ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өттi. Үй-iшi жым-жырт, шай да құйылмай тоқтап қалған едi. Құнанбай кеудесiн көтерiңкiреп, қарсы алдына жалғыз көзiн салмақпен қадай отырып, сөйлеп кеттi: – Сендер менi осы сапарға қимайтын сияқтанасыңдар. "Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмеймiз-ау, кеткенi-ау" деп, есiркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға менi қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келiнге, мал басында малшыға "әй, өй" деп отырып өлетiн бай-бай шал боп өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менiң ендiгi қалған тiрлiгiмнiң мұраты. Бәрiңе айтар бiр өтiнiшiм, осы жолда ақ бұйрықты ажал сағатым жетiп, қаза тапқаным естiлер болса, сол шақта да бiрде-бiрiң менi аяп, мүсiркеп: "әттең өкiнiп өлдi-ау, арманда кеттi-ау" деп еске алма. Оларың маған достық емес. Сендер ұзақ жасар жастықты мен де армансыз жалын құшып, жасап өткем. Әлi сендер алда татар балды да, зәрдi де татып өткем. Аз ба, көп пе, бұйрықты күндердi туыс боп, бауырлас боп, бiрге кештiк. Сол маған қанағат. Үбiрлi-шүбiрлi боп, тiршiлiк кешiп жүргенмен, әрқайсымыздың өлiм қазамыз өз бетiмен, оқшау келедi. Тобыңнан, шоғырыңнан айыра келедi. Ол келген соң, қай жерде келгенiнде, қай сәтте келгенiнде не таңдау бар? Қуыс шатты ең соңғы мекенi еткен кәрi арқардың келте соқпағындай.аз тiрлiгiм қалды. Менiң ендiгi қысқа жолыма сендер де ендi кешiрiм етiңдер. Жыламастан-сықтамастан аттандырыңдар! Айтпағым осы. Ал ендi, бiздi аттандырудың қамына кiрiсiңдер! – дедi.
Ызғұттыға қарап, қамыңа кiрiс дегендей белгi еттi. Ол орнынан тұра бергенде Тәкежан, Ғабитхан, Оспан сияқты жастың бәрi iлесе тұрды. Абай да әке қасынан тұруға ыңғайланып едi, Құнанбай бұны тiзесiнен алақанымен ақырын басты да:
– Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлiм етшi, балам! – дедi.
Абай қалтасынан сиямен жазылған бiрталай мол қағазды шығарып, Ызғұттыға көз салып:
– Менiң тапқаным бәрi осы қағазда. Ызғұтты аға, осыны жаныңда сақтағайсың! – дедi.
Абай Ызғұттыға осы қағазын берiп жатқанда, Құнанбай жолдағы үлкен шаhарлардың атын тағы бiр рет қайта сұрады. Абай қазақ даласындағы құм, шөлдi Қарқаралыдан қосылатын Өндiрбай қалпенiң өзi бiледi деп, жолдың бер жағын сөз қылған жоқ. Тәшкенге шейiн қазақ iшiмен барысады. Одан арғы қалалардан анықтап атап, көп қайырып айтып бергенi – Самарқан, Мәру, Мешhед, Асфаhан, Абадан едi. Осыдан ары жол не Арабстанның сахарасымен өтпек. Болмаса тiптi жайлысы, кемемен айналып жүрiп отырып, Мекенiң өз тұсынан апарып түсiрмек. Қысқасы, бұл жерден ең төтесiн атағанда, көп кiтаптан Абай байлаған жол сорабы осы едi. Әкесiне күнбе-күн оқып бiлген дерегiн бүгiн ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды. Жолдағы елдердiң өзге тiрлiктерiн, географиялық жағдайларын, кәсiп, шаруа салттарын көп-көп әңгiмелеген болатын.
Қарқаралыдан Құнанбайдың осы сапарына бiрге ермекке серт еткен Өндiрбай қалпе қосылмақ едi. Қазiр жүргiншiлер Ертiстен шалқайып, қазақ сахарасының қалың ортасына қарай тартпақшы. Кейiнгi жолда бұлар мiнетiн көлiк неше алуан боп ауыса берер, бiрақ дәл Семейден Қарқаралыға шейiн арбамен жайлырақ боп жүрiп баруды Тiнiбек әсiресе қатты мәслихат еткен.
Құнанбай мен Ызғұтты мiнетiн кең күйме Тiнiбектiң үлкен қорасында жегулi тұр. Қыстан сұлымен шыққан, қазiр iшiн тартып, тоқ жараған қалың сауырлы, қан жирен аттың тройкасы доғаны сiлкiтiп, үнi мөлдiр жез қоңырауды шылдырата түсiп, ауыздығын шайнап, жиi-жиi пысқырынып қояды.
Азықтар, көрпе-жастықтар, әлденеше қабат жазғы, қысқы киiмдер болсын, барлығы да күймеге түгел салынып болған-ды. Қарқаралыға шейiн Құнанбайды осы күймемен шығарып салатын Мырзахан көшiр орнына отырғалы бiрталай уақыт болды.
Сонымен көктем күнiнiң түске жақындаған шағында, екi қабат үйдiң барлық астыңғы, үстiңгi бөлмелерiнен қалың жұрт ақтарылып шыға бастады. Көпшiлiгi қыр киiмiн киген ел адамдары. Бiрақ солармен қатар, қаланың саудагер, шәкiрттерi, қалпе-хазреттер сияқты қонақтары да көп. Бұларға Құнанбай Тiнiбектiң қолымен садақа бергiзiп, бәрiнiң тегiс фатиқасын алған .. Бұл реңдi қонақтар асқа тойып, қалтасына да ырза болып жымия күлiсiп, көңiлдене шығып едi.
Ендi осы топтың алдында Құнанбай өзi боп арбаға қарай келе жатқанда, бұл мiнетiн күйменiң көлеңкесiнде отырған бiр екi адам орнынан тұрып, Құнанбайға қарсы жүрдi. Алыстан сәлем берiп, Құнанбайдың алдына тақап келген бұл екеудiң бiреуi – сақалына бурыл кiрген Дәркембай. Қасындағысы – жыртық шапанды, жүдеу жүздi, жалаң аяқ, аяғын қалың күс басқан, 10-11 жасар бала едi. Дәркембай тақап келiп, Құнанбайға "жол босын" айтып, соған iлес жылдам сөйлеп кеттi:
– Құнеке, алыс сапарға бет алып, құдай жолына кетiп барады екесiз. О да мүсәпiрлiк сапар дейдi ғой. Кетерiңде бұндағы бiр шын мүсәпiрдiң арызын тыңдап кетсең деп тосып отыр ек. Мына баланың арызы бар, "құдай үшiн айтып бер" деп менi ертiп әкелдi! – дедi.
Құнанбай қабағын түйiп, тiксiне қарады да, жүрiсiнен бөгелiп қалды.
– Мен дүние сөзiнен аулақ кетiп бара жатқан жанмын. Арызың болса, менен өзгеге айтпаушымең? – деген едi.
– Өзгеге емес, өзiңе айтылатын арыз едi, Құнеке.
– Менiң басымда сөзi бар, неғылған бала бұл?
– Сөзi өз басыңда болған соң келiп тұрмыз.
Құнанбай айналадағы топтан, әсiресе, қаланың саудагерлерi, молдасы, қалпесiнен қымсынып қалды. Көзiн бiр рет қырын тастап едi, жұрт тегiс аңырып, дағдарып қалыпты. Майбасар Дәркембайды ендi танып, оны Құнанбайдың жолынан қақпалап әкетпек болды.
– Дәркембаймысың?! "Арызым" деп, аттанғалы тұрған кiсiге не деп оралып тұрсың сен? Тұрсаңшы былай! – дедi. Соңғы сөздерiн күбiрлеп айтса да, зiлмен тастады.
Бiрақ Дәркембай одан ығысқан жоқ. Ендi үнiн қатайтыңқырап, мына топтан Құнанбай мен Майбасардың қысылып тұрғанын байқап, әдейi даурыға сөйледi.
– Бұл баланың арызы – мың да бiр қарып-қасердiң арасында өзiң құлақ салатын сөз. Құдай жолына барарда, әдейi құлақ салатын сөз.
– Бұл не қылған бала? Арызы не? Айтшы шапшаң! – деп Құнанбай әлi де түйiлген қабақпен ендi ызалы үн қатты.
– Бала баяғы Борсақ Қодардың немере iнiсi. Бұл Көгадайдың баласы. Сонада Қодар өлгенде, жалғыз iнiсi Көгадай Сыбанда жалда жүрiп, жырақта қалған. Өзi өмiр бойы шала жансар, ауру адам едi. Алты жыл болды. Көгадай да өлдi. Сонымен Қодардан жалғыз қалған ұрпақ осы мынау жетiм бала Дәрмен! – деп Дәркембай баланы танытты.
Бетiне бозғылданып түгi шыққан, жүзi жүдеу шекесiнде көк тамыры бiлiнген, сүйектерi адырайған бала тұр. Бiр көзiн кiр шүберекпен таңып апты. Дәрмен көзiнiң жасын зорға тыйып, иегi дiрiлдей түсiп, Құнанбайдың жүзiне жаңа қарады. Құнанбай бұны да оқтай атып тұр екен.
– Несi бар едi бұл баланың менде?
– Несi жоқ едi, Құнеке? – деп, Дәркембай Құнанбай көзiне өткiр көзiн қадап, сыншыдай бақты.
– Айт ендеше, бұның мендегi сөзiн. Жүр былай дедi Құнанбай. Ол Дәркембайдың сөзiнiң арты ауыр болатынын тез болжады. Топ алдында сол сөздi түгел айтқызса, өзiне өзi соққы тигiзгендей болатынын сезiп, Дәркембай мен баланы ықсыра, қалың топтан шет бөлiнiп шықты.
Қораның iшiнде Құнанбайды қоршаған кәрi-жас. Ырғызбайлардың киiм сәнi бөлек-тi және қаладағы саудагер, имам, қалпелердiң сәлделi, шапанды, құндыз бөрiктi, байлық, барлық көрiнiстерi де басқа. Олар өз орталарынан Дәркембай мен Дәрмендi аластап шығарғандай. Бұл қорада, Құнанбай қоршауында, ол екеуi қажып, талған түрлерiмен, ашаң жүдеу жүздерiмен өзгеше сұп-сұр. Көнетоз, жыртық киiмдерiмен ерекше бiр азап дүниесiнен келгендей. Жоқшылық, ауыр мұқтаждық тұтқындары. Құнанбайлар топтан бөлiнiп шыға бергенде, Майбасар, Тәкежан арттарынан ердi. Абай да бұларға iлесе алдыңғы топқа тақады. Дәркембай сөйлеп отыр екен.
– Қодардың жазығы жоқ.болса да, құн деген үн болмады. Үн шығырмады заманыңның талқысы! – дедi.
"Заманыңның" деген сөз Құнанбайдың дәл өзiне қадалып тұр. Содан ширыққан Құнанбай ендi зеки сөйлеп, ашу шақырды:
– Не деп тантып отырсың, Дәркембай? Қодардың құнын сұра деп сенi маған жiберген қандай ғана Бөкеншi мен Борсақ? Аташы солардың аттарын! – деп кәрленгенде, Құнанбайдың бағана таңертеңнен бергi мүләйiм сопы, момын жүзi мүлде жоғалып кеттi. Бұрынғы жаулық, шабуылдар үстiнде көгерiп, түйiлетiн қатты ашуын қайта тапты. Бұл кезде ол, жыртқыш тағылардың тiстi, тырнақтылары болса, солардың гүрiлдеп шапқалы тұрған, iреп сойғалы тұрған қатал тағылық кескiнiне келдi.
Дәркембай ол пiшiннен де сескенген жоқ.
– Құн сұра деп жiберген Борсақ жоқ, Борсақта ондай күн де жоқ. Құнын айтпаймын. Бiрақ Қарашоқыны қайтесiң?! Ол мына баланың сыбағасы емес пе едi? Сол Қарашоқыда бүгiн үлкен ауылың, Күнкенiң аулы маңғыстап мал өсiрiп, мыңғырып жатқан жоқ па? Құдай үйiне барасың... Осындай жалғыз жетiмнiң ақысын мойныңа арқалап кетесiң бе?
Құнанбай ақырып жiбердi:
– Тоқтат, Дәркембай!
– Мен айтарымды айтып болдым.
– Өмiрде менен аяған қастығы болмаған қырсық жауым, қызыл көз.пәлем сен бе едiң, соңымда сұғын қадап жүрген?
– Құнеке! Мен пәле басы болған емен. Пәледен бас қорғаушы ғана болғанмын.
– Баяғыда маған мылтық кезеген де сен емес пе ең?
– Мен кезесем де атқан жоқ ем. Жазықсыз мойныма арқан салып дарға асқан да тiрi жүр ғой! – деп, Дәркембай қатты демiгiп ап, Құнанбайдан әлi де өткiр көзiн тайдырған жоқ.
Құнанбай қанша кәрлi, зәрлi болса да мынадай кiнәдан қатты сасып, құп-қу болып, дiрiлдеп кеттi.
– Онда атпасаң, бүгiн аттың ғой. Мынау менiң көрiме атып отырған оғың ғой. Алды ғой мынау менiң жағамнан! – деп, өзiнiң амалсыздығын шаққандай боп, Майбасарға жалт қарады. "Не ғып шыдап тiрi отырсың?" дегендей. Майбасар осы кезде Құнанбай мен Дәркембайдың арасына қатты алқынып кеп, зығыры қайнап.килiге бердi. Топтан тасалана отырып, Дәркембайды қатты боқтап жiберiп кеудеден жұдырықпен нұқып қалды.
– Жап аузыңды! – деп, сыбыр аралас тыйым салып, – ендi үнiңдi шағарсаң, сақалыңнан алып тұрып лақша бауыздаймын! – дедi.
Құнанбай орнынан тұра бердi. Тәкежан мен Майбасар Дәркембайды екi етегiнен басып отырып қалды. Дәрмен үн салып жылап.жiбердi.
– Қарызым кеттi мойныңда... Қарызым! – деп жылап едi.
Дәркембай екi мықты мырзаның сығымында отырса да, Құнанбайдың сыртынан соңғы сөзiн қатты айтып қалды.
– Кеше құдiретiңдi аға-сұлтан боп жүргiзiп ең. Ендi, Құнанбай, қажы боп алып, жүргiзем деп барады екесiң. Бiлдiм, құдай жолы емес... Тағы да Құнанбайлық жолыңды жоқтап барады екенсiң ғой. Өлтiрт, талат мына бөлтiрiктерiңе! – дедi.
Майбасар мен Тәкежан Дәркембайдың екi жағынан алқына сыбырлап:
– Өшiр үнiңдi, қақбас! – деп, сол арада бүрiп, түтiп жiбергендей болып едi.
Осы сәтте Абай жонын жұртқа берiп отыра бердi де, Майбасар мен Тәкежанның Дәркембайдың жағасына жабысып отырған қолдарын қатты жұлып-жұлып алып, серпiп жiбердi.
– Құдай атқыр, арсыздар! Тарт былай! – деп қалды. Дәркембайдың көзi Абайға түскенде, оның жүзi боп-боз боп, екi көзi қанталап, Майбасар мен Тәкежанды жарып өткендей от шашып тұр екен.
– Килiкпеңдер, арсыздар! Бұның сөзi әкемнiң құдай алдында жауап беретiн сөзi. Ненi ұғып, ненi ойлаушеңдер сендер! Көр кеуде.арсыздар! Мекеге бара жатқанда да әкем осындай күнәм бар деп бара жатқан жоқ па? – деп, Майбасар мен Тәкежанға ауыз аштырмады. Сол сәтте Дәркембайға бетiн бұрып:
– Дәркембай! Айтпасыңа болмаған шығар. Орайлы арызың болған соң, қысылшаң жерде айтсаң да айыптай алмаймын. Мен қарыздармын әкем үшiн. Қарғамай, сiлемей қайта бер, жарқыным. Сөзiң жеттi маған. Етiм түгiл сүйегiмнен өттi. Бар қазiр, жүре берiңдер! – дедi. Дәркембайды сүйеп тұрғызды да, Дәрменге қалтасынан жүз сом шығарып берiп, ол екеуiн жөнелтiп салды.
Құнанбай көпке шейiн үн қата алмай, iшiнен күбiрлеп, тәубе қылған кiсiдей.сiлейiп тұрып қапты. Ендi қасына Ызғұтты мен Ұлжан келiп, жүрудiң мезгiлi болғанын айтты. Қорадағы қала адамдарына Құнанбай ендi ғана асығып, тез-тез қоштасты да, арбаға мiндi.
Күймеге Құнанбай қасына Ызғұттыдан басқа Ұлжан кеп отырды. Барлық ағайын тобымен бiрге о да күйеуiн бiрталай жерге шығарып салмақ.
Үш жирен атты сәндi күйме, бай үйдiң кең қақпасынан дүрiлдей шылдырап, ағындап шыққанда, арба мен салт атқа мiнiп, шығарып салуға iлескен жұрт саны қалың едi. Құнанбай күймесiнiң артынан тағы екi күйме шықты. Оның бiрiне – Мәкiш пен Абай мiнген. Екiншiде – Тiнiбек пен бәйбiшесi. Осындай мол жүргiншi бар көшенi өздерi алып, даурыға сөйлеп, шаңдата тартып бара жатқанда, кiшкене қаланың еркек-әйелi, бала-шағасы түгелiмен қақпа алдына, терезе түбiне жүгiре анталап, қадала қарап қалысқан.
Салқар ұзақ топтың ең алдында қатты кетiп бара жатқан Құнанбай күймесi аз уақытта қаладан шеттеп шығып, батысқа қарай еңiсе тартатын қара жолға түстi.
Салт аттының бәрi де желе жортып, бiр топталып, бiр шұбырып, iлесiп келедi.
Құнанбай артына айналып қараған жоқ. Кем қойса, бiр бекеттей жерге бар ағайынның шығарып салып қайтатынын бiледi.
Дәркембайдан айрылған соң Құнанбай көпке шейiн үн қата алмай, томырыла, түйiлiп қалған-ды. "Тұнығымды ылайлады", "тұнығымды лайлады-ау әлгi!" деген бiр сөздерi өз iшiнен неше қайырып айтты. Кейде көз алдына тып-тыныш тұрған апан суға кесек атып толқытқан әрекет елестейдi. Жүрерiн ерте ойлап әзiрлеген мiнездерi, сөздерi бағанағы таңертеңгi едi. Артындағы жұртты өзiнiң жолына тiлеу тiлетiп қалдырмақ болған сопияна сөздер, мiнездер болатын. Дәркембай болса, соның бәрiн құйынша ұшырып кеткендей. Сонымен қатар Құнанбайды бұл өмiрден тықсыра серпiп, шетке қағып тастағандай.
Осыдан зығыры қайнаған.қалпында, көп үндемей отырып, зорға бойын жиды. Ендi тым құрыса Ұлжанмен арыздасып, көңiл жазып кетпек.
Мырзаханға аттарды осындай қатаң жүрiстен баяулатпай жүргiзiп отыруды тапсырды да, өзi Ұлжанға бұрылды. Қабақ танығыш, сезiмтал Ызғұтты осы кезде көшiрге қарай сырғи берiп, Құнанбай мен Ұлжанды соңғы айтысар сөздерiне бетпе-бет, оңашарақ қалдырды. Өзi Мырзаханмен тiл қатыса берiп, жолдың барысын, бұрылыстарын болжай отыр.
Көктемнiң ерте кезi едi. Әлi бұл өңiрде көктiң шабан тебiндеп келе жатқанын, қыс ызғарының әлi түгел айығып болғанын әңгiме қылады.
Құнанбай Ұлжанға қарай бар денесiмен бұрыла түсiп, бет берiп сөйледi:
– Бәйбiше, үй серiгiм ғана емес, өмiр серiгiм едiң. Ұзақ кешкен тiрлiкте қай белдiң астында жүрсем де, артымда отырған бiр бел – өзiң едiң. Сенiң айтар кiнәң болса да, менiң саған артар бiр түйiрдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейлiң үшiн балаларыңның бағы ашылсын, – дедi.
Ұлжанның нұрлы бiткен ақшыл-қызғылт жүзi iшiн тоңазытқан сезiмнен көкшiл тартып, қатты өзгердi. Бiрақ көпке шейiн үндемей отырып, жүрек тоқтатты:
– Мырза, мынадай сапарыңа кiнә түгiл наз ертсем, оным бiлместiк болар едi! – деп күйеуiнiң бетiне салмақпен қарады. Бұл уақытта оның өңi қайтадан өз ажарын тауып, бiр түрлi нұрға балқып тұр едi. Кесек бiткен сұлу, кең, дана пiшiн. Сөзiн дамыта бердi. Жастықта адамға төсек те, үй де, тiптi дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағына.бейiмдеген сайын дүние кеңейе бередi екен. Өзiң босаң, кiшiрейе берiп, айналаңда қуыс дүниенi көп тауып, өзгеге орын босата бергiң келедi. Кiнәң азайып, кешiрiмiң көбейiп, суына бастайды екесiң. Осы көңiл менi жеңгенiне көп болған! – деп бiраз толас еттi. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған едi. Ұлжанның жүзiне телмiре қадалып қапты. Ұлжан қабаған көтерiңкiреп, екi көзiн қысыңқырап, тағы да толғанумен нұрлана түстi.
– Әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүрiп те, не шеттеп тайталасып жүрiп те сүйенiп өседi. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Мiнiм болсын, өзгем болсын, бiр жағы өзiңнен едi. Ұзақ дәурен кешiп келiп бүгiн сен ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенiмен ендi кеп кiнәласам ба, мырза! – дедi. Ұзақ өмiрде күйеуiнен кешкен көп ренiшi есiнде тұрса да, ашпады. Оны iркiп қалды.
Осы сөзден соң Құнанбай өзге жеңiлiрек, жайлырақ тиетiн әңгiмеге түстi. Бұл сөзге екеуi Ызғұттыны да қосқан едi. Құнанбаймен осы жолы Мекеге бiрге баратын Өндiрбай қалпе.
Ол бұның көп заманнан қадiрлейтiн адамы екен. Қазiр ендi бар туыстан жақын боп, бiр сапар кешпек.
Осы Өндiрбайдың Құнанбайға айтқан тiлегi бар. "Не қыз алып, не қыз берiп құда болсам" дегендi арман ете берушi едi. Құнанбай осы жолы сол сөз қайта шықса, келiсiп аттанбақ. Мырзаханнан хат жазады. Өндiрбайдың жас қызы бар. Соны Ұлжан өз қолына келiн етiп алса, лайық болады. Құнанбайдың кенжесi әлi де тау соғар, сотқар Оспан үйленгелi 2-3 жыл болды. Бiрақ оның өзi ойламағанмен, әке-шешенiң кенжесiнен немере сүйе алмай келе жатқаны мұңға айналып барады. Сүйтiп, осы жолы Оспанға тағы бiр қыз айттыру орайы бар. Ұлжан соған әзiр болсын.
Ендiгi жол бойынша бұл күйменiң iшiнде кетiп бара жатқан әңгiме осы едi.
Үш құла жеккен екiншi күймедегi Абай мен Мәкiш. Бұл екеуi көпке шейiн үнсiз келе жатты. Оңаша шыққан соң, Мәкiш жиi жылап отырды. Абай оған бiр-екi рет:"қойсаңшы, Мәкiш!" деп тоқтау айтып едi, апасы тыңдаған жоқ. Сонан соң Абай үнсiз, жалғыз өз ойына кеттi.
Қазiрде Абай ойынан да үлкен орын алып, отырған жаңағы Дәркембай сөздерi, соның мiнезi. Ол, Абай ұғымынша, Құнанбайдың ендi алдына қойып iшейiн деп отырған дәмдi асын теуiп, төңкерiп төгiп кеткен тәрiздендi. Қодар... Қодар... Одан қалған сорлы жетiм, панасыз бала Дәрмен. Абайдың көз алдынан жүдеу бала кетпейдi. Оның басындағы кiр шүберек ғарiптiктiң сор құрсауындай сезiледi. Бала бар тiрлiгiмен, бишаралығымен және Дәркембайдың айтқан әдiл дауларымен Құнанбайға айтылған өмiр өкiмi сияқты. Бұл – дұға, намаз, ораза қажы жеңе алмайтын өкiм. "Сондай күнә сұмдығым бар едi" деп өкiнiп бара жатқан Құнанбай болса да, бiр сәрi.едi. Жоқ, әкесiнiң шын өкiнген жүзiн Абай көрмедi. Оның баяғы қатал ызасын ғана көрдi. Екi арасы бiтiмсiз. Жыртқыштық пен жазықсыздық арасындай кереғар. Ендеше... Әкесiнiң бұл сапары, бұл барысы не? Тағы Дәркембайдiкi рас болғаны ғой! Құдайшылық емес, Құнанбайшылықты жақтап бара жатқан болғаны да! Абай аса бiр ащы мысқыл, ызамен қабақ түйiп жымиды да, Құнанбай жайын ойлаудан, оның сапарынан көңiлiн бiр-ақ кесiп тыйып, басқа күйге ауысып кеттi.
Бұл шақта қатты жүрген күйме жаңа ғана қылтанақтап келе жатқан, жол жағалаған тықыр көктiң арасымен келе жатыр едi.
Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем ендi ғана өзiнiң келе жатқанын баян еттi. Сол жақта, алыс көк жиекте, көкшiл мұнар iшiнде Семейтау көрiндi. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бiр ғана қатты толқын бүктетiлiп, түйiлiп кеп, мәңгiге мелшиiп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала сар дала ортасында оқшау бiтiп, оқыс тұрып қалған бiр үзiк тау. Мәңгi-бақи жым-жырт боп, жай созылған сахараның бiр заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуiл толқыны ма? Ашу қажыры ма? Сол бейнелi бөлек тау.
Абай тау ажарынан осындай оқшау бiр бiтiм көрiп, қадала қарап отырып, тымағын алды. Пысынаған басына, бетiне Семейтаудан асқан қоңыр жел леп-леп тиедi.
Денесi серги бiр, сүйсiне бiр күрсiнгенде, сергек, сезiмтал көңiл де өрби түскендей болды.
Абай жер көркiн, өз көңiлiн еркiн өлең етiп кеттi...
Мынау салқын лебi айықпай ескен күн шуақты көктем күнiне Абай жүрегi өзгеше бiр емiренiп келедi. Кеудеде талай ыстық толқын сезiмдер сыя алмай сығылысқандай... Өлең әнге оралып, еркеленiп келедi... Үзiле алмай ырғалады.
Абай байқамапты. Бұның бар өлеңiн Мәкiш тыңдап отыр екен. Бөтен бiреудiң өлеңi емес, iнiсiнiң өз өлеңi екенiн де бiлiп отырыпты.
– Абай, осы сен ақынсың-ау! – дедi де күлiп жiбердi.
Абай Мәкiштi ұмытып кеткен екен. Әуелi үркiп қалғандай, қысылып:
– Е, оны қайдан бiлдiң? – дедi.
– Естiп келем ғой... Жасырайын деп пе ең? – деп, Мәкiш күлдi де, – және Ербол бар, барлық жас құрбың да көп айтады ғой. " жарысқа түспегенi болмаса, анық ақын " дейдi, рас па сол? – дедi.
Абай ендi күлiп жiбердi.
– Сонысы рас! Ақынмын!
– Қандай өлең айтасың?
Әй, Мәкiш-ай, өлеңiм менiң желге кетiп жүр ғой.
– О қалай?
– Мен сүйген мен күйгендi айтам. Сүйгенiм оралмастай алыста. Ал айнымастан қасымда, жадымда қалар – жалғыз күйiгiм ғана, соны айтқан соң желге кеткенмен бiр емей немене?
– Күйiгiң не? О не деген сөзiң? Сенде қандай күйiк болушы едi? – деп, Мәкiш Абайға кiнәлай да, сынай да қарады. Iнiсiнiң қабағы шытынды да, өңi тағы қуаң тартты. Толықша бiткен дөңгелек жүзiнде әлi бiрде-бiр ажым жоқ. Кесек сұлу бiтiмiне бұл күнде ұзаңқырап шыққан қиық мұрты да жақсы жарасады. Селдiр қара сақалы да бетiнiң көлемiн бұзбай, сәл ұзарып қана барып тоқтапты.
Қазiр Мәкiш барлап қараған шақта Абайдың мұрын мен бетiнде азырақ жылтырап бiлiнген, майда жұмсақ бiр нұр бiлiнедi. Жаңа ғана толып жеткен жiгiттiктiң анық сұлу ажары. Отты, саналы көздерiнiң ақ, қарасы айқын. Ажары таза, көздерi әрi көрiктi, әрi ыстық тиедi. Бiр қараған кiсiнi қайта тартып, ерiксiз қаратқандай, алмасы бардай, әсерлi көз. Жiп-жiңiшке боп, ұзын сызылған қап-қара қасы да жiгiт жүзiнiң жақсы ажарын аша түскендей.
Мәкiш өз туысына, iнiсiне iштей мақтаныш ете қарады. "Күйгенiм бар" дегенiне сенген жоқ. Сонда да айтқыза түсiп, танығысы келдi.
– Ал, күйiгiңдi не деп айттың, соныңды айтшы деп сұрады.
Абай көңiлiнде ерте күннiң айықпас сағымдай сұлу қиял естегiсi отыр едi. Сол күнде жүрек толқынын осы бiр әнмен айтқан. Бұл да жаңылмас серiгi содан берi. Естегiсi – Жәнiбекте өткен жайлау түнi болатын. Сүйiндiк аулындағы алтыбақан. Әлпеншектi Тоғжанмен бiрге теуiп тұрып, осы әнге сыр бөлеп едi екеуi. Жұрт көзiнше бiр әнде, бiр жүрекпен табысқан-ды. Сол "Топайкөк" әнiн бастады. Мынау көктем күнi Тоғжанды тағы да аса бiр сағындырып, қатты көксетiп келе жатыр.
Апасының айт дегенi бұның өзiнiң де жүрек, қиял тiлегi болатын. "Топайкөктi" бұл жолы шырқау үнмен айтпай, қоңыр, баяу ырғақпен бастағанда, өзгеше бiр нәзiк шердiң сөзi кеттi. Мәкiш өлең сөзiн әсiресе құлақ қойып тыңдап қапты. Мұңға толған жас жiгiт айтып келедi.
Жарық етпес қара көңілім не қылса да,– деп барып,
Аспандай ай менен күн шағылса да,
Дүниеде,сірә, сендей маған жар жоқ
Саған жар менен артық табылса да…
…Сорлы асық сағынса да, сарғайса да,
Жар тайып жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды ырза болып жар ісіне
Қорлық пен мазағына табынса да…–
деп қатты сұрланып кеп тоқтады. Өзiн де, оны да айтқаны. Екi ынтық. Екеуiн де жалын өртейдi. Бiрақ шарасыздық – қатал тағдырдай. Соның соңғы кездерде көңiлге көп оралып жүрген бiр тынысы осы тәрiздi.
Бiрақ Мәкiш бұны ұққан жоқ. Ол бұрын өзi естiп көрмеген, жаңағыдай тосын сөздерден бiр ғана "жар" дегендi аңғарып, тоқтап қалды да, Абайдан сұрады:
– Ұқпадым. Бұндағы жар дегенiң кiмiң өзi?
Абай апасына оншалық шешiлмек емес.
– Жар дегенiм күйiк салған бiр жан да! Жар дегендi бiлмеушiмең?
– Бiлсем, жар деп кiсi үй жолдасын айтат та!
Абай селт етiп, жалт қарады.
– Дiлдә демексiң бе?
– Ия! Дiлдә болса қайтушы едi?
Жас жiгiт бұл жерге жеткенде айтқанына өкiнгендей боп, шұғыл айналып бұрылып қалды. Күйiп, қиналып кетiп:
– Ойбай, жаратқан, Мәкiш-ай, Дiлдәң не? Не деп кеттiң.
Мәкiш өзiнiң Абайға қатты батқан сөзiнен қысылып қалды. Ыңғайсызданып күлдi де:
– Япырай, сөзiм саған түрпiдей тидi-ау, Абай. Дiлдә байғұстың не жазығы бар едi?
– Рас, Дiлдәның жазығы жоқ. Бiрақ оған ынтыққан арман өлеңiн айтар менiң де жазығым жоқ. Төрт бала тапқан Дiлдәны айтқаның не?
– Е, бала тауып бергенiне жазықты ма саған?
– Жазығы жоқ. Қайта балалары жақсы. Ол – балаларымның анасы. Ата мен ана қосқан жолдасым. Бар болғаны сол ғана. Ал жүрек жалын, ынтық, достық десең ондай оттың бәрi де ол кеудеде өшкен. Болған шағында да, соншалық маздаған шырақ жоқ едi. Көңiлi ертерек бiтеу тартып, ерте суынған жан ғой ол! – дедi де, Абай ендi бұдан ары сөйлегiсi келмей, тоқтап қалды.
Осыдан кейiн бұл күйме алғаш қаладан шыққандағы қалпына қайтып, әңгiмесiз кетiп бара жатты.
Ұзақ, салқар қалың көштей боп, шаңдата шұбалған салт аттылар арбаларға таяу келе жатқан. Үштен, төрттен, бес-алтыдан шоғырланған ел кiсiлерi, қала халқы.
Осы аттылар тобының орта тұсында Тәкежан да келедi. Оның қасындағы төрт кiсi: Ғабитхан молда, Жұмағұл Ербол және Дарқан деген қосшы жiгiттiң бiрi.
Тәкежан әке жайын қалада да, жол бойында да iштей бiрталай уайым етiп келсе де, ендi тыныштық тапқан. Абай айтқан жол қиындығын Тәкежан оншалық тесiле ойлаған жоқ-ты. Қаладан шыққан соң, Ғабитханнан бiраз күдiк етiп сұрағанда, өмiрге көбiнше сенгiштiкпен қарайтын, ақ көңiл Ғабитхан ешбiр уайым ойлатқан жоқ.
Бұл кезде толықша тартып, семiре бастаған, жiгiт ағасы боп қалған Тәкежан қалжыңқой, күлегеш болатын. Әсiресе бiреудi қолға алып, қағытып, мысқыл ажуа қып отырмаса, бойына ас батпайтын. Кездесiп бiрге жүре қалған шақ болса, үнемi күлкi ететiнi, ойнайтыны осы Ғабитхан молданың өзi.
Тiлi қызық, аңқаулығы Қожанасырдай Ғабитхан туралы Тәкежан ел ортасына талай күлкi әңгiмелер таратқан. Ол әңгiмелерi көбiнше Ғабитханның қазақ тiлiн өз тiлiне қосып, терiс, оғаш қолданатын өрескелдiгiне де арналады.
Кейде Тәкежан молданың аңқаулығын өзiнiң болымсыз ұсақ керегiне де жаратып жүредi. Осыдан екi күн бұрын Тiнiбектiң қонақ үйiнде жатқан қалың елдiң арасында Тәкежанның қамшысы жоғалып кеттi. Содан кейiн Дарқан мен Жұмағұлға үй оңашада тағы бiр рет қамшысын қаратып-қаратып, табылмаған соң, ақырында Тәкежан бар қонақтың қамшысын жиғызып, алдына салып қойып қарап отырса, бiр тамаша сұлу, сары ала қамшы бар екен. Сұрастырса, бұл Ғабитхандiкi боп шығады. Тегiнде Ғабитхан қамшы, белдiк, қын, пышақ деген сияқты ұсақ бұйымдарға аса ұқыпты және қайдағы бiр көрiктi сұлуына қызыққыш болатын. Қайдан да болса сондайды таппай қоймайды.
Тәкежан өзге қамшыларды iргеге лақтырып тастап сары ала қамшыны қолына алып, мырс берiп күлдi де:
– Менiң қамшым мынау болат! – дедi.
Жұмағұл күдiк етiп:
– Ойбай, Тәкежан, Ғабитхан бермейдi. Қызарғанға қыздай құмар, әсте берсiн бе! – дедi. Тәкежан оған қараған жоқ.
– Үндеме, сұрап алам деп отыр деймiсiң! Ұрлап алам! – дедi. Үшеуi бiрдей ұғысты да, күлiсiп қалды.
Сол арада Жұмағұл Тәкежанның бұйрығы бойынша Ғабитхан қамшысының бүлдiргесiн өзгертiп, жылтыр қайыс бүлдiрге тақты да, қамшыны басқа үйге апарып тығып қойды. Ұзақ жолға жүретiн күндерде Тәкежан бiр-ақ ұстап шықпақ.
Ғабитхан содан берi екi күндей қамшысын жоқтап, бар қонақтың мазасын алып, әбден сарп ұрса да, дерек таппай, сiлесi құрып, қойған-ды. Бұл мазасызданып, қамшысын iздеп тыпырлап, қапаланып жүргенде Тәкежан мiзбақпай, үн қатпай отыра беретiн. Сол қамшыны Тәкежанның ең алғаш ұстап шыққаны бүгiн.
Жол бойында көпке шейiн Тәкежан Ғабитханмен бiрге келе жатқанмен, әдейi молданын оң жағынан жүрiп отырып, қамшысын байқатпай келген. Бiр уақытта Тәкежанның қамшысын көзi шалып қап, Ғабитхан атының басын оқыс iркiп, тоқырай берiп:
– Өй, Тәкежан, минiм қамшымны син алғансын ба? Бұл не хыянат!? – деп, сұмдық көргендей қарады.
Тәкежан түк шiмiрiккен жоқ:
– Қойыңыз, молда. Қамшы өзiмдiкi, байқап айтыңыз! – деп, әдейi сыпайы сөйлеп, таң қалған кiсiдей қарап тұр. Қамшыны ендi көрнекке шығарып, атының жалында көлденең ұстап тұр. Ғабитхан бiресе Тәкежанға аңыра қарап, бiресе қамшыға қарайды. Өрiмi, сабы, сарбасы. Сапқа ораған жезi – бәрi де өз қамшысы. Күмән жоқ. Ендi Тәкежанға ызаланып, ұрсып жiбермек болды. Бұның жасы үлкен. Және қылжақбас Тәкежанға бұл кейде қатты сөйлейтiн.
– Үй, ахмақ! Қара, минiм қамшымны ұрлап тұрғанын! – деп қамшыға қол соза бердi. Тәкежан қарсыласқан жоқ. Қамшыны молдаға өзi де созып қолына берiп жатып:
– Молда, ашуланбай тұрып, әуелi аңғарып алыңыз. Қамшы мiнi, анықтап қарап шығыңыз. Бар белгiсi өз қамшыңыздай болса, "көзiм жеттi, иманым кәмiл" деңiз де, алыңыз. Ал өзiңiздiкi болмаса, онда кiсiнi мына қауым алдында янаттамаңыз! – дедi.
Ғабитхан қамшыға жабысып, бар жерiн иiскелегендей ұстап қарап кеп, ақырында бүлдiргеге қарады. Қарады да, қабағын түйiп жiбердi. Бiр жақындап үңiлiп, бiр алыстап қарап ақырында таңдайын қағып, басын шайқады. Жұмағұл, Дарқан, Тәкежан – үшеуi де көз алмай молданың бар қимылын бағып тұр. Ғабитхан қамшыдан түңiлген екен:
– Айхай, болмас, болмас... Hәммәсi менiң қамшым. Бәлки, шу, хайуан бүлдiргесi минiкi түгiл. Ұхшауын ұхшайды, бiрақ қамшы минiкi емес. Мә, Тәкежан, хафа болма! – деп қайырып бердi.
Тәкежан бастапқы мiзбақпаған салмақты пiшiнмен қамшыны алып жатып:
– Е, молдеке, бәсе! – дедi де, Жұмағұлға қарап көз қысып, бiр жақ танауын тыржитып қойды.
Ғабитханды кейде iлгерi жiберiп, Дарқан, Жұмағұл үшеуi күлiп-күлiп алады. Бұлар осымен Құнанбайға қош айтысатын бiр бекет жерге қалай жеткендерiн байқамай да қалып едi.
Алдағы күймелер тоқтаған екен. Арбалардан жүргiншiлер, үлкендер тегiс түсiптi. Iлгерiлеп барып жетiп қалған салт аттылар да түсiп жатыр.
Тiнiбек күймесiнiң артында емiзiктеген қара саба келе жатыр едi. Барлық ұзатушылар жиылып болған соң, сол қымыз әкелiндi. Жұрт жағалай Құнанбай мен Ызғұттыны ортаға алып отырып, соңғы рет дәм татысты.
Құнанбай ендi бөгелмей, жүрiп кетуге асыққан. Ызғұтты соны сездiрiп, қымызды шапшаң iшуге жұртты асықтырып отырды. Ақыры Құнанбай орнынан тұрды. Барлық жиын да дүрк тұрған едi. Бұл жерде Құнанбай көп сөйлеп созған жоқ.
– Ал, жарандар, шығарып салу үшiн осы келiстерiң де жетерлiк. Елiме, жерiме сәлем жеткiзiңдер. Қош, ағайын! Дәм, ырзық бұйырса, амандық шаттықпен қайта көрiсуге жазсын! – дедi.
Тiнiбек бастап барлық үлкендер:
– Еншалла, еншалла, әмин, әмин! – дестi.
Содан кейiн, Құнанбай Ұлжан бастап барлық жұртпен құшақтасып амандасып шықты.
Абай мен Құнанбай ең соңғы сәтте үнсiз қоштасты.
Азғантай жiпсiгенi болмаса, әлi тер шықпаған, сұлымен жараған үш жирен ат, үндi қоңырауды шылдырата түсiп, тартып кеттi. Қатты кеткен күйменiң шұбыра бұралған шаңы iшiнен шылдыраған қоңырау көпке шейiн ойнай, сөйлей бара жатыр. Бiрақ, барған сайын тұншыға бердi. Үнсiз қатып, қадалып тұрып қалған бар жиынға ең соңғы рет, бiрақ баяу шыңғыр еттi де, қоңырау өшiп кеттi.
Күйме алыстап барып, сар көделi белден аса бердi. Ендi бiр сәтте ұзақ сапар жолаушылары ұзатушы көздерден таса болды.
Әлi де үнсiз тұрған жұрт, ендi ғана қайтуды ойға алды.
Ұлжанды Абай мен Мәкiш сүйеп кеп, өз күймелерiне мiнгiздi. Ол мiнген соң, күймеде орын тар едi. Абай арбаға мiнбей, шешесiн iлгерi жөнелтiп, өзi салт атқа мiндi. Қасына Ерболды ғана алып, топтан оқшау қалып, асықпай, аяңмен ғана қайтты.
2
Тiнiбек үйiн көптен басқан қалың қонақ Құнанбай жүргеннен кейiн тез тарады. Бiрақ Ұлжан, күйеуiн ұзатқан соң да, елге тез қайтқан жоқ. Қалаға көптен берi келгенi осы едi. Және елiн, аулын үнемi сағынумен жүретiн Мәкiш те шешесiн жiбермейдi. Тiнiбек құдасы да Ұлжанға "қайтпаңыз, асықпаңыз, мына Мәкiш балам жүдеп кететiн сыңайы бар. Күйеуi болса саудамен алыс сапарда жүр. Осының өксiгi басылған соң қайтарсыз деп тiлек еткен.
Тiнiбек үйiнiң ендiгi аз қонағы, бiрақ аса сыйлап, баппен күткен қонағы Ұлжан мен Абай, Тәкежан және солар қасында қалған үш-төрт қана жiгiттер. Бұл уақытта Тiнiбектiң асты-үстiлi үлкен ағаш үйiнiң бар бөлмесi қайтадан көп жасаумен құлпырғандай. Кiлем, алаша, оюлы сырмақ, тұс киiздер тегiс қайта тазартылып, қайта жайылған.
Ел бiразда жайлауға шығады. Қаладан ұзап кетедi. Бала-шағаның, келiн-кепшiктiң жаз киетiн киiмi бар, ауылға керек, қонақ-қопсыға керек қант, шай сияқты алатын зат мол. Көп үйлi, көп ауыл-аймақтың анасы есептi болған Ұлжаннан базарлық дәмететiн жандар да аз емес. Қалада ендiгi жатқан күндерiнде Ұлжан Абай мен Тәкежанға, Ғабитхан, Ерболға күн сайын есiне түскен нәрселерiн тапсырып, базардан алғызып отырады.
Абай шешесi қайтар шақ таянған сайын әр күн кешке өзге заттармен қабат топ-топ кiтаптар да әкелiп қосады. Осы өткен қыста, алты ай бойында, әкесiн жөнелту қамымен қаладан қайтпай жатып, Абай орысша тiлге тағы да көп зер салды. Бiрнеше жылдан берi тұтас берiлiп, ұзақ отырмаса да, тiлдi бiлу жөнiнде, сол тiлдегi өнер-бiлiм бұлағынан нәр алу жөнiнде талпыну, тырбануын үзбеген. Бiрақ жете бiлуге қиын тiл екенiн Абай басқан сайын байқай түсiп, үнемi ойлайды. "Әттең, бала шағымда уысымнан шығарып алыппын. Сонда қуатын жоғым едiң!" деп талай айтып едi.
Қалада осы күндерде, әсiресе осы соңғы қыстың ұзақ түндерiндегi оңаша тiмтiнудiң соңында Абай орысша жазылған, жеңiл тiлдi кiтап, әңгiменiң көп жерлерiн өздiгiмен ұғатын боп алған.
Әзiрше ауыр ұғатыны – орыстың ақындары.
Бiрақ ендi не де болса., орыс кiтабы досы болды. Осы күндерде шешесiмен бiрге елге жiбермек боп жинап жүргенi де сондықтан. Ендi бұрынғыдай емес, елдегi уақытын да кiтапқа бермек.
Ұлжан асықпай жатса да, ақыры елге қайтатын мезгiл жеттi. Қасына Тәкежан, Ғабитхан, Дарқан, Жұмағұл ердi. Күймеге мiнетiн Ұлжан мен Қалиқа ғана. Көшiр – жас жiгiт, асау үйреткiш Масақбай.
Абайға шешесi бiрге қайтайық деп едi. Бiрақ баласының әлi бiтпейтiн, бөгейтiн шаруалары бар екен. Құнанбай тапсырып кеткен алыс-берiс сияқты iстер. Елдi жайлауға шыға берер кезде қуып жетпек боп, Ербол екеуi қалып қоятын болды.
Күйменiң артына ұзынша бiр сандықты лық толтырған кiтаптарын тиеп берiп, Абай шешесiн өз қолымен қолтықтап арбаға мiнгiзген жерде, Ұлжан баласының қолын ұстап отырып, соңғы бiр ақылын айтты:
– Алты ай қыс ауылды көрмей, ұзақ жолаушыдай шырқап кеттiң. Үйде жар жолдасың сарғаяды, балам. Кiшкентай балапанша былдыр қағып, шұнаңдаған балаларың тосады. "Ағам, ағам келедi" деп олар күткелi қашан. Әбiшiм мен Мағашым қандай десеңшi менiң, егiз қозыдай! Соларды ойлап сағынғанда менiң де ұйқым шайдай ашылады. Сенiң қайтып дәтiң шыдайды?
– Оларды мен де ойлаймын... Мен де сағынамын ғой апа. Жаңағы айтқан екi немерең өзiмнiң де ыстық көретiн балаларым. Әкелiкке менi мойындатқан да солар ғой. Бiрақ бөгетiмдi көрiп отырсыз ғой.
– Бiлмеймiн. Сылтауға сылтау қосыла бергенге көндiгiп ап, осы қаланың шаңын жұта бергенге дағдыланып кеткенбiсiң деймiн. Бүйте берсең үй де бiр, түз де бiр боп, жатағынан түңiлген жас құландай боп кетерсiң. Тез қайт, балам, Абайжан! – дедi.
Соңғы сөздерiнде, Абай көңiлiнiң бiр жарықшағын сезгендей күдiк, қобалжу да байқалды. Шешесiнiң сезiмтал, жүйрiк көңiлi қыс бойы елге қайтпаған баласының қабағын аңғарып, қалаға келгеннен берi ақырын бағып жүр едi. Үй iшiн сағынып сұраған ашық жарқын ажарын көре алмаған. Бұдан бiрнеше жыл бұрынғы Абай бұлай болмаушы едi.
Әлде Мәкiшпен оңаша сөйлескен кездерiнде баласының Дiлдә туралы түңiлгендей, суықтау сөйлейтiнiн есiттi ме?
Ұлжанның сөздерi қабақ болжасқандай боп сыпайы, майда айтылған болса да, ар жағында сыр, салмақ жатқан сөз. Бiрақ бұл орын, бұл кез оны ашысып айтысқан шақ емес. Шеше ойында күдiк қалдырғанын бiлсе де Абай үндемедi. Тек қана:
– Құдай бұйырса, ел жайлауға көшiп, өздерiңiз Шыңғыс аса берген шақта, бiз де жетемiз. Бала-шағаға сәлем айтыңыз. Ал ендi, жолыңыз болсын! Шаршамай-шалдықпай, жайлы жүрiп, жақсы жетiңiз! – деп тiлек айтты да, анасының жүрiп кеткенiн мақұл көрдi.
Тәкежандар аттарына мiнiп, Мәкiшпен, Тiнiбектермен қоштасып болып, ашық, кең қақпаның алдына барып топтанып тұр едi. Масақбай да ат айдады. Үш ат жеккен кең күйме, сықырлай, шылдырай түсiп қозғалып алып, дүрiлдей тартып жүрiп кеттi.
Осыдан он бес-жиырма күн кейiн Абай мен Ербол да елге қарай келе жатты. Қаладан күн шыға атқа мiнген жүргiншiлер, көктемнiң ұзақ күнiнде жолды өндiрiп жiбердi. Абай мен Ербол екеуi де қатты жүрiске шыдамды, берiк болатын. Қыс пен жаздың қандай ұзақ, қиын жолы болса да, бiрiне бiрi "шаршадым, қажыдым" дегендi айта қоймайтын. Қайта, нелер жүрiсi қатты аттармен күн ұзын дамыл алмай суыт жүрiсiп кеп, кешкi қоналқаға жеткен жерде, дененiң ауырғанын, қиналғанын айтыспауға тырысатын. Iштей екеуiнiң шыдамдылыққа байласқан сертi, бәсекесi бардай.
Дәл бүгiнгi жүрiстерi ерекше бiр айта қалғандай жүрiс болды. Бұлардың өздерi ғана емес, тiптi ат суыт жүрiске өмiр бойғы кәсiп арқылы бiржолата пiсiп қатып кеткен Қарабас, Жұмағұлдай атшабарлар да, елеусiз, Бесбесбайлардай Олжай iшiнiң барымташы, жортуылшылары да некен-саяқ жүретiн жол едi.
Екi жiгiт Семейден шығып, күн ата бергенде, Орда тауының Шiлiктi кезең деген тұмсығына кеп iлiндi. Ел атаулы жайлауға қарай тартып, жолда қонатын ауылдар сиреп қалған. Бiр қоналқа жер болса, Орданың осы тұсында болмақ. Дәл Шiлiктi кезең Орданы қыстайтын Мамай руының кедейлеу, Байшора деген атасы бар. Бұлар сыртқа кешеңдеп шығушы едi. Жүргiншiлер сол ауылдардың бiрiне жете қонамыз деп өктеген. Абайдың өз қыстауларының үстiмен жүрмей, Орданы басқаны – Ұлжан аулы биыл да Бөкеншi жайлайтын Көлденеңдi басып, Бақанас өзенiн жайламақ-ты. Соған қарай тартатын төте жол – Орданың үстi.
Қала мен Орданың осы кезеңiнiң екi арасы жүз отыз шақырымдай жер. Абайдың астындағы күрең төбел ат – ұзақ жортуылдың аса сенiмдi аты. Бұрын мiнген Ызғұтты бұл аттың жүрiске берiк, үнемсозарлығын тұлпармен теңейтiн. Ерболдың жетек аты бар-ды. Өз аты жоқ, жарау қара шұбар, күрең төбелдiң тiзесiне шыдамады. Намаздыгер шағында қамшы салдырып белi босаңси берген. Сонан кейiн Абай оған, жетектегi бестi айғыр Теңбiлкөктi мiн, – дедi. Бұны Абай, мүсiнiне, теңбiлiне қызығып, "үйiрге салам" деп, осы аз күн iшiнде базардан сатып алған-ды.
Ербол ауыстырып мiнсе де, күрең төбелдiң екпiнi әлi басым. Күн еңкейiп келген кезде Ордадан бұлт шықты. Жолаушылар алдынан қатқыл жел соғып, күн күркiреп, недәуiр қалың жауын келе жатыр едi. Осыны аңғарған соң Абай, "көз байланбай елге жетiп көрейiк" деп, жүрiстi тағы қатайта түстi. Күрең төбелдiң сар желiсi едi. Омыраудан соққан салқын жел күреңнiң белiн көтерiп, желiгiн арттыра түстi. Шалдыққаны бiлiнер ме екен деген күдiк кезде, күрең тiптi егесе түскендей. Ауыздығын шайнай берiп, басты да шұлғып, пысқыра жер сүзiп те қояды. Абай басын қатты тартып тежеп отырмаса, өршелене түсiп, шаба жөнелгiсi кеп, оттай жанып келедi.
Ербол күреңдi көптен бағып келе жатыр едi. Абайдың жүрiсi қатайып кеткен соң, Теңбiлкөкпен кейiндеп қалып қойып, бiр кезде шауып отырып, қуып жеттi. Аздап қиыстап, күреңнен оза берiп, қырындай қарап алды да:
– Түу, мына сарамасқа дауа болмас, Абай! Омырауының терiн құрғатып апты әуелi. Япырмай, бұ қаншаға шыдамақ? – дедi. Абай да күреңдi аса бiр сенiмдi, берiк дос танып, сүйсiнiп келе жатыр едi.
– Тiптi бiлмеймiн, Ербол. Хайран боп келем. Белiнiң берiктiгi сонау Тiнiбек қақпасынан шыққандағы қаз-қалпы. Тегi адам шыдаса, ат жүретiн жерде түп жоқ екен-ау! – дедi.
Қатты жел, тездеткен жауын Абайлар Шiлiктi кезеңге тақай бергенде, жауып та кеттi. Жылы жауын. Жел басылған. Орданың ет-бөктерi, ал күрең бетеге жусанмен құлпырып тұр екен. Жас көктiң жауын iшiнде құлпыра түскен шат селiн, жүргiншiлер тақыр жолмен жарып өтiп келе жатқанда, айналасынан жас жусан исi үзiлмей толқып келiп отырды.
Бiрақ жауын қатайып, бұлт тұтасты. Күн қай мезгiлге жеткенiн бiлiп болмайды. Батыс жақты жауын құрсап, күн көзiн толық жасырған. Ендi ымырт тақау сияқты. Сам жамырай бастағаны ма, жоқ батар күннiң жауын бұлты арқылы себездегенi ме, әйтеуiр батыс жақта, көк-жиек үстiнде сарғыш мұнар сәуле бар. Сенер үмiт үзiлер тiрiлiктей жүдеп, талмаурап бара жатқан соңғы сәуле. Аздан соң ол да сүлдерi азайып барып, бәсеңдей бердi. Сарғыш сәуле сұрғылт тартты. Тағы бiр сәттен соң күңгiрттене барып, қарақошқыл қызғылт реңге кiрдi. Көгiлдiрленiп барып, мұңды, қоңыр аспанның түн мұнарына жол бердi.
Көз байланып қалған едi. Осы шақта ғана Абайлар тасырлата басқан қатты жүрiспен кiшкене тастақ төбеге шыға бергенде, алдарынан ит үрдi. Жауынды, бейуақ iшiнде елп еткен үмiттей боп, кешкi оттар жылт-жылт көрiндi. Жақын жерде, жолдың сол жағында, көгалды бұлақ басында жетi-сегiз үйлi қоңырқай ауыл отыр екен.
Кедейлеу ауылдың аз ғана қойы қоралапты. Саны аз ғана сиыр, түйе де жауыннан ықтай-ықтай, тыным алыпты. Ешкi атаулы үйдi-үйлердiң ығына жабысып, жауын жаққа артын берiп, үнсiз сiлейiп тұрып қалысыпты. Ауыл сыртында арқанда жүрген, тұсаумен жайылған бес-алты ат бар. Абайлар қатты жүрiстi ауыл iргесiне тақай бере бәсеңдетiп, ендi түсер үйдi болжасып келе жатыр.
Алдарынан әлдеқашан үрiп шыққан көп иттер ауыл үстiн беймаза қып, тау жаңғырта шабаланып келедi. Ауылға аттылар тақалған сайын, сандары молайып өршелене шулайды. Өлi жүнi түспеген қайқы құйрық қаншықтар. Арты қушық, құлағы салпаң, бойы шардақ төбеттер. Үнi жаман бiтiмсiз, туыссыз, қатпалау, сүмелек ала күшiктер.
"Аулақ! Қонбайсың! Е, тентiреген жүргiншiнi асырайық деп отырмыз ба? Сендерге бере берсек, шаш та жетпес. Жауын боса қайтейiн. Бар! Бар! Тарта бер. Атыңның бауырына тығыл жауыннан. Маған десе, тоқымыңды жамыл. О несi, өл де маған! Бар... Бар... Бар!" деп қуып жатқандай.
Ербол түсетiн үйдi сырт нобайынан барлап келедi екен. Осы сегiз үй iшiндегi ең бүтiнi және үлкендеуi ортада тұрған жалпақтау, бес қанат үй екен. Соған қарай Абайдан озыңқырап барып бет бұрды.
Абай тақап келгенде, үй иесi шыққан едi. Иығына шекпен жамылған сақалды бiреу. Бiр аяғын сылти басатын сияқты. Ербол бұрын сөйлесiп, "қонақпыз" деп, өздерiнiң кiм екенiн айтып едi. Үй иесi:
– Е, жiгiттер, түсiңдер. Дәм айдап келген екенсiңдер! Барымыз әзiр! Кәнi! – деп кеп, Абайдың атын өзi байлады.
Ербол бұл кiсiмен түс таныс екен. Абайға тыста келе жатып ақырын күбiрлеп:
– Бекей-шекей дейтiн екi ағайынды Байшора бар едi ғой осы Ордада. Соның Бекейi осы, – деген. Жiгiттер бұл ауылда бұрын болып көрмеген-дi. Үйде от маздап жанып тұр. Қонақтар кiрiп, амандасып, болжап отыр. Үй iшi көп жан емес екен. Оң жақта, жер төсектiң үстiнде төрт-бес жасар немересiн құшақтап, сары қызыл кемпiр отыр. Ұзын бойлы, ашаң жүздi, аққұба әйел бар. Қырық шамасына жаңа iлiнген қара көз әйел. Кезiнде сұңғақ, сұлу болғанға ұқсайды. Бекейдiң өзiнен басқа әзiрге көзге iлiнген жандар осы.
Үй иесiн Абай жаңа анықтап көрдi. Бұйралау, ұзын, сары сақалы бар, қызыл жүздi, көк көздi, кесек мұрынды, сұлу адам екен. Ол жiгiттерден жөн сұрады. Барыс-келiс жайы едi. Үнi қатқыл, даусы зор екен. Абайлар кiргеннен берi маздап жанып тұрған құрғақ тезектiң оты әлi де көңiлдi қызу сәуле берiп, үй iшiн мейiрлi қонағуар, жайлы ұядай етедi. От үстiнде, ұзын аяқ мосыда үлкен қара шәугiм асулы тұр.
Бекей шешесi жақтан отырып едi. Абайлардың жай-жапсарын бiлiп алған соң, шешесiне бұрылып, ақырын күңкiлге кiрiстi. Бұлардың оңаша кеңесi ұзаққа созылған жоқ. Бекей түрегелiп, тысқа шығуға қамдана берiп әйелiне:
–Тезегiңдi шақтап жақ. Құрғақ отының жетпей қалар. Қазан көтеруге суың жетушi ме едi? Мен әлгi бiр баланы алып, мал қамдап келейiн. Қазан суыңды қамдай бер жылдам, – деп бұйрық бердi. Әйелi үндеген жоқ, бар айтқанын қабылдап, мақұлдаған сияқты. Аздан соң тыстағы Бекейдiң қатқыл зор даусы шықты.
– Наймантай!
– Уай, Наймантай!
– Уа, бер келшi, балам! – деп, бiреудi шақырып жүр.
Шапшаң қайнаған шай Абайлардың алдына жасалған кезде, киiз есiк шалқасынан ашылып едi. Ашып тұрған Бекейдiң өзi екен. Кiргiзбек болғаны – соятын мал. Үй iшiндегi лапылдаған оттан үркiп, тыпырлай тырысқан қызыл кебенi көлденеңдетiп итерiп, бала жiгiт Наймантай кiрдi.
Қыс ортасына жетпестен арамза боп туған қызыл кебе семiз көрiндi.
Абайлар шай iшiп жатыр. Қызыл шыт көйлегiн ышқырына қыстыра, түрiңкiреп алған ақ қатын, бұл уақытта от үстiне ошақ құрып, қазан асып, суын ысыта бастаған.
Бекей ендi үйдiң екiншi жағына шығып, қонақтардың шайын өзi құйып отыр. Кебенi Наймантай тез сойды. Бас үйтiле бастады. Абайлар шайға қанып болып едi.
– Әлгi Шүкiман қайда? Саған келiп болыспайды-ау! – деп Бекей, мал сойыла бастағанда бiр-екi рет бiреудi атап едi.
– Қайтесiң, Шүкiманды? Ана үйде күйеу балалардың қасында отыр. Өзiмiз де жайлаймыз ғой! Ойнай берсiн! – деп, әйелi ол аталған кiсiнi шақыртпады.
Ербол Шүкiман деген атты естiгелi" бұл, қыздың аты-ау! Әлде осы үйдiң бой жетiп қалған қызы да бар болар ма екен? – деп ойлана түсiп, айналаға анықтай қараған едi. Сол жақтағы Бекейдiң ағаш төсегiнiң бас жағында тағы бiр жер төсек бар екен. Көрпе-жастығы қызыл-жасылды, жаңа төсек тәрiздi. Егер бұл үйдiң қызы болса, ол сол Шүкiман да, мынау соның төсегi болмаққа керек. Үй iшiне үндемей көз тастап отырған Ербол осындай жайларды топшылаумен болды. Бекей әйелi ет сала бастағанда "сал, оны да сал!" дей түседi. "Болды ғой, iрiкпеймiсiң" дегендей боп, бетiне қараған әйелiне:
– Әлi күйеулер де ас татқан жоқ қой бұл үйден. Шүкiман соны айтып, қыңқылдап жүр едi. Қонақ аз және өздерiнiң құрбылары ғой. Бүгiн асты осынан iшер олар да кеп. Шекейдiкiндегi келiнге хабар айтып қой, қатын! – дедi.
– Ендеше ас пiскенде, Шүкiман қонақтарын осында ертiп келсiн. Сен барып соны айтып қой! – деп, ақ құба әйел Наймантайға тапсырды.
Қазан асылған соң, тезек мол жағылып, от қызуы үй iшiн ысыта бастады. Күннiң жауыны да басылыпты. Далада жел жоқ жылы түн едi. Тынысы ауыр, қапырық, қараңғы түн.
Үнсiз отырған Абайдың басы зеңiп, пысынай түсiп, ұйқысы келдi. Сонымен ас пiскенше мызғып алмақ болып, жантайып, жатып қалды. Ербол да ұйқыға кеткен едi.
Абай өзiнiң қанша ұйқтағанын бiлмейдi. Бiрақ селт етiп оянып, басын жастықтан жұлып алғанда, анық аңғарғаны – сөйлеп, ұйқысырап оянса керек. Ең соңғы сөзi әлi көкейiнде, әлi түгел айтылып та жетпегендей:
– Кел! Келшi бiр, сәулем! – дегендi анық айтқан тәрiздi.
Дауыстап айтты ма? Үй iшi естiдi ме? Оны бiле алмады.. Бұл оянғанда Ербол да басын көтерiп алып едi. Абайдың екi көзi қып-қызыл екен, iсiнiңкiреп тұр. Бастығырылып ұйықтаған ба? Бiрақ әңгiме онда емес. Абай көтерiлiп, отыра бере, елең етiп, сыртқа құлағын салып, қадала тыңдап қапты. Ербол ендi аңғарды. Көршi үйден, жалғыз әйел айтқан аса бiр әдемi нәзiк ән келiп тұр. Соны тыңдай отыра Абай бар денесiмен қозғалақтап, дiрiлдей түсiп, сабыры кеткендей болды. Ербол байқаса, жолдасы ұйқысыраған адамдай атқып тұрып, жүрiп кететiн тәрiздi. Өңiне қарап едi, құп-қу боп, реңi қашыпты. Екi көзi жасаурап, демi дiрiлдеп, қол иығы да қалтырай түседi. Ерекше құбылып, бұзылғандай. Екi көзi қанталаған қалпында жоғарылап, шалқалай қарайды. Ғажап сырлы сәуле көргендей, бұ дүниенi ұмытып кеткен тәрiздi. Ерболды асыға қозғап, қатты түртiп:
– Тұр, тұр! Тұршы, Ербол! – дей бердi.
Ербол:
– О не, немене, Абай? – деп сескене қарады.
Үркiп қалды. Ойында: "Бiр нәрсе шалып кетер ме екен, өңi қалай жат едi. Ауырып тұрды ма!?" деген неше алуан қорқыныш күдiк бар. Абай бұның ойын ұғынып, аңғарар емес. Тымағын киiп, шапанын жамылды да, Ерболға:
– Тысқа шығайық, жүр! – дедi.
Үй iшi бұлардың оқыс жайларын байқаған жоқ екен. Кемпiр ұйықтап қапты. Бекей қонақтарға сыртын берiп, от басында қалғып отыр. Олардың сезбегенi жақсы болды. Қатты өзгерiп, жат толқынға түскен Абай әлi оңалған жоқ. Құлағы мен ынта-бейiлi тыста. Жалғыз бiр үнде. Әнде ме, әлде? Алғаш шапшаң түрегелген жерде буын-буыны қалтырап, жығылып қала жаздады. Ербол ғана сүйеп қалып, зорға дегенде буынын бекiттi. Бiрақ сонда да өзiн аңғарып жүрген жоқ. Бiр тұман, түс iшiнде, алдағы бiр ғана сәулеге асығып, қалтырап, ұмтылып бара жатқандай. Оқшау, сұлу ән үзiлген жоқ. Содан құлағын алмайды. Көңiл-денi соған ауып, ұйып қапты. Есiктi қалай тауып, үйден қалай шыққанын да бiлмейдi. Тысқа шыға сала, Абай тымағын жұлып алып, ән шыққан жаққа бар сүлдерiмен ұмсына түсiп, қатып, жабысып, тыңдап қалды. Ән – "Топайкөк". Ендi ғана ырғақ соншалық бiр сұлу сәнмен, еркеленiп, толқып кеп, баяулай басылды. Ән бiттi. Абай Ерболға қарай ұмтылып қап:
– Тоғжан! Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Дәл өзiнiң үнi. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақысы ғой. Ербол-ау, мен қайда тұрмын осы? Мынау үйде менi шақырып отырған Тоғжаным ғой! – деп, бар сабырдан айрылып, тағы да өзгеше бұзылып кеттi.
Абайдың құбылысы орасан болғанмен, ендi Ербол бұны түсiне бастады. Шынында өзi де қайран боп тұр. Жаңағы үн бұған да алғаш үйде естiлген кезiнде-ақ бiр таныс дауыстай тиген. "Осы кiмнiң даусы" деген ой бұған да келiп едi. Бiрақ Абай дегбiрi қашып, ес тоқтатпаған жас баладай боп, аласұрып, ұмтылып барады. Ерболды сүйрей жетектеп, әлгi ән шыққан үйге қарай ентелеп, есi-дертi ауып кетiптi.
Тоғжанға деген Абайдың ынтықтығы, ауыр арманы, ұзақ жылдар бойында айықпаған қалың шер екенiн жолдасы жақсы бiлетiн. Бiрақ, сонда да, дәл осы қазiргiдей боп Абайдың тақаты кетiп, жан ұшырған.кезiн Ербол көрген емес. Мына түрiнде көлденең, жат жұрттың көзiне өрескел болатын бiр iстер iстеп, оғаш сөздер сөйлеп жiберетiн сияқты. Соны ойлаған дос жiгiт Абайды қатты тартып, тоқтатып ап:
– Өй, Абай, тоқта! Бұ не? Отқа түсемiз бе? Әуелi ес жияйық. Мәнiңдi айтшы өзiң! – деп ерiксiз кейiн бұрып алды.
– Жоқ, осы үйде Тоғжанның өзi отыр. Өзi емес пе? Тым құрыса соны ғана бiлiп бершi! – деп Абай әлi де ырыққа көнбей жүр едi.
– Жарайды, Абай, азғантай сабыр етшi әуелi. Екеумiз бiрдей бармаймыз ол үйге. Мен барам да бiлiп шығам.
– Бар, бар ендеше. Басың сұқ та, қайта шық. Дәл осында Тоғжан отыр.
– Ойбай, Абай, ұйқысырап тұрсың. Қайдағы Тоғжан. Ол жоқ.
Абай сөйлетпей, тыю салды.
– Қой, Ербол. Айтпа оны. Жаңа ғана өзi келiп аян бердi! – дедi.
Ерболға мынау сөз әсiресе жат сезiлдi, шалық сөздей. Бiрақ Абайды жамандыққа қимаған дос көңiлi аяп кеттi. Оны кiшi iнiсiндей етiп, еркелеткендей боп, шын кешiрiммен күлiп жiбердi. Оң қолымен қапсыра құшақтап алды да, Бекей үйiнiң сыртына қарай алып жүрдi.
– Ол әннiң айтушысы қазiр қасымызға келедi. Азғантай тақат қылайық та, үйден тосып алайық. Бiрақ, "аян бердi" дегенiң не? Өзiңнiң осынша, балаша қатты әбiгерге түскенiң не? Соның маған мәнiн айт! – дедi. Бұйыра сөйледi.
Абай өз мiнезiнiң Ерболға соншалық өрескел, оқшау тигенiн ендi аңғарды.
– Мен мәнiмдi түгел айтайын. Қазiр "бала" де, "есалаң" де, "шалық" де. Өзiм де бiлмейм. Бiрақ өмiрде басымнан кешпеген ғажап жұмбақ бiр халде тұрмын. Тек осыны айтпас бұрын, сенен серт алам. Кiм келедi, қашан келедi, жұмысым жоқ, тосар тақатым жоқ. Қазiр менiң мәнiмдi естисiң де, мынау үйге барып, барлық жанын анықтап көрiп келiп, маған хабар етесiң. Осыған уәде бермесең, жөнiмдi айтпаймын, – дедi.
Ерболдың екi иығына қос қолын артып бiр құшақтай түсiп, бiр сiлкiп қойып, асықтырып жауап күтiп тұр едi. Ербол бөгелген жоқ, барайын деп уәде бердi. Содан кейiн Абай бөгелместен, демi дiрiлдеп, асығып сөйлеп, өз басынан жаңа ғана кешкен, сыры жат бiр жайды жолдасына баян еттi:
– Бұл түс емес! Дәл анық, айқын өңiм. Өңiм болмаса таңғажайып бiр хал, Ербол. Басында сол кәмшат бөркi. Шолпысы, қара мақпал кемзалы да баяғыша. Сонау Жәнiбек өзенiндегi түн екен. Өмiрде, аз көрген сағаттарымда еш уақытта бұндай ұмтыла жақындап, бұндай еркiн, ашық келiп көрген жоқ едi. Бiр сыпайы ұяңдық тарта берушi едi ғой! Мынада соншалық жалын атып кеп, ынтызардың үнiмен:" Аңсадым ғой, зарықтым ғой!"– дедi. "Өзiң үйреткен" Топайкөгiң" бар едi. Соны мен күндiз де, түнде де айтам. Тыңда менi" деп тұрып, әсем үнмен бiр ауыз айтты да," ендi кел, келшi жақын. Мен мiнi қасыңдамын, бөгер жоқ, қасыңда жалғыз тұрмын ғой!"– дедi. Мен де құшағым жая ұмтылып: "Кел, келшi, сәулем!"– деп барып, оянып кеттiм.
– Рас, сен сүйдедiң. Соны айтып ояндың! – дей бердi Ербол.
– Тұра тұр. Ғажап. Көзiмдi ашып алсам түс екен. Бiрақ ән "Топайкөк", дәл Тоғжанның өзi, соның алдында ғана айтқан қалпында, дәл Тоғжанның өз үнiмен айтылып, үзiлмей шырқап тұр. Өзге түс болсын, осы не? Түсiмде анау! Ал өңiмде, ешбiр басқа кiсiнiң үнi емес, шын жарымның өз үнi, қақ қасымнан шығып тұрғаны несi? – деп тағы да таң болған күйде тақатынан айрылды. Қозғалақтап жүрiп кетiп, Шекей үйiне қарай тағы да жалт етiп, шұғыл бұрылды.
Абай осы кеште болған өз халiн түнде де, ертеңiнде де түсiне алмай кеттi. Анығында Ербол екеуi ойлағандай "ғажайып" еш нәрсе жоқ едi. Оның көргенiнiң басы түс болатын. Тоғжанды түсiнде көрiп жатып, тынышсыз ұйқыдан шала ояна бергенде, анау үйдегi ән естiлiп, ол түсiне араласып кеткен. Сондай, ұйқы мен ояудың, түс пен өңiнiң арасында әсiресе шаршаған күнгi ұйқыда болатын қызық бiр, аралық хал едi.
Ерболдың жаңа берген уәдесi бар. Ол Абайға ендi екi айтқызбай, өзi жөнелдi. Кетерiнде жолдасына:
– Жә, тұра тұр ендi, мен барып шығайын. Сен менi тыстан тос, тез шығам! – деп кеттi.
Айтқанындай аздан соң, Ербол Абайға қарай асыға басып, тез оралып келдi. Бiрақ қазiргi Ербол, өзi де, жаңағы Абайдан да бетер аң-таң. Келе бере, жағасын ұстап, даусы қатты шығып, аптыға сөйледi.
– Құдай-ау, сенiң көргенiң түс емес, Абай. Өзi, дәл өзi отыр.
– Не дейсiң, жаным-ау! Тоғжан ба, өзi ме? Бәсе! Бәсе! – деп, Абай үйге қарай жұлқына бердi.
– Тоқта! – деп Ербол қатты бұйырды. Тоғжан емес. Өзi емес!
Абай оқыс бұрылып, қинала түңiлiп:
– Өй, не деп тұрсың? Не деп кеттiң? – дедi. Ерболға ыза бола бастады.
– Өзi емес. Бiрақ дәл өзiнiң егiзiнiң сыңары. Айналайын құдай-ау, айнымаған Тоғжан және сол Жәнiбекте көрген қалпы. Уылжыған жас күнi. Тоғжаннан айырса танығысыз бiр қыз отыр.
– Рас па, өй! Бұ не ғажап? Ән салған да сол ма екен?
– Әндi кiм салғанын бiлгем жоқ. Аты-жөнiн де сұрамадым. Тек көрдiм де, есiм шығып қалды.
– Ұқсағаны шын болса, ән де сонiкi. Басқанiкi болу мүмкiн емес.
– Сонiкi, мен де солай ойлаймын. Түсiн көрiп тұрып, тiптi сұрауды да керек емес деп бiлдiм. Ал ендi бұл не сиқыр, Абай-ау? Шырт ұйқыда жатып, сен қалай сездiң? Тегi бiр көрiпкелiң бар ма, жаным-ау? Түс демеймiн, бұл сәуегейлiк қой бiр. Әлде тiптi екеумiз де бiрiгiп ұйқыдан шатасып тұрмыз ба? – деп Ербол, өзi де шалық шалған кiсiдей бола бастады.
"Айнымаған Тоғжан" дегеннен берi, Абай осы ғана бiр сөздi қайта-қайта күбiрлеп айтып тұр. Жүрегi аттай тулайды. Көңiлiнде қуаныш та бар. Бiрақ, ұқсамай шығып, осының бәрi түс. Сандырақ қана болып, айыққан сағымдай жоқ боп кете ме деген қорқыныш та бар.
Ендi не де болса бiр сәулеге асыға ұмтылып, ұсынып тұр. Өртеп кетерi от болса да, сол ұсынған бойында, талпынбақ та құламақ.
Екеуi де үйге қарай басты.
Сол кезде Шекей үйiнiң есiгi ашылып, далаға қызғылт сәуле түстi. Күле сөйлесiп, тысқа шығып келе жатқан әйел дауыстары бiлiндi.
– Әне, солар да шықты. Қазiр ас iшуге бәрi тегiс бекей үйiне кiредi! – деп, Ербол Абайды өз үйлерiне қарай тартты. Олардан бұрын кiрмек.
Екi жiгiт үйге келiп, бұрынғы орындарына, төрге отырысты. Ербол отқа жақындай түсiп, тезектiң отын көсеп, қағыстырып жатып:
– Жарығырақ босын, осы отқа кiшкене қол тигiзейiншi! – деп жатыр.
Абай асығып күтiп отыр. Жастар онша тез кiрген жоқ. Тыста да әзiл-сыңқыл дауыстары шығып, бiраз бөгелiп қалды. Үйдегi Бекей мен Наймантай су, шылапшын қамдай бастады. Ақ құба әйел енесiн оятып, тұтқыш алып, қазанға жақындап келiп едi.
Осы кезде киiз есiк шалқасынан ашылып, келушi қонақтарға жол бердi. Әуелi үйге екi жiгiт кiрдi. Тымақ, шапандары жұпыны. Саптама етiктерi бар, жүздерi төменшiк, ұяңдау. Сәлем берiп, иба қып кiрген күйеулер екен. Соларға iлесе ұсақ қыздар кiрiп жатыр. Бiр-екi келiншек кiрдi. Жиыны жетi-сегiз кiсi. Абай көзiн алмай, сабыры қалмай қадалып отыр. Ендi аз бөгелiстен соң, басына сұрғылт шапан жамылған, бетiнiң жарымын бүркеңкiрей түскен, орта бойлы бiр қыз кiрдi. Мұрны қоңқақтау, қара торы көрiнедi. Шекей қызы – қалыңдық осы болу керек. Дәл осының артынан шолпысы ақырын сылдырап, ақ жүзiне жұқалау қызылы нұрдай жарасқан анық Тоғжан өзi келедi екен. Сыпайы жымиып, күлiңкiреп кiрдi. Мiнсiз аппақ тiстер қолмен қойғандай. Екi бетiндегi нәзiк жарастық қызылы, асығып күткен қызыл арай таң сәрiндей.
Әлi де айықпаған ұяң сыпайылықпен қонақтарға қарап ақырын амандасқанда, реңiне шұғыл толқын кiрдi. Бет ұшындағы жұқалаң қызыл тұтасып, бар жүзiне ду етiп тарады.
Үлбiреген, бала жастықтың аса қатты қысылған, қымсынған белгiсi бiлiндi. Оны ұялтқан Абай едi.
Орта бойлы, дәл Тоғжанның өз бойындай. Бар мүсiнi келiп тұр. Бет бiтiмi, ақ қызылы жаңа Ербол айтқандай, айнымаған Тоғжан. Бұның да жiбек талды, қолаң қара шашы бар. Мұрын, аузы да, бiр қарағанға ма, дәл сол сағынышты ғашығының Абайға ерекше ыстық көрiнетiн аса сұлу, сүйкiмдi ауыз, мұрнындай. Аз көтерiңкi қырлы мұрны ұш жағына келгенде жұмырланыңқырап, өзгеше келiстi бiткен. Жұқалаң қызыл ерiндерiнде балалық, кiнәсiздiк лебiндей, ыстық әсер демi бар. Айналасын қуантып, сүйсiндiргендей, жазықсыз нәзiк күлкi қуаныш бар. Анық Тоғжан жары осы. Бiрақ, жаңа түсiнде көрген сияқты, ертерек күндегi үлбiреп тұрған жас Тоғжан. Ең алғаш сәт сағатта Сүйiндiк үйiнде, көктем кешiнде, Түйеөркеште көрген сол сұлуы. Қайран, ғажап хал үстiнде жаңа туған ай көрдi. Бұрынғы сүйiктi айдың, қайта жаңғырып, айнымаған тұлғасымен қайта айналып келiп, тiрлiк аспанынан, өзiне сай оқшау орнын алғанындай.
Ақыл, сезiм осы сәтте, қыз келiп орнына отырып болғанша, жұмбақ тұман мұнарға батты. Абай өзiн де, айнала жұртты да тегiс ұмытыпты. Тек қана түс артынан болған жүрек құйынын аңғарады. Ендi соған қосылған, бар сыры жат көрiнiс келiс мынау.
"Қасыңдамын. Мiнi келдiм!" деп едi ғой. Дегенi рас, жалғаны, жаңсағы жоқ. Өзi, өзi келдi. Уыздай таза боп, үлбiреген сезiмтал күйде, нәзiк жүрек толқынымен, дiрiлiмен келдi.
Жас қыз кiрген кезде қатып қарап қалған Абайдың реңi тiптi жат едi. Екi көзi шарасынан шығып тесiле қадалып қапты. Қаны қашқан жүзiнде аспаннан тағдыр жұлдызын.күткендей жат ажар бар. Аңырған, аң-таң дағдарыс бар да, ернi күбiрлеп түскен, үнсiз сыйыну бар.
Үйге кiрген жұрт амандасып жатыр едi. Абай оны сезген жоқ. Ешкiмдi көрмей отыр. Жалғыз ғана бiр жанға ынта, бейлi ауған да құлаған.
Сезiмтал сұлу өзiне қадалған көздi кiргеннен-ақ аңғарып едi. Қысылып тұрып, амандасқан да болатын. Бiрақ көз айырмай, есi ауғандай қадалған жiгiт қыздың амандасқанына жауап та қатпады. Құр болымсыз ғана ернi жыбыр еттi. Сұлу жас осыдан қымсынып, қып-қызыл боп кеткен.
Ербол Абайдың сөлекет мiнезiнiң бәрiн бағып, танып отырып, үй iшiмен, жаңа қонақтармен ашық, жарқын сөйлесiп жатыр. Күйеулер осы Мамай руының iшiндегi Еламан екен. Олардың аулын, ақсақалдарын Ербол бiледi.
Қазiр ендi бұлардың ауылдары қайда? Сыртқа, жайлауға көштi ме? Шыңғыс асты ма? Сондай дағдылы хабарларды сұрап отыр.
Қыз жөнiнде Абайдың жалғыз абайлағаны – ол осы үйдiң баласы екен.
Қонақтар жайғасып отырған соң, Бекей оған қарап:
– Шүкiман қарағым, ана жақтан апаңа болысып, орамал әпер, дастарқан жауып жiберсеңшi! – деген.
Сонымен Шүкiман отырған жұрттың алдына жалғыз жүрiп, бiр-екi сыпайы жай қозғалыс жасап, бой көрсеттi. Кемзалы, ақ көйлегi бұның да барлық бой тұлғасына жарасып тұр. Тек басындағы бөркi ғана келмейдi. Көнелеу, сарғыш құндыз екен.
Абай iшiнен "алып тастар ма едi" деп, iштегi қиял – көрiк реңiн бұзғандай көрiп отырды. "Шүкiман" деген атын да жақтырмады.
Ас үстiнде күйеу жолдасы – шоқша сақал қара жiгiт пен Ербол әңгiмесi үзiлген жоқ.
Шүкiман Абайды сыртынан бiлетiн. Үйткенi осыдан бiрер жыл бұрын осы елдiң Қоңыркөкше деген болысына Құнанбай баласы жас жiгiт Абай болыс болды дегендi естiген болатын. Осы қыста сол болыстықтан өз ықтиярымен түскенiн де естiген. Бiрақ, оның бәрiне Шүкiман баға берiп, ой тоқтатқан емес-тi. Абай туралы жақсы сөздi де, жаман сөздi де көп естiп бiлген жоқ.
Алыс, биiк сықылды, қатқыл, суық ызғары сезiлетiн Құнанбай деген мырза бар. Соның болыс болып жүрген баласында бұл кiшкене, момын ауылдың не ақысы бар? Мырза атансын, болыс атансын – бұндағы жұрттың жұмысы жоқ. Соның iшiнде әнге жаны құмар, тiрлiктен бала қызығын еркелеп еркiн жүрген Шүкiманның, әсiресе, жұмысы жоқ.
Бағана Шекей үйiнде де Абай келгенiн естiп едi. Бiрақ көруге асықпаған. Жаңа келiп, өзi амандасқанда, Абайдың үн қатпай, жауап бермей қалғанын ол жаманға жорыды.
Асқақ, жуан ауылдың мырзасы амандықты да қимайтын шығар деп, ыза бола, ренiш ала, бой тежеген. Абайға ендi айналып көз салған жоқ.
Ас артынан үлкен қара шәугiм қайта асылды. Тағы да маздап, жайнап, көңiлдi от жанды.
Наймантай анау үйден қоңыр домбыраны алып кеп, күйеу жолдасына бердi.
Бекей бұл жiгiтке қарап:
– Балалар, ана үйде ән салып, даурығып отыр еңдер ғой. Бұнда да қымсынатын жер емес. Ойнап, ермек етiп отырыңдар, шырақтарым! – дедi. Бекей Абайға бұрын да жағып отыр едi. Мынасы тiптi тапқан ақыл болды. Оның сөзiн қостап, ендi ғана тiл қатып, шырай берiп бұл да:
– Рас құрбылар. Мұнда келiп, бiзге қосылып ойындарың шырқы бұзылмасын. Жаңа бiр әсем ән де естiлiп едi. Тосырқап, жатырқамаңыздар! – дедi.
Ербол да "сол бiр ән" деп қадай сөйлеп, тiлек етiп отыр. "Айтушысы өзiңсiң ғой" дегендей, Шүкiманға қарап сөйлейдi.
Шүкiман қысылып, қызғылт тартып жымиса да, жауабынан тартынған жоқ. Мөлдiр, нәзiк үнмен ақырын күлдi де:
– Ән бiзге ғана ма екен? Көп естiп, көпке қанып жүрсiздер. Өздерiңiзде ғой. Қонақ кәдесi тағы бар ғой! – деп, Абайдың өзiне қарап, тағы күлдi.
Күлкiсiнiң үнi соншалық сыңғыраған, сонша бiр мөлдiр, нәзiк едi. Бұның күлген үнi Тоғжан даусынан да әсерлiрек. Құлақтан кетпестей ән тәрiздi күлкi екен.
Абай iркiлген жоқ.
– Жол жора менi тапса, мен жаман да болса бiр ән тауып көрейiн! – деп, үй iшiн ырза қып күлдiрдi де, домбырасын ширақ тартып, күйлеп алды.
Сезiмге толы қоңыр әнде Шүкiман естiп бiлмеген мұңды сұлу сөз бар едi.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә,сендей маған жар жоқ
Саған жар менен артық табылса да!
Бүгiн бұл сөздерде дағдылы арман емес, жалын сенiм тәрiздi, жарық сәуле елесi бар. Иесiн тауып, соған ғана арналғандай. Үн толғауы, ән ырғағы сондайлық үмiт жағасына қарай ұмсына созылып бой ұрды.
Абай үй iшiнiң сүйсiнiп тыңдағанын байқап осы әнiн үш қайырып айтты.
Содан кейiн Шүкiманға қарап өзi тiлек етiп:
– Шүкiман, ерулiге қарулы бар едi ғой. Жаңа ана үйде айтылған "Топайкөктi" мына Ербол екеумiз ұмытқамыз жоқ. Оны кiм айтып едi деп сұрамаймыз да. Айтушы сiз дегенде күмәнымыз жоқ. Соны тек бiр қайырып айтсаңыз екен! – дедi.
Шүкiман кiшкене әзiл қатып, тағы да сәнмен күлiп:
– Қап, ол әндi айтқан, ана үйде қалған бiздiң бiр кәрi жеңгемiз едi ғой, шақыратын екен! – деп жiгiттiң өз өзiне сенiмдiлiгiн азырақ ажуа қып отырды.
Қасындағы ұсақ қыздар мен қалыңдық та күлiп, алдаусыратпақ болып едi, Абай мен Ербол көнген жоқ, иланбады. "Өзiңсiң", "өзiң айт" деп ынтыға сұрады.
Осыдан соң Шүкiман "Топайкөкке" шырқап кеттi. Көркем үнi ерiксiз ұйытып барады. Жiбек талдай жiңiшке бұралған, бөлек саз тапты. Абайға ән жер үнi емес, өмiрде сiрә естiлмеген, сымбат пен сыр лебiзiндей. Жiгiттердiң өзiне таныс болғанмен, "Топайкөк" бұрын мұндай үнде, дәл осындай жан бiтiп, iшiн ашқан емес-тi. Абай табынып, ұйып тыңдады. Бiр ғана сәтте Шүкiман жүзiне көзi түсiп едi. Сұлу жас қыз ендi қымсынбайды. Барлық сезiмтал жүрек, тал бойы мен күй ырғағына берiлген екен. Жiңiшке қасы кейде аз шытынап, кейде көтерiле керiлiп, iш толқынынан леп-леп елес бередi.
Қазiргi Шүкiман нәзiк ырғақ, мөлдiр саздың тұсында бар қасиетiн аша түстi. Өзгеше өнер нұрымен балқыған, ерекше сұлу едi. Әнiнде, ашық айқын бiр келiстi сарыннан басқа, үзiлмей iлескен, майда, рақат саз, бiр күмiс лебiз толқын бар.
Жiгiт жүрегiне, әсiресе, сол iлес үн өзгеше ыстық әсер етедi. Көз алдынан нелер сұлу көрiнiстер өтiп жатыр. Ай сәулесi сылдырап аққан жiңiшке бұлақ жүзiне түсiп, жарқырай қуана ма? Түн үнiне сүйсiнiп кеп, нұр сәулесiн төккендей бола ма! Сондай бiр сурет, әсiресе, көп елестейдi. Шүкiман тағы да баяу толқытып, салмақпен еркеленiп кеп, ақырындатып барып тоқтады. Жұрт тегiс жым-жырт сүйсiнiп, бағына тыңдап қалған екен.
Абай демiн iшiне тартып, үздiгiп қалыпты. Қуаныш, бақыт араласқан жарқын жүзбен қатты күрсiндi. Шүкiманға қарап, үндемей басын идi.
– Айтушысына кездеспей жүр екен ғой, сорлы! Мынандай боп айтылған "Топайкөкте" арман жоқ! – деп, Ербол тамашалап отыр.
Бұл Абайдың да ойы едi. Бiрақ ол iштегi рақат күйiн бұл арада сөзбен айтып жеткiзе алар емес. Көңiл толы нұр сәуле тұр, кернеп толқытқандай. Тiл қатып, сөйлеп көрсе, сол шексiз рақатын өзi бұзып қуғандай болар едi. Жалғыз ұғып бiлгенi, iшiнде күн туғандай. Анық бақыт сезедi. Күдер үздiрген, жоғалтқан бақыт, қайта оралып өзi келiп, еркелеп аяп, қайта тапқандай.
Осы сәтте Абай ойында қайтпас берiк байлау туды. Бiр кезде жастық, амалсыздық, әлсiздiкпен айрылып едi. Кешiрместей кiнәлы едi өзi сол үшiн. Ендi мынау жұлдызынан көз жазбақ емес, айрылмақ емес. Дүние ойран болсын. Ата-ана, ағайын-туған жат көрсiн. Барлық әлем оғат десiн, безсiн бұнан. Сонда да мынау көрiктен Абай безбек емес, айрылмақ емес. Айрылар болса тiрлiк те керек емес. Бар мұрат арманы ендi қайтып бұрылмастай боп, осы қиял, осы байлауға бекiп отыр.
Жастар жиыны тарқағанда, Абай Шүкiманға қайта-қайта бiр сөзбен алғыс айта бердi. Демi дiрiлдеп, жүзi өзгерiп жiгiттiң аузына басқа сөз түспей тұр. Шүкiманның көңiлi жүйрiк, сезiмтал едi. Ол сыпайы сызылып, қызара күлiп тұрып, Абайға соңғы рет көзiн салды. Қазiр ол бағанағы жiгiт емес. Алғаш көргендей паң, суық танылған Абай емес. Жүзi жылы, мiнезi майда жан секiлдi. Барын iрiкпей жабыса тартар, жақсы адамдай сезiлдi. Шүкiманның көрмеген, күтпеген жақсысы сияқты. Қыз оны туысындай көрдi. Жақын шырай берiп, ұзақ қарап, қоштасты. Жатарманға келгенде, Шүкiман бiр жақын жеңгесiнiң үйiне кеттi. Әуелi күйеу қонақтарын ертiп шықты да, содан өз үйiне оралған жоқ.
Ертеңiнде Абай мен Ербол Шiлiктi кезеңнен аттанып шығысымен, Шүкiман жайын ауызға алысты.
– Керiм... Керiм... Несiн айтасың! – дедi Абай.
– Әй, керiм! Әй, керiм! – деп, Ербол да сұқтанып, тамсанудың үстiнде едi.
"Абай" қалай айттың, қалай айттың?" деп жолдасының жаңағы айтысын қайта-қайта қайыртты да:
– Ал мен бiр нәрсе айтайын ба? Бұның Шүкiман деген аты сұлу емес. Сай емес. Жаңа ат қоямыз. Оны дәл осы арада сен таптың. Шүкiман аты қалсын, шын аты Әйгерiм! Әйгерiм болады! – дедi.
Бұлар әңгiмесi тағы да түндегi түстен басталып ғажап, қайран шындықпен аяқтаған, таң-тамаша сырға оралып кеп едi. Екеуi де ұзақ сөйлегенмен, не сыр барын, нендей халден осының бәрi туғанын бiле, ұға алмайды. Дағдара бередi. Ең аяғында Абай өзi бiр тұспал, болжал жасады.
– Ербол, ақылға симаса да, мен бiр сөз айтайын ба? Дәл осындай боп, түсiнде алдын көру, – не соған салынған сәуегейдiң, көрiпкел, бақсы-балшының iсi. Немесе кiтаптар айтатын әулие, пiрдiң iсi. Мен мұның бiрi де емен. Қалайша көрдiм? Мерзiм алып, болжал етiп жүрген жайым емес. Бiрақ ақыл-санамен жүретiн көптен басқа, осындай сезiмтал сергектiк тағы бiр жандарда болады. Ол – ақындар. Осы мен тегi ақын болсам керек! – дедi.
Ербол Абайдың ақындығына ден қоюшы едi. Бiрақ мынау жөндi түгел ұғынған жоқ, үндемедi. Жат жұмбақ деп санаған күйде қала бердi. Абай да, ол да түндегi түс жайын дұрыс түсiне алмай, тек бал ашқандай боп, бұлдыр болжал жасады. Бiрақ " ақын болсам керек " деген сөздi Абай қазiрде бiр айқын сезiлiп келе жатқан шын шабыт үстiнде айтқан едi. Жол Шiлiктi кезеңнен асып ап, тура тартып, Орданың терiскей төсiне қарай сұлады.
Жүргiншiлердiң қарсы алдынан Шыңғыстың желi естi. Алыста, сахараның ғажайып ертегiсiндей боп, сұлу сағым толқынданады. Неше алуан бейнелер, елестер шығып, бадырая түсiп ереуiлдеп қояды. Кейде олар көк мұнар iшiнде қалқып, көтерiлiп, жерден үзiлiп, аспандап кетедi. Кейде тау, кейде қыстау, мола, кейде тоғай сүйтедi. Осы сағым ар жағында, көкшiл мұнар арасында. Шыңғыстың қалың қатпар, қара көк биiктерi көрiнедi.
Айнала, бар дүниенi ал қара көк бетеге мен шашақтанған ал күрең көде басыпты. Анда-санда жол жағасында түп-түп ши кездеседi. Теңселiп, ырғалып, тобыменен бiр ғана нәзiк, ызың үн салады. Өз хорымен өзi боп, бар тобы бiр ынтымақ күйiн тартып шайқала ма? Балапан көгiн бауырына алып, о да жаңа жастық, жаңа көктемдi мәдiктай ма?
Қуаныш,бақыт сездік тұрған ымдап…
Сырымды сөйлеп келем сөзбен сындап,
Ессе бір суыл қағып, жел сырласып,
Изейді шилер басын шын-шын шыңдап…-
деп, Абай бiр құлақ күй iздегендей болды. Бұл күнге дейiн арылмай келген көңiл кiрбеңi, түннен берi, дәл осы сәтте, өз-өзiнен – көзелiп, жадырап кеткендей. Қиял шабыт жолы да сол кеудеде саңғырап ашылғандай. Өлең асығып, қыстығып шыққандай, неше алуан бұралып, тез-тез оралып келедi. Жүректе ұйтқып асыққан қуаныш бар. Орныққан, тұрақтаған ой жоқ. Қызу жастық, кейде тентек, шәлкес сотқарлық тiлегендей де боп кетедi. Қазiргi термелеп келе жатқан өлеңдерi де дәл осы жүрек күйiне сай, үзiк-үзiк шығады. Дiрiлдеген шолақ тыныстай боп, жиi-жиi ауысып, сан бұралады. Сан рет ырғағынан жаңылып, құбыла түсiп, лықсып-лықсып шығады. Әншейiнде өз өлеңi жөнiнде, Абай өзi iздейтiн бiр қалыпты айнымас ырғақ, аумас "уәзiн" жоқ. Бiр кезде ол:
Сенсің жан ләззәті,
Сенсің тән шәрбәті…–
деп шығыс ақындарынша, сүлдер тауса термелейдi. Оған орай өзiнше ән-әуен iлестiрмек болады. Күй тiлiн өзiнен таппақ. Кiсi айтқанды айтса, өз сезiмi емес, оған сай емес, жалған жыр айтып қоятындай көрiнедi. Тағы бiр толқыған сәтте Тоғжан, Әйгерiм екеуiнiң де қастарын көз алдына келтiрiп, мiнсiз ыстық, сұлу көрiктi тамашалап кетiп:
…Жіңішке қара қасы сызып қойған
Бір жаңа ұқсатамын туған айды…–
дейдi. Сол айы бұрынғыдай аспанда емес, алыс емес, бұны таңдап, танып келiп, ендi қасына жақындап төнгендей. Осыны сезген сайын Абай тоқтаусыз жыр тередi. Жүректе, бала күнi, жас бозбала күнi қайтадан қуанып оянып, қайтадан сабырсыз шаттықпен ойнақшығандай. Қазiр қарсы алдында бұлыңдаған сағымдай боп, ендiгi тiршiлiк те ертегi қиял рақатына қарай дулатып тартады. Жастығын, шексiз шат жастығын қайта тапты. Сағынып, сүйсiнiп тапты. Соны табумен бiрге өзiнiң iшiнде қыстығып, бұйығы тартып, бой тежеп жүрген ақындықтың да ентелей тулап қанат қаққанын көрдi. Өлеңiнде ұшы-қиыр жоқ.
Бақыт тапқан, азаттық алған тор құсындай, елбiреп, ойнақ салып келе жатқан, еркелеген сөз бар. Оңай ойнап құралған ырғақтар мен ұйқастар бар. Кезек-кезек ауысқан, шапшаң ауысқан жеңiлдiгiне қарай, соған үйлесе кететiн әндер де ойына әлдеқайдан түсе-түсе кетедi.
"Осы мен ақын болармын!" деген Ерболға айтқан сөзi қазiр ұзақ, сұлу, елсiз тыныштық жол бойында өз iшiнен үздiксiз күй тауып келедi.
Абай Ордадан шығып, дәл Қарауылға жеткенше, түстiк жерге барғанша, айықпай, айнымай жыр шерттi, өлең тебiренттi. Қай жерде, қалай келе жатқанын мүлде ұмытып кеткендей. Тек Қарауыл суының бойына iлiнген кезде ғана түс-қиялдан аз оянып, селт еткендей болды. Бұл ояну да рақат едi. Елдi, жердi қыс бойы қатты сағынып қалған екен. Әсiресе өзiнiң ең ыстық көрген өзенi – Қарауыл.
Көз алдынан тiзбек-тiзбек елес суреттер өтiп келедi. Ең алғаш Тоғжанды көргенде осы өзеннiң бас жағындағы, анау алыста көкшiл тартқан – Түйеөркеште көрген. Осы Қарауыл суы тасып жатқан. Ашулы ағыс тулап өтiп жтқан шақта, Абай Тоғжанды ең алғаш рет жазықсыз бала тазалығымен ынтық, ыстық құшағына алған. Сол Тоғжан, күйдiрген, арманды еткен Тоғжан бүгiн, мiнi, жылдар, зарлар, мұңдар бәрiн сағым етiп ұшырды. "Ол жоқ, ол бекер. Мен әлi сол ғана уыз жас қалпымдамын. Сондай ақ, кiршiксiз көңiлмен сенi қайта таба алам. Сүйiп, сүйсiндiрiп, бақытты ете алам" деп келiп тұр.
Өлең қиял серпiнi ендi анық ойға әкеп соқты.
Абай ендiгi сырына Ерболды ерекше сенiммен тартты. Түннен берi көңiлiне келген байлауын айтты. Бұнысы кешеден бергi алай-түлей құйын сезiмнiң, сыбыр бiлмес, шолақ, берiк байлауы.
Сырын iрiкпес досына түннен бастап, бүгiн таңертеңнен бергi және жол бойындағы қиял сезiм құйынын айтып кеп, ең аяғында:
– Ербол, кiнәлама, ұқ менi! – деп алды.
Әр кезде оқыс iске бекiнсе, Ерболға алдымен түсiнiктi болғысы кеп, осылай бастайтын. Ербол әлдененi сезгендей сықсия қарап, жымиып күле түстi. Досын ұғып та, танып та келе жатқан сияқты. Абай оның пiшiнiн баққан жоқ едi. Айта бердi:
– Mенi ендiгi тiршiлiк бұрын баспаған бiр жағаға тартты. Мен татпаған, маған бұйырмаған бiр дәуренге мезгеп кеттi. Барам, тiлегiм осыған ауды. Мен Айгерiмдi жар етемiн, аламын! – дедi.
Жолдасының Әйгерiмге құмар болып аттанғаны Ерболға айқын едi. Дәл, бiрақ " аламын " дегенiн күтпегендi. Аңырып қарап, тез жауап бермей, ойланып қалды.
Екеуiнiң ендiгi жолдағы әңгiмесi осы болған.
Шыңғыс асып, күн бата Шалқарда отырған Ұлжан аулына жеткенде екi жiгiт Абайдың осы байлауына бiржолата тұрақтап, келiскен едi.
Шалқар деген кең төскей, мол жайлау құлпырып тұр екен. Өзенi тұнық, бұлағы тастай суық, көгалы ұшан-теңiз, ұзыны мен көлденеңi бiрдей құнан шаптырымдай. Шалқар десе Шалқар едi. Күндiз-түн айықпай, самал боп есетiн арқаның майда қоңыр желi Шалқарда, әсiресе рақат лебiндей майысып, желпитiн. Төсiнде бетегелi белестерi бар – жасыл жiбек толқынындай. Осы Шалқарға биыл қонған ауылдар көп екен. Абайлар өз аулын тапқанша талай қалың ауылдарды аралап өткен. Бұнда осы қоныстың иелерi Бөкеншi, Борсақ руларынан басқа, биыл көңiл жарастығымен кеп қонған Жiгiтек ауылдары да бар. Ұлжан аулын қоршай көшкен Ырғызбай, Жуантаяқ, Қарабатырлар бар. Бiрен-саран Көкше де келiп қоныпты.
Сыбаға әкелген қадiрлес абысын-ажын бәйбiше-келiн Ұлжан аулын басып жатқан болу керек. Абайлар тақай бергенде, бiрнеше арбаларға тиелген бiр топ қатындар шығыс жақтағы Сүйiндiк қонысына қарай тартты. Тағы бiр қалың топ – салт атты әйелдер батысқа қарай тартып барады. Сарыкөл жақтан, Жiгiтек ауылдарынан келген қонақтар сияқты.
Абай мен Ербол осы топтардың айығар кезiне жеткендерiн терiс көрiскен жоқ.
Қонақтарын өзi тысқа шығып аттандыртқан Ұлжан әлi үйге кiрген жоқ екен. Абайларды үлкен үйдiң сыртында көп қатындар, жас жiгiттер, балалар тобымен қарсы алысты.
Жұрт жаңа. Майысқан, балауса көк әлi жапырылмаған. Ауыл-үй маңы тап-таза. Сол сияқты Ұлжанның өзiнен бастап, айналасында тұрған келiн, абысындар мен балалардың үстi-басы да тап-таза, өңшең жаңа киiмдер киiнген.
Жаулықтар аппақ, қос етек шұбалаң көйлектер, қынай бел кемзалдар, неше алуан бояумен ақ үйдiң сыртын, көгал дүниесiн өзiнше шұбарта сәндендiрiп, нақыстап тұр.
Шеткi үйлердегi киiмi жыртық, өңi жадау сауыншы, тезекшi, қойшы-қолаң әйелдерi, балалары бұл топқа жолай алмай, жырақтан қарап, шеттеп жүр. Күндiзден, ерулiкшi қонақ әйелдер келгеннен бастап, Айғыз бен Қалиқа оларды бұл үйлер жаққа бастырмаған. Осындайдағы әдеттерi бойынша, екеуi мысқылдап "ұсқының құрғыр, түге, жұртты шошытып, түсiне кiрейiн деп көрiнемiсiң? Ана жаққа кет!" деп, қара лашықтарға қарай, сауындарға қарай айдап салатын.
Туыстары Абайды жарқын жүзбен, қуанып қарсы алды. Ол бейiлдi алдымен бiлдiрiп, баласының бетiнен иiскеп, күлiп қарсы алған Ұлжан өзi. Абайдың алдына ең кiшi немересi, екi-үш жасар Мағашты көлденең тартты. Сүйегi ұсақ, бетi жұқалаң, аппақ сұр, қасы, көзi сонша сұлу қиылған Мағаш аса бiр сүйкiмдi, биязы қозғалыс жасап, Абайға қарай жақындады да, еңкейе берген әкесiнiң мойнынан құшақтап, бетiне бетiн басты. Абай мейiрленiп, көтерiп алып, "Мағашым" деп сүйгенде ол ұялып қысылған жоқ. Көптен көрмесе де, жатырқамапты. Үлкен шшесiне қарап, маржандай ұсақ аппақ тiстерiн ақситып күлiп қойды. Әкесiнiң бетiн оң қолымен аймалай берiп, құлдырай жабысып, қулана күлiп:
– Аға, сен менi Мағаш деймiсiң? Бәлi ұмытып қапсың ғой. Мен Мағаш емес, Әбiшпiн ғой! – дедi. Кiм үйреткенi белгiсiз.
Бiрақ мөлдiреген моншақтай, соншалық таза, сондай сүйкiмдi және ең ыстық, ең сүйiктi баласының аузынан шыққан мына сияқты анық кекесiн Абайға аса ауыр тидi. Барлық ауыл жұртымен көңiлдене амандасып тұрып, Абай жаңағы Мағаш сөзiне қайта оралды. Бұны үйреткен Ұлжан емес, оған Абайдың көңiлi кәмiл. Мағаш жаңағыны айтқан жерде Ұлжан Абайдың сәтте шытына қалған қабағын байқады. Мағашты арқаға қағып, байсалды, әсерлi үнмен сөйлеп:
– Өй, ақылсыз балам.
О не дегенiң? Кiсi алыстан сағынып келген ағасын сүйдеп қарсы ала ма екен? – деген. Бiрақ шешесi солай десе де, Абай тыныштана алған жоқ. Ойдағысын iрiкпей, шешесiне әлдекiмдi шағып сөйледi:
– Апа-ай, мына балаң не дедi? Кiм де болса осы сөздi үйреткен кiсiде ес жоқ-ау! – деп, қынжыла сөйлеп, үйге кiрдi. Қалың шұбар топ күлкi-күбiрi, әзiлi аралас үлкен үйге тегiс беттедi.
Елдiң сұрасқаны Құнанбай жайы. "Дерек бар ма?", "хабар келдi ме", "денi сау бар ма екен?!" дескен сұраулар болатын. Абай алған хабар да шолақ едi. Тек Қарқаралыға, Өндiрбай қалпеге аман-есен жеттiк деген азғана сәлем болатын. Соны жеткiздi. Абайды тыста тұрып қарсы алған топтың iшiнде Дiлдә да бар-ды. Үлкен үйге де бiрге кiрген. Мағашға жаңағы сөздi үйреткен өзi.
Абайдың қиналғанын Дiлдә сездi, бiрақ түк өкiнген жоқ. Қайта iшiнен "шоқ" дегендей боп, кекесiнмен күлген-дi. Алты ай қыс бойында ауылға бiр күн қайтпай жүрген күйеуiн Дiлдә осы қыста талай ызаланып жамандап, қарғаған да болатын. "Сол жақта бiреумен iлiгi бар ғой. Жады болған ғой. Бар баласын, үйiн ұмытқанда тапқаны кiм екен? Жолың болмас, Абай, татарсың содан. Келмесең одан арман!" деп, кейде аса бiр қыңыр жуандыққа басып, Ұлжанға да естiрiп, тулап сөйлейтiн.
Ер жетiп, оннан асып қалған Ақылбай деген баласы Нұрғаным қолында өседi. Одан кейiнгi сегiз жасар қызы Күлбадан және алты жасар сүйкiмдi ұлы Әбдiрахман, ең ыстық, ең тәттi кенжесi Мағаш – бәрi де Дiлдәның өз бауырында өсетiн. Ауыл-аймақ пен Ұлжан, Айғыздай енелер болсын, бәрi де Дiлдәны күтiп тұрады. Балалары – барлық үлкен аға, жеңге мен қайын, абысынның шын сүйетiн ыстық ермегi.
Ондайлық көп ұл тапқан және елге ыстық, жақсы балалар тапқан жуан ауылдың қызы ерке болмай тұрмайды. Тiлге де, ашу-әзiлге де тоқтамсыз, томырық келедi. Дiлдә Абайға ыза болу арқылы осындай қатқыл, паң, суық боп бара жатыр едi. Абайдың мынау қайтқан сапарында Дiлдә екеуiн, әсiресе, ұғыстырмайтын осындай бiр салқын жатқан.
Ол көптен жiңiшкелеп бiлiне жүрiп кеп, ендi айқындап, сыртқа шығып келе жатқан шалғайлық. Бүгiнгi кеш бойында, үй iшi көп жұрттан арылған кезде де Абай мен Дiлдә оншалық жылы ұшырасқан жоқ. Бiрақ әйелiне не құрым елеусiз салқын қараса, сол құрым Абай балаларына аса мейiрiмдi, сағынышы күштi әке боп келдi.
Өмiрiнде ең алғаш рет Ұлжан алдында Күлбадан, Әбiш, Мағаш үшеуiн де алдына алып құшағынан шығармай, жабыса сүйгенi осы. Абай өз iшiнде, бүгiн жол бойы ойлаған ойларынан қайтпаса да, балаларына осы бүгiнгi бейiл шыраймен әрдайым мейiрбан, қамқор әке болуға серт етiп отырғандай. Сол кеште Ұлжан мен Айғызды таң қалдырып, ерекше бiр байлауын айтты.
Кеңессiз, даусыз, өзi ойлап, өзi шешкен iс екен. Онысы: Күлбадан, Әбiш екеуiн кейiн қалаға апарып, орыс оқуына беру жайы. Ұлжан Әбiштiң әлi кiшкенелiгiн айтып және денсаулығы мықты емес, жұқалаңдығын ескертiп – бұл немересiн, әзiрше ауылда, өз қолында ұстауды мақұл көрiп едi. Абай уақытына таласқан жоқ.
Бiрақ апа, осы екi балаңды адам етем. Бiлiм тәрбиенi ерте берiп, жақсы адам етем. Екеуiне де әлi ертерек екенi рас. Тек, әйтеуiр қала тәрбиесiн, заман тәрбиесiн беретiнiм анық. Осы – берiк байлауым! – деген. Әкелерiн қатты сағынып, еркелеп отырған балалары Абайдың сөздерiн қостап:
– Барамыз, оқимыз. Қалаға апар! – десiп, асыға қызыға уәде берiстi. Ордада туған байлауын Абай көпке шейiн үй iшiне бiлдiрмек емес едi. Әуелi ол ниеттiң iс болуы оңай ма, мүмкiн бе? Қалай бастап, қайтiп кiрiседi? Әйгерiмдi айттырып отырған жер бар деген, ол кiм? Қыз өзi қалай қарайды? Ауыл аймағы не дейдi? Бiлмек керек, аңдап баспаса, асығып-аптығып килiгуге болмайды.
Ерболмен екеуi жұрттан жасырған сырын оңаша ақылға салғанда, бұл iске көлденең, дос адамның бiрiн көмекке алу керек дестi.
Осы жөнiнде екеуiнiң де таңдаған, тоқтағаны Жиренше болды. Абаймен бiрнеше жылдан берi дос боп келген Жиренше бұл уақыттарда пысық, шешен атанып, елеулi кiсi боп қалған-ды, қалың Көтiбақтың iшiнде Байсалға анық сенiмдi серiк болған, бiлiктi жiгiттiң өзi.
Абай Қоңыр, Көкшеге болыс болған кезiнде, Жиреншенi сол елдiң бiр биi етiп, қасына серiк қып жүрген болатын. Өткен қыста әкесiн жол жүргiзем деген сылтаумен Абай өз еркiмен болыстықтан түскенде, Жиренше өз еркiмен билiктен түспей, әлi де Қоңыр Көкшенiң, сол Мамайдың бiр биi боп келе жатқан. Әуелi Абай Ерболды жiберiп, сол Жиреншенi шақыртып алды.
Ұлжан аулында қона, түстене жатып, Жиренше жас досының бар мұңына қанған-ды. Әр жағына салмақтап, ойлап-ойлап келiп, ақырында қарсы болған жоқ. Және өзi араға жүрмек те болды. Абай бұның дұрыс бейiлiн бiлген соң: – бұлай болса, мен бар билiктi өзiңе берейiн. Жиренше. Қыз жақсы ма, әуелi оның өзiн сынап, танып шық. Ең алдымен өз көңiлiн бiл. Содан соң әке-шеше, ауыл-аймағының ау-жайын түй.
Бiр нәрседен қатты сақ бол. Бар-барынша көп айтатыным сол. Қайсысы көнсе де, Құнанбай баласы едi, елге iстейтiн тiзесi көп, жуан ауыл едi. Бермесем зiлi бола ма, кесiрi тие ме деген ойды ойлай көрмесiн. Құдай куә, не қыз жүрегiне, не жақындар көңiлiне өзiм жақпас болсам, қолқа жоқ. Ата айдынымен, ауыл атағымен алар болсам, онда қыз алған, жар алған болмаспын, қорлық алған болармын. Осыны сенен өзгеше қолқа етем. Не де болса, бар сезгенiңдi маған ашық айтып кел! – деген.
Жиренше жүрерде осы сөздерiн әдейi қадағалап бақтыру үшiн. Абай Ерболды да бiрге аттандырды. Мамайға жөнелткен достары Абайды көп зарықтырып, сарғайтқан жоқ. Үш күн жүрiп, тез оралды. Жиренше Әйгерiммен ауыздай сөйлесiптi. Қыз көркi оған да аса жаққан екен. Әсiресе ақылы, мiнезi қатты ырза қыпты. Абайға ендi ғана мәлiм болды. Әйгерiмдi айттырған жер Мамайдың өз руының бiрi екен. Бiрақ алғаш атастырған күйеуi жастай өлiптi де, кейiн қайынағаға ұйғарған екен.
Ол мосқал адам және бұрын қыздай алған әйелi бар. Ертеде мал берiлген жесiрi жетiп келе жатқандықтан, сол қайынаға Әйгерiм басына рұхсат бермей, өзiм алам дептi. Сонымен Бекей қызы жiпсiз тұсаулы көрiнедi. Қыз жақындары құдасынан Әйгерiм басына азаттық тiлеген бiр кезi де болған екен. Оған қайынаға көнбептi. "Кеңшiлiгiм жоқ. Құдай қосған жесiрiм, өзiм алам" дептi.
Бiрақ осылай деп қыздың бағын байлап отырғаны болмаса, қалыңмалын да түгендемей, ұрын да келе алмай, өз әйелiнен аса да алмай, шырмалып жүр екен. Жиренше сол жайдың бәрiне Бекей, Шекеймен жақсы әңгiмелесiп қанды да, Әйгерiмнiң өз көңiлiн де өз аузынан әбден бiлдi. Айгерiмнiң көңiлi – ерiк тиер болса, ол күйеуге бармақ емес. Бiрақ Абайдың да әлi артта жатқан көп-көп ауыр түйiндерi бар.
Ағайын-ауқым, шеше-туысқан болса, бұл ниеттi бiлмейдi. Алшынбай қызы Дiлдә бар. Ол қайтедi? Мәлiм емес. Осы жайларды өзi iштей нық ескерген ептi Жиренше Бекей мен Әйгерiмге сөйлескен сөзде, әзiрше үлкен бiр құпиялық сақтауды сездiрген. Тiс жарып, сыртқа шығармай, бүркей тұруды кеңес еттi. Бұнысы Абай қамы ғана емес, әсiресе қыз қамы. Түбi ойда жоқ кедергi шығып, осы сөз бос сөз боп қалатын болса – ол Әйгерiмнiң бағын байлауға.мүмкiн.
Және анау қайын жұрт бiлсе, ағайын алалығы туып кетуге де болады. Осындай мән-жайды, ел таразысын баққан қырағы Жиренше бұл ауылға жақсы байыптатты. Мамайдың жесiрiн аздырып, Құнанбай баласына әпермек боп, ел iшiне алалық салды деген сөз шығатын болса және Абай алмай, iс шықпай құр жаман лақап қалатын болса, ол Жиреншенiң өзiне де мiн болар едi. Осымен бiр жағынан, Абайдың Әйгерiмдi алуын iштей анық мақұлдап қайтса, екiншi жағынан, сыр ұшығын шетке шықпайтын етiп, шеберлiкпен тұйықтап та келген.
Абайдың әңгiмелерi қысқа болды. Байлау бұл үш жiгiт арасында берiк боп бекiндi. Сөз соған сайған соң, Абай Жиреншеге сүйсiне отырып:
– Ал ендi, iс еткен соң түгел ет. Өзгеге салар iсiм емес болса да, менiң шешем – сөзiн тастар кiсiм емес. Әке болса, түзде жүр. Ендi анамның рұқсатын да өзiң сөйлесiп, өзiң алып бер! – дедi.
Ұлжан Абайдың бұл iсiн мақұл көрген жоқ. Жиреншенiң ұзақ сөзiн аса бiр ренiштi, күйзеу қабақпен тыңдап шығып:
– Шырағым, Абай бұны iстемек боса, ол құпияның iсi емес, әшкеренiң iсi ғой. Маған несiне кiсi салып жiңiшкелеп сөйлесiп отыр? Одан да, өзiн шақыр, өзiн де алып кел, үшеулеп отырып сөйлесейiк, – дедi. Абай келгенде Ұлжан iркiлген жоқ.
Үлкен ойлы, мұңды пiшiнмен сөйлей жөнелдi. Абайжан, балам, ниетiңдi ұғындым. Қызыққан кiсiң кiм? Оны да мына Жиренше танытты. Маған ақыл салыпсың. Жақсы ма осыным дейсiң ғой? Жақсы демеймiн, сөзiм қысқа. Мен айтардың көбiн өзiң көзiңмен де көрiп өсiп ең, көп қатынның бiрi мен болғанда, сол көп қатынның бiрiнен туған көп баланың бiрi сен боп, өсiп ең? Сырлас, шерлес ек қой. Тәттi ме едi маған да? Жеңiл ме едi саған да? Бiз басқан iздi баспаса дегенде, мында бiр ойлайтыным осы бiр жер едi. Өкiнесiң деп қорқамын. Алды қызық көрiнгенмен, оңай түйiлгенмен, арты зәр едi мұның. Опық жейсiң, жақсы балам. Мiне, айтарымды айттым. Бiрақ көрер қызық та сенiң өзiңдiкi, татар зәр де өзiңнiң ғана сыбағаң. Мына Жиренше де, мен де былай қаламыз. Қинаған қаупiмдi айтып шықтым. Ендiгiңдi өзiң бiл! Өзiң ойлап, өзiң шеш! – дедi.
Абай жауап айтқан жоқ. Үндемей кеттi. Шешесiмен ең алғаш ұғыспай, шалғай кетiскен бiр кезi осы едi. Айтар едi, көп нәрселер айтар едi. Бiрақ бұның қазiргi көңiлiн ұғу керек емес, сезiну керек. Сол сезiмiн Абай бұндай салқын кеңесте жеткiзе алмайды. Ақыл сынына салып сөйлессе, iсiнiң терiс шығатынын жiгiт өзi де түсiнедi. Шешесi де соны айтты. Ал жүректе жатқан не? Оны түгел ақтарып сырласуға Абай шешесiн аяйды. Оның ең үлкен түйiнi осы әке-шешенiң бұдан ықтияр, таңдау сұрамай, қақпалап апарып Дiлдәға қосқаны едi. Тоғжандай ғашығы туралы бiр ауыз хал сұрамай, бұның жастығын аямай айырғаны едi. Бiрақ бүгiн қайтiп ол туралы анасымен айтысады? Және, әсiресе өзiн "титтей де кiнәлымын" деп толғанып көрмеген, өз түсiнiгiнше "қамқорлықпен ғана өттiм" деген, қателiгi барлығын аңдап көрмеген, мейiрбан шешесiне не деп айтады? Осы күйлердi сезгендiктен, Абай әдейi үндемей кеткен.
Бiрақ iс байлауы бөгелген жоқ. Жиренше Мамай iшiне тағы кеттi. Бұл жолы он бес күндей жүрiп, бар сөздi өзi жайлап, бiтiрiп келдi. Әйгерiмнiң қайын жағын да тоқтатып, ырзалайтын бопты. Үлкен қиын түйiн осымен шешiлген едi. Абай Бекейге де, ана Мамайға да көп мал беретiн болды.
Құнанбайдың үлкен шаңырағында, Ұлжан қолында малға ие боп қалған Оспан едi. Ол Абайдан түк аямайтын. Әйгерiм үшiн шығатын малды оп-оңай тiзiп, топырлатып бiр-ақ жөнелттi. Жақып, Жиренше, Оспан, Ғабитхандар болып, Бекей аулына барып, құда түсiп, кит киiсiп қайтқан. Соның артынан жаңағы Оспан малы әрi қарғы бау, әрi қалың есебiнде, шоқ берiлiп едi.
Осымен аз күндiк аял болды да, ақыры, Абай қайындайтын күн жеттi. Тағы да Жиреншенi бастық етiп, Ербол, Оспан, Ғабитхандарды алып, Абай күйеушiлеп атанды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет