Абай жолы. ІІ кітап



бет3/4
Дата19.02.2023
өлшемі0,52 Mb.
#69132
1   2   3   4
Байланысты:
Абай жолы. ІІ кітап

ЕҢІСТЕ
1
Есігі түрулі түңлігі шалқая ашылған кең үйге көктем сәскесiнiң бар тынысы, бар үнi мол кiрiп тұр. Биiк сүйек төсек жанында дөңгелек үстелге шынтақтап оңаша ғана отырған Абайға есiктен кiрген самал да жайлы.
Таласа, жарыса бiлiнген изен, жусан, жас бетеге иiстерi де күн шуақ ты салқын сәскенiң хош лебiндей. Шырылдап ұшқан бозторғай үнi бiр кезек үй үстiндегi аспанға iлiнiп, қадалып тұрып қалып, қырық құбылады.
Ақшоқының жақын сайларынан анда-санда үн қатып, көкек шақырады. Үнемi жауапсыз сұрағын қайталай қадалтып, сұңқ-сұңқ етедi. Дүниенiң ең бiр жазықсыз, аңқау үнпазы өз жұбайын шақырам деп, кiшкене сырын кең тау-тасқа да паш етедi.
Кейде жақын жердегi кең жайылым – "Қорықтан" адырға қарай шеттей ұшқан топ үйректердiң сыпсың қанат қағыстары естiледi. Ұяны сай тастан, iндi моладан салып ап, жұп-жұбайлы күндерге жаңа ауысқан саралақаз, италақаздар үн салып өтедi. Абай кiтап оқып отырса да, көктемнiң осы сияқты көп алуан жаңа тiрлiгiн үнемi қатар сезедi. Ойлай сезедi.
Үй жанынан кiшкене, шымыр тұяқтарымен шапшаң дүбiрлеп, топыр салып, жас қозы-лақтар жүгiрiп өттi. Бiр болымсыз себептен үркiп, ұйтқып безгендей. Әлi өмiр танымайтын жас буын өз тiрлiгiн үрке сүйедi.
Көршi үйден осы қозылардай оқушы балалардың да жамыраған үнi Абай құлағына оқтын-оқтын естiлiп қалады. О да адам көктемiнiң жас төлдi, балапанды тiрлiк үнi.
Абай кiтабын оқи отыра, даланың кей дыбыс, иiстерiн үстiрт қана сезiнсе, кейде оңай оралған қатар ойды жаңағыдай ойлай да отыр.
Еңсесi биiк отаудың оң жақтағы тұскиiз, шымылдығына шаңырақтан түскен күн сәулесiнде көктемдiк, жаңа ашық рең бар. Таза сыпырылып, таза жиылған оңаша үй Абай көңiлiн көтерiңкi етедi. Өзiне өзi тиген еркiн шақта, жас жасаулы, жарастықты жаңа көктемдi үйден, тыстан бiрдей сезiп, өзiнше бiр қуанышпен тын алады.
Кiтабына тағы да ерекше сүйсiнген ынтамен үңiледi. Бұл кiтапқа қазiрдегi Абай ықыласы тiптi бөлек. Ол ықылас – кiтап пен оқушы Абай арасында туған жақсы бiр ұғынысудан. Орыс тiлiнде жазылған ұзақ әңгiменi Абайдың ең алғаш рет еркiн ұғып, тiл бөтендiгiн жеңген кезi осы. Ұғымды болған кiтап бiрiншi өткел болды. Таза, сара, ашық өткелдей. Абайдың көп жылдан берi жетсем деп, тырмысып созылған, арманды жағасына шығаратын өткел.
Биылғы өткен қыс бойы Абай неше алуан "тәпсiрлердi" серiк етiп, жалғыз табандап қадалғаны – орыс кiтабы едi. Аяғында осы көктемде, жаңа дүние саңылауы шын жарқырап ашыла бастағандай болған соң, Пушкинге ауысқан. Қара сөзiнен бастаған. Қазiрдегi өздiгiнен оқып, ұғып келе жатқаны – Пушкиннiң ұзақ әңгiмесi "Дубровский". Тiлiн берген "Дубровский" хиқаясы өзегiн де бердi.
Осы таңертеңгi оңаша отырыста Абайдың бар дүниенi, үй-мекендi, кең тынысты көктемдi өзгеше шат, жарқын көңiлмен сезуiнiң себебi де, сол жаңа тыныс, жақын дос болған, қызық кiтаптан ауысқан әсер едi. Көптен бұндай қуанған да емес сияқты.
Былтырғы жаз бен өткен қыс бойында барлық iстен, сөзден безер боп, қашып жатып алып, үйден шықпай қойғанының да, ендi мiнi, орайы қайтты.
Майбасар, Тәкежан, Жиреншелер бұны сырттан қалжың, әзiл етiп: "Әйгерiмдi алды да, дидарынан көз ала алмай қалды ғой. Аспандап жүрген жiгiтiң жылан арбаған торғайдай топ етiп түстi ғой Байшора қызының қасына!" десетiн.
Абай соны ести түсiп, күле жүрiп, бұрынғы медреседе ынта берген ұқыпты шәкiрт қалпынан танбаған. Ешкiмге iшiн ашып ақыл салмаса да, ендi өмiр өрiсiнiң өзiн де қалаға қарай жақын беттету керек деген. Сонымен, қар кетiсiмен әлi елдiң бәрi қыстауда отырғанда, осы Ақшоқыға көштi. Әйгерiмнiң ғана отауын алып, осы арадан өзiне бөлек қыстау салғызып алмақ боп келген. Жидебайда шешенiң үйi, Оспан, Дiлдәлар қалған-ды.
Абай қора салатын ұсталарымен, жұмысшыларымен және төрт-бес үй көршiсiмен келiп, сол жұмысын жүргiздiрiп жатыр. Қораны салушылар өз жұмысын iстеп жүр. Ол жақта көбiнше Ербол мен Әйгерiм болады. Абай бұл жолы әке-шеше аулынан бiраз ұсақ балаларды, Кiшкене-молда деген тәрбиешi молдасымен, бөлек үй көтерiп, бiрге көшiртiп әкелген. Қазiр көршi үйде үн салып жатқан сол шәкiрттер iшiнде Абайдың Дiлдәдан туған балалары – Ақылбай, Әбiш, Күлбадан және кiшкентай Мағаш бар.
Абай кiтапқа үңiлiп отырғанда, тыстан сөйлесiп, дабыр салып Әйгерiм, Ербол, Кiшкене-молда кiрдi, Кiшкене-молда өзiнiң қайран болған бiр жайын үйге кiрерде, даурыға айтып келедi екен.
– Хұдауәндә! Бүгiн жаңа қораның iргесi көтерiлiп жатқанда, Абай неге бармады? Мен соған хайранмын. Өзi сау ма екен? Әлде сырқат па, – деп үйге кiрген едi.
Әйгерiм еркектердiң соңынан табалдырықтан аттай бере, күйлi үнiмен ақырын күле түсiп:
– Сырқаттан сау, бiрақ бiздiң қора салғанымыздан көрi бұл кiсiнiң бұндағы машақаты қиын ба деймiн. Содан қолы тимей жатса керек! – деп, Абайға қарады.
Абай Ербол мен Әйгерiмнен қораның iргесi көтерiлгенi туралы бiрер сөз сұрап қайырлы болсын айтты. Соның артынан Әйгерiмнiң жаңағы әзiлiне бұ да күле жауап берiп:
– Менiң машақатым кiрпiш қалаушы, үй-дүкен салушы төренiң машақатынан ауыр десем, Ербол екеуiң күлесiң ғой. Бiрақ төренiң еңбегiнiң арты – үй болса, менi де солай, дәл бүгiн таңда қуантып отырған – бiр күй бар! – дедi.
Ербол Кiшкене-молдаға қарап күлдi де:
– Оңаша, салқын үйде, төрт қабат көрпенiң үстiнде қыбыр етпей отырған кiсiнiң машақатынан зор машақат бар дейсiз бе! – дедi.
Кiшкене-молда әлi де Абайға таңданғандай және наразы да болатын:
– Үй-жай сiздiң тұрашақ мекенiңiз. Бүгiн сәт күнi достарыңыз, халал жар жүфтiңiз жақсы бiр тiлекпен жаңа жайдың iргесiн көтердi. Аса жақсы шат тiлекпен көтердi. Сiздiң сол сағатта үй-iшiңiздiң жақсы тiлегiне қатынаспағаныңыз менi шын қайран етедi, – дедi.
Әйгерiм Абайды кiнәламаса да, ақтамақшы емес.
– Бiз молданы да бүгiн шақырып алып, бата қылдырып жақсы тiлекке арнап, бiр бозқасқа шалдық. Молда әруақтарға сыйынып, құран оқып, бата бердi! – дедi.
Абай бұл жайдың бәрiн шын мақұлдағандай, ықылас бiлдiрiп, Әйгерiмнiң өзiн де, бала-шаға, дос-жаранына да осы жаңа үйде жаңа бақыт, тiршiлiк тiлегенiн тағы айтты. Содан Кiшкене-молдаға қарап, көзi күлiмдеп, аз мысқыл әзiл тастады.
– Молдеке, Әйгерiм Ақшоқыдан қора салғанда оқылсын деген де фатиха бар ма едi? Қандай құран оқыдыңыз?
Кiшкене-молда сарғыш жүзi ду етiп ызамен қызарып:
– Сiз фатиха жоқ деп бiлесiз бе? Күллi мұсылман бiлсе лазымдұр, hәрбiр жақсы ниетке, жақсы фатиха бiрге ере жүрсiн. Мен "яразиқұл ғибади" фатихасын оқыдым. Ғайып па екен сол!? – дедi.
Абай бұрынғы сабырлы қалпынша:
– Молдеке, ол қырман көтергенде айтылатын фатиха болса керек едi ғой, "ләухынамадан" солай көрсем керек! – деп едi.
Кiшкене-молда Абайдың фатиха жөнiндегi қалжыңын орынсыз көрiп, қабағын ренiшпен бiр шытынды да, үлкен көк көздерiн дәукес Абайға қарай жалт еткiзiп, үндемей тынып қалды. Мiнезi шадыр, тез ашуланғыш, бiрақ ықыласы таза молданың көңiлiн Ербол ренжiткiсi келген жоқ:
– Абай-ай, жақсы ниеттiң бәрi жақсы емес пе, тәйiр! "Ақ қойдың келдесi, қара қойдың келдесi, мен құдайдың бендесi" дегендi де намаз деп жүрмiз ғой. Оның қасында молданың жақсы үнмен, мақамдап айтқан батасы, қырман түгiл, қорықтың пiшенi туралы айтса да Әйгерiм екеумiзге батаның төресi көрiндi! – деп үй-iшiнiң бәрiн күлдiрдi. Жаңағы, алғаш кездесудегi аз кiрбеңдi жазып жiбердi.
Әйгерiм бұл уақытта Абай алдында тұрған дөңгелек үстелге шашақты, жаңа дастарқан жайды. Тыстан, үнсiз ымменен жас келiншек Злиханы шақырып келтiрiп, шұбат сапыртып еркектерге ұсынды. Абай өзiнiң кiтап оқыған, шаттанған халiн қайта тапқандай боп, ендi Кiшкене-молдаға, Ерболға жаңағы айтқан машақатының рахатын бiлдiрмек болды.
Салқын, қою ақ шұбатты сырлы аяқтан сабырмен жұта отырып, өз алдында жаюлы жатқан орысша кiтаптың беттерiн аудара түстi.
– Қора салған да машақат. Қырман шапқан, былжыр басқан ол да машақат. Бiрақ талай жылдар iзденiп жүрген тiлегiне ұғымды тiлменен жауап қатпай жүрген мұсаннифлер кiтабын өзiңмен ұғысатын етiп алу, ол да аз машақат емес. Мынау Әйгерiм, Ербол куә. Молда, өзiңiз де сезерсiз, мен былтырғы жаз, биылғы қыс бойы бiр ғана талап соңында едiм.
Қазiр мiне сол талабымның салынып бiткен қорасын бiрiншi рет көргендей боп отырмын! – деп, бiраз тоқтап қалды.
Әйгерiм мен Ерболдарға "осы айтып отырғаным түсiнiксiз-ау" деген күдiкпен тоқтаған едi. Ендi тағы бiр жаңа ой келгенде Ерболға қарап сөйледi.
– Мына кiсi, Кiшкене-молда, жақсы бiледi. Ықыласты шәкiрт көп оқыған жылдар соңында, бiр уақыт жайшылықтағы оқып жүрген жылдарынан, айлар, күндерiнен бөлек бiр жаңалық табады. Дүние есiгi жүре бара өзiнен-өзi, оның ақыл көзiне, кең ашылып кеткендей болады. Оқушы, талапкер тiрлiгiнде ол ең бiр бақытты шақ. Бұны мына кiсiлер, молдалар, "мұталағасы ашылғаны" дейдi. Мен, өздерiңе мәлiм, көп iзденген, ұстазсыз шәкiрт халiмде, орыыстың тiлiнен сол мұталағам ашылған шаққа жеткендеймiн. Соған, Әйгерiм, Ербол, сендер Ақшоқыдағы қораның iргесiн көтерген кезде жеттiм десем болғандай. Менiң машақаттарымның да осындай сыры бар едi, достар, – дедi.
Бұл сөздi айтып тоқтағанда, Абайдың жүзiнде ақшыл сұрғылт тартқан бiр қобалжу бiлiндi. Тегiн сөз айтпаған сияқты. Сирек шығатын шыншыл, қуаныш толқыны.
Жарының түсiнен шынын жақсы танып, бағып өскен Әйгерiм Абайдың осы халiне қоса қуанғандай. Әлденеден көзi жасаурап, қызара сүйсiндi. Абайға мейiрлене қарады да, сыпайы күлiп:
– Ендеше шаттық молы сiзде екен. Қайырлы болсынның үлкенiн сiзге айттық бiз! – деп, Абайға жаңадан шұбат құйып, оң қолымен ұсынды. Ербол жауап қатқан жоқ. Бiрақ iштей табысқан көңiлмен, ақырын ғана күлiп қойды.
Бұл екеуiнен Кiшкене-молданың көңiлi басқа шықты. Ол әлi де Абайды мақұлдаған жоқ.
– "Мұталаға ашылды" демек, Мантих, Ғақайыдты оқып жүрiп, "Қафия", "Шарх-ғабдолланы" өз талабымен халфесiз, хазретсiз, дәрiссiз фәhiмлейтiн болса, соған айтса ләзiм. Болмаса, орыстың әллә нинди "шитри-мытриын" фәhiмләдiм деп, "мұталағаны" бұл жерде сөз қылу мүмкiн емес. Оныңыз hәм хата, Абай! – дедi.
Абай әуелi қабақ түйiп, бiр сәт қатты ашуланып, "тоқта, молда!" деп, зiлмен тыйып тастады. Артынан бiраз үндемей отырып, шұбаттан бiр жұтты да, салмақпен сөйледi.
– Бiздiң бүгiнгi хәлфә, хәзрет, көп ғұламаларымыздың осындай бiр соры бар едi. Кiшкене-молда, сiз де содан арылмаған жансыз ғой!
Кiшкене-молда қазiр тоқтайтындай емес екен:
– Абай, сiз исламият, ғарабият жолында сөйлесеңiз, мен ешнәрсе айтпас едiм. Сiз кiмнiң кiтабын, ненi айтып отырсыз? Дүнияуи ғылым мәжүси, насранилерде қаддимнен бар болатын, бәлки ешбiр мұсылман ғалимi оны өзiне қанағат қыларлық, шүкiрана етерлiк бiлiм санамағаны қайда? – дедi.
Абай, жаңа бiр бахас, ұзақ бахас боларын аңғарса да, Кiшкене-молдамен сөздi ұзартқысы келмедi. Ойында көп дәлелдер бола тұрып, молданы тоқтататын бiрер-ақ сөздi айтуды қажет деп бiлдi.
– "Ешбiр ғұлама" дейсiз, "айтпаған" дедiңiз. Өзгенi қойғанда пайғамбардың хәдисiнде, ғұламаның жазу жазған қара сиясы -шәhидтiң қанынан қымбат" деген сөздi қайтесiз? Екiншi – ғалемнiң, инсi жанның жаралмыш тарихын, тек "Қыссасүл-әнбиеден " бiлген бiлiмнiң аты да бiлiм бе? Адам қауымының, бар нәсiлiнiң мiнез-құлқын тек қана "Қырық-хәдис", "Лаухынама", "Фихқкәйдәни" тұрғысынан танып бiлген де жұбаныш па? – деп едi.
Кiшкене-молда бұған да жауап қатты.
– Ол аз болса, оқыңыз! Бар ғұмырыңызды сарф етiп оқып көрiңiз. Бәлки, мұсылман ғұламаларын оқыңыз. Сiздi бiр ғұмырыңызға жетерлiк бiлiм содан да табылар!
Абай ендiгi сөздi кең өсиетке салды.
– Мен сiзге хайранмын да, молда! Мұсылманшылық қағидасы" ғылым қайда болса, кiмде болса, сонан ал " десе болар едi. Сiз айтқан өрiс менiң де бiраз шарлаған жерлерiм. Мен ғылымның, яғни фәннiң, көп ғасырлар бойы адам баласы жиған қазынасына қол артамын деп, сапар шектiм. Сiз оқымаған адам болсаңыз бiр сәрi. Өзiңiз ұстаз саналасыз. Бiрақ, ғылымды бiр-ақ жолдан, бiр-ақ тар асудан iзде дейсiз. Ғылым демек, шексiз кең дүние демек емес пе едi. Мұсылман ғұламаларының даналары Сократ хәкимнен, Афлатоннан, Аристотельден оқымап па? Солар мұсылман ба едi! Айлар, жылдар бойы iздеп отырған бiр талибұлғылымды көресiз де, iзденбе, алысқа ұмтылма " деп етектен тартасыз! – деп, бiраз отырды. – Қысқасы, бұл жолда сiз бенен бiз ұғыспаспыз. Тек әрбiр өмiр, әрбiр талаптың өзiнiң жететiн бiр бәйге төбесi, қарақшысы болады ғой! Сол жерде сөйлесермiз! Менiң талабым – талап, өрiсiм алдымда. Сөз тәмам! – дедi де, сырлы қара шақшаны тырнағымен сырт-сырт қаға түсiп, насыбайын атты. Өңi тағы да қобалжып барып тоқтады.
Ербол бағанадан үндемей тыңдап отыр едi. Ол оқымаған болса да, байымдағыш, жүйрiк көкiрегiмен өзiнiң досын мақұл көрген-дi. Ендi қалжыңға салып, сылқ-сылқ күлiп алды.
– Мен өзiм қарапайым кiсiмiн. "Дүмше молда дiн бұзар" дегеннiң қандай болғанын да көп аңғармаймын. Бiрақ бiр түйгенiм бар. Оны да Абай арқылы аңғарып жүрмiн. Осы бiздiң молдаларымыз кейде мұсылман емес елдiң өнерiне келгенде, кәдiмгi осы өзiмiз көрiп жүрген Тобықты iшiндегi Ырғызбай, Жiгiтек мiнезiн iстеп кетедi. Әдiл де болса Қарабатырдың, Әнеттiң, Бәкең мен Борсақтың сөзiн өре бастырғысы келе ме, бiздiң мына Майбасар, Тәкежан, Бейсембiлердiң?! – дегенде, Абай қатты күлiп, сүйсiнiп кеттi. Ербол өз сөзiн аяқтай түстi. Бiздiң молданың орыс кiтабы мен өнерiне iстеп отырған зорлығы дәл Майбасардың Құлыншақ балаларына iстеймiн деген зорлығы секiлдi деп бiлемiн, – дедi.
Ерболды Абай, Әйгерiм ғана емес, шұбат құйып отырған нұрлы жүздi, сұлу келiншек Злиха да қостаған. Абай Ерболға сүйсiнгеннен қатты күлдi, көп күлдi. Кiшкене-молда бұл мiнездердiң бәрiн тәрбиесiздiк, тұрпайылық сияқты танып, қабағын қатты шытынды да, үйден шығып кеттi. Көршi үйдегi шәкiрттер ортасына ызғарлы, ашулы жүзбен жеткен сияқты.
Молда барған мезгiлде балалар үйi, кешкi қозылардың үйшiктегi маңырағанындай, тегiс шулап жөнелдi. Жамырай үн қатты. Осы кезде Әйгерiм тұрып, есiктен аттап, тысқа шыға бере, келе жатқан бiр аттыларды көрiп, үй iшiне хабар бердi.
Үлкен ауылдың көшi келе ме екен? Бiр екi атты келедi ғой. Бұлар кiм өзi? – деп едi. Ербол үйде отырып:
– Кiм тәрiздi? Көш болса болар! – деп тысқа шығуға айналды. Әйгерiм келе жатқандарды әлi де аңғара алмай қадала қарап тұрып:
– Бiреуi еңгезердей бiр үлкен кiсi! – дедi де, артынан тез күлiп жiбердi. Жаным-ау, алпамсадай болған кiм десем, мынау Кенжем ғой. Сол емес пе? – деп үйден жаңа шыққан Ерболға бұрылды.
Әйгерiмнiң Кенжем дейтiнi Оспан болатын. Оның хабарын естiгенде, үйден Абай да шықты. Үлкен ауылдан, қалың елден айдан артық уақыт бөлек көшiп кеткен аз үйлi топ, қазiрде көп елдi, көп туысты сағынып қалған сияқты. Көк жетiлiп, жаз жадырап шыққанша қыстаудан ұзамай, Жидебай мен Шыңғыста қалған Құнанбай ауылдары ендi көшiп келiп, көктем кезiн осы Ақшоқының алдындағы кең шалғынды, мол сулы Қорық бойында, Ащысу өлкесiнде өткiзбекшi.
Сол арттағы елдiң көшiп келетiн мезгiлi жеткен едi. Абай ауылға тақап қалған Оспанды көрiп, жаңағы Әйгерiмше о да таңғалды. Оспан шұбалаң құйрық, семiз торы атқа мiнген. Үстiнен қыс киiмiнiң бiрi, қалың күпiнi тастамаған. Аяғында саптама етiгi бар. Басына киген тымағы да қыс тымағы сияқты, қалың, ұзын жүн елтiрi екен.
Атын сипай қамшылап, сумаңдатып, қатты аяңдатып келедi. Денесi еңгезердей болғанда, қалың киiм онан сайын зорайтып, молайта түскен. Бұл көрiнiстегi Оспан Тобықтының бүгiнгi ортасында ешкiмге ұқсамаған, алып батырдай. Соқталы, зор торы аттың тiзесiне шейiн ұзын сирағы созыла түскен. Етiгiнiң басы атының қолтығынан аса салбырап келедi. Абай өзiнiң iнiсiн, осындай көп көрiспей жүрiп кеп бiр қараған кезде, жаңағы Әйгерiмше ұдайы таңданып барып танитын.
Бiрақ бұл жолы сол таңданғанын сыртына шығарған жоқ. Елдi сағынған ауыл адамдары, Оспан мен оның қасындағы жолдасы Дарқанды көңiлдi, жадыраңқы жүзбен қарсы алды. Әйгерiм Оспанның алдынан шығып, сыпайы жүзбен атын ұстады да, қысқа ғана амандық айтып кiшкене әзiл қатты:
– Кенжем! Түн қатып шыққансың ба? Алыстан келген жолаушыдайсың ғой! – дедi.
Абай Оспанның сәлемiн алар-алмастан:
– Көш қайда? Әке-шешең аман ба? – деп бастырмалатып, жөн сұрай бастады. Оспан ауылдың бүгiн жақын жерден, мынау Орта-ақшоқының арғы жамбасындағы Есiргемiстен көшiп, Қорыққа қарай кеткенiн айтты да, үйге кiрдi. Денесi кесек, алыптай болумен қатар, осы кезде жиырманың iшiне кiрген Оспанның ерте шыққан сақал-мұрты да ұзарып, өсiп қалған екен. Бiрақ жат денелi жас жiгiттiң сақал-мұрты селдiр, сұйық күйiнде сояулап шыққан.
Жылқының қыл түбiндей боп, әрбiр түгi үдiрейiп, шанжаулап, қыңыр бiткен. Үлкен отты көзiнде шала ұйқы қанталатқандай, салқын қызғылт бар. Өңi Абай реңдес болғанмен, одан гөрi суықтау, қалың, қара сұр келген. Қырыс қабақ, қою қастың астында көз етi де қалыңдау, томпақтау. Әйгерiм шай әзiрлетiп, түстiк қамдату iсiне кiрiсiп Злихаға ақырын бұйрықтар бере бастап едi. Оспан ол қимылдарды мезгiлiмен сездi де, Әйгерiмге ас қамын қамдамауды бұйырды.
Белiн шешкен де жоқ. Әңгiме-кеңеске сараң, Абай сұраған әр сөзге қысқа, келте, күңгiрт жауап бередi. Ақшоқыға бұлар әкелген жаңа хабардың бiр ауыр, суығы да бар едi. Құнанбайдың Тәкежан мен Қаражаннан туған ең үлкен немересi, сүйiктi немересi 12 жасар бала Мақұлбай, көктемнен берi науқас едi. Кеше сол қайтыс болыпты. Сөйтiп көшiп келе жатқан ауылдар қаралы, жылаулы екен.
Осы хабарды естiген соң, Абай Оспанның жабырқау жайын содан деп бiлдi. Iнiсiнiң үйленгенiне жетi жыл болса да, өзiнде бала жоқ едi. Тәкежан мен бұл екi туысқан көп достық татулықта болмағанмен, Оспанның мынау жадаулығын, мұңдылығын Абай жақсы көрдi. Iнiсiнде суық жүз, қатал қабақтың ар жағында жатқан бауырмалдық, мейiрбандық барын танығандай боп, сондықтан ырза едi.
Ендi көп сұраулармен Оспанды қажаған жоқ. Шұбат iшiп, сусын қандырған соң, Абай үнсiз отырып қалғанда, Оспан мен Дарқан қыстау салғыза кеткен ауылдан сол iстiң барысын сұрастыра бастады. Бiрақ ол жөнде Абай жауабы да сараң болған. Оспан ендi Ербол мен Әйгерiмнен сол шаруа жөнiнен көбiрек қанғысы келдi.
Ол өзi мал бағуға, шаруа меңгеруге, мал-жан иесi болуға да Абайдан сонағұрлым икемдi, орамды болатын. Оспан өз ағасы Абайдың шаруа шеберi емес екенiн бiлетiн-дi.
Қар кетiсiмен Абай Ақшоқыға көшкенде оған керек ұста-шеберлердi, қайратты жұмысшыларды, аспап-жабдықты, ең аяғы ұн-шай, азық-түлiктi де түгел қамдап, өз қолымен сайлап жөнелткен Оспанның өзi болатын. Бiрақ Абайлар көшiп кеткеннiң артынан, үй iшiне, шешелерiне қалжың етiп:
– Бiздiң Абай бiр жоқ ырымды бастап, жылпос жiгiт болыпты. Шаруаның қара қыртысын айналдырар сол. "Осы сен сөз айда, мен мал айдайын десем, биыл өнер тауып, қора салам деген бопты. Жетiстiргенiн көрермiз! – деп, күлiп қалған-ды.
Қазiрде шаруа жайын сөйлескенде, Абай үлкен емес, Оспан сонағұрлым үлкен, тәжiрибелi кiсi сияқты көрiндi. Салған жерден Абайдан:
– Неше ұя қырман шаптыңдар? Неше мың кiрпiш құйдың? Қалыбың қандай? Жiгiтiңнiң алды күнiне қанша құяды? Қораның iргесiн немен көтердiң! – деп, қадай-қадай сұрай бастап едi, Абай көбiне жауап бере алмай, Ербол мен Әйгерiмге қарай жалтақтай бердi. Оспан көңiлсiз едi, сондықтан күлкi еткен жоқ. Бiрақ Абайдың қора салу жөнiнде бел ауыртып қимыл қып, бас қатырып ой бөлмегенiн салған жерден аңғарды. Ақырын ғана езу тартып күлiп, Әйгерiм мен Ерболды қолға алды.
Әйгерiм Мақұлбайдың өлгенiн естiгеннен берi, үнсiз жылауда едi. Оспан аздан соң оның жылағанына қараған жоқ. Мына шаруа жөнiнен жауап қатып, сөйлесiп отыруын талап еттi де, соған ерiксiз көндiрдi. Аз әңгiменiң артынан, Оспан жұмыс басына бармақшы боп, Әйгерiм мен Ерболды ертiп, үйден шығуға айналды. Дәл есiктен шығарда, өзге жұрттың бәрiн жөнелтiп жiберiп, үйде жалғыз қалған Абайға бұрылып, бiраз үнсiз тұрып:
– Абай, атыңды ерттетiп менiмен бiрге Қорық жаққа жүрерсiң. Үлкен үйге, әкеңе сәлем бересiң ғой! Тәкежандiкiне де құран оқырсың. Және осының бәрiнен басқа, менiң өзiңмен ақылдаса келген бiр үлкен жұмысым тағы бар. Бiр сөзiм боп тұр! – дедi.
Абай iнiсiнiң жүзiне барлай қарап отырып, бағанадан бергi түйiлгенiнiң шын салмағы осы соңғы сөзiнде екенiн аңғарды.
– Немене, ел пәлесi ме? – деп едi. Оспан әзiрше томаға-тұйық қана жауап қайырды.
– Ел пәлесi ме, ағайын ызасы ма, несi екенiн өзiң аңғарарсың. Әйтеуiр бүгiн саған бiлдiрмек сөзiм бар, атыңды алғыз! – дедi де, шығып кеттi.
Абай мен Оспан Ақшоқыдан Қорыққа қарай аттанғанда, қастарына Кiшкене-молда, Дарқан екеуi бiрге ердi. Кiшкене-молданы Тәкежанның баласына құран аударуға Ұлжан шақыртқан екен. Қастарында көлденең кiсiлер болғандықтан, Оспан Абайға айтам деген оқшау сөзiн бастаған жоқ. Көбiнше жол бойы қораны қалай тез салдырудың қамдарын айтумен болды. Пiшен шауып, қыстың мал азығын молырақ қамдап алу жөнiнде айтты. Шыңғыс пен Жидебайдай емес, бұнда қар қалың, қыс қатты болады. Бұл өлкенi қыстаған ауылдар бiр жағынан пiшенге сүйенiп шықпаса, жақжұтынан арыла алмайды. Әсiресе, Абай қыстауына жақын болатын Тесiпшыққан өлкесiнен мол қылып пiшен шапқызу қажет. Осы жайды еске алумен қатар, Оспан қазiр мынау Қорыққа келiп қонған көп ауыл, бай ауылдың қысқы Абай шаруасына залалы тиетiнiн ескердi.
– Жылдағы көктемдегi дағды бойынша, қалың ауылдар көп малымен осында орнап қалды. Анау баланың өлiмiнен әурешiлiкте болып, мен де мезгiлiмен ойламай қалыппын. Болмаса, биыл iргенi алысырақ салар едiк! – дейдi.
Бұл да Абайдың ойламаған жайы едi. Iнiсiнiң алдағыны болжаған қамқорлық сөздерiне ырза болды.
– Бұның да ақыл екен. Осы маңда отырған Әнет, Көтiбақша: "малыңды әрi қайыр, қорығыма түстiң көгiмдi жедiң" деп, мен қайсысына сөз қатайын. Шешеңмен, туысқандарыңмен сөйлесiп, бiздiң қысқы қамды өзiң ескерерсiң! – дедi.
Оспан Абайсыз да ескерген екен.
– Мынау баланың жетiсiн берiп, алғашқы бата оқушыларды атқарып алсын. Бiр он күн шамасында, осы қонып жатқан ауылдың бәрiн де көшiрiп, қыстау мен Қорығыңның маңынан алып кетемiн. Биыл Ащысудың тасқыны мол, жайылымы кең көрiнедi. Тесiпшыққанның пiшендiк көгi содан кейiн де тез жетiлiп кетедi. Пiшенсiз болмайсыңдар! – деген.
Жолаушылар Ақшоқыдан шыққанда, Қорық бойында тек шұбартқан нөпiр, қалың мал көрiнгенi болмаса, тiгiлген үй, жайғасқан ауыл жоқ едi. Абай ендi байқап келедi. Ұзындығы тай шаптырымдай өлке бойына кем қойса он бестей ауыл қоныпты. Араларын жиi салып, өрлей, құлдай үйлер тiккелi орнап жатыр. Әр ауылдың тұсында қой-қозысы, сиыр-түйесi, мол жылқылары шұбартады. Ен сулы көк шалғында, әдемi көктемдiк соныда мал атаулы тыныш рақат тапқандай. Дағдыда өрiс, жайылыста жүрген малдай көп қозғалып, бытырап, шашырамайды. Қалың көктiң арасында, тұмсығы тиген жерде, көкмайса жас шалғында қадалып, жабысып қалғандай. Мал тұяғы тимеген шүйгiн қонысқа келгенде, алғашқы күн, бар түлiктiң iстейтiн мiнезi осы. Оспан мен Дарқан қазiрдегi Қорық бойындағы мал жайын, көктемнен берi күнде бағып жүрген тәжiрибелерi бойынша тез таныды.
– Мал жарықтық жер қадiрiн адамнан артық бiледi-ау. Қорықтың сонысына кенедей қадалып, жабысып қапты. Қыбыр етпейдi ғой! – деп, Дарқан өз байқауын топшылағанда, Оспан да мал ажарына сүйсiне түстi.
– Жылда көктем сайын келетiн мекен ғой. Тiптi сиырға шейiн де Қорықты сағынғанын бiлдiрiп жатыр! – дедi.
Сондай қыбырсыз қалың шұбар мал тобының арасынан, ойдым-ойдым алаңынан тiгiлiп жатқан үйлердiң бейнесi көрiндi. Абай сол үйлердiң, жап-жазық, тап-таза көк далада бiрсiн-бiрсiн туып, өлкенi толтырып бара жатқан шарасын байқап келе жатыр.
Ауылдар қалың шоғыр көштерiмен қатар көшiп, қатар жеткен болу керек. Барлық ауылда да керегелер бiр шамаға жайылып, шаңырақтар бiр уақыттарда көтерiлiп, уықтар қатар шаншылады. Қызыл жосамен боялған ағаш үйлердiң сүйегiн жиiлеп шаншылған уықтар айқындап көрсетедi. Тағы бiраздан соң қызыл шiлтер ағаш сүйектердi құлаш жайып, кең созылған туырлық, үзiктер басып, шаңырақтарына төрткүлдi түңлiктер қонады. Ендi теп-тегiс көк жазықта, жасыл дария жүзiнде даяр үйлер орнап жатыр. Әне тамам қалың ауыл ортасында Ұлжан отыратын үлкен үй тiгiлдi. Бұл ауылда сол үй тiгiлiп болған шақта қатардағы өзге ауылдардың бәрiнде де сондай үлкен үйлер ең алдымен тiгiлiп жатыр.
Ақшоқыдан осы ауылдар қонып жатқан қоныс құнан шаптырымдай жер едi. Жолаушылар шыққан жақ биiк төскей болатын. Содан Қорыққа жеткенше, ауылдардың қонысын, үй тiгiсiн бiртiндеп санағандай, түгел көрiп келген жолаушылар, Ұлжан аулына келiп жеткенше, барлық үйлер тiгiлiп болды. Он бес ауыл елсiз өлкеге, көшпелi жәрменкедей жанды қызу тiрлiк орнатты. Әр ауылдың бiр шетi байлық, бiр шетi жоқшылық, қайыршылық боп орнады. Шеткi қара лашықтар, қос, күркелер де, ең соңынан болса да – ендi бас қалқитқан едi.
Абайлар үлкен үйге түскен жоқ. Ұлжан аулының жанына iргесiн тiреп, аса жақын кеп қонған қаралы ауыл – Тәкежан аулына келдi. Болыс болғаннан берi қарай малданып, байып алған үлкен отау қыс пен жаздың бәрiнде де өз көршiлерiмен бөлек ауыл қонып жүретiн. Тек Мақұлбай бала өлгеннен соң соңғы күнгi қоныстарда, үдере көшкен сапарда, Ұлжан Тәкежан аулын өз аулына жақын қондырып келе жатқан-ды.
Ұлжан болсын, басқа үлкендер болсын, қазiр көбiнесе өз үйлерiнен көрi сол Тәкежан үйiнде, ертеңдi-кеш мезгiлдерiн өткiзетiн. Ер жеткен тұңғыш баласы өлген Тәкежан мен Қаражанға бұл ауылдың үлкендерiнiң қазiргi күндердегi тiлеулес мейiрi басқа болатын.
Жыласуда, жұбатуда, жас әруақтың артын күтуде бiр Ұлжан емес, Құнанбайдың өзi де әншейiндегi дағдысынан бөлек, баласы мен келiнiнiң айналасына көп үйiрiлiп жүрген-дi.
Абай Тәкежан үйiне ат қойып келген жоқ. Жас балаға ат қою жақсы ырым емес. Және жанкүйерлер сыналатын қаза бұл емес, Мақұлбай үшiн Абай да әрi аға, әрi әке шендес. Тыста тұрған Тәкежанмен Абай құшақтасып көрiстi де, үйде дауыс айта бастаған Қаражанға, басқа әйелдерге, дағды бойынша: "құлыным, құлыншағым" деп, үн салып, жылап кiрдi.
Үй iшiнде әйел-еркек те көп, жұрттың бәрi жылаулы. Абаймен Кiшкене-молда Қаражаннан бастап, Айғыз Ұлжан сияқты үлкен әйелдердiң барлығына көрiстi. Төрде отырған әкесi Құнанбайға, Қаратайларға ғана көрiспей, солардың қатарынан төменiрек жерден орын алып, үндемей жыласты.
Аздан соң көп жылаулар басылып, Қаражан жалғыз өзi аналық зарын шығарып, азырақ жоқтау айтты. Қайғы үстi болса да, Абай Қаражанды сынамай қала алмады. Айғай салып жылаған жеңгесiн алғаш көргенi осы едi. Оның даусы ұнамсыз, жарықшағы бар, еркек үндi, беймаза екен. Сөзiн де Қаражан жанын қинап, қиылып, толғап шығармаған, Мақұлбай жақсы бала, қимас бауыр болса да Абайдың оны аяған жүрегiне Қаражан үнi кесек тидi. Сол себептi, Абай жылаудан тез тыйылып қалды. Жыласу арты Кiшкене-молданың зор, сұңғақ үнмен, бұхар мақамымен бастап кеткен құранына сайды.
Құран оқу басталысымен Құнанбай басын төмен салып, мүлгiп, жалғыз көзiн жұма түстi. Әлi жылауын тоқтатып болмаған келiнi жаққа сол қолымен ишарат жасап, "тоқтат" дегендей еттi. Қаражаннан жоғары отырған Айғыз, Қалиқалар Құнанбайдың қимылын көре сала, келiнге!
– Тоқта, құранмен таласпа! – дестi.
Осы үйде шайға, түстiкке қарап, Абай мен Оспан ұзақ отырды. Ас үстi болмаса, өзге уақытта отауда адам сирек болған едi. Күнi бойы тапжылмай о тырып қалғандар Құнанбай, Қаратай, Ұлжан. Және, үлкен ақ жастыққа құран бетiн ашып салып, соны аударып отырған Ғабитхан молда бар. Басында сәлдесi, көзiне көзiлдiрiк киген. Жирен сақалы бұл күнде молайып, ұзарған Ғабитхан молда аса бiр ықыласты, минажат үстiнде сияқты.
Құран жүзiне сүзiле қараған көздерi кей уақыттар жұмыла түсiп, сыбырлай күбiрлейдi. Жатқа бiлген сүрелер тұсын жұмулы көзбен оқып өтедi. Бұлардан соң үйде қалған Абай мен Оспан және Кiшкене-молда едi. Кiшкене-молда Құнанбайдың ақырын сыбыр еткен әмiрiнен соң, дәретiн алып, өзiмен бiрге ала келген құранын ұстап, Ғабитхан молданың төмен жағынан жастық қойып, шарафатты кiтабын жайып салды. Жылдам суырыла сыбырлап, құран аударуға кiрiстi. Үй iшi ұзақ жым-жырт болды. Оспан Абайдың ығына таман шалқия отырып, иығы мен басын жүкке сүйеп, қалғып кеттi. Абай мен әкесi арасында бұл отырыста бiрер ғана амандық сөзден басқа мәслихат шырай болған жоқ.
Құнанбай осы өткен қыс аяғында, төрт жылға тақау үрдiс, ұзақ жол жүрiп, Меке сапарынан қайтқан едi. Бұл күнде ол қатты ағарып, үлкен кәрiлiкке жеткен. Сүйектi денесi әлi де қапсағай, зор болғанмен, бет ажымы мол. Қуаң тартып тозған ажары, бiр кездегi үлкен, қатал, қуатты адамның әл-шамасы азайғанын танытады. Басында хаж сапарынан киiп қайтқан шошақ төбе ақ тақиясы бар. Иығында сырма жаға, Тобықты елi кимейтiн, жұқа жiбек, ақ шапан. Даусы қай сөздi, қай жайды сөйлесе де бұл күнде бұрынғыдай қатқыл, қою үнмен бiлiнбейдi. Ақырын, баяу ғана сөйлейдi. Қасындағы Қаратайға, Ұлжандарға қарағанда, қазiргi Құнанбай бөлекше ортадан, өзгеше ұстаз көрiп өскен жан тәрiздi. Сыртқы ажарымен софыяна, мүләйiм, пұшайман жан болған тәрiздi.
Ол Мекеден келгелi Нұрғанымның үйiнде шымылдықты түсiртiп, өз мекенiн өзiнше намаз орнына айналдырған-ды. Барлық жұрттан жасырынғандай аулақ жататын. Қазiрде тек мынау баланың өлiмi осы жұрттың арасына оны ықтиярсыз келтiргендей. Құнанбайды күңгiрт, үнсiз сағаттарынан, оқта-текте аз мәжiлiске тартатын адам – өз тұрғыласы, қарт Қаратай.
Абай әкесiнiң бұнымен сөйлесер сөзi жоқ екенiн бiлгендiктен, күн бойы үнсiз отырды. Сөз қозғалса, ол тек Құнанбай мен Қаратай арасында. Мекеден алғаш келген күндерiнде Құнанбайдан Қаратай көп нәрселер сұраған едi. Ондағы Құнанбайдың айтқаны барыс-қайтыс жол жайы болатын. Өзi тiлесе, кiмдi болса да сөйлете бiлетiн орамды, ептi Қаратай, Құнанбайды қазiр де сөйлете бастады. Дәл осы халге орынды болған, дiндар адамдар әрқашан ықыласпен айтуға парыз саналатын бiр жайларды сұрайды. Онысы Мәдине мен Мекедегi Құнанбай хажы зиярат қылған әруақтардың қабiрлерi туралы болатын. Құнанбай қолына тәсбихын алып, соны тарта отырып, "Мәдинеде кiмдер қабiрi бар?" дегенге жауап айтты.
– Мәдинеде Рәсулалланың, хәзрәтi Әбубәкiр, Ғұмардың және хәзрәтi Фатиманың жатқан жайларын зиярат қылдым! Кейiн тағы бiр күндерде – хәзрәтi Ғаббас, хәзрәтi Хәмзә, хәзретi Ғұсман қабiрлерiн зиярат қылдым! – дедi.
Қаратай ынталы, дiндар мұсылман жүзiне енiп:
– Ол жерде бұл аталған әруақтардан басқа, сахабалардан жан бар ма екен? – дедi.
Құнанбай бұл сөзiне де ынталы бейiлмен жауап қатты:
– Сағды бин Уақас, Ғабдырахман бин Ғафу және хәзрәтi Ғайша да сонда жай тапқан екен. Бұларды пайғамбарымыздың дос-жарандарының жайлары дейдi, – дегенде, Ғабитхан молда, құраннан бетiн бұрмай отырып:
– Ғашрай мұбашшара десе лазым! – дедi де, құранын аудара бердi.
Құнанбай молдаға тағзым еткендей бас иiп: "дұрыс айтасыз, молда, мен өзiмiздiң тiлiмiзде айтып жатырмын", – дедi.
Осыдан кейiнгi әңгiмеде Құнанбай Мәдине мен Меке арасындағы сапарын баян етiп, Шамнан шыққан керуенге iлесiп, 13 күн бойынша түйемен Арабстан шөлiн кезгенiн айтты. Қаратайдың сұрауымен: Мекеге кiрер алдында қай орында ихрам байлағанын, Ғарафаға қалай шыққанын бәйтолланың iшiнде, қағбада неше ракағат намаз оқығанын, бәрiн де баян еттi. Мекеден аттанғанда, әуелi жаяу жүрiп шыққанын, содан қайтыс сапарына шейiн тағы бiр еске алып өткен едi. Асықпай iшкен шай кезiнде де, түс ауа келген түстiк кезiнде де Құнанбай Қаратайға зор құрмет көрсетiп отырды.
Абайлар аттанар кезде Қаратай тысқа шығып кеткен-дi. Құнанбай күн ұзынғы мәжiлiсiнiң артын қорытқандай боп, Ұлжанға қарап:
– Оқымаған қазақта Қаратай көкiрегiндей жүйрiк көкiрек аз-ау. Сұрап отырса да, сол мен көрген көп жайды өз көзiмен көргендей, көкейiне қондырған! – дедi.
Ұлжан Қаратайдың сөз бастап, бүгiн Хажыға көп жайларды айтқызғанына iштей алғыс айтып отырған. Қазiр ерiнiң сөзiн қостады.
– Тiлеуiң бергiр, жүйiрiктiгiнiң пайдасын жаңа көрдiм. Сiздiң бiзге көп шешiлiп айтпайтын әңгiмелерiңiздi айтқызды. Соншаны көрiп, бiлiп келiп, iшке тығып тастағандай едiңiз. Қоймадағы теңдей, көңiлде жүргенiңiздi айтқызып, сiздi де жадыратты ғой! – дедi.
Сирек сөйлесе де тегiн сөйлемейтiн Ұлжанның сөзiнде, Қаратайды мақтауымен қатар, өзiнiң ерi Құнанбайды сәл бiр әзiлмен, сыпайы ғана шанышқаны бар едi. Ол жайды Құнанбай мен Абай екеуi де сездi. Абай ақырын езу тартып шешесiне қарап күлгенде, Құнанбай Ұлжан мiнезiнен, нәпсiлiк бiр жеңiлдiк аңғарғандай боп, қабағын шытына түстi. "Әйел заты әйелдiгiне бағады. Бұлар көзiнше мiнәжатты да iшкi сырдай, шашпау қажет" дегендей болды. Тәсбиғын жиi тарта түсiп, өңiн Ұлжан жүзiнен шұғыл бұрып алып, тәhлил айтып, сыбырлап кетiп, дұғамен бет сипады.
Абай әкесiнiң Қаратайға айтқан жаңағы әңгiмелерiн еске алып, одан шешесiнiң шебер әзiлiн ойлап және әкесiнiң ендiгi мына мiнезiн бағып отырып, iштей мысқылмен қарады. Қажыған кәрiлiктi күлкi етейiн деген ойы жоқ едi. Бiрақ ажуа боларлық хал өзiнен-өзi амалсыз оралғандай. Құнанбай туралы қазiргi ойы – күлкi ғана емес, күйкi, жұтаңдықты да танып отыр.
Төрт жыл кәрi сүйегiн сүйретiп, шығанға барып келгенде, адамның әкелетiнi: "Ана жерде бiр мола, мына жерде бiр мола деу болса, не деген аз табыс? Оның үстiне, үй iшiнен, жар-жаранынан, бала-бауырынан бет бұрып, бұғып жату тағы болса, ол қаншалық ұтылыс?" деп, әкесiнiң ендiгi қалпына, әсiресе, қарны ашқандай қарады.
Аздан соң Оспанды ертiп Тәкежанның үйiнен Абай аттанғанда күн кешкiрiп, екiндiге тақап қалған екен. Екi туысқан кешкi қоналқада қайда боларын шешпесе де, атқа мiнiсiп, өлкенi, өзендi бойлады. Кешкi суға келiп жатқан қалың жылқыларды шеттей жағалай түсiп, ешбiр ауылға соқпай, белгiсiз бiр сейiлге шыққандай. Осылайша атқа мiнiп, оралып қайтуын Оспан тiлеген соң, бағанағы сөзiн айтар деп, Абай үндемей ерген-дi. Бiрақ бұл жүрiсте де Оспан сөзiн бастағанша көлденең бiр жай олардың келелi сөзiнiң арасына түсiп кеттi. Ол күйдiң себепшiсi – бұл екеуiнiң аңшы iнiсi, әдемi көк қаршығаны қолына ұстаған, сұлу, жарау, ақ-сұр байтал мiнген Шәке болатын.
Абай мен Оспан өзенге қарай беттегенде, арттарынан Шәке бозбала ағызып кеп қуып жетiп, қастарына орала кеткен. Үстiнде жеңiл шапан, басында сарғыш торғынмен тыстаған жұқа қара елтiрi тымағы бар. Көңiлдi, көрiктi ақ сұр жүздi Шәке, желқайықтай ескен жылпос сұр бедеуiмен лып етiп жеттi де сәлем бердi. Екi ағасына ақсиып, күле сөйлеп:
– Қаршығамның өнерiн екеуiңiзге көрсетейiн деп келдiм, Абай аға, маған ерiп азғантай өзен бойлаңыздаршы. Қанжығалараңызға бiрер үйрек байлап жiберейiн! – дедi.
Абай қызарып, еңкейiп бара жатқан күн астында, топшысы мен омырауы қызыл алтын буын жалатқандай, жылт-жылт етiп тұрған көк қаршығаның реңiне қызыға қарады. Алтындай сап-сары көздерi күн шұғыласына қарсы, қанқұмар қызыл от төгедi. Жалт етiп күнге шағылыса түсiп, қомағай қарайды. Абай қызыққаннан Шәкенiң қаршығасын өз жеңiне қондырып алды. Құс бабын бiлетiн ыңғайлы қимылмен басы-жонын сипады. Ойнақшып отырған құстың айналаға қапысыз, сергек қарасынан шабытты бабын түйдi. Құстың санын да ұстап көрдi.
– Кезiккеннiң қолында өлгелi тұр екен. Түлегi де жақсы екен ғой. Мұны кiм баптап бердi? – дедi. Шәке:
– Баптаған өзiм, қаршыға-лашын бабын үйрендiм ғой! – дедi.
Абай iнiсiнiң өнерiне сүйсiне түсiп:
– Рас, ол – өнер. Кiсi қызығарлық өнер – саятшылық. Бұл талмайтын табандылықты керек етедi. Азамат болғаныңның белгiсi де, ендi бiзге өнерiңдi көрсет. Ердiк кәнi! – деп, астындағы жарау жирен атты тебiне жорғалатты. Өзi де аңды қызық көргенiн бiлдiрдi.
Шәкенiң ақ сұр бедеуi тiзгiн ұшымен сумаң қағып, лыпылдап, алға түсе бердi. Бұлар өзен жағасына тақап қалып едi. Өзеннiң аңшылар көп килiккен тұсы жайылым екен. Бағана атқа мiнгеннен берi осы өңiрде жоғары-төмен сыпылдап ұшып, топ шүрегейлер жүрген. Суыл қанат сұқсұрлар, қос-қостан ұшқан көкмойындар, қоңырлар байқалып жүр едi. Бiрақ қазiр Абай мен Оспан дәл жақын жерден құс көре алмады. Шәкенiң өзi де әлi жақын жердегi құс бейнесiн аңғармаған едi. Ол бiр қалыпты сар желiспен бара жатқанда, алатын жемiн көрген мерзiмдi белгiнi көк қаршыға өзi жасады. Аңшы жiгiттiң қолына төсiн ұрып қалып, "жiбер" дегендей. Ытқи ұшуға дайын әзiрлiгiн жасап қалды. Шәке атының басын тез iрке бере, алдыңғы жағын шапшаң шолып өттi. Бiрақ жақын жерден ұшқан, не су бетiнде отырған құсты шала алмай, бөгеле бердi. Абай осы кезде қатты жүрiп кеп, қаршыға аңғарын байқады да:
– Жiбер, өзi көрдi ғой! – дедi.
Сол сөз әмiр бұйрықтай болды. Көк қаршыға лып етiп, аңшы қолынан жерге қарай құлай түстi. Сұр биенiң тамағының астын ала, қанатымен жер сызып, жасырына жөнелгендей болды. Қаршыға сол аққан бойында өзеннiң арғы бетiне шығып ап, көк шөп арасында бiраз жыбырлап, иреңдей барып, аңшылар көзiнен жоғалыңқырап кеттi. Бұның аңдысын аңдап, үндемей сiлейiп тұрып қалған аңшылардың айтысқан бiр-бiр-ақ сөздерi: "тұрғыға кеттi, тұрғыға кеттi" деу болды. Сол сәтте көк қаршыға өзеннен ағызып қайта берi қарай өте бере, қызыл шапақ астында төсiн жарқ еткiзiп, шаншыла бiр көтерiлiп қалды да, оқыс төмен қарай лақтырған тастай, шаншыла түйiлдi. Бұл құлап түскен тұстан лезде үркiп, әбiгермен шуласып, сатырлап, ұшқан көп қанаттар дыбысы бiлiндi. Шашырай ұшып, жан-жаққа безiп бара жатқан үлкендi-кiшiлi үйрек, қаздар да көрiндi.
Аңшылар аттың басын iрiкпестен ағыза шапты. Қаршыға түскен жерге ең алдымен жеткен Шәкенiң өзi едi. Абайлар да көрiп келедi. Екi сарала қаз арасында көк қаршыға ұйқы-тұйқы, сарт-сұрт майданда екен. Көгалға жайылған саяз судың ортасында, төбеден кеп оқыста басқан қанды тырнақ жауына қарсы, екi сарала қаз жан себiлдiкпен, қатты қимыл етiп жатыр. Бiр сарала қаз қаршығаның астында тулап, үн салып, қос қанатымен су сабалап, қаршығаны шоршыта сүйреп жүр. Екiншi сарала қаз қаршығаның үстiнде. Дәл өзi құс алып жүрген қырандай, соншалық өлермен батырлықпен, қайта-қайта соққылай төнедi. Көк қаршыға, кесек көк болаттай. Қаздар болса жүнiнiң ақ-қарасы, қызғылт сарымен күн сәулесiнiң астында соншалық шапшаң жарқ-жұрқ етедi. Лаулаған жалындай. Аласұрған қарбалас құбылыстары жанталастың ең бiр отты шағын танытады.
Өмiр үшiн жанталастың соншалық шапшаңдықпен ұшқын атып, сәт сайын жүз құбылған шағы. Бiр кесек көк болатты үлкен дүкеннiң қызу көрiгiнiң астына тастағандай. Абай сүйсiнгеннен қарқ-қарқ күлiп, тақап келе бере, аттан секiрiп түстi. Шалшық суды жалдай жүгiрдi. Үйткенi, атынан әлдеқашан түскен Шәке, екi сарала қаздың арасында алысқан қаршығасына әлi қолын жеткiзе алмай жүр. Бұл екеуi қатты адымдап, құстар майданының арасына ендi тақады. Көк құс, үстегi бос сарала қаздың бағанадан бергi соққысын ендi кешiрместей долданыпты. Өз үстiне соңғы рет түйiлiп, тағы соға берген қазға оң аяғымен сарт еттi. Мойнынан ұстай алып, қасындағы суға шолп еткiзiп, шалқасынан келтiрiп, тымақша ұрды. Шәке қуанғаннан:– "Я, әру-ақ!" деп, даурыға бақырып жiберген едi. Ендi бiр сәт болса, астындағы сарала қаз аяғынан құтылғандай. Жон жүнiн жұлдыра, көк құстың сол аяғынан сыпырылып барады екен. Шәке айғайлаған бойында кеп, сол қазды қамшыменен бастан бiр тартты да, баса қалды.
Көк құс өлермен екi сарала қазды бiрдей алды. Бұл – аңшылар тәжiрибесiнде болмастық бiр олжа едi. Ырымшыл аңшы болса: "құсыма көз тиедi" деп, сұқтан сақтанып, өзгеден жасырып қоярлық нәрсе. Екi сарала қазды екi ағасының қанжығасына байлап берiп, Шәке Оспан жанындағы қаздың басын кесiп алды. Жүнiнен шапшаң арылтып, мыйын ойып, қалтасынан ұсақ қант алып септi. Әлi тулап, қаны қайнап отырған болат қанат қыранын азғантай қызылдатып алды да, сұр бедеуге қайта қарғып мiндi. Жаңағы ұшқан құстар тегiс ұзап кеткен жоқ екен. Шапшаң желiп жөнеле берiп алдында отырған бiр топ үлкен үйректердi көрдi. Құсы тағы бұның қолына етпетiнен түскенде, бедеуiн тебiнiп, қатты шабыспен ағыза жөнелдi. Қаршығасын атының сауырына қарай, құлаш жазып кейiндетiп барып, үйректер ұша бергенде, тақау тұстан, құлаштай сермеп, лақтырып жiбердi. Көк құс сол ытқыту ретiнде, топшысын үшкiрлеп, мойнын iшiне тығыңқырап алып едi. Бiр сәт қалқып барды да, содан ары қос қанатын жай отындай жарқылдатып, лып-лып қағып, атылып бердi. Абай тағы сүйсiнiп, қуанып, айғайлап:
– Әдемi тастады, шебер тастады! – деп, шауып келедi.
Шәке құсты лақтырысымен, қамшысын қос бүктеп алып, ерiнiң қасына байлаған дабылды шауып келе жатқан бойында қатты даңғыратып, соғып-соғып жiбердi. Аттыдан үрiккен үйректер басында қарбаласып ұшып едi. Ендi дабылдың шұғыл даурығы шыққанда, бұрынғысынан да сасқалақтап, көк аспанға тiк атылды. Қаршыға бұл кезде сол құстардың астына көсiлiп барып, еркiн жетiптi. Ендi өзге үйректiң бәрiнен биiкке қарай озғындай шыққан сары аяқ, көк мойынға дәл астынан найзадай атылып, сатыр-сұтыр бiр айқас жасады. Көз iлескендей болған жоқ. Бар ынтасы аңға кетiп, әлде не деп айғайлап, екi етегi жалпылдап шапқан Абайға, қаршыға өзi ұмтылған сияқты емес. Қайта үйрек өздiгiнен құлап, қыран тырнағына әлдеқалай арбалып кеп, өздiгiнен жұмарланып iлiнгендей көрiндi. Көк мойынды шалқасынан ұстап, жемсауынан бүрген көк құс созыла көлбедi. Шәкенiң дәл алдындағы құрғақ көгалға топ еткiзiп түсiрдi. Бұл үйректi алысы жаңағы қос қазды алудан да сұлу едi. Абай тамашаға рақаттанғанын айтып бiтiре алмайды.
– Қайран қыран! Не деген бап! Қарық қылды ғой! – деп құсты бiр мақтап, – аңшының, саятшының шеберi өзiң екенсiң! Жiгiт болса, сендей болсын. Ер жеткенiңдi бүгiн бiлдiм ғой! – деп, Шәкенi екi мақтады.
Оспан бағанадан бергi қызықтың бәрiн үндемей ғана, баяу салмақпен тамашалап келген-дi. Тек соңғы кезде ғана ол артта қалып, ат сауырына шалқайып, сақылдап күледi. Қаршыға қызығы үшiн емес, Абайдың жеңiлдiгiн, балаша қуанғанын мазақ етiп, мысқылдап келе жатыр.
Бұл үшеуiнiң арасында, аңшылық тәжiрибесiне жақсы ысылып, өзiн билеп үйренгеннен бе, болмаса жаратылыс мiнезiнде сондайлық сабырлы, ұстамды бiртоғалық болғаннан ба – әйтеуiр Шәке басқарақ. Абай Шәкенiң сол байыпты салмақтылығын қымбат бағалады.
Жаңағы өнерiне қызығуының бiр жағында ағалық, әкелiк, адал бауыр ындыны бар едi. Оспан мен Абай аттарына мiнiп, ендi Шәкеден айрылысар уақытқа келгенде, қастарына жақын ауылдан үкiлi қара құнанға мiнiп, Ақылбай шауып келдi. Бұл ересек тартқан бала түсiнiң ақшылдығы болмаса, Абайға қатты ұқсаған. Дiлдә мен Абайдың ерте ер жетiп қалған тұңғышы болатын. Ақылбай қатты келiп, Оспанға сәлем бердi де, Шәке мен Абайға қарап: "Олжа, олжа" деп, күле түстi.
– Менi Әни апам жiбердi. Жаңағы алған құстарын түгелiмен бiздiң ауылға жөнелтсiн! – дедi. Соларыңызды алғалы келдiм. Шәке аға, бәрiн де менiң қанжығама байлап берiңiз! – деп, үкiлi, жарау қара құнанын көлденеңдетiп тұра қалды. Шәке өз қолындағы үйректi Ақылбайға қарай алып қозғала берiп едi. Оспан осы кезде ғана үн қатып:
– Тоқтат! Көп үйрек түгiл сыңар үйректiң сынық қанатын да сипатпаймын Әниiңе – Нұрғанымыңа! – дедi.
Абай мен Шәке Оспанның қатты томырылған үнiнде үлкен бiр зiл барын байқады. Құстарды балаға берiскен жоқ. Ақылбай қабағын қатты шытынып, қып-қызыл боп, екi көзi жасаурап, Оспанға жалт бердi де:
– Оспан аға, түу, не деген сараң едiңiз! – деп атын бұрып алып, шаба жөнелмекшi едi. Абай оны аз тоқтатып: "Ақшоқыдан қашан келдiң?"– деп сұрады. Бала әлi күнге өкпелi, ызалы үнмен:
– Бүгiн түсте Әни апам ат-арба жiберiп, Әбiш, Мағаш бәрiмiз тұтас келдiк! – дедi де, аулына қарай шапқылап жөнелдi.
Ақылбайдың ер-тұрманы қалың күмiс. Басында құндыз бөркi бар, үстiнде көк мауыты бешпет, омыраулары толған күмiс түйме. Белiнде алтын жалатқан, қымбат тасты, кәмәр белдiк. Шапқылап бара жатқан баланың киiм, тұрман сәнi аса бiр ардақты, жалғыз қыз сәнiндей. Бұны бұлай киiндiрген, осылайша күтетiн, бүгiнгi анасы, өз бауырына салып асырап алған анасы – Нұрғаным. Жаңағы Ақылбай өзi айтқан Әни апасы болатын. Ақылбай Нұрғаным мен Құнанбай қолындағы кенжедей. Өзi Абайдың 16 жасында туып ерте ересек боп қалған соң және ата қолында оңаша үйде жалғыз өскен кенже есептi болған соң. Абайды әке деп танымайтын. Абайдың да оған бейiл, мейiрi – аға, туыстай ғана, әкедай емес. Қазiр сол Ақылбай шауып кеткенде, бұл ағаларымен өкпелесiп, ұстасып кеткендей.
Сол бала ажарын жақтырмағаннан ба, болмаса Оспан мiнезiне таң қалды ма, әйтеуiр Абай осының алдында жаңа ғана саятшылыққа жас баладай тамашалап, қызыққан қалпынан тез суынды. Шәкеге қош айтып, атының басын өз аулы Ақшоқыға қарай шұғыл бұрып алып, жөнеле бердi. Шәке қаршығасын тағы да шапшаң қызылдатып алып, өзендi құлдап, жосыта жөнелдi.
Жалғыз кетiп бара жатқан Абайдың артынан Оспан желе жортып жеткенде, Абай iнiсiне суық жүзбен қатуланып, зеки сөйледi:
– Сенiң iшiңе қандай от түскен? Балалар көзiнше талағыңды соншалық тарс айырғаның не? Әлi де қу күндестiк жыны буып жүр ме? Айт шапшаң! – дедi.
Бүгiн таңертеңнен бергi жүрiсте, әр сөзде Абайдан үстемiрек болмаса, өзiн кiшi танытпай, дардайсып келген Оспан қазiр бiр сәтте өзгердi. Абайдың ажарына көз қиығын тастап, әлгiдей ұрыс үнiн естумен iлес, ендi сескене түсiп, бой бақты. Үнiн ақырын ғана шығарып:
– Ашуым орынсыз болса, болар Абай. Балаға бiлдiргенiм орынсыз. Бiрақ соным тегiн емес. Таңертеңнен сенi оңаша алып шыққанымның мәнi де осында. Кешелi-бүгiндер мен бiреудiң қолында өлгендей боп, қаныма қарайып жүрмiн. Құнанбай баласы бiз бүгiн бiр қорлықта тұрмыз! – дедi.
– Не қорлық? Не айтасың? – деп, Абай атын оқыс бұрып алды. – Айт! – деп Оспанның көзiне көзiн қадады. Дiрiлдей түсiп, жаманат хабарды тосты.
Оспан Абайға ендi сызды қабақпен тура қарады. Күнге қарсы, өткiр көздерiне қызғылт ашу отын жиып тұр.
– Қорлықты Нұрғанымнан көрiп тұрмын. Үш күннен берi әкеңнiң үйiнде, сол тоқалдың қимас қонағы боп Базаралы жатыр. Әкемнiң әулиедей ақ төсегiн арамдап жатыр! Бар дертiм осы. Көптен бiлсем де, бүгiн сенен iрке алмадым. Бiлдiрдiм мiнi! Сенен басқа сөз саларым, сыр шашарым жоқ. Дәл сол үйдiң шаңырағына, әкем анау қаралы үйде отырғанда, мынау қос қара беттi осы түнде асып өлтiрсем деп тұрмын! – дедi.
Абай кеудесiнен оқ тигендей, демi үзiлердей сiлейiп бiр тұрып қалғанда, ат үстiндегi денесi дiр-дiр етiп, үзеңгiлерi табанына тұрмай, ойнақшып кеткендей болды. Бiрақ қатты ашу үстiнде, булыққан тамағына тас тығылғандай. Оның да көздерi оқыс қанталап, Оспанға ақырып қалды:
– Қысқарт! Оттама! Намыс емес, арсыздық! Тоң мойын, топас, надандық! Не бетiңмен сөйлейсiң?! Осыдан қимыл етiп бүлiк салсаң, сол шаңыраққа өзiңдi мен астырамын. Тiлiңе тыйым, қолыңа тұсау салдым! Төрiнен көрi жуық әкеңдi қабiрiне тонап кiргiзбекпiсiң? Масқарасын әлемге шашып, итжемi қып өлтiрмек өшiң бар ғой, сiрә?! – дедi. Қалған сөздi бiр-ақ тыйып, атын борбайға бiр салып, қатты жорғалатып, Ақшоқыға қарай жалғыз тартты. Бұл кезде күн ұясына жаңа кiре бастап едi.
Өлке, дала бұлтсыз кеште қатты қызарып батқалы бара жатқан күн реңiнен қызыл шапақтап, сәулеленiп тұр. Жылмаң жирендi жiтi жорғалатып келе жатқан Абайдың көңiлi астан-кестен. Ол Нұрғанымға да өлердей ызалы. Әкесiнiң қорлық сырын айтуға аузы барып тұрған Оспанның жалған намысына да ызалана қорланады. Базаралы! Қазақта жалғыз қимас, бел арыстай көрген, бұл өңiрдегi ең қымбат жан едi. Ол да бiр сәтте танымастай жат.
Көптен берi Абай бұндайлық, намыс пен ыза, алдану мен қиянат, қимастық пен арлану, ұялып арланудың неше қырлы қысымын көрмегендей. Әр қыры ұстара жүзiндей. Ет-жүректi тiлiп түсетiн аямас құбылыстарға, құйындай ұйтқыға түсiп келедi. Не iстерiн, не дерiн аңғара алмай, әуре-сарсаң. Тек қана, бiр кезек, осы ұйтқу iшiнде, Базаралыны есiне ала бере, шұғылдан, бүгiн таңертең оқып шыққан "Дубровский" тағдырын еске алды. Соны сәт қана ескеру мұң екен, Құнанбай мен Бөжей, Тәкежан мен Балағаз, Оралбай мен Керiмбала – қысқасы нәсiл қуған ызаны ойлады. Буын, буын сайын Құнанбай ұрпағынан намыс соққысын үздiксiз көрiп келе жатқан Базаралы жақындарын еске алды. Осымен қатар тағы iлесе Троекуров зорлығынан Андрей Дубровский өлгенiн ойлады. От iшiнен ем гүлiн тапқан, жан жарын тапқан Владимир Дубровский мен Машаның арманды сырлары ерiксiз кеп, ерекше салмақ салды. Әдiлет тiлеп, шыншыл жүрекке ар әмiрiн бергендей.
Сумаңдаған жирендi қатты қамшылап, екпiндетiп соқтырта түседi. Сол ағынды жүрiспен қатар өз ойын да қамшылай тебiнгендей. Бiрақ, "Жол тап! Жөн тап!" дегендей болса да, жаңағы естiген сұмдық хабардың тең таразысы туып алды да, көкейден кетпей қойды. Ол тарызының бiр басында Құнанбай, Нұрғаным, Базаралы да, екiншi басында – Троекуров, Владимир Дубровский, Маша болып тең басып отырып алды.
Кiтап шындығы, өмiр уымен тең сыбаға боп, Абай үшiн анық бетпе-бет кеп ең алғаш қақтыққаны осы.
Абай өз аулына ымырт жабылып, қас қарая бергенде келдi. Тыста жүрген адам аз екен. Әншейiнде бiр жақтан Абай қайтқанда, алдынан топырлап шығатын балалар да жоқ. Бүгiн Қорыққа көп ауыл келiп қонысымен, молдасы сонда кеткен соң, балалар да тегiс кеткен. Қора салып жатқан жұмысшының көбi де сол арттан келген туғандарына барып, амандасып қайтуға кетiскен сияқты. Абай өз отауының сыртына жирен атты ақырын бастырып кеп түскен едi. Атын өзi байлап, үйдi айналып жүре бердi. Сол шақта отау iшiнен ақырын ғана, жiбек талдай сызылып, әсемдеп айтқан ән естiдi. Осы үндi естiдi де, Абай ән желiсiн үзгiсi келмегендей боп, отаудың босаға тұсына келiп, үй сыртында отырып қалды. Бұның келгенiн үйдегi жандар бiлген жоқ. Ән өз ырғағын бұзған жоқ. Абайды ас үй жақта жүрiп аңғарған кiсi жалғыз Зылиха едi. Ол жылдам басып келiп, Абайға тақап, есiк ашып үйге кiргiзгiсi келгендей. Бiрақ жас келiншек тақай бергенде, Абай оған ақырын белгi етiп, үнсiз ымдап, қасына шақырды.
– Зылиха! Әуре болма, үйге кiрме. Әйгерiм бiр жақсы ән айтып жатыр екен, соны бұзбай тыңдай түсейiк!
– Үйде шам жағылған жоқ, жарық жағайын! – деген Зылихаға:
– Оның да керегi жоқ. Әннiң шырқы бұзылып кетедi! – дедi.
Зылиха үнсiз езу тартып күлiп, әдемi кесек ақ тiстерiн ақсита көрсеттi де, Абай көңiлiн жақсы ұғып, аяғын ақырын ғана басып, кейiн шегiндi. Жерошақ басына қарай кеттi.
Абай тымағын алып, шапанының жеңiн шешiп, қара желет, ақ көйлектiң омырауын кең ашты да, мұңды қоңыр әнге бар бойын, бар ықыласын берiп, ұйып, тыңдап қалды.
Оңаша үйде, ала көлеңке қоңыр кеш. Өзiне еркiн тиген жалғыздықты ырзалық рақатпен қабыл көрген Әйгерiм, сонша жақсы бiр ән айтып жатыр. Әнiнiң сылтауы бауырындағы кiшкене баласы болу керек. Соны әлдилеп тербете түсiп айтқан ән сияқты. Абай құлағы шалғанда, кiшкене бала, алғаш кезде бiр-екi қыңқылдап едi. Артынан ұйықтады ма, болмаса ән уатты ма, қазiр үн қатпайды. Әйгерiмнiң айтқаны "Қарагөз" әнi. Былтырғы жазда Бiржан әкелiп, оны да осы елге жайған. Сырлы, тыныш бейуақта соншалық сезiмталдықпен мұңды сазын нәзiк бұралтқан ән. Әйгерiм бар даусымен шырқамай баяу сызылтқанда, бұл ән бұрынғысынан да гөрi көп сырды шешкендей болады.
Қаракөз айым!
Қалдың кейін,
Кеткенде аулың алыс
Мен не дейін –
деген қайырманы соншалық байыпты айтады. Әйгерiм осы әндi үнiмен ғана созып жатқан жоқ, жүрегiмен де баян еткендей. Ән арасында, қайырма iшiндегi көп сөздерiн, "кеткенде көңiлiң алыс" деген сияқты тұстарын осы кеште, осы айту тұсында өздiгiмен өзгертiп айтады. Сыршыл әнге, шыншыл ақын, әншi, дәл қазiргi сәттегi өз iшiнiң бiр күдiгiн, әлемнен жасырған құпия назын қосқандай. Осы бейуақтай тiлек кешiнде асыл жар өз сырын да, Абайдың мұңын да қоса шерткендей. Әйгерiм көптен ән салудан тоқталған-ды. Бiржан кеткеннен берi оның әншi аты Ырғызбай iшiне түгел жайылумен қатар, дәл Құнанбай аулының өзi, бұндай аталы жуан ауылға "әншi келiн" атағын мiн санаған.
Құнанбай Мекеден қайтқан соң, әсiресе, оның құлағына әлдебiр келiнi әншiлiк, серiлiк бiлдiрмесiн. Еркiн, бұлғақ, сауық-сайранды сездiрмеу керек. Оның үстiне Дiлдәның күндестiгi мен ашу кейiстерiн қостаушы абысын-ажын болса, қайнаға, енелер болса – бәрi де Абайды Әйгерiм үшiн кiнәлайтын. Әзiл етiп мысқылдағанда, сырттан сынап шенегенде, осы Әйгерiмнiң әнiмен айыптайтын. Сонымен оқта-текте, ел аулақта екеуден-екеу оңаша отырған кезде, Абайдың көп қолқалауымен Әйгерiмнiң шанда бiр айтқан әнi болса да, сол күнi Құнанбай аулына тағы бiр тыйымсыз жаманаттай тарайтын болған.
Ән рақат болмай Әйгерiмдi жазалаудың, өсектеп кiнәлаудың себебi болғандықтан, Абайдың естi жары ендi ән айтқызуды тоқтатуды сұраған. Әйгерiмнiң көз жасымен айтқан тiлектерiн Абайдың өзi де таныған. Шынын, сырын аңғарып кеп, амалсыздан жар өнерiн жасыруға көнген-дi.
Бiрақ әр кезде, шабытты көңiлмен домбыра тартып, өзi ақырын ыңырсып ән салғанда, не бiр ырғақты құлақ күйлер, ұзақ күйлер шерткенде, Әйгерiмнiң реңi бұзылатын. Қызғылт жүзi ағарып, көлеңкелi сұлу қара көздерi бiр тұнжырап тұңғиықтап, бiресе қабақ шытып жасаурап қалатын. Абай соны әрдайым сыртына шығармай, көңiлмен танып жүретiн. Кейде ешбiр тұспал сөз, тiлек, сылтау Әйгерiм жағынан тумаса да, Абай үншiл жүйрiк домбыраны әдейi Әйгерiм үшiн тартатын. Бебеулетiп келiп жұбату айтқандай болады. Шабытты ақын жүрегiн аз да болса алдандырып, емдегендей боп тоқтайтын. Соңғы жылдар Абай домбыраға аса ықылас берiп екеуден-екеу отырған оңаша шақтарда, көрiктеп күй тартады. Сондағы өнерiнiң барлығын, өзiнiң ынтығып сүйген ақын жары Әйгерiмге арнайтын. Осы өткен қыста дәл бүгiндей бiр ала көлеңке қоңыр кеште, там үйде, үлкендер бөлмелерiне жақын үйде, Абай домбыра тартып, Әйгерiм тыңдап отырған ұзақ шақтың ақырында, жас келiншек "аh" ұрғандай қатты бiр күрсiнiп қалып едi, Абай домбырасын тастай берiп:
– Саған не болды, Әйгерiм? – деп келiншегiнiң мойнынан құшақтағанда, қолының үстiне қат-қат тамған ыстық жастарын сезген. Сол кеште Абай амалсыз арманды бiр сыр шешкен:
– Сен бұлбұл едiң! Азат аспанда, көк бұтаққа қонып, бұлбұл үнiңдi әлемге жарласаң едi. Жаныңның сыры тыңдаушыны әнiңмен ұйытып өтетiн туысың бар едi. Мен сол бұлбұлды ұстап ап, әдемi торға бөлеген аушыдай болдым ғой. Қапас бұлбұлы сен бопсың. Үнiңдi өшiрiп, сезiмтал жаныңды тұншықтырып, елден ерек хасиетiңдi бүркеушi, осы ауылмен қоса, мен болыппын! – деген.
Мiне, қазiрде сол қапас бұлбұлы шырқай алмай, үн сала алмай күңiренумен ғана ықтиярсыздық шерiн қозғайды. "Қарагөз" әнiн Әйгерiм әлденеше құбылтып, жiп-жiңiшке нәзiк орамдылықпен, көп толқытып айтты. Әр түрлi өмiр сыны мен сыры жатқандай. Бұнда аппақ кiршiксiз ана мейiрiмi бауырындағы перзентiне алдағы өмiрден бақыт тiлейдi. Бұнда әлi ақау түспеген ыстық достық бейiлiмен Абайға да шын тiлек арнайды. Бұнда – өзiнiң де түйiнi, түйткiлi көп жүрегiнiң өзiне өзi тыйым салған ноқтасы бар. Бұнда және анау Қорық бойында бүгiн жылап отырған ана Қаражан шерiнiң қайғылы жоқтаудай ауыр ырғағы да бар. Абай ұзақ тыңдады. Дүниенi ұмытқан, өзiне тиген тар орында, мезетсiз шақта, рұхсатсыз ерiк алған сыршыл әншi де көп жырлап барып, қалың түнге кiре, әрең тоқтаған едi. Әйгерiм әнiн үзгенше Абай қыбыр етпестен мүлгiп тыңдады. Тек, Әйгерiм тоқтағаннан соң үйге кiрдi. Оның есiктен кiргенiн аңғарған шақта Әйгерiм, "кенеттен келер" деп ойламағандай, қысылып қалып орнынан ұшып тұрып:
– Сiз қашан келген едiңiз? – дедi.
Абай ақырын ғана күлдi де:
– Мен балаң ұйықтамас бұрын, "Қарагөз" алғаш басталған кезде келгемiн! – дедi.
Ере кiрген Злиха шам шақты. Осы түнде Абай өзi жасаған бiр байлауын Әйгерiмге айтты.
– Сен ертең Тәкежан үйiне бата оқи барасың. Ауылдың бар үлкенi сол үйде болады. Бүгiн тыңдап шықтым, Қаражан шешесi болса да Мақұлбайдай асыл баланы жоқтай алмай отыр. Менiң көңiлiмде сенiң жаңағы әнiңнен әсер алған жоқтау күйi тұр. Сөзiн жазайын. Сен жаттап ал. Әнiн өзiң табасың! Мен бiлсем, жаңағы өзiң айтқан "Қарагөздiң" көп ырғағын жасты мұңға айналдыруға болады. Сол әнге қосып, жоқтау айт! – дедi.
Осы сөз екеуiнiң де байлауы. Сол түнде Абай өз қасында ұйықтамай отырған Әйгерiмнiң жүзiне қарай түсiп, Мақұлбайдың жоқтауын шығарып отырды. Бағанағы бiр шақта Әйгерiмнiң көмейiнен ән туғанын Абай аңыстаған. Оның анық илануы бойынша, Әйгерiм сол кезде әншi ғана емес, ән шығарғыш шеберлiгiн де танытып едi. Ендi Әйгерiм Абайдың қағаз үстiнде жортқан қолынан сыры бөлек өлең туып жатқанына сүйсiнедi. Сыпайы күлiп, қуаныш ете қарап отыр. Кеш екеуiне де қайырлы болған. Өнер үшiн игiлiктi сәт кешi, шабыт кешi екен. Абай да өз мiндетiне алған жоқтау жырын жылдам жазып шықты. Жазғанын аяқтай сала, Әйгерiмге дауыстап, оқи жөнелдi.
Қызыл балақ, қыранның
Балапанын дерт алды.
Жеміс ағаш бәйтерек
Балдырғанын өрт алды.
Артына белгі тастамай,
Жал құйрығын келте алды.
Ағайынды тойғызбай,
Аз күн қоймай, ерте алды.
Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім!
Күн шалған жерді тез орған,
Күншіл дүние қас өлім.
Артына белгі қалдырмай,
Бауыры қатты тас өлім.
Жыламайын десе де,
Шыдарлық па осы өлім?
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым,
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың!
Аналық мейiрi өз жүрегiне көптен орнаған және Мақұлбайды өлiмге қимаған Әйгерiм күйеуi жаңағы өлеңдi оқып отырғанда, жылап жiбердi.
Ұғымтал, зерек, көңiлi жүйрiк әйел Абай төрт-бес қайыра оқығанда, бұл сөздердi жаттап алып, бiрге iлесiп, айтып шықты.
Ертеңiнде Әйгерiм Абайдың қасына ерiп, бата оқырдың асын алып, Злиханы өзiне қосшы еттi. Тәкежан үйiне тақай бергеннен бастап, жiңiшке, нәзiк үнiмен өлеңдете, жылап келдi. Қаралы үй тағы да кешегiдей жылаулы жандарға толы едi. Тағы да әуелi үй iшiндегi әйелдiң бәрi жылап тоқтаған соң, Қаражан өз жоқтауын айта бастағанда, соның төменгi жағында отырған Әйгерiм, үлкендерге жүзiн толық көрсетпей, қырындау отырып, екi мықынын таянып ап, нәзiк, зарлы үн созды. Бұның үнi шығысымен, Құнанбай бастаған үлкендер аса бiр ден қойып, зор iлтипатпен тыңдады. Мақұлбайдың артына белгi тастамай, көк балдырғандай арманда кеткен жайларын Әйгерiмнiң ендiгi қосып алған қаралы әнi егiлте сездiредi. Сай-сүйектi шымырлатып, барлық көзден жас ағыза тебiрентiп едi. Үй iшi алғашқы жылаудан тоқырап қалса, Әйгерiмнiң ақын мұңынан қайтадан тегiс босап, жылап кеттi. Ұлжанның өзi де үн салып қоя бердi.
– Қалқам-ай, құлыным-ай, арманда кеткен қошақаным-ай! – деп, еңiреп жiбердi. Еркектiң де көбi үнсiз жастарын iрке алмай, емiренiп отыр. Әйгерiмнiң зарынан бiр Мақұлбай дертi емес, тағы да Әйгерiм мен өзiне мәлiм сансыз өмiр шерлерiн еске алып, Абай да жылап жiбердi. Арманда өткен жас ұланды, анық орынды жоқтаған ата-аналық зар осы. Тек Әйгерiм араласқан соң ғана жоқтау өзiнiң үнiн тапқандай. Үй iшi ұзақ жылаумен барып әрең дегенде сабыр тауып, құранға кезек бердi. Кейiн, жұрт сейiлген уақытта, Құнанбай Ұлжанға:
– Балаңның жоқтауын мына келiнiңе айтқыз. Қырқы өткенше, бата оқушылар арылғанша осы үйде болып, кiшкене Мақұлбайымның артын осы мұңдасын! – дедi.
Бұл сөз Ұлжанның көкейiне қонатын. Осыдан кейiнгi күндерге сол әмiр бұйрық есептi болды. Әйгерiм осы келгеннен Ақшоқыға, Абай қасына қайтпай, Қаражанның қасында тiзерлесiп отырып, аналық зар күңiрентуде қалды.
2
Мақұлбайдың жетiсi өткенше, Құнанбай Тәкежан үйiнен Нұрғаным аулына қайтқан жоқ. Жас тоқалдың үйiне қайтпауы – осы аз күн iшiнде Нұрғаным айналасында көп пәле туғызып жатыр. Даурығы аз, бiрақ зiлi мен түйiнi қиын пәле. Бұл ауылдарға жат болған аса бiр ауыр тартыс болып тұр. Ол тартыс әзiр Оспан мен Нұрғаным арасында. Екеуiнiң бiр-бiрiне қазiргi күндегi өштiгi, амалсыз iшке тығып жарияланбай жүргендiктен, әсiресе ширығып қатаяды.
Оспанның кеше Абайға айтқан хабарындағы хал бүгiнде де өзгерген жоқ.
Базаралы Құнанбайға сәлем бере келген-дi. Оны Тобықты жiгiтi iшiнен, Құнанбай әр кезде бөлек, ерек көретiн. Өз бала, iнiлерiне жасамайтын iлтипат жасайды. Жас жiгiттi сөйлетiп, әңгiмелерiн тыңдайтын. Мекеден қайтқалы Базаралымен алғаш кездескенi осы жол болғандықтан, оның шаруа қамын да көп сұрастырған. Үй iшiнiң, әке-шешесiнiң күнге жоқшылықтан арылмай жүргенiн естiген. Осы кезде тiптi жүдеп, шөгiп кеткен ауыр мұқтаждық халiн бiлген.
Өзiне бiткен азаматтық, зор көкiректiк бойынша Базаралы жоқ-жiтiк жайын көпшiлiкке айтпайтын. Бiрақ Құнанбайдан ешбiр сырын iрiккен жоқ. Айдауға кеткен Балағаз үйiнiң жетiм-жесiр болған бала-шағасы торғайдай тозып жүргенiн де жасырмаған. Оның ересек тартқан балалары айран-шалап үшiн әлдi ағайынға жалшыға да кетiптi. Жастары болса, iшерлiк сусыны да жоқ.
Күйеуi бейiл көрсеткен азамат ағайынға Нұрғаным да жаттық етер жөнi жоқ. Ол Базаралыға арнап, әртүрлi киiм тiккiзе жүрдi. Әлi күнге Базаралының нұрлы жүзiне, жолбарыстай келбеттi тұлғасына Нұрғаным айнымас ыстық достықпен қарайтын. Дүниеде бұл кешкен тiршiлiкте қызығы басылмас шын қадiрлес ардақтысы – осы қонақ. Нұрғаным бұл ауылдардың өзге адамы не ойлайтынын елеген жоқ. Оспанның бұны сырттан қыжыртып жүрген қабағын сан есiтсе де, түк қымсынбай, ернiн шүйiрiп, "есуас" деп қана қоятын.
"Базарылыға киiм тiккiзгенi де масқара! Әдейi сыр ашқаны ма? Бұдан асқан айғақ бола ма?" деген Оспан сөздерi Нұрғанымға жеткенде, онан да қымсынған жоқ. Құнанбай бұйрығымен iстетiп жатқанын айтуға да ерiнген. "Ойласа ойлай берсiн бар сұмдығын" деп, ерегiсе түскен-дi.
Кеше кешке Ақылбайды өзен жағасына жiбергенде, Нұрғаным Оспанды әдейi бiр кежiрлiк, қиястықпен әзiлдеп сынамақ едi.
Оспанның тұрпайы мiнезiн Ақылбай дәл жеткiзiптi. Бiрақ, оған өр көкiрек, кесек бiтiмдi Нұрғаным ызаланған да, қайысқан да жоқ. Бұрынғы күй, бұрынғы қалпы өзгермедi. Абай көзiнше Оспанның бұны қатты қыжыртқанын Нұрғаным алғаш естiгенi осы болса, одан да қысылған жоқ. Өз iшiнен "Абай Оспанның жетегiнде кетсе, оны да көрермiн!" дегендей болды. Осымен тағы бiр-екi күн өттi. Оспан әлi де томырылған күйде жүр. Бүгiн, таңертең келген малға су құйғызғалы өтiп бара жатып, Нұрғаным мен Базаралының үй iшiнде қатты күлiп, әзiлдесiп отырғанын естiдi. Содан құдық басында тұрғанда Нұрғаным үйiнен шығып, су ала келген жас келiншекке ақырып жiберiп:
– Қайт шапшаң! Нұрғанымға бұл құдықтан су тимейдi. Алғызбаймын, арамдатпаймын құдығымды. Айта бар! Бұдан былай бұл құдыққа қарай Нұрғаным үшiн аяғын қия басатын кiсi болса, желкесiн қырқамын! – дедi.
Және сол келiншек кеткенше малға су құйып тұрған Масақбай, Дарқан сияқты бiрнеше еркектерге: "күндiз-түн осы құдықтың басын күзетiңдер де, Нұрғанымға бiр ауыз су таттырмаңдар!"– деген.
Осы бұйрығын Оспан күнi бойы талмастан өзi бағып, шынымен орындатты. Нұрғаным аулы бiр тамшы су ала алмай қойды. Қолына дырау қамшы алып, бiресе құдық басында отырып, бiр кезек ұзын торы атына мiнiп, Нұрғаным аулынан суға қарай шыққан кiсi болса, ақыра қуады. Кейбiреуiн қамшылап, айдап тастайды. Кешке жақын ауылдан қашаң жердегi өзенге түйемен барып, бөшкелеп су әкеле жатқан екi кексе қатынды көргенде, Оспан өзi алдарынан шығып, суларын түйе үстiнен ақтарып төккiздi де:
– Нұрғанымға айт, Базаралыны кетiрмесе, нәр татқызбай, шөлден қатырамын. Жаны барында қазiр жөнелтсiн! Үлкен пәле iздемесе, тыйылсын қазiр! – дедi.
Түн бойында да су алдырған жоқ. Ертең таңертең тағы сол күй басталды. Бүгiн Оспан қап-қара боп түтiккен. Отырарға орын таппай дiрiлдей түсiп, сабыр-тақаттан бiржола айрылған едi. Нұрғанымның үйi мен аулы ендi судан шын зарықты. Оның үстiне мынау мiнез анық ашық жаулыққа бастады. Кесiр өсек кiмнiң де болсын жаманатын шығарып, абыройын төккендей. Екi жағы да қатерге басып барады.
Қайратты Нұрғаным бүгiн Оспаннан кем ызалы емес едi. Базаралыны аттандырған жоқ, ол түгiл қонағына кешеден бергi қырсық қастықтың елесiн де сездiрген жоқ. Тыста қабағын түйiп, ызалы жүрсе, үйге кiргенде, түк көрмегендей болатын. Нұрлы қызыл жүзi iш қуанышымен, шын рақатымен жадырағандай, жайнай түседi. Базаралыға бұрынғыдан да бетер құрмет көрсетiп, үнемi әзiл қатады. Базаралы болса, сыртта боп жатқан қияс тартыстың бәрiн күтушi әйелден ерте бiлген. Бiрақ ол да өзiнiң майталмандық табандылығына басып, "қайтер екен?" дегендей Нұрғанымға сүйсiне түсiп, ажарын бағады да, өздiгiнен үн қатпайды. Осындай iштей-тыстай арбасу арасында күн түске тақаған шақта, Нұрғаным әйел атаулының бұндайда көбiнiң қолынан келмейтiн батыл байлау жасады.
Ауыл қонып отырған жер сазды көгал. Қай жерiн қазса да құдық болады. Осыны ойлап, өзiнiң көршiсiнен үш бала жiгiттi қасына ертiп, ас үйiне кiрдi. Сондағы келiншекке от орнын босаттырып жiберiп, келген жiгiттерiне:
– Дәл осы үйдiң iшiнен құдық қазыңдар! – деп, бiр-ақ бұйырды.
Жiгiттер Нұрғанымның екi айтқызбас нық әмiрiн орындап, жер қазуға кiрiстi. Нұрғаным саспады. Шошақ қара көздерi жалт етiп, нұр шаша күледi. Кәр өтпес шұғылалы жүзiне егесшiл бiр мысқыл толып:
– Қодар құлдай қара күшiне сенген Оспан масқара болғанын тез бiлсiн. Құдықты шапшаң қазып, самауырды тез қойып жiберiңдер! – дедi.
Толық көркем кеудесiн ерекше паңдықпен кере түсiп, салмақпен шалқия басып, ас үйден өз үйiне қарай көрнек берiп кете барды. Үлкен, ауыр шолпысы Оспанды сықақ еткендей саспай ғана сылдыр-сылдыр етедi. Нұрғанымның бұл iсi осы өңiрдiң барлық әйелiне кейiн аңыз болған едi. Үлкен қайраттың жан қиысар достықтың айнымас айғағындай болған.
Осы күндерде Қорықтағы ауылдардан он бес шақырымдай жерде, дәл осы Қорық сияқты мидай жазық, салқын қоныс Ералыда бiр әбiгер хал болып жатыр. Ащысу өзенiнiң ең суы мол тұсы – Ералы. Биылғы көктемде өз бойына қалың елдi, жүзден аса ауылды тартқан сол Ералы болатын. Ол тұста отырған Ырғызбай, Бөкеншi, Жiгiтек, Көтiбақ рулары. Және осы тұсқа жақын, сонау биiк тау – Орданы қыстайтын Мамай да көп. Қазiр осы Ералыдағы ел үстiне сайлау келдi. Бұл болыс сайлауы. Көп ауылдардан оқшау барып, жиырма-отыздай үлкен ақ үйлер тiзiле тiгiлген. Үйлердiң орналасып отырған қалпы да, мал иесi ауыл емес, не ас пен тойға, не болмаса дәл осы жолғыдай оқшау келген ұлыққа тiгiлген үйлер екенiн көрсетедi.
Ол үйлерге келетiн бұл жолғы ұлық, жай сайлаушы крестьян начальнигi емес, Семейдiң Ояз начальнигi. Қасында топ стражник, урядниктерi бар, екi крестьян начальнигi бар. Бұл Ояз көп пәуескемен, қалың қоңырауларды шылдыратып кептi. Алды-артына орыс-қазактан жасауылдар шаптырып, үлкен бiр айбар шегiп келген. Алғаш тақай берген күндерiнен-ақ, алдынан шыққан Қызыл-адыр мен Шыңғыстың екi старшынына қолма-қол дүре соққызыпты. Сондай жұртты сескендiрген дақпырты ере келдi. Қазiрде Ералы бойында отырған екi болыстың қалың елiне, қыруар ауылдарына бұл келген Ояздың аты " Тентек-ояз " деген лақаппен дабырайып тұр.
Абай Ақшоқыдан келе жатқан бетiнде, Ералы бойында, ұлықтар үйiне жақындау отырған бiр кедей ауылдың қасына кеп тоқтады.
Бұл ауыл – малды ауылдардан қалпы, сұрқы бөлек. Көп үйлi ауыл. Және үйлерiнiң барлығы да шетiнен құрым киiздi, жүдеу, жыртық, қара үйлер, қоңыр үйлер. Азғана аяға үйiле, жиыла қонған малсыз ел екенi оңай танылады. Жақын өңiрде үй саны ең көп ауыл да осы, отыз-қырықтай. Маңында байланған құлын жоқ. Қотан ортасындағы қой жататын қорасы аз. Ауыл айналасында iрi қара да сирек. Анық ауыр жоқтықтың, кем тар кедейлiктiң кейпiн танытады.
Абай мынау ауылдың көп жатақ атанған, көп рудан құралған ауыл екенiн бiлушi едi. Ақшоқыға қыстау салғалы ерте көктемде Абай көшiп келгенде, қыстан қысылып шыққан сол жатақтардың: Дәндiбай, Еренай деген шалдары Абайға келген. Ас-азықтай азды-көптi көмектер алып кеткен-дi. Сол Дәндiбайлар Абайға жайларын айтқан.
– Жатақ деген бiр тайпа елмiз. Бiр шетiмiз – қысты күнi Байғабыл, Мыялыны қыстайды. Бiр тобымыз – мынау өзiңе жақын Кiндiктi Шолпанды паналайды. Бұл жатақтың iшiнде қырық рудан құрылған ел бар. Ордадағы Мамайдан, Шыңғыстағы Көкшеден де, жоқтық қанатын қырқып, шабан-шардақ болған талайлар бар. Қысты күнi жаман-жәутiк, арық-тұрағымызбен әрбiр сайға бұқпалап, паналап тiршiлiк етемiз. Күн көзi жылтырап, көктем келе барымызды салып, үш үй, төрт үйден бiрiгiп, жер тырмалаймыз. Жер емшегiн емген, еңбегi жанса, тым құрмаса талшығын алар деп, егiндi кәсiп етемiз. Маңымызға келiп қыстау салғаныңа елдiк қып күш-көмек етсек жарар едi. Iске жарайтын жiгiт-желеңiмiз болса, қырман шабу, былжыр басу сияқты жұмысыңа жiберемiз. Керегi боса, бiзге оныңды айт! – дескен-дi.
Абай Дәндiбай сөзiнен жақсы бейiлдi аңғарса да, ол кезде көмектерiн алмаған.
– Жатақ болған соң талшығың егiн екен. Көктем сендердiң ауыр бейнет кезiң ғой, егiндерiңдi егiп ал. Аз күштерiңдi алаң қылмайын, бейiлдерiңе тойдым. Қораны осында өзгелер-ақ салар. Бiрақ тобыңа бөтендiгiм жоқ. Жер аяғы кеңiген соң барам, аралап қайтам. Амандық боса, тату көршi болармыз. Ағайын, туғанға сәлем айтыңдар! – деген-дi.
Сол әңгiмеден соң жатақ iшiне Абайдың алғаш келгенi осы. Сайлау басына бармай әуелi осы жатақтарға Абай әдейi бұрылған. Ербол екеуi әуелi қиыс өте берiп, бiрiнен-бiрi: "мұншалық көп кiм екен" десiп сұрасты.
– Осы жатақтар болар. Япырай, жоқшылық қалай жүдеткен мынау елдi! Сонау шетiндегi, әне бiреу, шашылған, жапырылған неменелер? – деп Абай атының басын тартып тұрып, Ерболды да тоқтатқан.
Абайдың көзi түскен шетте үйлер орнына, өңшең қоқсық қордадай, ерекше бiр панасыз жүдеулiк орнапты. Аса кiшкентай қара лашық күркелер көрiндi. Кей жерде ескi кебеже, ағаш мосы, ыңыршақ, ашамайлар, жаман сынық ағаш төсектер тұр. Сондай қоқсық арасында бастары қылқиып қана көрiнiп отырған жас балалар бар. Жыртық-шоқпыт тон-шекпенге оранған, дiмкәс кемпiр-шалдар байқалады. Ербол бұл көрiнiстiң мәнiн өзiнше жорыды.
– Ералыда дауыл қатты бола берушi едi. Осы ауылдың бiр топ үйлерi жығылып қалған ба деймiн! Әне бiреу жағы өңшең баспанасыз қалғанға ұқсайды ғой! – деген.
– Бұрылайық, бұларға не болған, бiлейiкшi! – деп, Абай көп үйлi ауылдың жаңағы күркелер жағына бұрылып келдi. Бұлардың алдынан ұзын таяғын ұстап, сақалы ақшыл тартқан бiреу шықты. Жалаңаш етке киген шекпенiнiң өңiрi жыртылған. Жүдеу жүзiнде ажымы мол Дәркембай екен. Жiгiттер бұны көргенде аттарынан түсiп амандасып, тақау күркенiң жанына келiстi.
Бұл жатақта Дәркембай да барын Абай бiлмейтiн.
– Жатақтың iшiнде сен де бар ма едiң, Дәркембай? Бұндай жайыңды мен неғып бiлмедiм? – дедi.
Дәркембай басында үндемей отырып барып сөз қатты. Сенiң бiлмегенiң, мен жаңа кеп қосылып отырмын.
– Ендiгi қалған тiрлiкте мекенiм, жұртым осы ел! – деп бастап, бiрталай ұзақ сөйлеп кеттi. Осында отырған қырық үйлi жоқ-жiтiктi сұрасаң, менiң теңтұсым екен. Сүйiндiк пен Сүгiрдiң малы бар деп, көшiне iлесем деп, көп өмiрiм текке өтiптi. Шыр бiткен мен жоқ. "Әлiң барда сойыл соғарым едiң. Қыс боса, қара малымның қарақшысы едiң. Қартайғанда, әл кеткенде сенiң де еңбегiң жансыншы. Кәрiлiгiң кәрiптiкте өтпесiншi" деген кiсi жоқ. Таңым айрылды. Ендi ыңыршағымды арқалап, кезбенi қойып, мынандай ел арасына байыздауға келдiм. Осылар еткен тiрлiктi тiрлiк етпек боп келдiм! – деп, өз күйiн жабырқау, жадау қабақпен баян еткен едi. Ербол:
– Бұл ел iшiнде жақын ағайының, туысың бар ма, жоқ па? "У жесең руыңмен" деушi едi. Тобыңнан жырылғанда, мұнда кiмдi пана тұтып кеп жүрсiң? – дедi.
Өзiнiң Бөкеншiлiк, ағайындық сөзiн қосып, Дәркембайды сәл кiнәлағандай сөйлеген едi. Дәркембай iркiлген жоқ. Ол Ерболмен дауласпай, Абайға қарап сөйледi.
– Бөкеншi, Борсақтан шыққан жанкүйер жақыным жоқ. Жақынды мұнда ғана емес, қалың Бөкеншiнiң қайнаған ортасында тұрғанда да көргем жоқ қой. Бұндағы туысым дейтiнiм – осы отырған қырық үйлiнiң бәрi. Атасы туыс емес, тiрлiгi туыс. Көрген көресi, кешкен соры менiмен туысқандар өңшең.
Ербол Дәркембай жүзiне жалт қарап:
– О қалай? – деп едi.
Дәркембай әлi де Абайға қарап:
– Оным сол, дәл солай, Абай! – дедi.
Тағы бiраз үндемей отырып, жуан таяғын көп лашықтарға жағалай нұсқап шықты. Дәркембайдың ендiгi сөздерiне кейде ызалы мысқыл араласады. Бiрақ сонысын да бiр қалыпты, салқын сабырмен айтады.
– Осында исi Ырғызбайдың бүгiнгi байыған Ақбердiсiне, Мырзатайына, Құнекең аулы – өзiңе қысы-жазы малшылықпен құлшылық еткен бiр топ Әнет, Қарабатыр да бар. Бөжей, Байдалы, Түсiптерге бiр күндер малшы, жалшы болған бiрталай жандар тағы бар. Бәрi менiң өзiмдей, талтиған таздар. Бұл елдiң iшiнде кiм бар десең, шал Дәркембай, қатқан шал Дәндiбай, дiмкәс шал Еренайлар бар. Өңшең шабан-шардақ. Азаматы бай малының соңында жүрiп, ауру, мертiк болған бiр алуан да бар. Өмiр бойғы бар қайратын ақ қар, көк мұзда, ақ түтек боранда, жан аямастыққа салғандар. Осы үйлердiң көбiне кiрiп қарасаң: – Бiрi қартайып шөгiп қалған, бiрi жастай семiп, солып қалған. Бiреуiнiң науқасы жел, бiрiнiкi құяң, суық сорған. Бiреуi көзден айрылған, тағы бiрiн сынық-мертiк шоңқитып кеткен. Қысқасы – мынау жыртық-тесiк үйлердiң өзiндей жағалай жүдеген бiр өмiр. Жаңағы Құнанбай, Бөжей, Байсал, Сүйiндiк, Сүгiр, Қаратайлардың көшiне ере алмай, керегiне жарамай қапты. Солардың жұртына тастап кететiн ескi ыңыршақ, тозған қауға, жыртық жабулары болмаушы ма едi! – деп, үлкен ажуа жасап күлдi. – Ал, менiң нем өзгеше? "У жесең руыңмен" дедiң ғой сен, Ербол. Менiң тап бүгiнгi күйiм де, туысым да осы жер. Руым, ұраным да осылармен! – дедi.
Абай Дәркембайдың сөзiнен аса қатты ойға қалып, бiресе қабақ шытып, сұрланып, бiресе күрсiнiп, тымағын қолына алады. Тынымсыз, қиналып отырған орнында қозғалақ қағады. Дәркембайға еңкейiңкiреп, тақай түстi.
– Дәркембай-ай! Жоқшылық пен жаманшылық ел iшiн кеулеген ғой. Сенiң көзiңдi, қыран көзiндей қырағы етiп, сол ашқан екен. Қазақтың сусылдаған дiлмары, су төгiлмес жорғасы, қызыл тiлден май тамызғаны неме керек! Шешендiк күшi шындық қой. Сенiң шоқтай күйдiрiп түсер жаңағы шыныңа қай Құнанбай, қай Сүйiндiк жауап айта алар едi. Жетесiнде азаматтық асылы бар жан болса, "бәрiн үйiп-төгiп, бiр Дәркембай жеңдi" демес пе едi! Мойын бұрғызбай, бұрап соқты дер едi! Өз көзiң ашылумен бiрге, менiң де көзiмдi қоса ашып отырсың десем керек қой! – дедi.
Бұлардың қасына осы кезде бiр топ кiсi тақап келдi. Әр үйден шығып, бас құрасып, кейбiреулерi жүк арасынан, қоқсық, шоқпыт, құрым арасынан шығыпты. Солар келген соң Абай бұл ауылдың бағанадан ерсi көрiнген бiр жайын сұрады.
– Ал мынау әр жерде баспанасыз, қаусап қалған кiмдер? Өзi бiр үй емес, көп үйдiң сiлемi көрiнедi ғой. Бұл үйлер дауылдан жығылған ба? Жөнiн айтыңдаршы! – деп, жаңа келген жатақтардан сұрап едi.
Келгендер арасында Абай бұрыннан бiлетiн Дәндiбай, Еренай сияқты қарттар бар және түстерi жүдеу, ашаң тартып, сұрланған, киiмдерi жыртық, екi-үш орта жасты адам бар. Ернiне насыбайын жымырып, томсарған, қабақ түйген сарғыш беттi жiгiттер де бар едi. Бұл топты Абайлар қасына бастап келген жатақ емес, осында қонақ боп жатқан Қарашаның Абылғазысы екен. Ол Абайлармен амандасқан соң, қастарына келiп, ең алдымен отырған-ды. Жаңағы Абай сұрағына жауапты Дәндiбай шал бердi:
– Дауыл соққан ба дедiң ғой, Абай шырағым! – деп, кекесiнмен бiр езуiн тартып, шала күлдi. Дауыл соққаны рас, дауылға ұшырамаса мынандай толып жатқан үйлер осындай боп жайрап қала ма? Дауыл соқты, бiрақ құдайдың дауылы емес. Ұлықтың, болыстың дауылы. Анау Оязға тiгiлген ақ үйлердiң мына жағында бөлек тұрған он шақты қараша үйдi көресiң бе? – деп, алдағы ұлықтар аулының сол жағын нұсқады. Абай мен Ербол ендi аңғарды. Оқшау тiгiлген ақ үйлердiң маңынан аулағырақ жерде бiр топ қара үй, бас түйiстiрiп кеңескендей, аз ғана аяға бүрiсе қоныпты.
Абайлар сол үйлердi көрiп алғаннан кейiн, Дәндiбай ұлықты бiр боқтап алды:
– Жатуына ақ үй керек. Мазағы мен масқарасына бiздiң лашықтарымыз керек болыпты ғой.
Ербол түсiне алмай:
– Қандай мазақ? Не масқара? – деп едi.
Бастығы Еренай боп, жиылып тұрған кедейлер жапырлап сөйлей бастады:
– Мазақ емей немене, жазалаған кiсiсiн салатын абақты қылам деп бiр үйлерiмiздi алды.
– Ас пiсiретiн үй деп бiреулерiн алды.
– Ол ол ма, Ералының кең жазығы жетпегендей, ұлықтар дәретке отыратын үй деп, тағы бiр үйлерiмiздi алды.
– Алғызып отырған болыс пен шабарман, өңшең қу старшын.
– Бұл қу топыры қашан бiтетiнiн ит бiлсiн. Ауру кемпiр-сампырымыз бар едi, кем-кетiк, ақсақ-тоқсақ, әке-балаларымыз бар едi. Отырған түрлерi анау, шоқпытына оранып. Бәрiнiң баспанасын сыпырды да әкеттi! – дестi.
Абылғазы Абайға бұндағы жұрт кейiсiн жеткiзе түстi.
– Тап осы көп жатақтан ендiгi болыс пен бидi сайлайтын кiсiмсiп, салмағын бұларға салыпты. Тiптi ырзалығын да сұраған бенде жоқ. Майбасар бұйырыпты да шабармандар кеп, жұлып-жұлып, ұйқы-тұйқы қып әкетiптi.
Абай айналасындағы жиынға қарады:
– Тауқыметiн өздерi көтерсiн, сендер неге бердiңдер?
Осы кезде бұлар отырған кебеже, жүктiң арғы бауырында жатқан, жыртық шекпенге ораған, шеке тамырлары көгерген екi кiшкене бала қыңқылдап үн қатты. Ауру балалар екен. Үрпиген қоңырқай шашының астынан бозарып, күстенiп, науқас ажарлы терiсi көрiнген төрт-бес жасар балаға Абайдың көзi түстi. Бала қыңқылдап, қайта тынышталғанда, оның көзiне, езулерiне, құлағының iшiне жапырлап қонған қалың қара шыбын көрiндi. Соған қарап отырып, Абай:
– Көзiне көк шыбын үймелетiп. Онсыз да тұралап жатқан аш-арыққа осынша қаталдық қылатын не қысасы бар екен, өңшең оңбағанның? Дәркембай, сенiң баяғы ашуың қайда кеткен? Шабарманын қақ басқа бiр салып, айдап тастамайсың ба? – деген едi. Жатақтар:
– Ойбай-ау, о не дегенiң!?
– Оған болайын деп тұр ма?
– Қақап тұрған жоқ па?
– Шабарман емес, сабарман ғой! – дестi.
Жатақтардың жаңағы соңғы жайды жапырлап сөйлеп Абайға түгел жабыла айтуы тегiн емес едi. Соның мәнiн Дәркембай таңданып қалған Абай мен Ерболға жайлап отырып баян еттi.
Осыдан он күн бұрын жатақтар ортасына, мынау Абылғазыны қасына ертiп, Базаралы келiптi. Ол тегi Құнанбай аулына, Қорыққа, осы Ералыдан барған болар.
Сол Базаралы мен Дәркембай көп мұңдасып, Ералыда отырған көп жатақтың жайын танытқан екен. Базаралы мен Дәркембай, бiрi үлкен, бiрi жас болғанмен, екеуi бiрдей ер, өр және көңiлi жүйрiк адамдар болғандықтан, кездессе, шұрқырасып табысады екен. Дәркембай айтуынша: "айдалада көк қасқыр соқақ-соқақ!" дегендей, ол бiр жiгiттiң бөрiсi.болған соң, мен өзiм де шүйiркелеп, соған барымды жеткiзгiм кеп, исiнiп тұрам!" дейдi.
Базаралы үш күндей осында боп, Жiгiтектiң, Бөкеншiнiң, Көтiбақ, Мамайдың, Көкшенiң жатақ үйлерiнiң бәрiне кiрiп, жай-күйлерiн бiлiп шығыпты. Ауруының көңiлiн сұрап, сауына ақыл-көмек, кеңесiн айтыпты. Бiр үйiнен шалап, бiрiнен iрiмшiктiң сары суын, шалабын iшсе де тоқмейiл бопты. Барын мiсе қып, көп мұңдар шертiсiптi. Қалың жатақтың көңiл iн көтерiп, ән салып, әңгiме де айтып берiп, қоңыр лашық, жыртық үйлердiң жақын досы боп кеткен екен.
Базаралы ат үстiнде көп жүретiн болғандықтан, Дәркембайға осылардай жатақтың Тобықты iшiнде әлденеше жерде барын баян етiптi. Доғалаң бауырында Сақ-тоғалақ, Тасболат жатағы бар. Бiлде, Кiндiктiде – Әнет, Бәкең, Көтiбақтардан шыққан жатақ, Ордада – Мамай жатағы, Мыялы Байғабылда қырық рудан құралған жатақ барын айтқан. Оның үстiне Базаралы Шыңғыс сыртында, Бақанас бойында орналасқан Керей жатағын да бiледi екен. Көкендегi – Уақ iшiнен шыққан "қырық үйлi" деп аталатын және Семейге бiр бекет жерде Жалпақта, Балторақта сан-сан үйлi жатақтар барын да айтқан. Онысы және қысыр кеңес емес, Керей-уақтың, Бура-матайдың, Ертiс бойлаған елдердiң бәрiнiң жатағы. Базаралы айтуынша солар шетiнен егiншi. Дихан боп, қысқы, жазғы үзiлмес еңбекпен күн кешедi екен. Осындағы бар жатаққа Базаралы ақыл айтыпты.
– Жер емшегiн ем. Екi үйiң, үш үйiң бiрiксең де, бiр жер, екi жер салсаң да, жер тырналап, күш қауқарыңды соған сал. Ен тұрған қалың күзектер, бұлақ, бастау, қоныстар осы бауырда көп қой. Жаздай, жалғыз орақпен болса да, пiшен шабыңдар. Шыңғыстан кетiп, Семейге жақындап кеп отырғаныңның өзi үлкен ақыл. Базарың жақын, артық ауысыңды, пiшен-саламыңды сол базарға тасып, шай-пүйiңдi алып отырасың.
"Ел iшi алтын бесiк, алтын бесiк" деп, дәмелене-дәмелене, дәрменiңдi тауысып болмадың ба? Ол барға бесiк. Жуан мен зорға бесiк. Бос үмiтпен бой алдырғаның аз ба?
"Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ" дей-дей болмадың ба? Ендi бiрiңе-бiрiң сүйенiс те, осы арада өлмес күнiңдi көр, түге! Осы отырған бiр-бiрiңнен өздерiңе жақын ешкiм жоқ. Күйi бiрдiң күнi бiр, дiнi бiр болсын, берекеңнен айрылма! – деп өсиет айтыпты Базаралы.
Бұл сөздер көңiлiне сонша жаққандықтан Дәркембай Абайға бұлжытпай баян еттi. Ербол мен Абай да осыншалық үлкен сыншылықпен және ащылықпен айтылған шындыққа барынша ден қойып отыр.
Абай iщiнен: "Шiркiн, Базаралы оқыған болса, бiр Тобықты емес, бар қазақтың осындай мұң-мұқтажына алтын бергек, асыл дiңгек болар едi-ау!" деп ойлады.
Бұл айтылған жайлар Дәркембай әңгiмесiнiң басы екен. Осыны баяндап кеп, Дәркембай ендi жаңағы көп жатақтың "шабарман – сабарман" деген сөзiне келдi.
Базаралы үш күн қонып аттанғалы отырғанда жатақтар үстiне шапқылап, шабармандар кептi. Жан-жақтан салқар-салқар көш қылып, ақ үйлер артып келген екен. Сойыс малын да қуып келiптi. "Ояз шығады, үй тiгедi, қырғын болады" деп, Тәкежан мен Майбасар жiберiптi.
Таңертең шай үстiнде Базаралы Абылғазы үшеуi отырса, шабармандардың бiр үшеуi келiп, осы жатаққа жаудай тиiптi. Ауыл шетiнде шу шығып жатқанын Дәркембай естiсе де, Базаралыға айтпай отыр екен. Сүйтсе Базаралы да iштей, болыс әлегi келiп жатқанын бiлiп отырыпты.
– Ақсақал, осы аулыңа бөрi шапты ма деп отырмын. Немене, ана жағың азан-қазан боп кеттi? Тағы ұлық пен болыс. Әлегi ме, – деп сұрапты.
Дәл сол кезде, Дәркембай танымайтын үш жас атшабар тасырлатып үй сыртына шауып келiп, "Дәркембай, қайдасың, шық?" – деп айғайлапты. Дәркембай шықпай бөгелген екен, екi иiнiнен дем алып, алқынған жынды жiгiттер: "шық ойбай, құдайсымай! Болыс пен стражник қысып жатса, сен қу кедей де салмақтанамысың?"– деп боқтап, ақыра бастады.
Базаралы томсарып ап, Абылғазыға иек қағып қойып, Дәркембайға: «Шықпай, жауап та бермешi, қайтер екен» деп өзi ана жiгiттерге дауыстапты.– "Уә, жiгiттер! Кiмсiңдер тегi? Мұнда түсiп- ақ сөйлессеңдершi!" деп, сыпайы сөз қатқан екен. Атшабарлар асау аттарының омырауымен Дәркембайдың кiшкене үйiн соғып, құлатарман боп: – "Шық та шық!" деп, боқтаудың астына алады. Соның үстiне, дырау қамшыларымен үйдi сабап, шықырлатып уығын сындыра жаздайды.
Соған жеткен соң Дәркембай шыдай алмай, үйден атқып шыға берсе, әкесiндей кiсiнi, құтырған атшабардың екеуi екi жақтан қамшымен тартып-тартып жiбередi. Осы шақта ашуы әбден қайнап жеткен Базаралы мен Абылғазы, жымнан ытқыған жолбарыстай боп тысқа атқып, ақыра қоя берген. Екi атшабарды Базаралы бiр өзi жағаларынан алып, екi қолымен жалғыз-ақ жұлғанда, табанының астына бiр-ақ салыпты. Тағы бiр атшабарды Абылғазы да бүктеп қалған екен.
Екеуi үш атшабардың басына мiнiп отырып, құйрықтарын түрiп қойып, "ал саба!"– деп Дәркембай көзiн сығырайта күледi. Талайдан бiр айызы қанғандай, құшырлана түсiп әңгiмесiн айтады.
– Несiн айтасың! Баласы мен қыз-қырқынын шулатқан жатақ атаулы жиылып кеп, иiн тiресiп қарап, сондай бiр мәз болмасын ба? Бiрде-бiр жан үшеуiне болысып, жалғыз ауыз үн қатып, арашашы болған жоқ. Тобылғы сапты қамшы сынғанша сабады, Базаралы бағланым! Әй, жiгiттiң ардагерiсiң-ау! Ерiм! – деп, Дәркембай сөзiн бiтiрдi.
Сонымен бiраз үндемей отырып қап едi.
– Ал бiрақ үйiңнен айрылғаның не қылғаның? Баспанасыз отырсың ғой, түге, – деп Ербол сабырсызданып, кейiнгi жайды сұрады.
Ол туралы Дәркембай қысқа айтты. Базаралы тағы екi күн болыпты. Атшабарлар кетiп, жатақ тыныш тұрған екен. Содан Базаралы аттанып, Қорыққа кетiптi. Ал болыстар, ертеңiнде старшын, елубасыларын бастық етiп, отыз кiсi боп келiптi де, жатақтың мынау қазiр жалаңаш қалған, баспанасыз қалған үйлерiнiң бәрiн де, бiр-ақ сәтте тiк көтерiп, көшiрiп әкетiптi.
Дәркембай осыдан кейiнгi сөзiн Абайға бұрды.
– Болысқа, ұлыққа ерген сұмдар, "айт" десе әкесiнiң көрiн ақтаратын иттер емес пе? Дәркембай, сен неге көндiң дедiң жаңа. Дәркембайда дәрмен қалды ма, Абай-ау? Шырағым, азаматым-ау! Одан да қолыңнан келсе, өзiң айтып, үйiмiздi өзiң қайтарып бер. Көп жатақтың үйi болмаса, ас iше алмай, дәретке отыра алмай жүр ме екен, бұл өңшең содыр-сойқандар! – дедi.
– Үйлерiмiздi қайтартып бер. Қорлық-мазағынан құтқар тым болмаса! – дескен сөздердi тiлек етiп, шағым етiп, Абайға осы арада тұрған топтың бәрi айтты.
Ендiгi сөз қысқа, кеңеске салатын дәнеңе жоқ. Абай етегiн қағып, қамшысын мықынына екi бүктеп алды да, Дәркембай бастаған топқа қарап:
– Жүр, жүрiңдер, бәрiң де жүр! Абылғазы, сен де жүр! – деп, жатақтың көп жиынын қасына iлестiрiп алды. Ербол екеуi де аттарына мiнбедi, тек жетекке алысты. Ұлықтардың үйiне қарай, жатақтармен бiрге жаяу әңгiмелесiп кеттi.
Бұл топ саны көп қара үйлер арасымен жүрiп, қотан шетiне қарай бөлiнiп шыққанда, әрбiр жүктiң арасынан, кейбiр қара лашықтардан шығып, осы ауылдың тағы да көп еркектерi қосылды. Абайлар тобының артынан жедел басып, ағылып кеп, көбейiп барады. Арттан жетiп, амандасып жатқан кiсiлердiң iшiнде қазiр қапсағай, биiк бойлы, ажарында қайраты бар, орта жасты кiсiлер көрiнедi. Бастарына шыт орамалдар байлап алған, жалаңтөс, күнге күйген, бұлшық еттi жiгiттер де байқалады. Үнсiз түйiлген қабақтарына ашу мен кекесiн жиылған, буырыл сақал, ақ сақалды, жадау жүздi қарттар да бар.
Абайлар келiс қарсаңында, сайлауға кеткен үйлерде болсын, атраптағы елде болсын, үлкен бiр әбiгер бiлiнедi. Ояз тек қана сайлаушы боп келмеген. Бұл жолы бiр асығыс тергеудi де өз мiндетiне ала кептi.
Тәкежан осы сайлау әбiгерiмен баласының жаназасын шығара сала, аулында қала алмай, Ералы жақта жүр едi. Қысылып қорқа жүрген-дi. Шыңғыс елiнiң беделдi адамдары: Оразбай, Жиренше, Асылбектер де қазiр қысылуда. Кеше Абайға хат жазып шақыртқан Тәкежан емес, Асылбек болатын. Оның Абайға атап айтқаны – Базаралы сәлемi, соның жайы екен. Базаралы ұсталып, қамалып отыр. "Ұстатып отырған Тәкежан, осыны Абай бiлсiн!"– деп, Базаралы Абылғазы арқылы Асылбекке айтқызыпты. Базаралының ұсталғаны кешегi күн.
Асылбек Абайға хабар айтқызғанмен, Абылғазыға:" зге елге бiлдiрме пәледен пәле туып, ұлғайып кетер" деген. Сондықтан, Абылғазы Базаралы жайын жатақтарға да айта қоймаған-ды. Базаралыны бұл тұста, өздерiнiң бiр есебiмен, Оразбай, Жиренше де жақтағандай болды. Олар Тәкежанмен осы жиын тұсында араздыққа тақап тұр.
Өйткенi, Тәкежан бұларды да Базаралы жөнiнде ұлыққа атап берiптi. Сонымен олар қазiр амалсыз Базаралыны жоқтаушылардың тобынан табылғалы тұр. Абайды тосқан осындай топ. Бұлар Абай келiсiмен, оны оңаша алып шығып, жайды баян еттi. Бәрiнiң кезектеп айтқан әңгiмесiнен Абайдың аңғарғаны мынау болды. Тентек-ояздың қасына ерген, өр Найманнан шыққан бiр топ жоқшылар, үлкен сөз ұстап келiптi. Осы өткен қыста сол Найманның Құдайсүгiр деген жуан бiр аулынан Тобықтының барымташысы, бастығы Оралбай болып жылқы алыпты, – дейдi.
Оралбай былтыр Керiмбала дертiнен соң елге қайтпай жоғалып кеткен едi. Iшiнде ыза кеткен жас жiгiт қасына қол жиып ап, мылтық-құрал ұстап, сол бiр жылдан берi, Тобықтыдан, Керей, Сыбаннан және сол өр Найманнан да талайды алыпты. Жуан мықты ауылдарды iрiктеп жүрiп, мал айдатып алып, теңiз жақ шеттегi Керейдiң бiр аш-арық, қалың ауылдарына орнаған екен. Құдайсүгiрдiң арызы Оралбайды:" ұлыққа қарсы, елдiң жуан, жақсыларына қарсы бүлiк басы адам " етiп көрсетiптi. Сол арыз к өршiлес Жетiсу мен Семейдiң екi жандаралының да кеңсесiн көп аралаған екен. Екi болыстың жапсарында мойны қашықта әрекет етiп жүрген өжет, кекшiл, өр жiгiт патшаның әскерiнен де қаймықпапты. Осы қыс пен көктемде Аягөз бен Семейден қуа шыққан бiр отрядты мазақ еткен. Ұзатып әкетiп, ен далада ас iшуге отырған бiр кездерiн бағып келiп, барлық аттарын тиiп әкетiптi. Талай күндер жиырма-отыз кiсiнi жаяу қаңғыртып, аштық пен шөлден иттей қатырыпты.
Екiншi бiр жаманат хабары тағы бар. Оны Оразбай, Жиренше күлiп айтса да, Асылбек сотқарлықты сүймейтiн мiнезiмен сескенiп айтқан.
Ол iс Аягөз бен Шұбарағаш арасында, бекет жолында болған. Семейден Қапалға кетiп бара жатқан қасында екi стражнигi бар крестьян начальнигiн бiреу жолбасарлық қып, шабуыл жасап, тонап жiберiптi дейдi. Осындай үлкен пәлеге де Оралбай жазалы деп, Найман көрсетiптi. Сүйтiп, бар жаманатты сол жiгiт басына үйiп-төккен Ояз тергеуге кеп отыр. Найман өзiнiң малын бiр қуса, крестьян начальнигiнiң кегiн және қуыпты. Әрi куә, әрi пәле басы боп келiп отыр. Олар бес кiсi, Ояздың қасынан шықпайды. Өздерiмен тiлдесiп, қазақ жолымен келiсуге ыңғай көрсетпей отыр. Ұлық болса, "елiңнен сол Оралбайдай сотқар шықты. Ол патша өкiметiне қарсы, сен, соны көрсетпедiң", – дейдi. "Болыс, би, старшын бәрiң де бастарың сотқа кетедi, қылмыстысың", – дейдi. Арызының iшiнде Базаралының аты бiрге жүрген қағаздар да болса керек. Кеше Тентек-ояз келiсiмен Тәкежанмен бiрге, осы отырған үшеуiмiздi шақырып алып: "Оралбайды тап, Базаралыны алдыма келтiр!" деп, қатты ығырып, қатал әмiр еттi. Бұларды солайша қыспаққа ал деп көрсеткен Тәкежан көрiнедi. Оралбай қолда жоқ. Ал, Базаралының iшiне тығып шүпiрекке түйгендей бiзден жасырғаны болса, өзi бiледi. Тек атасы бiр дегенi болмаса, анау Балағаздың iсiндей, бұл жолы да, Оралбайдың көп пәлесiнен оқшау, аман едi! – дейдi.
Жиренше бұдан былайғы жайды әлденеден күрмелiп, бөгеле берiп, тұспалдай сөйледi.
– Тәкежан болыстың ойы елден бөлек. Бiздiң жауабымыз – Оралбайды бiлмеймiз. Ол бұл елден шығып кеткен бiр шығай. Елдiң де, Базаралының да оған құрығы жетпей қалған. Не iстеп, не қойып жүргенiнде бiздiң ортағымыз жоқ. Өзiң ұстап ал да, бiлгенiңдi қыла бер. Алғашқы сөзiмiз, Тәкежанмен, Майбасармен қосыла ақылдасқанда, соған сарқып едi. Бiрақ кеше кешке Оспаннан Тәкежанға хат алып Дарқан келген екен. Базаралы мен ағайын iшi бас араздық боп қалған ба? Не қылсаң өз басыңды ақта, Базаралы қолымда отыр, осыны жау деп ұстап бер! – деп, хабар етiптi. Содан берi Тәкежан өз аулына Жұмағұл шабарманды бастатып, төрт стражниктi жiбертiп, Базаралыны алғызып кеп, жаңа сәскеде ұлық қолына табыс еттi. Ал, Тәкежан Базаралыны айдатқалы жамандап жатыр ма, не десiп жатқанын бiлмей, сенi шақыртып отырмыз. Осыған ақылыңды айт!
Абай бұл арада үлкен түйiн түйiлгенiн сездi. Оспан жағынан жүрген астыртын сырдан, мынау сыртқы пәленiң екеуi де зор. Өте өрескел жұмыстар түйiсiп тұрғанын, Абай Асылбектерден көрi толығырақ аңғарды да, қабағын шытып, қинала күрсiндi. Сайлауға арналған үйлердiң орта тұсында өңшең алты қанат үш үй бiрiне-бiрi тiркестiрiлiп, қосыла тiгiлген екен. Сол үй жаққа көз тастап, зәрлi жасауылдар мен лыпыл қаққан жылпос атшабарларды көрдi. Аяқ ұшымен басып, жүгiре түсiп, қатты қимыл етiп жүрген ынталары байқалады. Арғы үйлерде отырған қатал ұлықтың ызғарын сездiрiседi. Әлi жауап қатпаған Абайды Асылбектiң сөйлеткiсi келдi.
– Сайлауға келген ұлық, әуелi сол сайлау жағынан бастаса керек едi. Мынауың тамам елдi жиып, қамап қойыпты. Болыс жамандаған кiсiнi бас салып қыспаққа алады. Солардың мықтап көрсеткенiне дүре соғады. Ұлығыңның аңғары бiзден де Базаралыны иянаттаған арыз түсiр дейтiн көрiнедi. Соны құшақтай түсейiн деп отыр! – дедi. Абай әлi үндеген жоқ.
Соңғы бiраз сөздi Оразбай айтты. Қысқасы, барды бiлдiң. "Былай баспа – былай бас. Олай iстеме – былай iсте " дегенiңдi бiзге өз аузыңнан осы арада өзiң айтшы! – дедi.
Абай бұл адамдарға көп сөз таратып айтуға үлгермедi. Ұлық үйлерi жақтан. "Шоқа баласы! Шоқа баласы!" деп, Жиреншенi шақырып, "Сүйiндiк баласы!"– деп, Асылбектi, "Аққұлы" деп, Оразбайды шақырып, бiр стражник пен бiр атшабар қамшы былғап келе жатты.
– Әнi, ұлық бiздi керек етiп жатыр! – деп, Жиренше Абайды асықтырғандай. Тез жауап күтедi. Абай оған да асықпай, үшеуiне қарай түстi. Қатты бiр бекiнiспен жұдырығын түйе сөйледi.
– Ұлық бетiнен ықпаңдар, домбытбасы болса сескеңбендер. Базаралыны Оралбай үшiн Тәкежан күйдiртем десе де, сендер бермеңдер. Оралбайды құрығы ұзын ұлық қой, өзi ұстап алсын. Бұл пәлеге Базаралыны батырмаңдар! – дедi.
Осы кезде бұлар қасына жеткен стражникке жаңағы аты аталған үш кiсi ердi де, ұлықтың үйлерiне кеттi. Абай кейiндеп бара жатқан атшабарды өзi отырған орнына шақырып алды. Ұлықтың мыналарға ызғары қандай болады. Маған соны сен бiлдiрiп тұр. Осыны тек саған ғана мiндет етем, бiлдiң бе? Бар! – дедi.
Атшабар Абайды бiлетiн. Осы елдiң өзiнен шыққан жiгiт болғандықтан, ұлықтың қасына ерген болса да, мынау айтылғанды тез аңғарды. Өз басына сын сияқты түсiндi. Уәде берiп кеттi. Абай Ербол мен Абылғазыға да iс тапсырды.
– Жақын ауылдарға тегiс, шапшаң кiсi шаптырыңдар. Ер-азамат, атты-жаяулы түгел, ұлық үйлерiне жетсiн! Ал, мына сайлау басындағы еркек-әйелдiң үлкен-кiшiнiң бәрiн қалдырмай, лезде осы мынау үйлер тұсына жинап келе берiңдер! – дедi.
Жиреншелермен алғаш сөйлескен жерiнде Абай бiр сағатқа жуық отырған кезiнде, сайлау үйлерiнiң айналасына топталған ел анық мол жиынға айналды. Стражник-атшабарлар қалың елдi дәл ұлық үйлерiнiң өз қасына жақындатпай, алысырақ ұстауға тырысады. Айғайлап, айбар шегiп, қамшы, қылыштарын көтере түсiп, доң айбат жасайды. Жұртты жасқап, iркiп жүр. Бiрақ қалың елдiң бүгiнгi әлдеқандай бiр оқшау күйдi тосқан түйiлгендiк байқалады. Базаралының жазықсыз ұсталып келгенiн бұл ел бiлген. Оны аяп, Тәкежанға жирене қараған салқын ызғар бар. Жұрттың көпшiлiгi сұрғылт жұпыны киiмдi, шаруаның елi. Бағанағы Абаймен келген жатақтар да тегiс осында жүр. Базаралы хабарын естiгеннен берi олар әсiресе ширығып қатулана түскен. Абылғазы солардың арасында. Өзiнiң осында келуi Базаралы үшiн екенiн ендi айтып жүрген.
Аздан соң қалың жұрттың Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар жүрген бiр шоғырының iшiне Абай тақап келдi.
– Мен қазiр мынау ұлық үйiне кiремiн. Базаралыға қамшы жұмсаса, қарап қалуға болмайды. Жазықсыз азамат басына қорлық таңба соқтыра алмаспыз. Осы жерден тарамаңдар! Ербол, Абылғазы екеуiң менiмен бiрге кiрiңдер! – дедi де, екi жолдасын ертiп, ұлықтың үйiне кiрдi.
Абай араларынан кетiсiмен, анталап тұрған қалың жиын арасына, ауыздан-ауызға көшкен сыбыр бұйрық жайылды. Сыпсыңдап, жылдам тарап жатты. Дәркембай сияқты қартаң адамдардың жүзiнде және жатақтың көп жастарының пiшiнiнде қабақ түйген бекiнiс бар. Ширақтықпен сәт күткендiк бiлiнедi.
Iркес-тiркес тiгiлген үш үйдiң алдыңғысында ел қазағы жоқ. Тек қылышты, құралды стражник-урядниктер мен орта шендi төрелер тұр екен. Тергеу орталық үйде көрiнедi. Есiкке қарсы тап ортада, жасыл жiбек жапқызған кеңсе үстелiнiң жанында ұлықтар. Ширатылған ұзын қоңыр мұрты бар, биiк бойлы суық қабақты қара-сұр Ояз Кошкин ақыра тергеу жасап отыр. Бұның сөзiн қазақшылап тұрған қысық көз, шолақ мұрын, семiзше тiлмаш екi аяғынан тiк тұр. Мойнын қисаңдата түседi. Қазiр жауап берiп отырған Оразбайға о да зiркiлдеп, аяғымен жер теуiп қойып, кәрленiп сөйлейдi. Абай жолдастарымен ауыз үйге кiргенде, жауапта отырған Оразбайдың жалғыз көзi мұны шалып қалды.
Ояз тергеуiнiң ожар, озбыр сөздерi ызасын келтiрiп, зығырын қайнатып болған ба? Немесе Абайдың келiсiн арқаланып, әншейiндегi намысқор ерлiгiне, томырық мiнезiне басты ма, әйтеуiр Оразбай жерде жүгiнiп отырған қалпынан көтерiле берiп, бiр тiзелеп алып, өзiнiң қатты үнiмен тiлмашқа сөйледi.
– Жеткiз ендеше! Мен Оралбай емеспiн. Елдiң жазықсыз, қылмыссыз адамымын. Мына Жиренше, Асылбек айтқаны рас. Сол сөз менiң де сөзiм. Оралбай үшiн күйетiн ел жоқ мұнда. Базаралының да түк жазасы жоқ. Ақырып-шақырмасын мына ұлығың! Жеткiз қазiр осынымды! – дедi.
Тiлмаш осы сөздердi аударып жатқанда Оразбайдың жауабына сүйсiнген Абай Ербол мен Абылғазыға ақырын күбiр етiп:
– Еркек мынау екен, бәсе! – деп, төргi үйдiң есiгiне қарай, " тiлмаш қалай аударар екен " деп, ұмтыла бердi. Сол кезде екi жақта тұрған сақшылар Абайға қатты зекiп:
– Тұр тоқта! – деп қалып едi.
Абай орысша сөйлеп, салмақпен үн қатып:
– Сабыр! Мен уездный начальник мырзаға өтуiм қажет! – дедi.
Бiрақ есiк пен Абай арасына екi стражник тұрып қалған едi. Дәл осы уақытта оң жақта тұрған сыпайы, сұлу пiшiндi бiр чиновник iлгерi қозғалды. Абайдың орысша сөйлегенiне таңырқап, қызыққандай. Стражниктердiң алдынан жанаса келдi де, күлiмсiреген пiшiнмен:
– Сiз кiм едiңiз? Бiлуге рұхсат етiңiз! – дедi.
Абай бұл кiсiнiң сыпайы жүзiне өз тарапынан лайықты тағзым көрсетiп, тымағын алды. Өз қадiрiн жоймайтындай, тең тәрбиелi сыпайылықпен бас иiп:
– Мен Ибрагим Құнанбаевпын. Халықтан шыққан жұпыны кiсiмiн, дедi. Төреге күлiмсiреп, барлай қарап, тоқтап тұр. Абаймен сөйлескен төре бұрынғысынан да жадырап, жақындай сөйледi.
– А, сiз Ибрагим Құнанбаевсыз ба? Мен сiздi бiлемiн. Жақсы бiлемiн. Маған сiздiң досыңыз адвокат Андреев көп айтқан. Таныс болайық, мен Лосовскиймiн! – дедi.
Абай бұл кiсiмен таныса сала, алдыңғы үйдi көрсетiп:
– Мұнда не хал болып жатыр? Бұның бәрi бiзге – халыққа ренiштi... – дей бердi.
Абайдың алдынан шыққан стражниктер, бұл кезде Лосовскийдiң қабағын байқап, орындарына қайтып кеткен едi. Советник Абайға бетiн шұғыл тақады да, аузын алақанымен далдалай берiп:
– Сiздiкi дұрыс. Сiздер ғана емес, реттi әкiмшiлiк үшiн де ренжiрлiк, топастық бар. Самодурство! – дедi. Соңғы сөзiн қып-қызыл боп, ашумен айтты. Бiрақ кейiн шынға жетермiз! – деп шегiне бердi. Барлық ауыз бөлмеде тұрған ұсақ төрешiктерге әдейi бiр қыр көрсеткендей боп, Абайдың алдына алақанын көлденең созып, орталық үйдi нұсқады. "Кiрiңiз, рахым етiңiз!" – дегендей.
Бiрақ Абайдың орталық үйге бас сұға беруi-ақ сол едi. Оразбайдың жаңағы жауабын түгел естiпболған Ояз ақырып, әмiр еттi. Базаралыны нұсқап, бұйрық берiп тұр. Екi стражник Базаралыны иығынан жұлқып жiберiп, шалқасынан бiр түсiрiп, сәтте етпетiнен салып, қамшымен тартып-тартып жiбердi. Абай осыны көре сала, ақырып, айғай салып:
– Постой! Не смей! – деп қалып едi. Үйдiң iшi апыр-топыр. Орнынан жыландай ысқырып, атып тұрған Ояз, Абайға тақай бере:
– Сен кiм? Сенi кiм шақырды? – деп қалды.
Ұзын мұрты қалтырап, көзi жиренiш отын шашып, Абайға тақап кеп, тiк қарап тұр. Абай бойы Ояз бойынан биiк едi. Қаны қашқан, ызалы жүзi бар, екi көзi қанталап, ұлыққа жоғарыдан төмен шаншыла қарайды. Айыптап кiнәлағандай боп, қатты жауап бердi.
– Ақырмаңыз! Менi жиылып тұрған халық жiбердi! Тоқтатыңыз қазiр мынау бассыздықты!
Ояз ызадан қайнап кетiп, жаңа Абай араласқанда қамшыларын көтерiп тоқтап қалған стражниктерге "соқ!" деп, қайта бұйрық еттi де, Абайға саусағымен көзге шұқығандай нұсқады. Асқақ, ашулы ұлық оған да ақырып:
– Сенi абақтыға жапқызамын! – дедi.
Абайдың "Ұрма! Тиме, тарт қолыңды!" деген қарсы айғайын елеген де, ұққан да жоқ. Базаралы үстiне қамшы жауып қалды. Ендi ұлық Жиренше, Асылбектерге де, оқшау отырған Оразбайға да дүре соқпақ. Қолын қайта нұсқап, қасына жиылып қалған төрт-бес стражникке:
– Жиырма бес қамшы, отыз қамшы! Елу қамшы! – деп, ең соңғыны Базаралыға кестi. Абай дәл осы шақта жанып тұрған отқа түскендей. Көз жұмған, өжет ерлiкке басып едi. Ендi ашу емес, ызасы күштi, тартыс қаны қайнағандай. Ұлыққа қарап:
– Ендi бар нәрсеге сен жауап бересiң! Помни, сам виноват! – деп есiкке қарай ұмтыла бердi. Ербол мен Абылғазыға айғай салып, қатал әмiр еттi:
– Ұмтыл, қаптат елдi! Ойран ет! – деп, есiктен өзi де жүгiре шықты. Тыстағы Дәркембайлар, әлдеқайдан, қысқа шоқпар, дырау қамшылар тауып ап сақадай сайланып та қалған екен. Абай шыға бере:
– Құлат! Ойран ет! Талқанда, мынау үйлерiн! – деуi-ақ мұң екен. Айналада сiресiп тұрған ел Дәркембайдың: "қыр, жой!" деген жалғыз айғайымен, үш үйдiң үшеуiне де қамшы, шоқпар ұрып, тозаңын аспанға шығарды. Төрелер өз бастарына тиiп жатқан ызғарлы жаза соққысын көргендей. Ояз Жиренше, Асылбектердi ұр дегенмен, стражниктер оларға ұмтылған шақта, ауыз үйдегi чиновник Лосовский ақыра жүгiрiп келген. Ояздың бетiне бетiн тақап, түгiн атып, түкiрiгiн шаша, қатты сөйлеген. Үй ортасындағы столды кең алақанымен сарт еткiзiп ұрып қап:
– Жеттi бассыздық! Доғарыңыз дереу! Сiз ендi қайтып түзелместей қата еттiңiз! Тыйыңыз дүренi, шапшаң! – деп едi.
Чиновник Абайдың қандай ызамен қайнап кеткенiн, қандай өрт қимылға бекiнгенiн жаңағы шыққан айғайлы жүзiнен анық танып кеп, осыны iстеген-дi. Лосовскийдiң әмiрiнен соң, үй iшi аз уақыт жым-жырт едi. Көтерiлген қамшылар да Жиренше, Асылбек, Базаралыға соғылудан тыйылып, бата алмаған қалпында, асылып, тұрып қалған. Тек алғашқы қамшы тиген Базаралы ғана. О да қазiр жұлқынып, ұшып түрегелдi. Ояздың қасында, аппақ қудай боп, неғыларын бiлмей тұрған Тәкежанға қарап:
– Жауым сенсiң, Тәкежан! Тiрi болсам, кегiм сенiмен кетер! – деп қалған.
Бұндағы сөз осы-ақ болды. Барлық үйге сатырлап тиген қамшы-шоқпар уық-керегенi шатырлата сындырып барады. Ұлықтар басындағы жұқа баспананы, ышқына соққан халық ашуы жапырып, қиратып келе жатыр. Есi ендi кiре бастаған урядник ең алдымен мылтығын суырып ап, шаңыраққа атты. Осының жолымен тағы бiрнеше стражник мылтығын атып қалып едi. Ояз оларға ендi өзi ақырып:! Тоқтат!", "Атпа!" деп әмiр бердi. Сырттағы жұрттың iшiнде, мылтық үнiнен серпiлiп, секiре кейiн шыққан бiрер шалдар болса да, көпшiлiк үш үйдi, сығымдаған шеңгелiнен шығармай тұрған. Ұлықтың үй iшiнен ақырып: "Мылтық атпа! Тоқтат!" деген әмiрiн сыртта анық аңғарған Абай, бар елге қатты айғаймен белгi бердi:
– Сескенбеңдер! Ендi ата алмайды! – деп, жар салды.
Сол арада Ербол, Абылғазы, Дәркембайлардың үндерi саналы ызамен екiленiп, бiрлесе шықты:
– Құлат мынау үйлердi! Жық! Домалат! Ал жұлып, баспанасын! – дестi. Ауыздағы үйдiң сол жақ қанатына барлық ел қаптап кеп, иiн тiресе, жабыла тұра қалды. Бұл қимылдың алдында жүрген көбiнше жатақтар. Солар тобы қалың күшпен еңсере қайрат еткенде, ауыз үйдiң уық-керегесi шықырлай сынды, сығылысып, iшке қарай жапырылды. Қабысып-қабысып барды да, ақыры шарт етiп құлап кеттi.
Орталық үй мен ауыз үйдiң арасы есiк емес, бiр қанат керегенiң орны жоқ, кең өткел-дi. Төргi екi үйде үрпиiсiп қалған ұлықтар, ел ашуынан қорқып тығылғандай. Бiрiне-бiрi сығылысып тұр екен. Абай Оязға, нұсқап тұрып:
– Өзiң кiнәлысың. Сен елдi түзетушi емес, бұзушысың! – деп ақырды да, адымдап барып Базаралыны қолынан жұлқа тартып: "шық былай!" дедi. Базаралы Абайдың сыртына ытқып шықты.
Осындай шақты пайдаланып Асылбек, Оразбай, Жиренше де шапшаң ытқып, Абайдың сыртына қарай, ел iшiне араласып кеттi. Бұл уақытта Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар және осыларға ұқсаған толып жатқан көпшiлiк үлкен ызада. Олар – би-старшын емес, бай-бағлан емес, бiрақ сын кезеңдерде ел салмағын тәуекелшiл сом иықпен берiк көтеретiн өжет жандар. Қазiр солар Оязға, Тәкежанға ақыра үн қатып, жан-жақтан қамшы жаудырғандай бұйрықтар сiлтеп тұр. Абай ендiгi сөзде, сол жұртқа кезек бердi. Ербол, Абылғазылардың Ояз бен Тәкежанға анық жеткiзiп айтқан талабы:
– Сайлау бермеймiз! Сен сайлаушы емес, елдi ойрандаушы. Жөнiңе кет, қайт шапшаң! Ендi сенiң бұйрығыңа көнетiн ел жоқ! – деп ұлықтарға бiр айғай салды. Сонымен қатар қалың елге:
– Таратып апкетiңдер анау үйлерiңдi!
– Тарасын ел бұл арадан! Қу томардай сорайып, жалғыз ұлықтың өзi қалсын!
– Немесе, соның бауырына тығылған азғын, сұмдар қалсын!
– Үйлерiңдi ал, жатақтар! Көнбе зорлыққа. Алып кете бер тегiс үйiңдi!
– Тараңдар! Тастаңдар жалғыз ұлықты!
– Қалсын адыра! – десiп, бiрi артынан бiрi айғайлады.
Осы әмiрдi көпке жеткiзiстi де, Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар жұртты басып, серпiле жөнелдi. Тарағанда құр бақыра, шақыра тараған жоқ. Кiмнiң ақылы басқарғаны белгiсiз, әйтеуiр ең алдымен ұлықтар маңындағы барлық атты қуып кеттi. Содан кейiн ел ұлықтарды қадiрлеп тiккен үйдiң барлығын лезде жықты. Үйлердi ең алдымен жыққан жатақтар. Олар үйлерiн шапшаң әкеттi. Аз уақыттың iшiнде бiрiне-бiрi дауыл үйiрiп кеп қосып, өрескел күйдi тоқырайтып, мiнгестiрiп кеткендей екi ғана үй қалды. Жарымы құлаған ұлықтар үйi. Маңайы тып-типыл.
Жаңа осыдан бiр-ақ сағат бұрын ұлық мекенi бүкiл Ералы атырабына айбар шегiп, "мен мұндалап" тұр едi. Қазiр көл бетiндегi көбiктей боп жоғалып кеткен. Халықтың кәрi ұрғандай жалп етiп, құлап түстi.
Ел ынтымағы бұнымен бiткен жоқ. Ералыда отырған барлық ауыл ұлықтардың үйiн қу далаға жалғыз қалдырып, сол күнi, дәл түс кезiнде бiр-ақ көтерiлiп, тегiс көшiп те жөнелдi. Өз маңынан елдi үркiтiп, айдалада жалғыз қалғанда, ұлық тобы қас масқара боп қалды.
Айнала елсiз жат. Көз ұшында бiр бұдыр көрiнбейдi. Тысқа шығып осы жайды болжап жүргенде, салмақты Лосовский, екi алақанын жайып, өз өзiнен күлдi де:
– Ең аяғы бұралқы ит те қалмапты, – деп басын шайқады. Өзiнiң өрескел iсiн ендi аңғарған, үнсiз ашумен тек қана басын шайқай түсiп, сенделiп жүрген Тентек-оязға қарады.
– Киргиз даласын көп жылдан берi бiлiп жүрiп, мұндай ұйымдасқан ел көрген жоқ едiм. Осы керек бiзге! Кешпестiк қата жасадық. Елдiң жазықсыз адамдарын орынсыз жабайылықпен жазалау арқылы мынадай соққыны көрiп отырмыз. Менiң адал арым сiзге бар шынымды айтуды талап етедi. Қалаға барғанда, осы жолсыз сапар үшiн сiзбен жоғарғы ұлықтар алдында есеп айырысатын боламыз! – дедi.
Тентек-ояз жауап қатқан жоқ. Қолын бiр сiлтеп, бұрылып жүрiп кеттi. Ұлықтар қасында өзiнiң екi атшабар, екi старшынымен қалған Тәкежан ғана. Әмiр құдiреттiң бұл сәтте қадiрi кетiп, қауқары бiткенi соншалық – ендi бiр жұтым сусын, бiр қайнатым шай, бiр түйiр бауырсақ, iрiмшiк табудың өзi күш болды.
Ұлықтар сайлау жасай алмайтыны айдан айқын едi. Ендi бөгелместен табан тайдырып, Семейге қарай жөнелу қажет. Тентек-ояздың соңғы Ояздық ықтияры сол ғана болды. Тәкеженға өздерiн кешiктiрмей, тез ат тауып жөнелтуге әмiр еттi. Болыс өзi мен маңындағы атшабар, старшындарының аттарынан құрап, төрт пәуескенi екiндi кезiнде зорға жүргiздi.
Тентек-ояз дәл жүрерде, бүгiн болған ғаламат уақиғаны қорытып келiп, өзiне бағынышты чиновниктерге соңғы байлауын мәлiм еттi. Тiлмаш арқылы Тәкежанды, старшындарды да қағыстырып, сұрастырып, өзiнiң ұлықтық ақылымен де қорытып алғаны осы. Қалаға, жоғарғы ұлықтарға апаратын акт, мәлiмдемесi есептi.
Сол қортындысының бiр үлкен "бабы" – бұл Ояздың өз айыбын ақтайды. "Оралбай үлкен қарақшы. Базаралы ел iшiндегi соның сүйенiшi, айлакер, ақылды басшысы. Ал Оразбай, Жиреншедей кiсiлердiң бәрi Базаралыны жақтаушылар. Солардың iшiнде, осы Шыңғыс елiнiң болысы Тәкежан Құнанбаевтың туған iнiсi Абай да бар. Сайлау бермей, жоқты сылтау етiп, пәле шығарушы – Базаралы мен Абайдың әзiрлеп қойған кедей, малай қара бұқарасы.
Бұл елдiң болысы Тәкежан да жаман. Ол Оралбай мен Базаралыға бас араздық арқылы өш болғанмен, ұлыққа қарсы наразылық ашуды тоқтата алмады. Ұлықтарды далаға тастап кеткен қалың елдiң, тым құрса, бiр ауылын да ұстап қалуға жарамады. Базаралыны қашырып жiберген елге түк қуғын жасай алмады. Елдi сайлауға әзiрлей алмағаны үшiн, Тәкежан Құнанбаев болыстық орнынан түсiрiледi. Оның орнына уақытша кандидаты Жабай Бөжейұлы болыс болады!"– деп қорытынды еттi.
Осыны пәуескеге мiнерде, тiлмаш арқылы жариялады.
Өз масқарасының бiраз жарасын өз тiлiмен жалап, қағазбен сылап, емдей түстi. Тәкежанды орнынан алған бұйрығын, осы ел iшiнде құпия тапсырмамен қалып бара жатқан тiлмашқа бердi де, жүрiп кеттi.
3
Он шақты күннен берi Абай Семейде каталашкада отыр. Үлкен абақтының өзi емес. Бiрақ уақытша жаза орны болса да, каталашка өз тұтқынын әрбiр жаза орнына лайықты, қысымда ұстайды. Темiр торлы терезе, құлыптаулы есiк бар. Сол есiктiң орта тұсындағы тар тесiк тұтқын адамның сырт дүниемен қатынасына тар өткел болады.
Жасауыл әр шақырғанға келмейдi. Сарала қылыш асынған ұйқылы жүздi, орта жасты, көп ажымды күзетшiлер. Бұның кейбiрi Тентек-оязбен елге ере шыққан стражниктер сияқты. Тұтқын орны сол Тентек-ояздың кеңсесiнiң жанында. Абайдың бүгiнгi халiне дағдылы тұрмысы ұқсап көрмеген. Бiрақ сонда да ол өз күйiне бiр қыдыру үйренiсiп қалған сияқты. Айналасын көп кiтапқа толтырып алыпты. Көбiнше, сол кiтаптарына үңiлуде. Күндерi қалай өтiп кеткенiн байқамай да қалады.
Абайға осы кездерде аса бiр ықыласты достық көрсеткен бiрнеше шаhар адамы бар. Олардың iшiнде Ақбас атанған Андреев ерекше. Ол Абай қасына алғаш каталашкаға түскен күннiң ертеңiнде келген.
Содан берi әрбiр екi, үш күнде Абайға кiтап әкеп бередi. Абайды тар бөлмеден шығартып, ауыздағы шыбыны көп, терезесi аласа, өзi де бiр қапастай болған күзетшiлер бөлмесiне келтiредi. Iсiмен таныса келген кiсi боп, көп әңгiмелеседi. Кiтап соңынан кiтап әкеп берiп, "тұтқын жалғыздығына серiктер әкелдiм" деп, Абайдың көңiлiн көтерiп кетедi. Алғаш Абайға келiп ауылда болған халдi бiлген сағатында Андреев:
– Құтырып барған ұлықты соншалық масқаралап, абыройсыз етуiңiз осал iс емес. Ол – әдiл ашудың iсi. Бiрақ бұл сiздiң азаматтық бағаңызды ұлғайтқанмен, заң алдында әкiмдердiң ызасын келтiретiн iс. Рұхсат етiлмеген тентек, сотқар ашу! – деген.
Андреев осы жөнiнде Абайға сөйлесуден бұрын, өзiнiң жақын таныс адамы Лосовскиймен де көп әңгiмелесiп, барлық жайды бiлiп келген. Лосовский Андреевке Тентек-ояз iстерiн мазақтап, күлкi етiп айтатын. Ол Абайдың мiнездерiн намыскерлiк деп бағалаған.
Андреев үйiнде осы жай тағы бiр әңгiме болғанда, үшiншi бөгде бiр адам бар едi. Ол жасы отыздың iшiне толық кiрген, кең жайылған қара сақалды, зор ашық маңдайлы, қасқа бастау келген, қайратты, дана пiшiндi Михайлов болатын. Бұл адамның түр-сыпаты, киген киiм үлгiсi жергiлiктi адамдарға ұқсамайды. Ол чиновниктiң жылтыр түйме, оқа белгiсiн тақпайды. Өзi патша өкiметiнiң терiс көзiне көптен iлiнген, қылмысты жан болып, осы жаққа айдаумен келген адам.
Осы Михайлов бұл күнде облыстық үлкен кеңседе қызметте саналады. Ақырайған ұлық басынан кешкен масқаралық, күлкi жайды алғаш тыңдағанда Михайлов еш нәрсенi сұрамады. Бiрақ өзiнiң кесек, оқшау күлкiсiмен қатты күлiп, қызара түсiп, сүйсiнгенiн бiлдiрiп отырды.
Ол кейiнгi бiр күндерде Андреевтен, сол ұлықты масқара еткен сахара жiгiтiн көрсетiп, таныс етудi сұраған. Абай iсi Лосовскийдiң куәлiгiне байланысты екенiн Андреев айта берушi едi. Бұл iс жөнiнде, Лосовский өз сөзiн әдiлiмен айтуға бейiм болған.
Андреевтен досы iстеп жүрген жаңағы сияқты қам-қаракеттi бiлген соң, Абай алаңсыз болды. Оның бұл күндерде каталашка стражасынан жалғыз талап ететiн жағдайы болса, ол тек түннiң шамы ғана. Абай тiптi аз ұйықтайды. Бiрiнен бiрi қызық романдарды күндiз оқуға тоймай, түн жарығымен де оқығысы келедi.
Каталашканың қалқан құлақ жаман фонары жерге қойылмайды. Биiкке, жоғарыға асылады. Соның дәл түбiне кеп, кiтап жолдарын әрең көрiп отырса да қажымай оқи беретiн Абай, көзi талған шақтарда каталашка есiгiн жұдырықтайды. Қорылы күштi, бықсық ұйқыда жатқан бар стражниктi бөрiдей үркiтiп оятады. Ұйқыны бұзғанға гүжiлдеп, ашуланып келген қартаң стражниктер кейде Абайға кекесiн атып:
– Қарашы, киргизин оқымысты боп алған! Бабаң мен әкең үшiн де осы каталашкада оқып алайын деп жатырсың ба? Күндiз саған жетпей ме! – деп қыжыртады.
Абай бұларды беймазалап оятқаны болмаса, ұрысып қажаспайды. Қайта, кейбiр жаңағыдай өткiр қалжыңдарына сүйсiне күлетiн. Бiрiн Сергей, бiрiн Николай деп, өз аттарымен атайды. Жай ғана беделдi, сыпайы жүзбен сөйлейдi. Сахараның өзiнше тәрбиелi, сыпайылығымен үн қатады.
– Сергей, өзiң ойласаңшы, каталашкаң толған қандала. Ұйқы-тыным бермейдi. Тек осы кiтаптан басқа тыныштығым да, серiгiм де жоқ. Каталашкаңнан тамақ та iшпеймiн. Бiр шамнан басқа шығарар шығыным да жоқ, түсiнсеңшi! – дейдi. Бұған жиi кезiгетiн қарт Сергей әр кештi тыртысқан ерегiспен бастайды. Бiрақ кейiн екiншi шамды әкеп, өзi жағып бередi де:
– Дұрыс адамдар школдан оқиды. Школдан. Ә, сенiң әкең оқуды түрмеде оқы деп үйреткен бе? Тапқан школың осы жер ғой, мә! – дейдi.
Абайдың каталашкаға келтiретiн шығыны аз. Оның қымызы, етi, ыстық сорпасы тыстан келедi. Ербол әкеледi. Немесе осы жолы Абай мен Ерболдың атының басын ұстап, көшiр боп келген жас жылпос жiгiт Баймағамбет әкеледi. Қазiр де Абай камерасында қамыс тегене орталай толған салқын қымыз тұр. Пiскен ет, шай азығы да дастарқан iшiнде аз емес. Уайым ойламаса да, қаланың ыстық шағында, тұншығып булыққандай боп жатқандықтан, Абай тамақ iше алмайды. Сондықтан ба, болмаса күн көзiне шықпай көп күндер отырып қалғаннан ба қазiр, қара сұр реңнен, ақ сұр түске ауысқан.
Бүгiн, өткен түнде де аз ұйықтаған Абай, ертеңгi оразасын түнемел қымызбен ашып, қызық роман уақиғасына шомды.
Абай биылғы көктемде Ақшоқыда "Дубровскийдi" оқып отырғанда есiне алған бiр ойын бүгiн қайта тапты. Владимир үйiмен қоса, парақор төрелердi өртеп жiбергенде, Абай сондай намысты ашуға қатты сүйсiнiп едi. "Анық еркек ашуы осы екен!" деп қабылдаған.
Кейiнгi күндерде сол кiтап уақиғасын есiне көп алатын. Қабақ қаққандай бiр оқыс әрекет iшiнде, сол уақиғаны өзi де көргендей болды. Тентек-ояздың үйiн жапырып, құлатып жiбергенде, түкпiрдегi үйдiң аузына үркiп барып, сығылыса ұйлыққан Тентек-ояз бен бес-алты стражник, урядниктер көзге елестейдi. Рақымсыз ыза, от ұшқынындай елес берiп өтедi.
Бiрiнен бiрi алыс қауымдар, адамзаттар бар. Солар кей шақтарда өктем зорлық, озбыр қиянат iшiнде аға мен iнiдей ұқсас мiнез атады. Ноқталы жолбарыстар, ызада жолбарысша мiнез атқандай. Томағалы тұтқын қырандар, ызада қыранша мiнез танытқандай. Кей намыс кей жандарды ұқсас түрде ыршытады. "Ондайда, адамды, қауымды – жыныс, ұлыс билемейдi. Ұқсас күйi билейдi-ау!" деп бiр ойға кетедi.
Қазiр дәл осы ой созыла түсiп, тiзесiне салып қойған кiтап ашулы бетiмен елеусiз қалған бiр кезекте камераның есiгi шапшаң ашыла бастады.
Каталашканың надзирателi Хомутов өзi кептi. Ол бұл жерге, Абайды керек еткен адвокат келсе, не тергеушi начальник келсе ғана кiретiн. Абай "әлде босану кезi болды ма?" деп, оқыс бiр үмiтпен Хомутовқа қарай шапшаң тұрып, қадам баса берiп едi. Хомутов есiкте тұрды да, қатқыл, суық үнмен хабар еттi:
– Құнанбаев, дежуркаға жүр. Саған ауылдан әке келген! – дедi.
Абай бұл хабарға бiр жағынан таңданумен бiрге, екiншiден намыстана түсiп, жылдам басып, полицейге ердi.
Дежуркада шынында елден келген бiрнеше кiсi бар едi. Бес-алты кiсiлiк тобын бастап келген Ербол мен жас Баймағамбет көрiнедi. Абай оларға асығыс амандаса бере, ар жағынан Құнанбайды iздедi. "Осы араға кәрi сүйегiн сүйреп, ол несiне келген" дедi iшiнен. Жақтырмай келедi.
Осындай оқыс ой себебiнен, Абай бұнда тосып тұрған кiсiлер арасына қабағын түйiп келдi.
Топ iшiнде Құнанбай жоқ боп шықты.
– Әкем келдi деп едi, ол қайда? – деп Абай асыға сұрады. Ербол оны бүйiрiнен ақырын ғана түртiп қойды. Баймағамбетке қарап тұрып, соған айтқан кiсi боп, стражниктердiң көзiн алдап:
– Әкең мына тұрған Дәркембай емес пе, кiргiзiп сөйлестiрмейтiн болған соң айтылған ғой! – дедi.
Абай бұл хабарға қуанып, бас ие бердi. Сақалы ақ боса да, әлi қапсағай денесi, қайратты жүзi кәрiлiкке мойымаған Дәркембай Абайға кең құлаш жайды. Дос бейiлiн шын бере түсiп:
– Айналайын жалғызым, арысым! – деп, қапсыра қысып, бетiнен сүйдi.
Бұл жолы Ербол Хомутовты паралап келген сияқты. Дәркембайдың тұтқын жiгiт әкесi екенiне әбден сенген надзиратель жаңағыдай шын сағынышты, аталық құшақты көрген соң, "сөйлессiн" деп тайып кеттi.
Абай Дәркембайдың құшағынан шығысымен, өзге екеудi ендi ғана таныды. Әуелi қараңғы үйде беттерiне көлеңке түсiп тұрғандықтан аңғара алмаған едi. Таныды да, таң болды. Бiрақ, сол таңырқау үстiнде қатты сүйiндi. Әлi күнге үнсiз тұрған ұзын бойлы, сом денелi екi жiгiттi де қатты қысып, кезек құшақтады.
Абайды таң еткен сол екi жiгiт. Дәл осы күндерде, Семей түгiл, абақты түгiл, Құнанбай ауылдарының көзiне де көрiнбестей боп, ел iшiне сыймай жүрген жiгiттер.
Ералы жанжалының артынан осы пәле Тәкежанды орнынан түсiрдi. Абайды қалаға жауапқа шақыртып барып, абақтыға салғызды. Онан соң барлық Ырғызбай өрен-жарандары болып, "сол жанжалдың пәле басы, бұзықтары"– деп, Жiгiтек адамдарын таңбалап алған. Түп пәленi Оралбайдан, сонан соң Базаралыдан көретiн.
Одан соң сайлау басында омырау жасап, ұлыққа қарсылық көрсетiп, көп жатақты қоздырған және үйдi құлатып, елдi түгел бiрiктiрген осы тұрған жiгiттер дескен. Олар туралы Тәкежан мен өзге шағымшыл атқамiнердiң көбi, Тентек-ояз кеңсесiне де пiргауарлар түсiрген. Абай ұлыққа берiп шыққан бiрнеше жауабында, дәл осы бiр-екi жiгiтке көп қадалып, қатты өшiгiп сұраған тергеушi ұлықтың аңғарын таныған-ды.
Өз тергеуi ұзай түсетiн болса да, Абай бұл екi жiгiт жөнiнде ұлық қолына дерек боларлық сөз бермеген. Ендi мiнi сол ұлықтар қас көрiп, кәрiн тiгiп отырған екi жiгiт қалаға кiрiп, қақап тұрған ұлықтың абақтысына өздерi кептi.
Абай Дәркембай шалдың да келiсiн қатер көрiп едi. Оның да қағазы жаман болатын. Бiрақ Дәркембайдың бұл үшiн неге болса да iркiлмей басатыны Абайдың өзiне мәлiм.
Таң қылған мынау екi жiгiт. Қазiр олар Абайға күлiмсiреген дос жүзбен қарайды. Шын тiлеулес бейiлiмен, айрылмас бауырлық бiлдiрiседi. Бұлар Жiгiтектiң екi серке азаматы – Базаралы мен Абылғазы. Абай соларға қарап:
– Жандарым-ау, арандай ашылып тұрған арыстанның аузына, сен екеуiңдi кiм әкеп тықты? Әлде бiздiң ауылдар, мен үшiн сендердiң iшкенiңдi зәр, жегенiңдi желiм еттi ме? Сонымен келдiңдер ме? Жөндерiңдi айтшы! – дедi.
Базаралы Абайдың қазiр жаңылғанын айтып бердi.
– Сол айтқаның бiр бiз емес, бар Жiгiтектi сенiң артыңнан шұбыртқандай себеп екенi рас. Бiрақ бұл жолы бiздi ол әкелiп қайтсын. Осы абақтыда отырған сен болмай, Тәкежан болса да, сол сөз айтылар едi ғой. Бiрақ Базаралы мен Абылғазы онда келмек түгiл, "қыңқ" дер ме едi. Ешкiмнiң сызы да, зiлi де жоқ. Мына Дәркембай шалың мен қара сойыл, содыр Абылғазың "сен отырған абақтыда кең сарайдай, өкiнбей отырамын!"– дейдi, "қасынан қалмаймын" деп келдi, – дедi.
Дәркембай мен Абылғазы бұл сөздi екi жақтан, қатқыл салмақпен қостап кеттi.
– Бiз үшiн сен отырма! Бiз жоқшы болуға жарамаймыз. Наданбыз да, дүлеймiз ғой! – деп, Дәркембай бастаған. Ар жағын Абылғазы жұлып алып кеттi:
– Сен үшiн отырамыз. Бiзден не өнедi? Сен тым құрмаса елдiң жылағанын уатарсың. Жоқшы боламын десең еркекше ар-намысты жоқтай бiлерсiң. Бәрiмiздiң келгенiмiз сол. Сен шық, бiз жатамыз!
Түнеугi Қорықта Оспан айтқан жат хабардан соң Абай Базаралыны дұрыстап көрген жоқ-ты. Тек Ералыда, Ояз үйiнде, ашу жалын арасында бiр ғана сәт көзi шалып қалғаны бар. Iшi бiлiп тұр мынау ағайын тобын өзi бастап, өлiмге бекiндiрiп әкелген Базаралы. Ол Абай алдына өзiнiң тамам айыбын "кеш" деп, кiшiлiк етiп келгендей! Бұл үшiн өзiн құрбан еткелi, кешiрiм өтiнiп кеп тұр.
Абай iшпен, қабақпен табысатын күйдi бiраз ойлап барып түйдi. Байлауына жете сала мынау үшеуiне, соншалық бiр жадыраған жүзбен қарады. Жақсы кейiпте тұрып, көбiнше күле сөйледi.
– Ер егесте, нар кешуде. Жаңағы сөздерiң төбемдi көкке жеткiзгендей. Мен шын қатерде болсам жолымда өлгелi, айтқан тоқтым болғалы, ақ сақалымен Дәркембай кептi. Асау бойыңмен сен екеуiң де осыған бекiнiп кеп тұрсың. Қандай оттан сендер таярсың, қандай ажалдан мен тайсанармын? – деп күлiп жiбердi. Бiрақ, жұрт үркетiн түк те жоқ. Құр дәрiлеп атқан Тентек-ояз бопсасына өле кетейiн деп тұрған мен жоқпын. Маған шыбын шаққан құрым батқан жаза да, ыза да жоқ! Бұрын да көп алғыс айтатын жақсы орыс досым бар едi. Сол адам өзiне қоса бiрнеше үлкен, мығым достарды тауып берiп тұр. Соның бiрi, Ояз иттiгiн өз көзiмен көрген байыпты адам – чиновник. Мiне жай осындай. Осы аз күн iшiнде Оязбен менiң жауаптасуым мүмкiн. Ал онымен дауласуға мына Дәркемдi салмай-ақ қояйын! – деп қалжыңдады. Содан соң әзiлқой жүзiн Базаралыға бұрды да:
– Қазаққа қызыл тiлге дес бермегенiңмен, Базеке, сен де бұ жолғы дауды маған бер. Кiсi көбейсе, еселеген тергеу мен дау көбейедi. Пәле, жала қат-қабаттай бередi. Тергеу, тексеру де созылып кетедi. Сендердiң бүгiнгi күндер, бұл тұста керектерiң жоқ. Тез ғана елге қайтыңдар! – дедi де бүгiнгi сөздi тамам еттi.
Қуғыншы боп келген Жiгiтек кiсiлерiн, тұтқын үйiнен қайтарып жiберiп, Абай өзi, бұрынғысынша, сол орнында тағы бiраз отырып қалды. Дәркембай, Базаралылар болса, Ерболменен ақылдасып, өздерiне қатер дегенге қарамай Семейден кетпейтiн болды "Абай үшiн керек бола қалсақ, осыдан табыламыз" деп, Семейдiң ноғай жақ шетiндегi қыр қазағы көп қатынамайтын, бiр оқшау көшесiнен пәтер алды. Ерболмен анда-санда, түн кездерiнде астыртын хабарласып тұрады. Абайдың тергеуi қиындап, жаза кесiк сияқты қысталаң шақ болса, Ералы шатағын да Базаралы өз мойнына алмақшы. Абайдан жан аяғанша, өлген артық деп байлаған.
Нұрғанымды ерекше сүйген көңiлден өзi қайта алмады. Соншалық жалынмен бұған бой ұрған әйел де қызуын iрке алмады. Бiрақ сүйтiп жүрiп Базаралы өзгеден сескенбесе де "Абай бiлген күнi жерге кiремiн-ау" деушi едi. Iшкi-тысқы жарадай боп, бұ да қат-қабаттап келдi. Әсiресе азаматқа сын, елге салмақ боп келген сергелдең, қым-қуыт батады. Абай Базаралының өз алдындағы айыбын бiлсе де, оны әзiрше, ер елемейтiн жарадай бүркеп кеттi.
Абақты iшiнен Абайды көрiп шыққан соң, бұл жөнiнде Базаралы: "жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет дедi-ау Абай, ақылыңнан айналайын!"– дедi. Өз iшiнде тас-томардай түйiлiп жүрген бiр күдiктi осылай жадыратып, сыртқа шығарды.
– Жолдасын таппаған ер азады, басшысын таппаған ел азады, десе болады. Жолдасты да басшыны да тауып мерейiм асып тұрған күнiм осы! Байлау бiреу-ақ. Не Абайды аман шығарып ап, күле жайнап бәрiмiз елге қайтамыз. Немесе Базаралы бас қияды да, осыдан ел бетiн көрмей айдауға кетедi. Қиянға кетедi. Тек, өкiнбей кетедi бұл жолы! – деген.
Дәркембай да Абай турасындағы Базаралы сөзiне өзiнше бiр ойлы шешу айтты.
– Жауға жалынба, досқа тарылма деп жатыр ғой? Бәрекелдi! – дедi.
Абақтыдағы жалғыздық Абай сыбағасы болды. Бiрақ оның досы бiр Базаралы, Дәркембайлар емес соларға ұқсаған тiлеулестер саны молайып тұр.
Абай өзi осы соңғы күндерде жаңадан тапқан тағы бiр оқшау досы барын Ерболдан емiс қана естiдi. Ол досы Ертiс бойлаған "тоғай бойының елi" дейтiн қалың Бура iшiнен келген. Тiнiбектiң үйiне семiзден жараған үш сәйгүлiктi пәуескеге жегiп келiп түскен серi қыз – Салтанат болатын. Тiнiбек пен қыз әкесi – ылди бойының саудагер байы Әлдеке – құдандалы, дос едi.
Оның ауылдары сахара елiндей емес. Ертiс бойында, қалаға жуық жерде егiн, сауда кәсiптерiне көп салынатын. Үй-жайды ағаштан шатырлап, көрiктi қып салатын. Шаhар, базар, жәрменке дегендерге үлкендi-кiшiлi, әйел-еркегi қатынасып жүретiн. Үлгi алуаны Тобықтыдан мүлде бөлек. Сондай ауылдың ұзатылуға жақын жүрген, бойжеткен, ерке қызы осы жолы қасына тоқал шешесiн ертiп, қаладан ол-пұл керегiн алуға келген.
Салтанат бойжеткеннiң Тiнiбек үйiне алғаш келгенi бұл емес. Ол үйдегi Абайдың апасы Мәкiшпен ерекше тату едi. Осы өткен қыста, тағы бiр келген сапарында Мәкiшпен ұзақ сырласқан-ды. Мәкiштен Абай жайын айрықша сұрастырып едi. Сол кеште Мәкiш Салтанаттың өтiнуi бойынша, Абайдың бiр өлеңiн әнге салып айтып берген. Салтанат әннен көрi Абайдың сөзiне құлағын қойған.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да!–
деген жүрек зары шыққанда, Салтанат күрсiнген едi. Ала көлеңке кеште Мәкiштiң иығына екi қолын ақырын асып тыңдаған. Кәмшат бөркi басында, қызғылт жүзiн бiр сәтке Мәкiштiң иығына басқан. Артынан өз iсiнен ұялғандай боп, екi бетi ду етiп, ыстық қаны қайнап бойын тез жиып едi. Бiрақ өлең сөзi бұған өмiрiнде естiп көрмеген асыл сырдай көрiнген.
– Әттең дариға-ай! Мынандай арманды айтқызған қыздың мұңы бар дейсiз бе? – деп қана, ол кештегi сөзiн тамам еткен.
Осы қонақ таңертеңгi шай үстiнде Тiнiбектiң бәйбiшесiмен, Мәкiшпен, тоқал шешесiмен ғана оңаша отыр едi. Асығыстау жұмысы бар кiсiдей боп Ербол кiрдi. Мәкiш пен Тiнiбек бәйбiшесi Ерболдан "Абайдың iсi қалай? Босайтын аңғары бар ма? Адвокат не дейдi?"– десiп, екi жағынан ентелеп сұраса бастады.
Ербол қонақ әйелдердi бiлмеушi едi. Аз бөгелеңдеп, Салтанатқа таңдана қарағандай, үнсiз отырып қалған. Қыздың реңi себепсiз бiр қызара түстi. Үлкен, нұрлы қой көздерi Ерболға әуелi төменшiктеп қарады. Сәттен соң жiгiт жүзiне шыншыл ажармен тiктеп қарап, "жасырма" дегендей болды. Мәкiш те:
– Айта бер, бөтен кiсi жоқ! – деп қалып едi.
Ерболдың қысқа ғана айтқаны.
– Адвокат пен Абай iс аяғы алыс болмас деп үмiт айтады. Бiрақ ештеңе мәлiм емес. Одан берi де адвокат: "мұндай тергеу арты көлденең бiреудiң кепiлдiкке алуымен аяқтайтыны да болады. Сағатында әзiр тұру керек. Қала ұлығы бiлетiн беделдi адамнан, мың сомдай "залог" салып, Абайды кепiлге алатын кiсi әзiрлеп "қой" дедi. "Іс жақсылыққа сайғанда, осымен бiтуге болады" дейдi. Кепiлге алатын кiсi, үй-мекенi бар, сауда иесi адам болса, мақұл деседi. Сонымен келдiм! – дедi.
Бұндағы жұрттың бәрi анық аңғарды. Ерболдың көңiлiндегiсi Тiнiбектiң не өзi, не баласының бiрi болу керек. Бәйбiше бұндай iстердiң бұрын да неше рет болғанын бiлушi едi. Ендi отырып өкiнiш айтты.
– Ойбай қарағым-ай! Ендi бұның сәтi қалай болды? Үйде өзiң бiлесiң, бай да жоқ, екi бала сапарда. Қолда ақша да жоқ. Үй иесi болар, кепiлге шығарар, бақыр басты еркек жоқ қой! – дедi.
Бұл хал Ербол мен Мәкiштi де тығырыққа қамады. Ербол Абай үшiн ең сәтсiз бiр кез осы болғанын аңғарып, қысылып отыр.
– Япыр-ай! Шын қысталаң осы болмасигедi! Мал әкелдiруге ел алыс, жайлауға шығып кеттi. Кепiлге аларлық жанашыр болса үйде жоқ. Әбiгер үстiнде ел жақтан да қамсыз келiп едiк. Кепiл дәл осы күндерде керек боп қалса қайттiк? Бәйбiше, тым құрса осында көңiл жетер, өздерiңе ұқсас, үй мекенi бар қазақ саудагерiнiң бiреуiне сәлем жолдаңыз. Сөзiңiздi өзiм апарайын! – дедi.
Ендiгi ақыл анығында осы ғана. Бәйбiше мен Мәкiш қаладағы көңiл жетер дос-жар саудагерлердiң екеу-үшеуiн кезек-кезек атады. Бiрақ олардың да тегiс сауда сапарында екенiн естерiне алды. Мәкiш қатты кейiспен қабақ шытып:
– Жаз болса арбасын шықырлатып, бiрi "ел" деп, бiрi "ылди" деп, өрiп кетедi ғой бұлар. Тынымы болушы ма едi?! – дедi.
Үй iшiнiң дағдарысы ауыр. Осыны бiрталайдан сабырмен байыптап, бағып отырған Салтанат ендi барлық бұндағы жандарды таң қылғандай, тез бiр байлау айтты. Ерболға қарай сөйледi:
– Абай мырзаның досы тек сапардағы кiсiлер ғана болмас. Достыққа достық қарыз дейдi ғой. Әкем әкесiнiң де Абайдың өзiнiң де дос бейiлiн көп көрдiм деушi едi. Бiздiң мына анамыз екеуiмiзден Абайға сәлем жеткiзiңiз. Бұл жолғы не хажетi болса да бiз атқарамыз. Кепiлге Әлдекеновтi салсын! – дедi.
Бұл соншалық сенiмдi айтылған байлау үй iшiне мақұл көрiндi. Ербол аса ырза болып:
– Қарағым, қарындасым, бұның ер азамат айтпайтын асыл жауап болды. Ер басына азаттық әперетiн достықтан озған не болады! Алғыс деген аз сөз! Оны мен айтып қайтейiн. Құдай бұйырса, Абай аман-есен шықса, өз аузымен өзi айтсын. Мына хабарыңа мен тек қуанып қана қайтқалы отырмын! – дедi.
Салтанаттың жұқалаң қызғылт нұрлы, ақша маңдайы мен ұзынша қырлы мұрнында, ақ бұғақты, жұп-жұмыр иегiнде толқын бiлiндi. Уыз жастық ажар бар. Жүзi қызыл шапақтап, күлiмсiрей реңденедi. Жылтырай таралған қалың шашы, қызғылт реңдi. Сәндi салмақпен баяу төңкерiле қарайтын үлкен қой көздерiнде, назды, нәзiк сүйкiмдiлiк бар. Аппақ жұмыр саусақты, үлпiлдеген ақ бiлектi сұлудың алтынды бiлезiктерi, көп жүзiктерi де әсем. Құлақтағы шiлтерлi, алтын сырғалары тынымсыз жалтырайды. Күтiмдi таза сұлу шұғласын ол да сәндей түседi. Қыз аты Салтанат екенiн бiлгенде, Ербол iшiнен: "Салтанат десе Салтанат екен. Сырт сыпаты да, қасиетi де шын Салтанат қой" деп аса хұрметтеп кеттi.
Абай iсiнiң артында жүрген достарының соңғы бiр қам-қарекетi осы болған. Бiр жағынан адвокат қарекетi, екiншiден қуғыншы Ерболдар арызы, оның үстiне Абайдың өз жауабы – баршасы қосылды да, ақыры, областное правление дейтiн жандарал кеңсесiнде тергеу өтпек болды. Ай жарымдай жатып қалған Абай iсiнiң сот арқылы емес, әмiр иесi орындар арқылы жүретiн тергеуi.
Абайды екi стражник жандарал кеңсесiне әкелiп, үстiңгi үлкен үйге кiргiздi. Бөлменiң төрiнде көлденең созылған ұзын стол бар. Абайды соған жақын тұрған ең шеткi орындыққа отырғызды. Аздан соң стол қасына шендi, сарала түймелi, ресми ұзын киiмдi үш-төрт адам келдi. Жастары әр шамалы. Абай байқаған жоқ, бұның сырт жағын ала осы бөлмеге оның дауын қуып жүрген адвокат Андреев те келген едi.
Бөлменiң Андреевке қарсы жақ бiр шетiндегi орындыққа чиновник Лосовский кеп отырды. Оның қасына ерген қасқа маңдай, қаба қара сақалды, кең жауырынды бiреу бар. Келбеттi келген қайратты ойлы адам. Ол осы кеңсе қызметкерi Михайлов. Өзiнен кейiнiрек отырғандықтан Абай оларды да байқаған жоқ.
Стол басына келген ұлықтардың үлкен бурыл сақал, қартаң кiсi ақшыл шашын шалқасынан қайырған. Сол өткiр, көкшiл көздi чиновник, бұл мәжiлiстi өзi басқара келе, Кошкиндi шақыртты. Ералыға барған шендi төре ажарымен сондағы суық, қыңыр түсiнде Тентек-ояз кiрдi. Үнсiз үйдiң iшiнде аяғын қатты басады, тәкаппар жүздi. Абай қатарындағы орындықтарға отырған жоқ. Стол жанына отырды. Ел кiсiсi кiрген жоқ.
Шұнақ құлақтау, тiк шашты, тайқы маңдай, жыпық көз, селдiр сары мұртты бiр тiлмаш, ұлықтар столының маңына таман отыр. Бұл тергеу Абай iсiн айрықша бiр қолға алған, арнаулы "отырыс" сияқты. Абайдың осы күнге шейiн жеке жауабында айтылған сөздердi қайта сұрау басталып едi.
Жауапкер Ералыда болған халдi түгелiмен шолды. Тентек=ояздың елдi қорлаған, заңға қарсы қаракетiн айтты. Дүре соғып, қамшы жұмсағанын да iрiккен жоқ. Тек iштей ойлаған тәсiлмен, Абай ендi Базаралыға болысқанын айтқан жоқ. Оны әдейi iрiктi де, өзiн Оразбайлар үшiн, қызмет адамдары үшiн намыстанған кiсi қып көрсеттi. Үкiметтiң өзi елмен бiрге сайлап бекiткен "халық билерiн" Оразбайларды Кошкиннiң ел көзiнше дүрелеп сабағанын баса айтты. Барлық әлек содан болды деп баян еттi. "Ондай Оязды ел қадiрлеуге мiндеттi емес едi. Сонда да ел бұл кiсiге түк iстеген жоқ. Үкiметтiң қадiрiн түсiргенге ренжiдi де, тек сайлауға қалмай тарап кеттi. Сол халық iшiнде болып, халықтың тапсыруы бойынша, айт деген сөзiн айтқан менiң тарапымнан бұл кiсiге iстелген ешбiр жаманшылық, қиянат бар ма екен?"- дедi.
Абай бiрталай сөздерiн адвокат жазып берген арызы бойынша айтты. Сондағы жазылған сөйлемдердiң есiнде қалғанын орысша қайталап айтты.
Арызынан көлденең шығып, қазiр осы арада жанынан қосып айтам деген дәлелдерiне келгенде, кейде бөгелiп, қиналып қалады. Сондай орысша тiл орамы жетпеген тұс болса, оң жақта отырған тiлмашқа салмақты талап етедi. Өтiнiшсiз тапсырма бергендей боп: "осы тұсын ғана жеткiзiп жiбер" дейдi. Бiрер сөйлемiн аудартады да, ар жағын тағы өзi алып кетедi. Ұлықпен ең алғаш рет, ұзақ тергеу сөзде, сол ұлықтың өз тiлiнде сөйлесiп тұрғанына Абай iштей ырза сияқты. Ол тiлдiң "мәт тәштитi" келмей қалады екен деп қымсынбайды. Жадында тұтқаны, тек дауының дәлелi мен желiсi. Көңiлдегi кейбiр қазақша шешен сөздi сол арада аударып айтады. Онысы кейде тыңдаушыларға қызық, сүйкiмдi көрiнедi.
Бұл мәжiлiс ағасы – кәрi советник, заңшыл адамға ұқсайды.
Сол төренiң бүгiнгi мiнезiнде екi түрлi өзгешелiк бiлiнiп тұр. Ең әуелi – сахаралық киргиздi патшалық чиновникпен көзбе-көз кездестiрiп, iстерiн қоса тергеу әдеттен тыс едi. Екiншi – сол кездестiруде кәрi төренiң осы екi адам жұмысына әдейiлеп шұқшиған өз басының есебi де бардай.
Абайдың алғашқы жауабын бөгемей қақпай, ұзақ айтқызу осы соңғы жайды анық аңғартқандай.
Шынында, сырты әдiлет сияқты болған мiнездiң қызық астары бар-ды. Бұл кәрi төре, бүгiнгi жандаралға жақын адам, бажа болатын. Осының балдызына үйленген жандарал төренi сүйетiн де сүйейтiн. Ал, төренiң өзi аса парақор кiсi болатын-ды.
Тентек ояз өзге барлық кеңсе чиновниктерiндей советниктiң ол сырын жақсы бiлетiн. Крыловтың мысалындағы тауықты жаңа талап жеген түлкiше, "тұмсығында тауықтың жүнi тұр" десiп, сырттан ажуа етiсiп жүретiн және Кошкин өзi де тек сүйенiшi жоқ, жеке басты кiсi емес-тi. Ол осы облыстағы ең үлкен сот орны, окружной суд бастығының күйеуi. Ал, округ сотының бастығы мен жандарал екеуi тату, ымы-жымы бiр адамдар.
Әуелде жандарал мен сот бастығы, киргиздер арасында болған iстiң бiр жағын Кошкиндi ақтау ретiнде басып, жауып тастау керек деген. Бұл жай екi ұлықтың тыжырынып отырып, жүре шешкен сөзi едi. Бiрақ сонымен қатар Абайдың абақтыда жатуы, Ақбастың оған қуғыншы болғаны араласты. Ол адвокат бұндайда салмақпен қадалатын кiсi екенiн облыс кеңселерiнiң бәрi бiледi. Қуғыншы арызын ол тiптi корпус кеңсесiне жөнеп қоюға да мүмкiн. Оның үстiне сол корпус кеңсесiнен жаңада келген жастау чиновник – Лосовский, жандарал атына Кошкиннiң терiс, заңсыз iстерi туралы көлденең куәлiк мәлiм еттi. Оны да басып тастау ыңғайсыз.
Осындай түйiннiң бәрiнен әрi Кошкин аман болатын, әрi лайықты дағдылы сыпайылық сақталатын боп iс жүргiзiлмекке керек. Дабыраймай тек әкiмшiлiк түрiнде ғана аз айналыспен бiтiру керек. Жандарал кеңсесiнiң де қалыпты абыройы сақталмақ керек. Сол iстi ойдағыдай етiп, еппен орындай бiлетiн кiсi деп, осы кәрi советник белгiленген.
Бiрақ советник ұлықтардың беделдi сенiмiн мiндетiне алумен қатар, өз құлқынын да ұмыта алмады. Ол мұндай жайға тiптi де ұмытшақ емес-тi. Және тергей келе, Ақбаспен сөйлесе келе, абақтыда отырған Абай жөнiн тиянақтап шеше кетпесе, iс аяқталмайтынын аңғарды. Осы күйлердi ескерiп, өзi қорытқан байлауы болды. Тентек-оязды ақтау үшiн ол Абайды кiнәлы тауып, кесiм айтады. Бiрақ, оны абақтыда ұзақ отырғызатын, ұлаңғайыр iстей, үкiм айтпайды. Түбi кесiк алса да Абай құтылады. Осыны Ақбас пен Абай аңғарсын да, өздерiнше түсiнiп, емiн тапсын дегендей емеурiн аңғартқан.
Ақбас абақтыдағы Абайға бiр келгенiнде, әрi жиренiп, ызаланып, әрi мысқылдап күле отырып, "советникке ем керек. Шамасы 500 сом рецепт болар, емдеуге жарар" деген. Ербол осы ақшаны, қырдан әкелген бар қаражатты жұмсап, көптен өткiзген-дi. Соның артынан тергеушi төре iстi қалай жүргiзiп, қалай аяқтайтынын оңашада бiлдiрмек, ұғыспақ болып, Кошкиндi шақырғанда, күтпеген қиястық килiктi.
Кошкин өзiн тергеу дегенге – бiрден ашу шақырды. Киргиз iсiмен қосақтала қаралатынына, әсiресе намыс еттi. "Сахараның жабайы малы мен менi қатар отырғызып тергеуден ауыр соққы жоқ" деп бой бермедi. Бұл жөнде екi кездесу болса да, советник Кошкиндi өз ырқына көндiре алмады. Оны ойландырып, тоқтату үшiн, Кошкин қолданған дүренiң жолсыз екенiн соңғы дәлел етiп айтып едi.
Сөз осыған жеткенде, Кошкин советниктiң өзiне ауыз салды. "Ар таза болса, тұмсық жемге былғанбаса, қол iстеген бiр iс түк емес. Ол және кiмге қолданған iс екенiн ұмытпау керек. Сiз оны ұмытып отырған көрiнесiз. Ендеше өз бойыңыздың ласынан арылып сөйлеңiз. Мен сiз емеспiн", – деген. Ақсақ содыр, жас төре, Ералыдағы халыққа көрсеткен қатал мiнезiн қайта тапқан.
Сөз осыған жеткен соң кәрi советник ауыздығын тiстеп ап, қияс, қыңыр ашуға кеткен.
Жандаралға бұл жөнiндегi өкпелi ашуын айтып, мәлiмдеп ап, ендi өз абыройын өзiнше жоқтайтынын бiлдiрген.
Осындай астыртын егеспен басталған iс, бүгiн жоғарыда айтылған өзгеше мiнездерге сайған-ды.
Кошкин болса: "тергеуде әлдеқандай киргиз қасына менi отырта алмайсың" деген егеспен шыққан. Жауапкер орнына отырмаймын деп, тасырлата басып кеп, стол басында отырғаны да сол.
Сахараны билеушi тоғышар чиновниктер кикiлжiңi бүгiнгi жүгiнiске жеттi.
Кәрi советник өзiнiң ысылған дағдысы бойынша, сырт сыпайылық сақтағанмен, Абайға бүгiн басқаша қарағандай.
Өзi берген сұрақтарының аңғары Абайды " айыптының өзi емес, шын айыпты адамдарды қорғаушы" дегендей. Өз бойымен тасалаушы есептi. Сондай сұрауының бiрiнде:
– Сiз қызмет адамы емессiз. Уезд начальнигi Қауменовтен де және Шоқа баласы, Сүйiндiк баласы сияқты қызмет адамынан да жауап алуға ықтиярлы. Сiз неге килiгесiз? Сiздi араластырған себеп не? Соны айтыңыз! – деп едi.
Абай шапшаң жауап бердi.
– Менi араластырған халық, Кошкин мырзаның жұртқа дүре соға бастағанын көрген халық, маған "аралас" деп бұйырды!
Бағанадан Абайға берiлiп тұрған еркiндiкке ызасы келiп отырған Тентек-ояз зекiп қоя бердi:
– Сiз халықтың кiмi едiңiз? Халық атынан сөйлеуге сiзге кiм право бердi? Ол күштi сiз қайдан алдыңыз?
Абай бұның зекiгенiнен қымсынған жоқ. Оған қарап мысқылдап күлiп жiбердi де, қарт советникке бұрылды.
– Бұл кiсi күш дейдi. Рас, бұның қасындағы стражниктерiндегi күш менде жоқ едi. Халық қолында да құрал жоқты. Бiрақ ол құралдан мықты қуат бар ғой. Тентек-ояз әмiрiнен астамырақ – әдiлет, ар әмiрi де бар. Бiздiң халқымыз ол туралы... – деп, ендiгi сөзiн тiлмашқа айтты. Осынымды жақсы жеткiзiңiз, – дедi де қазақша: – Бiздiң халқымыз күшiңе сенбе, адал iсiңе сен қиянатқа көнбе, әдiлдiкке атса да көн!" дейдi, – дедi бүгiнгi жауабының салмағын, сырын осы деп танытты.
Бұл сөз аударылған кезде Абайдың сыртында отырған Андреев, Лосовский, Михайловтар бiр-бiрiне қарасты.
Ендiгi тергеу қысқара бастады. Тентек-ояз бен Абай екеуi бұл уақытта беттесiп кiнәласқандай едi. Екi-үш рет шапшаң жауаптасып қалды. Ояз:
– Құнанбаев, сен Қауменовке болысып жүрсiң. Оның iнiсi – қарақшы! – деп едi. Абай:
– Мен ең әуелi, сiз сабағалы жатқан достарыма болыстым! – дедi.
– Жоқ, сенбеймiн, олар ғана емес. Саған Қауменовтi де құтқару керек болды. Шатақты сол үшiн шығардың.
– Мен шынымды айттым. Бiрақ Қауменовтi сөз қылсаңыз мен оны да ақтаймын.
– Ә! Солай деңiз. Ендi бiразда, сiз оның қашып кеткен разбойник iнiсiн де ақтарсыз! – деп Ояз тергеушi советникке қарап, – Құнанбаевтың мынау жауабын айрықша ескерулерiңiздi сұраймын, – дедi.
Абай да ендi советникке қарады.
– Қауменовтiң iнiсi қашқын болып кеткелi жылдан асты. Бұрын елде жүргенде ол бұзықтықты бiлмейтiн. Момын жiгiт болатын. Жоқ болып кеттi де, қылмыс еттi. Ел үшiн де, туғаны үшiн де жоғалды. Өздерiңiзге жүгiнейiн. Орыстың бiр селенiнен, мысалы, Семипалат облысынан шыққан крестьян жiгiт, айтайық, анау Орынборға барып, бұзықтық етiп жүрсiн. Ал сол үшiн, жiгiттiң туған селенiне барған Тентек-ояз сондағы старостаға, волостнойға, писарьға дүре соғып жатса, рұхсат етер ме едiңiздер? "Соныңыз мақұл болды!" деп Ояз орнында, шен дәрежесiн ұлғайта түсiп, ұстар ма едiңiздер? – дедi.
Бұдан кейiн соңғы сөз Тентек-ояздың: ел адамдарына дүре соққаным жоқ деген танған, жалған жауабына соғып едi. Абай оған келгенде, Тентек-оязға аса бiр жиренiш зiлiмен қарады.
– Сiз зорлықшы ғана емес, өтiрiкшi де болғыңыз келе ме? Қара адам жалған айтса, ұятсыздық деймiз. Ұлық жалған айтса, қылмыс демей не деймiз? Қылмысты болсаңыз, сiз менiң тергеушiм сияқты осы арада отыратын не орныңыз бар? Мен хайран қаламын! Жауабымды тоқтатамын. Бiрақ Кошкин мырзаның дүре соқтырғаны рас. Соның шындығына куәлiк берсiн. Чиновник Лосовский мырзадан осы туралы жауап алынуды өтiнемiн! – дедi.
Абай сөзi сонымен бiттi де, ендi қарт Лосовскийден қысқа ғана куәлiк сұрап едi. Ол Оязды жалтартпастан, жығып бердi.
– Дүре соғылғаны рас, Кошкин мырза заңға қарсы iс еттi. Бiрнеше кiсiнi менiң өз көзiмше дүрелеттi! – дедi.
Бұған қарсы Кошкин Лосовскийдiң өзiне жала жапқандай боп:
– Ар таза болса, қолмен iстеген терiс әрекет ауыр қылмыс емес. Мен арды сатқан, пара алған Ояз емеспiн! Қылмысқа қарсы ашуланып алысқаным рас! – дедi.
Лосовский бұл жауапқа қатты күлiп жiбердi де:
"Ендi айтысатын не қалды?" дегендей екi алақанын жазып, ұлықтарға қарап, иығын көтердi.
Сахара қазағы әкiмшiлiк адамы емес, қарапайым кiсi Абай алдында ұлықтардың бұдан ары сөз созуы лайықсыз. Абайдың iсi де осымен бiтiп болған.
Каталашкада осы тексеруден соң, Абай бiр-ақ күн түнедi. Ертеңiнде таңертең тұтқын есiгi ашылды.
Бiрақ Абай жазықсыз боп, ағарып шыққан жоқ. " қызмет бабында iс жүргiзген уезд начальнигi Кошкинге сол қызмет үстiнде тәртiпсiздiкпен бөгет жасағаны үшiн алты ай абақты жазасына барабар, мың сом штраф кесiлсiн " деген үкiм бопты.
Бұл үкiм патшалық орындарының абырой-айдынын сақтап және чиновник Кошкиннiң сахара халқы көзiндегi беделi сақтап қалмақ болған. Сол себептi оның жұмысын киргиз Құнанбаев iсiнен бөлек қарауға ұйғарыпты.
Сонымен халық көзiне озбыр, содыр көрiнген, сотқар ұлықтың кiнәсы көрсетiлмей, оның бүкiл елге еткен зорлығына қарсы әдiл ашу бiлдiрген адам жазаға iлiнiптi.
Бұл жайды Ақбаспен өзара сөз қылғанда, Михайлов ызалы жиренiш бiлдiрген.
– Қандайлық зорлық! Бұндағы халықтың үнсiздiк, момындығын бұдан былай тағы талай Кошкиндер, әлi де келтекпен басқа соғып, қорлай берсiн деген қылмысты әрекет қой! – деп едi.
Өзiнiң абақтыдан босануы болмаса, бұндайлық iшкi лас сырдың ештеңесiн бiлмеген Абай, тек құтылғанына ғана ырза болатын.
Абай iсiн жаңағы үкiммен аяқтатса да, ұлықтар екiншi бiр iстi бөлiп шығарыпты. Ол – Оралбай мен Базаралы, Қауменовтер жұмысы деп аталып, бұдан былай ерекше тергеуде қалды.
Сонымен Базаралы өзi қашқын болмаса да, ендi елдегi болыстар арқылы "надзор" астындағы адам болған. Не Оралбай ұсталса, немесе өшiккен болыстың бiрi жамандап нұсқаса, ол жардан құлағалы тұрған кiсi.
Абай босанып далаға шыққанда, көшеде үш әсем жирен ат жеккен жаңа қара күйме тосып тұр едi. Iшiнде отырған Мәкiш, Салтанат, Ербол үшеуi – Абайға қарсы қуана ұмтылысты. Мәкiш, Ербол екеуi Абаймен құшақтасып амандасты.
Салтанатты Абай танымаушы едi. Сыпайы ғана амандық айтысып, қос қолдарын созысып, кезек қысысып қойды. Ербол бұл күнге шейiн Абайға Салтанат жайын айтпаған. "Әлде не ойлайды. Намыс етiп, қыздың пұлын, кепiлдiгiн алмай қоя ма?" деп жасырып келген едi. Сонысын ол Мәкiшке айтып қойған. Ендi бiраз дағдарыспен үнсiз тұрған Абайға, Мәкiш күлiп, иiлiп жанасты да:
– Бұл бойжеткен – Салтанат. Атын бұрын естiп пе едiң? – деп сұрағанда, Абай естiгендiгiн бiлдiрiп бас идi. Мәкiш содан әрi:
– Ендеше алыстағы атағынан, жақындағы достығы асып тұрған замандасың осы! Сенiң жоқтаушыңның бiрi және ұлық алдында залог салып, алып шыққан кепiлiң де өзi! – дедi.
Абай таңданғаннан үн қата алмады. Сүйсiнер ме, намыс етiп ыза болар ма, мәлiм емес. Бiрдеменi сұрай бастаса, сол екi мiнездiң бiрi оқшау шығып кететiнiн сездi де, үнсiз отырып қалды. Тек қана Салтанаттың қолын қатты қысып, өз қолын кеудесiне қойды да, ешбiр сөз қатпай, тағзым еттi. Салтанат қып-қызыл боп, ұяң нұрлы көзiн төмен салып тұр едi. Ол бiр жауап күткен тәрiздi. Мәкiш шапшаң болатын. Абайдың үн қатпағанын құптаған жоқ.
– Абайжан!Ақылың бар едi ғой. Бiр ауыз жылы жауап қатпағаның ба? Не қылғаның? – дедi.
Абай осы кезде, "арбаға отырайық" деп, екi әйелге қолымен белгi еттi. Оларды сүйемелдеп отырғыза келдi де, кейiн өзi қастарына отырып:
– Ақыл менде ғана емес, Салтанатта одан да көп болар. Бiрақ, бұрынғылар айтыпты ғой "ақыл адам көрiгi, ақылдың сабыр серiгi" деп. Одан бөтен мен әзiр не айтайын. Сол мақұл емес пе, Салтанат! – дедi.
– Қуанышта шашылмаған лайық қой. Айтқаныңыз орынды ғой! – деп қыз күлiп қойды.
Ендi бiраз уақытта шеткi аттардың мойнын қала сәнiмен тұқырта қайырып тастаған жеңiл күйме Абайды ар жақтағы Тiнiбек үйiне қарай шапқылатып, қоңыраулатып алып жөнелдi.
Абай бұл жолы өзiнiң тергеуi бiткенмен, қаладан қайтпай, көп жатты. Тек өзi шығысымен, елге амандық хабарын бiлдiру үшiн, Базаралы бастаған Жiгiтек кiсiлерiн шапшаң қайтарды.
Өзi Ербол мен Баймағамбеттi алып қалды. Бүгiнгi жатағы Тiнiбек үйi емес. Ар жақтағы өзi мен Ерболдың үйреншiктi, момын, меймандос пәтерi – Кәрiмнiң үйi.
Абай кейiнiрек бiлдi, Салтанаттың бұл үшiн еткен еңбегi көп екен. Әлдеке қызы болғанмен, Салтанаттың өзiне Абайды кепiлге бермейтiн бопты. Сонда қыз қаладағы үй мекенi бар белгiлi бай "киiзшi Дүйсеке" дегенмен өзi барып сөйлесiп, Абайға кепiл болуға өзi көндiрiптi. Киiзшi Дүйсеке Салтанатқа нағашы есептi келушi едi. Әке достығынан басқа сондай туыс жақындығын қоса айтыпты. Ол бай жерқорқақ, бойсағаттағыш саудагер едi. Және Тобықтының елiмен достығы жоқ. Сырттан жат көретiн. Қаланың сондай бiтеу байын ерiксiз осы қолға көмекке қыз өзi ойыстырған. Залогқа салатын ақшаны Салтанат өз жанынан қолма-қол бергiзген. Мiне Абайды шығарып алған еркiн, ер мiнездi зор намыскер азамат сыпатты қыз осындай едi.
Салтанаттың қамқор достық еңбегiн бiртiндеп бiлген сайын Абай қатты қысылған. Бұндай достық орайы оңай емес, жеңiлмен тынбайды. Абай ненi болса да Салтанатпен шын сөйлеспек. Iштегi ең шынайы расын айтып, сыр ашысып көрмек-тi.
Жаза орнынан Абай шыққан күннiң ертеңiнде, Салтанаттың тоқал шешесi мен Мәкiш пәуеске жеккiзiп, Ерболды қосар етiп, ар жақтың базарына, магазиндерiне кеттi. Бұл күнде үлкендерi аз болған оңаша бөлмелерi көп, Тiнiбек үйiнде, Абай Салтанатпен оқшау қалды.
Мәкiш отауының терезелерiнен ыстық күн сәулесi түспейдi. Қонырқай қалың жiбек пердемен қоршалыпты. Көкшiл көлеңке басып тұрған жасаулы, сәндi отау әрi салқын, әрi оңаша. Қалың дүрия көрпе, шағи тысты жастықтарға, дөңгелек үстел жанында отырып, қыз бен жiгiт сыпайы бiр сұхбат құрды.
Абай ең алғашқы сөздi естен кетпес алғысынан бастап едi. Осы оңашалықтан қатты қымсынған сыпайы Салтанат әуелде жөндi жауап айта алған жоқ. Бiрақ сәл бiр қарсылықтай, "айтпаңыз, қойыңыз!" дегендей қимыл бiлдiрдi. Абайға қабақ шытына қарап қалып, қырымен бұрыла, жалт еткен көзқарас бiлдiрген. Және азғантай қорғанғандай боп, аппақ саусақтарын елбiрете көтердi. Абай жақтағы бетiн қорғап тасалай түскен, майда, жай қозғалыс едi. Салтанат жауап айтқан жоқ.
Қыз өзi iстеген iсi туралы өзiне-өзi есеп беруден имене ме? Болмаса Абай алдында "саған жақсылық еткен, құтқарған мен едiм" деудi жiгiт басына ойда жоқ бiр ноқта кигiзу болар деп аяй ма? Әлде тiптi, "мен сөзiмдi айтып та, атқарып та болдым. Ендi мен сенi ғана тыңдаймын. Сенiң ғана аңысыңды аңдаймын" дей ме? Абай болса Салтанаттың бар шынын айтқызбай тына алмайды. Көңiл мен көмейде жарты сөз айтылмай кетсе, өзiн қылмысты санағандай.
Екеуiнiң алдына Баймағамбет күмiс тегешпен салқын қымыз келтiрдi. Абай қымызды аз ғана толғап, сырлы аяққа құйып қыз қолына өзi ұсынып отырып:
– Салтанат! – дедi. Сәндi бойжеткеннiң ұяң нұрлы көздерi Абайға осы отырыста ең алғаш рет дәл қарады. Үнсiз, жауап күттi. - Ер-азаматтық тiрлiкте жiгiтке жiгiт қарызы көп болар. Бiрақ мынау шақта, әйел жынысынан мен үшiн осынша батыл достық, ететiн жақыным, құрбым болар деп ойламап едiм. Тура сөзде айып жоқ. Шыныңызды айтыңыз. Ол шыныңыз маған да сiзге шынмен жауап беруге қарыз болсын. Осы менi не оймен, қандай көңiлмен құтқармаққа бекiндiңiз?
Бұл сөз Салтанаттың да тосқан сөзi сияқты. Бiрақ жауабы әзiр болса да, лебiзi тез шыға алмады. Ақ сарғыш реңi, кейде ыстық толқыған қанменен, маңдайынан бастап бет ұшы, иегiне шейiн қызара түседi. Бұл сәтте, ауыр сырғамен созыла түскен, соншалық сұлу бiткен құлағы да қызарады. Ұзындау келген сүйкiмдi мұрнының үстi де, аз қызғылттанып барып, қайтадан ағарады. Қаны толық оймақтана бiткен қып-қызыл ерiндерi аз дiрiлмен қобалжып, езу тартады.
Абайдың қолынан қымызды жай баяу ғана алған Салтанат жауап сөзiн ойлай отыра бiр жұтты. Сырлы тостағанды сәндi саусақтарымен сыпайы ұстап, жiгiтке қарады.
– Сiздiң рұхсатыңызсыз, ешкiмнiң жетегiнсiз осы бiр iсiңiзге өздiгiмнен араластым. Бiр-ақ қана айтарым бар. Мұны парыз-қарызсыз, жас тiлеулестiк iстеткен iс десеңiз болды, екiншi айтарым. "Тiлеместен неге килiктi" деп, "менiң өзге жоқшым жоқ па едi" деп ренжiмесеңiз болады! – дедi.
Бұған шейiн iстеген мiнезiне осы қыздың өзi басшы, өзi ие екенiн Абай ендi аңғарды. Салтанаттың мiнезi мен парасат, қайраты сай туған сияқты. Абай сүйсiнгенiн жасыра алмады.
– Жақсы айттыңыз-ау, Салтанат! Бұл сөзiңiз, сiрә де, естен кетпес! – деп бастай бергенде, отаудың есiгi ашылды.
Қыр жолаушысы сияқтанған, саптамасы бар, тобылғы сапты қамшысы бар, қара елтiрi тымағы Тобықты үлгiсiнде тiгiлген бiреу кеп кiрдi. Денесi еңгезердей.
Алакөлеңке үйде оның көзi әлi ешкiмдi көрмей, қарауытып тұр. Абай бұны танып сәлем бердi де:
– Бер қарай бас! – дедi.
Келген адам аяғын ептеп басып, Абай қасына жер сипалап отырды да, үй iшiндегi бiр қыз, бiр жiгiттi ендi ғана аңғарды. Сол аңғаруымен бiрге, өзiнен-өзi қатты қысылып, Абай берген қымызды да iше алмады. Бұл келген Құлыншақ баласы, белгiлi Бесқасқаның бiрi – Манас болатын.
Ол Абайға әдейi елден Ұлжан бәйбiшенiң жiберуiмен келгенiн айтты. Ел жайлауға қарай ұзап кетiптi. Қаладан Абай хабарын көптен ала алмаған шешенiң iшкен асы тамағынан өтпейтiн бопты. Жол болса елсiз. Жалғыз-жарым жүргiншiге қатер көп. Тәуекелi мен қайраты бар едi деп, осы батыр жiгiт Манасты әдейi Абай хабарын әкелуге жұмсапты.
Манас бала-шағаның, ата-ене, ағайын-қауымның Абайды көп ойлайтынын айтты. "Сарғайып қалды ма? Қапаста құста боп жатыр ма?" – деп түн ұйқысын төрт бөледi! – дедi. Ақырында, ендi бiраз ес жиып, күле түсiп:
– Шүкiрлiк, шырақ. Жаңа келiп, осы қақпаға кiре бере аманыңды естiп, "жолым болған екен деп" қуана кеп ем. Баймағамбет бiр кiсiмен сөзi бар едi деп бөгесе де, сағынып келген қалпыммен үстiңе баса кiрдiм. Айып етпеңдер. Әке-шешең қиналып жатқанмен, бұнда сен қымсынатын емессiң ғой. Әмiсе шаттыққа жазсын! – деп күлдi де, қымыз iшуге кiрiстi.
Батыр бiтiмдi Манастың бұл сөзi Салтанат пен Абайға тұрпайылау тисе де, оның бар сыпайылап айтқаны осы едi. Болмаса ол бұл қақпаға қазiр ғана емес, үш жирен атты пәуеске базарға шығып бара жатқанда келген. Мәкiштi сәл тоқтатып, астындағы қара терге түскен қос аттарын көрсетiп, Абай үшiн келгенiн айтқан. Мәкiштен Абайдың iсi ағарып, осы үйде жатқанын бiлген-дi. Кейiн Баймағамбеттен жирен атты жаңа күйме Салтанаттай қыздың күймесi екенiн бiлген соң, Абайды тез көруге асығып едi. Бiрақ Баймағамбет бұны сөзге көп алдандырып, көпке шейiн кiргiзбеген. Соған бiр уақыт ызаланған Манас:
– Елде ас батпай, жұрт күйзеледi. Ат сабылтып, күн-түн қатып мен келемiн. Ол сонда қыз қойнында шалжиып түске шейiн жата бермек пе? – деп, өзiнiң сахаралық ожарлығына басқан. Бұндай да орынды шығатын омырауына салып, Абай отырған үйдi қараңғыда сипалап iздей бастаған. Көп бөлменiң әрбiр есiгiн ашып, басын сұғып жүрiп кеп, осы бөлменi зорға тапқан-ды. Абай Манасты ұзақ сөйлеткен жоқ. Алғашқы сөзiнiң аяқ кезiнде, оның санына шынтағының салмағын қатты бiр салып қойып:
– Абақтыдан шыққаным кеше. Ел-жұрттың бетiн көрiп, жай-жапсарды ең әуелi бiлiсiп отырғаным осы. Кiнәны елге барған соң кең байтақта айтысармыз, қайтесiң! – деп бiр тоқтады. Артынан Баймағамбетке дауыстап шақырып алып, жас жiгiт кiргенде:
– Манас ағаңды қонақ үйге апарып, оңашада жайлап күткiз. Ұйықтайтын болса, төсек-орнын баптап бер. Ертiп апар солай! – дедi.
Манасты Баймағамбет ертiп кеткен соң, Абай желiсi үзiлген сөздi қайта қозғады.
– Сiз менiң ренжiмеуiмдi айттыңыз. Мен азаттық алып, жетерiме жеткен соң не ренiшiм бар! Оны ойлар орайым да қалмады ғой. Менiң ендiгi ойлайтыным – сiздiң де сондай ойға алған мұратты арманыңыз болса, соған жетуiңiзге бар мәзiрiммен жәрдемшi болу ғой. Ал керегiңiзге жарай алмай ренжiтiп алсам, маған бұл таңда одан үлкен қам-қапа жоқ тәрiздi! – дедi.
Бұл отырыста Абайдың мұншалық ықыласына ырза болғаны бiлiнсе де,, қыздың осыдан ары сөз бетiн ашқысы келмегендей.
– Хұб айттыңыз, Абай. Ендеше бұл таңда менiң сiзге басқа тiлегiм айтылмай-ақ қойсын. Жарастық көркi сабыр дегендей бiр сөздi кеше алғаш көрген жерде айтып едiңiз. Мен сiздiң ауызба-ауыз сөзiңiздi бұл шаққа қадар естiмеп ем. Бiрақ сiз айтты деген жақсы лебiздiң бiрталайын сырттан Мәкiштен естiгем. Адам көңiлiне медеу болар сөздi айтса, осы кiсi айтсын дейтұғым. Өзiм үшiн жаңағы сөздерiңiз де ырза қылып, тоқтатарлық. Мағынасы көп сөздер. Ал тек үй оңаша, кең болғанмен менiң жолым тар ғой! – деп күлдi де, – осымен қазiр айрылысайық, маған рұхсат етiңiз! – дедi.
Абай сызылып тұра берген қызды, жұмыр бiлегiнен сәл ғана сүйеп, көтерiп тұрғызды да:
– Дос көңiл, перде тасасында достық болып ашыла ала ма осы, Салтанат? – деп күлiп бiр тұспал айтып едi.
Салтанаттың алтынды шолпысы бiрде жiңiшке шыңғыр салып, бiрде сылдырай түседi. Қыз есiкке қарай Абаймен қатар аяңдап келе жатып, әсем үнмен сыңқ етiп күлiп қойды.
– Болур бiр фәрдәдән юз фәрдә би жай! – деп пе едi софы аллаяр? Бәрiнен де, сол фәрде жыртпас сабырды айтайын да, Абай! – дедi. Жiгiт ашқан есiктен сыртымен шығып бара жатты. Ұзақ қараған жiгiтке нұрлы көзбен күле қоштасып, кете барды.
Абай қызды шығарып салған бойында, есiк алдында аңырып тұрып қалып: "болур бiр фәрдәдән юз фәрдә би жай!"... Деп, қайта қайырып айтты.
"Жақсы айтты-ау. Мiнезi де, ақыл-парасаты да сирек жан тәрiздi. Өмiрiмде оқшау кездескен, қадiрлi жан болар ма?" деп, ойланумен бiрге, өзiнiң жаңа қыз қасында отырғанда сөйлеген кейбiр сөзiне ырза болмады.
"Бұның мен үшiн еткен қарекетi, бүгiнгi қазақ қызында болмайтын мiнез едi. Жеңiлдiгiнен емес, адамгершiлiгiнен екен. Жаңа оңашада өзiн сондайлық байыпты, сыпайылықпен ұстады. Тартымды тәрбие көрсеттi. Бұны көптiң бiрi дегiзе алмайды!" деп, бiраз қыз қадiрiн айрықша құрметпен таныды. Абай өзiне-өзi сын боларлықтай, тыйым салуды қажет деп бiлдi.
"Бұл адамға жалған айту жол емес. Шын көңiлмен айтар тiлегi болса, шындықпен ғана жауап беру қарыз. Өмiрде қадiр тұтар замандасымның бiрi боларсың!" деп байлады. Ендi қайтып Тiнiбек үйiне аялдамай, ар жаққа кетiп қалуға бекiндi.
Ар жақта, Кәрiмнiң үйiнде Ербол, Баймағамбет үшеуi жатқалы бiрнеше күн болды. Бұл уақыттарда Абай күндiзгi, кешкi уақытының көбiнде кiтап оқиды. Күнде таңертең Баймағамбеттi ертiп салт атпен қаланың орта тұсына кетедi. Ертiс жағасына тақау, тар көшеде тығырықтау жерде тұрған екi қабат, тасболат ақ үйге келедi. Өзi аттан түсiп, Баймағамбеттi қайырып жiбередi. Немесе қайта шыққанша далада тосқызып қояды. Жаңағы тас үйдегi кiтапханаға кiредi.
Бүгiн бiрер керек кiтабын алып шықпақ боп, Баймағамбеттi тосқызып қойып, өзi жалғыз кiрiп едi. Кiтапхананың ұзынша оқу бөлмесiнде жұрт отыр екен. Абай бұл үйге кiргенде, әр үстелдiң айналасында екiден, үштен отырып кiтапқа үңiлген жандарды байқады. Әр жастағы, әр алуан киiмдi еркек, әйелдер, жас оқушы шәкiртттер мен қыздар да көрiнедi. "Осы – шаhардағы ең бiр қадiрлi орын-ау!" деп ойлана қарап, жақсы бейiлiмен кiрiп едi. Абай танитын ажымды жүздi, шоқша бурыл сақалды, жұпыны киiмдi қарт кiтапханашы жымия күлдi. Сирек бiр қонағы келгендей, сыпайы пiшiнмен қарсы алды.
Залдың бергi шетiнде, мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүздi чиновник отыр едi. Ол қатарындағы биiк прическасы бар, сәндi киiнген жас әйелге, күлiмдеген көзбен, жиi иiледi. Бұл жерде де бозбастық дағдысын ұмытпағандай.
Сол жiгiт кiтапханаға Абай кiргенде, қасында отырған паң жүздi көршi әйелiне Абайдың келе жатқанын көрсеттi. Залдың iшiндегi оқушының бiразына естiртiп, даурыға түсiп, тұрпайы бiр әзiл айтты. Ол әзiлi, кең шапан киiп, бұнда отырған жұрт үлгiсiнен басқаша көрiнiспен келген, сахара қазағы Абайды қағытқан сөз едi.
– Бұл не ғажап! Гоголь кiтапханасына қашаннан берi түйелер жiберiлетiн болған? – дедi.
Абай бұл кезде кiтапханашы қартқа қол берiп амандасып, өзiне керек кiтабын ендi атағалы тұр едi. Жаңағы тұрпайы әзiлдi құлағы шалысымен, чиновник жаққа салқын ызамен, жалт етiп бiр қарады. Чиновникке жақын отырған бiрер жас оқушы оны қостап, ойсыз күлiп қалған екен. Бiрақ жiгiттiң қасындағы тәрбиелi, көрiктi әйел күлген жоқ. Чиновникке тұңғиық қара көк көздерiн кейiспен бұрды. Қабағын аз шытынып, жiгiттiң әдепсiздiгi үшiн қызарып кеттi. Абайдың алғашқы ашуы бiр-ақ сәтке бiлiнгендей едi. Ендi күлкiлi мысқыл жүзбен жiгiтке бұрылды да, лезде жауап қатты:
– Чиновник мырза, түйе кiрсе несi бар, бұнда ол түгiл есек те отырыпты ғой! – дедi.
Чиновник бiр қуарып, бiр қызарды да, үнi өштi. Оның қасындағы әйел шалқия түсiп, қатты күлiп жiбердi. Абайға соншалық мейiрлi жүзбен, көз қиығымен бiр қарап, бетiн басып, төмен иiлдi. Абайдың сөзiн естiген оқушының бәрi де қатты күлiстi.
Таныс қартына Абай бүгiнгi керегi – "Русский-вестник" журналының белгiлi саны екенiн айтты. Кiтапханашы ол журналдың кiсi қолында екенiн бiлдiрiп үлгiргенше, бұл екеуiнiң қасына орта бойлы, кең маңдайлы, қаба қара сақалды бiр адам тақап келдi. Ол бағанадан берi Абай кiргелi бұл кiтапхананың сахарадан келген сирек оқушысына қадала қарап, аңысын аңдып отыр едi. Жаңағы Абай мен жеңiлтек чиновник арасында болған өткiр қағысуды да түгел естiген болатын. Қазiр сол кiсi Абайдың алдына келдi де:
– "Русский-вестник" менде. Мен қарап болдым. Сiзге бере аламын. Тек сұрайтыным, сiзге ол не үшiн керек едi? Қай жерiн оқымақсыз? – дедi.
– Ол журналда Толстойдың жаңа романы басылыпты, соны оқымақ едiм! – дедi.
– Сiз Толстоймен таныс па едiңiз? Неге оны ғана керек еттiңiз? – дедi.
Абай бұл кiсiге ендi бұрылды. Жүзiнен, барлық келбет-қабiлетiнен өзiн сынап барлап тұрған, маңызды адам екенiн байқады. Сыпайы жымиып, iлтипат бiлдiрдi.
– Мен Толстойды бұрын аз оқыған едiм. Бiрақ орыс халқының шын дана, ақылды адамы деп естимiн. Сол ақылды адам қандайлық өсиет айтады екен, ұққым келедi!
Абайдың жаңа танысы журналды Абайға берiп тұрып:
– Бiлмек талабыңыз жақсы екен. Мен сiздi бұдан бұрын, басқа бiр жағдайда көрiп едiм. Областное правлениеде. Рас, ол кездесу қызықты жағдай емес болатын. Сiздi мен сыртыңыздан, бұрын да бiлушi ем. Бүгiн мынау орында сiздi көруiм, шынды айтсам, артық әсер еттi! – дедi. Өзiнiң жөнiн айтып, Абайға қолын созып, – танысайық, Михайлов Евгений Петрович! – дедi.
Абай оның қолын шапшаң алып, қатты қыса түсiп:
– Ибрагим Кунанбаев! Мен сiздi жақсы бiлемiн. Достарыңыз маған сiздiң жайыңызды көп айтқан. Танысқаныма қуаныштымын! – дедi.
Осыдан соң екеуi де кiтапханадан шығып, Ертiс жағалаған көшемен ылдилап жүрiп кеттi. Шапанын желбегей салған Абай, қамшысы мен тымағын артына ұстаған. Екеуi де баяу басып, әңгiмелесiп келедi. Бұлардың арт жағында, Абайдың "бiр орыспен сөйлесем деп, көше бойы жаяулап бара жатқанын" лайықсыз көрген Баймағамбет салт ерiп келедi. Олар осы бетте, су жағасындағы ақ тиiрменнiң қасында тұрған ұзынша тасболат ақ үйге жеттi. Михайлов парадный есiктi Абайдың алдынан ашты да:
– Бiздiң үйге кiрiңiз. Менiң әлi сiзбен бiраз сөйлескiм келедi! – дедi.
Баймағамбет Абайдың бұл үйде отыра түсетiнiн аңғарды да екi атты алып, Ертiс жағасына кеттi. Михайлов көп бөлмелi үйдiң сырттан кiретiн, есiкке жақын кең, жарық бiр бөлмесiнде жалғыз тұрады екен.
Бұл кездесуде, осы күн кешке шейiн Абай Михайловтың қасынан кете алмады. Мәжiлiсiне соншалық ырза болғандай ұзақ отырды.
Михайловқа Абайдың ықыласын ерекше аударатын себеп көп-тi. Абайдың бұл күнгi жиi сөйлесiп, ақыл алып сырласатын досы адвокат Андреев осы адамды мол баяндаған. Өз өмiрiн халық, қоғам игiлiгiне еңбек етуге жұмсаған. Сол жолда патшалық, ұлық тарапынан айыпты жан саналып, жастайынан жазаға тартылған. Қамау-айдауды көрген кiсi. Бiрақ сол тартыс жолынан "қуғын көрдiм!" деп азбаған да аумаған. Қайта, айдау, тұтқын сапарын асыл адамдардың ортасында өткiзiп, бұрынғысынан да iрi бiлiм, өнер тауып, данышпандыққа жетiп қалған кiсi. Заманы келiссе, бiр халықтың маңдайына бiткен ырысы дерлiк. Ел қасиетiн бойына жайған қадырдан азамат деген-дi.
Андреевтiң осылайша таныстырған Михайловын Абайдың жүз көргенi әлгi. Михайлов Абайдың бұл күнге шейiн не кiтаптар оқығанын сұрастырып бiлумен қатар, өздiгiмен оқудың жақсылығын да айтты, қиыншылығын да бiлдiрдi. Көп сөздерi Абайдың көкейiне шәкiрт жайын жақсы бiлетiн ұстаздың тiлiндей қонады. Бiр кез, Михайловқа әзiл етiп:
– Менiң жолымдағы қиыншылықтарды айтқаныңыз сонша тура. Мысалы, көңiлi жүйрiк, қолы шебер сынықшы болады. Соның мертiгiңдi тауып, сипап отырған майда қолындай. Менiң бiрталай мұңымды өзiме өзiм айтып көрмеген тiлмен жеткiзiп отырсыз! – дедi.
Михайловқа Абай бұл сөздерiн орысшылап айтқанда, көп тоқтап, көп ойланып, мүдiре отырып жеткiзген.
Ол тоқтағанда, бұның орысша терiс сөйлеп отырған сөздерiнiң ар жағындағы мағынасын тез байымдап, қызығып аңғарған Михайлов күлiп жiбердi.
– Сiздiң ұқсатуыңыз дұрыс, тапқыр сөз. Менiң аңғаруым дұрыс болса, сiз көбiнше бiр нәрсеге бiр нәрсенi теңеп айтқанда, оқыс, қызық мысалдар табасыз. Оны мен сiздiң, Кошкинмен дауласқан жауабыңыздан жақсы аңғарған едiм! – дедi.
Абай өзiңiң тергеуiнде Михайловтың болғанын ендi бiлдi. Кошкин сияқты ұлықтардың қазақ халқына ететiн омырау ожар мiнездерiн шағым еткендей болып едi. Михайлов Абайдың, чиновниктер мiнезiн бiлмейтiн аңқаулығын айтып бердi.
– Сiз чиновниктердiң Россия халқының тiршiлiгiндегi зиянды, сорақы топ екенiн бiлмейсiз ғой. Ол қауым сонау Петербургтен бастап, сiздiң Семипалат уезiне шейiн тегiс, бiр қалыпқа соққандай! – деп қолын бiр сiлтедi. Сiз оларды өздерiнiң iсiнен ғана түгел танып болмайсыз. Қайта-қайта Кошкинмен ұстасып кеп, әр жолда бiр жарым айдан абақтыда отырып, олар мiнезiн бiлiп үлгiру аса қиын, ұзақ михнат жолы болады. Мен сiзге оларды барлық тұқым-тұяғымен оңай танудың емiн айтайын. Бұларды өлтiре сынап, бәрiне қатал үкiм айтқан Салтыков-щедрин сияқты жазушы бар. Соны оқыңыз. Барлық өзiңiз көрген чиновниктер сырын, шынын сонда ұғынасыз! – дедi.
Абай төренiң бәрi жаман деген сөздi ойлап отыр. Өзi болса, бұл жөнде басқа түсiнiкпен жүретiн. "Адам баласының бәрi бiр емес. Бес саусақ бiрдей ме? Чиновниктер де сондай болар" деп бiлетiн. Михайловқа өз ойын осылай бiлдiрiп көрiп едi. Ол кiсi басын шайқады. Абайға кешiрiммен қарап күлiп жiбердi.
– Сiз аңқаусыз, Құнанбаев досым. Чиновниктiң жоғарғысы мен төменгiсi, кәрiсi мен жасы, тегiс бiрдей.
Абайдың әлi де түгел көне алмай, түсiне алмай отырғанын тез аңғарған Михайлов бiр мысалмен тұспалдады.
– Бiрдей болатын себебi, олар бiр түстi топыраққа себiлген бiр сорт тұқым сияқты. Өздерiн егiп, өсiрiп отырған қол да бiреу-ақ. Ол бүгiнгi патшалық атты тәртiп! – дедi де, бұдан арғы сөзге тереңдегiсi келмей, iркiлiп қалды.
Абай Михайловтың ойын ендi аңғара бастағандай. Бiрақ өзi бiлген жұрттың бәрiнен мүлде басқаша сөйлеп отырған ойшыл-сыншыл жаңа танысын, тағы да сөйлете түскiсi кеп, әлi де қиялай сөйледi.
– Соңғы сөзiңiз көңiлге қонады. Бiрақ сол чиновниктер iшiнде Лосовский сияқтылар да бар ғой. Ол кешегi iсте әдiлетiн айтқан жоқ па?! – деген едi. Михайлов бұл тұста да Абай күтпеген жерден шықты.
– Иә, Кошкин жаман болғанмен Лосовский жақсы дейсiз. Кошкиндер аз боп, ұлықтар тек Лосовскийлердей болса – барлық iс әдiлетпен жүрер едi дейсiз, ә!?
– Рас, солай дер ем.
– Лосовский көрiнеу пайда келтiрдi. Оның сондай куәлiгi болмаса, iс жаман болар едi, ол чиновниктiң жақсысы емес пе дейсiз, солай ма?
– Иә, пайдасын көзбен көрiп отырсыз ғой.
– Рас, ол бұл тұста пайда келтiрдi. Әлi де келтiрер, ондай сәл пайданы. Онысы халыққа, дұрыстыққа үйлескен кезде, бұдан былай да пайдалану керек. Мен сiзге Лосовский сияқты кiсiнiң ондай әдетiн, жұрт жұмысы үшiн пайдаланбаңыз демеймiн. Пайдаланыңыз да, бiрақ оның анық шынын бiлiп те жүрiңiз деймiн.
– Оның iсiнен артық қандай шыны бар?
– Шыны бар. Ол шынын бiлгiңiз келсе айтайын. Лосовский көп чиновник iшiндегi ақ қарға, – деп Абайға қарады. Абай бұл сөздi жете түсiне алмап едi. Михайлов түсiндiре сөйлеп кеттi. – Бiздiң орыс халқында осындай нақыл айтылады. Көп қара қарғаның iшiнде ақ қарға деген болады деп мысалдайды. Түсiнiң ақтығына қарап, оны, қарға емес, қасиеттi құс деп ойламаңыз. Сыртымен көздi алдағанымен, о да қарға. О да қарғалықты кәсiп етедi, талшық етедi деп бiледi, – дедi.
Абай Михайловтың ойына өзiнiң ұғына бастағандығын сездiрiп, қазақтың да мәтелiн айтты.
– Бiздiң халықта "қарға – қарғаның көзiн шоқымайды" деушi едi! – дедi.
Михайлов қатты сүйсiнiп, қарқылдап күлiп жiбердi. Ендi бұрынғысынан шешiле түсiп, келелi кеңес айтып кеттi.
– Шынға келсеңiз мен айтайын. Заты қарға болған соң, оның көздi алдамай, қара қарғаның өзi болғаны артық. Қарғалар қолымен халық iсi оңғарылмайды. Олай болса, Лосовский "ақ қарға" деп, сiздi жаңағы айтқаныңыздай адастырмасын. "Бар чиновник осындай болса, iс оңар едi" дегiзбесiн. Жалған алданыш тудырғанша, өз шынымен келгенi артық. Халық олардың сол жиренiштi түсiн, бар жиренiштi қалпында тез айқын танып жүредi. Лосовский болса, өзiнiң жартылаған, күдiктi жақсылық болмысымен, керексiз алданыш туғызады. Патшалық атты, қарғалар тобының анық түсi мен сыры халыққа тез танылуға кедергi жасайды, – дедi.
Абай бұл сөздердi толық түсiндi. Бұрын естiп көрмеген қамқорлық ойды, таңдана отырып, сүйсiне тыңдады.
Өзiне осындай сенiм көрсетiп, iшiн ашып отырған Михайловқа алғыс та бар едi.
– Сiз маған бұрын мен баспаған дүниенiң шетiн аштыңыз. Соншалық сенiм көрсетiп аштыңыз. Мен мына мәжiлiсiңiзден сабақ алғандай болдым ғой! – дедi.
Михайлов Абайдың иығынан қағып, аса сенгiш, таза көңiл достығын сездiрдi.
– Менен ғана оқымаңыз, менен ойлы, менен сыншы орыс ойшылары бар. Солардан оқыңыз. Мен сондай адамдардың кiтаптарын сiзге берiп отырайын. Рұхсат етсеңiз, бұдан былай өз бетiңiзбен оқуда, сiзге мен көмекшi болайын. Оқу талабыңыз жақсы екен. Сiздiң халықтан әлi оқыған жандар аз. Сiзге көп бiлу керек. Көп шындықтарды тану шарт. Бұл жөнiнде орыс кiтабы үлкен достық етедi. Сенiмдi серiгiңiз болады! – дедi.
Абай Михайловтың бұған көрсеткен бейiл, ықыласына әке мейiрiмiнен артық ырза болды.
– Мен өзiмдi сiзге кездестiрген тағдырыма соншалық ырзамын. Басшылық етем деген уәдеңiз, мен үшiн достық, зор достық! – дедi.
Осы күннен соң әрбiр үш күнде, Абай Михайловтың үйiнен табылатын болды. Ендiгi екеуiнiң мәжiлiсi, сахара тiршiлiгiнiң қамы мен мұңынан да қозғалады. Бiр отырыста Михайлов, Абайдан биылғы Ералыда болған жанжалдың түп себебiн бiлмек болды. Қашқын болып жүрген Оралбай жайын да сұрастырды.
Абай оның халiн Михайловқа жақсы әңгiме етiп бердi. Оралбай мен Керiмбала арасындағы ғашықтық сыр, ел зорлығы, екi жас көрген жәбiр-жапа бәрiн де үлкен өкiнiшпен әнгiме еттi. Сол рахымсыз жаза, ауыр соққы салдарынан Керiмбаланың өлгенiн айтты. Оралбайдың не дәулетi, не жанашыры болмай, жапа-жалғыз боп, қаңғып кеткенiн баяндады. Екi жастың тобынан озық өнерi, әншiлiгi де айтылған. Жар жарасы Оралбайды ерекше бiр ызаға, кекке айдағанын Абай өзi әр кезде үлкен өкiнiшпен еске алатын. Сол сезiмдерiн iште жатқан түйiндей, өзгеге айтпай iркiп жүрсе, бүгiн Михайловқа шебер әңгiмелеп бердi. Сөзiнiң аяғында кеп, Оралбайды көпке үлгi болатын, үлкен намыс оты бар, қайрат иесi азамат деп бағалады.
– Бүгiн оның аты талаушы, жолбасар болды. Шынында ол ұлық үшiн ұры, қарақшы болғанмен, халық үшiн – әдiл кек жолындағы өжет жiгiт. Осындай ызадан, разбойник болып кеткен кiсiлер, менiң аңғаруымша орыс елiнiң тарихында да бар көрiнедi. Бұлар ұлықтардың зұлымдығымен алысушы, мақтаулы азаматтар емес пе? Мен қолымнан келсе, оларды ақтаушы, жақтаушының да бiрi болар едiм. Осыған сiз не дейсiз? – дедi.
Михайлов бұл әңгiменiң бәрiн, Абайдан көз алмай отырып, қобалжи түсiп тыңдап шықты да, үндемей аз ойланып қалды.
– Сiз бiр сұлу хикая сөйлеп шықтыңыз. Жазушы адам болса, осы айтқаныңыздың өзi бiр кiтап. Ал, өмiр үшiн алсақ, әсiресе қауым, әлеуметтiк тiрлiк үшiн алсақ, бұл көпке жол болатын кең майдан емес.
Бұл әңгiмеде Михайлов Абайдың ойынан сонағұрлым ары соғады. Түкпiрлi, алыс аңғарды танытады. Абай өзiнiң әкесi Құнанбайдан бастап қара қазақ iшiнде кiмнен де болса олқы түсемiн деп ойламайтын. Андреевтей адвокат бұдан кiтаптық бiлiмге озық. Бiрақ өмiр, болмыс жөнiндегi толғаулы ойларға, дәлелдi шебер дауға, Абайдың өзiнен соншалық ұзақ көрiнбейтiн.
Ендiгi жасында Абайдың анық бiлгiр, ойшыл ұстаздай, кең шалымды кiсi көргенi, осы Михайлов сияқты.
Оралбай әңгiмесiнiң артынан, Ералы шатағына сарыққан өз мiнезiне де Михайловтың сынын бiлгiсi келдi. Ел бұқарасын бастап кеп, өзiнiң Тентек-оязбен қатты шайқасып алысқанын еске ала кеп, досының осы туралы қандай ойда болғанын сұрады. Михайлов бұл жайға шапшаң жауап бердi.
– Сiз Кошкиндi жақсылап оқытқансыз. Әсiресе көпшiлiктi ертiп кеп, айғақ дәлелдi қолыңызға жиып отырып, мезгiлiмен жазалағансыз. Ысылған адамның шебер өткiзген тартысы деп бiлемiн. Оралбай iсiнен сiздiң iсiңiз жеңiл ме екен? Бұны сiз үшiн зор қылмысқа айналдыру оңай едi. Бiрақ, сiздiң жағыңыздағы айғақ пен дәлел күштi болды. Және халқыңызда ұйымшылдық күштi екен деп ойладым! – дедi.
Осымен бiрге, дәл осы күнгi мәжiлiсте Михайлов Абайға облыс пен уезд кеңселерiнiң арасындағы соңғы бiр жаңалықты бiлдiрдi. Бұл күнде Кошкин Семей Оязының орнынан алынып, Өскеменге Ояз боп сайланыпты. Оның орнына Семейдiң Оязы боп советник Лосовский тағайындалыпты. Ол, Абайға оң қарайтын, әдiлетi бар чиновниктiң бiрi. Облыстық правление Лосовскийге ендi бiраз уақытта, уезд iшiне шығып, Кошкин өткiзе алмаған болыстық сайлауды қайтадан өткiзудi тапсырып отыр. Абайдың болысы Шыңғыста және көршiлес Қоңыр Көкшеде, Қызылмолада жаңа сайлау болады.
Бұл хабарларды Абайға бiлдiрумен бiрге, Михайлов ендi Абайдың Лосовскиймен елге ере шығуын лайық тапты. Көпке зарарсыз болатын жайлы жақсы адамдарды сайлатуын кеңес еткен.
Михайловтың Абайға берген бұл кеңесi iштесiп келген достықтың айғағы. Абайдың жаны ашып, қамын көп айтып жүрген елiне ендi Михайлов бiрге қамқорлық ете бастағандай.
Осы кештен соң Абай Андреевпен сөйлесiп, ол арқылы Лосовскийге жалғасты. Ояз сайлауға шыққанда, бiрге ере шықпаққа бекiндi. Андреев арқылы Лосовскийдiң өзi де Абайға соны мәслихат етiптi. Осымен ендi тағы да кiтапхана мен Михайлов арасында айға жуық жүрдi. Әңгiме бұған ауысқан соң Ербол мен Баймағамбет өздерiнiң ел сағынғанын аз айтатын болды. Қаланың ыстығы мен шаңын да бұрынғыдан көрi азырақ қарғап-сiлейдi.
Көп күндер ар жақта, Кәрiмнiң үйiнде, оқу-iздену үстiнде өтсе де, Абайды Ербол мен Баймағамбет кейде елiктiрiп, бер жаққа. Тiнiбек үйiне алып шығып қояды. Онда Салтанат шешесiмен әлi жатыр. Бойжеткен қызбен Абайдың екiншi рет оңаша кездесуi тағы сол Мәкiштiң отауында болды. Қыз шешесi мен Мәкiштi көршi үйлерi қонаққа шақырып кеткен, үй оңаша қалған бiр кеш едi. Ербол Абайды сәт уақытқа әдейiлеп әкелген бе, болмаса кезi солай болды ма, әйтеуiр отау үйде, жалғыз қалған Салтанатпен тағы да бiр емiн-еркiн сөйлесерлiктей шағы болды.
Терезе алдындағы биiк сандық үстiне салынған кiлем мен қалың көрпе үстiнде екеуi қатар отырып, ұзақ сөйлестi. Ербол мен Баймағамбет бұларды сыртынан қорғаштап, үй қызметкерлерiн өздерi алаң етiп, iлгергi бөлмелерде алдандырып жүрдi. Абай мен осы қыздың оңашалығын Ербол шынайы тiлеулестiкпен құптайды.
Бiрақ құрбы жiгiт ниетi мәлiм болғанмен, Абай әнеугi алғашқы оңашалықтан соң өзiне өзi тоқтау салған көңiлiнен ауған жоқ едi. Үй iшiнде көлеңке қоюланып, қоңыр кештiң майда лебiнен терезе шiлтерi ақырын ғана сiлкiнiп қояды. Жастар үй iшiне шам жағуын тiлемегендей. Тыстағы жүргiншi терезе алдында отырған бұл екеуiн аңғара алмайтындай боп, көз байланды, Абай ендi терезенiң перде шiлтерiн қайырып, қастарындағы биiк төсектiң басына арта салды. Ерте туған сарғыш жүздi, толық айдың сәулесi үйге түсiп, қыздың қызғылт жүзiн таза, ашық ақ нұрмен сәулелендiрiп тұр. Абай өзi қыз қарсысында. Бұның да қырлы мұрнына, ажары ашық үлкен көзiне, жiңiшке, ұзын қастарына ай сәулесi түседi. Күнге күймеген әлi ажымсыз жазық, ақшыл маңдайына ай сәулесi тұнжыраған майда нұр берiп тұр.
Қыз бүгiн жiгiттi көптен бергi жақынындай жан тартып, ашық сөздi өзi бастады. Ол Абайдың үй-iшiн, бас-тұрмысын, елдегi жарын сұрастырды. Сөз арасында Абайдың ұзақ уақыт шаhарда бөгелiп, ондағы жандарын сағындырғанын, өзiнiң де сағынуына орайлы екенiн әдеппен ескертiп едi.
Абай өзiнiң жар көңiлiмен, Әйгерiмдi ойлайтынын жасырған жоқ. Бұл жайды қысқа ғана әңгiме етiп, балаларын да тегiс айтты. Әйгерiмдi алу, өз тiршiлiгiндегi қиын түйiн болғанын да сездiрiп өттi. Салтанаттан оның өмiрiнiң де бүгiнгi халi, келешек күткенi туралы сұраған едi. Қыздың бүгiн Абайдан сыр iрiккiсi келмедi. Шашбауындағы жiбек шоқты, ұзынша, қайқы бiткен, аппақ саусақтарымен бiр ширатып, бiр өрiп отырып, Абайға бас назын айтты. Үлкендеу келген қой көзi қазiр тұңғиықтанып, баяу сөне түскендей. Кейде көзiн аз қысыңқырай қарап, шыншыл салқын тартымдылықтың сәл бiлiнер сәулесiн ғана сыртқа паш етедi. Тiк қараған көздерiн Абайдан алмай сөйлейдi. Бұл көрiп жүрген ел жiгiтiнен өзгеше сезiлетiн досына, өзiндей сенiммен қарайды. Салтанат сыры әлi күнге жазылмай, жадырамай тұрған күптiлiк, мұңдылықпен айтылды.
– Мен ықтиярлы, ықтиярсыз бiр қапаста, қапада жүрген жанмын. Атым Салтанат, жүрiсiм еркiн, көп жанға ұғымсыз. Шалқып жүрген еркенiң еркесi тәрiздiмiн. Ықтиярлы қапас дейтiнiм сол. Бiрақ бiздiң елде тұйғын, лашын ұстаушы аңшылар асау құсқа сенбегенде, ұзын шыжыммен ұшырады ғой, сол тәрiздi. Ертең бiреудiң басыбайлы меншiктiсi болар күйiм бар. Биыл күзде ұрын келмекшi. Кiм екенiн, қаншалық хасиет нәрi бар екенiн жақсы бiлмеймiн. Көп естiген боларсыз, қазақта мұңды қыз аз ба? "Сүймеймiн, басқа кiмге бұйырса да көнейiн, осы жаннан маған азаттық әперсiн" деп әкеме өз анамды да, мынау кiшi анамды да екi рет салып едiм, ырзалық ала алмадым. Қыз iшiнде жалғызы едiм. Туғанымнан алақанына салып, аялап өсiрген атам, анам – ұям едi. Әлi де өзге күнде, алдымнан шығары жоқ. Бiрақ күйiм жадау болған соң өз үйiм өзiме қапас болды. Ал келер күндi ойласам бiржола түңiлем. Тiптi тiрлiк, тiлек дегеннен де көп түңiлетiн шақтарым болады. "Құдай-ау, осы менi, бiр қорлық, ездiк ноқтасына басымды iлдiргенше – өкiнбейiн, зарламайын, алсаңшы!" деп көп жылайтын да түндерiм болады, – деп қыз маңдайын нәзiк саусақтарымен сүйеп, ыстық бетiне, жасты көзiне орамалын басты.
Бiраз үнсiз отырып, қайтадан басын көтерiңкiреп, Абайға қарап ендi сөйлегенде, үнiнде тамағын шалған қатқыл тұтқырлық бар-ды. Аз қатайыңқыраған берiк үнмен бастады.
– Жаныңыз құрбы, жас көңiлiн бiлесiз, Абай. Менiң орнымда қазақтың өзге қызы болса: "алдыңғы күндi көрермiн. Оң жақтың, осы дәуренiмнiң қызығын көрем, өзiмдi ештеңеден тыймаймын" деп, бiр ызамен ашылып, жеңiл-жеңсiк жүрiстi талшық ететiнi де болады. Менiң сорыма, өз қолымнан, өзiме со да келмейдi. Бұл бiр iшiмдегi, қатты құлып астындағы, өзiме-өзiм жасаған қапасым. Алдағы күннен түңiлу мен қорқуым сондай күштi ме деймiн. Ешбiр қызық, желiк дегенге, бiр сәл шыныммен бой жазып, берiле алмаймын. Ар жағымда, бiр бес күнде менi жұтқалы не бiр зындан, не бiр меңiреу дүние тұрған сияқты болады. Жылан арбаған торғайдай, қанат қағып тұрып, сол азынаған зынданның қараңғы аузына құлап түсетiндеймiн. Көңiл селт етiп, бiр тәуiр жасқа, өзiмдi өзiм қызықтырғандай жақындап келемiн де, қайтадан қалт тұрып, тұсалып, тыйылып қаламын! – дедi.
Қыз сөзiнiң бiр кезi осымен тоқтап едi. Екi жас сәл уақыт үнсiз отырып қалды. Абай өзi естiп жүрген жас назының iшiнде, мұндайлық жүйрiк, орамды тiлмен жеткiзе айтылған сырды естiмеген едi. Тек орысша бiр кiтапта, шыншыл бiр жанның өз өмiрiнiң құпия, шер сырын таратып келiп:" осы менiң исповедiм " дегенiн оқығаны бар едi.
Көпке айтылмайтын, тек өлiм халәтiндей бiр кезде ғана айтылатын және сол бiр-ақ айтумен бiтетiн де өшетiн жүрек кiтабының тiлi осылай болса керек. Абай аз иiлiп, қыздың екi бiрдей қолын алды. Ып-ыстық, ұлпадай жұмсақ, сәл ғана тершiген қолдарын аз қысып тұрды да, бетiне басып, саусағының ұшынан сүйдi. Қыз ақырындап сусытып, қолын тартып алды. Жiгiт көңiлi, шын мұңдас мейiрмандыққа толы едi.
– Асыл Салтанат! Бұл күнге шейiн кешкен тiрлiгiмде, сiздiң мұндай мұңды, естен кетпестей етiп айтқанды естiген жоқ едiм. Шыныңызға, шыннан басқа жауаптың бiрде-бiр орайы жоқ. Жарым ауыз сөзбен шынымды айтпай, жалған айтсам, күнәның зорын еткен болар едiм. Менен де жүрек жарған барым айтылып, сiзге мәлiм етiлуi шарт деп бiлiп отырмын! – дедi.
Қыз қозғала түстi. Бойымен де, бетiмен де жiгiтке жақындап иiлдi. Осы бiр қимылмен, бүгiнгi отырыста, Абайдың шын сырын талап ететiнiн бiлдiрдi. Ендi бiр ұзақ әңгiме – Абай әңгiмесi едi.
– Сiз сүймегеннiң ғазабын шектiңiз, Салтанат. Мен өз өмiрiмнiң, қабiрге кiргенiмше ұмытылмас шағын айтсам, ол – сүюден кешкен зарым едi. Әлi күнге жадымнан бiрде-бiр сәтi көмескi тартып, ұмытылмайтын, жүрек таңым бар едi. Ол азғантай ғана дәурен сүрген қос ынтызар тiрлiгi болатын. Ай батқандай жоғалған, маған бұйырмастан кеткен ынтығым! Шын ғашығым – Тоғжан едi. Айрылғаныма көп заман болды, бiрақ осы күнге шейiн кiшкентай бiр езу тартқан күлкiсiне шейiн көз алдымда. Барлық көрiсу-кездесудегi, ұзынды-қысқалы, қуанышты-зарлы барша сөзi жүрегiмде, өз қаныммен жазылған өсиет хаттай. Сол Тоғжаннан айрылып, жырмен, зармен күңiренiп жүрген шағымда, бiр айтқан мұңды сазым сiзге естiлiптi. Мәкiш айтып едi, сiз ұнатып тыңдады деп!
Абай бiр уақыт Салтанат тiлегiмен Мәкiш айтып берген:" жарқ етпес қара көңiлiмдi " еске алып өттi. Қыз бұл тұста басын жиi шұлғып, көздерiн сәл жұма түсiп, әндi есiне алып қалғандай болды. Құлағындағы ұсақ шiлтерлi, алтын сырғасының әрбiр нәзiк әшекейi:" бiз бiлемiз, куәмiз, естiгемiз " дегендей. Қыздың бас июiмен бiрге бой изесiп, көп ырғалып, көп құптады. Абай әлi де әңгiмесiн айта түстi.
– Жүрегiм үйлеспеген бiр жанға тағдыр қосты, бiрнеше сүйiктi баланың атасы болдым. Бiрақ зарым, шерiм басылмады. Тоғжанды ойлап, түсiмде көрiп жатқан бiр шағым едi. Дәл Тоғжанға ұқсаған бiр жан, барлық пен жоқтық арасында, жаным елтiген шақта, сол Тоғжан салатын әнмен келiп оятты. Оятты да, сол жан менi уатты. Сәнiм де, әнiм де, ендiгi тiрлiк тiрегiм, барым да сол адам өзi болды. Қазiрде көлденең көзге себепсiз сияқты, осы шаhарда жүрiп қалсам да, мен Әйгерiмдi ыстық сағынышпен сағынамын! – дедi.
Осыны айтты да Абай тоқтап қалды.
Салтанат салқындап, ақшыл тартқан жүзбен көзiн төмен салды да, Абайға тағзыммен бас идi. Айтқан алғысындай. Екеуi екi ұзақ әңгiме айтқанда, сырға сыр орай шыққан едi. Бұдан артық айтысу, ашысудың қажетi жоқ. Қызға, бiрдiң өзi болып емiн-еркiн тимесе, қанағат табар аужал жоқ. Абай болса, жеңiл желiкпен, қызығумен Әйгерiмге жалған айтар, бұған жарым серт берер ықтияры жоқ, тiлегi жоқ. Абақты есiгiн өз қолымен ашып, бүгiнгi қазақ қауымынан тыс адамгершiлiгiн Абайға алып келген Салтанат болатын. Сол халдер бүгiнде ел жiгiтiнен көрi өзгерiп, ойымен жаңғырып келген Абайға әмiр-құдiрет тыйымын салды.
Екеуi ендi көңiл сырынан тоқталған. Өз бойын даналық сабырмен жеңiп, билеп алған Салтанат, ендi Абайға құрбылық, назды үнменен екiншi тiлек айтты. Қастарында тұрған сырлы домбыраны ұсынып:
– Сол бiр әнiңiздi ендi өз аузыңызбен ақырын ғана, өзiме айтып берiңiзшi! – дедi.
Абай iркiлген жоқ: жарқ етпес қара көңiлiмдi бұрын Тоғжанға арналған сөздермен бiраз айтып берiп едi. Соның артынан, ән ырғағын өзгертпестен, осы бiр қоңыр кештiң өзiне көштi.
Сыпайы тұспалменен бастап, шыншыл бiр тың сөздермен мұң төктi. Нұрлы жүз, жарық айдың астында, сенiскен досқа құпиясын ашты. Сол жас назы естен кетпес. Ақын сазы оны ұзақ шертер. Қарыздар дос жүрегi ұмытпас, айнымас та, көп сақтар. Белгiсiзге шырқатып әкеткен айрылысу күндерiнде де жiгiттiң өмiрбойы жадында сақтар қадiрлiсi, армандысы боларсың. Сырың сыртқа паш етiлмес. Жүрек iшiндегi бiр түйiр жауhар боп жатар. Ашылмағаны үшiн, өзiнiң қасиетiн ешбiр заманда жоймас... дегендей жаңа өлең. Осы арада, жаңа туған аса шыншыл, ырғақты толқындар едi.
Ауызғы үйде бұл жақтың белгiсiндей тықыр бiлдiрмей сергектiкпен тосып отырған Ербол, Абай әнi шыққанда, Баймағамбетке шам жақтырды. Алдағы бөлмеге әкелдiрген едi. Ендi Абай әнiн аяқтай бергенде, сол шамын ұстап отауға кiрдi.
Абай мен қыздың бағана Ербол шығып кеткенде, терезе алдында отырып қалған қалыптары түк өзгермеген. Оның үстiне Абай жай, баяу ән айтады. Жүзiнде Ербол аңғарғандай өзгерiс нышаны да жоқ. Есiктен кiре бере, екi жасқа жаңа көрген адамша барлай қараған Ербол, бұлардың отырысын да, қабақ шырайларын да оншалық жаратқан жоқ. Ол қанағаттанбады. Үйге шам келумен бiрге Баймағамбет те кiрдi. Күтушi келiншек шай жасай бастады. Аздан соң Мәкiш те қайтқан едi.
Бұдан кейiнгi отырыста, Абай мен Ербол кейде кезектесiп, кейде қосылып көп ән салды, қонақ әйелдердiң, әсiресе Тiнiбек бәйбiшесiнiң тiлегiмен әйелдер мәжiлiсiнiң көңiлiн көтерiп, қызмет еттi. Бұл кештiң ендiгi кездерiнде Салтанат көп сөйлеген жоқ. Тек қана Тобықты жiгiттерiнiң Тоғай бойынан басқарақ айтатын әндерiн айрықша ықыласпен тыңдайды. Аса бiр тартымды сыпайылықпен отырды. Дәл айрылысар кезде ғана, үй бiр оңашалана берген шақта Ербол мен Баймағамбеттiң көзiнше Абайға:
– Осы бiр кештiң қалай шапшаң өткенiн сезбей де қалыппын. Көңiлiмде бiр алғыстан басқа ешбiр ақау жоқ. Әлдекiмнiң бiрi болмассыз деп сырттан топшылаушы едiм. Жетпегенге өкiнерiм жоқ. Бар өмiрде әмiсе бақытты болыңыз! – дедi.
Абай қыз көңiлiнiң жүйрiктiгiн тағы көрдi. Кеудесiне қолын қойып, тек үндемей ғана бас идi. Сөзбен жауап берген жоқ. Көңiлмен барды танысып отырғандарын қабақпен бiлгiздi. Ендiгi халдi жiгiттiң сөзбен таратпағанын Салтанат та орынды көрген екен. Қазiр жасқа толған, нұрлы көздерi көп уақыт кiрпiк қақпай, жiгiтке ұзақ тұнжырап, қарап қалды.
Абайдың жүрерлiк кезi тақаған едi. Михайловқа бұл кездерде ол күн сайын қатынасып, жиi көрiсетiн. Бер жақтан қайтып, досының пәтерiне Абай ендi бiр келгенде, есiктi Михайлов өзi ашты. Ақ кенептен, жаздық кең, жұпыны киiм киiптi. Жүндес кеудесiн ашыңқырап қойыпты. Үлкен алақанына шалқасынан ашып салған бiр кiтапты оқи жүр екен. Шала амандаса сала, Михайлов Абайды қолтықтап алды. Өз бөлмесiне қарай әкеле жатып:
– Құнанбаев, мен сiзге орыс жазушыларынан басқа, соңғы мәжiлiстерiмiзде айтқан, әр алуан бiлiмдер саласынан да бiраз кiтаптар әзiрледiм! – дедi.
– Қай бiлiмдер саласын айтасыз, Евгений Петрович?
– Жалпы тарихтан! Европаның есею тарихынан және географиядан да, осы жыл iшiнде сiз оқып, бiлiп шығатын кiтаптар бар. Жарымын мен өзiм таптым, тағы бiразын Гоголь кiтапханасынан, Кузьмичтен аласыз. Сiз үшiн тапқызып, елге кетер жолыңызға, уақытша берiп жiберуге бөлгiзiп қойдым. Соны барып аласыз! – дедi. Аздан соң тағы да өзi сөйледi.
– Менiң аңғаруымша, сiз тарихқа көп ат салыспаған сияқтысыз. Ол – ғылымдардың анасы ғой.
Абай:
– Тарихтан бiз ислам тарихын, медресе дәрiсi түрiнде емес, жай өздiгiмiзбен, түртiнiп оқығанымыз бар. Бiрақ, Евгений Петрович, сiзге кездескелi менiң бұрынғы бiлiм деп жиғанымның көбi өзiнiң салмағынан айрылды. Я түтiн, я будай боп кеткендей. Сол оқыған тарихымды тұрақты бiлiмге санар сенiмiм болмай тұр, – дедi. Михайлов бұл сөзге күлдi де:
– Ендеше, мен сiзге айтайын, ислам тарихы – бiлiм, ол үлкен бiлiм! Тек қандай тарихшы жазғанын талдау керек... – деп Михайлов бүгiн исламға байланысты шығыс туралы, Абайды хайран еткен, қызықты жаңалықтар айтып кеттi. Ислам, араб өнерi, жалпы дүние жүзiнiң ғылым, сана табысына көп ғасырлар бойында аса зор жемiстер берген. Ескi антик өнерi мен Европаның берiде келiп шыққан ояну дәуiрiнiң арасында жатқан бiрнеше жүз жылдар меңiреулiгi бар. Сондағы көп ғасырдың қараңғылық заманына сәуле беретiн, тек араб мәдениетi екенiн айтып өттi. Арыдағы Сократ, Платон, Аристотель мирастарын бүгiнгi өнерлi халықтар қауымына өзiнше өсiрiп кеп жеткiзушiлер шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескерттi. Бұлардың бүгiнгi әңгiмесi осы жайға ауысқанда Абай өз iшiнен сүйсiндiргендей жаңалық тапты. Бұл ойын Михайловтан iрiкпестен айтқан едi.
– Евгений Петрович! Шынымды айтайын, мен адам баласының бiлiм қазынасында мұсылманшылық ғаламы өзi бiр бөлек жатқан, жалғасы жоқ дүние деп ұғушы едiм. Сiз менiң бытырап, бөлiнiп кеткен, бiрiне бiрi қарсы, ерсi көрiнетiн дүниелерiмдi тұтастырып беретiн сияқтысыз. Шынында, ғаделет, хақиқат, ахлақ мәселелерiнде қауымның игiлiгiн ойлаушылар аз ба? Нәсiлдер ырысын ойлайтын әр заманның, әр халықтардың ғұлама ұстаздары бар ғой, – деген.
Михайлов Абай қозғаған бұл мәселенiң артынан, ұзақ бiр келелi, кең өрiстi ойларға кеттi. Бүгiнгi сыпатында, кең маңдайлы, ойлы көздi Михайлов, қоңыр сақалын күтiп тараған келбетiмен зор бiр ғұламаға, даналарға ұқсайды. Бүгiн ол Абайға философ ұстаз болып танылғандай. Ұзақ әңгiмемен, ұғымды етiп, оның бұл күнге шейiн ислам дүниесiнен бiлген бiлiмiн бағалады. Сонымен жалғастыра, әсiресе Абайды хайран еткен бұның өзi халқының жайы. Қазақ тарихының да әлi ғылым бiлмеген, мүмкiн Абай өзi де бағалап жетпеген қазынасы болар едi. Дүниелiк өнер-бiлiм мүлкiне, қазақтың да жер астында жатқан саф алтындай қадiрлi сақтағаны болуы шексiз деп айтты.
Абай Михайловтың бүгiнгi мәжiлiсiнен кейiн, оны өзiне бұрынғыдан да жақын көрдi. Екеуiн туыс ететiн ағалық ойдың өрiсiн аңғарды. Айрылысар шақта Михайловқа:
– Бүгiн сiз маған, ерекше бiр қадiрлi сыпатта танылдыңыз, Евгений Петрович! Мен сiздi тек орыс халқындағы өнердiң ойы мен тiлi деп бiлiп едiм. Өзiмдi бөлек өлкенiң сiзден алыс жатқан, сахара келгiнi деп бiлiп ем. Ал қазiр сiз, бейнебiр менi қолымнан жетелеп, биiк бел үстiне шығарып тұрсыз. Бар замандардың, бар халықтардың қоныс-қонысын, өрiс-жайылысын көрсеттiңiз. Алыстан болса да бар адам баласын тұтас бiр тайпадай аңғарттыңыз. Ендi бақсам, дүниелiк бiлiмнен сырт жатқан халық жоқ сияқты ғой. Өзiмiздi қазақ баласы ғана емес деп сезiнгендей бiр қуанышта тұрмын. Осы менiң үлкен олжам болса керек! – дедi.
Михайлов қатты күлiп келiп, Абайды иығынан құшақтап, бiр қысып қойды.
– Құнанбаев! Бiздiң достығымыз екеуiмiзге де жақсы нәтиже берер деп үмiт етемiн. Тек кiтапханадан, Кузьмичтен қол үзбеймiн деген уәдеңiзге берiк болыңыз! – дедi.
Осы жолы Семейден бiр арба қып алып қайтқан Абай олжасының қақ жарымы – Михайлов көрсеткен, я өздiгiмен тауып берген кiтаптар едi. Лосовский сайлауға, сахараға шығар алдында, Михайловтың сол Лосовскиймен, Андреев үйiнде кездескен бiр уақыты болып едi. Сонда Михайлов өзiн ырзалықпен таң қалдыратын сахара жiгiтi жөнiнде сөйлеп отырып:
– Құнанбаевтың бiлiмге ұмтылу талабы аса зор. Жас елдiң кейде бiлiм-жарығына бар еңсесiн салып, шынымен, барымен келетiнiн байқатады. Сусағандық құмарлығын бiлдiредi! – деп едi. Лосовский бұл жайға Михайловша қарамаған сияқты.
– Евгений Петрович! Ол халық сипаты емес шығар. Халқын айтсақ, бұл ел әлi орыс мәдениетiне "сонша қажетiм бар" деп ұғынып, оянған ел емес. Ал, Құнанбаевтың жеке өз басын айтсаңыз бiр басқа. Бiрақ оның құмарлығында, ғылымға ер жетiп кеп ұмтылған адамның бәрiнде болатын дағдылы ғана қомағайлық бар шығар! – дедi.
Михайлов пен Андреев Лосовскийге осы жолы Абайды жақсы ұғындырып жiбермек ниетте болатын. Сол мақсатымен және өзiнiң сыншыл, турашыл ойын жарыққа шығара отырып, Михайлов бiр сарқынды сөз айтты.
– Құнанбаевта менi қызықтыратын бiр қасиет бар. Көп мәжiлiстес болдым. Жақын таныстым. Сонда мұның аузынан: "Әдiлет, халық, халыққа адал қызмет" деген сөз көп қайталап шығады. Онысы және тұрақты ой боп, көңiлiне бекiген.
Менi осы адамның бойындағы гуманизм қызықтырады. Келешегiннен не шығатынын қатты бiлгiм келед! – деген.
Абайдың өзiне айтпаса да, Михайловтың ол турасындағы бұл кезеңдегi үлкен бiр қорытындысы осы, Андреев Михайловтың сөзiмен жалғастыра, Лосовскийге:
– Сiз киргиз управительдерiн олақ, шикi, тазалығы аз, түсiнiгi төмен адамдар деп бiлесiз. Сол орынға лайығы бар адамдарды, өзi бiлген сахара тұрғындарының iшiнен Құнанбаев тауып берсе. Сiз бiр жолға соларды сайлап, сынап келсеңiз қайтер едi? – деген.
Лосовский бұл пiкiрге қарсылық бiлдiрген жоқ. Қайта есiнде тұтатынын сездiрiп, ақырын бас шұлғыды. Тек сонымен iлес:
– Киргиздiң ру басылары бiздiң кеңселер үшiн ғана емес, Құнанбаевтың өзi үшiн де қиын жұмбақ болатын. Мен алдыңғыдан артқылар мүлде басқа болып, сахара қоғамына жаңалық ой, дұрыс жол тауып бередi деген сенiмнен әзiрше аулақпын. Жалғыз-ақ бiр тәжiрибе етiп көремiз. Нәтижесiн Құнанбаев пен сiздер, бiр-екi жылдан соң шат көңiлмен қорытуларыңызға тiлеулестiк айтайын, – дедi. Салмақты мысқылмен күлдi де, бұл жөнiндегi сөздi паң ұлық пiшiнiмен аяқтатты.
Осыдан аз күн өткен соң Лосовский сайлауға шықты. Абай Ербол мен Баймағамбеттi жайлаудағы ауылға, Шыңғысқа хабарға жiберiп, өздерi Лосовскиймен бiрге Қызылмолаға тартты.
Лосовский Андреевтiң үйiнде берген уәдесiн бұл жолы шын орындады. Қызылмола, Қоңыркөкше, Шыңғыс болысы сияқты, үш болыстың сайлауына Абайды қасынан қалдырмай ертiп жүрдi. Барлық жерде бұларды үлкен әбiгермен, салтанатпен, көп үйлер тiгiп, қөл-көсiр сойыстар, қонақасылармен бейiлденiп қарсы алыс-ты. Сол елдерге Лосовский Абайды қадiрлi адам етiп танытып отырды.
Абай үш болыстың сайлауға жиылған елiне осы жолы, үлкен бiр бедел, абырой тауып қайтқан адамдай көрiндi. Жұрт оны, бейнебiр, советник сияқты бiлдi.
Абай кiрiскендiктен, бiрде-бiр болыста болыстық, билiк, кандидаттық үшiн қыңқ еткен талас болған жоқ. Бар болыста, Абай сол елдердiң естияр, адал деген адамдарымен алдын ала ақылдасады да, Лосовскийге өзiнiң "пәлендi сайлауға лайық" деген ұсынысын айтады. Соны беделмен өткiзiп отырады. Қалада жүргенде, бұрынғы тәжiрибесi бойынша, сахара адамдарына шала сенiммен қараған Лосовский осы жолы бiр айлық сапарда Абайды өзiне жақын тартып, жақсы бiлдi. Қадiрлеп қалғандай, сайлау күндерiнде Абайға кейде қалжың айтып:
– Ибрагим Кунанбаевич! Мен сiздiң мәслихаттарыңызды аламын да, атағандарыңызды бекiтемiн. Бiрақ осы сайлаған кiсiлерiңiз бұрынғы болыстардай, парақор, зорлықшыл, жалған приговор бергiш, ел жанжалына басшы болғыш қиянаты көп болса, жауапты сiз бересiз. Господин Михайлов пен Андреев алдында бересiз, – деп күлетұғын.
Осы сөздердiң Абай басына қарыз екенiн және соның бiр жағы ұлық алды емес, өзi айтып жүрген халық алдындағы қарыз екенiн ойлағандықтан, Абай бұл жолы мынау үш болысқа ешкiмнiң ойында жоқ үш жасты сайлатты. Олар болыстыққа талабы жоқ кiсiлер едi. Шыңғысқа атағаны Абайдың өз құрбыласы, балалық шақтан мiнезi мен адамшылығын Абай қатты қадiрлейтiн адам, Тоғжанның ағасы, Абайдың досы Асылбек. Бар Құнанбай ұрпағын, Ырғызбай ортасын наразы етiп, Абай өз болысының ұлықтығын сол Асылбекке бергiздi.
Қоңыр-көкшеге болыс боламын деп, мал шығарып, жұлысып келе жатқан өзi бай, өзi ожар омырау, жас бөрi – Әбендi сайлатпай, оның орнына "момын, естi жiгiт" деп Шымырбай дегендi сайлатты.
Қызылмолаға болыстыққа тiлемесе де Абайға "ендiгi өмiрде тiлеуi бiр жақын iнi болам" деген Ысқақты сайлатты. Бұл Құнанбай баласы, Абаймен бiр шешеден туған-ды. Бiрақ жастайынан Құнанбай оны Құдайбердiге iнi етiп, Күнкенiң қолында өсiрген. Бертiн уақыттарда Ысқақ көбiнше Тәкежанның ығында келген. Дәл осы соңғы жыл ғана Абайды анық адал аға деп, шынайы дос тұтып тапқан едi. Абай сол Ысқақты ұстады. Бұл күнге шейiн таныстығы аз болған – Матай iшiне Ысқақты аулымен көшiрiп, осы елдiң болыстығын атқаруды тапсырды.
Ералыда биылғы көктемде ойда жоқ лаңнан басталған "Абай мен ұлық тартысы" әзiрше осылай аяқталды. Абай жеңгендей боп, ел iшiндегi оның атағы қатты дабырайды.
ОҚАПТА
1
– Ә-ә-й Абай-ай! Жолың болмас-ау сенiң! Қу дала, қу мекенде, жалғыз ауыл қалдырып, бiр сарғайттың. Не ағайын-туған ел жоқ. Немесе ауыл иесi, үй иесi, қатынға бай, балаға әке дерлiк өзiң жоқ! Өшiң бардай, осының ба? Көзiмiзге көк шыбынды үймелеттiң.ғой! Құдайдың ыстығы мынау – әуе айналып жерге түскен. Күнде шыжып тұрған не қылған қуарған қоныс бұнысы. Бәрi – сенен, Абай! Әй, сiрә да жолың болмас-ау сенiң. Не жазығым бар едi? – деп, үйдi айналып кесек үнмен Абайды жерлеп келе жатқан Дiлдә болатын.
Ол осылай ұрсып келiп, Әйгерiмнiң отауына кiрдi. Үйде жалғыз отырған Әйгерiмнiң төр жағынан кеп отыра бердi. Әйгерiм жасы үлкен Дiлдә келгенде, орнынан тұрып қарсы алған-ды.
Дiлдәның бұл кезде ажымы көбейiп, сүйек-сүйегi бiлiне бастаған.
Қазiргi келiсiнде оның Абайды жерлеп Әйгерiмге естiрте айтқан ұрысы, күндегi дағдысынан басқарақ. Бүгiнгi ұрыстың себебi зор болатын. Түнде қаладан келiп, Дiлдәның үйiне қонып, бүгiн түске жуық жайлауға қарай аттанып кеткен Манас әкелген хабар бар.
Абайды Әлдеке қызының жанында көрiп, жай-жапсарды өзiнше аңғарып қайтқан Манас, бұл ауылға жайлы хабар әкелген жоқ. Дiлдә мен көршi қатындардың, малшылардың көзiнше Абайды кiнәлап сөйлеген.
– Қиыр жайлаудан, ит арқасы қияннан, күн-түн қатып "бар, балам абақтыда сарғайып жатыр, аман-жаманын бiлiп кеп бер!" деп, кәрi шешесi менi жұмсады. "Қорлық көрiп жатыр-ау!" деп тыным алмай қалаға жетсем, ол боса, қағанағы қарық, сағанағы сарық.! – деп кеп, көргенiнен артық та сөздер сөйлеген.
Манас "Дiлдә қызғаныш ойлап күйiнер" деп әңгiмесiнiң басын тұспалдап, тартына айтып едi. Кейiн Дiлдәның өзi әлденеден Абайдың бозбалалығын айтқан хабарға құшырлана түсiп, сүйсiне тыңдағандай болды. Қайта-қайта тақымдап:" қайнаға, көрген-бiлгенiңнiң бәрiн жасырма! Бiрдеменi iркiп кетсең, құдай алдында мойныңа қарыз!" деп отырып, Манасты көп көйткiзген.
Манас әйел мен еркек арасының кiнә-наз, кейiс-күйiнiш дейтiн биязы мiнездерiне ден қоймайтын. Ол кесек, топас мiнездi, доғал адам. Қалада Абай мен Салтанатты терезесi қоршалған, оңаша отауда, ала көлеңке жерде көргенде өзiнше еркiн, батыл жорамал жасаған-ды. Түнде Дiлдәның жетегiмен көп артық сөздердi сөйлеп келiп, ең ақырында өтiрiк те айтқан.
– Мен Абайға кiнә қойдым. Ыза болғанымнан қыз көзiнше ұрсып та тастадым. Келiн, сенiң есеңдi жiбергем жоқ. Е-е ұрыспай тұрайын ба? Ит ұяласынан қорықпайды, мен айтпай, кiм айтады оған! "Елде қатын-бала сенi уайымдап, түн ұйқысын төрт бөлiп, құдайына ақсарбасын айтады. Iшкен асы зәр болып.отырғаны анау. Сен болсаң, Әлдеке қызының қойнында шалжиып жатқаның мынау!" дедiм. Ашуым кеп кеттi! – деген.
Ендi мiне, Дiлдә сол Манасты жөнелтiп болған соң, Әйгерiмге барды ағытып отыр. Әйгерiм ұға алмайды, аңғару қиын. Дiлдә Абай туралы айтып отырған жаманаттың бәрiн кейде күле түсiп, күндегiден Әйгерiмге жақындап, жанасып айтады. Неге екенi белгiсiз, құшырланып, сүйсiнiп сөйлейдi. Манас ұлғайтқан өсектi, бұл ендi одан да әрi өсiрiп алыпты.
Шыжып тұрған ыстық күнде пысынап отырған Әйгерiм, Дiлдәның қатал өсегi басталғанда, аппақ боп өзгерiп барады. Өнебойы тоңазып кеттi. Жүрегiнiң дәл ұшынан шыбық қамшымен осып, ұрып кеткендей болды. Саусақтары суынып, Дiлдәның қолын ұстай алып, дiрiл қағып:
– Не дейсiз? Ненi айттыңыз? – дедi. Өнебойымен Дiлдәға қарай ұмтыла түсiп қадалғанда, екi көзiнен жас ыршып кетiп барып, тез iркiлген. Сол екi тамшы, кесек тамшы жас ендi сұп-суық тас түйiндей боп тұр. Шарасынан шығып ұлғайған көздерiнде жұмарланып тұрып қапты. Алғашқы бiр сұрауынан соң, Әйгерiмде үн жоқ едi. Күдiктi боп, шошына қобалжыған жүзiне бiр қызыл, бiр көкшiл қан ойнап шығып, бiресе талықсығандай, сұп-сұр болып кетедi.
Даусы еркек үндес боп, гүжiлдеңкiреп шығатын, жарықшақ үндi Дiлдә Әйгерiмнiң жүзiнен көз алмайды. Өшiккендей өршелене сөйледi. Әйгерiмнiң тiзесiне тiзесiн сүйеп, еңкейiп, үйiле қарап ап:
– Әйгерiм, тыңдап ал, әлi одан да сорақысы бар. Сол үш бiрдей жирен арғымақ жегiп, байды өзi iздеп келген қаланың салдақысы, әлгi Салтанат сиқыр Аьайға: "ендi менi ал!" дептi. "Кiммен қарайсаң, сонымен ағар!" деген. "Сенi абақтыдан құтқарам деп, менiң ел-жұртқа қарар бетiм қалған жоқ. Ендi менi айттырған күйеуiм де алмайды. Жер ортасы көк төбеде.ұлытып тастайтын кiсiң мен емес. Менi сен аласың!"– дептi. Абай:"қырда қатын-балам бар ғой" деген екен. "оның маған жүк емес, қырдың сарала етек қызы менiң теңiм бе едi? Ондағың суыммен кiрiп, күлiммен шығады. Нақ сүйерiң өзiммiн, жердiң үстiмен кеп, астымен қайтпаймын, аласың менi. Алғаныңның басы осы, ала жаздай қайтпай, осы қалада жатасың, ендiгi қызығыңды көретiн мен ғана!" дептi. Ал, Әйгерiм! Мен байдан баяғыда күдер үзген кiсiмiн. Опасыз Абай екеумiзге қора салғызып жапан түзге жатақ қып тастап, қарасын үзiп кеткенi анау. "Ала жаздай қалада тегiн жатқан жоқ шығарсың!" деп ойлаушы едiм, аяғы мiнi осы болды. Жолың болмағырдың: "үйiме жетсiн" деген хабары осы! – деп тоқтаған.
Абай үш болыс елдiң сайлауын бiтiрiп, жайлаудағы үлкен ауылға келiп, екi жұмадай шешесiнiң үйiнде тұрып қалған едi. Бұл уақыттарда ол абақтыдан шығып келгендiктен, аға-iнi, шеше-жеңге, жанкүйер жақын – барлығына ыстық болған. Тез кете алмады.
Сонымен, ел бауырға түсуге бет алған уақытта ғана көптен зарықтырып күттiрген өз аулына қарай ендi тартқан-ды. Бұл жолға Абай тек Баймағамбеттi ғана алды. Ербол жайлаудағы өз үйiнде қалды. Күзекке, Ойқұдық тұсына ел көшiп барғанша, Абаймен айрылыса тұратын боп, жолдасынан рұхсат алып қалған.
Өз аулына баруға бел байлаған.соң, Абай екi-үш күннен берi көп асығып, көп дегбiрсiзденген. Сырт көзден жасырса да, Әйгерiмдi аса қатты сағынып, көп қобалжушы едi. Ендi Ойқұдықтағы Әйгерiмге қарай түн қатып аттаныс-ты.
Осы түнде Абай мен Баймағамбет елсiз, жым-жырт есiз таудан, қалың Шыңғыстан асты. Келесi күн бауырдың шыжыған ыстығына қарамастан, түске шейiн тартты. Бұлар Әйгерiм салғызған Ақшоқыдағы қыстауға күн түске тақай бергенде келiп жеткен едi.
Абай бұл қыстаудың iргесi көтерiлгенде кеткен болатын. Ендi келсе, Ақшоқының қалың ұсақ адырларының Қорыққа қарай салбырап келген тұмсығында, үстi жазаңдау келген боз төбеде, үлкен қора – дүкен салыныпты. Абай мен Баймағамбет есiк алдына келiп түсiп, қораның жаяу кiсi кiретiн есiгiнен кiрiстi.
Баймағамбет ұзын далаңға кiрiсiмен, қораның биiк салынған, төбесi жақсы жабылғанын тамаша етiп, мақтай бастап едi. Абай әуелi үн қатпай, асықпай, сол далаңды қарады. Оң жақта қысқы ас тұратын екi кiлеттi және төбесiн шатырша биiктеп жапқан шошаланы қарап шықты.
Қораны салғызушы – Әйгерiм мен Оспан. Салушы – осы атырапқа белгiлi қорашы ұста Төре деген кiсi болатын. Қора-жай мен там үйлердiң салыс үлгiсiн берген Абай өзi едi. Әр бөлменiң ұзыны-көлденеңiн, iшкi қатынас есiктерiн – бәрiн де Абай өзi қағазға, сызып, Әйгерiмнiң қолына табыс етiп кеткен.
Сабырсыз, шапшаң Баймағамбет, Абайдың жай жүрiсiне шыдай алмай, алдын орап, бiр кетiп, бiр қайтып кеп, қолды-аяққа тұрмай жүр. Абай, әр қуыстың қалауын, сылауын, биiгiн, енiн өзi берген үлгiсiн еске түсiре, салыстыра сынап келедi. Баймағамбет бұрын барып қайтқылап, қайта-қайта:
– Абай аға, мұнда келiңiз! Тамаша мұнда екен! Дәл қаланың үйi! Асты-үстi тақтай. Пешi қандай – деп, тақаты қалмай, мақтап жүрген бөлмелерге келдi. Келдi де Абай асықпай жақсылап қарап шығып, қатты ырза болды.
Ең жақсы бөлмесi – орталық үй, үлкен үй екен. Ол кең, биiк, жарық. Бұның алдында таза, ұзынша ауыз үй бар. Арт жағында бүйiрдегi есiктен кiретiн түкпiр үй бар. Әр бөлме – әр алуандас. Ең үлкен бөлмесi төрткүл болса, түкпiр үй кең, ұзын. Бұл бөлмелерде Абай мен Әйгерiмнiң арнауы бойынша, көп баламен, молдасымен, қонағымен Дiлдә тұрмақ. Ендiгi бiр сәтте Абай өзi мен Әйгерiм үшiн арналған, кiшi үй жағына шықты. Әйгерiм үйiнiң есiгiн Абай жаңағы көрген ауыз үйге шығаруға бұйырған едi. Әйгерiм ол үлгiнi өзгертiп, өз отауының есiгiн бұл жаққа қаратпай, ар жағындағы үйдiң төрiнен шығарыпты да, сол жақтан өзiне жақсы ауыз үй жасатыпты.
Абай Әйгерiм кiргiзген өзгерiстi мiнемей, оң түсiндi. Дiлдәның көзiне сәт сайын түсе бергiсi келмей, аз да болса, аулағырақ тасада болайын деген ғой. Оның бөлмелерi де, ойдағыдай кең, жайлы боп салыныпты. Абай Әйгерiмнiң төргi бөлмесiнде ұзақ тұрды. Өзiне сағынышты, ыстық жар төсегiн, көңiлiмен осы бөлменiң пештен жоғары ұзынша қалтарысына қондырып қояды. Қызыл көк шымылдығын түсiрiп, жiбек пердемен өз көзiнен өзi тасалап, ойша қоршап қойып, ұзақ еске алып тұрды. Әлi де лыпыл қағып, жүйткiп жүрген Баймағамбет қора жақты да тегiс шарлап келдi. Өз үйi, басқа көршiлер тұратын бөлмелердi – бәрiн де тегiс аралап, тегiс мақтап келдi. Абай ендi оған ерiп қора жақты тағы да асықпай жүрiп, тегiс қарап шықты. Шаршаған дене, салқын көлеңкелi, жаңа, таза қоралар iшiнде тынығып қалды. Мал кiретiн қораның қақпасы басқа. Алды түйе қора, одан бөлек созылған сиыр қора. Солармен жалғас салынған екi үлкен, аса кең қора бар. Дiңгегi көп, төбесiнiң әр тұсына дөңгелек тесiк қалдырған қой қоралар екен. Кiрер есiгi өзiне бөлек салынған ұзын, биiк ат қора да бар. Жаздыгүнi қойма қойып, шана-сайман сақтайтын, төбесi шатырлы, биiк зәуезнай – там үйлерге жалғаса салынған.
Түс ауғанша, қора жайды Абай мен Баймағамбет асықпай қарап шыққан едi. Бағана келiсiмен құдық басындағы астаудан суарып, ер-тоқымдарын алып, өрелеп жiберген аттар ұзақ жайылысқа кетiптi. Абай Баймағамбеттi сол аттарға жiберiп жатып:
– Қайырлы болсын! Сен екеуiмiз бұл жайдың қанша бейнет, сергелдеңмен салынғанын бiлгемiз жоқ. Баймағамбет, осыны, бiздi жоқтатпай, қажымай салғызып шыққан Әйгерiм ер десеңшi – дедi.
Соны айтып, қораның көлеңкесiне паналап отырған жерiнен асығып, ұшып тұрды.
– Атты әкел, тез үйге жетейiк! – дедi. Әйгерiм мен балаларын көп сағынған асығыстық қалпын тағы тапты.
Баймағамбет атты көпке шейiн әкелмедi. Өресiн кең салған екен. Екi ат адырға кiрiп, ұзап кетiптi. Сабырсызданған Абай жолдасын ұзақ күттi. Ызаланып күтедi. Бұл уақыттарда Абай Әйгерiмдi дамылсыз ойлайды.
Оңаша ауыл. Жайлауға бармай, елсiз жайқын Ералы мен Ойқұдықта қалған. Бұл күнде сарғайған, жым-жырт құлазыған далада ұмыт қалған бiр үзiк – бiр шоғыр ғана тiрлiктей. Өмiр – барлықтың азғантай белгiсiндей. Айнала қыбыр етпес, мәңгi үн қатпас иен дала, сар дала. Ол үнсiз даланың ертегiсiндей боп, шыны емес, бұлдыр мұнар ертегiсiндей боп, ашық ыстық күнде, бұлың-бұлың етiп, буалдыр ойнап тұратын көк сағым бар. Қазiрде Абай өзiнiң аулы отырған тұсы осы-ау деп, Ойқұдық даласына қараса, сол көк сағым неше түрлi құбылып, көзбен ойнайды. Сар даланы, меңiреу, есiз жапан түз, құла түз дегiзбей, тiрлiкке, ғажайып заттарға толтырады. Жұмбақ – жан иелерiне толы деп танытқандай. Сағым алдайды. Сағым – қиялдай. Жоқтан жұбаныш, алданыш тудырады. Бiресе Ералы, Ойқұдықтар, ұшы-қиыры жоқ көк күмбездi шаhарға толғандай. Бейне көк сарайлар орнағандай. Бiресе кейбiр қара шоғыр жерден үзiлiп, жұмырланып, көк аспанда мұғаллақ тiршiлiк еткендей. Мал ма, әлде қараған, шеңгел ме? Аса бiр көп шашыранды шоғырлар, сол алыс көк тұманды, көкжиек iшiнде ерсiлi-қарсылы ұйтқи жүредi. Бұлан салып, қараушыны өзiне тартып, "мұнда-мұндалап" шақырғандай. Қадалып, қоймастан шақырғандай.
"Қиял деген, үмiт сағым осы-ау! Дәл соның көзге көрiнген ойнамалы, айнымалы кескiнi осы-ау!" дейдi Абай. Елсiз жапанда жалғыз қалған жанның, сол жалғыздығымен ойнаған алданышты тамашалайды. Бiрақ бұл жолы осынау жалған дүние iшiнде, елсiз дала арасында, жалғыз ауыл қалған – өзiнiң кiшкене аулы. Ондағы кiшкене балаларын, жалғыз жас жарын, аяулы, көрiктi жарын, Абай үлкен бiр жанашырмен сағынып, аяп, еске алады.
Ұзарып өскен сар селеу, оңнан соққан баяу жел астында тынымсыз қозғалады. Күмiс толқын бетiндей боп, кейде жылтырай түсiп, сәл сыбырдай ғана, болымсыз жыбыр қағады. Көзге iлiнер-iлiнбес жиi толқын. Жаңа жiбек жүзiндей, үнемi тынымсыз құбылған, ақ теңiздiң жүзi жатыр. Күз тақау болғандықтан бетеге – бурыл, көде – сарғыш. Көктемде жасыл желек, көк шашақ атқан сасыр, қурай да қазiр қызара сарғайған. Семiп солған реңiмен өтiп жатқан дәурендi, семiп қалған өмiр-тiлек дәрменсiздiгiн дәлелдейдi.
Алыста қоңыр көкшiл тартып, бүктүсiп жатқан бiр адыр Шолақ-терек көрiнедi. Ойқұдықтың қала жақ алдындағы, қара жол асатын ұзын жота, ақ қайқаң – Қасқабұлақ, Шолпан адырлары көрiнедi. Бәрiнде де елсiздiк. Өлi дүниедей үнсiздiк, сарылғандық бар. Абай өзiнен-өзi жетiмсiреп, жүдеулiк сезедi.
Иен дүние, тұл дүние сырына бой ұрсаң, шынайы жалғыздықты қатты ойлатады. Ол жалғыздықты Абай осы орыннан аса бiр терең, өткiр түрде таныды. Жүрегiн шанышқандай, қатты сезiндi. Алдағы аулын, ондағы барлық жандарын тағы да аяп, асығып кеттi.
Осы отырыста Абай бiрталай ыстық сезiмдерiн қорытады. "Осындай иен елсiз сахараны отан, мекен еткен қазақ халқының көрнегi жүдеу ғой! Үлкен есiз дүние iшiнде анадай аз ауыл, шарасыз жалғыз-жалғыз ауыл болып отырғаны мынау. Қазiргi қазақ жайлаған жердiң бәрi осы. Бәрiнде ел аз, иесiздiк мол. Iргелi мекен, өнерлi шаhар жоқ. Алты айлық құла түз, құм сахарада, сараң қатынның кең дастарқанға шашып тастаған бiр-екi уыс бауырсағындай шашылған, панасыз ел ғой", – дейдi.
Ойқұдықтағы аулына Абай салқын түсе, күн батардан аз бұрын ғана жеттi. Ауылға тақай бергенде, бұларды танып, қуана жүгiрiп, балалар шықты. Үлкендер далада, үй сыртында тосып, қарсы алды.
Тыста тосқан, қарсы алған жандардың iшiнде Абай көзi қайта-қайта Әйгерiмге түсушi едi. Абайдың атын өзi ұстаған жерде, Әйгерiмнiң пiшiнi күйеуiне науқас адамдай көрiндi. Ағарып, қатты жүдеп кеткен сияқтанды. Әншейiнде оның жүзiне ерекше үлбiреген көрiк берiп тұратын қызыл арай, уыз жастық реңi қазiр оңып, өшiп кеткендей. Алдынан ойнап шыққан Әбiш, Күлбаданды беттерiнен сүйiп, Абай Мағашты көтерiп алды.
Ауыл-аймақ амандығын Дiлдәға қарап, содан сұрап, бiлiп келiп, Абайдың ең соңғы амандасқаны – Әйгерiм едi.
Өз көңiлiн ұдайы сағынышпен тартатын нәзiк реңдi Абай Әйгерiмнiң жүзiнен әлi көре алмайды. Қобалжыған жүдеулiкпен қатар, Әйгерiм үлкен ренiш, кейiсi бар жандай, езу тартпайды. Үйге қоса кiрген Кiшкене-молда, Дарқан, Бәшей сияқты көршiлерiмен және Дiлдәмен қысқа жауаптасып отырып, Абай Әйгерiм жүзiне қайта-қайта жалтақтайды. Ендi байқаса, оның жүзi бiр ағарып, бiресе көкшiл тартады. Кей уақыт қызғылт нұры, жас сұлу жүзiне сәл ғана леп берiп, бiр толқып шығады да, лезде қайта сөнедi. Абай кейiн сұрауға тақат қыла алмады. Әйгерiм тоңазығандай дiрiлдеп, бiр тоқтап қалғанда, күйеуi оның көзiне iркiлген шарасы толы жасты байқап қалды.
– Әйгерiм, сен берi қарашы! – дедi.
Үндемесе де, екеуi iшпенен қабақ танысып, жүрекпен сыр оқысып отыр. Күйеуiнiң сезiмталдығын лезде аңғарған Әйгерiм бiр сәтте сүйген жардың бұрынғы үйреншiктi ынтызар көңiлiн тапты. "Сезгенiңе болса да қуандым ғой!" дегендей боп, жылы ұшырап, күле жымиды.
– Не дейсiз, Абай? – деп жалт қарады.
Iркiлiп тұрған жас жалт етiп, бұрыла берген көзiнен гауhар моншақтай боп, ытқып түстi. Абай оны да көрiп, бар бойымен селт етiп қалды. Төңкерiле бұрылып, келiншегiнiң жүзiне шошына қарады. Ажырайып қадала қалып:
– Әйгерiм! Жаным-ау, сен науқассың ғой! Не болған өзiңе? Жүзiңде бiр тамшы қан жоқ. Не күйге түскенсiң? – дедi.
Екеуiнiң аралығында отырған Дiлдә қырылдаңқыраған еркекше үнiмен, бұрын жауап бердi.
– Аурумысың дегенi несi? – деп кекете күлiп жiберiп, – аурудан сау мұндағы жұрт. Бiрақ уайымнан сау емес. Естiрсiң, сылтауы өзiңсiң ғой, ұғарсың. Абай! – деп тағы бiр күлдi. Абайға кейiстi болған, наразы көңiлiн әр кезде iрiкпестен ығы-жөнi демей, турасынан ақтара тастап отыратын Дiлдә бұл жерде де кеп-кесек қып айта салды.
Үй iшi Абайға елеулi кiнә артып отыр. Сабырмен, үнсiз ғана бойын тежеп, Абай ендi әйелдер жүзiне қараған жоқ. Аңғары, Семей сапарында ұзақ жүрген күндерi бұны айыпты еткен сияқты.
Әйгерiм мен Абай арасында бұл шаққа шейiн бiрде-бiр қабақ шытынысқан кiнә ренiш болып көрген жоқ-ты. Айнымас, аумас деген жар жүрегiне бұл жолғы тiкен қалай қадалды, қанша қинады, оны Абай көп көзiнде ортаға салмақшы емес.
Барлық балаларымен, көршi-қолаңдарымен ас пiскенше сараң әңгiмелесiп отырғандағы ендiгi сөзi қыстау жайы болатын.
Осы түнде таң атқанша Абай мен Әйгерiм ұйқы көрген жоқ, қапалы болған азап түнiн, дерт түнiн кешiрдi. Әйгерiм жүрегiне қызғаныш пен ренiш қатты, терең ұялаған едi. Абаймен оңаша қалған сәттен-ақ, қысқа ғана сөзбенен, Манас әкелген жүрек жарасын тура айтты.
Өз жанын қинап, еңiреп жiберген. Кеудесiн жандырған өксiк арасында:
– Айныдыңыз! Аздыңыз, Абай! Алтын сарай ырысым деушең бұл үйдi. Өзегiмдi өртедiңiз. Ендi дауа табар көңiлiм жоқ. Мен жылаулармын. Үйiңнiң шырағы сөндi, шыпасыз дерт жеңдi менiң бойымды. Көңiлiмдi дауалар, шыпа болар сөзiңiз жоқ. Түк айтпаңыз! Бiттi менiң күнiм! – дедi. Түн бойы төсек үстiнде, Абайдың аяқ жағында отырып алып, егiлiп жылаумен болды.
Абай:
– "Манастың сөзi жорамал, жалған!" деп өзiн ақтайтын сөздi көп қиналып айтты. Әйгерiмдi әлденеше рет ұмтыла жабысып, құшағына алып, қысып отырып, ағыл-тегiл аққан көзiнiң жасын сүйе жұтып отырса да, асық досын уата алмады.
Әйгерiмнiң өкпеге, ренiшке мұншалық қатты екенiн ол бұрын сезбеген екен. Қанша қиналса да жұбата алмайтынын бiлдi. Ендiгi өмiрден әлденеше шошынып, тiрегiнен айрылғандай. Дiңгегi құлап, күйреп бүлiнiп бара жатқан тұрмысын көргендей болды. Сол ойына үркек жүрекпен .бойлап кетiп, бiрталай уақыт үнсiз мелшиiп қалып едi.
Таң аппақ атып, отау үстiнде бозторғай шырыл қағып, жүз бұралған үндермен шырқай бастады. Бiтiмi жоқ, өкпелi жүректiң аса қатал бiр үкiмiн Әйгерiм аямай айтып салды. Әуелi жылау үстiнде үн салып, қатты бiр ауру жандай "ууhh" деп жалын атып, күрсiнiп алды.
– Қатын сорлының күнi құрысын. Құрысын да, күл боп өшкен күнi! Жылағаннан басқа не дәрменi бар? Бiрақ осы жасым, көзiмнiң осы түнi бойында ағыл-тегiл аққан жасы, тегiн болмас деп шошимын. Бұл жаспен, осы түнде "жүрегiмдегi сiзге деген асылымды, барымды жуып-шайдым, жуып, жойдым ба" деп шошынамын. Өзiме де, сiзге де түк аянышым да, өкiнiшiм де қалмағандай. Айтпасыма шарам жоқ. Сiзден iркiп, бүркiп көрген, қалт етер шыным, сырым жоқ едi. Айтайын... Кеудемде жүрек те жоқ, жалын да жоқ. Осы күндер бәрi сөндi де, бiр қуыс қана өлi дүние қалды. Барды әкеттi мына жасым! – деп едi.
Абайға Әйгерiмнiң бұл түн бойында ең ұзақ ашылған сөзi, сыры осы болатын. Жалын жұтып отырып айтқан өз дертiн, ол ендiгi амалсыз тағдыры етiп алған. Сұлу, қайратты жас жарын, Абай бүгiн бұрынғыдан басқаша таныды. Жаңағы айтылған сөзi үкiм байлау. Өздерiнiң бұл күнге шейiн кешкен, кiршiксiз бақыт күндерiне айтылған жоқтау есептi. Жантайып жатқан орнынан Абай үркiп, ытқып тұрып, Әйгерiмге төне қарады.
– Не дедiң, сен? Қайт мына сөзiңнен! Қайт мына көңiлiңнен! Өткенiм жазықсыз болатын, оны ая. Алдымыз жарық деп сенемiн. Оны құрбан етпе. Бақытымызды кеспе, мына тiлiңмен. Қайт, қазiр қайт! – деп жабысып, көп жалынып едi.
Әйгерiм ағарып атқан таңның, түңлiгi жабулы үйге сәл ғана көкшiл тартып кiрген сәулесiмен ақшылданып, сазара түстi. Абайдың жалынған сөздерiне жауап берген жоқ. Үнсiз қатал бiр байлау жасағандай. Сол жауапсыз қалдырған күйiнде Абайды төсегiнде тастап, өзi түнi бойы бiр сәт жантаймастан, тiк отырған қалпынан сырғып түстi де, жұқа жiбек қара шапанды басына бүркеп, салқын атқан таңға қарай жүз бердi. Көңiлде қамрығы көп жар, қара жамылған бойымен, ақ үйден шығып кеттi.
Арада көп күндер өттi. Әйгерiм сол түннен соң бiр қалыпта. Қатты күйiндi де, салқындаған халiнен көңiл жазбай, қалып қойды. Оның бұл ренiшiн Абай тарқата алмады. Екеуiнiң арасында ең алғаш түскен осы аяз айықпады. Абай үшiн Әйгерiм шын қимас, ыстық жар едi. Арада ендi бiтпестей әлек түстi. Не арылмас дерт, жойылмас жара шығудай. Осының бәрiнiң астарында тағы бiреудiң қиянаты, жалған өсегi, өшiктiруi жатыр. Ол Дiлдәның әрекетi. Абай өмiрiнде ең алғаш рет, iштей қатты ширығып өкiндi. Өзiнiң қатесi, оңалмас қатесi есiне ендi түстi. "Дiлдәны жөнелтпей, мүлде айырып, көшiрiп жiбермей, неге алдым, неге ғана Әйгерiмдi алдым..."
Өзге көп қатын алған, надан, топас, қиянаткер ерлер мiнезiнен нем артық болды! Шек ендi жазаны! Тарт ендi улы өмiрдiң, өз қолыңмен ашытқан улы өмiрдiң жазасын!" деп сенделдi.
Осындай көңiл қазасы мегдеген сайын, Абай оймен сырласар серiк iздейдi, саналы серiк iздейдi. Күндiзi мен түнiн қосып, үнсiз жым-жырт сарылумен кiтапқа үңiлдi. Әйгерiмнiң отауында кiтаптан соң кiтапты ендiгi дем тынысындай сiмiре жұта бердi. Қаладан әкелген көп кiтаптың талайын дендеп, оқып шыққан едi. Екi рет Баймағамбеттi қалаға жiберiп, Кузьмичтен қоржын толтыра кiтаптар алғызды.
Бұл шақ Абай үшiн көңiл күзi болса, табиғаттың да сұрқыл, баяу тартқан өз күзi болып едi. Ералы, Ойқұдық үстiнде жауынды бүркеу сұр аспан жиi түнередi. Арқаның салқын желi, ұзақ түндердi шықты түнге айналдырады. Шыңғыстың барлық бөктерiмен iшiнде қыстап, жаз күндерiн жайлауда өткiзетiн қалың ел, көп ауылдар бұл күнде осы Абай отырған Күзек өлкесiне келген. Құнанбай ауылдары да Ойқұдық, Қасқабұлақ, Ақшоқы өңiрiндегi ақ отты, мол сулы құдық, бастаулар басына жиi-жиi қонысыпты. Қоңыр салқын күзде мал тойынту қамында болатын.
Жаздай жалғыз ауыл болған Абай аулын, бұл уақытта үстерiне көшiп келiп, iргелес қонған қалың ауылдар қоршаған. Ерулiк жесу, қыдырысу дағды болып алған.
Тек Абай мен Әйгерiм ғана ешқайда қыдырмайды. Үйден де шыққан жоқ. Кiтаптан бас алмай, үнсiз бiр сопыдай сарылып отырып қалған Абай үй мен тыстан бiрдей, беймезгiл күз салқынын сезедi. Кей шақтарда, кешкi уақытта жапа-жалғыз жұмыссыз атқа мiнiп, мал аралағанды сылтау етедi. Жалғыздықта жабырқап, сенделiп жүрiп қайтады. Осы жалғыздығын өзiне лайықты сыбағасындай көрдi. Ауыр да болса, үйреншiктi дертiндей. Өзге жұрттың қыдырысына, қысыр кеңесiне айырбастағысы келмейдi.
Тек қана кейбiр кештерде, ымырт жабылғанша тыста тұрып, "әлдебiреу келсе екен!" деп тiлегендей болады. Бiр ойда, сондай бiр халде тұрып, өзiне өзi:
– Осы менiң ұдайы күткен бiр адамым бар секiлдi. Қасыма сол келiп, қабақ жадыратып, әлдебiр үмiттi күндерге жетелеп алып кететiн сияқты. Сол кiм? Кiмдi күтем мен? Ондай жан жалғыз Әйгерiм болса керек едi. Әлде соның көңiлi орала ма? Қайта қуанып, қайта күлiп өзiмдi таба ма? – дейдi.– Әй, ол мен көксеген бұл күйдi iздеместей боп барады ғой! Ендi кiм? Кiмiм келмей жүр осы менiң? – деп бiр тұрады. Тым құрса Ербол келсе екен. Осындай хафа күнiмде тым құрса со да болмады-ау қасымда! – дейдi.
Үнемi үйреншiктi досын күздiң жабырқау бiр кешiнде сағынғанын сездi. Осымен қатар бұл үшiн Ерболдың қаншалық қымбат екенiн ендi түгел көрiп, қадiр тұтқандай. Бақса, Ербол менен екеуi көп өмiр жолын айлар бойында тiзе айырмай, дақ түсiрмей, тәттi кешкен екен. Талай ыстық, суықты да, азаматтық сын асуларды да бiрге асыпты. Бұл күнге шейiнгi өмiр екеуiнiң үлеспеген еншiсiндей, ортақ өмiр. Жалғыз-ақ соңғы жылдар, осы бүгiнгi күндей бұл екi досты кейде қыс, кейде жаз да бiрталай уақыттарға айыра бередi.
Абай Әйгерiмдi алған жылдарда, Ербол да өзiнiң Дәмелiсiне үйленген болатын. Оның да Ысмағұлдай жас жеткiншек балапаны бар. Абай Ербол үйiнiң қамын досының өзiнен кем ойламайды. Бiр кезде Сүйiндiк аулында шеткi үй боп қонып, мiнер көлiк, сауар сауын туралы ағайынға көз сүзiп жүрген Ерболдың кедей үйi осы шақта жап-жақсы малданып қалған. Бұл күнде Ербол Сүйiндiк аулының жанында емес. Ағайын ортасына бiлiктi болып қалған Абайдың осы досы, өзiнiң кедей ағайындарынан жетi үйдiң басын қосып, солардың ортасында бес қанат бозғыл үйде Ерболдың өз үй iшi тұрады. Сауыны да, мiнер көлiгi де өзiне жеткiлiктi. Оның үстiне, Абай қасында айлар жүрiп, кiшкене аулына қайтқанда, аздап iрi-қара, тұяқтап қой-ешкi айдап кеп қосып отырады.
Қазiргi күнде Абайды сағындырған Ербол Қарашоқыдағы қыстауында, қысқы малдың пiшенiн қамдатып, жиғызып, қыстауын қысқа әзiрлеп, көп елдiң көшiне ермей, тауда қалған-ды. Абай досын сағынса да, оның тiрлiк қамын, шаруа мұңын ұғады да, сабыр етiп шыдай бередi. Жұмысы бiтсе, артық күн аял етпей, Ерболдың өзi де асығып келетiнiн мұндағы досы анық бiледi.
Абайдың соңғы күндер оны жиi ойлап шын тез келуiн тiлегенiн Ербол да, Шыңғыстың алыс бөктерiнен, жаза баспай танып ұққандай екен. Жым-жырт үйде, күндегi дағды бойынша, шам жағылып, Абай кiтабына ендi үңiле бастағанда, отаудың киiз есiгi серпiлiп, шапшаң ашылды да:
– Кеш жарық! – деп Ербол кiрiп келдi. Абай орнынан қалай атқып тұрғанын өзi де байқамай қалды. Қарсы ұмтылып барып Ерболды құшақтаған бойында, төрге әкеле жатып:
– Бәсе, келшi! Сен болмай тынысым тарылғандай, жабы боп кетiп ем. Отыр, шешiн. Әйгерiм, көрпе сал! – деп қатты әбiгерленiп, балаша қуанды.
Ерболдың келгенiне Абайдың соншалық аласұрғанына Әйгерiм күлiп жiбердi. Бiр сәтке шын тамашалап қалды. Өзiмен жақсы күндердегi Абай мiнездерiн еске алды. Анық бiр күн көрмесе, осылай ашыла ұмтылысып, қуанышпен аймаласып көрiсетiн. Сол отты шағын ойлаумен, Абайды қызғанып та қалды. Жүректiң ойда жоқ алай-түлейiне түскен едi.
Бұл сезiмнiң iшiнде Ербол мен Абайдың тәттiлiгiн қызғану жоқ. Оған Әйгерiм бұрынғы бақыт шағында, қуанышының бiр қосалқысы, көркi есебiнде қарайтын. Жаңа ойлап қалған қызғанышы, бұнымен салқындасқан Абайдың Ербол арқылы жалғасатын өзге сырын ойлағаннан туған. "Менiң сорым, ылдидың қызы – Салтанат" деп жүрген Әйгерiмге, хасiреттiң бiр ұшығы осы Ерболда тұрған сияқтанды.
Қызғанышқа жеңгiзген жас жүрек кiнәшыл да әделетсiз. Кейде, жанына қымбат асылын, арзанға да қия салады ғой. Сол өкпелi көңiл буған Әйгерiм қазiр Ербол мен Абайдың, шұрқырап табысқаны Салтанат үшiн дедi. Сыры бiрлiктен, ымы-жымы қосылғандықтан деп қалған-ды.
Бiрақ Ербол бүгiнгi кеш сол Әйгерiмнiң өзiне де, Абай мен бұлардың айналасындағы күтушi әйел, ауыл жандары бәрiне де тегiс қабақ жадыратқан қызық әкелдi. Әйгерiмнiң үйiнен қымыз ауыз тие сала, ашық жарқын әзiлдер айтты.
– Шайың мен етiңдi баптай бер, Әйгерiм! Құлан иекте, Қарашоқыда iшiп шыққан Дәмелiнiң шайынан соң, күн ұзын нәр татқам жоқ. Мен Дiлдәға көрiнiп, балалардың бетiнен иiскеп қайтпасам, Алшынбай қызы ертең-ақ гүжiлдеп, өкпесiн ала жүгiредi. Амандасып келем. Сен дандайсып шiкiрейме маған! – деп Әйгерiм мен Абайды қоса күлдiрдi. Өз аулындай, Абай аулының бар үйiн жағалай аралап, үлкендерiне сәлем берiп, бiрталайдан соң қайта оралып келдi.
Орнына отыра бере, бұл үйдiң iшiне оқшау бiр хабар айтты.
Хабарының басы – ертең Есқожа аулында болатын той туралы.
Ол күйеу келетiн той екен. Бұл ортадағы бойжеткен қыз атаулының ең бiр еркесi, сәндi сұлу Үмiтей ұзатылмақшы. Бұрыннан қайындап жүрген күйеуi – Көкше Қаратайдың туысы, Алатай баласы – Дүтбай. Исi Олжай ортасына әншiлiгi, көркi, әсемдiгiмен даңқы шыққан Үмiтейдiң күйеуге ұзатылатын шағы жетiптi. Абай аулындағы жеңге құрбының бәрi де Ербол әкелген хабарды қуанысып тыңдасты.
Осы түн iшiнде бұл ауылдарға, тойға шақырған хабар да жеттi. Ертеңiнде Әйгерiм бастаған көп әйелдер бiрнеше топ боп, Есқожа аулына аттанды. Түске жақын сол ауылда Ербол мен Баймағамбеттi ертiп, Абай да келдi.
Абайлар әуелi той қылып жатқан ауылдың үлкен үйiне кiрiп, Есқожаға сәлем берiп, "қайырлы болсын" айтты. Асты да осы үйден iшкен. Қонаққа тiгiлген үйлер мол, ауыл сәнi зор екен. Есқожаның үйiнде отырып, Ербол мен Абай күйеулер үйiнде әсем шырқап, ән салып жатқан қыз-келiншек, жас-желең қызығын естiп отырған. Бiр уақыт осы үйге сырттан жеткен бiр дабыр жұрттың бәрiн алаң еттi.
Тыста ерекше уақиға болғандай. Есiк алдынан жүгiрiсiп өтiп жатқан жастар бiлiнедi. Балалар шулайды. Кейбiр ересек, кексе әйелдер, еркектер де сол уақиғаға қызыға көңiл бөлiптi. Даурығып сөйлеп, асығып, алқынысып айтып тұрған хабарлары естiлдi.
– Уа! Салдар келедi!
– Мынау не деген сән?
– Жаным-ау, өздерi қалай киiнген?
– Ана бiреу, сал ағасы. Бәрiнiң қолында үкiлi домбыра. Мынау бiр елден ерек жүрiс екен.
– Жүрсең осылай жүр! Сал-серi деген ерке топ осы да!
Арада балалар да қызығып тамаша қып, күле айғайлайды:
– Бөрiктерi сәукеледей!
– Шалбарын қара, шалбарын!
– Балағы қатынның көйлегiндей шұбатылып жүр.
– Бұзаулаған сиырдың шуындай шұбатылады және бiреусiнiкi.
– Иттердi қосар ма едi өздерiне. Қандай дал-дал қылар едi, шалбарынан алып! – деп күлiседi.
Даладағы жұрттың бәрi: "салдар, серiлер келдi" десiп, түгел әбiгерге түстi. Есқожа үйiнде отырған үлкендер арасында Ызғұтты бар-ды. Ол "ауылды басынып келiп жүрген бейбастақтар кiм?" дегендей, "сал" деген атты ұнатпай:
– О кiмдер өзi? Қайдан жүрген немелер? – деп едi. Есқожа бұлардың келер хабарын естiген сияқты.
– Бөтен емес, бәрiн бастап жүрген өзiмiздiң Әмiр көрiнедi! – дедi.
Әмiр бастап, үлкен сауыққа салынып жүрген бiр топ жiгiттердiң хабары Абай мен Ерболға бұрын да мәлiм болатын. Бiрақ "сал", "серi" деген атақтары шықпаған-ды. Ендi сол топ тойлы ауылға, Үмiтей тойына келедi дегенде, бұл екеуi де Әмiрдiң бүгiнгi қылығын көзбен көрмек болып, үйден шығысқан едi.
Далада бұлар көзiне түскен көрiнiсi екеуiн де таң қалдырды.
Салдар күйеуге тiгiлген үш отауға қарай тақап қалыпты. Ол отаулардың ортадағысы сегiз қанат. Сырты қызыл-жасыл манатпен оюланыпты. Дөдегелерге қалың қызыл жиек бастырылған. Есiк алдында кәмшат бөрiктi, үкiлi, үлкен шолпылы өңшең әсем, сәндi бойжеткендер тұр. Кейде қатарланып, кейде топтанып, өзгеше қонақтарын тосады. Осы қыздар ортасында, үлгiсiмен, киiм сәнi ерекше бөлiнген, қара кәмшат бөркiн шекесiне таман киген бiр қыз бар. Ол топ жұлдыз ортасында шолпанындай, той иесi – қалыңдық, Үмiтей болатын. Қонақтарын қарсы алуға әдейi шыққан. Салдар отау үйге тура тартып, жақындап қалғанда, Үмiтей қасындағы қыздарын бастады. Қанат жайған сәндi, сылдырлы, әзiл сыңқылды майысқан қатар салдарға қарсы басты.
Жаяу салдардың қастарында өңшең iрiктi сұлу келiншектер келедi екен. Баймағамбет Абай мен Ерболға жалтақтап, дегбiрсiзденiп, таңдана сөйлейдi.
– Еркек салдар емес, арасында қатын салдар да бар ғой! Бұлары кiмдер? – деп едi.
Ербол олардың кiм екенiн аңғарған екен.
– Сал қатындар болса, бiрi өзiмiздiң "Әйгерiм сал" боп шықты ғой. Келiншектер, әдейi алдынан шығып, тосып алған күтушiлер емес пе? – деп күлiп тұр.
Бұл кезде салдар әнi шырқай түстi. Еркiн, ерке топтың тойлы ауылға "бiз келемiзiн" айтады. Баймағамбет ендi аңғарды. Келе жатқан топ екi-екiден, бiр сал, бiр келiншектен, мойындарына бiлектерiн артысып, құшақтаса әндетедi. Ортада Сал-ағасы өзге топтан оқшауырақ алда келедi. Екi жағынан екi келiншек, иығына қол асып, құрмет етедi. Сал-ағасы өзге жiгiттерден жасы үлкен, бойы, бiтiмi де келбеттi келген, Байтас екен.
Домбырасы да үлкен, үкiлi сылдырмақты, моншақты. Ол да "мен сал домбырамын" дегендей. Ән арасында сол домбырасын Байтас аспанға көтерiп, бұлғақ қақтырады, Сал-ағаның осы белгiсiмен арттағы өңшең әншi, ойнақты топ, өздерiнiң шұбарала домбыраларын аспанға көтередi. Бар тобымен айтып келе жатқан "Жиырма-бестiң" толқынды ырғақтарын шырқай сiлтеп, құбылта бұралтады.
Абай мен Ерболға аса қатты ұнап, қайран қалдырғаны: бар әншi жиылып, бiр-ақ ән айтады. Әдетте, ойын-сауықта, үй тола жиналған әншi болса да бiр әнге екi кiсiден артық қосылып салатындар болмайтын.
Жиырма бес қайта айналып келмес саған!–
дейдi. Өздерiнiң осы жүрiстерiн соншалық ақтап тұрған қайырманы жастық ұраны қып, ту етiп, шалқытып келе жатқандай. Бiрiне-бiрi қарсы келе жатқан екi топ, жақындай бере, үндерi молая түсiп, қосылып кеттi. "Жиырма-бестiң" қайырмасына, өз тобын бастап Үмiтей қосылған. Сол қайырманы бiтiре бере, екi топ бiрiне-бiрi жеттi де құшақтасты. Жiгiттер арасындағы келiншектiң көбi, ақ жаулықтары iрiктелiп, кейiнгi сапқа шықты. Алдыңғы қатарда, Байтас жанында қос қыз. Өзге салдардың да қолтығында бiр-бiр бұралған, әзiлкеш қыздар келе жатыр.
Салдар ауылға тақай бергенде, алдарынан шапқыншы боп келген, мойындарына сапы асынған жасауылдары болатын. Олар ауылды көптен әбiгер етiп жүрген. Күйеу үйiндегi барлық әсем келiншектердi салдар алдынан алып шыққан да солар болатын. Келiншектер алдарынан шыққанда, бар сал аттан түсiп, жаңағыдай жаяу сал, жаяу сәнмен келген.
Саны қырыққа жететiн салдардың жасауылы онға жуық. Ала киiмдi, дырау қамшылы атарман, шабармандар екен. Қазiр ортадағы оюлы отауға қарай барлық шұбар топ беттегенде, жасауылдар қонақтардың алдындағы жолды ашады. Екi жақтан ысқырта қамшы сiлтеп, бала-шаға, бөгде топты жағалай, ығыстыра қуып жүр. Отаулар алдына бұл кезде тойшының да көп жұрты тамашаға жиылған. Абайлар да осы арада болатын. Күйеубасшы құдалар, қонақтар да тегiс қамалап келiптi. Бiрақ жасауылдар үшiн қазiр өз салдарынан қадiрлi ұлық та, қонақ та жоқ.
– Тәйт!
– Тұр былай!
– Қағыл!
– Аулақ! – десiп, қалың топты отаудың екi жақ босағасына қақ жарып, екi сап қып қойды. Қатардан шығып, рет бұзғандар болса, жасауылдардың түстерi бұзылып, көздерi ашумен алара қарайды. Өңшең балуан денелi, әдейi iрiктеп алынған содыр жiгiттер, кейбiреулердi сирақтан, жоннан осып-осып, сатыр-сұтыр ұрады.
Бiрақ бұлардың соншалық айбар шеккен қаталдығын ел жиыны кiнәламағандай. Қамшы жегендер де көбiнше күле қашып, еркелiктi ұрыспай көтередi. Топтың алды – сұңғақ бойлы, шоқша жирен сақалды, орақ тұмсықтау келген қызыл сары жiгiт – Байтас. Ол бұндағы елдiң бiреуiне көз тастап, iлтипат қылмайды. Екi қызға екi жағынан, мойнынан құшақтатып қойып, үйге кiрер алдында домбырасын тағы бiр құдiрет белгiдей аспандата сермедi. Барлық әншi тобы жаңағы "Жиырма-бестiң" бұл күнге шейiн көп домбырада ақырын ғана қырлана толқып, сырлы сыбырлай жеңiл лепiп келе жатқан ырғағын қатты шырқау үнменен көтердi. Ендiгi әндi барлық салдармен қоса, қыздар, келiншектер де қостады. Салдың тобын ең артынан қоршап келе жатқан, қара сақалды, аға салдар бар едi. Қазiр олар да қосылған. Әсем қайырманы үнемi қайталап отырып, жиын iлбiп қана басады.
Екi жарылып тұрған қалың ел тобы, бұл күнде жаяулар ғана емес. Шапқылап кеп, тамашалай тұрысып қалған, сансыз көп аттылар да мол. Бар үлгiлерi басқа салдар өзге халық арасында, бейнебiр бөтен уәләят, бөгде халық тобындай. Байтастың артына өзгелерден сытылыңқырап, алғарақ шығып, Әмiр мен Үмiтей түсiптi. Екеуiнiң әнi барлық әншiлер үнiнен өзгеше келедi. "Жиырма-бес" ырғағын бастайтын да, қалқыта созып, қайталайтын да Әмiр мен Үмiтей. Барлық сал Байтасқа жүрiсiн бастатқанмен, ән-сәнiн Әмiр мен Үмiтейге бағынтады. Екеуiнiң де сұлулығы мен сүйкiмдiлiгi соншалық сай боп жарасқан. Салдар айтуынша: "Құдай қосқандай". Қыз бен жiгiт дәл осы халiнде, жай тату құрбы сияқты емес. Көкiрегi қарс айрылып "аh ұрып" табысқан, бақытына жаңа жеткен шерменделер тәрiздi.
Кәмшат бөркiнiң үкiсi мен қозасынан, маржаны мен шоғынан бастап, кiшкентай аяғындағы тұмсығы үп-үшкiр, жылтырауық әмiркен кебiсiне шейiн, бөлек сәндi Үмiтей келедi. Оның жүзiнде шапақ атқан, ақ-қызыл қуаныш ажары бар. Маңдайы жарқырап, бақыт босағасын, шын теңiмен жаңа ғана, осы сәтте ғана аттағалы келе жатқандай.
Әмiр де бар салдан басқаша. Бұның сұңғақ бойына, аппақ сұр жүзiне, ерекше жарасқан атлас, батсайы, тоты реңдi киiмi бар. Қысқа ғана қою қара мұртының арасында жiпсiген тер көрiнедi. Нұрлы жүзi, үлкен көзi, ұялы аясымен Үмiтей жүзiне табына қарап қапты. Жан бiткенге бұрылмай қадалып қалған. Әнiн бiр Үмiтейдiң өзiне бағыстайды. Қыз аппақ тiсiн аша түскен. Қуана күлген күлкiлi ерiндерi қып-қызыл қалпында, сәл дiрiл қағады. Қасы мен көзiн Әмiрдiң жүзiне қиғаштай бұрып, ол да жүз аудармай, балқып келедi.
Екеуiнiң бiрiне-бiрi жан бергендей, ден қойған қазiргi сәтiнде ендi бар қозғалысқа мұршалары болса, ол үнсiз қатып сүйiсiп қалу болғандай. Ең алғашқы асықтық құшағының, ес дәрмендi ап кетер, ең бiрiншi ыстық сүйiсi ғана боларлықтай.
Ербол бұл екеуiн сырттарынан көзбен бағып, ұзатып тұр.
Абай да осы Ербол сезгендi шолып қалса керек. Басында қызыға қарап тұрған қалпынан тез жалт бұрылып, салдар тобына сырт бердi. Ерболды, Баймағамбеттi тастап, анталаған тығыз топтың арасымен сығылысып кейiн жүрiп кеттi.
Бiрақ жаяу тұрған топ пен ат үстiнде тұрғандардың қабағын танып келедi. Бәрiнiң аузында таңдану сөздер бар. Сол сөздер Абай құлағына қайта-қайта ұрып тұрғандай шолақ-шолақ, үзiк-үзiк естiледi.
– Әмiр мен Үмiтей қайтедi? – деп бiр қартаң әйел қасындағы ерiне сөз тастады.
– Мынау Көкшенiң тойы емес, Әмiр мен Үмiтей тойы ма? Бұл не өзi!? – деп бiр бурыл сақал жiгiтек сөйлеп тұр.
– Арманды асықтардай ғой! – деген бiр үндi сыртынан естiдi.
– Ынтық болсаң осындай боларсың!
– Тыйыла алмай-ақ қойған екен!
– Қайтсiн жасыруға болмаған соң? Жалын деген содағы! Күнi өтiп барады ғой бақырлардың! – деп арттағы, ат үстiндегi бiр Әнет сыбырлайды. Әлдебiр сыр айтып тұр.
Абай Әмiр мен Үмiтей үшiн мына жұрт өсегiнен қысылып кеттi. Үмiтейдiң күйеуiн ойлап қысылды. Ол осылармен құрбы, өзi беделдi, Абайға да қадiрлi жiгiт. Сол бiр жаманат естiсе, мыналарға да, өзiне де ауыр болады-ау деп қысылу үстiне ұялып та барады.
Абай осы бетiнде тойды да, қызықты да, қалың елдiң күйеулер үйiн қамалаған топтарын да тастады. Ас iшiп болған тойшылар ту көтерiп, тегiс атқа мiнiп, ендi дағдылы ат үстi қызуға беттедi. Жосыла шабысып, айқыш-ұйқыш жорта бастаған. Абай елеусiз кеп, атын тауып мiндi де, жапа-жалғыз, жортып жүрiп кеттi.
Көз алдына шын ашық, ынтызар жүздерi. Сан кiтаптан өзi оқыған, әмiр-құдiрет, тағдырдан да астам, сиқырлы қуат отын көредi. Жаңағы асқақ сұлу, серi қыз, сал жiгiт жүзiнде сәулеленiп тұрған ынтызар нұрын ойлайды. Көз жұмулы, көңiл мастай. Абай қай ауылға, қай бетке келе жатқанын аңғармайды. Бiр ырғақ тауып, күйге шомып кетедi. Бұны ақылына көнбейтiн жас жүректiң, соншалық шыншыл, өзiмшiл ырғағы келедi. Шыншыл сөз ақырын күңiренген әнге өз-өзiнен оралып кеттi
...Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл... –
деген қыңыр туған бiр шумақты қоя алмайды. Өзiн-өзi тыя алмай, қайталап үн салып, ұзақ күнге жұрттан аулақ кетiп қалды.
Есқожа аулының, тойы алғашқы күн той болғанмен, келесi күндер той иесi Есқожаға да, көп Көкшеге де, қала берсе, оқшау жатқан Құнанбайға да сауық емес, сергелдең болып тидi.
Әмiр келiп, Үмiтейдiң құшағында кестелi отауға кiргеннен бастап, той Дүтбай мен Үмiтей тойы болмай қалды. Асқақ серi, әншi Әмiрдiң қызығы боп кеттi. "Менi өзiң ұзат, әнiңмен ұзат, қасымда бол деп, оны шақырып алған Үмiтей өзi екен" деген сыбыс шықты. Одан берi, салдар келе бергенде Абай құлағы шалған, жұрт аузындағы жорамал сол сәтте барлық қан жайлауды, жел күнгi өрт жалынындай сумаңдап аралады.
Бұл тойға тек Ырғызбай, Олжай ғана емес, көп ру ел жиылған-ды. Ел бауырға түсiп, күзекке қонысқанда мынау Ойқұдықта: Ырғызбай, Қарабатыр, Әнет отырса; Ералыда: қалың Жiгiтек, Мамай, Бөкеншi бар-ды. Тойға олар ғана емес, қонысы жақын болғандықтан Үмiтейдiң қайыны Көкшеден де ат қосуға, балуан күрестiруге, көкпар тартысуға көп ел келген. Ойқұдықтан төбесi көрiнiп тұрған Шолақтерек, Бозамбай-құдығы, Аққұдық – Көкше қоныстары.
Осы елдiң барлығы Үмiтей мен Әмiр сыбысын көп аузындағы көп күндiк жаманатқа айналдырып әкеттi. Ырғызбайдан ыза көрiп жүрген кей жандар: "Әмiрдiң iсi арқылы, Ырғызбай Көкшеге айыпты болса екен" деп те бағып жүр.
Үш күн өттi. Күндiз-түн күйеу үйлерiнде ән-думан бәсеңсiген жоқ, айықпады. Бұл күндер Үмiтей мен Әмiр бiр сәтке айрылысқан жоқ. Осылардың қасында талайдан түйiлiп қалған әнiмен, үш күн, үш түн бойы Әйгерiм әндеттi. Қапастан құтылған құмыр бұлбұлдай сайрады. Қыз күйеуi Дүтбай, Көкшенiң намыскер, естi, сөздi жасының бiрi едi. Ел iсiнде iрiлеп келе жатқан жас жiгiт, мынау күндерде өз басына түскен шарасыздықты ауыр азаптай аңғарды.
Ең алғаш жорамал жасаған күйеу жолдастарын өзi тоқтатып, тыйып көрiп едi. Сүйтiп тұрып, Үмiтейге: "Салдардан сейiлiп, өзiмiз болсақ қайтедi!" деген тiлегiн салмақты жүзбен айтып көрiп едi.
Өзi Үмiтейдi iшiнен қатты қуанышпен ұнататын. "Тобықты қызының ақ маралын, ең артығын алдым" деп мақтан ететiн, Үмiтейдi кiнәлай алмай, құштар боп, қатты сүюден өзi де бiр сәт қайтып көрген емес-тi.
Бiрақ жаңағы мәслихатын Үмiтей қабыл алмады. "Менiң ел-жұртыммен арыздасып айрылар, соңғы бiр хош-хошым ғой. Қиналсаң да, арызым болсын, осы сәл дәурендi маған қи!" деген. Үмiтей айтса, әсiресе осылай қиылып айтса, көндiрмей қоймайды.
Дүтбай жас та болса, адам мiнезiн жете танығыш, көңiлi жүйрiк жiгiт. Және өз бойын ұстап, бiр соққы пәленi қайсарлықпен көтерiп кетер қайраты бар жiгiт. Ол осы кездерде Көкшедегi Қаратай бауырынан шыққан жас атқамiнердiң ең елеулiсi боп қалған-ды. Тәкежан, Асылбектер қатарлы, Көкшенiң бiр қыдыру сөзiн осы ұстайтын болған.
Үмiтей айтқан соң салдарды Дүтбай сүймесе де, шыдап қалды. Бiрақ ол шыдам үш күннен арыға бара алмады. Бару мүмкiн де емес едi. Көп аузында жүрген жыбыр өсек күйеу жолдастарын түгел тулатып болған-ды. Сол Үмiтей мен Әмiрдiң құпия деген сыры Дүтбайдың өз көзiне де шалынды. Бұл үшiншi күннiң таң алдында болған сәтсiз, қиракезiк бiр шақ едi.
Боз үйлер арасында Үмiтейдiң қара шапанын бастарына жамылып, Әмiр мен Үмiтей құшақтасып тұр екен. Көздерiнен жас төгiп жылап сүйiсiп тұрғанда, шапанды өз қолымен екеуiнiң басынан сыпырып алып, Дүтбай көздерiндегi жасты көрдi.
Күйеу сол арада барлық жолдастарына әмiр етiп, далада өрiсте жүрген жылқыдан аттарын тегiс алдырды. Тiптi бас құда, кәрi құдағиға да түгел әмiр еттi. "Қазiр аттан. Қара су ауыз тиместен тегiс аттан!" деген. Томырылып отырып, қайтпас бұйрық еттi.
Күйеулер бар жолдастарымен сол күнi, күн шыға Есқожа аулын тастап атқа қонды. Бұл ауыл үшiн де ұзатылғалы отырған қыз үшiн де өлiм едi. Алғалы отырған қызды күйеу талақ еткендей, тастап кеткен сияқты.
Есқожа өз аулындағы бар үлкендермен келiп, құданың үлкенi Жанатайға жабысты:
– Пәленi ұлғайтпа! Келiн келердiң алдында өзiмiз бұрын аттандық деп бара көрiңдер. Ел болмай кетiсемiз бе? Келiндерiңдi ел тұра сала отауын жығып, мұндағы ата-енесi боп өзiмiз көшiрiп жеткiземiз, – дедi.
Айтқандай, Көкшелер кетiсiмен, осы күнi сәскеде, отауы жығылып, Үмiтей ұзатылды. Қызығы мен бақытының туы құлап, оты сөнiп, әлдеқайдағы бiр зарлы жоқтаумен күңiренiп Әмiр кеттi.
Әйгерiм ауылға сол жанжал болатын күннен сәл бұрын кешке жақын қайтқан-ды. Үш күн бойы, көптен көрмеген сауығына қайтқан, әнiн тапқан жас өнерпаз әйел осы күндерiн талайдан сағынған арманды күндей рахаттаған екен. Кеш бата, өз үйiнiң сыртына кеп, пар ат жеккен жеңiл арбадан түскенде, Абай мен Ербол тыста тұр едi.
Әйгерiмнiң ағы ақ, қызылы қызыл боп, өзгеше құлпырғандай. Бұрынғы бiр Абаймен ыстық шағындағы, сауық-сайран салған, шексiз ән сызылтқан күндерiндей көрiктi екен. Қасындағы Злиханы киiм-кешектерiмен үйге жiберiп, өзi әдеттегi сыпайы, биязы қозғалысымен Абайлар қасына кеп, ауыл амандығын сұрады. Абай Әйгерiмнiң жүзiне таңдана, қызығып қарағандай. Келiншегiн оқшау әзiлмен қарсы алды:
– Ербол, Әйгерiмнiң жүзiне қарашы, талайдан сағынған әндерiн еркiн шырқап, құлпырып қалған ба, немене?!
Ербол қоса сүйсiнiп:
– Бәсе, алғашқы ақша қарға аунап жортқан қызыл түлкiдей, жүнi құлпырып қапты ғой өзiнiң! – деп, Әйгерiмнiң өзiн де күлдiрдi.
– Әнiмен өзi болсын дегендерiңiз ғой. Тастап кетiп, әдейi алдымнан сынайын деп тосып тұр екенсiздер ғой! – дедi.
Абай кiнәламақшы емес.
– Мiн тағайық деп тұрғамыз жоқ, жарықтығым, сүйсiне қарап тұрмыз! Ән сiлтеп, бой көтерiп қайтыпсың. Ажарың көз қуантады. Желдi күнi құсқа салған бабындағы қаршыға аспандап ұзап ұшып, көк жүзiнде ойнақ салып қайтқанда, қандай болушы едi? Аспан азаттығын көп сағынып сәл уақытқа бiр татқанын ұмыта алмай, жалтақ тартушы едi. Әйгерiм сол әлпетте болды ма? Өз жынысын жаңа тауып қайтқандай көрiнедi көзiме. Шыны сол емес пе? Өзiң айтшы, Әйгерiм! – дедi.
Үшеуi де, бұл сияқты ойда жоқтан айтылған оқшау бiр теңеуге күлiсiп тұрса да, Әйгерiм қысылыңқырап қалды. Қызарған жүзiнен сыпайы күлкiсiн тыймай тұрып, Абай сөздерiне наразылықтай, қарсылық айтты.
– Сiзден iрiккен әнiм бар ма едi? Ненi аяп ек? Бiреуiң "түлкi" деп, бiреуiң "қаршыға" деп әзiлдеп кеттiңiз, азат құс па? Сыннан шықпаған, мiнi бiтпес, мұңды ма? Кiм бiлсiн! – дедi де, өңi өзгере барып, қабағына кейiс алған бойынша, үйiне кеттi.
Үмiтей ұзатылатын күнi Есқожа аулында болған ұятты уақиға оңай айықпады.
Қалыңдық Көкшелер кетiсiмен ұзатылып, Ойқұдықтағы ауылдан кеткенде, бұлардан бөлек жаққа, жоқтау әнiн күңiрентiп кеткен Әмiрдiң тобы Үмiтей сұлудан күдер үзе алмады. Елдiң сөзiн елейтiн Әмiр емес, оның бүгiнгi зары, айрылу зары әсiресе елетер емес. Есқожа аулынан былай шығып алып, бар салдар иiрiлiп тұрысқанда, ортасында атының жалын құшып бүгiлiп егiлген Әмiрдi көрiп, Үмiтейдi жалғыз жiбермеске байлаған.
– Оны Көкшеге құдалық қосса, менi құдай құдiретi қосқан. Жастығым, желiгiм емес. Тағдырдың өзi жазған жалыным. Үмiтейсiз күнiм жоқ, тiрлiгiм жоқ. Тарт аттың басын Көкшеге қарай! Қуып жет Үмiтейдiң көшiн, – деп Әмiр өзi бар досына бұйрық еткен.
Әмiрдiң достарының iшiнде жас әншi, ақын серiнiң бiрi, қызыл шырайлы, қой көздi сұлу жiгiт Мұхаметжан болатын. Сол Мұхаметжан Әмiр мен Үмiтейдiң айрылу зарын өзге жiгiттердiң бәрiнен артық мұң етiп жүр едi. Ендi Әмiр жаңағыдай шұғыл қайратпен өзгерген шақта, ол сүйсiнiп, күлiп шалқып кеттi.
– Уай, ендеше осы сәттiң бiр әнiн былай соқшы, жiгiттер! Тыңдашы бермен! – деп мөлдiр үнмен ән шырқап жiбердi.
Бұның әнiндегi ең әсерлi жаңалық – сөзi. Осы арада туған. Әмiр атынан айтылған сөз:
Серінің серменуге көңілі аянды,
Ойладым бастайын деп бір соянды.
Кетті ғой сәулем алыс, жолдастарым,
Айдашы қамыс құлақ боз қоянды! –
деген едi.
Бар салдар бастығы Әмiр болып, осы өлеңдi айта жөнелдi.
Өңшең аппақ қылаң мiнген, қызыл-жасыл киiм киген ойнақы топ бет бұрды. Күншығыс жақта, қарауыта көкшiлденiп, ұзақ сар жазықтың шексiз шетiн көмкере түсiп жатқан жұмыр жотаға қарай тартып барады.
Үмiтей көшi жасаулы, сәндi отаудың көшi, он шақты түйеге жүк артқан және көп аттылы еркек-әйел қоршаған көш. Сары жазықта асыға шапқан салдар Шолақтеректi бетке алып бара жатқан қалың шоғырды лезде көрдi. Жарыс салып отырып, ат басын iрiкпестен кеп, Көкше қонысына тақай бере көштi қуып жеттi.
Үмiтей күйеудiң бүлiнiп аттанып кеткенiн бiлсе де, ығысқан жоқ-ты. Өз аулында ешкiмнен қымсынбастан Әмiрмен ұзақ құшақтасып, жылап көрiсiп айырылғанмен, әлi де ат үстiнде жасын тыймай егiлiп келе жатыр едi. Жаны қимас ынтызары, Әмiрi қалған жағына ұзақ жастан қызарған, нұрлы мұңды көзiн қайта-қайта тастап келе жатқан-ды. Арттарынан шапқындарды үлкендер алыстан аңғара алмады. Ескожа мен Ызғұтты бiрiне бiрi:
– Бұ не қылған шабыс?
– Қайдан шыққан топ? – дестi. Үмiтей сонда, өзiнiң сұлу жараған, жiбек жалды қара жорға атын бұрып, тұрып қалған. Келе жатқан топ Әмiр тобы екенiн жүрегi бұлжытпай таныған-ды. Әмiр қара жал, қара құйрық, құрым сары ат мiнген. Өзге ақбоз атты тобының алдында оқ бойы келдi. Үмiтейдiң қасына жеттi де, оны жылап құшақтап, ат үстiнде бауырына қысып, жасты көзiнен кезек сүйiп, еңiреп тұрып алды.
Артқы топ, осылар қасына кеп, орала қоршады. Екi ғашыққа аттылы сәндерiмен отау тiккендей болды. Орталарына алып, кең қоршап тұрып қалып, сонада Бiржан қалдырған қоштасу, арыздасу әнi – "Қозыкөштi" бастады. Қоңырлатып, қосыла айтып, ойда жоқ бiр мұңды сән туғызды
Е-е-й! Боз бала-ай!
Өтті-ау, заман-ай,
Қош бол, аман! –
деп қайырады.
Әмiр мен Үмiтей онан сайын егiле түсiп, қоштасқандай. Айрылыса алмай, бiрiне бiрi жабыса түсiп, қатты құшақтасады. Осы кезде бұлар қасына, көштен iлгерiлеп кеткен Есқожа мен Ызғұтты қатты жортып, екпiндеп келдi. Екi жастың сыртқы қоршауы болған, аттылы салдар қатарын кие жарып, ортаға кiрдi де, екеуi де ақырып жiбердi.
– Болды! Жеттi! Жеттiң түге жетерiңе!
– Тоқта, тыйыл ендi, Әмiр! Қайт қазiр, қоштасып болдың! – дестi. Соңғы бұйрықты аса бiр ашулы жүзбен Ызғұтты айтты да, қара жорға атты сулығынан алып, жетелеп тарта бердi.
Әмiрдiң қасынан амалсыз сытыла берген Үмiтей:
– Қалма, жаным Әмiр! Апарып сал! Өз қолыңнан апарып сал менi, алдымнан тосқан азап отына! Елiм-жұртым салған отыма! Жүр түге бәрiң де! – дедi. Көзiнiң жасын тыйып жiберiп, өңi көкшiл тартып, ашулы қайрат жиып, бар салдарға жағалай қарап, бұйрық тастады.
– Көрермiн әуеселесiн. Көлденеңдеп көрсiн сенiң алдыңнан! – дедi.
Артын ала келе жатқан сары аттың сулығынан өзi жетектеп жiбердi. Сол-ақ екен, Әмiр тебiнiп кеп қатарына жетiп, қынай белiнен құшақтай қысып маңдайынан сүйдi.
– Айналайын, толған айым! Сен айым батқанша менiң демiм бiтсiн. Алдыңда алсын мен бейбақты. Ердiм, тартыңдар! – дедi. Есқожа мен Ызғұттының ызғарын, зекулерiн елемедi.
Шолақтеректi өрлей, құлдай қонған қалың ауылдар – Алатай, Қаратай ауылдары едi, соған тартты. Үмiтейдi барлық сәндi сал тобы боп, қоршап, әлем жүзiнiң ең қадiрлi гауhарындай етiп, алып келдi. Үлкендер, бас құдалар алдын ала, бөлек кеттi. Салдар Үмiтейге ерген қыз-келiншектердiң тобын толтырып, қасынан бiр елi айрылысқан жоқ.
Алатайдың үлкен үйiнiң жанына бұрын барып тiгiлген Үмiтейдiң сегiз қанат отауына жас келiн жеттi. Алдынан созылған шымылдық бар. Соның артында келiн жаяулап келгенде, қасында Әмiр, Байтас, екi жағынан сүйемелеп отырып бiрге кеп кiрдi. Бұрынғы еркiн сәндерiмен, өз әдеттерiнен жаңылмай, өзгермей кеп кiрдi.
Шолақтеректегi ел бұл келiске сұмдықтай қарады. Осы ауылдардың аталық, елдiк абыройын таптағандай көрдi. Түршiгiп қарсы алып едi. Бiрақ, сырттағы ел наразылығы Үмiтей отауына белгi берiп, босағасынан аттап кiре алмады. Көкшенiң қызық күткен қыз-қырқыны, жас-желеңi, ауыл иесi бәйбiшелерi, Үмiтейдiң сәукелелi бойына шашуларын шашып, игiлiк тiлекпен қабыл етiп жатты.
Үмiтейдi елге масқара еткiзбей, осылай қып қабыл алғызып отырған Көкшенiң үлкендерi емес. Ауыл иесi, келiн атасы Алатай да емес. Ендi кiсiге ақыл салмай, өздiгiмен қатты байлау еткен, шыдап бекiнген, қайратты күйеу Дүтбайдың өзi болатын.
Бiрақ дәл осы кештiң өзiнде Дүтбай қонақтардың күтiмiн естi, қайратты анасына тапсырып, өзi атқа мiнген. Сол кеште, Көкшенiң қарт қариясы және Дүтбайдың жақын ағасы, Қаратайдiкiне келген.
Үйдi оңашалап, кәрi ағасын жалғыз отырып, Дүтбай Әмiрден көрген өз қорлығын түгел айтқан.
– Құнанбайға барып, мынау бар пәле мен дерттiң бәрiн өз аузыңмен жеткiз. Тыйғыз мынау бүлiгiн. Болмаса, ойран болды, талқан боп бүлiндi десiн, Көкше мен Ырғызбай арасы! – деген-дi.
Қаратай өзi Көкше болғалы өз өмiрiнде Тобықтының жуан Олжайға дәл мына жастай, қарсы қайрат атып, ұмтылып тұрған Көкше жасын көрген жоқ едi. Ақ жүздi, кең маңдай, сарғыш көздi, зор денелi, келбеттi жас Дүтбай қазiрде Қаратай көзiне жалынға түсер сұңқардай. Ру, ұран намысы, кәрi атқамiнердiң ойын неше саққа жүгiрттi. Ол мына жiгiттiң күйiк үстiндегi сабырын көрiп, сабыр мен ақылы қосылған қайратты ызасын көрiп, үлкен сүйiнiш еттi. Iшiнен:" ендiгi Көкшенiң менен соңғы артына ие болар ұл туса, сен боларсың!" дегендей болды.
Ыза сұмдық көрген жиренiш Қаратайдың да кәрi көңiлiне қатты орнаған болатын. Дүтбайды тыңдап болып, оның жүзiне ажырая қарап аз ойланып отырды да:
– Әпкел, атымды әкпелгiз! Тұр! Қасыма бес кiсi ерт! Қазiр жетем Құнанбайға! – дедi.
Осы түнде, ел жатар шақта, Ойқұдықтағы Ырғызбайдың көп аулынан бөлiнiп кетiп, қорықта жалғыз ауыл отырған Нұрғаным аулына Қаратайлар жеттi. Қорықтық бұл тұсында Нұрғаным мен өзi үшiн Құнанбай да қора салғызып жатқан. Көктемде Оспанның су алғызбаған, озбыр сотқарлығын бiр көрген Нұрғаным жаз бойы Құнанбайға өтiнiш еткен. Осы қорықта екеуiне арнап оңаша, оқшау қора салғызып алып, өзге күндестерден және олардың ер жеткен, содыр ұлдарынан осылайша аулақта болуды тiлек еткен едi.
Құнанбай өзiнiң кәрiлiк оңашалығында осындай бiр орынды өзi де көксейтiн. Сонымен ел бауырға түсерде жиi көшiп, Қорыққа ерте жетiп, көп жiгiттiң күшiмен аз уақыттың iшiнде Нұрғанымға арналған кiшiлеу жаңа қыстау, қора-жай салғызып алған-ды. Қазiр сол қорасының жанында, жылы орынға ықтай түсiп, кәрi қажы өзiнiң өлiмдей жым-жырт тыныштығында болатын.
Көпшiлiгi жатып қалған ауылдың иттерiн шулатып келген аттылы топты, әлi шамын өшiрмей отырған Құнанбай мен Нұрғаным "шет ел адамы!" екен деп қалды.
Болмаса, бұл өңiрдегi ағайын ортасы түн түгiл күндiз де Құнанбайдың шымылдық түсiрiп, сары аурудай сарылған оқшау мекенiне келмейтұғын. Ол келген адамды құса қылардай iш пыстыратын.
Үйге Қаратай бастаған Көкшелер кiргенде, Құнанбайдың аяқ жағында шымылдықтан денесiнiң жарымын сыртқа шығарып отырған Нұрғаным шымылдық iшiне салмақпен бет бұрды. Құнанбайға ақырын дауыспен:
– Келген Қаратай! – дедi.
Биiк салынған көп жастыққа арқасын сүйеп, басын төмен салып, тәсбих тартып отырған Құнанбай бұрылып қалды. Қасын серпе көтерiп, басын шалқайтып, тiк қарап жiбердi. Осының алдында, сәт бұрын қалың тәубеге, мiнажатқа кiрiп отырған жүзiн бiр-ақ сiлкiп тастағандай. Қонақтар төрге кеп отырар-отырмаста, күнi бойы түсiрулi тұрған шымылдықты өз қолымен жұлқа серпiп, шалқитып ашып жiбердi. Сәлем-аманға келген жоқ. Көптен оты өшкен, реңi де өзгерiп, қоңыр сұр тартқан жалғыз көзiн бiр шоқ оттай жалт еткiзiп, Қаратайдың жүзiне оқтай қадап қалды.
Тұрғыласының жүзiне уайымды, сызды көз тастаған Қаратай соңғы он жылдар бойында оның бұндай қатуланғанын бiлген емес. Ұйықтап жатқан қарт жыртқыштың үстiне Қаратай өзi құлап түсiп, дүр сiлкiнтiп оятқандай. Көп жылдар ұйықтап қалған ашуын, зәрiн өзi тұтатып алғандай сездi.
Төсектен төменiрек жерде жанған тас шамның сәулесi шарасынан шатынап шығып тұрған жалғыз көзге түскенде, қызғылт елес құбыла жанып тұр. Бұл көзде үрку жоқ. Пәленi бiлген, алысуды тосқан, қорғануға әзiр, түгiн сыртына атқан, қайсар ашу тұр.
Құнанбай мына мезгiлсiз келiстiң себебiн де сезiп, iштей өрекпiп отыр. Кеше Есқожаның тойынан қайтқан Айғыз осында келiп, күйеуiне бiр шағым арыз айтып кеткен. Есқожа Қарабатыр iшiнде Айғызға төркiн едi. Үмiтей болса, бұған сiңлi есептi. Айғыз сол өз төркiнiнiң тойынан ашуланып аттанды. Кетерiнде Есқожаға ызаланып: – Салдарды неге тыймадың, жын ойнағын неге жасаттың деп кiнәлаған. Есқожа сонда Құнанбайға Айғыздың айтып баруын сұрап, солар туралы көп қатты сөз айтқан және Құнанбай баласы болғандықтан, Әмiрдi өзiнiң қуа алмай, тыя алмай отырғанын шаққан.
– Әнiң мен сәнiң құрғыр өңшең. Сал емес, бұл маған келген ажал! – деген. Өмiрiнде әнге, өлеңге бiрде-бiр сүйсiнiп көрмеген бiтеу кеуде, надан бай жастар өнерiнiң бәрiн елге келген пәле деп айтқан.
Айғыз осы сөздердi осы қалпынан бұлжытпай айтып, Құнанбайға өзi де қатты жамандап келген. "Тыйым салатын кiсi жоқ деп жүр бұлар. Өзiң жоқта да өстiп аулымызды таптап, төбемiзге ойнап болған түге. Жын ойнағына айналды ғой бұл ел, сенiң көзiң жұмылмай-ақ!"– деп сызданып отырып, көп кейiс тастап кеткен едi.
Сол Айғыздың сөздерiн қажы ендi есiне алған. Құнанбайдың жалғыз көзi Қаратайға қадалды. Келер сәтте, ар жағындағы Дүтбайдың әкесi Алатайды, одан әрi отырған Көкшенiң үлкен байы Бозанбайды жағалап, шолып, барлап өттi. Бұлардан арғы үшеу мынау үш басты Көкшенiң қосар жiгiттерi тәрiздi. Оларға көз жiберген жоқ.
Исi Көкше боп Құнанбаймен тiлдесуге келген. Түнделетiп, түс шайысып, қабақ қатып. Келген келiстерi Тобықты ортасына түскен шектен асқан пәленiң жүрiсi. Ажал мен қазаның келiсi. Өзi серпiп ашқан шымылдықты үлкен шеңгелмен уыстай бүрiп отырып, Құнанбай Қаратайға алғаш үн қатты.
– Қандай дауыл қуып келдi сенi? Қай қазаны әкелдiң? Айт шапшаң! – дедi.
Үлкен ыза бойын буып келген Қаратай, Құнанбайға аса бiр салқын зiлмен сөйледi.
Қимыл еткен қабақтан жер танысып, жай ұғысатын екеуi, бұл түнде, мынадай зауал түнде, аясатындай боп кездесiп отырған жоқ. Құнанбай көзi жаңағыдай от шашып бұған қадалғанда: – "Қаратай аямас бiр пәлемен келдi" деп ұғынды. "Аяйтын кiсi бүйтiп жүрмес болар".
Қажының осы ойын Қаратай да лезде шолған. Бағана ымыртта, өзiн ыршытқан зiл қара тас салмағын Құнанбайға да суық ызғармен, бар күшiмен тастай салды.
Үмiтей, Әмiр, Дүтбай үшеуiнiң арасында жүрген ортақ әлектi Қаратай iрiкпей айтып шықты.
– Арада, "салдық" деген "әуейiлiк, ыбылыс, жын" шықты, – деп айтты. Оны азған заман әзәзiлдiгiндей, сұмдық нышанындай етiп, айрықша бiр түйiп өттi. – Бәле осы өңiрдегi барлық елге мәлiм болып отыр, – деп айтты. Бадырайып тұрған масқаралық, өз атын ән дептi, өнер дептi. Бар жасты қызықтырып, елiктiрiп барады. Қызыл-жасыл киiнiптi. Бұлаңдап, үкi тағынып, бұралып ән шырқап, төрiмде тайтаңдап жүр, – дейдi. Зәрлi, қысқа хабарымен, дауын аяқтата кеп:
– Өз төбемде ойнақтаса көтерер ем, әуруағымның көрiнде, соның төбесiне кеп тайтаңдап ойнақ салды. Сенi мен менiң өлер күнiмiзде, бетке таңба түстi. Сенi аяғанмен, айтпай тына алмадым. Өзгенiң кiмiне айтушем мұны! Қай итiне шағушем? Құбылған заманның, қай қу шолағын қуат-медеу көрермiн! Сал мынау желiккендерге тыйымыңды. Өзiме де, оған да кесiгiңдi өзiң айт! – дедi.
Сөйлер сөз жоқ. Аздан соң, Құнанбай бұйрығы бойынша, Нұрғаным қонақтарды ұранқайға алып кеттi. Сонда сыйлады. Құнанбай өзi аулындағы көп жiгiттiң iшiнен Нұрғаным бауыры Кенжеқанды шақыртып алып, тығыз бұйрық еттi.
– Қос атқа мiнiп, қазiр шапқылап отырып, Шолақтеректе Алатай аулында жатқан Ызғұттыға бұйрық жеткiз! Әмiрдi алсын да, жетектеп отырып, күн шықпай алдыма әкеп жеткiзсiн! Келмес болса, қол-аяғын байлап тұрып, дүрелеп отырып жеткiзсiн! – деген.
Бет пiшiнi Нұрғанымша нұрлы, қызғылт, дөңгелек келген балғын денелi Кенжеқан әрi балуан, әрi жау түсiргiш ер болатын. Ол Құнанбай ашуын өз iшiне бар ынта, бейiлiмен сiңiрiп тұрғандай.
Серпулi шымылдықты алғаш бүрген қалпында уыстап ұстап отырып қалған Құнанбай бұл түндi кiрпiк iлместен, қыбыр етiп қозғалмастан өткiздi. Жаны жоқ, тас мүсiн тәрiздi. Бұл күнде қалың терең көлеңке түскен ажымдары кәрi зәрдi, қайнар ашуды тас қабаққа түйiп апты.
Таң аппақ атқан едi. Күздiң күнi, ұзақ сұр дала мен құла тартқан, адырлардың үстiне, қып-қызыл шапақ атты. Қанды сәуле шашқандай. Осы шақта, кәрлi шалдың үйiне Ызғұтты мен Әмiр кеп кiрдi. Жас жiгiттiң өңi құп-қу боп ағарған, жағы солып, екi ұрты көлеңкеленiп тұр екен.
Құнанбай өз немересiн көптен көрген жоқ едi. Үнсiз түйiлiп, қос қолын Әмiрге қарай созып: – Алдыма кел! – дегендей қатты белгi еттi.
Әмiр үлкен әкесiнiң алдына тымағы мен қамшысын тастап, жүгiне кеп отыра бергенде, түн бойы шымылдықты бүрiп отырған салалы суық, сiңiрлi саусақтар жас жiгiттiң алқымынан, жаланаш мойнынан сығымдап қысып алды. Қарт қолы әлi де кәрi жыртқыш тегеурiнiндей күштi екен. Темiр құрсаудай сығымдап ап кеп, буындырып, өзiне қарай сiлке қысып, қинағанда, босатар емес, аз уақытта жiгiт тынысы бiтiп, көгерiп талықсып кеттi. Сонда да құрсау шеңгел жұмсар емес. Ендi буынғаннан үзiлiп бара жатқан жiгiт қырылдап барып, талып кеттi. Қарт алдына шалқасынан сұлқ жығылды. Құнанбай тiзерлеп алып, әлi қылғындырып, ендi сәт болса, үнiн өшiрiп, өлтiрiп тындырғандай.
– Не болды? Өз нәсiлiң едi ғой, ит те болса! – деп Ызғұтты ұмтылып келiп қалып едi. Құнанбайдың жалғыз көзiн қан жауып алыпты. Отты жиренiшпен жалт етiп қарағанда, Ызғұтты шошынып барып кейiн шегiндi.
Оның жасқанып қалғанын көрген және Әмiрдiң қарт шеңгелiнде ендi бiр сәт болса өлетiнiн аңғарған Нұрғаным, жан ұшырып кеп, Әмiрдiң қасына құлап, Құнанбайдың екi қолынан шап етiп ұстай алды.
– Қажы, жарықтық, сiзге не болды? Кеш, кешшi, айналайын жарықтығым! – деп өзiнiң қайратты жотасымен, Құнанбайдың қос қолын Әмiрдiң тамағынан қатты итерiп, үзiп, айырып жiберiп едi.
Құнанбай жүгiнiп отырған сол аяғын жаза берiп, Нұрғанымды кеудеге теуiп жiбердi. Жүректен тиген қатты тепкiден Нұрғаным талықсып барып, сылқ құлап түстi.
Дәл осы кезде киiз есiктi жұлқып ашып, Абай кiрiп келген едi. Нұрғанымның Әмiрге болысып жаза шеккенiн көрдi. Құнанбай жас жiгiттi шеңгелiнен босатпаған күйде тағы қатты буындыра жөнелiп едi. Абай есiктен төрге қарай бiр-ақ аттап ырғып түсе бере:
– Тоқтат! – деп, саңқ еттi.
Әкесiнiң қан басқан көзi бұған жалт бұрылғанша, қатты серпiнмен Құнанбай қолын қағып жiберiп, Әмiрдi өлiм шеңгелiнен бiр-ақ жұлып, сүйреп алды.
– Арам! – деп, Құнанбай ақырды.
– Өлтiртпеймiн! – деп Абай да қарсы, қатты ақырып жiбердi.
Ендi екi долы көздер бiр-бiрiне тiп-тiк қадалыпты. Жұлқысардай қарасып қапты. Абай көзi тайған да, жiбiген де жоқ. Әкеге түк кешiрiм, кiшiлiк жоқ. Жиренiштi ызасын оқтай қып, суық атып тұр. Қанжар сермегендей сөз қатты. Айғайлап, шапшаң сөйлеп, суырыла жөнелдi.
– Аузыңда алла, шеңгелiңде қан! Тағы қан! Бұларды шариғат та қосады. Бiр кезек сол шариғат жолы деп, бiр нахақ қан төгiп ең...
Абайдың он үш жасында жүрегiне оқ боп тиген Қодар өлiмi қазiр ғана болған әке қылмысындай, көз алдына сап етiп кеп едi.
– Ендi шариғатқа қарсы тағы да өлiм жұмсадың ба? Үнсiз, сопысып жатқаның құлшылық емес, сұмдық үшiн, осындай сұмдық жыртқыштық үшiн бе едi? – деп қайнап тұр. Бiр жағынан жазаны тоқтатам десе, тағы бiрден өкiм, қатал өкiм айтып тұр.
Құнанбайға жаңа ғана тiл бiттi.
– Шық! Жоғал көзiмнен, азғын!
– Шықпаймын!
– Аздырарсың, сен бе! Аздырарсың! Сенен, бәрi сенен!
– Болсын солай! Менен! Неге өлмейсiң тынышыңмен сен! Заман сенiкi емес, менiкi! Нең бар?
– Ә-ә, солай дедiң бе... Жеттiң бе соған?! – деп Құнанбай Әмiр мен Абай екеуiне қатар бiр ғана шұғыл, қатал кек ойлады да, Абаймен ұрысты сәтте тыйып, сол ниетiне тез ауды.
Талып жатқан күйiнен есiн жаңа жиып, екi көзiн алартып ашып атасына жаңа қараған Әмiрге, Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр. Намаздағыдай мiнажат қимылын, суық тiлек қимылын жасады.а-әмiр мен Абайға қатар созды. Бұл – терiс батаның, қарғыс батаның белгiсi. Нұрғаным мен Ызғұтты екеуi екi жақтан ұлардай шулады.
– Иә, құдай қабыл етпе!
– Жаратқан, елең алма! Не сұмдық! Қарғыс айтқалы жатыр ғой, өз балаларына! – десiп үркiп үн салды. Бiрақ Құнанбай ендi оларды пәруәйiне де iлген жоқ .. Жүгiнiп алып, көлденең жатқан немересiнiң кеудесiнiң үстiне терiс батаның алақанын жайып тұр. Абайға да қатал қолдарын жиi нұсқайды.
– Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда... Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бедбәхiт нәсiлдерiм мынау екеуi. Жаратқан ием, я кәрiм алла, менiң қолымнан өлтiртпедiң. Бендең болған бар тiлегiм, ақ тiлегiм со болсын. Ал мынау екеуiн! Жiбер өзiңнiң ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрiн өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерiн, жоғалғырлардың! – деп қолының сыртымен терiс батасын етiп салды. Есiн ендi жиған немересi мен Абайға: – шық! Жоғал, жойыл көзiмнен! Ұрпағым екенiң шын болса, құрбан еттiм екеуiңдi. Садаға еттiм сен екi шiрiген жұмыртқаны, бар да өл! Тез өл! Жөнел! – дедi.
Абай мiз бақпай, әкеге жирене қарап тұр едi.
– Мейлiң, кеттiм, бiржола кеттiм сенен! – деп бiр-ақ кестi.
Құнанбай қарғысын айтты да, шымылдықты сiлке түсiрiп, бүктүсiп бауырына жастықты басты. Ернi жыбырлай күбiрлеп, тәсбихiне, тәубесiне ауысып кеттi.
Әмiр жатқан қалпынан қазiр ғана бас көтерiп тымағын, қамшысын қолына ұстап, жүгiнiп алды. Аз отырып, қыбырсыз тұрған шымылдыққа:
– Көпсiнгенiң тiрлiк болса, өзi берген құдай өзi алар. Бұйырар өлiмiңе бұйырдың ғой, бiрақ өкiнбеймiн. Отқа өртенсем де өкiнбеймiн! – дедi.
Абай бұны сүйеп тұрғызды да, ертiп алып кеттi.
Көкшеден Әмiрдi Ызғұтты алып жөнелгенде, Байтас Абайға кiсi шаптырған. Ол Әмiрдiң жолдасы Мырзағұл едi. Сол Абайды таң ата үркiтiп оятқан. Әке қаталдығын бiлетiн Абай, ауылда ат жоқ болған соң, Мырзағұлдың атын мiне сала, жалғыз шауып отырып, жеткенi жаңағы едi.
2
Боқырау өтiп, күзектегi ел күземiн де алып болды. Қыстауға қайта көшетiн күндер жақын. Бiрақ күз суық болмай, күзек оты әлi де мол болғандықтан, жұрт iркiлiп отыр. Ойқұдықта, Абай аулының айналасына жиi қонысқан ауылдар бұл қоныстың әншейiндегi киiздей қалың бетегесiн, жасыл шалғынын сар жұрт қылған. Бiрақ ауыл маңы бар өлкеде тегiс тықырланса да, айналасындағы кең жайылыс оты, өрiс оты тозған жоқ. Қоңыр күзде малдың тойыны күннен күнге асқындап барады.
Шаруа мұңын ойлаған ауылдар сол күйге сүйсiне түседi.
Күздiң жауыны мен қара суық желiнен мазасы кеткенiне қарамай, шыдасып отырған.
Көп ауылдың күзгi әдетi бойынша, Абай аулы да жаз тiгетiн үйлерiн жығып, жиып қойып, оның орнына қоңырқай, кiшiлеу үйлер тiккен. Әйгерiм отауы да қазiр басқаша.
Кiшiлеу, шағын үйдiң iшiне айнала текемет, тұскиiз, түктi кiлем ұсталған. Биiк төсек орнына, қалың салынған көрпесi, құс төсегi, жастық, бөстегi көп жер төсек орнаған. Абай мен Әйгерiм отырған төсек алды, қалың жүндi арқар терiсiмен жабылған. Төрде отырған қонақ болса, олардың астына, ұзын қара сеңсеңнен мол етiп құрап тiккен кең бөстек жайылған. Шағын үйдiң ортасын қазан-ошақ алғандықтан, бұл күнде Абай кiтабын дөңгелек үстел үстiне салып оқымайды. Көбiнше жер төсек үстiне үйiле жиылған көрпе-жастыққа арқасын сүйеп, қолға ұстап отырып оқиды.
Алдағы қысқа арнап тiккен мол саптамасы бар. Үстiне бешпет, шалбар, сыртынан ұнамды күрең шұғамен тыстатып, жеңiл, жылы, кең күпi киген. Қасында төменiрек отырған Әйгерiм де пұшпақ iшiктi бешпетше қып, жұқа, жеңiл етiп тiккiзiп апты. Омырау етегiне жағалай жаңа құндыз ұстатқан. Екi өңiрдегi iлгек түймелерiне үлкен қызыл коралл орнатқан. Қазақ зергерi әдейiлеп соққан, бұрама күмiс түймелер.
Әйгерiм көбiнше кесте тiгедi. Төрде Ербол мен Баймағамбет күзгi ақ қымызды асықпай, ұзақ iшiп отырып, тоғызқұмалақ ойнайды. Әйгерiм асқызып отырған жаңада сойылған семiз құлынның етi пiсiп қалып едi. Қол жуып, асқа отыруларын Әйгерiм өтiнгенде, Абай таңертеңнен бас алмай, бiр қыбыр етпей, үздiксiз оқып отырған кiтабын жауып, шетке қойды. Қазан түсiргенде шалқып, бықсып қалған оттың ащы көк түтiнi көздi жеп, қолқаны атып беймазалық етiп едi. Абай: "Түңлiктi ашса" деп шаңыраққа қарады. Еңкейте ашқан тесiктен күздiң үнсiз, ұсақ жауыны жиi бүркiп тұр екен. Ол тыжырынып қабақ шытты да:
– Пай-пай! Түңлiк ашайын десең жауын. Ашпайын десең түтiн, беймаза күннiң бiрi екен-ау тағы! – дедi.
Үй iшi ас iшуге бейiмдеп иiрiлiп отырыса бергенде, осы үйдiң сыртына дүбiрлетiп кеп тоқтаған аттылар байқалды.
Келген екi кiсi екен. Үстерi жауыннан су болып үйге кiрiстi. Шәке мен мерген Бәшей боп шықты. Шәкенiң Абайға келген бөгде жұмысы бар сияқты. Ағасымен бiрге ас iшiп болған соң, Шәке Абай айналасында отырған дос-жарандарынан өзiнiң сөзiн iрiккен жоқ. Қабағы жүдеулеп, жабырқау жүзбен Абайға қарап:
– Абай аға! Мен сiзбен ақылдаса кеп отырмын! – деп, өзiнiң айта келген әңгiмесiн бастады. – Сөзiм Әмiрдiң жайы.
Тiрi аруақтай көз алдымызда қабағы түсiп, өзiнен-өзi өшiп бара жатқандай едi. Бiлмеймiн, қиястық қарсылығы ма? Жоқ бой жасап жүргенi ме, кiм бiлсiн! Мынау күздiң осындай жауынды, дауылды аласапранында, бұрынғы мiнезiне қайтадан тағы басқалы отыр. Түнеугi салдарының бәрiн кешеден берi отауына түгел шақырып алып, әлем-жәлемдерiн тағы да киiнiп, тағынып алып және бiр қыр бастап отыр! – деп, бiр тоқтады.
Абай мен Әйгерiмдер Әмiрге лағнат айтқан адамдар сияқты емес, қайта күйiн ұғып, қамын ойлағандай.
– Өзiнiң денi сау ма? – деп Әйгерiм сұрады. – Қайран шырақ-ай! Әлдекiмдей елден қуылғандай болдың-ау! – дедi.
Абай Шәкеден:
– Қам-қайғы ойлаған кiсiдей ме! Көңiлi қалай? – деп сұрады.
Шәке екi ойлы жауап бердi.
– Iшi қандай екенiн бiлдiрмейдi. Қыңқ еткен ауруы да бар сияқты емес. Үнемi үндемейдi, өзiмен өзi. Домбырасымен оңаша мұңдас боп апты. Отауының сыртында тұрып, бiр күн тыңдап ем, осы күнде дәл осы өңiрде теңi жоқ, дәулескер домбырашы боп кетiптi. Сырты сау, бiрақ iшi алай-түлей ме деймiн. Содан болу керек, құсталанған кiсiдей сарғайып, жүдеп барады. Әлде осыдан ба, серпiлгiсi келе ме! Сырласып жатқан ауыл, ағайын жоқ, ешкiмге жөнiн айтпай, жаңағыдай салдарын жиып алып отыр. Бүгiн таңертең естiсем: Көкшеге аттанамыз деп айтады дейдi. Онысы ендi көрiнеу ел-жұртпен ұстасып, жауығу тәрiздi. Өзгенi қойғанда кеше анадай өз қарғысымен байлап берген қажы не дейдi?! Намыс, кекпен уланып алған Көкше қайтедi!? Қазасына бара ма деп отырмын. Осыған қайтiп тоқтау саласыз, не ақыл айтасыз? – дедi.
Абай үндемей көп ойлады. Шәкенiң көзiне қарап отырып, Әмiр туралы ол әкелген жанашыр уайымының бәрiн де өз жүрегiне түгел аударып алғандай. Ербол мен Шәкенi ойда жоқ байлаумен таң қылды.
– Әкесi қарғысынан қайтпады. Бiрақ қазаға қиятын қыршын жас Әмiр ме едi?! Ортасы өзге, заманы басқа болса Әмiр әлде сол қарғап отырған бабаның бар нәсiлiнен, бәрiмiзден сонағұрлым өнерi асқан, ғазиз адамның бiрi болар ма едi. Қайғысына қамығамын. Бiр балаға бiр қаскөй тiлек те, көр аузынан айтылған тiлек те жетерлiк жаза ғой. Өзi бiлсiн, алдынан шықпа, Шәке. Барам десе, Көкшесiне де барсын. Күңiрене жүрiп, көңiлi оянар. Бұл күнде көзiне қамшы тигендей, бiр орында шырқ айналып қалды ғой. Тым құрса, "аттысы атты, жаяуы жаяудай жабылып қуалады " демесiн! – дедi. Осы сөз байлау болды.
Ербол мен Шәке оңай ұғынды. Тек Әйгерiм ғана Абайды құптамады.
– Осындайда бауырға тартпаған, панасына алмаған бауырлықтың тәттi тiлi көңiлге қанша медеу? – деп жүзiн есiкке қарай бұрды. Абай үндеген жоқ.
Семейден қайтқаннан берi Абай бұрынғы Әйгерiмнен адасып қалғандай болатын. Ол осы күнде оқта-текте, осындай бiр кездерде, Абайға айтқан бiрер ауыз қысқа-қияс сөзiмен көптi бiлдiретiн. Бұрын қалтқысыз сүйiскен шақта Абайдың сөзiнен сөзi, ойынан ойы, демiнен демi үзiлiп, айрылмаушы едi. Ендiгi Әйгерiм Абай жайын жарым лепестен.бiлуден жаңылып, танып кеткен. Мынау сөзi де – iштегi жатырқаудың, салқындықтың ызғары.
Абай Әмiр үшiн қапалы едi. Әйгерiм үй iшiндегi тiрлiгiнде тығырыққа қамады .. Бақыт, шаттық үйiне мұң кiрдi. Күн шуақты райыс, ыстық мекенiнен кәдiмгi көпшiлiктiң ерлi-байлы тiрлiгi келдi. Кейiсi, кiрбеңi көп, кiнәсы мен мiнi көп өмiрдiң күңгiрт жүздi күзi жеттi.
Бәрiнiң себебi – Салтанат. Жазықсыз Салтанат. Оның ойының жазықсыздығы мен Абай басының кiнасыздығын Әйгерiм ескермедi. Қайта ойланып, бiр сәт болса да ұғынайын демедi. Әйгерiмнiң бұны Әмiр жөнiнде орынсыз кiнәлағанын дауласпай тыңдады. Бiрақ өзiнiң сол Әмiр үшiң ең алғашқы рет әкесi Құнанбаймен жағадан алып жұлқысардай алысқанын еске алды. Одан алған қатты қарғысты да ойлай отырып, өз-өзiне ащы бiр мысқылмен күлгендей болды. Бiр жақтан әке дұспан – бұның қазасын тiлеп, қарғыс айтты. Екiншi жақтан жалғыз, жарқын – "сүйiктi жақын жан" деген Әйгерiм мынау. Ол да көңiлiн Абайдан жат еттi. Нелiктен жат еттi? Абай iстеген қылмыстан ба, кешiрмес кiнә-сұмдық, қиянаттан ба? Дос жүректен Абай азғандықтан ба? Әйгерiмдi Салтанатқа айырбастағандықтан ба? Жоқ, олай емес – бұның бәрi де жоқ едi. Әйгерiм ойлағандай емес едi.
Салтанат басын, жас қасиетiн ойлағанда. Абай оны ерекше бiр тамашалап, алғыспен еске алудан тыйыла алмайтыны рас. Сол кездегi өзiн ойласа, Салтанат тазалығына сай, бой тежеп, өзiн жақсы ұстағанына қайран да қалады. Бiрақ сонымен қатар, өзiн өзi күдiктенбей құптаған мақтаныш сезедi. Салтанаттай жан бұның өмiрiнде сондайлық боп тағы кездессе, Абай өзiн және де сондай ұстармын, ұстауды серт етермiн деп нықтай түседi. Өзiнiң осы жөндегi мiнезiн қызығып, сүйсiнiп құптайды. Себебi Абай ұғымынша – бұнысы оның жаңа сыпаты. Қазақ жастарында, бұл жүрген қауымда кездеспейтiн жаңа мiнез, жаңа тәрбие айғағы. Абайдың кiтап жүзiнен алған бiлiм нәрi. Адамгершiлiктi, адалдық қасиеттi бұған жақсы иландырып, көңiлiне терең тамырлы дән етiп еккен орыс кiтабының тәрбиесi. Абай жалғыздық сезсе де, бiр жағынан зор шүкiрлiк етедi. " бiлiм ғана өсiрмей, тағлым-тәрбие алып та келедi екемiн-ау! Салтанатпен арамызда, қазақ жiгiтi иланбайтын мiнез табуым, сол тәрбиемнен екен-ау!" деп ойлады.
Осыны Әйгерiм де түсiнбедi. Ол жiгiт пен қыз арасында кiршiксiз адамгершiлiк достығы болуы мүмкiн екенiн ойламады. Ойлауға санасы жетпедi-ау. Бұл сөзбен иландыратын, сездiретiн жай емес. Iштей тәрбие, бiлiмдi тәрбиеде Абайдан өзге, оқшау, жырақ тұр. Абай оның дертiн жазар ем таппай қойды. Талай рет Салтанат жайындағы сөзге Әйгерiмдi ойландырып көрмек болып едi. Бiрақ оның бар сөзден тыйылып, қабағы ызамен түйiлiп, тартынып қалатынын көредi. Екеуi әзiрше өткелсiз екi жағада. Қазiр дәл мына шақта, Абай осы күйдi ерекше терең сезiндi. Өзiн өзi құлазыған жалғыздық iшiнде көрiп, тағы да ауыр күрсiнiп алды.
Әйгерiм өзiнiң жаңағы сөзi Абайға ауыр тигенiн анық аңғарып, бұрыла қарап едi. Ерiнiң жүзiне: "Ренжiтiп алдым ба?" дегендей қарады. Абай бұның көзiне үлкен уайыммен қадала қарап отырып, айтар сөзiн Ерболға арнады.
– Ербол-ай! Дүние қапа боп кеттi ғой. Ақыл тапшы, қайда жоғалсақ екен? Құла түзге кетсек те, бiр жаққа маңып, сiлкiнiп қайтайықшы! – дедi.
Осыдан соң Ербол ғана емес, Шәкенi де Баймағамбет пен Бәшейдi де мәслихатына алып отырып, бiр байлау жасасты.
Шәке ендi бiр азда Шыңғыс сыртындағы елсiз, есiз боп қалған жайлауға бүркiт алып, мерген ертiп, аң сапарына шықпақшы екен. Бұл өңiрдiң аңшылары күздiң осы шағында, сондай аңшылық жолына, " салбуырынға " аттанушы едi.
Бұрын ондай аңшылыққа арнап шықпайтын болса да, Абай биыл осы отырған дос-жарандарын ертiп, сол салбурынға шығатын болды.
Осыдан жиырма күн өткен шамада, Абайлар салбурында аң соңында болатын. Қазiр аңшылардың үш қосы елсiз сыртта. Иесiз үлкен тау – Бақанас тауларында. Соның Қырғыз-шаты деген тоғайлы, өзен сулы, үлкен жақпар қия тасты бiр терең сайына қатар тiгiлген. Қырғыз-шатының дәл осы тұсын – "Кiшi-әулие" дейдi. Олай дейтiн себебi – осы жартасты биiктiң төбесiне жақындаған иық тұсында, тау iшiне тереңдеп кiретiн үлкен үңгiр, қара қуыс бар. Шыңғыс тауында осындай үңгiр екеу. Бiреуi бұл арадан күндiк жерде, Тасболат деген елдiң қыстайтын мекенiндегi үлкен үңгiр. Оны кейде "Әулие-тас, кейде "Қоңыр-әулие" дейдi.
Мынау Қырғыз-шатындағы үңгiр кiшiлеу болғандықтан "Кiшi-әулие " деп атанатын. Қостар сол Кiшi-әулиенiң дәл етегiнде. Алдын өзен мен қалың қайың, мойыл, терек өскен сайға берiптi. Арты биiк жартастың тамағының асты. Соған кiре қоныпты. Бұл күнде сыртта бiрнеше рет қар жауған, түн асса сонар болады. Әлi қалыңдап қар түскен жоқ, бiрақ келте сонар боп таңға жақын жауатын, не жұқалаң қырбақ қар, не қылау күн сайын болады.
Аңшылар он күннен берi бүркiтпен, тазымен көп түлкi алды. Бәшейдей, Шәкедей мергендер сирақты шитiлерiмен арқар атып, қос-қостың iшiн аң терiсiне, арқар етiне толтырып тастаған.
Аңшылардың бұл күндегi тұрмысы сол аң аулау ыңғайына қарай бейiмделген. Бұлар ымырт жабыла ерте жатып, таң қылаңдай бере, ерте тұрып, өзгеше ынталы қарекет соңында. Ширақ, сергек тiршiлiк кешедi.
Қазiр мiнi, таң жаңа ғана қылаңдап атқан едi. Қос ыстық iстейтiн қамына ендi ғана кiрiсер шақ болған. Әлi аттар да әкелiнбептi. Киiзi қос-қабаттап жабылған кеңдеу, жылы қоста Абай қатты ұйқыда жатыр едi. Қатарында жатқан Ербол оны иығынан қозғап, түртiп оятты. Абай селт етiп, басын жастықтан көтере берiп, жалт қарады. Ербол:
– Абай, мына қызықты қара! Бұл не қылғалы тұр? Аңғардың ба? – деп иегiмен қостың ортасына қарай нұсқады. Абай ендi бұрылып, солай қараса, мерген Бәшей аласа қостың азғантай ашылған түндiгiнен мылтығының ұшын аспанға беттетiп, бiрдеңенi көздеп тұр.
Қос iшiнен аң атқан мергендiктi әлi бұл аңшылар көрген де, естiген де жоқ едi.
– О не?
– Не көрдiң? – десiп, екеуi де бастарын жастықтан жұлып-жұлып алысты.
Сол кезде Бәшейдiң ұзын қара шитiсi күрс етiп, қос iшiне бiр будақ көк түтiн таратты. Бәшей, мылтығының түтiнi айықпастан:
– Құлады! " тақыр қолтықтан!"- дей сала, тысқа қарай атқи бердi.
Абай мен Ербол Бәшейдi етегiнен тартып қалып:
– Уа, жөнiңдi айтшы, кiмдi аттың?
– Ненi құлаттың? – десiп тұра берiстi. Бәшей бұлардың барын ендi ғана аңғарып, тағы да ұмтыла берiп:
– Арқар! Үйдей құлжа... Құлап келедi, жүгiрiңдер тысқа! – дедi де, өзi төрден есiкке дейiн бiр-ақ қарғып, лып етiп шығып кеттi. Осы кезде жаңа оянып тысқа ендi шығып, от жаққалы жүрген Баймағамбет, бақыршы Масақбай тысқа даурыға қоя берiстi.
– Кiм атты?
– Мылтық қайдан атылды, ойбай-ау!?
– Домалап, үстiмiзге келедi. Қостың үстiне құлар ма екен? – деп қатты әбiгерленiп, тарпылдап жүгiрiсiп жүр. Дәл осы кезде ауыр салмақты бiр нәрсе қостың iргесiне, сырт жағынан кеп былқ етiп, дүбiрлей құлады. Өлеусiрей тыныс алып, пысылдап жан таласқан аң белгiсi бiлiндi. Ербол мен Абай кең етiктерiн аяқтарына сұға-сұға салып, бастарына күпi, тондарын көтерiп, жамыла бере, тысқа атқып шығысқан едi. Бәшей арқарды бауыздап жатыр.
– Өгiздей құлжа! Аурудан сау ма өзi?
– Қайдан қаңғып келдi бұл? Iздесең таппайтын қу мүйiз, сақа құлжа қайдан ғана кеп, Бәшейдi iздеп тапты? – десiп тысқа шыққандар сақ арқардың бұлайша кеп қаза тапқанын әлi де түсiне алмай, аң-таң болысып жүр. Абай үндемей, арқарды айнала қарап шығып:
– Бұны не қара басып жүр? Соқырдан сау ма өзi? Әлде можа боп, алжыған арқар ма? – деп едi.
Атқан аңын бауыздап алып, ендi мүйiзiне дене тұлғасына көреген көзiмен бiр шолып қарап өткен Бәшей Абайдың жаңағы сөзiне кекесiнмен күлiп қойды. Ол өз өнерiне аса сенiмдi.
Және мысқылшыл қалпында, кiмдi болса да аямай iле беретiн.
– Соқыр болса, Ербол екеуiң атсын деп күндiз келер едi. Жаясының майы тап бiр елi шықпаса, мұрнымды кесiп берейiн. Сондай арқар алжи ма екен? Одан да, Бәшейдiң қанды аузы жатса да, тұрса да бiр арқар болғанын қимағаннан айтып тұрмын десеңшi! – дедi. Жұрттың бұл арқар турасындағы: – "Ауру ма, алжыған ба?" деген күдiгiнiң бәрiн жойды. Және күле түскен мысқылының iшiнде, мақтанып та қойды.
Үш қостың бар адамы, бүгiн мынау арқардың өзi келiп өлгенiн соншалық жақсы ырым көрiстi.
– Бүгiн қанжыға майланайын деп тұр екен!
– Үйiрiңмен үш тоғыз!
– Атты тез әкелiп, шай-пәйдi шапшаң қамдап жiберiңдер. Атқа тез қонайық! – деп, бұл үш қостың ең үлкен бүркiтшi, саятшысы – Тұрғанбай асығыс бұйрық айтты.
Бүркiтiн сылап, санын ұстап, бабын болжап отырған Шәке де: "Ендi құстар өнерiн көремiз, ат қамдаңдар" деп асықтырып едi. Абай мен Ербол аңшы саналса да, дәл шын аңшылардай ширақ шапшаң емес. Жүрдек-сергек аңшыларға қарсылық айтпай, көбiнше бағынып жүрсе де, әрқашан атқа кешеңдеп мiнетiн осы екеуi болатын.
Олар ақтармалап, сойылып қалған арқардың қасынан ұзай алмай тұр. Бiрiне бiрi ерiншектеу жайларын ұғысып, қарасады. Ербол Тұрғанбайға арқарды нұсқап:
– Тықақтамай тұра тұршы! Мынаның жас қуырдағын жеп аттанайық, тым құрса! – деп едi.
Аңшылықтың өзiнше мiнез машығы бар. Ағалық, үлкендiк, басшылық бұнда бүркiт ұстаған, құс бабын билеген кiсiде, Тұрғанбай сол реттен бұл қостардың анық әмiршiсi боп алған. Өзi аң үстiнде ызақор, ашуланғыш та. Ерболдың жаңағы керенау бейқамдығын қатты ұнатпады. Ол Ербол мен Абай екеуiне тұтас қарап:
– Малтығып бiр болмайсыңдар! Аңда жүрсiңдер ме? Әлде сыбаға әкелген қыдырма қатындарға ерiп жүрсiңдер ме? Екеуiңдi көтерiп атқа мiнгiзу күнде көтеремдi тұрғызғандай. Қуырдақты қуыра берсiн. Мынау елең-алаңда Әулиенi қағып, Шаттың жақын қорым тастарын бiр орап қайтамыз. Мiн аттарыңа! – дедi. Өзi ерттелiп қалған атына қарай, бүркiтiн алып, сырт айналды.
Аңшылар "Әулиенiң" басына шыққанда, қыстың күнi ақ қарлы, қалың қатпар жоталарда қызыл иектеп, сәуле шашты. Жаңа ғана алыстағы Сыбан қонысы – Ақ-иректiң белiнен жартылай шығып келедi екен. Әулиенiң бiр биiгiнде Тұрғанбай томаға тартты. Ар жағындағы бiр жотаға барып, Шәке томаға тартты. Үшiншi жотада томаға тартқан, Абайдың, Айғыздан туған iнiсi, осы сапардағы аңшы жолдасы – Смағұл болатын. Абай мен Ербол әдетте қағушы қасында емес, Тұрғанбай маңында жүредi. Бұлардың қағушысы, ат үстiнде ұршықша иiрiлiп, қаңбақ ойнайтын, жылпос, пысық Баймағамбет. Тұрғанбайдың қолындағы бүркiт бар аңшының аса бiр ыстық көретiн қапысыз қыраны – Тулақтың Қарашолағы атанады.
Бұл құсты осы өткен жазда Абай Сыбандағы Тулақ деген бүркiтшiден оншақты қара берiп, сатып алған.
Олай алуының себебi, бiр есептен, ерегiстен туған. Келер қыста құс салам деп Абай Тобықты iшiнен, қыран бүркiт кiмде барын сұрастырғанда, осы Тұрғанбай: бүркiттiң жақсысы Қарашегiр деп едi. Соны сұрап алуды Абайдан қатты өтiнген. Қарашегiр Бөжейдiң баласы Жабайдың құсы болатын. Абай сұратқанда, Жабай сол құсын бермедi. Содан соң Шәке мен Тұрғанбай: "Осы өңiрдегi бар құстың төресi – Түкi Сыбан iшiндегi Тулақтың Қарашолағы. Ендi ерегiскен соң қыздың құнын берсе де соны алғызу керек" деген. Қарашолақтың, жазды күнi түлегiн өзi басқарып, күз бойы өз аулында ұстап, қайырып, өз қолынан армансыз, қапысыз баптадым деген Тұрғанбай болатын.
Қарашолақ атағына сай қайрат етiп келедi. Аңшылар кезетiн жердiң бiр шетi – Ақшатау, аралығы Қырғызшаты, Жәнiбек, Тезектiң Қарашоқысы, Қазбала. Екiншi шетi – Байқошқар болады. Осы өңiрдiң бәрiн, өткен он күн iшiнде қар қалыңдамай тұрып, көлденең жортып, бұл аңшылар талай кезiп, сүзiп шыққан.
Сол күндер iшiнде Қарашолақтың бiр өзi алған түлкi саны жиырмадан асты. Күнi құр емес, кей күндер екiнi де алып жiбередi. Екi рет үш түлкiнi, бiрi артынан бiрiн, бүлк еткiзбей, алыстыруға келтiрмей, бiр күнде жаныштағаны да болды.
Қазiрде томағасы тартыла сала, қызыл көзiн қағушының алдына шаншылта қадап отырған Қарашолақ, бiр сәтте Тұрғанбайдың қолынан лып етiп, ытқып кеттi. Аңшы ештеңенi көрiп, аңғарған жоқ едi. Құс ытқи бере, ойда жүрген Баймағамбеттiң, "кеу!" деп қалған айғайы естiлдi. Түлкi көргендегi мерзiмдi белгiсi сол болатын. Аң жақыннан қашқан тәрiздi. Үш аңшының көзi Қарашолақтың қазiргi ұшуында.
Тұрғанбай әр күнi Қарашолақтың бабын, ең алғаш ұшып аспанға шыққандағы қанат қағысынан көз айырмай тұрып, тамыршыдай бағатын. Сонда кейде, қанат-құйрық шапшаң лыпып, сiлкiне бiр ұшатыны болады, жұлқынып сермегендей. Бұндайда Тұрғанбай қуанып, мырс берiп күле түседi. Осындай шақта айтатын бiр ғана сөзiн қайталайды.
– Жанбауыр бүгiн зар күйiнде! – деп қана қояды. Сондай ұшуын көрсе, көңiлi көнши бередi. Құстың түлкiнi алып, бұл барғанша жұмарлап, өлтiрiп қоятынына мейлiнше сенедi. Бүркiттен босаған қолымен қонышындағы ұзын сары шақшасын алып, насыбайын танауына шекiп атады. Өзiнше ыңырсып, жалғыз бiр өлеңiн айтып, ақырын қиялап, құсына қарай сабырлы салмақпен тарта бередi. Қарашолақты ол Жанбауыр Шөгелдiң тұқымы деп, әлдеқашан осы ойына бекiнген-дi. Өзгелер – қыранды Тулақтың Қарашолағы десе, бұл – Жанбауыр дейдi, өзi сүйген жалғыз әнiн ыңырсып айтқанда
Жанбауырдан жан кетпес,
Тебінгіден тер кетпес,
Қанжығадан қан кетпес.
Жанбауырым жанаса,
Тірліктен түлкі дәметпес... –
дейтұғын.
Дәл бүгiнгi мынау сәскеде сол Жанбауыр-қарашолақ күндегiдей емес, бәскiл ұшқан сияқты. Тұрғанбай дағдылы, сүйсiну сөзiн айта алмады. Насыбайын да ұмытты. Тебiнiп, құстың алдына қарай желе шоқырақтап, жөнеле бере;
– Е, мынаған не болды? – дедi. Лекiтiп асыға бере, Әулие-тастың тегiс жотасын өтiп келiп, тiк жартасқа тiрелiп, ат үстiнен ұмтыла үңiлiп, үзеңгiге аяғының ұшын тiреп, қадалып тұрып қалды.
Ысылған қырқылжың, бапшыл аңшы ұшуы жақпаған қарашолақтың "ендi түлкiге түсуi қалай болар екен" деп, бағып тұр екен. Сол кезде бұның қасынан Абай мен Ербол, сабырсыз қызумен, тасырлата шапқылап өттi. Бүркiттiң түлкi алғанын күнде көрiп жүрсе де, екеуiнде қызу қуаныш, дегбiрсiз асығыстық, бiрде-бiр кемiмейтiн. Тастақ бетте аттары тайғанап, бiрi артынан бiрi сүрiне жығылып жатса да, ол екеуi бүркiт құдиып кеткен шатқа қарай, жұмарлана жылжып, ат-маттарымен сырғанай тайғанап кетiп барады.
Бiрақ олар тәжiрибесiз олақтықпен, терiс шауыпты. Тұрғанбай екеуiне айғайлап, қатты ызаланды:
– Тоқта былай, қос тырқу! Апырай, қырсығын қарашы мынау екеуiнiң! Өңшең есалаң! – деп зығыры қайнап, бақырып тұр.
Абайлар Қарашолаққа, шынында, залал келтiрдi. Бұлар алдынан бармаса, түлкi таудың жазаң жерiнен шығатындай боп, өрлеп бара жатыр едi. Алдынан мыналар тасырлатып шапқанда, жалт берiп, Абай мен Тұрғанбайдың аралығындағы қия жартасқа салды. Бүркiт Абайлардың ар жағын орап кеткен едi. Ол түлкiнi сол арадан тосқан екен. Ендi қайта ойдан өрге қарай өрлеп келiп, қияда тұрған түлкiге түсу керек.
Қарашолақ сол қимылды iстеп келдi. Бiрақ түлкi қартаң тартқан, сырқынды ақшулан екен. Тұрғанбай айғай салып үркiте шауып, қия тастан тайдырып түсiрем десе де, адамнан гөрi найзалы аспан тағысынан көп жаулық тосқан ақшулан қашпай тұрып алды.
Бүгiнгi ұшуы Тұрғанбай көңiлiне қонбаған бүркiт кемдiгiн ендi анық көрсеттi қиядағы түлкiге екпiндеп ұшып, iлiп түсудiң орнына, төменнен жер бауырлап келедi. Қос қанатымен тас соға жаздап, ауыр салмақпен салпылдап ұшып, сабаланып келе жатыр. Бұл ұшуда, ол ж-жанбауыр емес, күйi қайтқан көп сабалақ қыранның бiрiндей. Үш аңының арасында арқан бойындай-ақ жерде әлi қашпай, қия таста бүркiттiң тақағанын тосып тұрған ақшулан, ендi әлсiреп, жаяулап, тақап қалған бүркiттi артына тастап, шәршi өрге қарай иреңдеп, ытқып жөнелдi. Бұл уақытқа шейiн титықтап, жаяулап келген Қарашолақ, ендi түлкiнi қуа алмады. Жаңа түлкi қашқан тасқа зорға жетiп, жалп етiп қона кеттi. Түлкi құтылып кеттi.
Тұрғанбайдың Қарашолақтан алғаш опық жегенi осы едi. Аттан түсе қала, ери жауып тұрған күпсек қарды қолымен сығымдап, бiр кесек құрттай көк соқта жасады. Соны Қарашолақтың көмейiне ерiксiз жұтқызып жiбердi. Қыранның жемсауынан ұзақ сығымдап, жаңағы көк соқтаны сыртынан мытығандай боп отырып, түгел езiп сiңiрттi де Абай мен Ерболға үн қатпай, жөн айтпай, атына мiнiп алып жүрiп кеттi.
Қолдарында бүркiтi жоқ екi қызылшы, Тұрғанбайды өздерiнiң ашуландырып алғанын үндемей бiлiсiп, кiнәларын мойындарына алды. Жортып келе жатқан аңшының артынан қоса сөлектеп келедi.. Бiр тұрғыдан Тұрғанбай келiп тағы томаға тартты. Етектегi Баймағамбетке сол қолымен көлбей сiлтеп, "алдағы қорым тасты қақ!" деген белгi жасап едi. Бұл жолы арт жағынан тақап қалған Абай мен Ерболға, сол қолын сiлкiп, ұрсып тұр.
– Тоқта! Тапжылма! Сөлектеп, алдымды орап, екеуiң бiр болмайсың. Осы түлкiнi алатын бүркiт пе, сен екеуiң бе? Немене өңмендеп қоймайсың!? Қал солай! – дедi.
Абай мен Ербол бiрiне бiрi жымия қарасты да, молдасы ұрысқан шәкiрттей, жым болысты. Тұрғанбай бұйырған жерде қыбыр ете алмай, қатып тұрысып қалды.
Сәл уақытта тағы да Баймағамбеттiң "кеу!" деген жиңiшке, қысқа белгiсi, тас арасында жаңғыра шықты. Қарашолақ ытқи жөнелдi. Бұл жолы ызалы ынтамен, қос қанатын ширақ сермедi. Шапшаң оралып, аз аяда ширақ айналып қос қанатын қыса сермеп, екi- үш дөңгеленiп, биiктеп алды. Ендi Тұрғанбайдың алдындағы құздың бауырына қарай, қос қанатты аспанда бiр қайшыландырып жiберiп, топшысын үшкiрлеп лезде құдия жөнелдi. Тұрғанбай үн қатқан жоқ едi.
Алда не болғанын көрмесе де, Ербол мен Абай артта тұрып: "Түстi, түстi, түстi!", "не болса да бiр жұмыс болды!", "Я, сәт!" дестi. Тағы да сабыр тақат таба алмай, Тұрғанбай айдың қасынан аттарын борбайлап, ағызып өттi. Құс түскен тұстан, олар да асыға тебiнiп, ыра төмен кетiп барады. Бұл жолы Қарашолақ тайқыған жоқ. Абай астындағы құла жирен аттың ерi мойнына кетiп, шоқтығынан асып, құларман болған қалпына қарамады. Әлi де етпеттеп, асығып келе жатқанда, дәл көз алдында, оқ бойындай-ақ жерде Қарашолақ, бағана құтылып кеткен ақшуланмен жұлысып жатыр екен. Абай ендi бiр басса, ермерiмен аттың мойнынан асып құлайтындай. Сол кезде қатты шегiнiп, аттың қыр арқасына жайдақ мiне сала, тағы тебiнiп құс пен түлкiнiң қасына келдi. Аппақ қар үстiнде қызыл түлкi, қара бүркiт, құйқылжыған алыс қимылдарымен Абай көзiне ерекше бiр, ойда жоқ, оқшау суреттi елестеттi. Аузында: "Я, Сәт! Бәсе! Сорлы Жанбауыр! Байқұның Қарашолақ!" деген неше түрлi, ойсыз туған, сүйсiну айғай бар. Және сол кезде, мынау көз алдындағы көрiнiстi, лезде көңiлiне келген бiр көркем суретпен теңейдi. Аппақ еттi, қызыл жүздi, қара шашты, қаса сұлу шомылып жатқан сәт пе? Абай аузында бiр жол өлең орала кеткендей:
«...Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға», –
дейдi.
Алды-арты жоқ бiр ғана жол өлең, көңiлiне толқып келiп, iркiле бердi.
Бұл жеткен шақта Қарашолақ түлкiнi әбден мегдетiп, жұмарлап басып алған едi. Жуынған сұлудың қос шынтағы шашын көтерiп бүлкiлдегендей. Арқасын жапқан қалың қара шаштай боп, Қарашолақтың топшылары бүлкiлдейдi.
Бұл түлкiнi алып ап, төрт аңшы Қырғыз-шатының Жәнiбекке қараған бұталы қара биiктерiне қарай қапталдап шықты. Тұрғанбайдың осы биiкте тағы бiр томаға тартып, қосқа қарай содан соң оралып қайтпақ ниетi бар сияқты.
Атқа мiнiп, аңға шыққан соң Тұрғанбайдан "қайда барымызды" Абайлар сұрамайтын. Шынға келгенде сұрауға бата алмайтын да. Қарабиiкке Тұрғанбай тақай бере, Баймағамбеттi етекке қарай, тағы бөлiп жiбердi. Қағiлез, пысық Баймағамбет, Тұрғанбайға Ербол мен Абайдан сонағұрлым артық ұнайды. Ол мыналардан әлдеқайда жырынды, бiлгiр. Тау басына бүркiтiн алып Тұрғанбай жеткенше, Баймағамбет қорым тасты қағуға кiрiспей, бiр орында жым-жырт шыдап, Қарашолақтың томағасы тартылғанын тосып тұр екен. Тұрғанбай биiкке жетiп, томағаны тартты да, Баймағамбетке қол көтерiп белгi еттi. Сонда ғана жырынды қағушы алғаш қозғалған едi. Тұрғанбай Абайға қарап:
– Е, мiнi, аңға шықса, Баймағамбет шықсын, тiлеуiң бергiр! – дедi.
Баймағамбет ақырын iлбiп, сай бойын қағып келе жатып, кейбiр тоқтаған кезiнде ерiнiң қасын ақырын тықылдатып, қағып қояды. Тау мен сай жым-жырт. Үп еткен жел лебi де жоқ. Дүние демiн iшiне тартып, Қарашолақтың тағы бiр қимылын тынып күтiп тұрғандай. Тұрғанбай биiк жотадан, өзге екi бүркiтшi кеткен Қырғыз-шатының бас жағына көз тастап едi. Алыс бiр жотаның басында, боз атты бүркiтшi – Шәкенiң томаға тартып тұрғанын болжады. Одан арғы бiр тұрғыда көрiнер-көрiнбес боп, кiшкентай бiр қара боп, Смағұл тұрғыда тұрған сияқты.
Осы кезде Баймағамбет тағы да, Қарашолақтың құлағына сiңген өткiр жiңiшке үнiмен, қысқа ғана "қеу!" деп қалды. Қарашолақ тағы кеттi. Бұл жолғы ұшуы жаңағыдай емес. Қайтадан таңертеңгi, алғашқы кетiсi сияқты. Салқындау қанатпен жай қағынып, сылбыр ұшқандай. Бiрақ, түлкi иек асты жақыннан, төменнен қашқан едi. Құс, аттылар үстiнде аз көтерiлiп, жай қалқи түстi де, ыра төмен құлдап кеттi. Дәл осы кезде оң жақта қоңыр биiктен құлдай ұшып, тағы бiр бүркiт көрiндi. Аяғында балақ бауы бар бөгде бүркiт, қақпақтай қалқып, Баймағамбет алдындағы түлкiге қарай бет түзеп, құлдап келе жатыр. Тау басынддағы аңшылар, сөзбен айтпаса да, "екi бүркiт ұстасып қалады-ау!" деп iштерiнен үндемей қауiп илесiп, қатып тұр.
Бөгде бүркiт түлкiге Қарашолақтан гөрi ұрымтал жерден шықты. Тура беттеп, мынадан бұрын барып қалды. Ендi түлкiге сол бұрын түсетiн орай бар едi. Бiрақ ол құстың жолы жақын болғанмен, түлкiге ұшуы сондайлық ынталы болмады. Баяу, шабан кетiп барады. Қарашолақ болса, мынау бәсекелi жауын көре сала, ыра төмен, қос қанатты қыса қағып-қағып жiберiп, алғаш ұшқандағы керенаулықты ұмытты. Қатты асығып, ағып барып тас басында тұрған түлкiнi бөтен бүркiттiң алдынан қағып iлдi. Бүрiп ала жөнелiп, қалықтаған бойында, алдынан шауып келе жатқан Баймағамбеттiң атының алдына әкелiп, жұмарлай түстi. Бөтен бүркiт Қарашолақтың үстiне түсiп жазым қыла ма деп Баймағамбет атынан домалай түсiп үстерiнде жайқап жүрген жат бүркiттi қамшысымен жасқап жүр. Қарашолақ пен оның бауырындағы түлкiсiн өзiнiң бойымен де қорғаштайды. Бұл кезде ыра төмен Тұрғанбай, Абай, Ербол да асыға тебiнiп келе жатқан. Тау басынан ұсақ қар, ұсақ тасты төгiлте домалатып сырғанап келедi. Тұрғанбай, бөгде бүркiт белден асып, құлай берген жерде-ақ:
– О, мынау Қарашегiр ғой! – деген-дi.
Абай, Ербол, Баймағамбеттер бұл құстардың мiнезiн, сырын бiлмейтiн тәжiрибесiздiктерi бойынша, қатты әбiгерде жүр. Олар көңiлiнше Қарашегiр жерде отырған Қарашолақты бүрiп тастап, жазым қып кететiндей. Тұрғанбай бұлармен бiрге асығады. Бiрақ ол мыналар ойлағанды ойлап асықпайды. Бiлгiр құсбегi Қарашегiрдiң қолбала құс емес, түз құсы екенiн жақсы бiлгендiктен оның бөтен құсқа түспейтiнiне мейлiнше сенедi.
Бiрақ аңшылық бәсекесi – өзi бәйге. Атақты Қарашегiрдiң алдынан, қатар жарастырғандай етiп жiбергенде, өзi баптаған Қарашолақтың бұрын барып түлкiнi тартып алғаны бұны қуанта мақтантады. Және "Қарашегiр қайтер екен?" деп соның ендiгi ұшу, қону, қабақ-қимылын жақыннан танып көрмек. Соған асығып келедi.
Қарашегiр Қарашолаққа түскен жоқ. Бiрақ аулақ кетiп, тасқа да қонбады. "Тағы түлкi болса" дегендей осы сайды өзi қағып, айнала ұшып жүр. Ол қызғаншақ аңшы – Тұрғанбайдың көреген көзiне:– "Менi де танып ал!" дегендей боп, ұзақ ұшты.
Тұрғанбайдың iшiн әсiресе қайнатып келе жатқан – Қарашегiрдiң жат бiр өнерi. Сай бойына төмендеп бiр кетедi де, қайта қайырыла өрлеп ұшқанда қолдағы құс сияқты емес. Анық түздiң құсындай қатты екпiндеп, үлкен күшпен, ағындай ұшады. Бұл бiрден бүркiт өнерi болса, екiншiден жақсы қып баптаған аңшы өнерiн де көрсетедi. Құсты шау қылмай, бұлай етiп, ойы-қыры бiрдей, қапысыз ұшатын етiп баулу алғаш көрiнiсiнен Тұрғанбайға оңай танылған сол бөлектiгi болатын. Арғы өрден жаңағы биiктiң басына қанат қақпай, қалқумен шықты. Тұрғанбай соны байқап қалған.
Құсқұмар Тұрғанбай биыл жазда Абайға кеп, "осы Қарашегiрдi иесiнен сұрап ал" деп, мәслихат бергенде, оның сол елден ерек өнерiн бiлетiн.
Қарашегiр Тобықты iшiне келгенде, бұл атыраптың барлық аңшысына даңқы жайылған ең iрi құсбегiлер қолынан шығып келген. Сыбайлас отырған Тобықты, Керей, Сыбан: "Бұл жүрген қазақта құсбегi кiм?"– десе, – "баяғы Жалайыр Шордан соңғы құс сыншысы, бапшысы Керей – Құл" дейтiн. Сол Құлдың балалары тiрнегiнен, түзден түсiрiп, қолында он жылдай түлетiп, өсiрген құсы Қарашегiр едi. Сондықтан да, Абай бұны иесiнен көп қолқалаған, бiрақ сұрап ала алмаған.
Баймағамбет, Ербол, Абай үшеуi Қарашолақтың алған түлкiсiн, қуанып жүрiп, бүркiт тұяғынан ажыратып алды. Ербол Қарашолақты түлкiден айырған бойында, жеңiне қондырып алып, сылап-сипап тұрып:
– Жарайсың, Шолағым! Атақты Қарашегiрдi де қанжығаға ұрып байладың ба! Тiптi тұяғынан тартып алдың ғой! – деп, қызу қуаныш үстiнде қатты мақтанып тұр.
Тұрғанбайдың бұл жақта жұмысы жоқ. Екi көзi әлi Қарашегiрде едi. Ол мынау топтың үстiнен соңғы рет төмендеп кеп, бiр жайқап өттi. Содан шәршi өрге қарай екпiндей ұшып, өзi асып келген биiктiң дәл иығына шейiн, талмай сермеп барып, сондағы серек тастың бiреуiнiң басына қонды. Тек, құс қонғанда ғана одан көзiн алған Тұрғанбай:
– Түлкiнi алмағаны не керек! Тасқа қонғанда да қырғи, қаршығаша, жеп-жеңiл барып қонды ғой! – дедi.
Өз қолындағы "Қарашолақтан Қарашегiр өнерiн асырып кеттi" дегенге аузы бармаса да, iшiнен соны қатты шаншудай ойлап қалды.
Бұл аңшылар түлкiсiн байлап ап, жаңағы сайды қайта өрлей бергенде, бағанағы Қарашегiр келген биiктен, бұларға қарай асып, бес аңшы келедi. Екi топ бiрiне бiрi кездескен жерде Абылғазы, Тұрғанбай амандаспай тұрып:
– Уай, Тұрғанбай, шыныңды айтшы, Қарашегiр мынау белден қалай ұшып асты? Сенiң түлкiңе ұмтылғандағы ынтасы көңiлiңе қалай көрiндi? Қарашолақ бұдан бұрын түсiп қойып па едi? Мынау түлкiге қалай ұшты? Соны айтшы! – дедi.
Мұның қасындағы төртеудiң ортадағысы Қарашегiрдiң иесi – Бөжей баласы Жабай. Ол түлкi тымақ, ақ елтiрi iшiк киген, паң, кең жүздi, келбеттi, сұлу адам, жасы осы Абай, Абылғазылар құрбы болғанмен, ұзынша келген, жайыла бiткен сұлу қара сақалы мыналардан оның жасын үлкенiрек көрсетедi. Жабай да Тұрғанбайдан:
– Мына Абылғазы қумен егесiм боп келедi. Құсыңның үстiне, түлкiңе Қарашегiрдiң қалай келгенiн анықтап, шынын айтып бершi! – дедi.
Бұл топтың тағы бiр аңшысы Жиренше екен. Ол Абылғазы мен Жабайдың құсбегiлiк егесiне битарап кiсi сияқты. Аңшылыққа оншалық есi кетiп, құштар болған да түрi жоқ. Анау екеуi Абайлармен амандасуға мұршасы келмей, Тұрғанбайды қоршап жүргенде, Жиренше Абайға тақап кеп, аналарды нұсқап, көзiн қысып, ақсия күлдi. Ербол мен Абайға жақсы амандасып тұр.
Қарашегiр Жабайдың қолында екен. Тұрғанбай бұл қыранның түлкiге Қарашолақтан гөрi ұрымтал жерден шығып, бұрын барып басуына жөнi болғанын айтты.
– Бiрақ, ұшуы керенау болды. Бүгiнгi бабында айну бар ма, қалай! Қарашолақ кейiн ұшса да бұрын жетiп, қиядан түлкiнi iлiп әпкетiп, қарсы бетке, Қарашегiрдiң алдын кес-кестеп өтiп барып қонды! – дедi.
Өзiмшiл аңшы әңгiмесiн шын бастап, аяғында: "Аналар күйе түссiн" дегендей, мақтаныш, өтiрiк қосып жiберiп едi. Бұнысын Абылғазы түйе қойды да, бетiн тыржитып, үнсiз күлдi. Абайға қарап ым қақты. Абылғазының көңiлi жүйрiктiгiне сүйсiнiп кеткен Абай, сықылдап күлiп жiбердi. Ендiгi әңгiме Тұрғанбай мен Жабайда.
Қарашегiрдiң бүгiнгi мiнезiн Жабай әңгiме қып, Тұрғанбайға айтып тұр.
– Жаңа Жәнiбекте бiр түлкiнi алып соғып едi. Соны, қақ қасында тұрған мынау Әдiл қоя берген! – дедi. Өзiнiң тоқал шешесiнен туған iнiсi Бөжей бiтiмдес, үнсiз тұрған Әдiлдi нұсқады.
– Көн етiктiң ұртындай, көнтиген ұртыңды ұрайын. Аттан түсе қалып ұмтылудың орнына керенеуланып кергiп тұрып алғаны. Түлкiге түскен тұсы қалың түбiр шеңгелдi жер едi. Алысып жүргенде қанатына тiкен кiрдi ме деймiн. Қарашегiрдiң қоя бергенi! – деп Жабай бүркiтiнiң түлкiден айрылғанын бiр жағы Әдiлден көредi. Және жердi де сылтау етiп тұр.
Абылғазымен екеуiнiң дауы осында екен. Жабайдың жаңағы сөздерiн Абылғазы мазақ қыла күледi.
– Айтасың ғой, қапы Қарашегiрде емес, шеңгел мен Әдiлде деп тұрсың ғой. Құсты бабынан жаңылдырған кiнә өзiмде деп әсте мойындармысың. Айтсам, тiлiмдi алмайсың. "құстың бабы саған – Абылғазы мен Әдiл емес, ертеден қара кешке боқтай берсең, көтере беретiн" дегенiм қайда? Сенiң, Бөжейдiң баласы, жуандығың Қарашегiрге не керек! Қап-сапы жоқ. Құсты бұздың. Ол алмай айнығандықтан қоя бердi. Мына Тұрғанбайдың сөзiн түйсеңшi. Қарашолақтың алдында келе жатып, түлкiге өзi түспей оған тастап кеткенi тегiн ғой деппең? Өзге-өзгесiн неғылайын. Қап, Қарашолақпен алғаш тоғысқан жерде, тайталаста, бiздiң қостың абыройын айрандай төктi-ау! – деп, тағы күлдi.
Өзiнiң егесi бойынша, Жабайды аямай жазалап тұр. Абаймен ата күндес, бәсекесi iшiнде жүретiн Жабай өз туысының мынадай мiнезiн намыссыздық, қыршаңқылық көрiп, қатты күйiп кеттi.
– Оттап тұрғанын, бұралқыланып. Құстың бабын сен бiлесiң, бiрақ менен артық бiлмейсiң. Қайдан менен артық бiлушең? Күнде өзiме билетпей, жағаласам деп бұзса, бұзып жүрген сенсiң. Былжырамай, қосыңды ал да, аулақ кетшi өзiң қасымнан! – дедi.
Жұрттың бәрi Жабайдың үлкендiкке сүйенген артық ашуына тегiс күлiп, жауап қайырмай, үнсiз ұғысып қойды. Ендi Абай Жабай қасына тақап кеп, бұдан бұрын өзi көрмеген Қарашегiрге үңiлiп қарады да, Жабайға:
– Томағасын алшы! – дедi.
Бiрталай қадалып қарап тұрып, қалтасынан жаңа былғары портсигарға салған папиросын алып. Баймағабетке сiреңке тұтаттырып, асықпай тартып тұрды.
– Қарашегiр дегенi жай ғана шегiр екен ғой! – дедi. Жаңағы Жабайдың бәсеке күйiгiн әдейi тырнай түскендей, қыжыртты. Содан Жабайлардың әлi күнге түлкi санын онға жеткiзе алмағанын сұрап бiлдi.
– Бiздiң үш қостың үшеуi толған түлкi терiсi. Арқар мен бұғыны Бәшейлер де үйiп тастады. Түлкi таста жүрсе, Қарашолақ қоймайды. Талға кiрсе, шырылдатып, қара тазы алып шығады! – деп атын бұрды да, жүре бердi.
Жабайдың қасындағы қағушы, аңшы жолдасы Бибала болатын. Абай тобы ұзай бергенде, сол:
– Мынау тiптi мақтанып, жотасын көрсетiп кеттi-ау! – деп қалды.
Абайлар осы беттен қосқа қайтып, бағанағы арқардың қуырдағын жеуге бейiмдеп едi. Тұрғанбай ол ырқына жiберген жоқ.
– Бүгiн Қарашегiр емес, Қарашолаққа да көңiлiм көншiмей тұр. Осыны тағы бiр сынайық. Күн болса – түс қиып барады. Қосқа барып қайта шыққанша, кеш батып кетедi. Жарым күн текке өледi. Қырғызшатына тағы бiр оралып, ағып қайтайық. Былай тартыңдар! – дедi. Баймағамбетке алдағы беттi нұсқап, "алға түс!" дегендей қолын сiлтеп, бұра тартты.
Осы бетпен кеткен аңшылар қосқа ымырт жабыла қайтты. Түлкiнi ала алмады. Баймағамбет қапысыз айдап әкеп берген түлкiге екi рет жiбергенде де, Қарашолақ бейiлсiз ұшты. Арлы-берлi орағытып кетiп, түлкiден көз жазып қап отырды. Ұзақ ұшқан бүркiттен iнге кiрiп, тас үңгiрге тығылып, екi түлкi де құтылып кеттi. Сонымен, қосқа келерде, бұл аңшылар Қарашолақтың бүгiнгi мiнезiн жұмбақ көрiп келдi.
Бұрын күнiне үштi еркiн алатын. Тiптi екi рет төрттен алғаны да болып едi. "Бабынан тайды ма, әлсiрей бастады ма? Үшеу әлде бұған көп болды ма?"– деседi. Қарашолақтың қанат жүнi қопсыңқырап отырған тұнжыраған бейнесiне төрт аңшы кезек-кезек барлай қарап қайтқан-ды.
Қарашолақ десе, дегендей. Бұл құс кеудесi бiр құшақ болған қалпында, мынадай жүнiн қопсытып отырған кезiнде көлденеңiнен ұзыны, тұрқы қысқа көрiнiп, үлкен қара тоқпақтай байқалатын.
Аңшылар қостарына келсе, Абай қосында қонақ бар екен. Ол Жиренше мен Абылғазы. Бұл екеуiнiң Жабайдан бөлiнiп, мұнда келуiнде Жиренше ойлап тапқан бiр мән бар едi.
Бағана Абай тобына кездесiп айрыла кеткенде, Жабай Бибаланың айтып қалған бiр сөзiнен бе, болмаса өздiгiнен соған келдi ме? Әйтеуiр Абайдың мiнезiне қорланып, күйiк шегiп қалды. Қасындағы жолдастарына қарап тамсанып, басын шайқап, қабақ түйiп:
– Жаңағы маған артықтық айтып кеттi-ау! Оның әкесi Құнанбай болса, менiң әкем Бөжей. Ол Абай болса, мен Жабай! Сол қалайша қорлайды менi? Қарашегiр, сенiң бабыңнан көрiп тұрмын-ау осыны! – деп, шындап налыс, кейiс айтқан.
Жиренше мен Абылғазы Жабайдың бұл сөзiн қостаған да, серiпкен де жоқ. Бiрақ Жиреншеге құста жүргендегi сөз, мiнездiң бәрi шын емес, әншейiн есептi түйiледi. Ол аз ойланып келе жатып, ақырын сылқылдап күлдi де, Абылғазыны қамшымен бүйiрден түртiп, Жабайдан кейiн iркiп қалды.
Ендi бiр қулық, әзiл, ойнақы мiнезге түскен екен. Түлкi мен бүркiт ойнағандай. Айла мен еп ойласа, қолынан Жабай да, Абай да оңай келетiн Жиреншеге ол екеуi үлкен қызық аңдай көрiндi. Бұл күнде ел iшiндегi тiлдi, беделдi Жиренше, қалың Көтiбақ ортасынан шыққан жалғыз шоқысы боп алған-ды. Ол бiр Шыңғыс болысы емес, көршiлес Көкше, Мамайға да, Керей, Уаққа да билiктi жiгiт болған. Өзiнiң абыройы мен атағы, беделi жүрген жерге Абай да бұл жолдасын қоса iлестiрiп, бiрге беделдi етiп жүретiн.
Сол Жиренше Тобықты арасында кейде ел iшiнiң дау-шары, алыс-тартысында көпке қырын-сырын сездiрмей, нелер ойнақы қиын мiнездер жасап қоятын. Мысқылшыл, әзiл күлкiсi бiрде-бiр тыйылмайтын Жиренше түлкiмен ойнаған бүркiт тәрiздi боп шығады. Қазiр сол әдетiне басуға айналды.
Абылғазыны оңаша алып, ақырын ғана сыбырға жақын үнiменен ақыл-айла айтып келедi. Арасында көзiн сығырайта күлiп, ат сауырына шалқая керiлiп қойып, жас күнiндегi қылжақпастығына басады. Айтып келе жатқан ендiгi ақылы бөтен.
– Жабайдың жаңағы сөзi өзiнiң күйiгi ғой. Абай бұны табалап кеттi. Артықпын деп мақтаныш етiп кеттi. Бұ қайтып шыдасын? Ал, сен екеумiз ендi Абайдан осының кегiн әперемiз. Бұл жалғыз менiң қолымнан келмейдi. Менiң құсбегiлiгiм – сенiң молдалығың сықылды. Маған Абай сенбейдi. Ол Жабайдай емес, қуырақ. Сен қосылсаң екеумiз Абайды алдаймыз да, Жабайдың кегiн әперемiз! – дедi.
Абылғазы әуелi Абайды өзiнiң шын жақсы көретiн достығы бойынша:
– Қой, өкпелетiп алармыз! Көңiлi қалады маған! – деп едi. Жиренше онан сайын күлдi.
– Тәйiрi құс деген намыс болушы ма едi. Жабай доғалдығымен томырылып келедi. Тым құрса, қыз емес. Ненi намыс етiп өкпе қылады дейсiң? Бiз оны алдағанда құс арқылы алдаймыз! – дедi. Абылғазы бұны оңай көре алмады.
– Ойбай! Тұрғанбай алдата ма? Көзiң шыққыр, құстың iшегiнде қалған қырындыға шейiн көредi. Ол өлсе алдата ма? – деп едi. Жиренше оны да бұйым көрген жоқ.
– Ой, ол құсты бiлгенмен, ақылы жоқ, мiнезi жаман неме емес пе? Сен өзiң тек маған осының қолындағы Қарашолақ жөнiндегi бап пен күтiм жайын айтып, ақылыңды берiп отыршы. Тұрғанбайына қосып, Абайды да, бәрiн де мойнын астынан келтiрiп соққан асаудай, қаңбақтай ұшырайын! – дедi.
Бүгiн Абай қосына қонаққа келiп отырған достарының осындай сыры бар. Жиреншеге қылжақ керек. Ол Қарашолақ қосқа кiрiсiмен, Абылғазыны ақырын түртiп қойып, құсқа қарай ымдаған. Абылғазы: "Қарашолақтың мүсiнiн көрейiншi? Деп құсты қолына қондырып алып, сылап-сынап көп ұстап отырды. Сөйлесе, тек құстың түлегiн, сүйек бiтiмiн, тұқым тегiн ғана айтады. Тұрғанбайдың ызасына тиетiн жайға соқпау керек. Бабы туралы, бүгiнгi күйi туралы бiр ауыз сөз сөйлеген жоқ.
Жайлы, жылы қостың iшiне отты маздатып жаққызып қойып, Абай қонақтарын қағаз шаймен сыйлатты. Шын бейiлмен бапты қып күтiп отыр. Абылғазыға "бүркiттi тағы көр, тағы көр!" деп, екi-үш рет өзi өтiнiп ұстатты. Бiрақ әр жолында Абылғазы бұның күткенiн айтпайды. Құс жайынан ылғи жаңағыдай, бүгiнгi аңға керексiз, орағытқан сөздi сөйледi. Бiраздан соң Абай Абылғазы досының тартынып отырғанын жақтырмады.
– Тегiн айта берiп қайтесiң! Одан да бүгiнгi бабын айтсаңшы. Осының дәл осы кештегi күйiн қалай дейсiң? Сенiң ойыңша бүгiнгi тамағы қалай болу керек? Жемiн атап бершi, – деп едi.
Абылғазы сонда да, ол жағына баспады.
– Е, Тұрғекең бiледi ғой! Тұрғекең өзi таныды ғой! – деп ашылмады. Тұрғанбай болса, Абайдың Абылғазыдан құстың жемi жөнiн сұрап отырғанын жақтырмады. Орнынан атып тұрып барып, бүгiн алған түлкiнiң жас етiнен бiр қолды суырып алып, сырт қарап, босағада отырып, жем әзiрлеп жатыр. Абылғазы бұған қарсы босағада отыр. "Тұрғекең бiледi!" деумен қатар, оның құсқа берейiн деп жатқан жемiне қайта-қайта көз тастайды.
Тұрғанбай анық қан сорғалаған қызылдың өзiн бергелi жатыр. Ол бабы төмендеп, күйi қайта бастаған, етi Ояздаған құсқа берiлетiн жем. Ендеше, Тұрғанбай "Қарашолақтың етi төмендедi" деп бiледi екен. Абылғазы құстың санын, төсiн, саңғуырын көп ұстап, бақылап шыққан. Бұл тұстарында қара еттен басқа май жоқ екенi рас. Бiрақ, Тұрғанбай байқамаған болу керек, Абылғазының салалы, аппақ жұмсақ қолдары құстың қапталынан болымсыз бөлiнген майды аса бiр сезiмталдықпен айырды. Бұны Тұрғанбайдың көндеу болып кеткен қолы қауырсынның түбi деп ойлауға да болушы едi.
Абылғазы құсты ұстай отырып, бүгiн қалай ұшқанын, Тұрғанбайға жақпағанын бiлдi. Және әсiресе үшiншi, төртiншi түлкiге кешкi шабыттың өзiнде де, ынталы боп ұшпағанын аңғарып алған.
Сонымен Абылғазы Жиреншенiң ойынына құрық берем. Десе, Қарашолаққа зиян келтiрем десе, қазiр бар дерегi қолында.
Әсiресе Тырғанбайдың құсқа түлкi етiн қызылдай бергелi отырғаны дұрыс емес. Қыранын бұрынғыдан да бұза түседi. Осыны құсқа жаны ашып, айтып қала жаздап та отыр. Жиренше Абылғазының барды болжап, бiлгенiн ендi әбден түйдi. Бұдан әрi Абылғазы ойынды бұзып жiбере ме дегендей қып, орнынан тұрып кеп, Абылғазының бүйiрiн шымшып қойды.
– Берi әпкешi, осы құсты мен көрейiн! – дедi. Сонымен ол да, Қарашолақты көп сылап отырып, кейiн барып, тұғырына қондырды.
– Құс жақсы екен, бiрақ дәл күйiн таппай жүр екенсiңдер! – деп, нығыз үнмен бiр сөз қатып қойды. Тұрғанбай бұған жалт етiп бiр қарап, мойнын қайта қырыс бұрып кеттi, Абай құсбегiсiн ыза қылған Жиреншенi мазақ еттi.
– "Жиренше, Жиренше" дегенге, құстың да тiлiн бiлдiм деп пе едiң? Сен бiлгендi Тұрғанбай түгiл, өзiм де бiлемiн. Шорамсымай артыңды қысып, қонақасыңды же де, жайыңа отыр! – дедi. Жиренше қалжаққа мойыған емес, сықылықтап күлдi де:
– Е, бiз қайдан бiлейiк. Анау орыс кiтабында "Тулақтың Қарашолағын Абай солай салсын!" деп жазып қойған болар. Өзiң айта беретiн Пошкiн жазды ма екен? Толстой айтып бердi ме екен? Сен бiлесiң! Ал бiз қойдық. Жүр, Абылғазы, атты отқа қойғызып келейiк! – деп, Абылғазыны иығынан түртiп, тысқа алып шығып кеттi.
Далада Абылғазыдан құстың бар жайын бiлiп қайтты. Ендi үйге кiргенде, Тұрғанбай жем бергелi жатыр екен.
Абай одан:" бүгiн не бергелi жатырсың?" деп сұрап едi. Тұрғанбай ақырын ғана, керенау жауап бердi.
– "Ойтамақ" деген тамақ берем бүгiн! – дедi. Онысы бұл аңшылар естiмеген сөз болатын. Абай анықтап сұрағанда, түлкiнiң бiр қолын қызылдай берiп жатыр екен. Абай мен Тұрғанбайдың құс қасында отырған әңгiме алаңының тұсында Жиренше Абылғазыға бұрылып, ақырын сыбырлап:
– Ертең бұ құс қайтедi, соны айта қойшы, – деп сұрады. Абылғазы сыбырмен жауап қайырып:
– Ертең бұл түлкiнi алып соғады да, қоя бередi! – дедi.
Жиренше осыдан соң артына екi үлкен жастық қойып, төр алдында шiренiп, шалқалай жатып алды. Ұзын қалың күрең сақалын сәнмен талдап жатыр. Абай мен Тұрғанбай жаққа көзiн сығырайта қарайды. Бiр мезгiл, "көрiп кел" сәуегей балгерше бiр-ақ түйiп, кесек байлау айтты.
– "Ойтамақ" берiлсiн! Бiрақ айтқаным келмесе, көрерсiң. Ертең бұл құс түлкiнi алып соғады да, қоя бередi! – дедi.
Сөйттi де, ас пiскенше тынығатын кiсi боп, терiс айналып бүктүсiп көзiн жұмды.
Бiрақ жұмарын жұмса да, бiр танауынан күле түсiп, көзiнiң астымен Тұрғанбайды бағуда болатын. Жемдi түгел берiп шыға ма, соны бағып жатыр.
Тұрғанбай бұнымен жауаптаспаса да, iшiнен әбден ұстасып, ызамен ерегiсiп алған. Жиреншенiң есебi де, Тұрғанбайдың сондай ызақор тырысқақтығын шапқа түртiп, қоздыра түсу болатын. Аңшылар әдетiнде болмайтын тұрпайылық жасап, жаңа әдейi мiнезсiздiк еткенi сол, Тұрғанбайды ашумен адастыру есебi болатын. Әйтпесе, жол бiлетiн аңшының барлығы да құсты күнде қолында ұстап жүрген тәжiрибелi құсбегiне: "Жемдi олай берме, бұнымен адастың!" деген сөздi айтыспайтын.
Тұрғанбай Жиреншеге ыза болғандықтан, Абылғазымен ақылдасайын деп отырған жерiнен тыйылып қалды. Ерегiстi де "ойтамағын" түгел жегiзiп қойды. Құс жемсауы шығып, әбден сылқия тойып алған соң, Жиренше қара сеңсең iшiгiн басына көтерiп, қымтанып алды да, қатарында жатқан Абылғазыны шымшып қойып, үнсiз, ұзақ күлiп жатты.
Ертеңiнде Абайлар аңға шыққанда, Жиренше мен Абылғазы ере шықты. Бұлар кешегiдей емес, бүгiн көп жүрсе де түлкi оралмады. Тек түс ауа бергенде ғана Бақанастың күнгей жақ бұталы беттерiнiң бiрiнде екi қағушы – Баймағамбет пен Жиреншенiң жiгiтi бiр түлкiнi шаттан айдап шықты. Абылғазының қолындағы Жиреншенiң құсы тiленiп талпынса да, Жиренше оны жiберткен жоқ. Кезектi әдейi Қарашолаққа бергiздi.
Түлкi көрсе тынымы жоқ Қарашолақ, Тұрғанбай қолынан жұтынып-ақ ұшты. Түлкiге екпiндеп барып көңiлдегiдей-ақ түскен сияқтанып едi. Жиренше, Абылғазы, Абай үшеуi қатар тұрған. Абай қалжыңдап, құстың түлкiге құлшынып кеткен ажарын Жиреншеге нұсқап, көрсетiп тұрып:
– Бәлем, Жиренше, сәуегейлiгiңдi ендi көрермiн! – дедi.
– Бәсе, көрсек көрермiз! Әлi түлкi қанжығаңда тұрған жоқ. Асығып-аптықпа! – деп, Жиренше құсқа күле қарап тұр.
Қарашолақты түлкi бiр шоқ талдың түбiнде тосып тұр екен. Құс ағындаған бойында түлкiге жарқ етiп, қатты түстi. Тегеурiнi, салмағы ауыр тигендiктен түлкi, белi қайысып, сылқ жата кеттi. Бiрақ бұл алғашқы сәттегi әрекет едi. "Алды, бүктедi" десiп, Абай мен Ербол құсқа қарай шаба жөнелдi. Сол уақытта бүркiттiң шеңгелiндегi түлкi жан дәрмен жұлқына тыпырлап, бүркiттi үстiнен аунатып жiберiп, қасындағы тал, бұталарға қарай тырмыса арпалысты. Шеңгел iшiне ұмтылып, тығыла бердi. Абайдың соңынан Тұрғанбай, Жиреншелер де ылдилап шауып келе жатқан.
Аңшылар тақай берген кезде Қарашолақ шеңгел алдында қияңшы тағыны ұстап қала алмай, қос аяғын шығарып алып, айрылып қала бердi.
Бүркiт тұяғынан ауырсынып қалған жон-жотасын иреңдетiп, түлкi шеңгелдiң ар жағына өттi де, ақырын қашып, сытылып жүре бердi. Абай мен Ербол бұл көрiнiске өкiнгеннен сандарын бiр-бiр салып, аттарын бұрып алып, аңырып тұрып қалды. Жиренше түк сөз айтпай, тек екi көзiн қысып, ат үстiнде iлгерi-кейiн құлай түсiп, тамаша сүйсiнiп күлiп тұр. Тұрғанбай өзiнiң қапысы болғанын әлi мойнына алатын емес. Кешегi Жабай құсап, бұ да шеңгелден болды деп тұр.
– Қарашолақ Жанбауыр Шөгелдiң тұқымы. Жанбауырдың тұқымын Уәли төреден артық бiлетiн кiм бар едi? Сол айтпап па едi:"Жанбауырдың тұяғынан түлкi кетпейдi, бiрақ бұталы жерде түспейдi!"– дедi.
Құсбегiнiң бұл сөзi өзiн қанша жұбатқанын кiм бiлсiн, бiрақ Абай мен Жиреншенi иландыра алған жоқ, үйткенi, Жиренше бүгiн бұларды мықтап жеңiп, табалап тұр. Бұл күн осымен өттi. Түлкi кезiкпей, аңшылар жолы болмай ., қосқа кеш қайтты.
Ендi бүгiнгi түннiң жемiн Тұрғанбай қалай бередi. Жиренше мен Абылғазы соны баққан.
Абылғазы құстың кешегi қапталынан бөлiнген майды бүгiн тағы тауып, кешегiден гөрi де айқынырақ бiлiнiп тұрғанын айырды.
Тұрғанбай болса, бүркiттiң бабын екi-үш күнге шейiн бiр жағына шығарып, анықтамақ болды. Егер етi көтерiңкi болса, осы бетпен жемдесе, екi-үш күннен соң анық айқын болады. Онда бұдан әрi не iстеудi, қалай төмендетудi оңай табады. Қазiргi екi аралықтағы дүдамал жаман.
Бұнымен бiр жұмадай, он күндей созып кетсе, құс тiптi айнып кетуi мүмкiн. Сол есеппен, ол бүгiн тағы да кешегi ойтамағын берiп жатыр.
Абылғазыдан алда не болатынды тағы да сұрап алған Жиренше Тұрғанбай құсты әбден жемдеп болған соң, тағы да кешегiдей балгерлiгiн жасап, болжалын айтты. Бүгiн тiптi сенiмдi айтты.
– Е, ертең Қарашолақ алып та соқпайды, тек түлкiнi жайқап өтедi де, кете барады! – дедi.
Абай бұны боқтап, қалжақ еттi.
– Ақ сөйле, құлағына ақмартуың сыбырлап кеттi ғой, ақ сөйле! Қырғыз-шатында жын қаққан, жаңа бақсы! Көрермiн әуселеңдi ертең! – дедi.
Жиренше тағы да кешегiсiндей Абайларға жотасын берiп, бүктүсiп iшiгiн бүркенiп жата бердi.
– Ендеше бұ құс жетi күнге шейiн түлкiге түспейдi! – дедi.
Осының ертеңiнде әншейiндегiден ерте аттанған аңшылар қатты егес, бәсекемен шығып едi. Бiрақ бүгiн де кешегiдей күнi бойы түлкi кездеспей, кешке жақын ғана көрiндi. Көрiнгенi болмаса, Қарашолаққа түлкi тағы да алғызбады. Жиреншенiң айтқаны кешегiден де бетер, дәл келдi. Айтқанындай Қарашолақ қатты ұшып, түлкiнiң үстiне екпiндеп барды да, бiрақ жайқап өте шығып, ар жағындағы биiк тастың басына барып қонды.
Ендi күлкi жоқ. Абай мен Тұрғанбай Жиреншеге тiл қата алмай, қатты жеңiлдi. Жиреншенiң iздегенi сол едi. Кеш батарда өзiнiң қағушы жiгiтiн қасына алып, бетiн Қазбаладағы өз қосына қарай бұрды да, борт-борт желiп, Абайларға қоштаспай-ақ тартып кеттi.
Ол Абылғазыны бiрге әкетпек едi. Бiрақ оның бүгiнге шейiн Абайларды қылжақ еткен мiнезiн бұдан әрi қостағысы келмеген Абылғазы, ендi Жиреншеге ермей, Абай қасында қалды. Тұрғанбайға:
– Қарашолақты қапыға салдың. Үш күнге өзiме бер, түзеп беремiн. Намыс-мамысты не қыласың! – дедi.
Абай да Тұрғанбайдың жаңылғанын бүгiн анық аңғарған едi.
– Мынаның айтқанын iсте. Ендi қыңырайғанды тоқтат, Тұрғанбай, – дедi.
Осымен құсты үш-төрт күндей қайта бабына келтiрумен жүргенде, Абай аңшыларға ермей, қоста қалып отырды. Жиреншенiң бұларды мазақ қып, қалжақ етiп кеткенiн анық аңғарған Абай оған кектенiп ызаланған жоқ. Бiрақ қатты ойыннан ұтылғанына ұялды. Бұл күндер күн бойы салбуырынға ала шыққан бiр қоржын кiтаптарын алдына жайып салыпты. Қостың iшiне күнi бойы от үзгiзбей, жылы жаққызып, арқардың жас етiнен майлы қуырдақ қуыртып, оңашада кiтап оқумен болды.
Осымен үш-төрт күн өткен едi. Бұл күндерде Тұрғанбай мен Абылғазы: "Қарашолақтың бабын қайта таптық. Зар күйiне қайта келтiрдiк" десе де, қосқа көп түлкi келген жоқ. Үш-төрт күн iшiнде екi құспен жүрiп, алғандары екi-ақ түлкi болды.
Сонымен ендiгi бiр кеңесте Тұрғанбай мен Абылғазы Абайға: "Бұл өңiрден көшейiк, бұнда түлкi арылды. Ендi көшкен соң ұзақсынбай, тура Машанға көшейiк!" дедi. Қысқы күнде Бақанас пен Машан арасы күндiк жер. Жолсыз, қарлы, қалың адырлармен Машанға жету оңай емес. Бiрақ, әлi – әзiр қыстың басы. Қар оншалық қалыңдай қойған жоқ. Аңшылар құстардың бабы күштi дейдi. Арқар, бұғы ататын Бәшей де болса, "бұл маңнан арқар ауып кеттi. Сол, қысқы тұрақты мекенi Бұғылы, Машан тауларына кеттi" дей беретiн.
Машан Шыңғыс елiнiң жерi емес. Ол Тобықтының Қаракесек жақтағы шеткi руының бiрi жайлайтын қоныс. Абай осы жасына шейiн ол тауды аралап көрген де жоқ едi. Қысты күнi ел бар ма, аңшы бар ма, кiмдер мекен етедi, оларынан да хабарсыз болатын. Тек ол жақты сұрастыра отырып, Тобықтының ойда-қырдағы бар мекенiн бiлетiн зерек Абылғазыдан азғантай дерек алған. Машанның кейбiр қуыстарында Ескене және Мотыштың бiрен-саран ауылдары болады екен.
Жолы алыс, елi бөтен, белгiсiз сапар Абайды онша қызықтырып, тартпады. Қайта жолдастары осыны айтқалы көңiлiне амалсыздықтың бiр жадаулығы да келiп едi. Бiр ойдан: "Осы жайлаулардың аңы азайса, елге қайтып кетсе нетер едi!" деп қобалжыған-ды. Бiрақ онысы мынау өңшең аңшы, қажымас қажырлы жiгiттер қасында ерiншектiк, табансыздық боп көрiнуге мүмкiн. Сондықтан "бiр сапарға неге болса да шыдайын, Машаннан ары аңды тоқтатып, Шыңғыстың сол тұсынан асып түсiп, бөктермен Қыдырды басып, Жидебайдағы ауылға оралармын!" деп ойлады.
Абай көнген соң, үш қос ертең ерте жығылып, Бұғылы, Машанға қарай беттейтiн болды, Абылғазы Абайдың Машанға жүруiн өзi мәслихат еткендiктен, ендi Жиренше мен өзiнiң қосын да солай көшiретiн болып, түн ортасынан аттанып кеттi.
Ерте елең-алаңда Қырғыз-шатынан қос жөнелдi. Аңшы, бүркiтшiнiң көбiн сол көшке ертiп, көшке басшы етiп Тұрғанбай мен Смағұлды сайлап, Абайлар төте жолмен, төрт кiсi бөлек тартты. Бұлар Абайдан басқа, Ербол, Шәке, Баймағамбет болатын.
Көштен айрылысарда, Абай мен Смағұл байласқан уәде бойынша, бүгiн бұлар Бұғылыға жете қонбайды. Бұғылының бергi деңгейiндегi "Есболаттың Қара-суы" дейтiн, Оразбай қонысында түйiспек болған. Түндегi уәде бойынша, бүгiн сол жерге Жиренше мен Абылғазының қосы жетiп қонбақшы. "Содан ары ертең Бұғылыны аралап, Машанға еркiн жетiп, ерте, түсте барамыз. Күн ашықта жайласамыз. Бүгiн жетемiз деп өктемейiк. Асықпай, ара қонып-ақ барайық" дескен-дi.
Осымен Абай бастаған төрт аңшы Қарғыз-шатынан шығып, Жәнiбектi желкелеп, Қазбаладан өтiп, күн түске тақаған кезде Ботақан-ошағынан аса бердi.
Бұл жолда да қар қалыңдай қоймапты. Жүргiншiлер келе жатқан әзiргi жерлер – Абай ауылдарының, ағайындарының жылдағы, жазғы таныс қоныстары. Аттар семiз, күйлi. Тегiс тағаланған, жүрiске қажитын емес. Бiр қалыпты бұлаң құйрықпен жiтi жортып келедi. Тынық күндерде жауған ақша қар әлi сырттың аязы мен қатты желiн көрмегендiктен, үлпiлдеп, мамықтай боп, күпсек жатыр. Ат аяғына бөгеттiгi азғана. Бiрақ аттың шашасынан асқан, жолсыздың қары болғандықтан, жолаушылар қатар жүрмей, шұбыра жортып келедi.
Жолды бастап келе жатқан Шәке. Ол жас та болса, жүрiске берiк және салқылығы жоқ, бойы жинақы жiгiт. Оның үстiне аңшылықпен бұдан бұрын да екi қыс салбуырында болған, жол көрген, ысылған сияқты. Абай мен Ербол одан жастары үлкен болса да, бұл өңiрде қыс жүрiп көрмегендiктен, жол бастауды Шәкеге тапсырған.
Күн таңертең аз тұмантып, бұлыңғырлау боп басталып едi. Бақанас, Қазбаланың қатпарлы қалың тау, биiк белдерiнен жол өткен соң, азырақ ашыла түскендей болды, бiрақ күн көзi көрiнбейдi. Күңгiрт, сұрғылт қыс аспанында көшпе бұлттар өркеш-өркеш боп, терiстiкке қарай маңып, ауып барады. Алғашқы шыққанда биiк таудың басын шалған, төмен шұбалған тұман қазiр жоқ. Соның айыққаны күннiң нобайын, кей бұлттың тұсынан ақшыл, сұрғылт сәуледен болжай отыруға сеп болды. Әзiр дене тоңазытар, бет шымшыр аяз да жоқ. Тек емiс қана шытқыл бар.
Жол бағытын сенiмдi жiгiтке тапсырған Абай айналадағы дүниеге жадау көңiлмен, салқын қарап келедi. Мынау Ботақан-ошағында бала шағынан талай жазды бастан кешiрген неше алуан қуаныш, шаттық, күйiнiш, кейiс кездерi ойына үзiк-үзiк түсiп өтедi.
Сол естегiнiң бiрi әжесi мен өз анасы Ұлжанды аса бiр жақсы алғыспен еске алғызды. Ботақан-ошағынан қиыс өте берiп, Абай сонау бiр жылдағы үлкен үйдiң қонып отырған қонысын көзбенен тапты. Бұны ес кiрген азаматтық мiнезге ең алғашқы жеткiзген бiр орын, мекен – осы қар басып, елсiз, суық түйiлiп жатқан қоныс едi. Ол Бөжейдiң асынан Абай, Ербол қатты қажып, ұйқыдан өлердей талып кеп жығылған сәске болатын.
Бұлар оянғанда сол екi бiрдей алтын ана Абайға, бала Абайға, өмiрiнде бiрiншi рет бас тартқан. Жолына айтып сойған ақсарбастың басын тартып, ең бiрiншi рет жас ұланын "ер азамат болдың" деп, ғазиз батасын берiп едi. Абай кәрi әжесiн қазiрде көз алдынан кетiре алмай келедi. Көз жұмып, қолын созса, анасының кiшкене, бүрiскен саусақтарына тиетiн сықылды. Сол саусақтардың үйiрiлiп айналып, бұны арқасынан қағып, маңдайынан сипап отырғанын сезiп келе жатқандай. Тамақ кебiрсiп, көзiне бiр түйiн жас келе бере, Абай әулиедей анасының әруағына арнап, ақырын күбiрлеп құран оқып, бата қылды.
Дiндар жұрт құранды зиярат басында, дастарқан үстiнде, арнаулы сәтте айт сияқты күндерде оқитын болса, Абай өз әжесiн осы күнге шейiн, осындай бiр айқын есiне түсiп, қатты сағынып, жоқтап кеткен кездерiнде, осылайша, әр кезде оқып жүретiн. Құран оқып, бет сипады. Артында қалып бара жатқан Қазбаланың Қарашоқысына, "қысқы көрiнiсiн есте тұтып кетейiн" дегендей боп, айналып ұзақ қарап алып едi.
Жаңағы Ботақанда өткен естен кетпес сәске шақ, ендi соған тiркес, сол күндердiң әсте ұмытылмас, тағы бiр жақын шағын еске түсiрдi.
Бұлтты аспан арасынан қуаныш, сәулелi, күлкiлi жүзi бар Абайдың жалғыз ғашығы – Тоғжан жүзi туды. Осы Ботақанның анау бiр төбесiнiң басына, Ербол айтып келген, Абайға әкелген, сүйiншi хабар бар едi. Сол түннiң барып қайтыс сапары. Тоғжанды Жәнiбектiң тоғайының арасында, ай астында, сағынышпен құштырған сәт, бар тыныс, сыбыр-сыбдырымен Абай жүрегiнде түгел оянды. Бұл суреттi, сағынышты сағымды еске алумен Абай өзiнiң қазiргi тiрлiгiн, қайда екенiн бiржолата ұмытып кеткендей. Ұзақ уақыт ұмытумен мүлгуде. Жүрек қанымен жазылған ғашықтық арман кiтабын, көз жұмып, көңiлмен оқуға кеткендей. Күрсiне түсiп, Тоғжанды жылаулар жүрекпен жоқтайды.
...Қанша уақыт өткенi мәлiм емес. Тек жүрегi сағыныш, налыс сазын шерте тыңдап, өзi шертiп, өзi тыңдап келе жатқанда, қатты соққан тiрлiк әмiрi ұйқы-тұйқы бұзып жiбердi. Сағынышты жарды құшып жатқан түстен түртiп оятқандай бiр хал едi. Абай селт етiп, есiн жиып, ендi аңғарды. Аты тоқтап тұр, жолдастары иiрiлiп қоса тұрып қапты.
Бұл уақытта қатайып жел шығып, ұшқындап қар жауып, айнала түгел қарлы мұнармен қоршалып апты. Абай күн райы қатты бұзылғанын ендi ғана көрдi. Жолдастарының iркiлуi де сол бораннан екен. Қатаң соққан қыстың желi аттылар айналасындағы аспан мен жердi ұйтқытып, араластырып, ұзақ ызың салып тұр. Ықтай тұра қалып ақылдасқан жүргiншiлердiң айналасы – ұйтқи соққан ұсақ қар. Абай Шәкеден:
– Жаяу боран ба? Күпсек қарды жел ұйтқытып тұр ма? – деп сұрап едi.
– Бiлмеймiн. Бiр алай-түлей! Жауа борап тұр ма деймiн. Астымыз да, үстiмiз де бiрдей ұйтқып тұр! – дедi.
– Ал, ендi адаспасты ойлайық. Бала, өзiңнiң көңiлiң берiк пе? Бетiңнен жаңылған жоқсың ба осы? – деп Ербол Шәкеге ширақ үнмен сөз қатты. Шәке көңiлi екi ұдай. Ендiгi беттi айналада түк көрiнбейтiн болған соң, ақылдасып алып, түзеуге тоқтаған екен.
– Борандағы жетекшi жел ғой. Есболаттың қарасуын желдiң аңғарымен ат маңдайына туралап алмақ едiм. Бiрақ мынау өңшең өзiмiздiң таныс қоныстың арасында келе жатып және жаңа бiр ойға түсiп кетiп, желдiң қай жағымнан шыға қалғанын аңғармай қаппын! – дедi.
Өзiнен естияр болғандықтан, Абай аңғарған шығар деп, соған үмiттенiп қарап едi. Абай жолдастарын қайран қылып:
– Желдiң өзi қашан шықты? Мен осы тоқтағанда ғана жел барын байқадым! – дедi. Ұйқыдан оянған кiсiдей сөйлейдi.
Екi көзi көкпеңбек, бетi-мұрны қызарған, сағал сары Баймағамбет Абайдың мiнезiне күлiп жiбердi. Бұл төртеуiнiң iшiнде желдi алғаш аңғарған сол Баймағамбет екен. Ол:
– Дәл осы желдi бетiңе қырын соқтыратын етiп ұстасаң, алғашқы аңғардан адаспаймыз! – деп едi.
Шәке бұған иланбады.
– Саған қырыннан соққан көрiнсе, маған тура аттың маңдайынан, қарсы алдымнан шыққандай болғанды! – деп екеуi дауласып кеттi. Ақырында Шәке Баймағамбеттi тоқтатып, Абай мен Ерболға қарап:
– Ал, бiр орында ұйлыққанмен ақыл табылмайды. Тұра берсек, қалай барардан да жаңылармыз. Не екеуiңiз бастаңыз. Болмаса маған тапсырсаңыз, Абай аға, мен тәуекел деп, тура осы қатты желге қарсы жүремiн! Бiрақ, күн суытып барады. Қатты боран бола ма, қайтедi. Желдiң өзi де шыға сала, шапшаң қатайып кеттi. Ендi тымақты баса киiп, қымтанып алыңыздар. Не де болса қатты жортып көрейiк! – дедi.
Абайға өзiнен де, өзге жолдастардың екеуiнен де, Шәкенiң ажары мен қажыры бекемiрек көрiндi. Соған сүйсiнiп:
– Ал, қарағым! Iшiмiздегi ширағымыз, сергегiмiз де өзiң болдың. Не де болса, саған ердiк, бастай бер! – дедi.
– Ендеше тәуекел, мiнi! – дедi де, Шәке қара жал, ақ табан қоңырдың бетiн желге қасқайта, қарсы бұрып алды. Тiзгiндi қысып ұстап, қатты желден ығысып шырайнала берген зор қоңыр атты қамшымен шарт еткiзiп, қатты тартып жiберiп, жортып кеттi.
Бұның артына Абай түсiп едi. Ақтабан қоңырдың сауыры қалың, "төңкерген тегенедей" дейтiн кең, сұлу екен. Тымағын көзiне киiп, қоңыр аттың сауырына қадала қарап алды да, iлесе жортты. Тобынан бөлiнген төрт жолаушы елсiз жонда, ысқырып соққан алай-түлей ақ боранның құшағына, жiтi жортумен кiрдi де, бата бердi.
Шәке осы бетпен iркiлместен, ұзақ жортты. Алдарынан қатты жел әлi күнге ысқырып шулап, бората соғады. Суық қатайғаннан болса керек,, ендi бiр шақта аспаннан түскен қар алғашқыдай ұсақ емес, жабысқан үгiндi қар емес, жұмарланған ұсақ қатты қиыршық болып жиiлеп ұра бастады. Маңдайды желге қарсы тура берiп жүру әсiресе қиындады. Артында желiп келе жатқан аттарға Шәкенiң қоңыр аты жалтақтап, ық iздегендей сығылыса бередi. Кiшкентай тiзгiн босаса, басын жалт еткiзiп бұрып алады. Дәл маңдайына қадалып, шашылған қатты жел қоңыр аттың қалың кекiлiн кейiн шалқытып, дөңес маңдайын ашып алып, тықыр жүнiн түбiнен жұлғандай болады. Қоңырдың жел өтiне қасқарып жортуы жеңiл емес екенiн бiлген Шәке аты сәл бұлғақтаса, "терiске жалтарып, адастырып кетер" деп ойлады. Әншейiнде аса жүрдек, жылпос қоңырды бұрын қамшыламай жүргiзетiн болса, қазiр жиi-жиi шарт-шарт ұрып келедi.
Абай өз астындағы құла жиреннiң бiр тәсiлiн аңғарды. Ол қоңырдан кейiн қалса, маңдайына жел қатты ұратынын сезiп, алдыңғы аттың ығына паналап, бiр елi қалмай, лыпып жүрiп келедi. Бiрақ құла жиреннiң жалына, Абайдың да өне бойына алдыңғы аттыдан аса соққан қарлы боран ұйтқып төгiлiп, қалыңдай түседi. Азғана уақыт iшiнде аттың құлағына шейiн, Абайдың селдiр сақал мұрты мен кiрпiгiне шейiн қырау басып алды.
Соңғы уақытта алдағы қоңыр ат пен жас жiгiттi қатты қинаған қиыршық боран Абайдың да бетiне шыпылдатып ұрады. Жол еркiн Шәке мен өзiнiң атына берiп, Абай ерiнiң қасына еңкейiп ап, ықтап жортады. Бiрақ, сонда да бар жүргiншiнi дала бораны шыдатпай әлсiретiп барады.
Абайдың түлкi тымағының екi самайынан қадалып ұрған жел шекесiн шаныштыра бастады. Еңкейiп келе жатып, бетiн бұрып, ықтап шабайын десе желкелiгiнен ұрып, мойнына қарды тықпалай бередi. Қайта бұрылғанда бетiн, мұрнын жалап, аязды боран ығын кетiре бастады. Ендi қолымен бетiн жиi-жиi уқалап, үсiнуден сақтанса, қос қолы қатты тоңып, саусақтарының ұштары шаншып, тiзгiн мен қамшы ұстауға ебiн кетiрiп, қарып, мұздатып барады. Сол күйдiң үстiнде әсiресе екi самайынан тымақ iшiн кеулей үрген жел шыдатарлық емес.
Ығы кетiп, ер үстiнде аз жүрiсте оңға, солға да бұрылып, еңкейiп, ат жалына да бүгiле түсiп шапқан Абайдың мазасы қатты кеттi. Құр мазасыздық емес, ендi бетi-қолдың үсiну қаупi бар. Самайдан өткен жел одан да қатер. Тоңу ығын кетiре, күшейген сайын ендi Абай етегiне де ие бола алмады. Қайта-қайта қымтаған етегiн сәл қозғалса жел ақтармалап, жұлып ашып, қайырып жiбередi. Басында өзге жолдастарынан бұрын суыққа сыр бермеспiн десе де, ендi шыдап болмады. Абай алдындағы Шәкеге белгi етiп, айғай салды. Жүрiс тоқталып, барлық аттылар ыққа қарай қоралай тұра қалып, жай бiлiстi.
Бiр Абай емес, бар жүргiншiнiң де күйi сол Абай күйiндей екен. Бұлар тоқтап қалғанда, аттары өздiгiнен шыр айналып, ақ боранға арттарын берiп, қыбыр етпей ықтай-ықтай тұрысып қалған. Үстiндегi жүргiншiлер секiре түсiсiп, қоса ықтай тұрып, боранның аса суық пiшiнiн сөз қылысты.
– Ойпыр-ай! Қақап кеттi ғой! – деп Ербол бастады.
– Тез айықса жарады, болмаса мынау қатер ғой! Бет қаратпай барады ғой! – деп Абай айналаны ақ түтек қып, тығыз қоршап тұрған боранға қарады.
– Айығар! Шыдап көрейiк!
– Шыдамағанда, елсiз қу далада жүрмегенмен жан қала ма? – деп Шәке мен Баймағамбет жастық етiп, қайрат берiп сөйлеп тұр.
Бұл уақытта төртеуi де iштегi қалталарынан орамалдарын алып, тымақ iшiнен, маңдайларын қатты тартып, таңып байлап алысты. Екi бетi қып-қызыл боп аязға шынығып алған Шәке, әлi ширақ, берiк едi.
– Бетiмiз терiс болса, онда адастық. Адасқанда, шырқап адасып кетуге де болады. Ал егер адаспасақ, онда осы жiтi жүрiспен кеш батқанша Есболат Қарасуын сипалап қаламыз. Боран ықтиярға қоятын емес. Аяңдап бүлкектегенмен бәрiбiр суық жеңiлмейдi. Адаспасқа оның себi де жоқ. Аяңдап, маңайды шола жүрем дейтiн емес. Ендi не де болса, тағы бiр ұзақ жортуға белдi бекем буып алыңыз, Абай аға! – деп қоңыр аттың айылдарын қатты тартып ап, тағы да ырғып, атына мiндi. Абайлар үн қатпастан, бұрынғы қалпынша Шәкенiң соңынан ердi.
...Қанша екенi белгiсiз, ұзақ бiр шыдамға тiстенiп бекiнiп алғандай болған жолаушылар көп заман толассыз, тынымсыз қатты жүрiстен аумай келедi. Көптен құлаққа беймаза боп ысқыра шулап соққан жел кейде ерекше бiр ызамен ышқынып кетiп, екпiндетедi. Күнi бойы үзiлместен, шу-шу еткен жалғыз үн құлақ талдырғандай. Сарылған суық сазынан жаңылған жоқ. Кейде ақ боран, қатты аяз ұлып та кетедi. Көп бөрiнiң боранды далада, құтырған дауыл iшiнде, баспана iздеп, жас қан iздеп, қосылып ұлығанындай, азан салады.
Сондай ұлыған қарлы дауыл астында елсiз меңiреу дала Абайдың өзi туып-өскен сахарасы болса да, қазiрде соншалық мейiрсiз, қатал, өгей анадай. Кеше ғана балалығы мен жiгiттiк жастығының жасыл шөбi сарғаймас алтын бесiгiндей болса, сол қызықты қан жайлау қазiр суық қабыр ызғарындай аяздап, қырауытып тұрған тас табытындай.
Осы сәтте, бұл ұзақ бейнеттi ауыр шақтарда, дүние деген бiр-ақ уыс. Ұйтқыған қарлы боран iшiнде тек бiр-ақ ауылдың қотанындай ғана. Дүние сонша бүрiсiп, алай-түлей iшiнде кiшiрейiп, тарылған, астан-кестенге түскен. Бұл дүниеде аспан деген, жер деген, тау-су деген, өлке-жота деген айырма да, бiтiм, жаратылыс та жоқ сияқты. Бұның Абай ұққан аты қазақша емес, орысша кiтаптардан ұғынған екi сөзге дәл келедi. Бiрi – хаос, бiрi – стихия. Әлдеқандай кiтаптардың айтуында дүние пайда болғанда, ең алғаш осындай алай-түлейден туса керек. Ыстық судың қайнап ойнағанындай. Не тулаған теңiзде тау толқынының көбiгiн аспан атып, шапшып құлағанындай. Сол толқын iшiнде ажал жүзiн сәт сайын күтiп келе жатқан кiсiге де дүние осындай бiр-ақ уыс болса керек.
Жорту аяқталған жоқ, бұл уақытта тоңу үстiне шаршау да қосылды. Сонымен қатар: "Ойпыр-ау! Айығары бар ма!? Аяқтай ма бұл жүрiс? Ендi қашан?"– деген күйгелек шыдамсыздық кеудеден жалын шығарады. Бiр уақыт жел ақырын бәсеңдей берiп, шұғылынан үзiлiп тоқтады. Абай iшiнен:"Япырай, тiлек қабыл болғандай ма? Жаңағы налыған зар сияқты шолақ тiлектiң орайы, өтесiнi ме?" дегендей боп, лезде үмiтке ауысты. Осы уақытта Шәке аттың басын тартып, бәрi де iркiле тоқтап жабырлай сөйлестi.
– Басылды бiлем! Күн жарықтық бiзге болысайын дедi ме? – деп тоқтаған Шәке, ендi ақылдасып алмақ едi. Бұл уақытта қар жауып тұр, қазiр бағанағыдай қиыршықтап жаумай, ендi жай, баяу жапырақ қар түсiп тұр едi. Күн тынғанмен, айнала тұман және жауып тұрған қары қалың. Жүргiншiлер аяңдап, атқа тыным берiп, өздерi де толас алып, ендiгi беттi ақылдасып аңғаруға кiрiстi. Бұл шақта, қыстың қысқа күнi батуға таянған едi. Күннiң бұлыңғырынан ба, жоқ ымырт таяу ма, әйтеуiр айнала боран басылғанмен, болжап болмастай қою сұр мұнар қоршауында тұр.
Үмiтшiл көздер ойда жоқ жерден қарауытқан қыстау көргендей болады. Немесе жақында шашырап жайылған iрi қара мал сияқты бiр нәрселер қарауытып, бадырая қалады. Бiрақ осыны әрқайсысы жеке-жеке байқаса да, жолаушылар бiрiне-бiрi анық сенген үнмен айта алмайды.
– Әне бiреу не?
– Мынау қарауытқан немене?
– Мына жағымызда бiрдеңе қалып бара ма? – десiп, бiрiн-бiрi алаң етiсiп, әр жаққа аласұрып келедi.
Бұларды кеш мұнары, күн тұманы алдап қана жұбатқандай болады. Елдi көксеп, дауылды даладан қажыған көңiлдерге адам мекенi соншалық ыстық болса да, амал жоқ. Қора-қыстау, мал-жан сияқты боп көрiнгеннiң бәрi де басқа нәрселер болып шығады. Кейде жақын төбенiң аппақ боп аспанмен тұтасып тұрған ұлы бейнесiнде қарауытып көрiнген болымсыз жақпар тас қора сияқтанады екен. Қалың қар iшiнен қылтанақ бойы зорға асып көрiнген тал басы, шеңгел, қарағай, тобылғы бастары бұлардың көзiн алдайды екен.
Жел тынып, бағанағы қатты суық саябырлағанмен айналаны болжай алмаған жүргiншiлер көңiлге үмiт ала алмай келедi. Үйткенi әлi күнге жүрiп келе жатқан жерлерi қай тұс екенiн дәлдi бiлген, анық көңiлi сенген ешқайсысы жоқ.
Шәкенiң долбарынша, бұлар қазiр Пұшантайдың батыс жағынан кесiп өтiп, Айдарлы-қойтастың оңтүстiгiнде, жамбас тұсында келе жатқан сияқтанады. Ендi мықтап бiр жортса, ұзақ сары жоннан асып, Есболат Қарасуының үстiнен түспек керек. Шәке осы бетте дұрыс келе жатырмын деп ойлайды. Тек жалғыз күдiгi Ботақаннан шыға бере, бұлар бастаған қатты жорту, тура беттегенде, жүргiншiлердi Қарасуға әлдеқашан жеткiзсе керек едi. Соған күдiктенедi.
Бағана ең алғаш желге қарап бет белгiлегенде, Шәкемен дауласқан Баймағамбет ендi мынау тұста өзiнiң күдiгiне нығая түседi. Әрбiр жыра, шұқанақ, немесе өзенсымақ өңiрлермен жол жүрген сайын, сол күдiгiн айтады.
– Жердiң қыртысы, Есболат Қарасуының атрабына ұқсамайды. Оның күнгейi мен күншығыс жағында келе жатсақ бiз, ақ отты адырмен, тасты төбелермен, я болмаса тегiс сары жотамен жүрсек керек едi. Мынаның бәрi қайта-қайта бұлақ, өзен, өлке боп, шалғынды, томашалы балқаш боп кеттi. Осы бiз адастық. Ал адассақ қатты терiс кеттiк! – дейдi.
Осындай аз топ екi ұдай болған енжар көңiлмен ақырындап келе жатқанда, күн анық батып, ымырт әбден жабылды. Ендi белгiсiз сапар ықтиярсыз жүргiншiлердi түн жолаушысына айналдырды. Күнi бойы жортқан аттар азғана толас алсын деп,, жүргiншiлер ендi бiр суаттың басына келiп түсiп, қырау басқан жарау семiз аттарын бiрталай уақыт оттатып алды. Аттан зорға түсiп, кез келген орынға жантая құлаған Абай, үнсiз жатып, көзiн жұмып, Шәке мен Баймағамбеттiң жол жөнiндегi дауын ойлады. Бiрақ қанша ойласа да, бiр ғана ыза аралас қападан басқа еш нәрсе таба алмады. Ақылдасып көрiп едi, Ербол да тыңнан еш нәрсе тапқан жоқ. Бiрақ әр кезде сабырлы Ербол қазiргi талып, қажудың үстiнде де Абайға бiр қалжың айтты.
– Сен екеумiз атқа жүруге мықты болушек. Бiрақ даңғыл қара жол болса, беттi түзеп қойып, әйтеуiр "құдай салды, мен көндiм" деген ұзақ сонар, қара жортуылға тәуiр едiк. Болмаса күздiң айсыз қараңғы түнiнде адаспай жол тауып көрген өнерiмiз жоқ едi-ау, ә! Ендi қысқы ақ боранда, жолсызда, шүйкедей жалғыз қосты табатын бiз бе? Мен шынға келсем, мынау құдайдың қу даласында сол қосты табу қалың шөптiң арасына түсiп кеткен иненi табудан оңай деп тұрғаным жоқ. Сенiң одан озған өнерiң болса, өзiң бiлесiң! – дедi.
Абай өнерiм бар деп айта алған жоқ. Үндемей күрсiнiп қойды. Ерболдың айтқаны мұның да көңiлiнде, дәл осындай боп ұялаған күдiк едi. Осымен жолаушылар тағы да Шәкеге бастатып, атқа мiнбек болғанда, бағана тынған жел тағы да қайтадан лезде көтерiлiп, зуылдап, шулап, ызың салды.
Сол ызың осал белгi емес, үлкен, зәрлi суықтың кәрлi белгiсi екен. Жiгiттер атқа мiнiп ап, тағы жортып жөнелгенде, күндiзгi ажалдай ақырған қатты боран, алақаншықтап ышқына соғып, қайта құтырды. Суық күндiзгiден әлдеқайда қатты едi. Азғана уақыттың iшiнде жүргiншiлердiң ығын кетiрiп жiбердi. Бiразда алды-арты айғайласып, тоқтап тұрып:
– Ойпыр-ай! Ендi қайттiк!?
– Шын сор ендi болмасигедi.
– Бұл түн боранында жүрген жақсы ма, әлде бiр жердi паналап жатқан жақсы ма, қайсысын етемiз?
– Жел бетiнен адасқан жоқпысыңдар? Ендi не ойларың бар? – деп, соңғы сөздi Ербол айтып барып, даурыға тоқтасқан.
Шәкенiң ақылы жүрiстi тоқтату емес, бiрақ қатты жүрмей, баяу жүрiп, iлгерi жылжи беру болды. Үйткенi, тоқтаса, ықтайтын қара-жай жоқ. Мынау желдi аяз қозғалмай отырған кiсiнi тоңдырып ұшырып жiберуi мүмкiн. Алда не де болса үмiт бар. Сондықтан әлi де бiрiнен бiрi қара үзiп қалмай, жылжи беру шарт.
Өздiгiнен ақыл таппас болған жолдастары Шәкенiң сөзiн ақырын үнмен қостап көндi де, артынан тағы ердi.
Тағы да ұзақ сарылған шексiз, баянсыз жүрiс болды. Бұл жүрiс бәрiн де тоңдырумен, шаршатумен қатар, ендi ұйқымен де жүдеттi. Күнi бойы ас iщпеген өзек те талды. Киiмдерi жылы болғанмен, қатты қажыған дене тоңуға айналды. Абай бойы қалтырап, өне бойы тұтас тоңазығанын, артында келе жатқандарға айғайлап айтты:
– Менiң аяғым қатып барады. Ат үстiнде аяқ тоңғанды көргенiм осы. Сен қалайсың, Баймағамбет? – деп артындағы жас жiгiтке айғайлап едi. О да тоңғанын айтып:
– Ендi бiр жерге түсiп тынығып, мызғып көрсек қайтедi? – деп едi.
Барлығы да иiрiле тоқтап, ақыл қосты. Айнала дүние бұл күнде төрт-ақ аттың басы қосылған аясындай, азғантай. Үй орнындай ғана боп бүрiсiп, суық түйiлген. Аттылар бастарына анық қысталаң азап төнiп, ғарiптiкке түскен жүдеу бейнеде.
– Жататын болсақ, бiр тастың панасын iздейiк! – деп едi Шәке. Жүрiстен түңiлiп болған Ербол:
– Ендi бiзге табылайын деп тұрған тас та жоқ. Не де болса құдай деп, аттың бауырына тығылып, осы арада тыным алайық! – дедi.
Осы сөз байлау едi. Бәрi де аттарынан түсiп, төрт аттың жонын боранға бұрып, солардың қосылған тамағының астына бiрiне бiрi айқасып, жантайысып, үнсiз, жым-жырт жатысып қалды.
Бұл шақта суыл қаққан, кейде шырқап, шулаған аяз үнi, боранды дауыл үнi құлаққа тынымсыз ұрады. Осы аттылардан өшiн алмай тынбайтын, соншалық беймаза ың-шың, у-шу долы дүние. Ерболдың тiзесiне басын салып жантайған Абай көз жұмғанда, денесi айналып үйiрiлгендей. Бұларды ат-матымен осы жатқан алақандай қарлы жерiмен де түгел үйiрiп, құйындағы қаңбақтай шырқ айналдырған сияқты.
Жүрек қобалжып, бас айналады. Құлақта ың-шың шыңылдаған, толассыз бiр шуыл тұр. Осы күйiнде, барлық пен жоқтық арасындай бiр халетте, азғантай уақыт жатты да, Абай ойы өшiп, сөнiп, жоққа батты.
...Қанша ұйықтағандарын бiлмейдi. Бiр мезгiлде үстерiне түскен қалың қарды аяқ қолдарымен серпе сiлкiп барлығы оянып тұрғанда, әлi қалың түн екен. Төртеуi де бiр ауыздан, аса қатты тоңғандарын айтып, секiре тұрысты. Алдымен сөйлеген Ербол едi.
– Өй, жiгiттер! Ұйқыдан кiсi өлмейдi. Мына қызыл шұнақ аязда, ұйқы жау. Естi жи, қайрат қыл! – дедi.
– Бiлмеймiн, әсте бүйтiп тоңып көрмесем керек едi. Суық тура етiмнен өтiп, сүйегiме жеткендей! – деп, Абай арлы-берлi адымдап, аяғымен тебiнiп, қозғалақтап жүр. Жас жiгiттер де тоңған едi. Бiрақ олар тез қимылдап, төрт аттың үстiне ақ жабағыдай түсiп қалған күпсек қарды жеңдерiмен, қамшыларымен сыпырып қағып, жылдам айналып, өз бойларын жылыта бастады. Атқа мiнiсiп алып, жолаушылар тағы тартты. Дәл жөнелерде Абай:
– Әйтеуiр адастық. Ендi тым құрмаса, жылынып, қауқар жиып алайық, не де болса бiр сағаттай қатты жортып жүрiңдер! – дедi.
Долы далада, қатуланған суық жүздi өгей далада, бұлар тағы да ұзақ жортты. Бет пен қол болмаса, жүргiншiлердiң аяғы, денесi қатты желiстен жылынып алған едi. Ендi бiр азда, жай ғана сызылып, сараң сәулемен зорға дегенде, елең-алаңдап, боранды түннiң таңы атты.
Жүргiншiлер сөзден қалған-ды. Бiрақ бәрiнiң iшiнде де таң атумен, "дауыл басылар, боран тынар" деген жалғыз медеу үмiт бар-ды. Аттарды аяп, жүрiстi ақырын бүлкекке салған Шәке желдiң бәсеңдегенiн, шуылының азайып, әлсiрегенiн күтiп едi. Тағы да шексiз ұзақ күттi. Дауылды, меңiреу даланың ұзақ жол үстiндегi өкiнiш азап күнi туды. Мезгiл ұлы сәскеге жеттi. Боранды күннiң бар жарығы – осы сұр мұнар, бұдан әрi ашылар күн, айығар боран бiлiнбедi.
...Бұл күнi тағы да күн ұзын айықпастан боран соқты. Жолаушылар күн бойы бiр сағат жүрiп, бiр сағаттай аттарына тыным берiп, шалдырып отырып, әлi бiр белгiсiз сай-салаларды, адыр мен жоталарды кезумен келедi. Тоқтаған сайын, бастарын соншалық қатырған жалғыз ғана ойды тегiс ойласады.
Бүгiн таңертеңнен Шәкенiң өзi боп және Абай, Ербол бiрге қосылып: "Кешегi Баймағамбеттiң сөзi дұрыс едi, жел бiздi терiске ап кеттi" деген ойға бекiген-дi. Бүгiн бiр тоқтап, бiр жүргенде, желге қарсы жүрген бағытты тастап, сол кешегi Ботақан-ошағында, Баймағамбет "қырын соқты" деген желдi естерiне түсiрмек болды.
Ол айтқан сөз дұрыс болса, бұлар желдi бетке алып кеткенде, Есболат Қарасуының оңтүстiгiне қарай кеткен болу керек. Ендеше, не Тобықты жайлауының шетi – Үлкен-көксеңгiрге тартты. Немесе, тiптi құлан елсiз, оңтүстiктегi Керей жерiне түсiп кеттi. Қажыған ой, ашығандай боп талған мый өзiне осыдан әрi тағы да бiр үлкен жұмбақ табады. Терiске кеткен болса, кешегiдей жүрiспен және түнгi жүрiспен бұлар қанша жерге кеткен болу керек? Ендi Баймағамбет айтқан бағытқа беттi түзегенде, қаншалық ұзақ жүрiспен Есболат Қарасуына, не болмаса соның деңгейiндегi Бұғылы, Машан тауларына iлiнуге болады? Мiне бүгiн ашыққан, талыққан жүргiншiлердiң дамыл алмай ойлайтыны осы.
Ендiгi сапарды Шәке емес, Баймағамбет бастаған. Түнде тоңған, ауырықсыған бой, кейде жылынса да, iштей бiр қалтыраудан күн ұзын босамады. Абай ендi бiр жылы мекенге жетсе, өзiнiң ауру халде зорға жететiн жайын аңғарғандай. Тағы да күнi бойы жортудың аяғы кешке жақын бiр толас жасатты. Аттан құлағандай боп, ауыр салмақпен зорға түскен Абай шылбырды Баймағамбетке берiп, кiшкене тастың ығына кеп жантайды. Араларында сөз, кеңес жоқ. Әркiм өз күйiн өз дертiндей оқшау ойлап кеткен сияқты.
Абай болса қазiр өзiн анық аурудай сезедi. Денеде езiлiп қалған сал сүйек, ерiксiздiк бар. Бар бойын жер тартқандай. Тоңу онан сайын бойын ағаштай сiрестiрiп, қатырып барады. Iшкi жүрек, қолқа да аяздан қалтырағандай ма? Өмiрден анықтап күдер үзу сағаты алыс емес сияқты. Бiрақ әлденеден жүрегiнде сол өлу-өшу халiнен үркiп, қорқу жоқ. Қайта, "жетсе жетсiн, келсе келсiн" дегендей ұсыну бар. Өзiнiң осы сезiмiн аңғарумен iлес Абай кеше ғана көңiлiнен өткен, боран қуып ап кеткен екi бiр ыстық, сағыныш шағын соңғы рет еске алды. Бiрi – күндей мейiрлi, ғазиз анасының тiрлiгiн ойлаған шағы. Екiншiсi – өмiрде өлiм сағатына шейiн ұмытылмай, сана-сезiм өшерде ең соңғы рет жалт етiп, бiрдiң өзi боп, көз алдына ай жүзiмен күлiп келетiн Тоғжанын ойлаған шағы едi.
Ендi сол өлген, өшкен ғазиздерi тағы ойға түскенi Абай жанымен соңғы рет қоштасқаны болар ма? "Өлiм тақау ма" деп ойлаған Абай ұйқы-тынымынан тыйылып, ауыр мұңда жүдеп, күрсiнiп отыр. Дәл осы шақта қас қарайып бара жатқан кез едi. Абай құлағына бiр жалғыз айғай естiлiп қалды. Ол елең еттi де: "Ойымның шатасқаны болар!" деп үндемедi. Жолдастары бүктүсiп қасында ұйықтап жатыр екен.
Аздаң соң жаңағы айғай тағы естiлдi. Анық адам даусы. Кiм де болса, адамзат болса, бұл жолаушылар қазiр жылап көрiскендей болатын. Соңғы айғаймен iлес Абай орнынан секiрiп, атқып тұрғанда, өзiн "ауру шығармын" дегенiн орынсыз екен деп бiлдi. Тұра сала, қатты қайырып, шырқап, айғай салды. Әлсiреп қалған аттар бұның айғайына қос құлақтарын қайшыланта қадап, бастарын жерден жұлып-жұлып алысқан едi. Ербол мен екi жiгiт те оқыс айғайдан үрке шошып, атқып тұрысыпты. Ербол Абай қасына ұмтылып кеп:
– Не болды, Абай? Кiмге айғайладың? – деп Абайдың, жүзiне таңдана қарап қапты. "Ұйқысыраған ба" дегендей. Жоқ, Абай жүзi сергек екен. Жолдастарына бұрылып:
– Айғайлаңдар! Жаңа бiр кiсiнiң қатты шырқаған үнi естiлдi, айғайлаңдар! – дедi.
Желдiң шуы әлi де түк басылған жоқ екен. Бiрақ төртеуi үн қосып тұрып, ұзақ-ұзақ қатты айғайлады. Дәл сол кезде ақ боран iшiнен, жел жақтан, бұлардың көз алдына, бұлыңғыр үлкен қара көрiне бердi. Келер сәтте, аппақ дүниенiң iшiнен айқындап, бадырайып, қастарына ағыза шауып, бiр атты кеп қалды. Зор денелi үстi аппақ қар болған ақ боз атты. Жанында семiз баран жылқы қосары бар. Бұл адам қуана айғайлап:
– Уа, бармысың? Тiрiмiсiң, жандарым-ау! – деген сергек сөзiменен жетiп келiп, аттан түсе бердi. Келген кiсiнiң үнiн алдымен таныған Абай едi. Айғайлап қуанып:
– Абылғазы! Айналайын Абылғазы-ай! Қайдан кеп едiң? – деп жүгiрiп барып, құшақтай алды.
Ол анық Абылғазы едi.
– Қайдан келушем? Сендердi iздеп келем! Я құдай, әмiсе жолды қыла көр! Мынау ақ түтектiң iшiнде сендердi табам деген үмiт бар ма едi?! Әйтеуiр жан дәрмен, үйде тыным таба алмай шыққан бiр далбасалық. Үсiгеннен амансыңдар ма? Ұшып қалғандарың жоқ па? Аттарың тың ба? Тез атқа мiнемiз. Түн болмай жылынатын жай табайық! – деп бәрiн өзi билеп кеттi.
Шәке мен Баймағамбет қуана жүгiрiсiп, бiраз тыңайып қалған аттарды жетектеп алып келдi. Бар жүргiншi аттарына тез мiнiп, Абылғазының артынан ерiп, желе жортып, тартып бердi.
Жүргiншiлердiң бұл кезде келiп тiрелген жерi – Машан тауының желке тұсы екен. Алда Абылғазы бастап жортып келедi. Оның қасында, қатарына iлесiп, әңгiмелесiп келе жатқан Ербол. Әлi күнге тың, ширақ басып келе жатқан құла жирен атын Абай алдыңғы екеуiнiң артына тақау бастырып, iлестiрiп, қатты бiр мең-зеңде келедi. Өзiнiң ауру-сауын да айыра алмайды. Өне бойы соққы жеген кiсiдей мылжа-мылжа. Айналадағы дүние де бұған таңғажайып халде. Кейде Абай жүрiп келе жатқан сияқты емес. Жолдың екi жағы тау сияқты да, сол таулар, жартастар бұған қарай өздерi сырғып, жылжып, қиыс өтiп келе жатқан сияқты.
Сондайлық ойды, миды пәңгiрткен сүлдер ғана келе жатқан күйде, кейде Абай ұйқы мен ояудың, "барлық пен жоқтықтың" арасына шомғандай. Өзiне өзi қатты таңданады. Сәл уақыт санасы оянса:
"Ұйқы мен шаршау жеңдi ме? Болмаса аурумын ба?" деп, мұнар iшiнде шала бiр ойлар ойлайды. Оқта-текте бұған алдында келе жатқан екi аттының үзiк-үзiк сөздерi естiледi.
Абылғазыға жанасалап жүрiп келе жатқан Ербол:
– Жаным-ау, қалай таптың бiздi? Көрiпкелiң бар ма? Осындай ақшұнақ боранда адасқан адамды табамын деп, есi бар кiсi iздеп шығар ма? – дейдi.
– Атама! Менi бүгiн кiсi демей, осы жонның қасқыры десеңшi!
– Қасқыр да боранда iздегенiн таппай, кезiккенiн алады ғой!
– Менi жан ұшырған шығар. Абайды кешелер Жиреншеге алдатып жүргенде, қиянат қылдым-ау деп, iшiмнен сол жаманшылығымның өтесiнiн бiр қайырармын деп ем. Содан кеше түске жақын боран басталарда мен сендердiң адасатыныңды бiлгемiн. Ботақан-басында, жел алғаш қатайып басталғанда, сендер әуелi бiр үйiлiп тұрып қалдыңдар. Сонда мен Шақпақтың-жотасынан биiкте тұрып қараларыңды көргемiн. Егер сендер адаспасаңдар, жолымыз Жыландының сыртында түйiссе керек едi. Түйiспедiк. Соның арты боран болды да, дүниенi ақ шымылдықпен жауып алды. Сендердiң адасқандарыңды бiлдiм. "Желдi аңғармай, Көксеңгiрге, Керей жерiне, қу далаға тартып кеттi" деп ойладым. Бiз болсақ кеше, дер кезiнде, Есболат Қарасуына жетiп қондық. Түн бойы айғай салып, атой берiп, белгi де жасадық. Бүгiн сол жерде қалуға болмады. Отыны, бұдыры жоқ, қу тақыр екен. Содан қосты көшiрiп:"Жетсеңдер Машанға қон, болмаса жолда Бұғылыға түне" дедiм де, өзiм таң атқалы, күнi бойы қос ат алып, сендердi iздеуде болдым.
– Ал сонда қайдан кездестiрем деп iздедiң?
– Кездестiрем деу қиын едi. Тек бiр жорамал. Ойлағаным, сендер естен айрылып адассаңдар, онда дауа жоқ. Ал, бiр бетпен тартып адассаңдар, онда барып-барып бiр шақта ес кiредi де, кешегi желдi аңғарып, беттi дұрыс белгiлеп, қайта тартасыңдар дедiм. Сонда не Бұғылының, не Машанның сыртынан шығу керек деп долбарладым да, күнi бойы осы сырттықта арлы-берлi үш рет жортып шықтым. Айғайлағаным, жаңа сол Машан желкесiне соңғы рет iлiне бергенде, көз байланып бара жатса да, iздерiңдi кестiм. Кесе сала, сонымен жортайын деп ем. Боран тақыр жерде iздi көмiп тастап отырыпты. Содан шапқылап отырып, беттерiңдi аңғарлап, бiр шай қайнатым бойы, үзбей айғайлап келе жатыр едiм! – дедi.
– Сонда өзiң адасам деген ой бар ма, жоқ па? Абылғазы, сен тегiн адам емессiң. Кем қойса, бақсы боларсың.
Абылғазы күлген жоқ. Бұл өзiнiң құмалақшы, болжағыш күшiне; "бабамнан қалған" деп, сенетiнi де болатын.
Бiрақ күздiң айсыз қараңғы түнiнде, дауылды, жауынды түнде, керек болса жалғыз түп тобылғыны, жалғыз шоғыр қарайғанды таба алатын. Қыста ат құлағы көрiнбейтiн ақ боран бiр жұма үзiлмей соқса, сол бiр жұма бойында тоқтамастан жол тартып отырып, атқан оқтай жаза баспай, барам деген жерiне ат тұмсығын аумай кеп тiреп дәл шығатын. Бұл қасиетiн ол сәуегейлiк демейдi. Ерболға сырын айтып келедi.
– Менiң адаспауым бақсылық емес. Бiр соқырдан, аса бiр естi қартаң соқыр көршiмiз Тоқпайдан оқыған сабағым едi. Сол кiсi екi ауылдың арасында, кейде қиын асудан асып, жауын-шашынға да қарамай, жалғыз өзi жүре беретiн. Соқыр болғанда саңылауы жоқ, су қараңғының өзi едi. Құданың құдiретi, таныс жер ғана емес, кейде көрмеген жерiне де, қозы көш жерге шейiн адаспастан, аумастан тура баратын. "Тоқа-ау, қалай жүресiң?" дегенiмде, со кiсi: "сенi бастайтын жол болса, мен бастайтын жел" дейтiн. Жел жетектейтiнi рас, бiрақ, әсiресе, кеудесi жетектейтiнде й көрiнушi едi. Қара түндi жауында, ақ боранды қыс дауылында, бiз де сол соқыр Тоқпаймен тең боламыз. Бiрден желге аса қатты ден қою керек. Одан әрi көзiм бар демеу керек. Көңiлдiң көзiне бастату керек. Мiнi, менiң бар сыр-сиқырым осы-ақ! – дедi.
Ендiгi барыста Ербол Абылғазының бұларды қай жерге апаратыны, қандай ниетi барын сұрап едi. Абылғазы барлық топты тосып, бiраз иiрiп тұрды да:
– Жiгiттер! Сендердiң суықтан қатты жаураған жайларың бар көрiнедi. Өзiмiздiң қосты iздеп, табайын деп келе жатқаным жоқ. Жаман-жақсы болса да, осы Машанның салаларын қыстайтын Жуантаяқ, Мотыштың бiрлi-жарым аулы болатын. Соның бiрiне жеткiзiп, үйi-күйi жаман болса да, жылы қазан аспаның жанында, жан шақыратын жайға жеткiзейiн деп келем. Қайда, кiмнiң ауылы бар екенiн бiлмеймiн. Осы тұста, дәл осы бiз келе жатқан өзекке, соңғы жылдар Мотыштың бiр әлдi ауылдары да қыстау салды деп едi. Соның бiрiне кездесемiз бе? Әйтеуiр, бүгiн түн, жылы жерге жеткiзiп, өздерiңе жан шақыртам! – деген.
Жолаушылар қатты тоңып, жаураған ажармен, әлсiреген үнменен:
– Баста! Бастай бер!
– Тек дегенiң болсын!
– Тек бiр баспанаға жеткiзсең, арманымыз жоқ. Ендiгi жүрiске шыдадық! – десiп ерiктерiн Абылғазының өзiне берген.
Осымен тағы да бiрқатар уақыт үнсiз желе жортып, қалың қара адыр iшiндегi терең шатты, тоғайлы өзектi құлдап келе жатқанда бұлардың алдынан "шәу" етiп үрген ит даусы естiлiп қалды. Жүргiншiлердiң қуанғаны ала бөтен едi. Арасында бiреулерi.
– Иә, тәңiр, бере гөр!
– Иә, құдай, ақсарбас!
– Қалдық па ажалдан! – дестi.
Қар қалың басып алған бiр шоғыр қайыңды жүргiншiлер орап айналып, кең қойнауға шыға бергенде, алдарынан жаңағы иттер үнi көбейiп шықты.
Араларында зор үндi, үлкен төбеттердiң барпылдап үрген, тау жаңғырықтырған зiлi де естiлдi. Абылғазы атын борбайлап, шаба жортты. Өзгелерден ұзап барып, тасты, тақыр қара тұмсыққа iлiне бердi де, көлденеңдеп тұра қалды. Абай мен Ербол қатты желiп, қатар келiп, Абылғазының қасына тақай бере, төменде жап-жақын жерде, қызарып тұрған терезенiң отын көрдi.
– Ел! ел!
– Қайран ауыл! Айналайынның елi! Тiптi әлi жатқан да жоқ! – деп, Ербол Шәке мен Баймағамбетке даурығып хабар етiп жатыр.
– Терезесi көп! Өзi үлкен қыстау, мынау бiр ауқатты ауыл ғой! Жолымыз болған екен, жiгiттер! – деп Абылғазы да қатты қуана сүйсiндi. Бар жүргiншiден өзi бұрын келдi. Есiк алдына аттан түсе бере, жаяу кiсi кiретiн жабық есiктi дүбiрлетiп, асыға қағып тұр.
Абай аттан қалай түскенiн бiлмейдi. Шылбыры қолынан түсе бергенде, Баймағамбет алып кете бердi. Денесi ағаштай боп қатып, сiресiп қалған сияқты. Қозғала алмай, сiлейiп тұрған халiнде, Шәке тақап кеп, қолынан ұстап, сүйеп қана қозғалтты. Жер дүние, қорасымен, аттарымен Абайдың көз алдында шыр айналып бара жатқандай. Екi құлағы шыңылдап, сөздi де естiртпейдi. Тек үзiк-үзiк аңғарғаны үйден шыққан бiр екеумен Абылғазы, Ербол сөйлеседi: "Мотыш! Доғал! Найман!" деген ұғымсыз бiр аттар ғана құлағына келедi. Абылғазы алға түсiп, ауыл кiсiлерi соны бастап, ұзын, қараңғы даланмен жолаушылар шұбырып келе жатқанда, түкпiрде, қараңғыда, қызыл сәуле берiп, бiр кең есiк ашылды. Ар жағынан қарсы жүрген бiр әйел даусы:
– Отауға кiргiз. Үлкен үй ұйықтап қалды! Отауға кiргiзсiн дейдi! – деген бұйрық бiлiндi.
Қараңғы даланда зорға қозғалған Абайды Шәке мен Баймағамбет екi жағынан сүйеп келiп, далан түкпiрiндегi кең ауыз үйге кiргiздi. Қазан аспасында әлi сөнбеген жалындап жанған от бар. Тыныштықта кешкен жылы мекен, адам жайы, өзiнiң ыстық лебiн атты. Қазанда асылған жылқы етiнiң исiмен, сары қидың ащылау түтiн қоңысымен қарсы алды. Ауыз үй болса да кең, таза. Төрiнде үлкен қос терезе көрiнедi. Сырмақ, алаша, таза төсенiштерi де бар. Қонақтарды қазан аспа жанында тұрған қартаң қызметшi әйел мен аспазшы еркек тосып тұр. Тыстан бастап келген еркектiң бiреуi желбегей шапаны бар, жүрiсiне қарағанда, жылпос, жас сияқты. Сол жаңағы ауыз үйдiң iшiне түгел кiрiп болған қонақтарға оң жақтағы төргi үйдiң есiгiн ашты. Ол бөлмеде табалдырығынан бастап, жап-жаңа қызыл-жасыл тақыр алаша төселген. Ар жағы түктi кiлем. Манатпен оюланған, әдемi сырмақ та жайылыпты. Кең, жарық, аса бiр көрiктi жай екен. Алда келе жатқан Абылғазы, Ерболдар бұрын кiрдi. Олар оң жақта, биiк сүйек төсектiң жанында тұрған үй иесiне амандасып, төрге қарай өте бердi.
Ендi есiктен аттап Абай кiрiп едi. Артынан оны сүйей, Шәке қоса кiрген-дi. Абай әуелi оң жақтағы шашақты қызыл шымылдықты көрдi. Қалың құс төсек, құс жастық пен кiсi бойындай боп жиылған сәндi сүйек төсектi де көз қырымен шолып өттi. Ендi үй иесiне көзi түсе бергенде, қатты аңырып:
– Аh! Жаным-ау! Өзi ме? – деп шалқалап, құлай бергендей болды. Төсектiң аяқ жағы мен қырлы пештiң аралығында бiр әйел тұр. Ақшыл көйлектi, қара кемзалды, кимешек шаршылы сұлу келiншек Абайға жан ұшырғандай ұмтыла бердi. Арқасында қалың шолпы шылдыр-шылдыр еттi.
– Жасаған-ау! Абаймысыз? Құдай-ау, сiздi де көретiн күн бар ма едi? Бауырым-ау! – деп кеп, Абайды құшақтай алды. Шолпысы қатты сылдырай, шалдырап кеп, Абай құшағында үнi өштi. Сол шолпы сылдыры шығысымен көзiн жұмып тыңдап, есi ауғандай құп-қу боп Абай тұр. Босағаға сүйенiп қапты. Бұның мойнынан құшақтап, өксiп жылаған келiншектiң алдына құлап түскендей. Буыны қалтырап, бар сүлдерi кетiп тұр. Келiншектi икемсiз қолымен құшақтайын десе дәрменi жоқ, тек аймалайды. Сөз қатуға тамағын бунаған, жағын қарыстырған бiр тас түйiн тұншықтырып барады. Төрге жетпей, келiншек құшағынан босамай, сол есiк алдына Абай бүгiлiп құлай бердi. Төрге шығып отыра берген Ербол, Абылғазылар:
– Ұшып, жаурап кеп едi!
– Талықсып, ауырып кеп едi! Есi ауып кеттi-ау! – дестi. Абайды бар жолдастары боп төрге алып кеп, төсекке сүйеп отырғыза бердi. Шәке белiн шешiндiрiп жатқанда, сырт киiмiн Баймағамбет тартып шешiп, кеудесiн аша бердi. Келiншек:
– Иә, құдай-ау, не дейдi? Дертпен келiп пе едi? – деп биiк төсегiнен үлкен кестелi ақ жастықтарды алып, Абайдың артына құлатты. Сыртқы қалың күпiден, күзен iшiктен Абайдың бойын арылтып, iшкi бешпетiнiң омырауын бұрынғыдан да аша түстi. Қасына құрақ ұшып, отыра қалып, көп бiлезiктi ақ саусағымен Абайдың маңдайын басты. Бiр қолымен алдынан, омырауынан құшақтап, аймалап жүр, Абай ақырын ғана көзiн ашып, өз омырауындағы келiншектiң қолын ұстап, соны көзiне басты. Жып-жылы алақанын аузына әкелiп, үнсiз жабысып сүйгенде, келiншектiң жұп-жұмсақ қолының сыртына жiгiт көзiнен аққан кесек ыстық тамшылар қат-қат түстi.
Тiл сөзi емес, жан сөзiндей құпия сыбыр Абай кеудесiнен шыққанда:
– Тоғжаным! Арманым жоқ, алдыңда алсын! – деп қана бiр тыныс атып, үнi өшiп тоқтап қалды. Абайдың қасында отырған Ерболдың Тоғжанды танығаны осы едi.
– Қалқам-ау! Қуатым-ау, не дейдi? Тоғжанбысың сен? – деп ұмтылып кеп, Тоғжанмен көрiсе бердi.
– Мен Ерболың ғой, алтыным! – деп, о да жылағандай босаңсып құшақтады.
Абайдың қасында иығы дiрiлдеп, өңi аппақ боп, екi көзiне жасы мөлдiреп толған Тоғжан Ерболды қатты құшақтап ап, еңiреп жылап жiбердi. Бұл – Абайды құшып жылайтын өксiгi мен жасы едi.
Абайларды тыстан кiргiзген екi еркек осы үйде. Олар таңырқап, салқын томсарып тұр едi. Ербол мен Тоғжанның көрiскенiн көрген жерде көңiлдерi жай тапқандай болды. Келгендер Тоғжанның бауыры, төркiнi екенiне көздерi жетiп, тынышталған. Бұл жiгiттер – Тоғжанның күйеуi де, қайнысы да емес. Бiреуi – сыпайы сызылған, сары мұртты, ақ сұр келген молда екен. Екiншiсi – ернiне томпита насыбайын салған, ала көздеу, қою қасты, шоқша сақалды, арықша жiгiт. Киiмi орта қолды. Осы ауылдың қонақ күтушi ағайындарының бiрi – Дүйсен болатын.
Ендiгi үй iшiнде қайта-қайта тiл қатып жатқан сол Дүйсен мен молда. Екеуi бiресе күлiп, бiресе таңырқап:
– Япырм-ай, Тоғжанның бауыры боп шықты ғой!
– Мынау ақ боранда, жетi түнде әлдекiм десек, өзiмiздiң Тоғжанның ағалары болды ғой!
– Тоғжанның ел-жұртын сағынғанын қарасаңшы!
– Ботадай боздады ғой! Қайран алтын бесiк, оң жақ десеңшi! Iркiп шыдап жүр екен-ау өзi! Не жаны жүрген десеңшi! – десiп қылжақ, әзiлдi де айтысқылары келедi.
Алғашқы көрiсу, үнсiз жалын, ыстық жаспен басталды. Абай мен Тоғжан содан ары бiрiне-бiрi құр телмiрiп қарасқаннан басқа, ұзақ уақыт сөз қатыса алмады. Күтушi аспазшы қартаң әйел мен бiр келiншек Тоғжанға келiп, ақырын сыбырмен берген бұйрықтарын естiп кетiп жатыр.
Екi жiгiт жасаулы кең үйдiң ортасына топсалы, дөңгелек үстелдi әкеп, жазып қойып шамды осы араға орнатты. Саптама етiгiн тастап, мәсiшең отырған Абайдың шынтағында үлкен құс жастықтар. Қымбат қалың драптан тiккiзген, ноғайша пiшiлген, тiк иық сұр бешпет Абайдың омырауы ашылып, көлденең созылыңқырап жатқан бойына жарасып тұр. Ақ көйлектiң сыртынан киген қара желеткенiң төсiнде алтын баулы сағат көрiнедi. Басында тымақ жоқ. Базар қолды, тiкше келген, ұнамды қара катифа тақиясы бар. Абайдың маңдайы жазық, кең. Тымақ астында күн мен желге тимей жүргендiктен, аппақ екен. Бiрақ мұрны, бет-аузы аса қатты тотыққан. Жылтырап, iсiнгендей, қарауытып тұр. Көзi көп жылаған кiсiнiң көзiндей. Еттерi iсiнiп, қызара жасаурап қалыпты.
Қазiрде Абай қатты бiр дiрiлмен тыныс алып, өксiк атады. Күрсiну мен өксiк, көп жылаудың артынан бүлiнген iш толқыны сияқты. Бiрақ осымен қатар кейде денесi ерекше қатты тоңазып, дiрiл қақтырады. Бiразда бетi дуылдап, аса бiр қатты қызу бунап кеткендей болады. Көпке шейiн Абай өзiнiң бойындағы осы өзгерiсiн елемей, тек Тоғжанның жүзiне, мүсiнiне, әрбiр қимыл, қозғалысына көз алмай телмiре қараумен болатын.
Тоғжан бұрынғысынан да сұлуланып, сүйкiмдiлiгi аса түскендей. Жүзi iрiлеп, әрi бiтiмдi кесек сұлу кескiнге айналып, айқындала түскен. Бұл – толған сұлу. Сондықтан бұрынғы кiшiлеу келген қырлы мұрны қазiр аз көтерiле түсiп, ажарлы жарастықты кескiн тапқандай. Көздерiнiң ақ-қарасы айқындап, бар шарасы да ұялы, салмақты бопты. Ұстамды, салқын сұлу болған Тоғжан. Ой ма, арман мен өмiр ме, әйтеуiр бiрi табын салған. Қазiргi Тоғжан жүзiнде, Абайдың қиялынан бiрде-бiр шақ кетпейтiн, елбiреп, толқып, лезде келiп, сәтте қайтып тұратын қызыл арай реңi жоқ.
Үй iшi бұл уақытта жапырлаған әңгiмеде болатын. Абай мен Тоғжан бiрiне-бiрi бар жанымен, ықыласымен берiлiп, құлай ұмтылғандықтан, айналадағы жұрттың сөздерiн естiмейдi, ұқпайды.
Ербол мен Шәке, кейде Баймағамбет те қосылып, күтушi екi жiгiтке өздерiнiң екi күннен бергi сор азабын әр алуан қып, әңгiме етiп жатқан. Аңшылықта жүрiп, бұл жақтан кеп шыққан оқыс келiстерiн де айтқан-ды. Адасқан адамның боранды күнде миы ашып, бағыттан қалай айрылатынын да еселеп-еселеп айтады. Абылғазының бұларды адам айтса нанғысыз зеректiкпен тапқанын бiр сәтте Тоғжанға да тыңдатып, айтысып шықты.
Аздан соң шай келдi. Тоғжан баяғы шолпысы сылдырай жүрiп, баяғы Абай алғаш көргендегi сыпайы қозғалыстарымен, күтушi келiншекке шай жасатып, өзi үстел қасына отырды. Абайдан бастап жағалатып қою шайды ұсына бастады. Осы кезде басын жастықтан зорға көтерген Абай, екi шекесi қатты шаншып ауырғаннан көзi қарауытып барып, шалқалап кетiп, желкесiн биiк төсекке сарт еткiзiп соғып алды. Бойын әрең жиып маңдайын қолымен басып, төмен қарап, зорға отыр. Дiрiлдеп, қалтыратқан денесi, кейде, сәтке дуылдаған ыстық отқа шарпылғандай болады. "Шай iшiңiз деген Тоғжан үнiн тұман iшiнде әрең естiгендей боп, бар күшiн жиып, бiр шыны аяқ шайды iшiп көрiп едi. Шайдың ыстық суығын да айыра алмады. Тамсанып көргенде темiр татып, аузының дәмi бұзылыпты. Осы шайдың үстiнде Абай өзiнiң анық науқас екенiн бiлдi. Бiр кеседен артық iше алмай, маңдайын басып, үнсiз сұлық отырып қалды. Бағанадан Абайды бағып отырған Тоғжанның қабағына қатты кейiс iлiндi. Үрiккендей боп:
– Абай, суықтан ба, сiз сырқатсыз ғой. Қиналып отырсыз ғой! – дедi.
Ербол да, Абайдың бас көтерiп, Тоғжанға қараған жүзiнен, оның анық науқас екенiн айырды.
– Жүзiң балбырап, екi көзiң жасаурап, реңiң қатты бұзылып отыр ғой. Суық өттi-ау, Абай саған! Киiмдi қалың жамылып тымақ киiп, мына ыстық шайдан бiр-екi шыны аяқ iшiп, бүркенiп жата қал! – деп, мәслихат бердi.
Абай сол ақылды алғысы кеп едi. Бұның қабағын байқаған Тоғжан, орнынан жылдам тұрып. Абайдың тымағын басына кигiзiп, күпiсiн иығына жауып, тiзесiн қымтап, ыстық шайды қайта құйғызды. Бiр қасық сары майды өз қолымен салып, алдына қант та қойып едi.
Абай бiр кесе шайды тағы да зорға iштi.
– Бiлмеймiн, басым алып түсiп барады! Өне бойымда сау тамтық жоқ. Сүйек-сүйегiм сынып сырқырайды. Аузымда дәм де жоқ. Ыстығым қатты ма деп тұрмын! – дей, тағы да шекесiн басты. Жүрек айнып, қобалжығандықтан, бұдан әрi аузына дәм ала алмады. Тек:"Есiм барда, әлiм барда айтып қалайын" дегендей, үйде отырған кiсiлерден жасыра алмай, көпке ұғымсыз, күрсiн аралас, бiр арман айтады.
– Құдай-ау, бұл не жаза!? Қандай ғазап? Өмiрлiк жалғыз арман алдында қандай ғазап! – дейдi. Өзiнiң ауруынан ауыр налысын сыбырлап, үзiп-үзiп айтып кетедi. Тоғжан бұл зар тiлектiң айтылу себебi өзi екенiн салған жерден ұқты. Көзiнiң жасын жұртқа бiлдiрмей үнсiз ғана сығып тастап отырды.
Шай жиыла бере, Абай жастыққа құлай түстi. Зорға шыдап отырғанын үй iшi жаңа бiлдi. Басындағы тымағы мен күпiсiн алмастан, соның сыртынан көрпе жауып, қымтаған Тоғжанның қамқор қимылдарына сүйсiнiп, Абай тiл қатады.
– Жаным! Асылым... Барым – бiр өзiң! – дейдi. Үстiне төнiп, қымтап жүрген Тоғжанға ғашығы сыбырлап жатыр.
Ас пiскенше Абай үнсiз жатты. Ұйқы мен шатасу арасындағы бiр шым-шытырық күйден миы талғандай. Кейде ой өшiп, дүние жоққа батқандай.сөнiп бiр кетедi. Кей уақыт өзiн Әйгерiм жанында көредi. Бiр шақ үш жирен атты пәуескемен Семей көшесiнде келе жатқандай бiр аңғарып қалады. Бiр уақыт қап-қараңғы түнде қолына Қарашолақты қондырып ап, Қырғыз-шатындағы Кiшi-әулиенiң қия жақпар тасынан меңiреу терең қара үңгiрге қарай атпен түсiп келе жатады. Астындағы Құла-жирен сүрiнiп кетiп, бүркiтiмен өзi құздан төмен құлап ұшып бара жатқандай көрiнедi. Абай селт етiп шошып оянып, басын жұлып алып, айналаны шала танып жастыққа қайта сұлық құлайды.
Тағы бiр талып барып, көз iлiнгендей болғанда, дүние – дүние емес, аспаны, жерi тұтасқан бiр қызыл, жалқын, теп-тегiс құла түз созылып кетедi. Соның iшiнде өзi ұшқан сияқты. Болмаса, ағын, толқын iшiнде жүзiп келе жатқан сияқты. Әлденедей перiдей, жындай бiр әлеметтер елестейдi. Адам кескiнiнен бұзылған, аса құбыжық бейнелi мақлұқтар көрiнедi. Ғажайып тұрпатсыздығымен бұны түршiктiргендей болады. "Жолдас болайық, жүрейiк, бiзге ересiң" деп, солар қайда барса да қасына оралып, елiктiре бередi.
Солармен ендi кетiп, өзiне қымбат жағасынан ендi үзiлiп бара жатса, ұмтылып кеп қолына Тоғжан жабысады. "Тастама, жаным, ала кет менi!" деп, ыстық жүзiн Абайдың бетiне басады. Жасыменен бұның жүзiн жуғандай болады. Абай сандырақтап, күбiрлеп, сөйлеп кетiп:
– Тастамаймын, жаным! Кетпеймiн, қасыңда болам! – деп сөйлеп оянып кетедi.
Бұның сандырақтағанын аңғарған Ербол, қатты кейiс айтып:
– Япыр-ай! Абай аурып қалды-ау! Қатты қызуы бар ғой. Екi күн, бiр түн боран не жанды қойсын! Суыққа ұшып кеттi ме? Түзде жүрiп, бейнет шегiп қалды-ау! – деп қынжылып отыр.
Ендi бiразда үстiндегi көрпенi, күпiнi жұлқып тастап, "күйiп барам, өртеп барады, алшы, алшы!"– деп Абай тағы да ұйқысырап оянды.
Осындай аласұрумен Абай науқасының басы басталды. Жұрт тамақ iшерде оны мойнынан құшақтап сипап отырып оятқан Тоғжан етiнiң лаулап, қызып тұрғанын Ерболға бiлдiрдi.
– Ыстығы қолымды өртеп барады! Абай-ай! Сонша жылдан көз алдыма бiр келгенде, осындай кiрiптарлық, ғарiптiкте келермiсiң? Бiр сен емес, мен де маңдайымнан соры айрылмаған ғарып екем. "Бiр көрсем" деп аңсаушы ем. Көрсеткенiңдi қайтейiн. Күйiкке күйiк, арманға арман жамалсын дегенiң бе? – дедi. Кей сөзiн үй iшiне естiрте айтады. Кейде жаңағы Абайша сыбырлап, жылап, аурудың құлағына төне отырып айтады. Жылай тербетiп отырып, Абайды өзi оятқан едi. Бiрақ ас iшу емес, Абай ендi бiржолата төсек тартып жататын науқастың, күйiнде екен. Ысынған демi алқындыра демiктiрiп, екi иығынан зорға алынады.
Төр алдына өзге қонақтан бөлек етiп төсек салып, соған Ербол, Шәке, Тоғжан үшеуi шешiндiрiп, тұрғызып апарып жатқызарда, буыны қалтыраған Абай аяғын екi-ақ басып барып, құлап қалды.
Науқасы шұғыл басталды. Қатты меңдетiп әкеткен ауыр науқас боп басталды.
Абайдың қасына төсек салғызып жатып жатқан Ербол:
– Осы науқас бүгiн емес, кешегi өткен түнде басталды. Содан кейiн де бiр түн, бiр күн ақ боранның астында, ат үстiнде жүрген соң, не қалсын. Ауырған күйде жүрiптi. Мұнда жетiсiмен қалпақтай түскеннен соны аңғарып тұрмын. Тек ақыры қайырлы болсын. Қатты жығылғаннан жүрегiм сескенiп тұр! – деп Ербол Тоғжанға, үй оңашалығында iштегi қаупiн бiлдiрдi.
Өзi қатты талып шаршап келсе де, Ербол Абай жайын бағып, жөндi ұйқы ұйқтамады. Үйдiң шамын өшiрмей, тек басып қана әлсiретiп шығып кеткен Тоғжан, ата-енесiнiң үйiне кетсе де, тыным ала алмады. Түн ортасы ауа берген кезде Абай тағы да қатты қызу үстiнде, ұйқысырау мен сандырақ арасында уhлеп, тынышсыздана бастап едi. Тоғжан бұның дерттi тынысын алыста жатқан орнынан сәтте сезгендей бопты. Есiктi ақырын ашып, шолпысын қолымен қысып, сыбдырын бiлдiрмей, Абайдың аяқ жағына жай ғана қозғалып кеп, жүзiне телмiре қарап тұр екен. Науқастың ыңқылы күшейiп қиналғандай, қасына жақын жанасып кеп отырып, тағы да Абайдың маңдайына қолын басып, қызуын байқады.
Ел жатқаннан берi қарай, Абайдың шатысып, мұнартқан ойында, көз алдында ылғи айықпаған ақ боран ұйтқиды. Дүние айнала аппақ суық, бiр ағын сияқты. Қар ма, қоршап орап алам деген ақсуық кебiн бе? Өзiнде және тоқтау жоқ, тыным жоқ. Үнемi жылжып, сырғып ағып отырған тұтас бiр ылай, ылайсаң. Ағызып бара жатып, бiресе көтерiп,, аспандатып ұшырғандай. Бiресе толқытып кеп, құлата сырғытып әкетiп бара жатқандай, сондай жабысқақ. Дененi сыбастырып, суық желiмiнен жирентiп, баттастырғандай. Абай санасында бұл кейде ақ қар, майда боран болса, бiресе оптың iшiндегi ащылы сор, түпсiз терең мидай. Сол кезде өз бойына сiмiре тартқанда, жұтып кететiндей. Арашалап алар, құтқарар жан жоқ. Панасыз, әлсiз өзi, қол-аяғы байлаулы жандай, жұтылып бара жатқан сияқты. Қарманып: "Әп кеттi, ұста... Құтқар!" деген сияқты болады. Сонда тағы да бұған ұмтылып кеп, пәруәнә боп Тоғжан оралады. Ұшып келгендей. Бiрақ ендi Тоғжан қолын бермей бөгелiп тұр. "Әнiңдi айт, маған арнаған әнiңдi айт!" дейдi. Шатасқан ойымен пәле құшағында жұтылып, батып бара жатып, Абай асығады. Тоғжанға деген өз өлеңiн, оған қарай аласұрып, айтқысы келедi. Қолын созып, шапшаң айтқысы келедi. Бiрақ өлеңi есiне түспейдi. "Қайсы едi! Қалай едi!" деп, Абай шатаса сөйлеп оянады. Ояна бере, көз алдында, дәл қасында бұған жабысып, бетiне төнiп, бiрдеме деп қабағын түйiп, қиналып сөйлеп отырған Тоғжанды көредi. "Тағы да жаңағы шатасқан қалпым екен " деп, сол шатасқан күйiне қайтадан ауысып кетедi.
...Тоғжан бұдан жауап тiлеп отырғандай. Айтпаса, одан айрылып, Абай өмiрден де қол үзетiн сияқты. Қарманып тағы ойлайды. Өлеңi... Тоғжаны қолқа еткен өлеңi есiне түспей, тағы қинайды, "қайда кеттi? Жоғалттым, айрылдым сенен " деп аласұрып, тағы сандырақтап, тағы да iздейдi. Өзiне өзi "не болды маған?" деп, қынжылып, наразыланып, тағы да даусын шығарады. Соным қайда, саған... Саған едi ғой, таппадым ғой!" деп кетiп, тағы да өлеңiн iздейдi.
Қанша уақыт өткенi белгiсiз, Тоғжан ұзақ отырған уақытының бәрiнде Абай осылай аласұрып, жан дәрмен қарманып, ылғи бiрдемесiн жоқтап жатыр, iздеп жатыр.
Әйел көңiлi Абайдың бұл шатасуының өзiмен байланысты екенiн аңғарады. Жаны ашып бетiнен аймалап бiр құшып, бауырына басып, азапқа оны қия алмай елжiреп кетедi.
...Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да... –
Аяғын жаңа өзі айтты. Сөнер күн сәлеміндей! Соңғы қызыл арай шұғыласындай, ең соңғы үзілер демімен айтты.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да!
Тоғжан Абайдың қолын бауырына басып бүктүсiп бiлегiнен сүйiп, жылап жатыр.
– Сәулем! Бұл сенiң сөзiң емес, менiң сөзiм ғой. Менiң жүрегiмдi айтқаның ғой. Сорлы тағдыр, тiрi кетiргенше, менi сенiң алдыңда, сол елде алса неттi. Сол күнде алсаң неттi! – деп ұзақ егiлдi. Соншалық ауыр құстамен күңiренiп, зар илеп кеттi.
Абай бiр сәт тағы да алқына, қинала аунап, "сусап барам!" дегенде, жылаудан басын көтерiп алған Тоғжан оның не айтқанын аңғара алмай, өксiп отырып аңыра қарап едi.
Терiс қарап жатса да сергек жатқан Ербол орнынан атқып барып, Абайға пештiң қырында тұрған сусынды әкеп бердi. Сусынды азғана ұрттап, таңдай жiбiттi де, Абай тағы құлап кеттi.
– Бұ не боп кеттi? Қатты науқасқа айналдым ғой. Бетi қалай едi, өне бойымды өртеп барады! – деп күрсiндi де, тағы көз жұмды. Ауыр ыңқылдап, ендi ыңырана дем алу басталды. Қатты ыңқылдап ыңыранады. Ыстық жел кеудесiнен дiрiлдеп, лықып шығады.
Бұл түндi Абай қинау, қызу, ауыр сандырақ күйiнде өткiздi. Тоғжан мен Ербол да бiр сәтке көз iлiп, тыным алған жоқ. Тоғжан жаңағы бiр қатты шерлендiрген зар артынан таң аппақ атқанша, жылау, налудан өз бойын тыя алмай қойды. Тек таң атып, үй iшi оянып, анау жақтағы ата-енесi тұрды деген хабар келген уақытта, Абай азғантай ұйқымен көз iлгендей болған соң, зорға тұрып, ақырын басып, шығып кеттi. Өзгеден ерте оянған Баймағамбет Тоғжанның жүзi аппақ болып қуарып, қаны қашқан бойында, сүлдерi құрып бара жатқанын аңғарды. Саналы сұлудың салмақты, естi келбетiнде, жары өлгендей, қаралылық таңба бар. Екi көзi қып-қызыл, қабағы сазарып, iсiнiп кетiптi.
Абай осы ауылда төсек тартып, науқас боп, он күн жатып қалды. Алғашқы бiр жұма бойында бұның қиналуы, қысылуы қасындағы жолдастарына, әсiресе Тоғжанға және осы ауылдың барлығына да қатты қауiп ойлатып едi. Ауыл иесi Найман деген қартаң бай болатын. Ол Абайлар кеп түскен жайларын, кiм екендерiн сырттан бiлiп едi. Ертеңiнде Абайдан басқа жолаушының барлығы Найманның үлкен үйiне барып, ауыл иесiне сәлем берiп, өздерiнiң жүрiс жөндерiн жайбағыстап айтқан-ды. Найман бәйбiшесiмен екеуi отауға кеп, Абайдың көңiлiн сұрап, "дертке шипа" тiлек айтысып шыққан-ды.
Бiрақ ауыл Абайдың науқасына қайысқанмен, осы күннiң түс шағында Тоғжан туралы ұнамсыз сыбыр естiп, келiн мiнезiн сыпсыңдап сөз қып қалды. Түндегi екi жiгiт Тоғжан мен Абай арасындағы қас-қабақты жақсыға жорыған жоқ. Олардың келер күн таңертең қайта-қайта сұрасқаны – Абай мен Тоғжанның ағалық, бауырлық туыс жақындығы қандай екенiн бiлу едi. Бұлар алыстан қосылатын аталастар ғана екен. Ендеше, "түндегiдей бiрiне-бiрi үйiрiлiп, оралу – тегiн емес" дескен-дi. Найманның қолында еншiлесi боп, сiңiсiп кеткен қартаң малшысы Садыр Тоғжанның ауыз үйiнде жататын. Сол Садыр өткен түнде Тоғжанның таң атқанша Абай қасынан шықпағанын және таңертең қайтқанда көзiн жасқа бұлап шыққанын екi жiгiтке де, Тоғжанның енесiне де жасырмай айтып берген.
Осыдан соң Абайды күтуге Тоғжан жiберiлмей, бұл отауға Найманның кемпiрiнiң өзi кеп отырған.
– Құнекеңнiң баласын өз қолымнан күтемiн. Мен де сенiң анаңмын, балам, бөтенiң емеспiн. Жазылғанша басыңа жастық, аузыңа сусын болатын жанашыр ағайынбыз, тек сырқатыңнан жазыл, шипа берсiн! – дедi. Салқын жүздi, биiк бойлы, қара кемпiр Абайдың күтушiсi боп бiр жағынан өзi отырса, қасына көмекшi етiп, түндегi молданы алды.
Науқас келесi үш күн бойында ұдайы ессiз жатты. Тоғжан болса, оқта-текте аз уақытқа кiрiп шықпаса, ендi бұнда бөгеле алмайды. Енесi: "сен атаңды күт, үлкен үйде бол, бөгелме, шырағым"– деп ұдайы сырғытып жiберiп отырды.
Осы халдiң үстiне ендi тағы бiр-екi күн өткенде, бұл ауылдың жолаушы кеткен мырзасы – Аққозы қайтып келдi. Тоғжанның күйеуi осы едi.
Аққозы Мотыштың көп семiзiнiң бiрi екен. Тобықты iшiнде Мотыш бөлек бiтiмдi ру болады. Бұлар шетiнен зор, семiз денелi, ақ сары, қой көздi, кесек, келбеттi тұқым. Араларында сары мұрт, сары шашты, мөлдiреген көк көздi кәрi-жасы да көп кездеседi. Аққозы дәл осы тегiне тартқан. Ұзын бойлы, сақал-шашы жиренге бейiм, сап-сары, көзi мөлдiреген қара көк. Көтерiңкi биiк мұрны, дәл ұшында шолақтау боп, таңқия бiткен. Басы, жақ маңдайы молынан пiшiлген, бiтiмдi келген жiгiт. Жасы Абай құрбы екен. Ол көп сөйлемейтiн, мiнезi тұйық, салмақты адам тәрiздi.
Аққозының келуi Абайдың күтiм қалпын өзгерткен жоқ. Бiрақ Тоғжанның бұл үйге келуi ендi мүлде тыйылғандай.
Бiр жұма қатты аурудың соңынан Абай салдырап, аса жүдеп, өте әлсiз күйде ес жия бастады. Аз-аздап ұйқы тыныштанып, асқа қарап келедi. Осы кезде Абайдың жолдастарымен бiржолата үн қатпай, салқын сызданып алған Аққозының ажары Ербол мен Абылғазыға жақпады. Абай басын көтере салысымен кемпiр де Баймағамбетке, Шәкеге:
– Абай тәуiр болды. Ендi бұнда көп сарылып жатпассыңдар, шырақтарым. Аулың да, елiң де алыс емес. Туыс пен жақынды жағалап, қонақтап жүрiп кетсеңдер, елiңе барып қаласың ғой. Абайды ендi шешесiнiң қолына апарып, бақтырсаңдар да болады ғой! – дедi. Қонақты аттандырғысы келгендей сыр бiлдiрген. Осымен тағы да бiр үш күн өткен соң, Абай аттанатын болды. Бұлар жүрерден бiр күн бұрын, қалың түн ортасында, Абайдың қасына Тоғжан өзi келiп, оятып алып, түрегеп отырып шолақ қана қоштасу айтты.
Оянып ұмтыла тұрған Абай Тоғжанды құшақтап алғанда, ол бойын iркiп, Абайдың құшағынан сусып шықты да:
– Абай! Мен аз ғана тiл қатып, сенiмен арыздасып кеткелi келдiм! – дедi.
Абай бұл сөзге өздерiн қия алмай, Тоғжанға шұғыл иiлiп:
– Сәулешiм! Не дейсiң? Сен не айтқалы кеп тұрсың? – деп едi.
Тоғжан Абайдың қолын iркiп тоқтатты.
- Тағдыр бiздi қоспады. Тым құрса осы жолы сау келсең, уаз кешкен.болар ем. Өмiрiмiздегi бар ұзақ арман, ауыр зар бұл жолы да сенi маған ауыртып әкеп, тоқтамын салды. Ендi сүйген көңiл қайтары жоқ. Бiрақ серiгiм сабыр болсын дедiм. Осы күйде, өзiмiзге тыйым салған күйде өмiр бойы жеткiзбеген арман ерiп кетсiн. Көрге бiрге, имандай таза арманым боп кетсiн. Асығыңмын, сол асық күйде көзiмнiң жасын жұтам да кетемiн, жаным! – дедi.
Абай бар ынталы жүрегiмен түйсiнгендей болды.
– Барды айттың. Өзiңнiң де, менiң де барымды айттың. Бүйтпесең сен Тоғжан болармең. Бұдан ары қажасам, азғандығым болар едi. Айналдым арызыңнан. Ғашық жанмен айтылған арызыңнан! – дедi де, Тоғжанның маңдайынан сүйдi. Үнсiз ғана бетiн басып, екi қолына маңдайын таяп, сүйенiп, отырып қалды. Тоғжан ақырын ғана жылжып, жүрiп кеттi. Артында үнсiз, тықырсыз тыныш қана жабылған есiк қозғалысы бiлiндi. Абай осы отырғаннан таң атқанша тапжылған жоқ. Көзiнен оқта-текте үнсiз ыстық жастар шығып, сорағытып жылып ағады. Кейде өксiп, дем тартқанда екi иiнi, кең кеудесi, толқын ұрған талдай дiр-дiр етедi. Шарасыз дерттiң зiлдей ауыр мол толқыны, шер толқыны.
...Қыстың қалың ортасы болған шақта, Абай Ақшоқыдағы жаңа қыстауында, үнемi кiтап соңында болатын. Аңнан Абай қайтып келгеннен берi Баймағамбет қалаға үш рет барып қоржын толтыра кiтап апарып, толтыра ала қайтып, Абайдың ендiгi ой азығын жиi-жиi ауыстырумен жүр. Абай Әйгерiм үйiнде отырып, оңашарақ орында кiтапқа алаңсыз үңiледi.
Бүгiнгi күндерде бұрынғы бiр кездей Әйгерiм де Абайды алаң етпейдi. Аңнан Абайлар қайтқан орайда күйеуiнiң Тоғжан қолында он күн жатқанын естiгелi, Әйгерiм Абайға ол жайдан түк сөз қатқан жоқ. Бiрақ бiлмеген кiсi сияқты боп, ендiгi барлық қызғанышы мен өкпесiн мықтап тұрып iшiне жиып алған. Жiбiместей ауыр өкпе бунаған Әйгерiм, Абайдан қазiр қатты салқындап, жырақтап алған сияқты. Салтанат дертiнiң үстiне жамалған Тоғжан жайы бұның өз көңiлiнде, Абайды ендi бұған анық жат еттi. Сырласып iштi ашпаса да, Абай Әйгерiмнiң қандай оймен қатуланғанын ұққан едi. Бiрақ оның тымырсық, тұйықтығын бұ да кешiре алмай, кiнә ғып ұстады. Тоғжан жайын Әйгерiммен сырласып, жүрек жарасын ортаға салып, мұңдасқысы келмедi.
Бұл қыста Абай сыры үздiксiз қатты тыйымға, тұйықтыққа кеттi. Ендiгi сырласы, досы, шын ұзақ айнымас серiгi – тағы да кiтап, кiтап қана.
АСУДА
1
Апрельдiң бас кезi едi. Қыс ерте шыққандықтан жердiң көктеуi биыл қауырт. Мал балалап жатыр. Кешке, енелерiмен бiрге ауыл маңындағы жақын төбелерге жайылып шыққан қозы-лақ шұбартып жүр. Ақшоқыдағы ауылдың көпшiлiк үйлерi әзiр тамда. Қыстау жанына, тықыр көгалда, ерте тiгiлген – тек Әйгерiмнiң отауы мен көршi қызметшiсi – Бәшей, Злиханың ғана қоңырқай үйi.
Күндегi дағдысы бойынша, Абай қасына Баймағамбеттi алып, қыстаудың желке жағындағы көк бетегелi, кiшкене төбешiктiң басында отыр. Бұлардың қасына кешкi жайылысқа шыққан қой-қозыны көздеп жүрген көршiлер. Байторы, Байқадам, Дарқан және Кiшкене-молда жана келiп отырысқан едi. Бұл көршiлер осы көктемнен берi Абай мен Баймағамбет дөң басына шықса, қызық әңгiмелер айтысып отыратынын бiледi. Үндемей келiп, әңгiмелерiн тыңдасып отыратын әдеттерi бар.
Байторы бұрын Құнанбайдың үлкен аулында құяң боп, ауыр жоқшылық шегiп, жүдеулiкте күн кешушi едi. Кейiн Абай оны өз қасына көшiрiп, ауруын емдетiп, адам қатарына қосып алды. Осы сияқты, Бүркiтбайдай бұрын шыр бiтпеген науқасты кедейдi де Абай өз көршiсi етiп қасына алған. Мынау отырған Байқадам да, жаңағылардай Құнанбайдың өзге аулынан қайыр көрмей, Абайдың қасына өзi сұранып келiп, жақсы жайғасқан-ды. Баймағамбет те сондай боп, көп iнiсiмен, кедей-кепшiк халiмен кеп, Абайдың достығын тауып, сонымен қазiр ауыр жоқшылықтан бiраз құтылған, еңсесi көтерiлген.көршiнiң бiрi боп алған-ды.
Абайдың өз аулы осылайша көршiлерiне дос-жар, көмегi бар ауыл боп алғандай. Осының бiр белгiсi Абайдың көршiлермен әңгiмелескiш, татулығынан да байқалатын.
Қазiрде әңгiменi Абай айтып отырған жоқ. Баймағамбет сөйлеп отыр. Мұның ұзақ, қызық бiр хикаясы жаңа ғана басталып едi. Абайға қарсы қарап отырып алып Баймағамбет:
– Недерлан деген жұртта, Лейдiн деген шаhарда инквизиция деген сот бопты! – деп кiрiстi.
Осы өткен қыс бойында, кiтап соңында көп отырған Абай үй iшiне, Ербол мен Баймағамбетке, Кiшкене-молдаға және әңгiме тыңдауға жараған балалары: Әбдiрахман, Күлбадан, Мағаштарға өзi оқыған кейбiр романдарын да қызықты хикая етiп, айтып берiп отыратын. Осыдан оншақты күн бұрын әңгiменi үлкен ықыласпен тыңдап, жақсы ұғынатын Баймағамбетке Абай бiр қызық роман уақиғасын сөйлеп берген-дi. Ол роман – жаңағы Баймағамбет бастаған Европаның орта ғасырында болған үлкен бiр ауыр хикая болатын.
Баймағамбет нелер шытырман, қиын уақиғалы әңгiмелердi айтуға қызығады. Адамдары көп, олар арасындағы шатасқан қым-қуыт тартысы көп уақиғаларды Абайдың бiр айтып бергенiнен жақсы ұғынады. Естiп алған әңгiмесiн сол күндерден бастап-ақ көршi үйлерде әйелдер, малшылар, қонақтар арасында бiр мүдiрмей, әдемi тiлмен қызықты етiп, әңгiмелеп отырады. Осы қыс Баймағамбеттiң ертекшi, әңгiмешi деген атағы Ақшоқы, Қорық қана емес, Шыңғыстан Семейге шейiн бiлiндi.
Баймағамбеттiң әңгiмесi жаңа басталғанда, бұл екеуiнiң қастарына келiп отыра берген Кiшкене-молда, Байторылар ырза болыс-ты. Үйткенi, Абайға оңаша тыңдатып, өзiн сынатып отырған шақтарында, Баймағамбет көлденең кiсiнiң ешқайсысына көңiл бөлмейтiн. Тың адам келдi екен деп, айтып отырған әңгiмесiнiң желiсiн өзгертпейдi. Қайталамайды. Бүгiнгi кеште, үлкен көршiлерден басқа Баймағамбет пен Абай қасына балалардан да келiп отырғандар болды. Бұл күнде ер жетiп, бозбала боп қалған Ақылбай Қорықтағы Нұрғаным аулына бармай, бүгiн осы ауылда Баймағамбет әңгiмесiн тыңдауға әдейi қонып қап едi. Мұсылманша жақсы оқып алған Әбiш те сол әңгiменi тыңдайды. Зейiндi, ықыласты шәкiрттiң бiрi боп, ауылдың барлық үлкенiне сүйiктi көрiнетiн қырлы мұрын Мағаш та бүгiн осында. Ол Баймағамбеттiң әңгiмесiне қатты ден қойып тыңдап отыр.
Күн ұясына кiрiп бара жатыр. Көктемнiң кешкi салқыны дөң басында ызғырықтау жел болып, беймазалау бiлiнедi. Бiрақ қызық роман тыңдаған топ Баймағамбеттiң аузына түгел аңыра қарауда едi. Бұлар байқамай қапты. Қастарына бiр салт атты тастақ төбенi дүбiрлете басып, қатты аяңмен жетiп келгенде ғана, жиын елең етiп көңiл бөлiстi.
Жолаушы алыс жолдан келген. Астындағы жирен биесiн қатты терлетiп жеткен Асылбай екен. Бұл Жидебайдағы үлкен ауылдың көршiсi. Қаладан келедi. Отырғандарға сәлем берiп, ел-жұрт, ауыл-аймақ амандығын сұрап алып, қаланың хабарын айтуға көштi. Бөгде жолаушы келген соң, Баймағамбет әңгiмесi үзiлiп қалып едi. Абай Асылбайдан:
– Қалада не хабар бар? – деп сұрағанда, Асылбай аса бiр оқыс хабар айтты.
– Естiдiңдер ме, жоқ па? Қаланың ең бiр оқшау хабары патша туралы, осы күнгi өзiмiздi билеп тұрған ақ патша өлiптi дейдi. Және өлгенде өз ажалы емес, бiреу атып өлтiрiптi! – дедi.
Кiшкене-молда осы хабарды естумен қатар, ернi жыбырлап, дұға оқып, бет сипады. Не дұғаны оқитынын бiлмесе де, қартаң Байторы да молдаға елiктеп, бетiн сипады.
Абай қатты елең етiп:
– Не дейсiң? Бұны кiм айтты? Қашан өлтiрiптi? – деп қадағалап сұрай бастады.
Асылбай жарытып, көп әңгiме айта алған жоқ. Тек, долбарлап айтқаны:
– Өлгенiне айдан асыпты. Айтып жүрген – Семейдiң бар қаласы. Өлтiрген кiсiлер де ұсталыпты. Өлген патшаның орнына баласы таққа мiнiптi. Халықтан ант алып, қойшы, әйтеуiр, қала дүңк-дүңк етедi. Ар жағын бiлгенiм жоқ! – дедi.
Абайдың көңiлiне "патша өлiптi" деген хабармен бiрге, өзiнiң досы Михайлов келiп едi. Iштей:" бәсе, Евгений Петрович сияқты адамдардың әрекетi осал болмаса керек едi. Қолдарынан үлкен iс келетiн, басы нда ми, кеудеде қайрат зор, сондай адамдар үнемi айдалып, сүргiн жеп.жүре берумен тоқтамас. Ресейдi тiтiреткендей бiр қимыл ататын жөндерi бар едi. Осылай болғаны-ақ!" деп ойлады. Патшаны өлтiргендердiң жай адамдар емес екенiн, бұл хабардың тегiн емес екенiн салған жерден аңғарды. Ол өз бетiмен осылайша ойланып, үндемей қап едi. Бұл уақытта аңқау қарт Байторы, Дарқан және солардай бос көңiл Кiшкене--молда, патшаның өлiмiн аса қатты сұмдық көрiптi. Бұлар неше алуан түрде сұқтанып сөйлеп жатыр.
– Ау, бұл қалай, патшаның әмiрiмен қарашыны өлтiрушi едi. Патшаны да өлтiредi екен-ау!
– Бұны өлтiргеннiң жүрегi мүйiз бе? Кiмнiң қолы батып барды екен?
– Жай қарашы емес шығар сол өлтiргенiң! О да патша болмаса да, сондай iрiнiң бiрi болар. Нәнсiген бiреу ғой, " сенен мен кем бе " дейтiн. Болмаса жай кiсiге патшамен ұстаспаса да, өзге алысатын аз ба?
– Кiм де болса, көзi жоқ ердiң бiрi болды! – деседi.
Отырғандар патшаны өлiмге қимаған ажар бiлдiрмейдi. Тек қалай өлтiрдi, кiм өлтiрдiге аса сұқтанып, тамашалайды. Кiшкене-молда бұл топқа өзiнiң ұстаздық басуын айтпақ болды.
– Шариғатта өзiңдi, отаныңды билеп тұрған әмiршiңдi күт дейдi. Дiнi кiм болса да – ол патша ағзам. Бұл – хафа болар уақиға. Жаман ғаламат! Адамзаттың хұлқы бұзылған емес пе!? Ешбiр заманда патшасын фұқарасы өлтiрдi дегендi ешбiр кiтаптан оқып көрмеген едiм. Мынау, тахқиқ, ахырзаман нишаны. Ғажайып бұзылған заман ғаламаты болар! – дедi.
Абай өз ойымен отырып, Кiшкене-молда сөзiнiң аяғын ғана естiдi де, күлiп жiберiп, орнынан тұрды.
– Кiшкене молда! Зор әмiр – құдiрет бар жерде, зор қиянат та болады. Сiз оның қай сырын бiлiпсiз? Сол мылтықты атқызған қолды қаншалық ыза, кек, налу билеп атқызғанын бұл жерде отырып болжап бола ма? – деп, ауылға қарай аяңдады.
Жолшыбай келе жатып, Баймағамбетке:
– Бақа, сен ертең Семейге жүресiң. Мына хабарды құр естiп қойғанымыз болмас. Менен хат алып қалаға барып, бар хабарды бiлiп кел! – дедi.
Айтқанындай ертеңiнде Абайдан хат алып, Семейге жүрiп кеткен Баймағамбет үш күн жүрiп, қайта оралып келдi. Баймағамбет Абайдан Михайловқа хат апарған едi. Қоржын толы жаңа кiтаптардан басқа Семейдiң жандарал кеңсесi шығаратын "Облыстық-мәлiмдеме" атты газеттi және Михайловтың Абайға жазған хатын бердi.
Михайлов қысқа жазыпты. Бiрақ болған жайды әзiрше мәлiм болған ресми хабарлар бойынша түгел айтыпты. "Бiрiншi март күнi Петербургте, күндiзгi сағат бiр мен екiнiң арасында, өзiнiң Қысқы-сарайына сейiлден қайтып келе жатқан патшаны әдейi тосып жүрген адамдар атқан да, сол күнi Қысқы-сарайға келiсiмен, түс ауа бергенде, патша ауыр жарадан қайтыс болған. Атушының бiразы ұсталған дейдi. Бұл хабар жалған емес, үйткенi барлық Россия халқына, сол бiрiншi март күнi түнде телеграммен мәлiм еткен – iшкi iс министрi, генерал адьютант граф Лорис-меликов. Екiншi сондай хабарды өзге патшалықтарға, циркуляр хатпен сыртқы iстер министрi стац-секретарь Гриц мәлiм еткен".
Евгений Петрович одан арғы хабарды да айтыпты. Бұнысы – Степной генерал-губернатор жiберген бұйрық бойынша Семей шаhарында болған iстер жайы. Семей губернаторы екiншi март күнi шаhар гарнизонын жинап, барлық кеңселердiң қызмет иесi адамдарын жинап, ең әуелi қаза болған патшаға панихида өткiздiрiптi. Содан соң барлық солдаттан, лауазым иесi адамдардан бастап, жұрттың барлығына жаңа патшаға, үшiншi Александрға адал қызмет ету үшiн ант бергiзген. Осындай ресми жайларды айтумен қатар, хатының аяғында Евгений Петрович, жасырын жарлық бойынша өзiнiң қызметтен босатылғанын айтқан. Және Абайға аз әзiл тастап:" мiнi, Ибрагим Кунанбаевич, дүниеде осындай уақиғалар болып жатыр. Сiзге ол жайды тек Баймағамбет арқылы хабарланып қою жеткiлiктi болар ма екен? Ақшоқыда қанша қызық болса да, шаhарға келiп, мынау жайларды өз құлағыңызбен естiп қайту терiс болмас!" деп қойыпты.
Семейдiң бiрден-бiр газетi "Облыстық-мәлiмдеме" патшаның өлiмi туралы Михайловтың хатынан артық еш нәрсе жаза алмапты. Абайдың хайран болғаны – бұндайда қошеметшi құлдар нелер иянаттау, балағаттау сөздердi төксе.керек едi. Әлдекiмдердiң тұмсығы тасқа тиiп, көзге қамшы тигендей, есi ауып қап тұр ма? Бұншалық сөзге сараң болуы, бiр үрiккен дағдарысты көрсеткендей ме, қалай? – деп ойлаған-ды.
Осының ертеңiнде пар атты трашпеңкеге Абай мен Баймағамбет қатар отырып алып, Семейге тартты. Жер кеуiп, жол дегдiген. Бөгет болар шалшық та, батпақ та жоқ. Ыстық пен шаң да ертең көктемде жасарған дүниенiң көркiн бұзып араласпаған. Жол бойы: тықыр бетеге, жас жауылша, жаңа бүрлеген тобылғы, ерте шыққан қызғалдақ, тықыр жусан. Бәрi де Ақшоқы мен Семей арасындағы қырат жоталарды, ұзақ өлкелердi, бұлақ, бастауы, көлшiктердi түгел жағалап, көк торғынмен қоршаған.
Жолаушылардың алдынан жұмсақ қана қоңыр салқын соғады.
Баймағамбет әр жүрiсте шапшаң болатын. Ол аяң мен бүлкек дегендi бiлмейдi. Қыстан жем жеп шыққан пар құланы осындай жүрiстер болса деп, өзi суытып, жаратып жүретiн. Қазiр сол қара жал қос құла тершiместен ұзақ жортады. Жүргiншiлердi қажытпай, көңiлдендiрiп жүредi. Көк жайқын, ал күрең бетеге арасында тыпырлай тықыр салып, жол үстiнiң қиыршық тасты, қызғылт керiшiне ширақ басады.
Бүгiнгi ұзақ жол бойында, Абайдың қасында қатар отырып, атты ұзын бишiкпен үйiре айдап қойып Баймағамбет бiрнеше күн бұрын айтылмай қалған "Черный-век-марта" романын хикая етiп, сөйлеп келедi.
Бұл романның шытырман уақиғасы, патшалық дiнiнен өз дiнi басқа болған аса бiр ғазиз асыл жiгiт Дик жайында. Соның дiндесi таза жүрек, өр көкiрек, алып батыр – Қызыл-сақал жайында. Инквизиция сотының аса бiр аяр тыңшы жас осы, әйелден шыққан қатал хиянаткер Черный-век турасында. Оның өмiр бойғы бәсекелi тайталас дұшпаны әйелден шыққан қайсар, айлакер Марта турасында. Черный-векке жауыққан Марта – Диктi құтқаратын көмекшiнiң бiрi болады. Дик пен Қызыл-сақалды қуғынға ұшыратып, соңына түскен. Лейдiн шаhарының қанды қол, қатал соты бар. Соқыр ғұламалар, жауыз сопылар билеген – инквизиция соты. Бұл әңгiмеде, азаматтық үлкен саналы қасиет те бар. Құдай атын ауызға алып отырып, күнiне талай жанның қанын төгiп, тозақ азабын тудырып отырған зор дiн басы, рақымсыздар бар. Толқынсыз су жүзiне жарқырап, күлiп түскен ай сәулесiндей, аппақ кiршiксiз, жас жүрек махаббаты, арманы да бар. Қараңғы терең зындан түбiндей, аянышты бiлмес, әдiлеттi танымас, қиянат кеуделi Черный-век бар. Баймағамбет осыларды әңгiме еткенде, қазiр соның бәрiнiң талабынан, iшкi сырларынан жоғары тұрып, әдiл сыншысы боп, әңгiме етедi. Әрқайсысын өзiнiң орын дәрежесiне оқымыс, тәрбие, бiлiмiне қарай өз тiлiмен сөйлетедi. Шытырман уақиғалы, жүз түйiннен түйiлген қиын әңгiме. Сол қызық романның кiтапқа жазылған құрылысын Баймағамбет бұзбастан, жаңылмастан, жайлап өргiзедi.
Осындай романдарды айтуға ауысқаннан берi Баймағамбет бұрын өзi айтып жүрген Мың-бiр-түндi , қазақ ертегiлерiн, парсының "Қырық-тотысын", түркiнiң "Бақтажырын" бұрын өткен сабағы деп бiледi. Қазiр, соңғы жылда, оларды айтқыш емес. Оқымысты әңгiмешi боп, тыңдаушыға: "Естiсең мынаны естi! Баймағамбеттi қадiрлей бiлсең, осымен қадiрле!" дегендей болатын.
Шығыс пен қазақ ертегiлерiнен ол бұл күнде тек Рүстемдi, Жәмшиттi, Шәркен, Үш-соқырды, Сейiтбатталды және қазақтағы Едiл-жайық, Жұпар-қорығы, Ертөстiктi ғана айтады. Олар Баймағамбеттiң сұрыпталған, зейiнiне жазылған аумас, ұмытылмас кiтабындай. Әрқайсысын кешкi отырыстан ет пiскенше, содан кейiн ұзақ таңда көп отырып, тағы iшетiн шайға дейiн айтып барып, бес-алты сағат әңгiмелеп бiтiретiн. Ертекшi Баймағамбеттiң жаңағы iрiктеп алған әңгiмелерiне Абай мен екеуi қосқан Европа романдары, орыс романдары бар. Соның қадiрлi бiрi Баймағамбет айтуында "Петр-великий " аталады. Сохатый, Дубровскийлер жүредi. Ақ жұрттан барып жабайылар өлкесiн жайлаған "Валентин-луй" немесе "Чистое-сердце" айтылады. Және "Ягуар-медленец, "Ақсақ-француз", содан мiне "Черный-век-марта" боп көбейiп келе жатқан.
Баймағамбет өзi орысша оқымаған, мұсылманша оқуы да жоқ. Бiрақ Абайдың оқыған қызық кiтабының бәрi бұған тегiс айтылады. Осындай көп кiтаппен танысу Баймағамбеттiң мiнезiне, пiшiн-құбылысына әсер еткен. Белгiлi мiнездерде, өзiн ұстауда ол жай қазақ сияқты емес. Абайдың байқауынша ол, бойына көп жұғын жұқтырғандай. Өз ортасынан өзгерек боп қалыптанған оқымысты, хат танымайтын оқымысты, бiр алуан, бөлек жан боп барады.
Бұл кезде қалыңдап, жайылып, шығып келе жатқан сары сақалы, үлкен өткiр көк көзi, түксиген қабақтары және имектеу келген, кесек мұрны – бәрi де Баймағамбеттi Абайдың өзiне де, кейде, өзге қазақтың бәрiнен өзгеше көрсетедi. Қазiрде Абайға Баймағамбет қазақ жiгiтi сияқты емес, өзге бiр тұқымнан келген серiк дос сияқтанады. Қызыл-сақалдың Диктi құтқарудағы жан аямас от қайратын айтқанда, Абай Баймағамбетке аң-таң болып, сүйсiнiп қарайды. Достық үшiн жан беретiн тұтас бiтiмдiлiк, кесек адамгершiлiк Қызыл-сақалда бар екенi рас болса, Абайға кей сәттерде, сондайлық тауанды достық осы Баймағамбеттiң өзiнен де табылатын сияқты көрiнедi.
Абай Баймағамбетке сүйсiнiп, таңданып қарауын қоя алмайды.
Тобықтының, Ырғызбайдың бүгiнгi ортасына мынау Баймағамбет бұрын бiтпеген адам. Абай арқылы жеткен көп кiтап оны, анық басқаша, жаңа адам етiп тәрбиелеген. Баймағамбет аса тура мiнездi. Басы кетсе де шынын жаңылып, жалған айтуды бiлмейдi. Және Абай үшiн ең қадiрлi бiр мiнезi – еш уақытта Баймағамбет адам мен адам арасына сөз тасып, бiреуге бiреудi ренжiтерлiк сыбыс айтып көрген емес. Сырға берiктiгi Абайдың ең жақын iнiсi мен жарынан да мықты. Биыл қыста Әйгерiм бұл туралы бiр сын айтып едi.
– Бақаңның Абай сырын жасырғыштығы сонша – "Мағашқа бүгiн таңертең Абай не дедi?" деп сұрасам:" е, мен қайдан бiлейiн, өзiнен сұра" деп, соны да айтпайды. Абайдың сөзiн шетке шығармаймын деп қымтанғаны сонша – тiптi " баласы туралы әке сөзiн шешеге жеткiзсем де қиянат болар " деп ойлайды деген. Кiсi мiнезiне көңiлi жүйрiк Әйгерiм өзiнше оқшау сын жасаған. Қазiр Абайдың есiне Әйгерiмнiң Баймағамбет туралы айтқан басқа бiр сөзi де түсiп келедi.
– Бақаң сiз арқылы орыстар жайын көп естiп, көңiлге көп тоқып алған. Тiптi осы күнде өзi де орыс мiнездi боп барады. Қазақша қалтарысыңды бiлмейдi. Тисiн, күйсiн – турасынан бiр-ақ тартады. Және тегi жақсы орыс, адал көңiл, таза орыс осылай болса керек! – деген-дi. Қазiр Абай, Баймағамбеттiң осындай өзгеше қалыптанып келе жатқан жайын ойлаумен қатар, iштей бiр нәрсеге өзiнше ырзалық еттi. Онысы орыс кiтабынан өзi алып жүрген тәрбие жөнiнде ең алғаш желiлеп, жия ойлаған ойы тәрiздi.
...Баймағамбет екеумiз құр оқып қана, әңгiмелеп қана жүргемiз жоқ. Аңдасам, бақсам, тәрбиеленiп те келедi екемiз-ау! Бiрақ менен көрi Баймағамбет жасырақ та, бiр бiткей бiтiмдi, шыншыл ма екен!? Сондықтан бұдан кiтап iзi айқынырақ көрiнуге мүмкiн бе! Ендеше Баймағамбетте менiң қазiргi қалпымның жартылаған тұлғасы тұрған жоқ па? Бiр есептен бұл менiң айнам, ел ортасында жүрiп өзгерiп келе жатқан адамдығымның айнасы болар!.. Деп топшылады Абай. Бiрақ ол бұл ойын жолдасына ренiштi бола ма деп, айтпай, iркiп қалды. Оның орайына Баймағамбет әңгiмесiн күн бойы ұзақ жол үстiнде көп айтқызып келе жатты. Ол әңгiмесiн бiтiрген соң бұрынғы дағды бойынша, уақиға iшiндегi Дик, Қызыл-сақалдардың кейбiр сырлы, нәрлi сөздерiн Абай өңдеп, көрiктей түсiп, қайта айтып бердi.
Бұлар жол бойы Күшiкбайда түс ауа ат шалдырды. Сонда жол азықтарынан өздерi де тамақтанып алып, күнi бойы толассыз жүрген. Осы күнi ел жатар кезде кешiгiп жүрген жолаушылар Тiнiбек қақпасын кеп қағып едi. Дәл осы қақпаның түбiне жеткенше Баймағамбет романдары бiрiнен соң бiрi айтылып, аяқталмай созыла кеп, ерiксiз тоқтаған-ды.
Бұл жолы Михайлов пен Абайдың кездесулерi бұрынғы уақыттардан жиiлеп, әңгiмелерi де әр кезде ұзақ-ұзақ болыс-ты. Евгений Петрович Абайды көптен керек еткен досындай қуанып қарсы алған. Өзi соңғы айларда, патша өлгелi қызметтен шығарылып, бос жүрген. Екеуiнiң кездесуi күндiз-түнi талғаусыз, еркiн болды. Хатқа жазбаған көп жаңалықты Михайлов Абайға алғашқы кездескенде-ақ айтқан едi. Апрельдiң бас кезi болғандықтан Питерде болған зор уақиғаның арты қандай халдерге соғып жатқанын Михайлов естiп, бiлiп отыр екен. Патшаны өлтiрушi ерлер тобының қандай ортадан шыққанын айтты. Өз қайраттарымен Россияның тағын тiтiреткен және халық жолында өздерiнiң жас өмiрлерiн құрбан еткен бес ұлы азамат жөнiнде үшiншi апрельде болған үкiмдi айтты. Сол күнi Петербургте Семеновский плацда дарға асылған Желябов туралы және орыс қызынан шыққан қаhарманы Софья Перовская туралы әзiрше естiген хабарын бiлдiрдi.
Патша өкiметiнiң бiрiншi март уақиғасынан қатты қорқып отырған ажарын да Михайлов сезген екен. Төртiншi март күнi патша сарайынан жарияланған депешада, бұрын патшалықтың аузына түспейтiн, жаңа сарын барын әзiл етiп айтты. Сол қағазда "шаруашылық, әлеуметтiк, халықтық қамдарды ойламасқа болмайды" деген сөздер жазылыпты. Михайлов осы мәлiмдеменi Абайға оқып отырып:
– Бұның iшiнде "социальный" деген бiр де болса бұрын ауызға алынбайтын сөз бар. Патша өлген күннiң ертеңiнде ұлық қағазының iшiне бұның кiрiп отырғаны Россиядағы тақтың босаң күйiн көрсетедi. Революция бiрталай қалтыратып, қорқытқанға ұқсайды! – деп, бiраз әзiл мысқылмен күле сөйлеп едi.
Абай бар хабарды ерекше ынтамен, қызығумен сұрайтын. Бұрын Михайловпен кездесiп жүргенде, бұндай жайлардан тереңдеген әңгiме болмаушы едi. Патшаның өлiмiне шейiн жеткен зор қимыл, Абайға: "Революция жолындағы орыс қауымының қуаты мен жiгерi, ызасы мен талабы – соншалық ерен, зор" дегiзген. Осы қатарда Михайловтың өзi де ендi Абайға бөлек туыс, ерек бiтiмдi жан болып, аса қадiрлi бола түскен. Өзiнiң ынтыға сұраған сөздерiнiң кейбiрi аңқау жанның сұраулары болғанына қарамай, Абай Михайловтан ойына келгенiнiң бәрiн бiлгiсi келедi.
– Патшалықтың қорыққаны рас болса, айдауда, қинауда жүрген, Евгений Петрович, өзiңiз сияқты көп азаматқа жеңiлдiк қайда? Сiздi Семей ұлығы да ендi басқаша бiлу керек қой! Оның орнына, губернатор сiздi кеңсесiнен де шығарып отыр. Бұл қалай? – дедi.
Михайлов Абайдың сұрағанына күлiп қана, екi алақанын жайып, жауап бермей қалды. Тек бiраз отырып барып:
– Ибрагим Кунанбаевич! Қауым тартысы бұндай өрiске жеткен соң, оның iшiнде толып жатқан сырлар, шатасқан түйiндер болады! – деп, бiраз жымиып отырды.
Бiраз сөзбен Абайдың соңғы сұрағына жауап бердi.
– Мен мұнда қызметке өзге чиновниктермен тең правода түскен кiсi емеспiн ғой. Айдалған кiсi есебiнде әрдайым полицияның надзоры астындағы кiсi болатұғым. Қызметке алғанда, қалап алған кiсiсi емеспiн. Амалсыздан алынғанмын. Сiздiң облысыңыз оқыған бiлiктi адамға бай облыс емес қой. Бұндағы жандарал Петрбордан статистика комитетiн ашуға бұйрық алған. Ал статистика, санақ деген не? Ол ғылым жолымен iстелетiн iс болғанда, қалай бастап, қалай ретке қойылу керек. Қысқасы, бiздiң орыс тiлiмен айтқанда, "ол аңды немен қосып, қалайша жеудi" бiлетiн бұл шаhардың чиновнигi жоқ болатын. Менiң студент боп, бiлiм зерттеп жүрген кезiмде осы салаға да көп көңiл бөлгенiм, шұғылданып көргенiм бар едi. Бұл шаhарда ол тың iстi бастап кететiн сенiмдi кiсi шықпаған соң, менi амалсыздан сондай бiр әкiмшiлiгi аз, еңбегi көп iске шақырған едi. Тек жүрмес үшiн, мен соны алған едiм. Ал менiң бiр дертiм бар, Ибрагим Кунанбаевич, ол менiң өскен ортамның маған сiңiрген, еккен ұрығы болу керек. Тұрмыстың, шаруаның, ғылымның қай жағына ықтиярлы, ықтиярсыз көңiл аударып, берiле бастасам, соны қадағалап, тереңдеп ұққым келедi. Мен сол санақ комитетiн iске бастыру жөнiнде қызығып iстей бастап ем. Сiздiң облыстың шаруа санын, қуатын, халықтар санын, көп сырларын дәл деректер жиып, ғылым жолымен тани бастап едiм. Бүгiн мынау хал туды да бұрыннан сенiмсiз Михайловты шетке қақты. Бiрақ мен қазiр сыртта болсам да, осында бастаған iсiмдi тастамаспын. Сiздiң халқыңыз мекен еткен өлке туралы, бәлки мен де бiр керекке жарарлық еңбек етермiн! – деген.
Бұл сөздi осымен доғарып, аздан соң алғашқы әңгiмеге, өзiне ең қымбатты, ыстық әңгiмеге ауысты. Кейiн бiр нәрсенi есiне алып, сүйсiнгендей, жайнап кеттi.
– Мен революционердiң iшiндегi үлкенi емеспiн. Менi көктей орды. Жастай алып кеттi. Университеттiң үшiншi курсында жүрген жиырма-ақ жастағы жаңа революционерде қаншалық зор қайрат болсын. Мен сияқтылармен патша өкiметi көп есептеспейдi. Ал, мiнi оның орайына, бiр нәрсеге соңғы күндерде шын сүйсiнiп отырмын. Бiздiң бәрiмiздiң ой тәрбияда басшымыз бар. Анау патшаны өлтiрген бiзде бөлек өжет топтың да, бәрiмiздiң де басшымыз бар. Ол Чернышевский болатын. Рас, революционердiң бәрi де бiрыңғай емес. Бiрақ, неше алуан болсақ та осы он бес-жиырма жыл бұрын қалыптанған қауымшыл жас буынның бәрi сол Чернышевскийден оқыған едi. Бүгiндер Сiбiрдiң ең алыс шетiнде Якутский-крайда, Вилюйск деген құдай қарғаған жерде айдау күнiн ада қып жүрген сол Чернышевскийдi қазiр патша өлтiрiлген соң, айдауынан қайырыпты деп естiп отырмын. Сiз жақсы сәтте келдiңiз. Мен Чернышевскийдiң Россияға, Астраханьға қайтарылғаны туралы бүгiн ғана хат алып, отыр едiм. Рас, мен сияқты көпшiлiк бұл күндер жеңiлдiк алмайды. Қайта қинау мен қысым бұрынғыдан аса түсетiнi даусыз. Бiрақ мынаны не дейсiз? Россиядағы азат ойдың ең үлкен жаршысы дәл осы қысым күндерде аз да болса, кеңшiлiк алып отыр. Патшалықтың тағы, Рысаков бомбасының үнiнен қорыққан сырын дәл осы жерден танытып отыр! – дедi.
Абай Михайлов үшiн үмiттенгендей:
– Евгений Петрович! Егер басшыға, алдыңғы адамға сондай жеңiлдiк етсе, онда бiрсiн-бiрсiн сол жеңiлдiк бәлки, сiздерге де жетпес пе екен? – деп едi.
Михайлов бұл жөнде үлкен тәжрибелi, сыншы көңiлмен басқаша қарайды екен.
– Мен тек Чернышевскийдiң өзi үшiн ғана қуанамын. Болмаса, бұл шын кеңшiлiк емес. Халықшыл ой, Россияның көп қауымына жайылған ой. Соны бiлiп отырған патшалықтың уақытша жасап отырған бiр тәсiлi ғана. Бұны шыны деп бiлмеңiз, қыры деңiз. Ол – жұртпенен шырға тастап, алдасып ойнау, ойнау ғана! – дедi.
Осы бiр әңгiме тұсында Чернышевский жөнiнде Абайды тағы да таңырқатып, ол туралы бұның түсiнiгiне тың көрiнген бiр жайды баян еттi. Абай патшаны өлтiрушiлердiң түп басшысы, қарсылық ойдың түп иесi болған Чернышевский деп ойлаушы едi. Қазiр Михайлов: "Патшаны өлтiру iсiне Чернышевскийдiң қатынасы жоқ, – дедi.
Абай бұл жөнiнде қадағалай сұрады:
– Оның қолма-қол қатынасы болмаса да, ойы мен сөзi себепшi болмады ма? – деген едi.
Михайлов бұл жөнде кең түсiнiк айтты.
– Мәселенiң үлкенi сол – патшаны өлтiру iсiне Чернышевскийдiң сiз айтқан ойы да, сөзi де қатынасқан жоқ. Ол қатынаспайды да. Бұны iстеп отырғандар Чернышевский бастаған революциялық ойды өнiмдi түрде, кең түсiнген топ емес. Өзiнше, қыңыр, шолақ түсiнген топ. Бұлар iсiне Чернышевскийдiң ниет-бағыты қосылмайды! – дедi.
Жеке адамды өлтiру патшаны өлтiру болса да, Чернышевский жолы емес екенiн ұғындырды. Бiр патшаны өлтiргенмен, орнына екiншi патша отырады. Патшалық тәртiптi жоятын алыстың жолы бұл емес. Чернышевский ұғындыруынша, патшалыққа қарсы күреске қалың бұқара, қара шаруа, миллиондаған халық қатысу керек. Орыстың қара шаруасына арнап, Чернышевский шығарған прокламация жайын да Михайлов аз мәлiм еттi. "Құл, крестьяндарға олардың достарынан сәлем" деп үгiт таратыпты. Сонда Чернышевский крестьянды патшалық құрылысына қарсы қолға балта алып алысуға үгiттеген. Крестьян басына құлдықты орнатып отырған Ресейдiң ақсүйек алпауыттары. Патша 1861 жылы бостандық бердiм деп алдады. Өйткенi патша халықтың патшасы емес, алпауыттар патшасы. Солардың ғана қамын ойлайды. Қалың ел, қара халық, сенi ол алдады" дептi. Чернышевский прокламациясын Михайлов студент күнiнде жаттап алып едi. Сондағы ойына сiңген талай сөздерiн айтты. "Ол сiздердi алдады, азғыруға тырысты. Оның өзi алпауыт емей, кiм едi? Сiздер алпауыттардың құлысыз. Ал, алпауыттар патшаның малайлары. Патшаның өзi де соларға сүйенiп отырған үлкен алпауыттың дәл өзi. Сондықтан патша, әрине, алпауыттар жағын ұстайды " дептi. Тағы бiр жерiнде " анық еркiндiк болатын болса, бар iстiң басында халық отырсын. Ал, толып жатқан әкiмдер халыққа бағынсын. Мұжықты ешкiм қорлауға бата алмайтын болсын " деп үгiттейдi екен. Алпауыттар мен патшалық тәртiбiне қарсы қайраулы қара балтаны ашумен сiлтесе ғана, көптiң көзi ашылатынын айтқан екен. Ол болмаса, мынадай төрт адам, бес адам боп, бiр жерде патшаны, бiр жерде министрдi өлтiрсе де ол тек ұшық-ұшық, көптен жырақ, өнiмсiз ғана бiр талап болады дейдi.
Чернышевский ойы – "қайратты халықтан күту керек" дегенi, Абай көңiлiне анық әдiл сөз көрiндi. Халық санасын оятып, жауыздық, зорлық ордасымен алысу дәрежесiне жеткiзу керек. "Шын ел қамқоры болған азамат қарызы осы екен-ау!" деп Абай өз iшiне үлкен бiр түйiн түйгендей болды.
Сонымен бiрге, ол қызығына қанып болмаған хикая бар. Михайловтан патшалықпен алысқан орыс ұлдарының тартыс, тағдырларын қайтадан сұрайды. Михайлов көп жылдан бергi айдауда алыс қияда жүрсе де, анық бiр кәрi шежiре, қарт бiлгiштей. Бүкiл Ресейде патшалыққа қарсы алысып жүрген күштердiң, адамдардың бәрiнiң жайын бастан-аяқ жақсы бiледi екен. Абайға көп адамдар жайын, iс-тартысын ерiнбестен ұзақ-ұзақ баян еттi. Бүгiнгi мәжiлiсте Абайдың өз досы туралы да жақсы аңғарған бiр жайы бар. Патшалықпен тартысушылар тобы әр алуан болса да, Михайлов олардың бәрiн бiрдей құптамайды. Өзi жалғыз кетiп, жырақ жүрiп, титығы құрып, алысқа қатынаса алмай отырса да, бұның барлық ынта-бейiлi, тiрлiк, тiрек үмiтi, өмiр сәулесi тек қана сол жақта сияқты. Және сол жақ, сол топ болғанда, бар иманы – денi Чернышевский жолында. Солай болса да, Абайдың өтiнiшi бойынша, патшалықпен алысқандардың хикаяларын айтады. Осы кездесулерде Абай Михайловтан, патшаға қарсылық ойдың Ресейде қашан туғанын сұрайтын. Досымен кездесуге оңай болсын деп, Абай бұл уақыттар ар жаққа шығып, Баймағамбет екеуi Кәрiмнiң үйiнде жатушы едi. Арал тоғайларын жас жапырақпен безендiрiп келе жатқан көктем шағында, кейде екi дос пәтерден шығып, су жағалайды. Тағы бiр күндер жел қайыққа мiнiп, Михайлов пәтерiнiң тұсындағы "полковник аралына" шығып, ұзақ әңгiме-дүкен құрып қайтады.
Михайловтың ендiгi әр кездесуде Абайға бiлдiретiн жаңалықтары бiрiнен бiрi қызық. Бiрiнен бiрi астам.
Абайдан төрт-ақ жас үлкен болса да, Михайловтың дәл өзi араласып, өзi жақын жерден көрiп, естiп шыққан уақиғаларының барлығы Абай үшiн шың мен шытырман ғаламаттар едi. Бұл – жазылмаған және Абай ойынша, жазылып бiтпестей, ғажайып дастан. " дастан деген сөз де – аз сөз. Үйткенi қай дастан болса да, бiр ердiң жайын мәлiм етедi. Мынада ер аса көп. Жапа жасаушы жауыз болса, о да мың жасаған сиқырлы сайқал зұлым. Әмiр-құдiрет, алтынды тон, сарала шен киген, безенiп тақта отырған жер құдайы патшалық".
Михайлов Абайдың сұрауымен патшалыққа қарсы күрестiң арғы түбiн айтады. Пушкин заманынан берi қарай келiп, Белинский, Герценге соғады. Чернышевский арқылы тағы көтерiлгенiн айтады. Патшаны жою жолындағы Каракозов оғын да айтты. Дарға асылып, Каракозов өлгенiн, одан да жаман тағдыр кешiп, серiктерi өлгенiн айтады. Қаракозовтың тобына басшылық еткен Ишютин тағы осы Сiбiрде қатты азап, жаза астында, сұмдық тағдыр кешiп кеп, жынданып өлiптi. Сiбiрдiң құдай ұрған бiр түкпiрiнде Ишютиннiң өлгенiне екi-ақ жыл болыпты. Патша күймеден түсе бергенде, дәл қасына келiп, атып тұрып тигiзе алмаған Қаракозовты Абай: "Неткен жолсыз сорлы едi" деген. Ол сегiзiншi апрельде дарға асылды. Ал артынан ұсталған немере ағасы, басшысы жаңағы Ишютин ерекше кәрге ұшыраған.
Патшалықтың Петербургте, Сiбiрде қандайлық кәрлi қара зындандары барын да Абай осы жолы бiлдi. Шлиссельбург зынданы, Алексеевский Равелин, Үркiтте – Александровский централ, бәрi де адамнан қан шығармай жан алатын, тұншықтырмай тынысын буатын.сұмдық тозақ орындары екенiн бiлген едi.
Өлтiрудiң ырымын жасап ойнау деген, Абай ойынша, адамға iстер зұлымдықтың, рақымсыздықтың ең бiр айуандық түрi. Жыртқыштық сыпаты сияқты.
Абайдың таңдануы Михайловтың екiншi әңгiмесiн естiгенде, әсiресе шектен асты. Мазақ жаза өзгенi қойып, қатардағы адам емес қауым ағасы, халық мақтаны болатын Чернышевскийдiң өзiне де iстелгенiн Михайлов баян етiп бердi. 1863 жылы 31 майда, Петербургте Мытнинский алаңында Чернышевскийдi халық алдында өрескел шарт жазаға салыпты. Михайлов осы жайды айтумен қатар, өзiнiң сол кездерде айдауға ең алғаш iлiнгенiн бiлдiрген едi. Бұл уақиға Михайлов ұсталған соң, екi жылдан соң болған екен.
Кейiн Абай Андреевке кездесiп, Михайловтың ерекше жан екендiгiн өзiнiң сүйсiнген көңiлiмен айтып келгенiнде, Андреев бұған Михайлов туралы тағы да бiр ерекше сырды айтқан.
– "Михайлов саналы ер. Азамат ары ерте оянған жан. Ол жиырма жасында-ақ өзiнiң мықты революционер екенiн танытып үлгiрген. Бұның үй-iшi, жақындары да тегiс сол жолда бастарын сарп еткен кiсiлер екен".
Мытнинский алаңында Михайлов айтқан уақиғаның бiр ерекше жайы Абайға жеткiзiлмептi. Оны Михайлов сыпайылық ретiнде Абайдан әдейi iрiккен сияқты. Екеу ара әңгiмесi сол уақиғаға соққанда, Андреев Абайдан:
– Чернышевскийдiң жазасы күнi Евгений Петрович өзiнiң апасы не iстегенiн айтты ма? – деп сұраған едi. Абай ол туралы еш нәрсе естiмеген едi. Андреев iшiнен "бәсе" дегендей, Михайловтың ұстамдылық тәрбиесiне сүйсiне түсiп, күлiп қойды.
– Ендеше, Чернышевскийдiң жазасы жарияланарда, айнала тұрған қалың топтың iшiнен жалғыз жас қыз шығып, бiр буда гүлдi Чернышевскийдiң аяғының астына лақтырып тастайды. "Қош, дос!" деп айғайлап тұрып, халық көңiлiн бiлдiредi. Айналада қақап тұрған патшалық әкiмдерi, жендеттерi, әскер жасақтары көзiнше, "менi көр" дегендей, батыл барып, бадырайып тұрып тастайды. "Сендер өлiмге бұйырсаң, халықтың барлық жас қауымы бұның басқан топырағын құрметтейдi" деген қимыл едi. Сөзсiз, мағынасы терең әрекет. Мiне, сол гүлдi Чернышевскийге тастаған қыз Мария Михайловна, дәл осы өзiңнiң Евгений Петровичыңның бiрге туған апасы болатын!
Абайдың бұл хабарды естiгенде, таңдануы өзгеше болды. Сол бүкiл Ресейге жалғыз дара боп шыққан жас қыз, бүгiнгi Абай досы Михайловтың туған апасы болып шыққаны хайран еттi.
Абай ендi есiне алып аңғарса, Михайлов өзiнiң iс қарекетiнен де " мен сүйтiп едiм!" деп бiр жайды ашып айтпаған екен. Ол халық үшiн алысқан қайрат-жiгердi айтса, соның бәрiн iстеушi бұның өзi емес, өзгелер болады. Өзi тек көптiң ғана бiрi сияқты. Оны да болымсыз ғана, елеусiз ғана бiр жай етiп айтады.
Ақбастан бөлiнiп, өз үйiне қарай кеткенде, Абайдың бұл күнгi ойын көп қадалтқан Михайловтың өз басы болатын.
Досының аңғаруы бойынша, Михайлов бар қабiлетi қалпымен өзi де бiр буынның толық кемел басшысы, аға азаматы болуға даусыз татитын сияқты. Ол құрметпен баян етiп берген: Каракозов, Желябов, Перовскаялар iстеген әрекеттер, Абай ұғымынша, Михайловтың өз қолынан да келердей. "Тiрлiк тағдыры, тартыс тағдыры талап етсе, Желябов та бола алар едi" деп ойлайды.
"Егер көбiнiң бiрi, атсыз, елеусiзiнiң бiрi Михайлов сияқты болғанда, бұл қауым қандай жетiскен қауым! Мынау халықтың бұл буыны қандайлық күшi мол, зiлi мол, қабырғалы, қайратты буын! Пiл сауырлы, мол сабырлы ерен қайрат жиып жатқан игiлiк күшi ғой", деп ойлады.
Абай ендiгi, келесi кездесуiнде Михайловтың өз сырын, өз iстерiн, неден айдалғанын анықтап сұрамаққа арнамақшы едi.
Келесi күнi ашық, жайлы сәскеде өзi үшiн дәрiс үйiндей болған, Ертiс жағасындағы аласа үйге Абай келiп, есiк қақты. Бұған есiк ашқан күтушi әйел, сөйлеуiк Домна шешей бiреуге ұрсып келедi екен. Есiк ашып, Абай екенiн танығанда қартаң әйел, үй иесi Михайловтың өзiнше, көңiлденiп қарсы алды.
– Абраим, бұл сен екенсiң ғой! Кел, кел! Досың сенi тосып отыр! – дедi де, соның артынан бiреуге тағы ұрсып жөнелдi.
– ...Мен тағы әлгi кәрi төбет қой деп едiм. Соңымнан қалмайды. Бiресе өзi айналдырады, басымды қатырады. "Сенiң мырзаң сицилист" дейдi. Үйiне кiм келедi? Өзi қайда барады? Немене iшiп, не жейдi?" деп бәрiн-бәрiн сұрайды, кәрi төбет. Ол ғана емес, соңымнан өзi қалмағанына қарамай, базарға барсам, қасапшы семiз қатын Коновалихаға тапсырып қойыпты. Ол да менен сұрау салады. Дәл әлгi кәрi төбеттiң сұйрайтынын сұрайды. " Әкемiз патшаны өлтiрген сицилисiң тағы кiмдi өлтiрем дейдi? Саған сырын айта ма? Сен қайтiп оның қолында қорықпай тұрасың?" деп сұрайды. Менен жасырын сыр бiлiп алмақ болады. Бәрiн iстеп жүрген әлгi кәрi төбет, көк төбет! – дейдi.
Домна өзiнiң ашулы әңгiмесiн Абайды ауыз бөлмеде тоқтатып ап, айтып тұр. Абай сыртқы жеңiл шапанын сол бөлмеде шешiп, Домнаның әңгiмесiн күле түсiп, қызығып тыңдайды. Адал көңiлдi, аңқау әйел үлкен қиын сырды айтып тұр. Ол ұрсып тұрған "кәрi төбеттi" де Абай бiледi. Онысы, осы околотканың қарт жандармы – Селантий. Оған құпия тапсырылған, Михайловты аңду, тыңшылық ету iсiн олақ полицей, сөлекеттiкпен жүргiзедi. Домнадан сыр тартам десе, қырық күннен берi осы пәтердi бақса, Михайлов та оның әрбiр қыбыр-қимылына шейiн, сыбыр-өсегiне шейiн бiлiп отыратын. Қарт жандармның Домнаны не деп айналдырғанын, бұның оған берген жауабын Михайлов әрдайым қызығып тыңдап, тек қана күле беретiн. Осы, оқ өтпестей, кәр жетпес, еркiн күлкiсiнiң өзi Домнаға Михайловты өзге жаннан артық көрсетедi. Қазiр де Домна Селантийдi жамандап тұрғанда, Михайлов қонақ үйдiң есiгiнiң алдына кеп, Абайға үнсiз бас иiп, Домнаның әңгiмесiн қоса тыңдап тұр. Абай ақ көңiл кемпiрге үлкен iлтипатпен қарап:
– Домнушка, бүгiн Селантий сiздi күндегiден де ашуландырған тәрiздi. Әлде, жаңада тағы кездесiп пе едiңiз? – деп едi.
– Ендi не?
– Өзiн көрдiң бе?
– Өзiн емес, жаңа мынау көршi қатын Сидориханы көрдiм. Ертiске кiр шайқауға барсам, о да шелегiмен судың жағасына келiп ап, менен тағы да сол Селантий сұратқан жаман сөздерiн сұрайды. Өңшең қуарған, ұятсыз, өсекшi суайттар! – деп алып, Домна ендi Михайлов пен Абайдың екеуiне бiрдей тың әңгiмесiн қозғап тұр. Абайға қарап, мықынын таянып апты.
– Евгений Петрович емес, олар тiптi сенi де сұрайды. Анау киргизiң сендерге неге келе бередi? Сенiң сицилисiң ендi киргиздарға да өзiнiң антихристық өсиетiн таратқалы жүр ме? – дейдi. Түнде көп отырады. Хатты көп жаза ма? Әлде тағы бiр жердi талқандайтын бомбы жасап жата ма? Деп те оттайды. Кiрдi алып келе жатсам, жолда көк төбеттiң өзi тұр. "Саған ақшаны көп бередi ғой, сырын айтпа деп алдайды ғой. Сен құдайға сенетiн, құдай үйiне барып жүретiн момын кемпiрсiң. Саған обал емес пе? Дiнге, құдайға, әкемiз патшаға қарсы жаман адамды қорғайсың сен. Оның сырын жасырасың. Бұның орнына, түнде не iстейтiнiн есiктен сығалап көрсеңшi. Ондай кiсi ұйықтап жатқанда, түсiнде де жаманшылықты көрiп, патшаға қарсы тағы әлдебiр, жаман сөз сөйлеп жататын болар. Сондағы сөзiн ұғып алсаңшы, маған айтсаңшы" дейдi. Мен: Қатының бар, балаң бар, өзiң қартайып қалдың. Өсекшi қатынша жаман сөз жиғанша, құдайға тәубе қылсаңшы! Тек жүрген адамға жаманшылық ойлағанша өлсеңшi! Адал еңбекпен күн көрмей, аңшының итiндей иiскелеп, тiмiскiлеп жүресiң! Сенi де балаларың "әкем бар" дей ме, қатының "байым бар" дей ме? Тьфу, ұят, масқара! Сендей байым болғанша байсыз өлгенiм артық, – деймiн. Соған қарсы маған жаңа тағы бiр қайла тауыпты, қуарған маскүнем. "Ертең пасхада шеркеуде" духқа барасың ғой. Сонда сенiң жаман адамға жәрдемшi боп жасырып жүргенiңдi, отец Киприян да сұрайды. Айтпағаныңды көрермiн. Онда жасырсаң, сенiң бетiңе бүкiл християн қауымы түкiретiн болады. Сенiң жүрген жерiң жаман. Кәрi жаныңды қоятын жер таппайтын кемпiрсiң сен. Өзiң де бұзық кемпiрсiң. Сицилистке не керек? Ол өзiнiң үйренген катргiсiне сенi тастайды да кете барады. Сонда қалаға сыймай, қаңғып қалатын сен боласың!"– дейдi. Көрдiң бе ол кәрi иттi! – деп әлi күнге бұның сөзiн үнсiз тыңдап тұрған Михайловқа қарай түседi.
Домна Фадеевна кәрi аяқтарын асықпай ырғала басып, iшкi үйлер жаққа кеттi. Михайлов Домнаның соңғы хабарына аз қынжылғандай, тамағын кеней түстi. Қою қастары жыбырлап қозғалып, бiраз үнсiз, арлы-берлi жүрдi де, артынан тез өзгердi. Өзiнiң дағдылы көңiлдi күйiне ауысып, Абайдың қасына, диванға кеп отырды.
Бұның қазiргi кейпiне, Абайдың бүгiнгi мәжiлiсте сұраймын деп келген сөзi керек сияқты. Абай сол сөзiн бастады.
– Осы күнге шейiн мен сiзден анықтап сұрап бiлмеппiн, Евгений Петрович. Өзiңiздiң патшалық жазасына кiрiптар болған жайыңызды менiң бiлуiме бола ма? – деп сұрағанда, Михайлов өз басынан кешкен бiр халдi айтты.
Ол Петербург университетiнiң студентi боп жүрiп, өзiнiң жездесi Шелгунов пен Черныщевский үгiтiнде болады екен. Жас студенттердi бастап үлкен бiр ереуiлге қатысыпты. Сол үшiн ұсталып жабылғанын қысқа айтып келiп, ақыры бiр жолдасымен Петрозаводск шаhарiне ең алғаш тайдырылғанын айтты. Сонда бiр жыл тұрған соң, Петербургтегi басшы адамдармен жолдастарының кеңесi бойынша, патшаның атына екi студент арыз жазады екен. Сол арыздың арты не болғанын Сiбiрге айдалып келген соң, кейiндеп қана барып Михайлов естiптi. Патша Петергофта, жазғы сарайға барып тынығып жатқанда, белгiлi бiр генералдың көзiнше, осы екi студенттiң арызын оқыпты. Сол генерал айтуынша, патша бұлар арызының бiрiншi бетiн оқып аяқтап келе жатқанда: "Әлi жас, әлi түгел бұзылып болмаған адамдар болар. Жылдан артық жаза шегiптi. Қайтарса да болар ма едi, өкiнер де түзелер!" деп, бұлар халiне кешiрiм шырайын көрсете бастағандай екен. Бiрақ арыздың екiншi бетiн аударып қалса, дәл аяқтай берген жерде, жазудың аяғында, қағазға тамып кеткен сия бар екен. Соны арызшының бiреуi тiлiмен жалап, қағаз бетiн былғап қойыпты. Патша соған көзi түскенде ашуланып кетiп, арызды лақтырып тастап: "Бұларға қайтуға болмайды. Ары қарай қуа түсу керек, кете барсын!" дептi. Сүйтiп қалам ұшынан оқыс тамып кеткен сия ұлы дегдар мырзаның көзiне үлкен бiр қарсылық ереуiлдей көрiнiптi. Михайловтардың басына бұрынғыдан қатты кәр жұмсапты. Михайлов Абайға өз өмiрiнiң сырынан, iстерiнен бөлiп алып, осындай бiр күлкi, сәтсiз халiн айтты. Оны да кең сабырмен, өткiр бiр ажуа мысқыл жүзiмен мәлiм еттi.
Осымен қатар, көптен берi ешкiмге айтылмаған арман тәрiздi бiр күйiн де Михайлов Абайға ең алғаш ашқан едi.
– Мiнi, Ибрагим Кунанбаевич, менi мұндағы жандарм чиновниктерi екiншi патшаны тағы да өлтiргелi жатқан немесе осындағы губернатор үйiнiң астынан ор қазып жатқан кiсiдей көредi. Мүмкiн, көктей ормағанда менен де бiр өзгеше әрекет шығар едi. Бұдан жиырма жыл бұрын менiмен буындас болған орыс жастарының тәрбиесi мен талабы өр едi. Ол өрт шығарарлықтай қайсар күш болатын. Бiз соған қарай ұрынғалы келе жатыр едiк. Сол бетiмде тым құрса тағы бiр бес жылдай Петербургте боп, университет бiтiрiп үлгiрсем, кешегi Желябовтар өлтiрген патшаны арызыммен ғана үркiтпес едiм. Одан гөрi ел есiнде қалатын бiр қимылмен күйiндiрсем керек едi. Тобымызды талқан еттi. Өзiм босам, дауыл қуған қаңбақ есептi боп, жалғыз кеттiм. Бәрiмiз де шашырап, шашылып кеттiк. Рас, бiз кеткенмен қарсылық қуаты азаймаған екен. Оның өсе түсiп, патшалыққа өшiге түскенiн кешегi бiрiншi март шет жағалап көрсетiп отыр. Бiрақ мен босам – сол кекшiл топтың ортасында бола алмадым. Көп наразының алыста жатқан бiрi болдым. Бұлай болмасам керек едi. Сiз менi әлдеқандай дейсiз. Россиядағы қоғамдық ойдың, революциялық тартыстың бас азаматындай көресiз. Ол достық, жақсы достық ойыңыздан ғой. Ал мен, шынында, қатардағының ғана бiрiмiн! – дедi.
Абайдың бұл тұстағы өз ойы өзгерек едi. Ол Михайлов үшiн оқшауырақ бiр жайдан бастады.
– Орыстың қауымы, бұл заманғы қауымы, ырысты екен. Рас, ғазабы аз демеймiн. Сор бейнетi де мол. Бiрақ сонымен қатар, туып келе жатқан таңы жақын, түнi серпiлiп бара жатқан ел көргендей боламын! – дедi.
– Нелiктен бұлай дедiңiз? Қандай себептерден бұлай жорамал жасап отырсыз?
– Жылатушы көп болса, уатушысы, жұбатушысы да мол болған ел сорлы бола ма? Мол дейтiнiм, жаңағы сiздiң "көптiң бiрiмiн" деген сөзiңiзден туып отыр. Егер ел үшiн қамығатын, қарысатын күштiң қатардағы ғана бiрi сiз болғанда, Евгений Петрович, бұл жақтың тұтасқан күшi қандай болмақ? Ол күштiң бiрi патшаны өлтiрiп отырғанын қомсынып сөйлейсiз. Қанат жайған күнi, тұтасқан қимылға басқан күнi iстер iсi не болмақ! Жылаған елдiң анық жарық, жаңа дәуренi болмақ та. Орыс елi ырысты дегенiм сол едi! – дедi. Осы әңгiмесiн аяқтай келе, аз бөгеле отырып:
– Ырысы жоқ сорлы ел, орыс емес бiз-дағы. Менiң елiм. Қалың көрпе астында, қалың қараңғылық iшiнде жатқан қазақ елi! – деп тоқтады.
Бұл жай Абай мен оның досының екi арасында әрдайым ұзақ созылатын кеңестiң үлкен бiр түйiнi болатын. Бүгiн де әңгiме осыған ауысқанда, Михайлов өзiн өлкенiң келешегi үшiн терең ойлар ойлайтын, ұзақ ойланатын адам етiп көрсеттi.
Оның ойынша "қазақ елiнiң алдында тұрған бiр жақсылық, бiр жаманшылық бар. Жаманшылығынан құтылу қиын. Жақсылығына жету қиын. Жаманшылық – бұл өлкелердегi ұлық, чиновниктер жемнен, шеннен басқаны аңғармайтын керең, меңiреулер. Жақсылық – орыстың өнерi. Бiрақ оның қазiргi қазақ қауымына бар сыры, бар түрi жұмбақ. Бүгiнгi қазақ, орыс дегенде – Селантий, Сергейлердей, Тентек-ояздай өгей күштi ғана бiледi. Бiрақ Абай танып, бiлiп келе жатыр ғой. Орыстың елдiгiнде, оның ар жағында жатқан мүлде бөлек сыр бар. Ол ғажайып, қадiрлi дүние. Орыста, бұл күнде, дүние есептесетiн ғылым бар. Орыста дүние жұрты оқитын кiтап бар. Халықтың шын қасиетiн, шын елдiгiн танытқан, дүниеге танытқан асқар ойлы, даналар бар. Соның бәрi бүгiнгi қазақ қауымына бөтен, алыс, жат болып жатыр. Екi-ақ түрлi шара бар. Қараңғы елдiң Абайдай ерте оянған жалғыздары, өзiне серiктi, сол орыстың қазынасынан таппақ, алмақ керек". Михайлов Чернышевский жайын айтқанда, Абай бiр сөздi көп сұраушы едi. Онысы:
– Бiздiң қазақ сияқты елге, сол елдiң ояна бастаған азаматына, Чернышевский осы арада болса, не мәслихат айтар едi? Қандай бет нұсқап, жол көрсетер едi? Осы туралы не ойлайсыз? – деп сұрайтын.
Бүгiн Михайлов осы жөндi де өзiнше ойлап, шешкендей екен. Абайға қарап айтпаса да, ол осындай елдiң оянушысына, ойлы азаматына жалғыз жол не екенiн атап сөйледi. Талай мәжiлiстiң соңында бүгiн нақтылы, дәл мәслихат айтты.
– Ибрагим Кунанбаеч? Бар өмiрге бiр-ақ сауда жоқ. Алдағының бәрiн өзiң үшiн де, қаруым үшiн де түгел шешiп, кесiп қою мүмкiн емес. Сiз маған қазақтың жақсы бiр мақалын айтқансыз. "Жол анасы iз" деп едiңiз. Әрдайым бiреу бастайды, көп қостайды. Бiр ұрықтан жүздеген дән өрбидi. Осыны ойлап, бiздiң қауымның бiр тобы осы күнде жақсы бiр нақыл айтады. " ұшқыннан жалын қаулайды " дейдi. Осыны жадыңызда тұту керек. Дәл сiз үшiн қазiр мен екi нәрсе айтар едiм: бiрiншi – қазақтың жас буыны үшiн, мысалға алғанда дәл сiздiң өз балаңыздан бастасақ, "оқу, оқу, оқу!" дер едiм. Орысша оқу! Екiншi – оқыған мен бiлгендi халыққа жаю. Қараңғы сахараға бiр шам болса да, жалғыз қолда жалғыз ғана бiр шырақ болса да, өз бiлгенiңiздi апаруға, танытуға керек. Сол таныту үстiнде бүгiнгi қоғам бойындағы неше алуан дерттi әшкерелеп, шенеп, масқаралап алып отыру керек. Сыншы ой керек! Сiздiң халық менiң аңғаруымша – ақын халық. Қай жолмен екенiн бiлмеймiн, мен солардың домбырасына, өлең-жырына, халықтың жоғын жоқтатар ем. Халық басындағы ауыртпалықты масқаралайтын және өнерлi оқуды мадақтайтын жаңа күйлер кiргiзер ем. Сiздiң халық шешен сөздi сүйедi. Мына Семипалаттың мешiттерiндегi имамдар оқитын үгiт-өсиет сөздерден, жаңағы жырларды әлдеқашан бұрын ұғып, бұрын сүйер едi. Аңғарсаңыз керек, орыс халқына, осы бiздiң бәрiмiздi, қауым қайғысын ойлауға үгiттеп өсiрген – орыстың ақындары болатын. Рас, олар кiтаппен сөзiн жайды. Сiздерде бұл күнде кiтап та жоқ. Бiрақ мен ол үшiн қысылмас едiм. Қалай айтылса да, халық құлағына оның қамын жеген сөз жетсiн. Соның өзi аңғартады. Соның өзi оятады. Әрине! – деп, әңгiмесiнiң аяғында Михайлов күле түсiп, Абайды санынан қағып, қалжың айтқандай ажар көрсеттi.
– Чернышевскийдiң өзiне тiлдессеңiз, сiз оның менен гөрi көбiрек мәслихат айтқанын естiр едiңiз. Мен: сiз қанағаттанарлық жауап айттым, жол таптым демеймiн. Қайта Чернышевский көзiмен қарағанда, жай басатын шабан жолды айтып отыруым да мүмкiн. Сiздiң елдiң тарихы, өзге өнерлi елдер тарихынан кейiн қалғандықтан, соны айтып отырған болармын, – дедi.
Абай бұның ойын өзiнше ұғынды.
– Мен түсiндiм, Евгений Петрович. Қыстың мұзы ерiп, тоңы жiбiмеген жерге еккен дән өспейдi. Чернышевскийдiң кейбiр ойларын мұнда ұрық етiп көмуге болмайды дейсiз ғой.
Михайлов Абай ойының сергек сезiмталдығына қатты сүйсiндi.
– "Қайраулы қара балтаны шығар" деген Чернышевский жол табуға жәрдемшi. Осы үгiттi мен сiзге айтып ем ғой. Бiрақ, көресiз бе мiнеки, Ибрагим Кунанбаевич, мен қазiр жаңағы сiздiң тура қойған сұрауыңызға жауап та айта алмай отырмын. Сiздiң халық алысу жолында не әрекет ету керек екенiн жете бiлмегендiктен, жеткiзiп айта алмадым. Тек әзiргi заманда, жаңағы екi-үш түрлi шаралар, ең бiрiншi қадам екенiн Чернышевскийдiң өзi де терiс демес.
Абай көңiлiне Михайловтың бұл әңгiмесi дәл өз iшiнен шыққан сөздердей боп сезiлдi. Аса иландырып, бас идiрдi. Осы әңгiменiң аяғында Михайлов Абайдың ауылда оқып жүрген балалары турасында көп сұрасқан едi. Мұсылманша оқуы жеткен Әбiш, Мағаштай ұлдары барын, Күлбадандай қызы барын айта кеп, Абай соларды орысша оқуға беру туралы өзi ойланып жүрген ойларын айтты. Ендi бiраз отырыста, Абай Михайловтан сол балаларды қайда беру, қалай бастап оқыту туралы ақыл сұрады.
Михайлов:
– Аз жылдар iшiнде балаларыңыз орыстың тiлiн, орыс үйiнде тұрып оқып, жақсы бiлiп кетедi. Халық пен халықты, адам мен адамды теңдiк дәрежесiне жеткiзетiн қасиет – бiлiм. Тек чиновник болам, ұлық болам дееп оқымасын. "Халқым жiберген алғашқы баршымын" деп, "өзiм үшiн оқимын, елiм үшiн өсемiн" деп оқысын! – дедi.
Абай өзiнiң Әбiштей, Мағаштай аса талапты шәкiрт балаларын көз алдына келтiрдi. Солардың дәл осы Михайловтай жаңа сапалы адам болғанын көрiп отырғандай. Олардың да үстiндегi киiмi қазақы, тобықты үлгiсi емес, шаhар үлгiсiнде. Көздерiнде көзiлдiрiк, биiк үстелiнде үйiлген кiтап. Қалың томдарға үңiлген оқымыстыны, халық қамқорын, жаңа төлдiң басшысын көредi. Қазақтың жаңғырған қауымының жоғын қуған, сағымды келешегi бар балаларын көргендей болады. "Сол өмiрдi көрсем-ау! Мен жолды сендерге бердiм, бiрақ өкiнбей кеттiм өмiрден, дей аларлық болсам, армансыз әке мен болар едiм-ау!" деп, бiрталай жерге қиялдап кеттi.
Михайловтың Абай қиялына үлкен нәр берген мәжiлiсiн, жаңа келген қонақ ерiксiз бұзды. Ол Абай мен Михайловтың күнде көрiсiп жүретiн белгiлi досы – Андреев болатын.
Андреев бұл жолы Михайловтың көңiлiн көлденең әңгiмемен алаң етпек. Және Абайға да бiлдiру қажет деп Ояз кеңсесiнен естiп шыққан Тобықты елiнiң хабарларын айтып келдi. Бұл күнде Ояз кеңсесi, мировой судья кеңсесi, одан қала берсе, жандарал кеңсесi де, Тобықты iшiнен түсiп жатқан сансыз көп пiргауар, арыз, шағым, акт дегендерге толы екен. Жүздеген кiсiлердiң, таңбаларын қойғызып, немесе бармақтарын басқызып, бiреулердi "жер өртедi" деп, бiреулердi "ауыл шапты" дейдi. Тағы бiреулердi "кiсi өлтiрдi", "буаз қатынның баласын тастатты" деп, үнемi жалалап жатыр екен. Андреев осы хабарды бiлдiре отырып, Абайға сөз қатты.
– Ибрагим, сiз бұл күндегi Тобықты болыстарының iстерiн бiлмейтiн боларсыз. Түсiп жатқан арыздар, мен бiлген киргиз болыстары болса, сiздiң жақта жаңада басталған қатты бiр араздықты бiлдiредi. Әлде, биыл сайлау болмақшы ғой, соның алдында управительдiкке таласу басталды ма? Қалай да ел iшi қатты ойран болып бүлiнiп жатқанға ұқсайды! – дедi.
Михайлов соңғы жылдарда жандарал кеңсесiнде iстеу үстiнде, қазақ болыстарынан түсетiн кейбiр арыздардың өрескел жалақор, қатты шағым болатынын бiлетiн-дi. Бiр әңгiмелерде Абайға:
– Патшалық заңы киргиз сахарасын қатты аздырып барады екен. Бiр жағы – пара. Екiншi жағынан – Россия заңының киргиз салтына, әдет-заңына үйлеспейтiнi бар. Үшiншi жағынан – халық пен ұлық арасында бiтiмсiз, сенiмсiз, үнсiз қастық бар. Бiрiнен бiрi жиренiп жатырқау бар. Осының бәрiнiң себебiнен киргиз халқы заң алдында, қағаз жүзiнде өтiрiк айтуға оңай барады. Бiреудi жалғанмен жалалауды ұят та, терiс те көрмейтiн боп кеткен. Олақ әкiм, өрескел әкiмшiлiктiң бұзып үлгiргенi! – дейтiн.
Осындай оймен халықты аяйтын да, әкiмшiлiктi үнемi масқара қып, мазақтап отыратын. Жаңағы Андреев айтқан хабарды естумен қатар:
– Шағым болыс туралы ма, жоқ болыс атынан жазылған жай адамдар турасында ма? – деп сұрады.
– Шағымның барлығы болыстардың үстiнен! – деп Андреев мысқылдап жымиды да, – ұмытпасам, осы болыстардың барлығын Лосовскиймен бiрге ерiп шығып: "Халыққа жайлы, дос адамдар болады" деп, Ибрагим, сiз сайлатып едiңiз ғой! – деп күлiп қойды. Приговор берушiлердiң тағы бiр тобы бар. Олар – шын қорлық көрушiлер. Ылғи жатақ, кедейлер. Солардың бiраз жоқшылары маған келiп:"iсiмiздi ал, болыстар iстеген зорлық, қиянаттар туралы сөзiмдi жеткiз, есемiздi әпер" деп, iстерiн де бергелi жүр! – дедi.
Абай болыстар жағынан түскен де пiргауар бар екенiн бiлiп, олардың кiмдi қалайтынын сұрап едi. Андреев кiсi аттарын жадында тұтпаған екен, айта алмады. Бiрақ, өздерiнiң үстiнен арыз берген жатақтарды: "ұры деп ұстатып, абақтыға жапқызу керек" деп, пiргауар түсiрiп жатқан бiрнеше iстер барын бiлдiрдi. Михайлов ендiгi әңгiменi өзiнше қорытты.
– Бұлай болғанда, Ибрагим Кунанбаевич сайлаған, "халыққа жақсы қызмет етедi" деген управительдер қызмет етiп жатыр. Бiрақ халық үшiн емес, өздерiнiң тағы управитель боп қалуы үшiн сайлаушылардың даусын алудың қызметiн етiп жатыр ғой.
– Рас, бұл управительдерiңiз ақымақ емес, олар сiздi бiр алдап болыс болып алған да, сiзбенен есебi бiткен. Ендi болса, сiзбен тату болғаннан да губернатор, Оязға жақсы көрiну артығырақ, қымбаттырақ екенiн де ұғынған. Қамқоры мұндай болғанда, әрине халықтың көрер күнi қуаныш болмас. Және бұндай болыстар көп те жасайды. Сырларын бiлетiн сiздi сондай алдап отырғанда, халықты қалай алдамасын. Аз ұлық болса, ол өтiрiк бiлмегенсiп отырады, оған осындай болыстар керек. Осы iстер керек. Ол алдана ма, алданбай әдейi iстей ме, бәрi-бiр, ұлықтан шығып жатқан шығын жоқ! – дедi.
Андреев күле түсiп:
– Ұлықтан неге шығын шығады? Ол қиналған боп отырып, ашуланған боп отырып, асай түседi параны. Тыныш елден тиын да түспейдi. Тынышы кеткен елден сыйын да алады. Оның бүлiгiн басып, түзеген боп, чинiн де алады! – дедi.
Абай ана бiр жыл "ел қамқоры болар" деп, "ұятты, арлы болар" деп, өзi сайлатқан бiрнеше болыстар үшiн қазiр намыстанып та, қысылып қалды. Осы болыстардың iшiнде бiр болыс, Абайдың өзiмен бiр туысқан Ысқақ едi. Ол жаманшылықты Абайдың дәл өзiнiң қойны мен қонышынан шығарып отырғандай көрiндi.
Ендiгi мәжiлiске Абай бой жазып араласа алмады. Өз ұятымен қатты түйiлiп қап, толғанып отырып, күрсiндi де, қоштасып шығып кеттi.
2
Ералыдағы жатақтарға қаладан қайтып келе жатқан Абай мен Баймағамбет кеше кешке келген едi. Көп үйлi жиi қонған, кедей ауылдың орта тұсында тұрған қоңыр үй сыртында Абай мен Баймағамбет мiнiп келген трашпенкенiң дертесi қайырулы тұр. Қоңыр үйде жұрт таңертеңгi шайды жаңа iшiп болған. Үй иесi бурыл сақал Дәркембай, омырауы ашық көне көйлектiң сыртынан жұпыны шекпенiн жамылып, жалаң аяқ малдасын құрып, Абаймен әңгiмелесiп отыр. Сиыр мүйiз сары шақшадан алақанына салып алған насыбайын танауына оқта-текте шекiп атады. Қонағына, қазiргi отырған мәжiлiсiне көңiлi жай. Кейiстен қабағы жадырап, өзiне сүйiктi адамға дәм татқызып, қонақжай болғанына үлкен шүкiрана, ырзалығы бар сияқты. Шай ыдыстарын шайып, сүртiп, жинастырып жүрген ашаң жүздi қартаң әйел Сарқыт та өз үйiне Абайдың қонғанын ырзалықпен қабылдаған сияқты.
Күйеуi мен Абайдың әңгiме арасында әзiл қатысқан күлiскен сөздерi болса, ұдайы құлақ түрiп, ажымды қабағы ашыла түсiп, жақсы тыңдайды. Өзi де күле қостайды. Төрден есiкке дейiн шашылып жатқан кәмпит қағаздары көрiнедi. Дәркембайдың он жасар кенже баласын да осы үйдiң өз базаршысы келгендей, мәз-мәйрам етiптi. Дәркембай Абайдан қала әңгiмесiне түн бойы қанған сияқты.
– Елдiң осындағы атқа мiнген ақсақал, қарасақалын тыңдағаннан басқа бiз не көрдiк. Қазақтың жақсы дегенi сөз сөйлесе, бiреуге өткiзген әмiр-құдiретiн, күшiн айтады. Бiреу, сұм-сұрқия қулығын, айласын айтады. Бiздей кедей-кепшiктi тыңдасаң, жоқ-жiтiгiн, мұңын айтады. Сенiң кешеден бергi, анау патшаны өлтiрген, ел үшiн жанын отқа салған азаматтар туралы айтқан сөзiң менiң көңiлiме әсiресе қонады-ау, Абай. "Тұзы сор, еңбегi еш қара халықты ойлайтындар бар. Солардың мұңын мұң етiп, жанын отқа салып, көпке келер жақсылықты ойлайтын азамат бар. Ел оянса, ырысқа жетсе, солардың жолы болған.күнi жетедi" дейсiң. Бұл айтқаның, осы мынау тiрсегi қиылған бөлтiрiктей боп Ералыда шоңқайып отырып қалған көп жатақтың да сойыл соғары ғой. Жоқшысы ғой! – деп, бiраз насыбайын шекiп, ойланып отыр. Кешеден бергi Абайдан ұққан сөзiнiң бәрiн жиып кеп, жүйрiк тiлмен түйдi.
– Е-е-е! Күштiлер ненi айтады? Күшсiзге еткен зорлығын айтады. Күшсiз ненi айтады? Күштiден көрген қорлығын айтады! – деп топшылағанда, Абай Дәркембай ойының сергектiгiне таңдана қарады.
– Бәрекелде! Кешеден бергi кеңесiмiз өзiңе сондай бiр жақсы түйiн түйгiздi- ау. Мынауың бiр мақал болатын сөз ғой. Ақыл – малға бөккен бай-бағланда емес, азаппен сор кешкен жаралы, жарлы ойлыда десеңшi! – дедi.
Дәркембай өзiн мақтаған Абай сөзiне сабырмен ғана күлдi де:
– Менi ақылды етiп, халықтың ағасы етесiң бе? Кедейдiң шешенi болса, "судан шыққан судырақмет" дейдi. Қу таңдай тақылдады да бiттi дейдi. Ақылсыз болса, "жарлының жарым есi" дейдi. Тiлi болса "бұның сөз не теңi?" деп және мысқыл етедi. Сөз әперген есенi көрген жоқпын ғой, Абай! – деп, Дәркембай өзiнiң ендiгi айтайын деген мұңына қарай басты.
Кешеден берi Абайдың келгенiне сүйсiнiп отырғанда Дәркембайдың бұған шақпақ үлкен мұңдары болатын. Оның кейбiрi өзiнiкi болса, тағы бiр алуандары осы арадағы көршi-қолаң, кем-кетiктердiң мұңы.
Қаладан шаршап келдi деп, түн бойы Абайға өздерiнiң шаруаларын, шағымдарын әдейi айтпай iркiлген Дәркембай әңгiменi Абайдың аттанар кезiне әдейi қалдырған болатын. Қазiр бұл үйге бiрен-саран көршiлер де кiрген едi. Ол Абайға белгiлi: Дәндiбай, Еренай және осылар құралпас, Көтiбақ iшiнен жатақ қалған Қареке болатын. Қазiр Абай қасына қырық-елу үйлi жатақтың төрт-бес шалы әдейiлеп iрiктелiп келiп отыр екен. Жаңа келген қарттардың барлығынан, Абай егiндi қалай салғанын, қазiргi iшiп-жемi, күй-жайлары қалай екенiн жеке-жеке сұрастырды.
– Миялы-байғабыл жатағы, егiндiк жерлерiң тәуiр едi. Өндiрiп егiн салғаның кiм болды? – деп әуелi Дәндiбайдан сұрады.
Дәндiбай, "өндiрiп" деген Абай сөзiн қайталап, күлдi де:
– Шырағым, Абай-ау! Өндiретiн бiз бе едiк? Бұ енеңдi... Итке мiнiп, ирекпен қамшылаған.қырсық шалған күнде, құдайдың берейiн деп тұрғанын да ала алмайтын мешеулiк бар емес пе? Сол Миялы-байғабылында отырған ұзын саны жиырма үйдiң жиыны жиырма жер егiн салмаған соң, несiн мақтан етейiн.
– Салғаның шығатын ба? Егiн тарпы биыл қалай болатын? Азының да береке сi бар ғой! – деп Абай сұрағанда, Дәндiбай, Дәркембай, Еренай үшеуi қатар үн қатысты.
– Береке деймiсiң.
– Берекенi бұйыртса жарайды ғой
– Береке iздеп әрекеге соғамыз ба!? – десiп үшеуi қатар, күдiкпен мұңдарын сездiрдi.
– О не дегендерiң? – деп, Абай Дәркембайға қарағанда, үй иесi бағанадан айтпақ болған мұңының бiреуiн бастады.
– Былтыр "берекенi көктен тiлеме, еткен еңбектен тiле" деген бiр сөзiң есiмде қапты. Тiледiк те еңбек еттiк. Еңбегiмiзге орай, былтыр бәрiмiздiң де астығымыз Шолпанға, Кiндiктiге, Миялы-Байғабылға да жақсы шығып едi. Соның арты не болды. Дәл былтыр осы Ералы да болған, өзiң көрген жанжал сайлаудың артынан бiз тұралап қалған жоқ па едiк...
– Балтамтаптың аяғы Бүрлiбайдан тарқамады ма?
– "Жаман, жыртық лашығыңа жоқшы болам деп, Оязбен шатақты шығарып қырсық жасаған сендерсiң"– деп Тәкежан, Майбасарлар, қырсығын әкеп бiздiң былтырғы егiнiмiзге тигiзбедi ме? Береке деген со ма? Жайқалып тұрған егiнiмiз ендi пiсiп, ендi орақ саламыз дегенде, бiр түнде, бес ауылдың жылқысы қаптап, тып-типыл қып кеттi ғой! – дедi Еренай. Ол Дәркембайдың сөзiн бөлген бойында, былтырдан Абайға мәлiм болған аса бiр арманды арызын айтып кеттi.
Абай бұл сөздiң төркiнiн бiлушi едi. Былтыр болыстықтан түсiп қалған Тәкежан және осы жатақтар егiн салған қоныс-өрiстердi күзек ететiн Ырғызбай, Көтiбақтар бұл елдiң егiнiн әдейi қырсық жасап, жегiзiп қойған. Мезгiлiнде Абай, осылардың егiнiн жеген ауылдардың бәрiмен қатты ұстасып, көп айтысып дауласқан болатын. Бiр топ бай ауылдардан Асылбек болыс арқылы осы Еренай, Дәндiбай, Қарекелерге мал кескiзiп берген-дi.
Бiрақ қазiргi ақсақалдардың жиылып кеп Абайға айтып отырғаны, тағы сондағы мұң болатын. Себебi мал кесiлгенмен, жуан ауылдар бұлардың ақысын бермей кеткен. Осылардың адал ақысын әлi күнге бермеген зорлықтың жөнiн Абай ендi бiлдi. Дәркембай осы күйдi айта отырып, жақында, Арқатта, Сыбан мен Тобықты, Уақ арасында болғалы жатқан сиязды айтты. Абайға бұлардың ақылдасқаны – "көп елдiң арасынан күш құрап, көлiк қамдап, адал ақыларын жоқтап баратын кiсi шығарса, сол барып арыз айтар iс болар ма едi?" Осыны сұрайды.
Абай бұл сөзге жауап бермей тұрып, тағы қандай көрген көресi, мұңдары барын сұрастырды.
– Биылғы көктемдегi егiстерiңе тигiзген залалдары болды ма? Немесе егiн салып, бейнет кешiп жатқан шақтарыңда көлiк берiп, ат майы дегендi берiп, қарайласқан ағайын болды ма? – деп сұрап едi.
Қарттар Абайдың бұл сөзiне де күлдi. Қареке кеңкiлдеп, кекеткендей, кесек үн қатып:
– Ойбай, сығыр-ай, не деп отыр? Бергенге бередi. Берер түгi жоқ өңшең ыңыршаққа қандай орайы қайтады деп бередi! – дедi.
– Бергендi айтасың, тап осы Қарекенiң егiнiне, жаңа көктеп келе жатқанда, тағы жылқысын түнде жайып кеткен жоқ па, ол ағайын болмысың!
– Онысы ол ма, ат бермек түгiл, өзiмiздiң бiр-бiр шолағымызды тағы қағып кеткенiн айтпайсыңдар ма! – деп, Еренай мен Дәркембай жаңада көрген тың бiр өктемдiк зорлықтың бетiн аша бастады.
Бұл соңғы сөздiң жайын қалада ұзақ жүрген Абай естiген жоқ едi. Соны сұрай бастағанда Дәркембай тағы бiр ауыр қиянаттың бетiн ашты. Бұның ұзақ әңгiмесiнде, Абайды қатты қысылтып ұялтатын да сыр бар.
...Жатақтар былтырғы ала алмаған ақысын биыл қайта сөз қылғанда, көктемде осы өңiрлерге көшiп келген Тәкежан, Майбасар, Күнту, Байсал аулы, Қаратай аулы сияқты жуан ауылдар ашу шақырып, зiл көрсетiптi. Соның салдары болу керек, – егiн жаңа қылтанақ берiп келе жатқанда, жаңағы ауылдар өздерiнiң тұс-тұсындағы осы отырған жатақтардың көбiнiң егiндерiн жылқысына таптатып, қатты зияндап кетiптi. Еңбегi үшiн жаны күйген жатақтар арлы-берлi аласұрып шабуылдап, әркiмге шағып көрген екен. Түк шығара алмапты.
"Обал ғой, адал ақысы ғой, табан ақы-маңдай терi ғой, бұларды жылатпау керек қой" деген сөздi айтқан бiрен-сарандар болса да жуан ауылдардың өкпе, наразылығынан өздерi жасқанып болыспапты. Жанашыр сөздерi өз үйлерiнде, ерiннiң емеурiнiмен ғана айтылыпты да, сол күйде қалыпты. Тiптi жаны күйген соң Байғабылдағы Дәркембай, Дәндiбай бастаған Бөкеншi, Жiгiтек жатақтары Қашамадан қайтып келе жатқан Тәкежан жылқысынан күнде егiнге түсе беретiн болған соң, бiр-екi жылқыны ұстап, түнгi жылқышысымен төбелесiп те қалған екен. Ертеңiнде қайдан жиылғаны белгiсiз, иықтарына сойыл салып, осы жатақтың құрымын шауып алатындай боп, жүздеген қара шоқпар келiптi. Ат ойнатып, Дәркембайдың өзiн сабарман болып, ұстап алған жылқыларын қуып алып кеткен. "Егiнiмдi жедiң ғой" деп зарлап барғанда, аяғының ұшына отырғызбай, әке бабасынан боқтап, Тәкежан мен Майбасар қуып тастапты. "Елдiң сұрқын кетiрiп, қайдағы сұмдықты бастағандар. Жер тырмалап, қоныс-өрiсiмнiң құтын қашырған сұмырайсыңдар" деген. "Ел iшiнен аластайтын өңшең жiтiкке, саяқсың" дептi. "Былтыр басымнан дәрежеңдi алғызған сен қыршаңқылардың кесiрлерiң. Баяғыда атаң бiр туса да, ағайыным сен емессiң. Сенi Тобықты санынан садаға ғып шығардым. Жатақ болғыш болсаң, егiн еккiш болсаң, кет ана Белағашқа, мұжыққа кет. Сонда барып орыс бол! Неге тiрi жүрсiң. Неге сен құрымайсың" деп, айтпаған сұмдығы, етпеген қорлығы жоқ екен.
– Ол, ол да емес екен. Соқадан бiр-бiр шолағымыздың жаңа босағаны сол едi. Айға жуық уақыт болып қалды. Осындағы жетi үйдiң жетi бiрдей атын бiр түнде ұры алып кеттi.
– Тәңiр-ай, айналаң өрттей жаулық болғанда, ортада қап отырған бiр түп шидей, қалт-құлт күйiмiз бар едi. Тiлеуiң құрғырлар, тым құрса осы отырған елу үйдiң кiм екенiн ойласа еттi. Бiрi болмаса, бiрiнiң босағасында шiрiгендер едi ғой. Ата-бабасымен отымен кiрiп, күлiмен шыққандар.едi. "Бишаралар, тырбанған екенсiң, сендердiң де шыр бiтiп, бүйiрiң шығып.жүретiн күнiң бiр болсыншы!" деп жаны ашымас болар ма! Ендiгi кеп отырған қыстығы, мүлде қасқырдай! – деп Дәркембай тағы мұңға кеттi.
– Жаңағы жоғалған жетi атты бұл арада жоқ-жiтiк тапсырған соң, осы төртеумiз жоқшы боп, iздеп шығып ек. Алыстың ұрысы емес екен. Қызыл-моладан шығардық. Алған – Ақымбеттiң ұрылары. Шығырып берген қу мен сұм және табылды. Қолда барымызды, айтушыға, "жүрек жардыға" берiп, ендi малымызды қайтарамыз деп жүргенiмiзде, тағы бiр пәле сап еттi. Қызыл-моланың болысы өзiңнiң iнiң Ысқақ емес пе! Ұрыдан малымыз шыққанда: "Болыс өзiмнiң Ысқағым, әпермей қоймайды, көзiңдi ашып қара"– деп Ақымбеттың ұрыларын жан алқымға алып.көрiп ек. Ол ойысарман да болып едi. Қиялап айтқан дауы: бұл ұрлығым емес, өз елiңнiң адамы Серiкбайда кеткен еселi малым бар-ды. Сол. "осыны ал деп шығарып бердi. Серiкбай мен сен жатақтың дауың бар көрiнедi. Әуелi сол жақтан арылып кел. Бiзге бұл малды ұстатқан Серiкбайды алып кел " демесiн бе. Қайта оралып мұнда келсек, ағайынға шағайық десек, былтырдан берi ол Серiкбай қу Қашаманы қыстайды екен. Қашама Тәкежанның жерi екен. Сүйтiп келсек, Серiкбайды Тәкежан бiздiң көзiмiзге көрсететiн емес. Шаң тигiзетiн емес. "Жатақ тантырамасын, Серiкбай да өздерiңдей жоқ-жiтiктiң бiрi. Оған мен болысамын. Жатағым, кем-кетiгiм деп болысамын" деген боп, жарлының жасақшысы бола қалыпты. Серiкбай деген итi, сүйтсек, Тәкежанның өзi сүйеп, өзi құрық берiп.жүрген ұрысы деседi. Ұры болмаса, түк кәсiбi жоқ ел ортасына сыймай отырған малы жоқ, қуарған жалғыз үй, қудала, қу медиен, елсiздi қыстау ете ме? Қойшы, қысқасы Серiкбай қолға түспедi. Жылыстап тайып ол кеттi. Ал Ақымбетке сенделгеннен сенделiп, мына төртеуiмiз тағы барсақ, ендi ол жақты да құдай ұрып.қапты. Тәкежан Ысқақ болысқа, өзiңнiң iнiңе, хат жазып, кiсi шаптырыпты. "Жатақ менiң жауым, бұлардың малына жоқшы болма, болыспа. Қайта, тiрсекке бiр салып қуып таста!" дептi. Ендi бiзге қарсы дем берген сөздi Ақымбет Ысқақ болыстан естiптi. Жетi iрiңдей ат түгiл, жетi тулақ та ала алмай, ұлып қайттық. Мiне, жаңағы айтқан сияз болса, былтырғы егiн, биылғы егiндi айтып және мынау бар кедейдiң бұт артқан жетi шолағын, күн көргiшiн iздеп соған барсақ деп ек. Осыған ақылыңды өзiң айтшы! Сенiмен сөйлесiп отырған – тек осы қасыңдағы төрт шал деме. Исi елу үйлi жылаулар, жатақ! – деп бiтiрдi.
Абай бұл әңгiмелер уағында әлденеше рет қабақ түйiп, кейде ашумен, жағын тiстендi. Әңгiмесiн қатқыл үнмен, шешен тiлмен сөйлеген Дәркембайға қарап, көз алмай отырып, бiрнеше рет күрсiнiп те қойды. Iшiнен өз ағасы Тәкежан iсi мен өз iнiсi Ысқақтың қылықтарына қинала, ызаланып отыр. Намыс, ұят, жиренiш бәрi де у толқынданып, саналы кеудеде, күз тұманындай шұбалады. Жазықсыз жүйрiк қарттың сөзiн тыңдап отырғанда, қатар жарысқан бiр жол өлең оралады. Ырғақты бiр сөйлемдi осы жерде тауып, iшiнен көп қайталайды.
…Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек.
Ар уялар iс қой. Керең сана, бiтеу кеуде, жемiт қарын бар. Оларға ар не, жанашыр не, әдiлет не!
Дәркембай әңгiмесiн бiтiрiп, үй iшi бiраз уақытта жым-жырт тынып қалған кезде, Абай жаңағы өз ойын сөйлей аяқтады:
– Осынша жауыздықты iстеп отырған менiменен бiр әке, бiр шешеден туған – бiрi аға, бiрi iнi болмыс. Сендерге солар үшiн мен де қылмыстымын. "Арсыз қолым iстедi, арлы бетiм ұялды" дегенiм кiмдi жұбатады? Сендердi не деп уатады! – деп, Абай қарт достарына басында бөгде көрiнген, бiрақ кейiн сыры танылған бiр әңгiме айтып кеттi. Ол, қалада Михайловпен сөйлескен көп мәжiлiстен туған жай едi. Соны баяндай отырып, өз басына халық турасында ендi келген бiр күрделi ойға кеттi. Бұл ойын осы арада тауып, дәл осы арада айтып та кеттi.
– Сона бiр кезде, жатаққа кеп қосылғаныңды айтқанда, менiң осы күнге шейiн, көкейiмнен кетпестей бiр шын сөздi сөйлеп ең, Дәркембай. "Күйi бiрдiң – күнi бiр. Туысым – аталасым емес, өзiммен мұңы бiр, бейнетi бiр жатақтар" деп ең. Соныңды мен халық қамын ойлайтын бiр ойшыл орыс азаматымен әңгiмелескенде, тағы да жақсы ұғына түстiм. Бейнет иесi болған бұқараның мұңдасы, тек қазақ iшiнде емес, өзiңдей қорлық пен зорлыққа шiрiген қалың миллион қара халық – орыста да бар екен. О да руым орыс деп, аталасым деп, патшасы мен шенеунiгiне, төресi мен ұлығына ден қойып отырған жоқ. Қайта "қан сорғышым, обырым осы" дейдi екен. Дәл жаңағы өзiңдей. Ойласам, Көкше-мамай руынан ашыққан кедей жатақтардың ғана мұңы бiр емес. Олардың Сiбiр мен Ресейдегi бар орыс жатақтарымен де ұраны, мұңы бiр екен! – дедi.
Өз ойының бұл өрiске жеткенiне Абай өзi де сүйсiнiп күлдi. Оның сөзiнiң шындығына әлi түгел ойы жетiп болмаған Дәркембайлар күдiктенiп күледi, Абай тағы сөйлеп кеттi:
– Тағы ойласам, Тобықты-керей, Қаракесек-найман iшiндегi болыс атаулы Семей мен Омбы, Орынбор-мәскеу атаулыдағы барлық төрелер тобымен ұрандас екен. Бұны ұрсаң оған, оны соқсаң бұған тиетiндей сыры бар екен, қарт достарым. Жаңағы айтқан орыс ойшылы бұқара мұңын жоқтайтын асыл азамат. Сол айтыпты: "Қалың ел, өзiн сорлатқан ұлық зорлығынан арылу үшiн, басқаға жалынбасын, өзiнiң қайраулы қара балтасына жалынсын" дептi! Кейде сендердiң мұңыңды тыңдап отырып, "шiркiн, сол қара балтаны осы қазақ сахарасындағы талай дерт, мерездiң тамырына қарш еткiзiп қадап, ұрар ма едi!" деп те ойлаймын. Қатты толқимын! – дедi.
Бiрақ бұл сөздер, сыртқа айтылғаны болмаса, Абайдың бiреуге ақыл қосқан сөзi емес. Iшкi терең түйiн ойындай. Мына отырған қарттарға Абайдың ой көмегiнен бұрын, қазiр iс көмегi әсiресе керек. Соны аңғарды да, тез өзгердi. Бұған қадала қарап отырған төрт қарттың жүздерiн жағалай барлап өттi де, ендi шұғыл берiк байлау айтты. Шалдар күтпегендей, дос көмектiң байлауы едi.
– Сияз Арқатта емес, сыртта, Балқыбекте болады. Осы кез басталып қалған да болар, қалада естiгем-дi. Пәле-жала жиынына бармаймын деп байлаған едiм. Бiрақ сендер үшiн, дәл осы үйде бүгiн естiген жауыздық зұлымдықпен бiр шайқасу үшiн, әдейi барамын. Үш күннен соң осы арадан сол Балқыбекке қарай сендер де аттаныңдар. Былтырғы егiнiң, биылғың, жоғалған аттарың – бәрiнiң дауын Тәкежан, Ысқақ, Майбасарлардан тұтас даулаймыз. Тек қырық үйлiден, "сәлемшi боп, мен келдiм" деңдер де, бiр екеуiң сол сияздың басында бол. Дәркембай, өзiң жүр. Қасыңа мына Дәндiбайды ерт. Өзiңе тартқан бұ да бiр қатты томар, ер кедейiң ғой. Байлау сол. Өзге сөз кейiн сияз басында. Тек үш күннен соң аттаныңдар. Бiз жүремiз! Баймағамбет, атты жек! – деп, Абай орнынан ширығып тұрды. Асығып қозғалып, дүр сiлкiнгендей болды.
Баймағамбет Абайдың асығып шираған көңiлiне өзiнiң шапшаң, жылпос қозғалысын жауап етiп, үйден ытқи жөнелдi. Абай тез қамданып, киiне бастап едi. Түрегелiп, желетiн, жазғы жеңiл ұзын бешпетiн кидi. Сағатына қарап, ендi шалдар жүзiн аңғарса, олар бiрдеңеден iркiлiп, дағдарып отырған сияқты. Дәндiбай Еренайға сәл бұрылып, күбiрлеп, шала сөйлейдi. Ақыл сұрап отырған тәрiзi бардай, Абай түрегеп тұрған бойында Дәндiбайға қарай иiле түсiп:
– Немене, Дәндеке? Сен бiрдемеден күрмелiп отырсың ғой. Айтшы маған, не күдiк, не бөгеттерiң бар – деп Дәндiбайдан бет бұрып Дәркембайға да қарап едi. Дәркембай салқын жүзiн бұзбастан Абайға бар денесiмен бұрылды.
– Айтқан ақылың да, байлауың да бәрi жақсы, топ алдына бармай есе тимесiн көрiп отырмыз. Бұл жұртыңды бөгеп отырған, тағы жоқшылық боп отыр. Ол Балқыбекке кем боса, екi кiсi бару керек. Дәндiбай екеуiмiздi жүр дегенiң де мақұл. Бiрақ мыналардың күмiлжiп отырғаны – "қалай жетемiз?"– дейдi. Жетi бiрдей аты кеткен жатақ ауылда, қай жетiсiп тұрған ат пен тон бар? – дедi. Бұның сөзiн қостаған Еренай:
– Бұт артар жоқ қой, Абайжан-ау! – деп едi. Дәндiбай да iлес, кекесiндi үн қосты.
– Ене, қызыңды... Кедейлiк қыр соңымнан қала ма тақымдап. Қолым жетер жерге де жiбермейдi. Шабан-шардақ қып, мешел болған баладай. Осы Ералының бойынан қозы көш жерге шығар көлiгiм жоқ. Ит арқасы қиян.г-балқыбекке немен жетейiн?! – дедi.
Абай бұл тұста да өзiнiң iсшiл байлауынан жаңылған жоқ. Тағы да тез жауап айтты.
– Бiреуiңнiң атың бар көрiнедi ғой. Ендi бiреуiңе ана мен жегiп келе жатқан шеткi ат, кiшi құла ат тисiн. Дәндiбай, жаз бойы осыны сен жайла. Жылқы отарға шығарда қосарсың. Ал, Дәркембай, жаңа сен атпен қоса, тонды да айтып қалдың ғой! – дедi.
Кеше кештен берi осы үйдiң iшiне кiргiзiлiп қойған ұзынша, жаңа ақ сандықты Абай өзi барып ашты. Содан екi бөлек кездеме алып шықты.
– Мынау, асты-үстiмен бiр шапан. Бұны, Дәркембай, сен өзiң iстетiп ки! – дегенде қарттардың бәрi, қатарынан үн қосып, сүйсiне күлдi.
– Бәрекелде!
– Көп жаса!
– Қарық қылдың ғой, қарағым!
– Азаматым аман бол! – деседi. Дабырласып, жамыраған сөздер арасында, Дәркембай Абайдың қолынан кездеменi алып жатыр.
– Бұның қалай, Абайжан-ау? Зорлықты Тәкежан iстеп, айыпты сен тартып жатырмысың немене? – дедi. Өзi де қатты күлiп, өзге шалдар мен Абайды да күлдiрдi.
– Би алдына бармай-ақ бiр ат шапан айыпты алып алды, бұл жатақ. Есе бередi деймiсiң ендi! – деп, тағы күлдi. Абай өзi де қос қартының көңiлiн сергiткенiне көңiлдене түстi.
– Үндеме, Дәркембай, бұның айып екенi рас. Бiрақ атаңа атам еткен iстердiң айыбы болсын. Тәкежан, Ысқақпен сөзiмiз алда. Олардың айыптысы болмаспын, айыптаушысы болармын. Серт со болсын. Тек соқтыққанда тайып түспей, шаншылып түс. Тоқпамбет төбелесiнiң алдында Байдалы айтты деп едi ғой: Сүйiндiк, ақылды Сүгiрден сұрамай, мына ер кедейден, Дәркембайдан сұрасаңшы деп Дәндiбай екеуiңе жүр деп отырғаным сол. Қапсырған жерлерiңнен қан алмасаңдар, күз ел бауырға түскенде, мына жиын жатақ алдында, екеуiңдi "жасық шықты" деп сынға, сарапқа саламын! – дедi. Үй iшiн күлдiрiп алып, Еренай мен Қарекеге:
– Мұнда қалатын екi қарт, осы уәдеге екеуiңдi куә қылам. Бұларменен сын серттi күзге қоямын! – дедi.
Осы кезде: "Ат даяр" деп Баймағамбет келгенде, үйдегiлер тегiс сыртқа шығуға қамданып едi. Абайдың жаңағы сөзiне жауап етiп, қатты сөйлеп, күлiп келе жатқан Еренай:
– Сертiң серт. Онда бұл екеуiнiң билiгiн де өзiңе айтқызамын! – деп едi. Қареке Дәндiбай мен Дәркембай туралы үлкен сенiм айтты.
– Тәңiр деген, тiл мен жаққа тұсау түспесе, қасында сен отырғанда бұл екi тарланың, болыс түгiл, жандаралдан да жалтармас. Өзiң осы екеуiн текке атаған жоқсың, тауып ұстадың ғой, бала шырақ. Шешiнген судан тайынбас дейтiн, жалаңаш батырың осылар болмаса, жатақтың мүлде сорлағаны да! – деп далаға шыға бере, бұл жөнiндегi сөздi тұжырды.
Тройка орнына парлап жегiлген дүп құла мен жирен прәшкенi Баймағамбет сәл қозғап, Дәркембай үйiнiң жанынан сыздырып жүргiзе бердi. Жатақтың қоңыр лашықтарынан шыққан көп ұсақ балалар арба жанында үйiлiп тұр едi. Ендi жүргiншiлерге жол берiп, жарыла бердi. Көлеңкеде жатқан өлi жүнi түспеген арық қаншық жүдеу күшiктер, шардақ-шадыр ұсақ төбеттер шәуiлдей үрдi. Өздерiнiң шұбар тобымен арбаның артынан шулап iлестi. Еренайлар қасында, Абайды ұзатып салуға жиылған қартаң әйелдер, кәрi-жас ерлер, балалар бар едi. Солардың ортасында тұрып, Абай жаққа қарап, Еренай жақсы бiр ой қорытты.
– Құданың құдiретi, осы баланың жас күнiнен-ақ ағайын үмiтi көп едi. Сол үмiт, әлi үмiт. Зая болмай келе жатқандай. Өзiмен iстес, сөздес боп жақын бiлгенiм осы едi. Жолың болғыр, шынайы жақсылық дәме қылғызатын жас екен! – дедi. Жаңағы сөзiн салқын қабақпен тыңдап тұрған көп кедейге қарады. Жоғалған жетi атыңды әперемiн дедi. Айып-анжысымен дәл жуандардан әперемiн деп кеттi. Былтырғы, биылғы егiндерiңнiң төлеуiн әперемiн деп кеттi. Соны айтып тұрмын мен! – деп, сөзiн бiтiрдi.
Топ ортасында көп ауызбен сенер-сенбестей қайталап, соншалық мұңдық бiр сөздер айтылады.
– Жетi ат!
– Қайта әпермек!
– Есемiздi әпермек!
– Егiннiң шығынын төлетпек!
– Былтырғы егiн, биылғы егiн!
– Биылғы егiн!
– Орайын әпермек!
– Дегенi болсын!
– Айтқаны шын болса, жолы болсын! – дескен жапыр-жұпыр сөздер естiлдi. Көп жатақтардың көздерi шаң iшiнде шала көрiнiп бара жатқан арбаға қарайды. Шала үмiтi сол арбаға ере кетiп бара жатқандай. Барлық кедей ауыл болып, ұзақ қарап тұрысып қалды.
Абай бұл жолғы сапарында көп жүрiп кешiгiп келген. Михайловпен, Андреевпен ерте көктемде басталған биылғы мәжiлiстерi Абайдың өмiрiндегi көп кездесулерден бөлек. Көп дүниенiң сырын ашқан, санап бiтiргiсiз нәрлi, қызық дәрiстердей болып едi. Қалада сондықтан кешiккен-дi. Қазiр жас ортасы болып қалған шақта ел жайлаудың ең шеткi қоныстарында екен. Абай мен Баймағамбет Ералыдан шыққан соң ара қонып, қатты жүрiп, екiншi күнi кеш батар шақта ғана Құнанбай ауылдарының шетiне iлiнген едi. Жанынан жүргiншiлер қиыс өтiп бара жатқан үлкен ақ ауыл, Ботақан-ошағында отырған Тәкежан аулы екен. Бұл мол жылқылы, қалың қойлы, оншақты үй қоңсысы бар, лықыған бай ауыл болып кетiптi.
Абай Баймағамбетке:
– Бұл ауылға түспей-ақ өтемiз, – дедi.
Ұлжан аулы және соның қасындағы Абай аулы Байқошқарда. Осыдан қозы көш жерде болатын. Ел жатпай, балалар ұйықтамай тұрып, көптен көрмеген жақындарына Абай ендi тез жеткiсi кеп келедi. Жол Тәкежан аулының шеткi қара лашықтарының жанына тақау келгенде, Абайдың есiне Қаражан ең алдымен түстi. Баймағамбетке бұрылды да:
– Мынаны қарашы, Баймағамбет. Осы, дәуде болса, не қойшы, не сауыншы, күзетшi, малшысының үйiнiң бiрi ғой. Осынша құрым шоқпыт қып қойыпты. Бiр үзiк, бiр туырлықтық киiз берсе, Қаражан құдай ұрғанның, несi кетедi екен! Қалай ойлайсың!? – дедi.
Баймағамбет қатар отырған қалпында, Абайға түктi қабағын бұрып, үлкен көк көздерi жалт қарап жымия күлдi:
– Қаражаннан қайырым аз шығады ғой, Абай аға! Жұмыс ететiн көршi болмаса, жай қарiп-қасердi жиып отырған жоқ. Қызметiн iстесе де қарайласқысы келмегенi ғой! – дедi.
Бұл кезде жүргiншiлер, ауылдан қиыс өтiп бара жатып, Ботақанның мол сулы ұзын бұлағына өрiстен шаңдатып, шауып келiп қаптаған мол жылқыны көрдi. Абай бұл жылқының көлемiне көз салды:
– Осының бәрi Тәкежан жылқысы ма? Қай уақытта, қалай қалыңдап кеткен, Баймағамбет-ау? – дедi.
Сол кезде қатты шауып келiп iлескен бiр аттың дүбiрi естiлдi.
Абай мен Баймағамбет қатар бұрылып қарасты. Арғымақтай биiк қара қасқа, семiз құнанға күмiс ер-тоқым ерттеп мiнген ересек бала, Әзiмбай шауып келген екен.
– Ассалаумағалейкүм, Абай аға! – деп жанаса кеттi.
Абай баланың сәлемiн алып, аулының, әке-шешесiнiң амандығын сұрады. Бұл Тәкежан мен Қаражанның ер жетiп қалған жалғыз ұлы болатын. Жалпақ бет, қара күрең, қысық көз келген, қалың қабағы қызара сызданып тұрған, салқын түстi бала. Амандық айта салысымен Әзiмбай, шешесiнiң бұны әдейiлеп жiберген сәлемiн, жортып келе жатып, Абайға айтып келедi.
– Абай аға, сiзге апам жiбердi. "Бiздiң ауылға түспей, бзарлығын қимай өткенi несi! Кәмпитi мен қағаз шайын, қант-мейiзiн таңертең кiсi жiберiп, бәрiбiр алғызамын! Келiндер өздерi талап жемесiн!" деп айт, – дедi. Менi әдейi сiзге сәлем бер, соны айт деп жiбердi! – дедi.
Бала осы сөздi айтып болып, шешесiнiң зiлiмен Абайларды мұқатқандай кекесiн жүзбен ендi ғана күлдi де, атының басын iрке берiп едi. Қазiр қайта бұрылмақ тәрiздi. Абай оған: "тоқта, берi жүр!" деп арбаның өзi отырған жағына қарай нұсқады. Қатарласып келген Әзiмбайға ол ағалық жылы жүзбен сөз қатты.
– Қарағым, қолқаң базарлық болса, осы арбадағы тәттiнiң бәрi сенiкi болсын. Өзiң бiзбен ере жүрiп, бiздiң ауылға қон да, таңертең бәрiн алып қайт. Әкең мен шешеңе бүгiн амандаспай бара жатқаным – күн кешкiрiп кеттi. Алдымызда бәрiмiздiң де үлкенiмiз – үлкен шеше мен әке бар. Ауыл жатпай тұрып, ең алдымен соларға сәлем бермекке асығып келем. Ол бiр бөлек сөз! – деп Баймағамбетке атты бiраз ақырын жүргiздi. Арбаның салдыры бәсеңдеген кезде, балаға тағы бiраз сөз айтты.
– Өзiң үлкейiп, жiгiт боп қапсың. Шешеңнiң айтқанының бәрi бiрдей ақыл бола бермейдi. Алыстан келе жатқан ағамен амандық айтар-айтпастан, "аламын, берiп кет" деген жөн бе? Ойлашы! Ол шешең болса, мен ағаң. Бұндайды да ойлап жүргейсiң, ұқтың ба? – деп, баланың жүзiне барлай қарап едi, Әзiмбай түсiне қоймағандай. Қызыл жүзi көкшiлденiп, күрең тартып, сазара түстi. Салқын қабағы жыбыр етiп, жиренiп қалды. Абайға жауап қатқан жоқ.
Ендi Абай бұдан әңгiме сұрап:
– Мынау жылқы тегiс өз ауылдарыңдiкi ме? – дедi.
– Е, өзiмiздiкi, ендi кiмдiкi болсын!
– Саны қанша өзiнiң?
Бала үндемей, тартынып қалды. Iшiнен жақсы бiлiп тұрған жылқы санын айтуды жаман ырым көрдi. Әкесi Тәкежен, күнде түгендеп жүрген жылқының санын бала үйге айтып келгенде: "Дабырайтпа, кiсiге малыңның санын айтпа!"– дейтiн. Бала айтпаған соң, Баймағамбет Абай сөзiнiң жауапсыз қалғанына ырза болмай өз бiлгенiн айтып жiбердi:
– Биыл ұсағымен бес жүзге жеттi деп естiп едiм. Мынау жылқының қарасы содан көп болмаса, аз емес қой, – дедi.
Бала сонда да сыр берген жоқ.
Абай аз томсарып, өсiп келе жатқан бiр жамандықты көргендей, күрсiне түстi. Үнi өзгерiп, өзiне өзi айтқандай боп сөйледi:
– Осыдан он бес жыл бұрын екеумiз қатар еншi алғанда, сексен жылқыдан тиiп едi. Тәкежан болыстықты, тойғандай-ақ емген ғой. Өткен сайлауда түспегенде, бұдан да басқа болар ма едi, әлде қайтер едi! – дедi.
Қырыс қабақ бала бұл ағасын анық ұнатпай, iшiнен ашу жиып, ызаланып қалғандай. Ендi мына сөзден соң қулықты, арамдықты бiлiп қалған көңiлiне ерегес пен жуандық кеп кеттi.
– Болыстықтан түспесе дейсiз. Өзiңiз естiмеген екенсiз ғой. Жаңада болған сайлауды бiлдiңiз бе ағам тағы болыс болды. Айтпақшы, шүйiншi, осы бiр жұмадан берi бiздiң ауылдардың барлығы, жағалай той жасап, құнан шаптырып, қуаныш етiп жатыр... – дедi.
Абай балаға бар денесiмен шұғыл бұрыла қарады. Бұл өңiрде болған ең үлкен жаңалық – болыс сайлауының хабарын сұрады. Қалада жүргенде Казанцев деген крестьян начальнигiнiң осы маңдағы үш-төрт болысқа, өзi билейтiн учаскеге, сайлауға шығып кеткенiн бiлушi едi. Бiрақ кiмнiң сайланған хабарын Абайлар әлi бiлген жоқ-ты.
– Ағаңды кiм сайлады? Қай болысқа сайланды?
– Начандик Казансып сайлады. Менiң ағам Қызыладырға болыс болды.
– Қызыладырға?! Шыңғысқа кiм болды?
– Шыңғысқа, өзiмiздiң елге, Шұбар ағам сайланды. Қызылмолаға тағы да, қайтадан болыс болып, Ысқақ ағам сайланды. Сүйтiп Қажының үш баласы үш елге болыс болды деп, сонау ш-шақпақ, Жыланды, Кең-қоныс. Дөңгелек-қоныс, Байқошқарға шейiн, барлық Ырғызбай iшi мәрә-сәрә. Бiлмеген екенсiз. Ендеше дәл бiр аттай шүйiншi алады екем, Абай аға, сiзден! – деп, сөзiн бiтiрдi.
Болыс болған әкесi мен ағаларының хабарын айтқанда баланың жүзi қызарып, нұрлана жанды. Өзiнiң iшiнде жүрген үлкен бiр қуанышын iрке алмай, жасыра алмай, жарқырап бiлдiрдi.
Бұл бала әкiмдiктiң, әмiрдiң қызығын көрiп, дәмiн татып, құмартып қалған бала сияқты. Жаңағы хабарды сөйлеген тiлi мен түрiнен Абай iштей: "Мынау өзi ер жетiп қапты ғой. Талай сабақты құлағына құйғаннан, iске, сөзге ерте кiрiсейiн деп тұрған бала ғой!" деп ойлады. Сонымен қаатар, iшiндегi Әзiмбай түсiн жақтырмаған қатал сынын да iрке алған жоқ. "Қабаған ит қастанған, әлдеқандай жан шығар екен сенен? Болсаң Тәкежаннан зiлдi болармекесiң! Кесiрдi ұстасаң келiстiрiп ұстап жүрмесең нағысын!" деп өзiне-өзi түңiле ойланып, үндемей қалған едi.
Шүйiншi сұрағанға Абайдың жауап бермей, бiр ауыз да болса үн қатпай қалғанына бала тағы ыза болды. Әуелде шешесiнен жиi еститiн бiр сөздi ойға алды. "Қызғанады, бiзден малды да, абыройды да Абай қызғанады" десетұғын. Сол шеше иландырған өсиет бойынша, Абайды сырттан ұнатпайтын Әзiмбай қазiр бұның қызғанышын өз көзiмен көрiп тұрғандай. Iшiнен қыңыр қатал үкiм жасады. "Қызғанасың ғой, үнiң өшiп қалғаны сол ғой. Ендеше тағы бiр естiмеген сұмдығымды айтайын" деген ойға бекiндi. Абай баладан естiген хабарға оқыс ойланып қалғандықтан, Әзiмбай жайын ұмытып кеткен едi. Ұясына кiрiп бара жатқан қызыл күнге бiр рет көзi шағылысып, жалт қарады да Баймағамбетке:
– Айда, жүре түс! – деген-дi.
Тер басса да, кешкi жүрiстен қызына түскен пар ат пысқыра берiп, тағы жорта жөнелдi. Шымы тұтас, тегiс жазық Ботақанның тықыр шалғынында арба сықырламай, тарсылдамай, ағыза жортты. Бұлардан Әзiмбай ендi қалып қоятын жөн бар едi. Қазiр ауыл да алыстап барады. Күн кешкiргендiктен жылқы суға қанып ап, түнгi жайылысқа қарай шұбыра бастағандай. Малсақ бала Әзiмбай қара қасқа құнанның қамын ойлап, ауылға тез қайтып, жылқыға жiберiп үлгiру керек. Қас қарайып кетсе қалың жылқыны таба алмай, адасып та кетуi мүмкiн. Оның үстiне, қазiр бөтен, ел Кереймен жақын кеп iргелес отырғандықтан, жылқыға жау тигiш боп, алды-салды көбейген кез. "Құнаным жазым боп кете ме!" деген ойды да қатар ойлап үлгiрдi.
Бiрақ сонда да бала Абайлардан қалысқан жоқ. Жаңағы Абай турасында ойлаған ызалы кекесiндi, ендi оған батыра айтып қалатын бiр сөзбен аяқтауы керек сияқты. Содыр, қатал бала Абайды күйдiретiн хабардың не екенiн бiлетiн. Ол да – осы соңғы күндердiң жаңалығы. Қалың жайлау, айнала ел Құнанбай балаларының тегiс болыс болуын таң-тамаша сөйлеумен қатар, жаңағы жайды да үнемi айтатын. Көпшiлiк күйiнiп, болыстарды қарғап, ызамен құсталанып айтатын жаманат хабар едi. "Бұны естiгенде Абай жарылып кетер. Болысам деп жағаласып бiр болмаушы едi. Ендi құдiретi күштi болса, арашашы боп айырып алып көрсiн. Осы iсiм Абайды да жеңген бетiм. Дегенiме ерiксiз көндiрген, бағындырған жерiм" деп, дәл бүгiн түстегi қымызда, өз әкесi Тәкежан сөйлеген-дi. Ырғызбайдың ақсақал, қарасақалына осылай айтып отырғанын Әзiмбай көкейiне жақсы тоқып, нық аңғарған болатын. Бала, ендi сол жаңалықты, Абайдың қасында жанаса шауып отырып, еңкейiп ап, анықтап жеткiздi.
– Айтпақшы, сiзге айтуға ұмытып кетiппiн. Ағамдарды болыс сайлаған Қазансып "Базаралыны ұстап берiңдер" деп тапсырыпты. Сол бұйрықпен үш-төрт болыстың басы қосылып, пiргауарлап Базаралыны ұстатып, кешегi күн қалаға айдатыпты. Өңшең көк сауыт жасауылдар жолда қашып кетедi деп, түйеге мiнгiзiп апты. Түнде қолына, аяғына кiсен салып ұстайтын боп, айдап әкетiптi! – дедi.
Осы хабарын айтып болған бала, ендi iңiр қараңғысы түсе берген көлеңкелi кеште аппақ сұлу тiстерiн ақсита күлдi де, атының басын iрке бердi.
Абай баланың жүзiне ашумен, ажырая қарады. Арбаның үстiнде дөңбекшiгендей, жұлқына бұрылды.
– Өй, өңшең құдай ұрған! Болмай жатып тағы баяғы иттiктi бастады десеңшi! Өңшең бөрi кеуде, бөрi ауыз, жыртқыштар! – дедi.
Бөрiнiң аузы Абай есiне Әзiмбайдың жаңағы күлген аузын көргеннен түстi. Содан алған ұнамсыз бiр сезiммен әлде қалай жалғас едi. Осыдан бiраз бұрын "қабаған ит қастанған" жүздi көрсе, ендi ерiндерi қып-қызыл, үлкен ауызды, жәйiн ауыз Әзiмбай қасқырлық бiр бiтiмдi және елестеткендей болатын. Абайдың ұрыс сөзiнiң артын баланың естiгiсi келген жоқ. Ол құнанын шұғыл тартып, тоқтап қалды. Бiрақ кетiп бара жатқан арбаның артынан даурыға сөйлеп:" бар сонымен!" деп, тағы да ызалана, ақсия жымиды да, қайта бұрылды. Алыста, үлкен ақ үйлi аулының жерошақтарында жалпылдай жанған кешкi қызыл оты, iшер асқа қарай мұндалап, "кел-келдеп" шақырғандай, тамақсау баланың кешкi етке еңсесi кетiптi.қара қасқа құнанның тiзгiнiн жинаңқырап, жамбасқа сарала қамшыменен осып ұрып, ауылға қарай құйықтыра жөнелдi. Жалғыз өзi қуана көтерiледi. Алысқанын жеңгендей, шабытты көңiл тауып, сол қараңғы ымыртта жапа-жалғыз өзi: "Ырғызбай – Ырғызбай" деп айғайлап, ұран салып, құтырына шапты.
Байқошқарға Абайлар келгенде, ауыл жатқан жоқ едi. Әсiресе Абайдың қуанғаны – бұның үш-төрт баласы Ақылбай, Әбiш, Мағаш және күлегеш қызы Күлбадандар да ұйқтаған жоқ екен. Олар арбаның салдырын естiп, өз ауылдарынан айғайлап жүгiрген. Абай отырған арбаға кеп, жапыр-жұпыр қамалаған. Бiреулерi козлоға, тағы бiреулерi арбаның артына мiнiптi. Мағаш, Әбiш сияқты кiшкенелерi Абайдың екi тiзесiне отырған. Мойнынан құшақтап, сағына жабысып, даурыға күлiсiп, шексiз қуанышпен қарсы алысты. Баймағамбет ат тұмсығын, Абайдың әрқашан ең алдымен амандасатын жаны – Ұлжан үйiнiң сыртына кеп тiредi. Семiз бәйбiше Ұлжан бiр шоғыр балаларының қамау-қоршауында келе жатқан Абайды өзiнiң үлкен төсегiнiң жанында, орнынан тұрып қарсы алды. Құшақтап, сүйiп амандасты. Әйгерiм, Айғыздар да Абайға осы үйге кеп амандасқан. Алпамсадай зор иық, кең жауырын, батыр тұлғалы Оспан да келдi. Омырауы ашық ақ көйлектiң сыртынан барқыт жаға, жұқа шапан жамылыпты. Бұның қасында жас келiншегi, сұңғақ, сұлу бойлы Еркежан келiн қатар кiрдi. Оспан Абаймен жайраңдасып амандасады. Дамылсыз келiп, кесек үнмен үй iшiндегi дабырды баса сөйлейдi. Құнанбай аулының жағалай болыс болып жатқан қуанышын тағы да Абайға қайталап айтты. Шүйiншi сұрады. Абай оның шүйiншiсiне тек ақырын ғана жауап қатып, Ұлжанға қарады. "Қайырлы болсын, шат-шадыман екенсiздер, қайырлы болсын!"- дедi. Ұлжан да Абайдың оншалық қуанбаған қабағын түсiнгендей, ақырын сөйледi. "Қайыры бiрге болсын, қарағым!" деп қана қоя салды. Оспан әлi де ақсия күлiп, болыс болған аға-iнiлерi үшiн мақтана тасқындайды. Жылқының қыл түбiндей қысқа қара мұрты сояулап түксиген. Шоқша сақалы шанжау-шанжау боп, тырағайлап шыққан, қап-қара көмiрдей. Оспан өмiрдiң қай қызық, қай шаттығы болсын, бәрiн де үлкен қызумен сезiнедi.
– Тек қайыры ұзақ болсын. Қуаныш үстiне қуаныш қат-қабат! – дедi.
Абайдың Әзiмбайдан естiген соңғы суық хабарын қазiр Оспан "қат-қабат қуаныштың" бiрi есептi ұсынып отыр. Абай бiледi, Базаралыға өштiкте, ожар томырық Оспан, Тәкежаннан кем түспеген болу керек. Анау арамдығы болмаса да, өр кеуделiкте бұның да зiлi көп. "Ұстаған жерде қолы, тiстеген жерде тiсi кетедi" деп, қақпайлап, терiске әкететiн Майбасарлар аз емес. Ол қазiр өзiнiң аға бауырларының бақ-дәреже қуанышын, сол аңқылдақтық бойынша, Абайдан аулақ демейдi.
– Бұндағылар болыс болып жатыр. "Ұлыққа өз қылығымыз жақты. Өзiмiздi бiлгеннен, абыройымызды ұққаннан Қазансып өзi сайлады" дегiсi келедi. Мен оларға: "Құдайыңды ұмытпа, асып таспа. Ұлық сенiң неңдi бiлушi едi? Көктемде барып жаз ортасына шейiн қалада құм таптап, ыстыққа шыжып жатқанда, Абай тек жатыр деппең? Осы бәрiңе кеп жатқан мол абырой, мынау батпан құйрық неден? Қаланың үлкен ұлығымен күнде көрiсiп, келiсiп iстетiп отырған Абай iсi" деп, бұларды өре бастырмай жүрмiн! – деп қарқылдап күлдi.
Абай Оспанның бұған ең жақын iнi бола тұра, соншалық, қаңғып адасқанына, аса бiр қатты мысқылмен күлдi.
– Қақ қасымда жүрсең де, кейде мен туралы адасқанда, айсыз қараңғыда жүргендей, қаңғып шығасың-ау, Оспан! Бiр болыс болғанда сексен жылқысын бес жүзге жеткiзiп алған Тәкежанды мүсiркеймiн бе!? Қызыл-моланың болысы боп Тобықтының ұрысын сүйейтiн Ысқақ үшiн жанымды салам ба!? Менi жақсы көргеннен, өзiңше маған да шен бермек болғаның ба? Бұл сайлауыңа тұяқ қыбырлатқан қатынасым жоқ. Адасып, бал ашпай, жайыңа отыр! – деп тағы күлдi.
Оспан ол айтқанына да тоқтаған жоқ.
– Жарайды, қой, шырағым. Оныңа иланатын Тобықты жоқ. Осы қан жайлаудағы қалың елдiң қатқан шал, балдырлаған баласына шейiн сұрашы! Үш бiрдей Құнанбаев қатар болыс болады. Қалада қадалып, сарылып жатқан Абай, оған ат салыспайды.дегенге итiм илана ма! Қайта бұл сөзiңдi жап та, мына болыс болған аға-iнiлерiңнiң алғысын ала бер. Қайтесiң, жаңағы сөзiңе иланатын, жат түгiл, мен де жоқ. Неге иланам? Осы абыройды, тәңiр берген абыройды өзiңе өзiң қимай қасың бар ма?! – дедi қыңырайып, мойнын бұрған бетiнен қайтар емес.
Бұның ауыздығын тiстеп алғандай бетiмен кететiнiн бiлiп, Абай балалары мен шешелер көзiнше ендi ырғасып-қаржасқысы келген жоқ. Сөздi шұғылынан Әбiшке бұрып, соның оқуы жайын сұрай бастады.
– Аға, мен осы күнде орысша да оқып жүрмiн. Оны сен бiлдiң бе? Қыстаудан берi оқи бастадым! – дедi. Әбiш Абайға, үй iшiнiң сақтап жүрген жақсы бiр жаңалығын, өзiне сөз тие салысымен, ең алдымен айтты.
– О, кiмнен? Кiм оқытып жүр орысшаны, қарағым?
Ағы ақ, қызылы қызыл боп жұтынып отырған аса сұлу, биязы баласы Әбiштi Абай өзiне қарай құшақтап тартты. Маңдайынан сүйдi.
Бұны кiм орысша оқытып жүргенiн Ұлжан айтып бердi.
– Жазғытұры сен қалаға кетiсiмен, бiздiң Жидебайдағы ауылға бiр бала орыс келген едi. Бұрын бiр жыл тiлмаш та болған екен. Өзiн осы ел "бала тiлмаш" дейдi. Сол, "қалаға тұруға ауруым бар, қымызға көкке шығайын деп келiп ем, балаларың бар ғой, бәйбiше, оларды да оқытып тұрайын" деген соң, Абайдың балаларын оқытсын, кiшкенелерiн орысша оқытам деп жүрген. Сол отауда болсын деп, Ақшоқыға жөнелткем-дi. Мiнi содан берi жалғыз Әбiш емес, Мағашың, Күлбаданыңа шейiн, сол бала тiлмаш Байып дегеннен оқып жыр! – дедi.
Абай өзiнен жасырын сақтап келген бұл сияқты жақсылық, жаңалыққа аса қуанды. Әйгерiмге ендi туралап жауап қатып:
– Қалай, балалар Кiшкене-молдадан оқығандай, бұдан да үздiксiз оқи ма? Өзi күтiмдi ме? – деп сұрастырады.
Әйгерiм Абайды сағындырған сұлу үнiмен жауап қатып:
– Балалар бар ынтасымен, жанын салып оқиды. Қызығып оқиды. Жайлауға қарай көшiп келе жатқанымызда, тiптi жаппалап қонған күндердiң өзiнде де Әбiш Мағаштар бiр күн қалет қылған жоқ. Тiлмаштың өзi де қазақуар, – дедi аз биязы мысқылмен сыпайы күлiп, Абай жүзiне соншалық бiр жылы шыраймен қарап: – орыс молдасы қызық болады екен ғой өзi. Сыздану, салмақтану жоқ. Баланы тiптi елiктiрiп, ойнатып оқытатын сияқты! – дедi.
Абай Әйгерiмнiң зейiндi, зерек көңiлiн танып отыр. Бас изеп, зор ықласпен күле тыңдап мақұлдады. Оспан жеңгесiн қағыта, қалжың еттi:
– Жә, жә! Құдай жолымен шариғатты үйреткен әкеңдей молданы былай қойып, жаман-жәутiк тiлмашты мақтағаның неменең? Әйтеуiр Абай орыс оқуын ұнатушы едi деп, сен екеумiз де қара таяғымси.беремiз-ау осы! Тамағымызды кенеп! – деп, Әйгерiмнiң даусына салып, мазақтап, – үнiмiз сылдырай-шылдырай түсiп әбден! – дедi. Үй ду күлген едi. Сүйтiп, Әйгерiмдi ене көзiнше қызартып, үнiн өшiрiп қойды да, қарқылдай күлдi.
Абай Әбiштен, Мағаштан, Күлбаданнан кей сөздердiң орысша атын сұрап, сынап көрдi. Таласа жауап берген балаларынан "оқу, бiлiм", деп аңсап тұрған үлкен бiр талап, ықылас таныды.
Еттен кейiн, Әбiш, Мағаш, Күлбадан үшеуiн кең шапанының екi жақ етегiмен жамылшылап, құшақтай ертiп, Әйгерiмнiң үйiне қарай жүргенде Абай iшiнен үлкен шүкiр еттi. Бағана кешке, бұған кездескен Тәкежан баласы Әзiмбайды есiне алды. Оның жаманшылықты бiлiп қалған бiтiмiнен мынау өз балалары мүлде басқа. Шын бала, әлi аппақ сүттей таза бала. Тәлiм, тәрбие күткен бала екенiн ойлап, аталық ырзалық сезгендей боп едi. Әбiштi қыса түсiп, тыста келе жатып:
– Қалқам, Әбiшiм, орысша оқи бастағаның сондай жақсы болған. Мұсылманша оқуың жетерлiктей болды. Мен биыл сенi орысшаға оқуға, ұзақ оқұға берем. Құдай бұйырса, үлкен ғалым адам болып өсесiң. Бұл менiң сен тураңдағы үлкен бiр аталық тiлегiм, балам! Менен бұрын өзiң оқи бастағаның, менi қатты қуантты, айналайын! – дедi. Маңдайға кеп қалған толық айға, кең аспанға көз салып тұрды. Iштей бiр дұға тiлек айтқандай болды. "Осынымның өмiр-жасын зая қылма, дегенiме жеткiз. Мен таппаған зор бiлiмдi, адамгерлiк қасиеттi, тым құрса осы перзентiм тапсын. Бағын аш, жасаған, жолын қыла көр!"– дедi. Осы түнде сүйiктi ұлын бауырына қысып тұрып, соншалық бiр құпия, ыстық дұға еткендей болып едi. Әбiш үндеген жоқ. Бiрақ ата мейiрiне соншалық бойсұнып, құлай ұйығандай. Өңi аппақ боп қобалжып апты.
– Құп, аға, құп! – деп қана қойды.
Әкесi мен ағасының арасындағы осы шартты, бойы кiшкене болса да, iшi соншалық сезiмтал бала Мағаш та аңғарған едi. Әбiштi құшақтап тұрған ағасын кiндiк тұсынан қапсыра аймалап алып:
– Иә, аға! – деп наразы бiр үн қатты да, – жалғыз Әбiш емес, мен де барам. Қалаға барып, мен де орысша оқимын! – дедi. Бұлардың қастарында тұрған Күлбадан да кiшкене Мағаштан қалыса алмай:
– Аға, аға деймiн, мен де, мен де барам!Менi де оқыт орысшаға. Байыптан сұрашы. Ол, орысшаны бәрiнен бұрын сен үйренесiң дейдi. Ал! Мен де барам! – дедi.
Абай тыста әлi де үйге кiрмей, балаларының қоршауында тұрып, шаттана күлдi. Күлбаданды басынан сипады. Мағаш пен екеуiнiң беттерiнен сүйiп тұрып, уәде бердi:
– Ендеше екеуiңдi де Әбiшке қосып, осы күзде оқуға бiрге апарам. Бәрiңдi бiр-ақ апарам, уәдем осы болсын! – дедi. Балаларын ертiп үйге тақағанда, Әйгерiм үнсiз ғана күлiп, үй жанында тұр едi. Ендi есiктiң киiзiн оң қолымен шалқайта көтерiп, Абайдың алдынан өз отауына есiк ашты.
ТАРАУДА
1
Балқыбектегi сиязға Абай бiр топ кiсiмен барды. Байырғы жолдастарынан қазiр қасындағы адамдары: Ербол, Баймағамбет, Шәке бар. Жәнiбекке келiп, Ерболдiкiнде қонақ болып, сияз басына қарай жүргенде, екi-үш кiсi жолдасымен Асылбек те ере жүрдi. Ол осы өткен сайлауда болыстықтан түскен болатын.
Абай қасында бұл жолы, бала жiгiттен ерген өзiнiң үлкен баласы Ақылбай да бар. Абайдың баласы аталғанымен, Ақылбай оның тәрбиесiнде емес, Нұрғаным қолында, Құнанбайдың кенжесi есебiнде өскен. Ақылбай барлық Ырғызбай iшiндегi бұла-болпаш жастың бiрi болатын. Өзi Абайға ағайын iшiнде ең тоңторыс, алыс есептi. Жай қалыс ағайынның бiрiндей.
Бұның өз қасында екi жiгiт бар. Бiрi – Қазақбай. Зор денелi, үлкен қошқар тұмсықты, шүңiрек көк көздi кiсi. Тұқымы Шеркес. Ендiгi аты Қазақбай атанған, Құнанбай аулының көршiсi. Ол жас жағынан Ақылбайдан көп үлкен, Абай құралпас. Естияр кiсi бiрге болсын деп, Нұрғаным Ақылбайға бұны әдейi қосқан. Екiншi кiсiсi – Мамайдан шыққан, Ақылбайдың өзiмен түйдей құрдас, бала жiгiт Мамырқаз. Ол ақ сұр жүздi, үлкен көздi, денелi, балуан болуға тақап жүрген жiгiт. Әрi күлдiргi, мысқылшыл тiлi бар. Өзi Ақылбайды шын достық бейiлмен жақсы көредi. Ақылбай қайда жүрсе де Мамырқазды қасынан тастамайды.
Абай тобымен келе жатқанда Ақылбай, көбiнесе, үлкен кiсiлермен бiр жүруден тартынып, аулақтай бередi. Мамырқаз екеуiнiң оңашадағы еркiн, қалжың-қылжаңы ма, әйтеуiр сөздерi бiтпейдi. Абай олардың анда-санда елсiз далада ұзақ, оқшауланып қалғанын байқайды. Кейде ағыза жарысып, үлкендердi басып озып, iлгерi ұзап кетедi. Әлсiн-әлсiн бiр тоқтап, бiр шауып жүрген, балаша жүрiстерi бар. Осыны Абай көптен аңғарып, қасындағы Шәке мен Ерболға әзiл айтып қояды.
– Ақылбайдың мына Мамырқаз шыны-ақ жақсы, тату досы ма екен? Тату болған достан кiсi осылай, ұялас күшiктердей, шұбала шырмалып ажыраса алмай жүретiн бiр шағы болады! – деп Ерболға қарады.
Ербол күле түсiп, үлкен қоңыр көздерi жалт етiп, Абайға қарады. Бұлардың өз арасындағы жас күндерiндегi қызықтас күйдi Абай айтып келе жатқанын оңай таныды. Ақылбай мен Мамырқазда Абай мен Ерболдың достығындай "достық бар шығар-ау" дегенге, Ерболдың көңiлi көнбейдi.
– Достық деймiсiң, Абай. Жастық бозбастық, сыбыр-сылтың шығар. Сондайды ойлап, жер танып қалған қулар болу керек, дәу де болса осыларың! – деп топты түгел күлдiрдi. Ербол Ақылбайлар жаққа қарады. Абай да солардың бөгелiп, ұйлығып тұрған күйлерiн бақты да:
– Кiм бiлсiн. Байдың аяңкес, болпаш мырзасы өзiмшiл, қызғаншақ болады. Өзгенiң бiлiмдi, ақылды дегенiнiң бәрiнен бойды аулаққа салады. "Бәрiнен өзiң жақсысың!" дейтiн қошеметшiнi сүйедi. Сол ма екен, қудай бiлсiн! Әйтеуiр, Ақылбайыңыз бiз сырын бiлген жiгiтiмiз емес! – дедi.
Шәке, Баймағамбет. Ерболдарды бұл сөз де күлдiрдi. Ербол әзiлiн Абайға қадады.
– Тегi, кiсiнiң он алты жасында бiткен баласы болудан сақ болу керек қолдан келсе! Бозбала кезiнде, "сен әкесiң" дегiзген баланы ондай кiсi жiгiт ағасы болған күнде де жақтырмас. Қырына ала бере ме, әлде қалай! – дедi. Бұнысы – Абайға Ерболдың ғана достығы айтқызатын батыл қалжың. Абайға аға достық қалпынан бiрде-бiр заман аумаған Асылбек, Ерболдың қалжыңын қызығып тыңдады. Ақырын, сыпайы күлкiсiмен езу тартты.
– Сүйтiп, Ербол Ақылбайды ақтау жағына шықты деңiз!
– Құрық бердi!
– Бергенде, ұзын құрық бердi!
– Өзi ерке Ақылбайды бұдан былай ауыздықсыз, жүгенсiз тарта бер деген сөз болды! – десiп, Шәке, Баймағамбеттер күле сөйлеп, бiр шетте күңкiлдесiп келе жатыр.
Бұл топ Балқыбекке ерте жеттi. Әрi өзенi, әрi ұзын қалың қырқасы да Балқыбек атанатын осы қоныс – сиязға әдейi бiр жақсы ойлап табылған. Сияз – көршiлес үш-төрт рудың бас қосқан сиязы. Сол елдердiң дауласып, ақылдасып, көп жарғыласатын орны. Ондай жиын мекенi алыс-тартысқа түсетiн рулардың ешқайсысының ортасында болмай, аулақ жерде болғаны дұрыс.
Iрге жуандық, көптiк ету деген – бұл рулардың атқамiнерiнен әрдайым қалмайтын қырсық мiнез. Балқыбек болса, бiр жағы Тобықты, бiр жағы Сыбан-найман, бiр жағы Керей жайлауының, үш жақтан кеп түйiскен орталығында. Үш ру жерiнiң бөлiгi. Кең шалғыны мен мөлдiр суы бар шұрайлы қоныстың бiрi болса да, жыл сайын бос тұрады. Үш ел бiрiнен бiрi қызғанатын жер. Бiреу қонып қойса: "Іргеңдi тарт. Сенiң меншiктiң емес. Бұл ара қоныс" деп, өзге екi ел сөз қыла түрегеледi.
Биылғы жылда, мынау үш-төрт елдiң кезiгуiне керек болған уақытта, Балқыбектен артық жер iздесе табылмайды.
Бұл жолғы Балқыбек сиязына Семей уезiндегi крестьянский начальник Казанцевтiң учаскесiне қарайтын тоғыз болыс ел жиналмақ. Тобықты төрт болыс, екi болыс Сыбан, екi болыс Уақ, Бура. Дуаны бұл болыстардан бөлек болса да, жерi көршiлес Керей де бар. Балқыбекке ең жақын елдiң бiрi – сол Керей. Олар да мына сиязға әкелiп, үйлерiн тiгiп, дiлмар, жүйрiк билерiн iрiктеп дауға шығарып, қамданып жүр.
Казанцев учаскесiнiң бар болысында, Құнанбай балаларының ықпалы қатты жүрiп тұрған кездiң бiрi осы. Соңғы өткiзген сайлаудан берi Тобықты iшi ғана емес, көршiлес Керей, Сыбан, Уақ, Бура – бәрi де Құнанбайдың үш бiрдей баласы үш елге болыс болғанын дамылсыз сөз қылатын. Сұқтанып, таңданып та, қызғанып, күйiп те сөйлегендер осылардың өздерi сияқтылар. Әр ру елдiң болыстыққа, билiкке қол артып жүрген аталы жуан ауылдары болатын.
– Ырғызбай жетiстi. Кеше аға-сұлтан болып Құнанбай тұрғанда, алапаты асты деп жұрт бiр таңданып едi. Ендi Құнанбай ел сөзiне араласпай, үйiнде жатыр. Күлге шөккен кәрi бурадай, тыным алып жатып едi. Керегi не бiрақ, ұлық пен бақ әлi осының соңында екен. Үш бiрдей бөлтiрiгi үш елдi билеп-төстейдi. Сүйтiп, бар Тобықты тағы да Ырғызбайдың жұмса жұдырығында, жазса алақанында.боп шықты. Бiр Тобықты емес, Қызыл-молаға болыс болып отырған Ысқақ Уақ, Бураны. Сыбанды да қанатымен қармай отыр. Еңкейсе Ертiсi, шалқайса Шыңғысы деген, асып тұрған бiр шағы екен ғой бұл Ырғызбайдың! – деп, көп жұрт сөйлеп жүр.
Ербол Балқыбектегi сиязға бұдан бұрын бiр барып, аз күн жұрт аңғарын көрiп қайтқан-ды. "Ел" деп, бұндайда қалың жиын халықты айтпайды. Атқа мiнген, сөз сөйлеген, әмiр-құдiрет жүргiзген болыс, бидi және солардың айналасындағы қоршау-қамауды айтады. Балқыбекке қарай келе жатқан жолдың соңғы кезiнде Абай мен Ербол өзге топтан кейiндеп, оңашалап қалып, екеуi ғана әңгiмелесiп келе жатыр едi.
Жаңағы Құнанбай балалары турасындағы жұрт аузындағы аңызды солай қып айтқан Ербол болатын. "Ел мiнезiн, жұрт сұрқын жақтыртпадым" деп, атқамiнер атаулыны сынап, шенеген де Ербол едi.
– Бәрiнен жексұрыны – осы күнде не көп, пара мен жем көп. Не деген көмейлер, жемсаулар екенiн бiлмеймiн! "түйенi түгiмен жұтады" деген, о бiр сыпайы обырлық екен. Айғыр үйiрлеп жылқы, жүздеп қой, матауымен түйе әкелiп жатқан дауларды да естiдiм. Онан соң қаланың ұлығы, начальнигi де құдай ұрып.бадырайтып тұрып жейдi екен. Осы жолғы Тәкежан мен Шұбардың болыстығын Қызыл-молаға Казанцев келiсiмен Ысқақ әзiрлеген тәрiздi. Жиырма жылқының ұзын-ырғасын Казанцевке бiр өзi өткiзiптi дейдi. Соның салдары болу керек, Казанцев Тобықты шетiне iлiнер-iлiнбестен Тәкежанды аузынан тастамапты. Сүйтiп, начальникке берген параның орайын, осы күнде болыстарың оң мен солдан қатар сыпалап, борсықтай сорып жатыр. Қызара бөртiп, жонданып алған.
– Билер ше?
– Билердiң де бәрi жемтiктес пе? Бидiң көбiн барлай алмадым. Бiрақ олардың да жеп жатқанында шәк-шұба жоқ. Өзiң ойласаңшы, Керей-тобықтының, Сыбан-тобықтының, Бура-тобықтының дауы болса, оны әуелi болыстар арқылы айтысады. Биге болыс айдап беретiн болса, сол болыс алдын ала ым-жымды өзi жайлайды. Биге бергенде жең ұшынан жалғасып, "анаған кессең аламыз", "мынаның кiнә сұмдығын кешсең аламыз" демей отыр ма! Сүйтiп, болыстың да парасы билiктен келедi. Содан түседi. Ал, билiк би аузымен айтылады. Аузымен адалдықты айтам деп, ас жемей, әулиелiк iстеп отыратын бiздiң Жиренше, Әбдiлда, Оразбайлар ма?
– Өй, шыныңды айтшы, Жиренше мен Оразбай да жей ме?
– Бәлi, о не дегенiң?
– Бiр кезде ел сөзiне сол екеуiнiң араласуына менiң өзiм себепшi болып едiм. Кiсiлiк абыройды ерте алып екеуi де қатты малданды деп естимiн. Тым құрса арам жемесе несi кетер едi! Әлде сенiкi үстiрт болар. Әлi де соларды адал дегiм келедi. Ал оларың және жемiт болса, онда кiмiң қалды? – деп, Абай үлкен бiр дағдарыс ойға тiрелгендей. Өзiнен өзi сұрағандай бiр сөздi айтты да, ары қарай әңгiмелеспедi.
Ербол Абайдың жаңағы екеуiне үмiт артқанын еске алды. Оларды әйгiлейтiн жаманшылықтарын әдейi айтпай, iркiлiп қалды. Жолдасының "досым" деген адамы туралы жайсыз айтса, шағым айтқандай болады. Шағым айтса, Абайдың өзi айтып жүретiн бiр сөзi бар едi. "Жақынды араз, татуды жат қылатын – өсек, сыбыр-сыпсың" дейтiн. Өзiн бұндайдан қатты тыйып ұстайтын Ербол, дағдылы мiнездiлiгiне басып, әдейi үндемедi.
Абайлар Балқыбектегi сияз басына келгенде, көпке шейiн өздерi түсетiн жайды таба алмады. Қалың үйлер, мол жиындар арасын көп жағалап аралады. Өзеннiң екi жағасындағы кең қолатқа жарысқан қатарымен тiгiлген үйлерде шек жоқ. Кей тұстарда үйлер көше болып бiрi артынан бiрi қос қатарланып созылған. Оқта-текте болмаса, жетi-сегiз қанатты үлкен үйлер аз ұшырайды. Көбiнше бұнда келген бес-алты қанатты, ықшамды жаңа отаулар. Кейбiрiнiң дөдегесiн, уық-қарын оюлап, бояулап, әшекей жүргiзген. Оюларына манат, борлат бастырған. Кей жерлерде, ақ үйлерден сыртырақта, өз бетiне бiрқатар боп, қоңыр үйлер орналасқан. Бұлар ас үйлер және атшы, аспазшы, күтушiлер жататын үйлерге ұқсайды. Осы ұзақ қатар үйлер бойында, аулағырақта желi-желi құлындар көрiнедi. Әр үй өзiнiң сауынын, мiнер көлiк, жүйрiк саңлағын да ала келiскен.
Желi бойындағы жылқылардың биелерiнен гөрi жарау, семiз, саяқ аттары көп. Өзгеше жылқы шоғыры. Осындай топ-топ жылқылар әр ауылдың, әр елдiң бөлекше таңбаларын танытады. Өзеннiң екi жағында бiрiне бiрi жалғаса, жиi тартылған желiлер сиязға тiккен үйлердiң бiр шетi мен бiр шетiнен де алысыраққа созылған. Тай шаптырымнан артық жерде ықтиярсыздық күйiне амалсыз бағынып тұрған неше жүздеген құлындар қатары бүгiн ерекше көз тартады.
Абайлар ұлықтарға тiгiлген бiр оқшау үйлердi көрдi. Осы үйлердiң тап ортасында, ылғи сегiз қанатты үш үйлерден құралған, үлкен бiр орда бар. Соның қасында, екi жағында, кiшiлеу ақ үйлердiң екеуiн бiр қосқан, үшеуiн бiр қосқан қатар үйлер және бар. Бұл үйлер айналасында әбiгерде жүрген болыс, би, әсiресе старшын, шабармандар аса көп. Күтушi жiгiт-желең дамыл алмай танау қағады .. Мырзаларынан бастап, қосшыларына шейiн киiм үлгiлерi бiрiнен бiрi бөлек рулар байқалады. Бұнда төрт сай, аласа төбелi Тобықты тымағы, жiңiшке, ұзын төбелi Керей тымағы, сырмалаған алты сай Найман тымағы, сегiз сай Уақ тымағы бар. Бiрiнен бiрi бөлек, шапан-кемзал үлгiлерi, ер-тоқым, басқалықтары да Абай көзiне бадырайып, айқын байқалады. Сыбан, Тобықты, Керей, Уақ болыстары, кандилаттары, долынжы билерi қастарына тiлмаштарын алыпты. Абайлар өте бергенде, солар ұлық үйлерiнiң алдына шығып, тегiс қатарланып қалды. Ақ китель, ақ картуз киген сарала түймелi начальниктер, урядниктер, стражниктер де шықты. Ербол бұлардың ажарына қарап, мысқылдап күледi:
– Мынаның бәрi сапқа тұрып қапты. Кiмнiң жаназасын шығарғалы тұр!
– Қой iшiнен iрiктелiп бөлiнген теке, серкелердей, бұл не көрiнiстерi екен? – деп, Асылбек те таңданып едi. Артына бұрылып қараған Шәке ұлықтардың бұл тұрысының мәнi-жөнiн бұрынырақ аңғарды.
– Ояз келедi деген. Мына бiреу көп күйме шапқылатып келедi ғой. Бұларыңыз Оязды тосып тұрғандар болды! – дедi.
Аттарының басын аз iркiп, артқа қарай Абай Асылбектер де бұрылысты. Тегiс, шалғынды, көк өлкеде, қалың нөпiр құйықтыра шауып келе жатыр екен. Бiр күйме емес, өңшең тройка жеккен алты-жетi күйме. Қоңырауларын бүлiндiре шалдырлатып тақап келедi. Бұл күймелердiң алдына жалбақтап, есi шыға шапқан көк атшабар, старшындар, күтушi атшылар сияқты қалың топ бар. Балқыбек бойын қалың бәйгенiң дүбiрiндей мол дүбiр – даурыққа салып келедi. Абай:
– Мынау жалғыз Ояз емес. Көп төренiң тобы ғой! – деп, бұл шоғырды молырақ көрдi.
Кешелер осы жиын басынан қайтқан Шәке өзiнiң болыс iнiсi Шұбардан естiген жайын жаңа мәлiм еттi.
– Айтқаныңыз рас. Бұл бiр Ояз емес. Мына Керейдiң Сыбан, Тобықтымен арасындағы дау-шары осы сиязда қаралсын деп, облыстың екi Оязы бас қосады деген. Осы келген бiздiң Семейдiң ғана Оязы емес, Қарқаралының да Оязы болар! – дедi.
Сол мөлшер дұрыс екен. Екi үлкен күйме арттағыларынан бөлiнiп, қатар келiп түстi. Өздерiне бағынатын болыс, тiлмаштарымен екi бөлiнiп, екi топ боп тарасып жатты. Абайлар бұдан арғыға аялдамай, Балқыбектi құлдап, түсетiн үйлердi әлi де iздей түсiп, iлгерi жылжыды.
Ұлықтарды түсiре салып, жан-жаққа асыға, аптыға шапқылаған старшын, шабарман, күтушiлер көрiндi. Бұндайлар әулекiленiп, құтырына шауып жүрген жолында, бөгде кiсiлердi боқтап кететiнi де болады.
– Құтырғаннан құтылғанның өзi ақыл. Қой, мына ұлықмасылардан аулақ кетейiк! – деп Ербол өз тобын iлгерi бастады.
Бұлар әлi де бiрталай уақыт ат үстiнде болып, түсетiн үйiн iздесуде жүр. Баймағамбет, Мамырқаз, Қазақбайлар желе жортып, Құнанбай балаларының тiккiзген үйiн сұрастырады. Бұларға ең алдымен Қызыл-адыр болысы – Тәкежан тiккiзiп отырған бiр топ үлкен ақ үйлер кезiгiп едi.
– Тәкежан үйiн таптық! – деп келген Баймағамбетке, Абай қысқа жауап берiп:
– Онда түспеймiз! – дедi.
Ендi iлгерi келе жатып, тағы бiр ауылға кезiккенде, Қазақбай жортып барып, хабар алып келдi.
– Һа, бұ Исхақның аулы болып шықты. Түшсәк болмас па, Абай? – деп, өзiнiң қазақ ортасында қанша жүрсе де, түзелмейтiн шала, шүлдiр тiлiмен хабар етiп едi. Абай:"оған да түспеймiз!"– дедi.
– Қызылмоланың болысы Ысқақ туысымыз болғанмен, елiне бөгде шығын жасап немiз бар? – дедi Ербол да.
Ағайынды болыстар өз үйлерiн қанаттастыра тiккiзген екен. Келесi бiр көп үйлер Шыңғыстың жаңа болысы, Құнанбай немересi Шұбардың тiккiзген үйлерi екен. Абайлар осы үйлер қатарына келгенде, бұларды бiреу қуып жеттi. Жирен жорғасын қатты тайпалтып, жорғалатып келген Шұбардың өзi екен. Даурыға сәлем берiп, аттылар тобының ортасын жарып кiрдi. Сыртынан танып келген. Абайға қатарласа берiп:
– Абай аға, мынау бiздiң үйлер. Қайда кетiп барасыздар? Тобыңызбен осында түсiңiздер! – дедi.
Ақ сұр жүзiнде сәл бiлiнер қорасан дағы бар, кең жауырынды, ұзын бойлы, атқа тiп-тiк отыратын Шұбар болыс осы.
Абай онымен жай амандасты. Үлкен лауазым алғанына қайырлы болсын айтты. Соған жалғастырып:
– Бiздi үйiңе түс деп қолқалама. Iстес боп кеп жатқан арызшы, жоқшы, алыс-жақын ағайындарың бар. Соның бәрi болыс үйiнiң қара құрық, әбiгерiн көбейтедi. Бiз мынау Асыл ағаң, Ербол бәрiмiз кеш жатып, жай тұрып, кең жайылып өскен қазақпыз. Осында Оспан да үй тiктiрдiм деп едi. Бiздiң жатып түсуiмiзге сонiкi қолайлы, – дедi.
Абайдың түспегенiн Шұбар онша құптаған жоқ. Бiрақ ендi қайталап, жабыспады.
– Ендеше, Абай аға, бiр-ақ ауыз бiр сөзiм бар едi! – деп өзгелердi iлгерi жiберiп, Абаймен екеуленiп, кейiн деп қалды.
– Артыңыздан асығып, қуа келгенiмнiң мәнi бар. Жаңа Ояз кеп түстi де, қонақ үйге жетi-сегiз болыс бiрге кiргенiмiзде, шала-шарпы амандаса салып сияз басында Ибрагим Кунанбаеч бар ма? деп, сiздi сұрады. Соның өзi өзiмiздi қуантып тастады. Мен: бар, сiзге келiп амандасады деп, өзге болыстар iшiнен бұрын жауаптастым! – деп, Шұбар өзiнiң Абай арқылы бiраз шоқтығы шығып, көтерiңкi келгенiн бiлдiрдi.
– Барып сөйлескенiңiз мақұл болар. Әр алуан дау-шармен, тайталаспен, iштей арбасып кеп жатқан жұрт бар ғой. Ұлыққа барып, тек амандасып елден бұрын жүз көрiсiп шықсаңыз, бiзге соның өзi де әлдеқандай! Абырой болғалы тұр! – деп, тағы бiр тiлегiн бiлдiрген-дi. Абай шешiлiп жауап қатқан жоқ, тек:
– Ояз кiм, Лосовскийдiң өзi ме, басқа ма? – деп едi.
Келген Лосовскийдiң көмекшiсi емес, өзi боп шықты. Шұбар айтқан есеп үшiн емес, өзiнiң таныстығы, сыйластығы бойынша, Михайлов пен Андреев тәуiр адам деп санайтын Лосовскиймен жүз көрiсуден Абай қашпайды. Қысқа қайырып:
– Барамын! Барып амандасып шығамын. Оны сен тiптi қолқа қылмай-ақ қой! – дедi де, Шұбардан айрылып алдыңғы жолдастары барған Оспан үйлерiне келдi.
Аздан соң бұл арада Тобықтының атқамiнер, ұлық, болыстарының көбi жиылған едi.
Құнанбайдың үлкен үйiне, Ұлжан үйiнiң бар мүлкiне ие болып отырған Оспан, өзi болыс болмаса да, бұл араға бес үлкен үй әкелiп тiккiзiптi.
Бүгiн осы үйлерге бiр көкқасқа сойғызып, "Ояздардан босайтын әредiкте келiп, ас iшiп кетсiн" деп, Балқыбек сиязына шоғылып кеп бас қосқан екi дуан болыстарын қонаққа шақыртып отыр екен.
Түс ауа, Абай отырған сегiз қанат үйге тамам болыс жиылды. Сыбаннан келген болыстардың ортасында арғы Найманның белдi-басты бiр жуаны – Қисықтың Жұмақаны бар. Керей iшiнен – Тойсары сияқты пысық болатын. Тобықтының Шағанынан шыққан қолшыл, жуан бел Молдабай болыс бар. Шетiнен iркiлдеген семiз, зор келетiн Мотыш руының iшiнде денесi де жуан, iсi де жуан, қырыс-қыңыр бiр болыс осы.
Бұл жиын көп сөздi емес, бiрiн-бiрi баққандар. Iштей бәрi де: "ұлық алдында кiмнiң беделi, абыройы артық шығар екен" дескендер. Сырты қырбай, iштерi арбасқан бақталас. Дәсталастар. Сөздерi жадырап, жазылып шықпайды. Бүгiн болмаса ертең болыс-болыстың шекара, қоныс-өрiстерi туралы дауласайын деп отырған Сыбан мен Қызыл-адыр дауы бар – ол Тәкежан мен Жұмақандар дауы болмақшы. Мотыш пен Керей дауы бар – ол Молдабай мен Тойсары дауы. Арада көп жылдан берi сияз болмағандықтан қалың пәлеге ұшырасып барымталасқан, ел шабысқан, жесiр үшiн сiлкiсiп жүрген Тобықты мен Керей, Керей мен Сыбан арасында, Сыбан мен Уақ, Тобықты арасында қым-қуыт, нелер үлкен даулар бар. Ертең сол iстер жөнiнде өздерiнiң шешен билерiн тiл безеп, сайысқа салғалы отыр. Мынау үнсiз, жабық болыстардың бәрi iштерiнен сондай күйлерiн жақсы бiлiседi.
Олардың дауынан, пәлесiнен бойы да аулақ, iшi де еркiн Абай, бұл жиында әлдеқайда көтерiңкi, еркiн отыр. Ол Жұмақан мен Тойсарыдан Керей-сыбан арасындағы бiр даудың жөнiн сұрады. Көптен берi осы өлкеге естiлiп тыным таппай жүрген сөз. Екi ел сол жөнде жылқы алысып, шабысып та қалған. Ол Салиқа қыздың дауы деген дау болатын. Абай осы iстiң жөнiн сұрап едi. Жауаптан iркiлiп отырған Тойсарының жүзiне Жұмақан қырын қарап, суық көз тастады да:
– Тыным тапқан ел көргем жоқ, шығын тапқан ел болмаса! Абай шырақ, бұндайда тыным таптырам десе, табылады ғой. Қыз екеш, қыз тыным-тыйым бiлмесе, елге не сорым! – деп әлдекiмдердi қызымен қоса кiнәлап, тыжыртып қойды. Бұ жолғы сиязда Керей-сыбанның қатты бiр қақтығысатын түйiндi дауы осы екенi бiлiнiп қалды.
Қонақтардан осы алуандас сөздi сұрау, шырай бұзатын тәрiздi. Абай ендi ондай сөздi тез доғарды. Аздан соң қымыз iшiп, терiсi жадырап, жүздерi шырайлана бастаған қонақтардың iшiнде ән мен өлең басталғанын мақұл тапты. Ақырын таңқылдатып Шәке тартып отырған домбыраны Абай сұрап алды да, Байкөкшеге ұсынды. Ақын Байкөкше басында Қызыл-адырдан Тәкежанға iлесiп келсе де, Балқыбек басына келгеннен берi, Оспан үйiнде болатын. Ол үндемей, жай жағалап, атшабар, старшындар жағына құлақ түрiп әр алуан сөз ести беретiн. Оспанға өз естiгендерiн оқта-текте келiп, айтып қоятын.
– Болыс атаулың, би-старшының жемге бөгiп жүр, не керек. Қолыңдағың аз көрiнсе, әлiң жетсе тек болыс бол. Ақ деп те жейсiң, қара деп те жейсiң. Саған сын жоқ екен! – деп, сыр айтады.
Оспан ондай әңгiменi сұрағыш, қызығып тыңдағыш. "Сен болыс, билер сырын қайдан бiле бересiң? Олар дегенде бармақ басты, көз қысты.деп, жең ұшынан жалғасады. Сыбырмен келiсiп, түн қараңғысында берiседi. Сенiң "көрiпкелiң" бар ма? – деп сұрағанда, Байкөкше өзiнiң хабар алғышын Оспанға iрiкпей айтатын. Сыр қып айтады.
– Сен ешкiмге айтпа. Мен бар болыстың атшабарларымен сырласпын. Алған мен бергеннiң бәрi сол қулардың қолымен әкелiнiп, әкетiлiп жатпай ма? Олар менен өздерiнiң сырын да жасырмайды. Өзге атшабарлармен сырласып жүрiп, олардың болысы еткендi де iрiкпей айтып бередi! – дедi.
Бағана Абай келiп, қонақтардан бұрын Байкөкшемен әңгiмелескенде: "не көрдiң, не бiлдiң, сияздан не сездiң, Байеке?"– деп сұраған. Сонда Оспан мен Байкөкше жаңағы екеуiнiң оңаша сөйлескен сөздерiн Абайға екеулеп отырып күле түсiп жеткiзген-дi.
Бүгiнгi болыстар қонағында, Абай домбыра берген соң Байкөкше әуелi жанынан шығарып, жиынға амандасып, сыпайы сөздердi бiр жырлап өттi. Қымыздың қызуымен желпiнiп отырған болыстар: "бәрекелде!", "өй, жез таңдай", "сайра, бұлбұл!", "ендiгi ақынның алды ғой бұл!", баяғы кәрi жел аяқтардың сарқыты ғой!", "сөйле, соқ!" десiп даурыға мақтасып едi. Байкөкше ұрты солыңқыраған, қабағы көп ашылмайтын, шоқша сақалды, тұйық жүздi кiсi. Мақтауға семiрмек түгiл, селт еткен де жоқ. Алғашқы амандасу сияқты сөз едi. Екiншi бiр термеге түсiп, текiректеп кеткенде, сөзiнiң бетi ауысып сала бердi.
"Ұлық болдың, қолың жеттi, жақсы деп аталасың. Соның бәрi рас болса, жарлыны жылатпа. Арамға болысып, адал момынды аунатып жеме, береке деген боп, әрекенiң қылығын қылма. Алғаныңды аз көрiп, елдi өзiң саралап көптiң құтын шайқама. Көпке масылын артқан көбеген болма!" деп бiр жортып өттi. Мынасы бiреудi атап айтпаса да, осы отырған болыстың көбiне жағалай нұсқаған, жайсыз сөздiң ащысы. Алғашқыдай емес, болыстар бұл тұста Байкөкшенi қостамады. Молдабай өзiнiң турашыл, қырыс мiнезiмен томырыла бастап:
– Байкөкше дегенiңмен, жай Көкше екен деп жүр ме, бұ қу таңдайды! Жата-жата жамбасқа деп, әр-берден соң тұнығыңды лайлап кететiн қу болар бұл! – дедi.
Асылбек Байкөкше турасындағы Молдабай сөзiн ауыр көрiп:
– Ақын айтса, ашып айтады. Тыңдаушы құлақ сабырлы болса нетер! – деп күлiп қана қойды.
Байкөкшенiң жырын ұнатпаған кей атқамiнерлер, сөздi басқаға бұрғысы келiп, өзара қалжың әзiлдерiн айтыса бастап едi. Абай Байкөкшенi жұртқа елеулi етпек боп, сөзге қатысты:
– Байкөкше сөзiнiң қасиетi – алғанның мақтауы емес. Тiленшi боп – ел ақтаушының сөзi емес. Бұл ел көргендi бiрге көрiп, ел айтқанды бұрын айтатын сыншы да болар! – дедi.
Тәкежан Абаймен бұл жөнде келiскен жоқ:
– Ел айтқан деп, қай ел осыған "удай ащы сөздi айт" деп тапсырды дейсiң! Өзiне құдай берген қыршаң-қылығы десеңшi! – дедi. Ысқақ та, Тойсары да осы сөздi қостап:
– Қотыр атша сүйкене жүрмей нетедi?
– Елден аулақ! Бұның пәлесiн елге жұқтырып неғыласың? – дедi.
Абай бұл жауаптарға күлдi де:
– Тура айтқан сөз, тура қабыл алына ма тегi. Бұларың да сол "тулап кетемiз, айтпа" дегеннiң ишарасы ғой. Бiр Байкөкшенiң айтқанын көтере алмаймыз, елдiң сынын қайтып көтеремiз! – деп, қатты күлдi.
– Ел Байкөкше емес! – деп Тәкежан дауласты. Осы кезде Байкөкше жүгiне түсiп, домбырасын безiлдете тартып отырып:
– Уа, ел Байкөкше, болысым! Тыңдамайтын болған соң, не керек, болмаса Байкөкше тап ел айтқанды айтады! – дедi.
– Кәнi, олай болса, елдiң айтқанын маған бiр-ақ ауыз сөзбен айтып бершi осы! – деп Тәкежан күле көтерiлiп, Байкөкшенi мысқылдай бастап едi. Өзге болыстар да Тәкежанмен қоса жауланып, Абай мен Байкөкшенi мысқыл етуге айналды. Абай осы уақытта күле түстi. Қызына жауланып ап, Байкөкшеге қарады да:
– Өй, Байеке, ендеше iркiлме. Шұбыртпа да, шұбылтпа және. Мен бiр ауыз өлеңнiң басын бастайын, соның аяғына болыстар туралы елдiң не айтатынын сен қосып жiбершi, кәнi! – дедi. Өзi де бөгелместен. Қатты дауыстап өлеңдетiп кеттi деп қалып едi.
Ойпаң жерге қауындап шөп бітеді,
Кей жігітке мал ме бас көп бітеді, –
деп қалып едi.
Жүгiнiп отырған Байкөкше көтерiле берiп, қуана жадырағандай болды, қабағын керiп жiберiп, лезде iле жөнелдi:
Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,
Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді...
– Мiнi ел сөзi! – деп, Тәкежанға қарап, сақылдап күлiп жiбердi. Үйдiң iшiндегi барлық жұрт ду күлiп, неше алуан тiлмен, таң-тамаша қалғанын бiлдiрiстi. Тәкежан қып-қызыл боп кетiп, мойнын сырт бұра берiп:
– Өй, тiлiңе шоқ түссiн, зар жақ неме! – дедi.
Абай Байкөкшеге сүйсiнген бойында, барынша нашаланып, сылқылдап күледi. Қасында отырған Ерболға:
– Байкөкше емес, болыстарыңа көктен түскен "жай көкше" болмады ма! – дедi де, осы күлген бетiнде, тысқа шығып кеттi. Ербол Абаймен ере кеттi. Болыстар алғашқы кезде күлсе де кейiн ес жия, үндеспей сазарып, топталып қалды. Тобына тұйғын араласқан үлкен дуадақ, қоңыр қаздардай. Семiз, жуан бойларымен қысылып, қорғалап қалған сияқты.
Қонақ болыстардың Байкөкше сөзiн жақтырмағанын Оспан да байқады. Ол Байкөкшенi ұнатпай:
– Жә, ендiгiңдi жауып қой! – деп, қонақтарға қымыз құйып, өз қолымен тостағандар ұзата бастады.
Бұл болыстар iшiнде өлеңге бейiмi бар тiлдi-сөздi кiсiнiң бiрi Шұбар болатын. Өзгелердiң бәрiнен жасы кiшi болса да, оқу-бiлiмге де озығы осы. Биыл болыс сайлауға жасы толмайтын болған соң бұны, жиырма алтыда деп әдейi жасын iлгерiлетiп жазып, Ырғызбай ортасы болыстыққа шығарған. Кезiнде Ғабитхан молдадан он жылдар шамасы оқып, мұсылманша молдалық дәрежесiне жеткен. Шұбар онымен қоймай, Абай үлгiсiне де өз бетiмен iлесiп жүр. Өздiгiнен, тiлмаштардан түртiнiп оқып, орысша тiлдi де бiлгiсi кеп жүрген. Бұндай жиындарда кейде алға түсiп, бұрын сөйлеп жiбередi. Өзге жастың қатарынан озғындап келе жатқан омырауы да бар.
Тәкежан, Ысқақ сияқты ағалары кешегi өткен сайлауда крестьян начальнигi Казанцев алдында, бағана келген Ояз Лосовский алдында алғаш сөйлесiп, тiлдесудi осыған артқан. Бiрер қайырым сөздi ұлықпен жауаптасып, осы Шұбар ада қып келген болатын.
Жаңа Байкөкше сөзiн ұнатпай, қыжыртқан қабақты Оспан бiлдiргенде, ар жағын Шұбар iлiп әкеттi. Байкөкшеге қарап:
– Өй, Байкөкше болмай құрып қал. Бiреуге күлiп, бiреудi iлiп қақтығып, сөйлегенiңдi "тура тiлдiгiм" дейсiң ғой. Әдептен озып, "тамағын жеп, табағын теп" дегендi саған кiм үйреттi? – дедi.
Оспан Шұбардың сөзiне бұрынғыдан да қытықтанып, ширай түскен екен. Үлкен, келбеттi жүзi сұрланып, шошақтау бiткен өткiр ала көздерi ызамен қанталай түсiп, Байкөкшеге суық қадалды.
– Мен болыс та, ұлыққосшы да емеспiн. Көп елдiң тобын бастаған жақсылары осы өңiрге жиылған соң, ағайындық ықылас бiлдiрiп отырмын. Өң шырайлары келiсiп, күлiсiп отырсын деп, әдейi үйiме, дәмге шақырып отырған қалыс адаммын. Ағайынның аласын да, таласын да қостамайтын, осы отырғанның бәрiне береке тiлеген аралық доспын! – дедi.
Бұл сөзiн жас болыс Дүтбай құптап жөнелдi.
– Бәрекелде, сөз осы, Құнекеңнiң кенжесi, исi Ырғызбайдың қара шаңырағы сенiң басыңда тұрғанда, сенiң аузыңнан шыққан сөз осы болғаны өзi бiр мәртебе! – дедi.
Бұның сөзiн Сыбан мырзасы – Жұмақан, Керей болысы – Тойсары, Шағанның Молдабайы – бәрi де құптап:
– Құп айтады, дөп сөз!
– Бiр Тобықты емес, бұл шаңырақ – бәрiмiзге ортақ шаңырақ.
– Арғын, Найман, Керей, Уақ төрт арыс бас қосыппыз. Текке қосып отырғамыз жоқ бұ жерде. Оспан мырза, бейiлiңе де, сөзiңе де бiз ырзамыз! – деп, соңғы сөздi Тойсары түйдi.
Оспан қонақтарының өзiне арналған ықыласты қабақтарын аңғарып алған соң, Байкөкшеге бiр рет көз тастап:
– Мiнi, бiлгiр болсаң, сенiң неңе дiлгiр екенiн осылай аңғарсаң еттi. Жақсы лепес, жарым ырыс деп, жақсылар алдына жақсы сөз айтады десем, неғылғаның тәңiр алғыр! – деп, Байкөкшеге мүлде зiл қабақ бiлдiрдi. Бұл шырайдың артынан мынау үйде көп отырмай Байкөкше, Шәке, Баймағамбеттер бiртiндеп сусып, Абайды iздесiп, шығып кеттi.
Осы күн кешке, ұлықтар үйлерiне көп шамдар жағылып, кешкi шайдың мол дастарқандары жайылып жатқан шақта, Лосовскийге амандасқалы Абай келген едi. Қызыл жүзiне, ақшыл кең маңдайына сахара күнi тиiп, аз күрең тартқан Лосовский, Абай кiргенде орнынан тұрып, ескi көз таныстай, ықылас бiлдiрiп, қарсы жүрiп амандасты. Екеуi ұзақ қол сiлкiсiп, амандық бiлiсiп болған соң, Лосовский жалғыз келген қонағын қасына отырғызды. Үй iшiнде өзi айналысып отырған бiр жұмысты Абайға бiлдiре сөйледi. Биiк үстелдiң шетiнде бұл қарап отырған бiр топ қалың қағаз бар екен. Көп ел атынан берiлген дағдылы арыз. Кеңсе тiлiнде "приговор" аталатын қағаз тәрiздi.
Бұл "приговор" туралы Лосовский бүгiн өз аузымен тергеу жүргiзiптi. Мынау қағазға қойылған қолдар, басылған мөрлер, барлығы жалған, өтiрiк қағаз "подлог" екенiн Абайға айтты. Абай "бұл кiмнен түскен? Не жөнiндегi қағаз екен?" деп сұрап едi.
– Сiз жақсы келдiңiз, Ибрагим Кунанбаеч. Бұл арызды жазған Мұқыр болысының адамы, жас киргиз. Күндiз оны бiр көрдiм. Iсiнiң жалған екенiн, осы араға жиылған Тобықты болыстарынан, Дағанды, Қандығатай, Еңiрекей болыстарынан да арыз берушi жiгiттiң өз көзiнше анықтап алып отырмын. "Приговор "осы сьезд боп жатқан қоныс, Балқыбек туралы. Арыз берушi жiгiт бұл "приговорды" Семипалатта"его превосходительство губернатор" кеңсесiне түсiрiптi. Балқыбек ертеде Мұқыр болысындағы Жанатай баласының жерi едi. Сыбан, Тобықты, Керейдiң бар болыстары: "ырзамыз, ендi Балқыбек арызшыға қайтарылып берiлсе екен. Жанатайұлы Көкбайдың қонысы болып бұдан былай соған тиiстi болса керек" деп жазыпты. Бүгiн келгелi тексерсем, өзге болыстар былай тұрсын, ең алдымен Мұқырдың өз болысы Дүтбай Алатаев та: "мен мұндай приговорға мөр басқан емеспiн" дейдi. Қазiр мен сол өтiрiкшi арызшыны шақырып отырмын. Бiздiң кеңселер сахараның жайын бiлмегендiктен, көп терiстiк жасайтыны рас. Қаталдықтары, кейде ақмақтыққа да жетедi. Бiрақ солардың адасуларына себеп – осындай iстер мен мiнездер. Өтiрiк үшiн ант бередi. Жалған айтып, жала жабады. Көпке қиянат жасап бұзықтық етедi. Сондайдың бәрiнде, үнемi осындай "приговор" жүредi. Қараңызшы мiнi! – деп, Ояз қалың приговордың қағаздарын Абай алдына әкеп, аударыстырып отырып, бiрнеше жерден басылған мөрлердi көрсеттi.
– Мынау печатьтар жаңағы аталған бес-алты волостной управительдердiң печатьтары, – дейдi арызшы. Ал, шынын анықтасаң, бәрi бiр ғана өзiнiң старшынының печаты. Соны ылғи танытпайтын етiп, қалың бояулап, әдейi былғап басқан. Үлкен жаманшылық! Жиренiштi жаманшылық! Және осыны iстеп отырған жап-жас жiгiт! – дедi. Лосовский өзi түйiп отырған ауыр бiр iстiң сырын ашты. Сонымен қатар алдында даяшы боп тұрған бурыл мұрт, имек бойлы стражникке:
– Шай әкелгiз. Ибрагим Кунанбаеч менiң қонағым. Менiмен бiрге шай iшсiн! – дедi.
Ояз үйiнде Абайдан басқа кiрген ел қазағы жоқ болатын. Бағана, күндiз Оспан үйiнде қонақта болған барлық болыстар қазiр мына тiзiлiп тiгiлген үш үйдiң есiгiнiң алдында. Босаға тұстарында қамалап, анталап жүрген кейбiреулерi оқта-текте ашылған есiктен, не босағадан сығалап, Абайдың дәл төрде, Ояз қасында арыз қағаздарды бiрге ақтарысып отырғанын көредi. Сыртта бiреулерi сүйсiнiп, бiреулерi сұқтанып, тағы бiреулерi қызғанышпен күңкiлдесiп, сыбыр-жыбырдан тыным ала алмай жүр. Стражник шығып: "шай, шай келтiр!" деп әмiр еткенде, болыстар тағы да таңданысып қалды.
– Шайды Абайға алғызып жатыр!
– Абайды қонақ етiп жатыр Оязың!
– Бұл сияз Тобықтының дегенi болатын сияз болды! – деп қойысады.
Соның ар жағында ертең өздерi болыс-болыс болып айтысатын, тартысатын дау-керiстер жайын да ойласып қояды.
– Ояздың аузын Абай алып қойған соң, Құнанбай балалары дес бере ме? – десiп, түңiле сөйлейтiндерi де бар.
Бүгiн түс ауа Оспан үйiнен көкқасқаны жеп, баталасып, татулық, достық айтысып аттанғанда, Сыбанның жуаны Жұмақан, Керейдiң болысы – Тойсары және Шағанның Молдабайы да Байкөкше ақынның сөзiн ұмыта алмаған. Жолай сөз қылыса кеткен-дi. Жұмақан өз қасындағы кiсiлерiне:
– Ол ақынның сөзi емес, айтқызып отырған Абайдың сөзi. Сонысы несi! Көк қасқасын айтып, қонағына шақырып ап, тәйтек ауыз бiреуiн тантытқаны несi? – деп қайтқан.
Тойсары мен Молдабай бiрге қайтып келе жатып, осы жай туралы күңкiлдескенде, Тойсары:
– Е, Молдабай, бұ Абайыңның бұнысы қай мiнезi! Ақынына бетiмiзден алғыза сөйлетiп, дегенiне жеттi де, өзi және отырмай кетiп қалды. Бұнысының не мәнi бар бұл? – деген-дi.
Молдабай:
– Қай сыры екенiн қайдан бiлейiн. Құнанбай баласы асып тұр ғой бұ күнде! Сыры ма, қыры ма? Болыс жаман болса, үш бiрдей Құнанбайдың бөлтiрiгi неге болыс бопты? Қыс бойы қалада жатып, жаз бойы сарылып ұлықпен ауыз жаласып жүрiп, Абай өзi неге аға-iнiлерiн тегiс болыс қойғызыпты? Жай бiр әддiн бiлмеген асқандық қой! – деп топшылаған.
Осылайша Абайды жазғырып қайтқан болыстар, қазiр Ояз үйiнiң айналасында шұбырып жүрiп, бiресе Абайдан ұлық алдындағы абыройды қызғанады. Екiншi жақтан, iштерiнен: "Абайдың аузын алу керек екен, татулықпен шығыссаң осы Абаймен шығысу керек екен" дескен ойды бiрiнен-бiрi бұқпалап, ойласып та қояды.
Абай мен Лосовский шай үстiндегi әңгiмеде мынау сьезд жөнiн сөйлескен жоқ. Үйткенi алғашқы әңгiмеден-ақ Абай Оязға өз жайын ашық танытқан:
– Ваше высокоблагородие, мен бұл жиынға тек көрiп қайтуға келген адаммын. Тiптi қалыс кiсiмiн. Тек бiр бишара, жатақ ауылдардың кейбiр күштi ауылдардан көрген қиянат, зорлығы бар екен. Солардың iсiне ғана бiраз көмек етермiн деп келiп ем. Егер сол арызшылардың қолы есеге жетпейтiн болса, бәрiнiң атынан өтiнушi боп өзiңiзге айтармын. Қазiр оны да айтпаймын. Тек сiзбен амандасып, шаhардың соңғы хабарын бiлмекпiн. Және ортақ таныстарымыз, қадiрлi достарымыз Евгений Петровичтiң, адвокат Андреевтiң жаңалықтарын, амандықтарын естiп кетпек боп келдiм! – деген.
– Оныңыз жақсы, бәрiнен осыңыз жақсы. Ибрагим Кунанбаеч! Сiз сахарада менiң де кең әңгiмелесетiн, жалғыз бiр мәжiлiстесiм есебiнде қажетсiз, қадiрлiсiз! – деп Лосовский Абайменен көп бөгде жайларды сөйлесiп кеттi. Бұның оқып жүрген кiтаптары жөнiнде, Петербург журналдарының газеттерiнiң хабарлары жөнiнде өзi айтқандай кең әңгiмелесiп отырды.
Екеуiнiң қазiргi мәжiлiсiн бұзған урядник. Бойына қылыш асынған, қып-қызыл дөңгелек жүздi, семiз урядник есiктен кiре:
– Ваше высокоблагородие! Жанатаев келдi, кiргiзуге рұхсат етесiз бе? – деген.
– Кiргiз! – деп, Лосовский әмiр бердi. Екiншi үйде тұрған ұзын бойлы, кең иық, қошқар тұмсық, қара сұрлау жас жiгiттi семiз урядник үйге алып кiрдi. Даусы үндi келген үлкен көз, кең маңдайлы жiгiт әуелi Оязға:
– Здрасти, ваше благородие! – деп, орысша үн қатты. Сол сәтте көзiн жалт еткiзiп, Абайға бұрып:
– Әссәламүғалайкүм, Абай аға! – деп, оң қолын төсiне қойып, мұсылманша тағзым бiлдiрдi.
Абай бұның түсiн көрген соң, бағанағы жалған арыз иесi Көкбай Жанатайұлы осы екенiн ендi аңғарды.
Үйге ере келген тiлмаш Көкбайдың қасында тұр едi. Лосовский сол тiлмаш арқылы Көкбайдан жауап ала бастады. Оның жасы жиырмада екенiн, өзiнiң Семей шаhарында Камали хhзрет медресесiнде көп жылдар оқып жүрген шәкiрт екенiн бiлдi. Руы Көкше және Мұқырдың болысы Дүтбаймен аталас, жақын боп шықты.
– Жанатаев, сенiң берген мынау приговорың жалған, подлог екенiн бүгiн маған бес болыс елдiң управительдерi мәлiм еттi. Өзiңңiң туысың, өз болысың Дүтбай Алатаев та "бұл өтiрiк арыз, подлог" деп куәлiк бердi. Сен өзiң мұсылман медресесiнде, үлкен инабатты ұстаздан тәрбие алып жүрген адамсың. Жап-жас жiгiтсiң. Бұл күнiңнен мынандай алдамшылық, қиянаткерлiк, зұлымдыққа барған соң iлгерiде кiм боласың! Мен саған қатты ызалымын. Сен әлдебiр надан емессiң. Бiлмей iстеген жауыздықтың жартылай кешiрiмi болса,, бiлiп iстеген жауыздықтың екi есе артық жазасы болуы дұрыс. Не айтасың? – дедi.
Көкбай сөйлемес бұрын, кең көмейiн кенеп, әншiлердей үндi дыбыс шығарды. Абайдың есiне жаңа түстi. Бұл Көкбай медресе шәкiртi болумен бiрге осыдан төрт-бес жыл бұрын ел iшiнде жақсы әншi едi. Абай ендi мұны толық таныды. Iшiнен ол iстеген қаталық туралы ызаланса да, жазаға қимай отыр. Көкбай тамағын кенеп алған бойында, Абай мен Оязға кезек көз тастап тұр. Басында жүзi ұялғандай күреңiттi де, артынан жүдеңдеп, қуарыңқырап, ақсұрланып ап сөйлеп кеттi.
– Тақсыр! Қылғаным жаманшылық. Бас тартпаймын. Бiрақ нелiктен iстедiм? Сонымды ғана бiлсеңiз, ар жағындағы жазаңызды жапа көрмейiн. Қайта iсiме рауа, сазайым дермiн.
– Нелiктен еттiң?
– Еткенiм, кемшiлiк-таршылықтан, ваше благородие. Мен Көкше деген атаның ұлымын. Бiр жағымда Мамай, қалың жер онiкi. Бiр жағымда Олжай, мына жайлаудағы бар жер шұрайы сонiкi. Бiз болсақ, тiлдей ғана жалғыз өзен – Бақанастың бойында, жүз үйлi ауылдарымыз ине шанышқандай отырады. Балқыбек болса, алыстағы Сыбаннан да, Керейден де, өзге Тобықтыдан да бiздiң жерiмiзге жақын тиiп тұр. Қозы өрiсiндей ғана жерде үлкен бiр өзен, кең өлке ұдайы бос тұрады. Ешкiмнiң меншiгi жоқ жер. Сол кем-тар күйiм және Балқыбектiң бостығы менi осы арызға айдап әкелдi. Пiргауарiм – өтiрiк. Мөрлерiн беретiн болыстар жоқ, олар алса бередi, құданда, дос-жарым болса бередi. Бұның екеуi де менен табылмайды. Ырзалықтарын ала алмаймын. Сонымен сырттан, өз қолымнан жалған пiргауар жасап жiбергенiм рас. Шынымды, барымды айттым. Осы жаңағы айтқан жайымның растығын, дәл мына қасыңызда отырған Абай ағам, иншалла, жалған демес, куәлiктi осы кiсiден-ақ сұрап көрiңiз. Содан кейiн не әмiр, не жазаңыз болса, мен айыптымын, хұп аламын. Алсаң мiнi бас, алмасаң алдияр бас! – дедi. Саңқылдаған зор дауыспен, арызын тамам еттi.
Абай бұл уақытта тiлмаш жеткiзген сөздердiң дәл айтылуын қатты бағумен қатар, Көкбайдың түсiн, өжет оттылығын ұнатып отыр едi. Ендi бұны жазаға тiптi қиятын емес. Ұлық бетi шынымен кәр қылуға бұрылса, Абай Көкбай үшiн ара түсудi өзiне борыш санап, бекiнiп қалған.
Лосовский көп арызқормен iстес болған. Және қазақ мiнезi мен түсiн көптен бағып, аңдағыш боп ысылған кiсi. Өзi оқымысты, ойлы, тәжiрибелi әкiм болғандықтан, Абайдың Көкбай турасында, не сезiнiп отырғанын жақсы аңғарды. Өткiр қырағылықпен аңдады. Жаңағы турашыл жауап үшiн, бойында тәкаппарлығы бар қылмысты жiгiттi өзi де күндiзгiдей емес, қазiр әлденеден ұнатыңқырап қалғандай. Ендi бұл жұмсақ сөйледi, бiрақ Көкбайға сөйлемей, Абайға айтты.
– Ибрагим Кунанбаеч! Жанатаев подлог жасай ғана бiлмейдi. Өз iсiне өзi ақтаушы, адвокат боп сөйлей де бiледi! Бұның соңғы айтқандары, iсiнiң шын себебi болуға мүмкiн бе, сiз қалай деп ойлайсыз? – деп, Абайдың куәлiгiн сұрады.
Әңгiме бетi бұлай бұрылғаны, Абайға аса ұнады. Болмаса, заңды тергеу үстiнде өзiнiң әңгiмеге қалай килiгерiн бiле алмай отыр едi. Ендi жаңағы сөздi пайдаланып, ұлықтың түсiне қарап, жуас сабырмен, күле түстi.
– Жанатаевтың приговоры өтiрiк болса да, соңғы себеп, дәлелдерiнiң бәрi анық шындық. Бұған менiң де көзiм жетедi. Толық сенiммен куәлiк бере аламын, ваше благородие! – дедi.
– Бiрақ Жанатаевтың сол шындығын айтпай, қылмыс жасауы жол ма?
– Әлбетте, ваше благородие, жол емес!
– Осындай жап-жас адам, осы күннен жаманшылық етсе, қылмысқа үйренсе, бұның келешегi кiм болады?
– Әрине, келешегi аянышты. Бiлiм алып, тәрбие көрiп шығып, тапқанының бәрiн жаман жолға салса, ол надан жауыздан, халыққа әлдеқайда зиянды жауыз болады.
– Дұрыс айтасыз, аса дұрыс айтасыз, Ибрагим Кунанбаеч. Сiздiң сахарада осы күнде кiм зарарлы десеңiз, шала сауатты, шала законщик арызқор, жалақор, жалғаншылар ең зиянды әлементтер.
– Рас, бұған бiздiң көзiмiз күнде жетумен келедi.
– Иә, олай, болса, бұл жiгiттiң зарарынан халықты қорғау үшiн, бұны жазалау керек те!
– Жазалау керек. Және сол жазасын бұл жiгiт осы арада, сiздiң алдыңызда тартып тұр ма деп ойлаймын. Жаза тек абақты емес қой. Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза. Бұл бiздiң елiмiзде оқып жүрген талапкер жастардың аз кезiнде шыққан, жалғыз адамның бiрi. Өзiне тиiстi жазасын сiз, ұрлық еткен қолынан ұстап алған уақытта, сезбейдi деп ойламаймын. Ашып көрсеңiз, ұяттан өртенiп тұрған iшi бар шығар деп ойлаймын.
Лосовский бұл сөзге күлдi де, Көкбайдың жүзiне кешiрiммен, жылы қарады. Абайға бұрылып:
– Ибрагим Кунанбаеч! Сiз Жанатаевтың сондай ұялғанына аса сенiмдi баға бердiңiз. Менiң аңғаруымша сiз сонымен бұл жiгiтке өз аузыңызбен кепiлдiк еткендей болдыңыз. Мен сiздi дұрыс түсiндiм бе, тура айтыңызшы! – деп, күлiп жiбердi.
Абай шырайынан үлкен үмiт етiп, ендi қуана қарап тұрған Көкбай да қатты қызарып, сүйсiнiп күлдi. Қазақшылап, Абайға жанап:
– Абай аға! Өмiрлiк серт деген ер аузынан сирек шығатын сөз едi. Шала долбарлап жаңағы сөзiңiздi аңғарып тұрмын. Осы ұятымнан арашалап алсаңыз, өртенуiм жетiп тұр, – дедi.
Абай Көкбай жүзiне қадалып, жаны ашыды. Шешен тiлiне қызығып, қарап қалып едi. Ендi Көкбайдың сөзi бiтiсiмен, жалт етiп, Лосовскийге бұрылды да:
– Ваше высокоблагородие, жiгiт маған антын, сертiн берiп тұр. Менi кепiл дедiңiз ғой. Сол кепiлдiкке мен тәуекел еттiм. Жанатаевтың бұл жолғы қылмысын кешiрiңiз де, маған кепiлге берiңiз! – дедi.
Лосовский ендiгi сөздi берiк бекiнiп, салқын жүзбен түймекшi боп, Көкбайға қарады.
– Жанатаев! Сен жақсылыққа, дұрыс жолға беттесең қолыңнан жақсы iс келетiн адам боларсың. Ендi сен бұзылмайтың бол. Елiңе пайдалы азамат бол. Мына Ибрагим Кунанбаечтың ақылымен, айтқанымен жүр. Мен сенi кепiлге бердiм. Ұятты, арлы адамның кепiлiне бердiм. Намысың болса, бұдан былай менiң алдыма сенiң үстiңнен мынау сияқты айыптар түсетiн болмасын! – дедi. Бұл күнге шейiн қолында тұрған Көкбайға қарсы болған қалың қағаз, үлкен айғақты ортасынан екi бүктеп, қақ айырды да, үстел жанында тұрған аласа карзинкеге лақтырып тастады.
Абай бұл түнде Лосовскиймен бiрге отырып, ұзақ әңгiменiң соңынан қоштасып, тысқа шыққанда, бағанағы, көп болыстар әлi тарамапты. Көкбай да солардың iшiнде екен. "Абай оттан суырып алды", – деп жүр екен.
Көкбайды қасына ертiп, Абай Оспан үйiне қарай бiрге кеттi. Артта қалған болыстар Абайдың ұлық алдындағы қадiр-салмағы шексiз екенiн тағы да сөз қып қалды. "Абақтыдан, айдалатын жерден ұлықтың ең алдымен кәр түйiп келген кiсiсiн жұлып алған деген осы да! Бұған ендi дауа жоқ!" дестi. Абай мен ұлық достығы туралы тағы да көлеңкеге қарап тон пiшедi. Түн бойы неше алуан аңыздар айтысты. Балқыбектiң жүздеген үйлерiнiң барлығына толып жатқан лақаптар таратысты.
2
Келесi күн, сиязға жиылған көп елдiң болыс-билерi үшiн аса бiр күдiгi мол, жанталасы, сыбыр-сыпсыңы мол күн едi.
– Екi дуан бас қосты. Екi Оязың келiп отыр. Кiм болады?
– Төбе би кiм болады?
– Кiм сайлайды бұны?
– Ояздар ел кеңесiне берiп отыр дейдi.
– Жақсылар ынтымағы кiмдi ұйғарар екен?
– Төбе би қай жақтан болса, жiлiктiң майлы басы.сол елде ғой!
– Тобықты бола ма? Сыбан, Керей, Уақ бола ма? Кiмнiң маңдайы жарылып тұр екен?
– Төрт арыс бас қосқанда, Арғын аға емес пе? Жолжүлдi Тобықтыдан бөтенге кетпес, – дескендер де бар. Ру талас, бақ таластың демi, үнi сияз басына келген, сөз қуған – атқамiнер, старшын елубасылар, атшыбар қосшылар, қошеметшiлер арасында осылайша лау-лау етедi.
Абайлар Оспан үйiнде кеш тұрып, асықпай атқа мiнiп, түске жақын ғана ұлықтар үйлерiне тақап келiскен едi. Бұлар сияздағы ұлықтар да емес. Даугер, арызқор да емес. Жай, "жиын қайтер екен!" деген қалыс тыңдаушылар. Өздерi қазiр оннан аса кiсi, қалың бiр шоғыр салт атты. Бұл топтың ортасындағылар Абай мен Асылбек. Қасында Ербол, Шәке, Байкөкше бар. Түнде Абайға оқшау жағдай iшiнде кездесiп қосылған Көкбай бар. Және соның құрбысы Ақылбай тәрiздi жастар да қастарында келе жатқан.
Абай жиын ортасында Байкөкше, Ербол, Асылбектерге, анау ұлық үйлерiнiң айналасында сабылып, сапырылып жүрген болыс, тiлмаштарды көрсетiп, әзiл өлең айтып келедi. Кеше кештен берi Лосовскийдiң босағасынан сығалап, есiгiнiң алдында анталап жүрген өз туысқандары мен өзге елдерден шыққан болыстарды Абай түнi бойы есiнен кетiре алмаған. Әлдекiмнiң аузынан "Тәкежан болыс", "Молдабай болыс", "Ысқақ болыс" деген сөздер шыға қалса, Абай ылғи сылқылдап күле беретiн. Қазiр ұлық үйлерiнiң маңында топталып жүрген әбiгер жандарды көргенде, Абай өзгерiп кеттi. Кеше кештен оралып жүрген бiр ащы сайқымазақ қазiр күлiп айтқан өлең жолдарына айналды:
Атшабар келді лепілдеп,
«Ояз шықты, сияз бар»,
«Ылау!» деп, «Үй!» деп дікілдеп,
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп...–
деп, қамшысын iлгерi созып, Ояз үйлерi жаққа нұсқағанда, Байкөкше, Көкпай, Ерболдар қарқылдап күлiсiп жiбердi.
– Тағы, тағы! Ар жағын, ар жағын айт. Келiп тұр ғой! – деп, Байкөкше қоңыр төбел атын тебiне түсiп, Абайға қарай сығылыса бердi
... Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп,
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.
Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді.
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ, - деп белімді», –
дедi. Абай кешеден бергi сөзсiз күлкiсiнiң, бүгiн мынандай оқыс өлеңмен жадырай бастағанына өзi де сүйсiнiп, топ iшiнде қатты күлдi.
Көкбай Абайдың ақын екенiн бұрын естiген жоқ едi. Ол өзi де өлеңдi артық сүйетiн. Жеңiл жортпа, шаншу өлеңдердi айта жүретiн. Абайдың жаңағы өткiр мазағына ол қызыға қосылып кеттi. Әсем, зор үнмен бiр-екi жолды о да лезде қосып жiбердi
Қойма қойып әр жерге,
Тығып жүрмін сырымды.
Жауығатын жатымнан
Аямаймын қырымды! –
деп қалды.
Абай Көкбайға күле қарады. Бар денесiмен шұғыл бұрылып:
– Өй, Көкбай, сен әншi ғана емес, ақын да екесiң ғой. Мұның жақсы! – деп едi.
Көкбай қалжыңмен, күле жауап бередi.
– Абай аға, сiздiң ақын екенiңiздi мен де жаңа танып, қостағаным ғой! – дегенде, қатар келе жатқан жастар Абай мен Көкбай екеуiне де қызыға қарасты. Тағы да айта түссе екен " дегендей бiрiне-бiрi сығылысып, құлақтарын қатты түрiп келе жатыр.
Бiрақ бұлардың тобы дәл осы кезде ұлық үйлерiнiң шетiне тақап қалған екен. Бәрлерiнiң бүйiр жағынан қатаң үнмен дауыстап, Абайларды шақырған бiр дауыс естiлiп қалды. Аттылар жалт-жұлт қарасқанда, жақын жерде дөңгелене отырған көп адамның жиыны көрiндi. Солардың орта тұсынан түрегелiп, жеңiл қара тымағын қолына алып, Абайларға былғап, шақырып тұрған Тәкежан екен. Аттылар бұрылып келiп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берiсiп, амандасып қалды. Тәкежан тұрған қалпында:
– Абай, Асылбек екеуiң аттарыңды анау жiгiттерге берiп, өздерiң мұнда қалыңдаршы. Мына Тобықтының ағайын келесi, сендерге бiр сөздi сынатқалы отырмыз! – дедi.
Абай үндемей, бiраз iркiлiп қалып:
– Асыл аға! – деп Асылбекке қарай берiп едi. Ол бөгелмей атынан түсiп жатыр екен. Абай да түстi. Бұлардың аттарын алған жолдастары жиын маңынан шеттеп кеттi.
Дөңгелек жиынның қатарына Асылбекпен тiзелесе отыра берiп Абай жағалай көз салып, бiрталай адамдармен арнап-арнап амандасып алды.
Бұл түгел Тобықты жиыны сияқты. Болыстардан: Молдабай, Дүтбай және Құнанбай балалары да тегiс. Ата ұлдарының атқамiнерлерiн айтсаң, бұнда бес старшын Сақ-тоғалақтан осы жиынның үлкенi – Байғұлақ отыр. Ел келесiнен қалыспайтын пысық, сөзуар, өзi мысқылшыл Абралы отыр. Ол Абайдың құрдасы. Көтiбақтан, Жиренше, Бөкеншiден – Күнту. Есболаттан – жалғыз көздi, ұзын селдiр қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүздi Оразбай отыр. Молдабай қоршаған – Бурақан, Әдiл сияқты бiрнеше семiз, қызыл сары, қой көздi Мотыштар бар. Мамайдан – Асаубай, Мырза, Бөдейден – барымташы, жортуылшылар бастығы – Дүйсен бар.
Тағы осы жиын iшiнде, өздерiнiң бұл жерде болуымен Абайды таң қалдырған Жiгiтектiң екi атқамiнерi – Бейсембi, Әбдiлда отыр. Олар жиынның шетiнде. Ешкiмнiң аман-жаманымен, әзiргi сөзiмен iсi жоқ. Суық қабақпен, иықты төмен салып, көпке қырын отыр. Бұл жиын оларға қазiргi әңгiмесiмен керек емес. Тек өзге бiр әлдеқандай сыр үшiн керек болғандықтан, амалсыздан келген. Базаралы айдалып кеткелi өзге Тобықтыдан iргесiн аулақ сала отырған адамдар тәрiздi.
Сол Базаралы туралы, сырын iшiне сақтап жүрген Абай бүгiндер Оязбен кездескенде анықтап сөйлеспек едi. Қасына Жiгiтек кiсiлерiнен Базаралыны қоса жоқтайтын жоқшылар ертiп алармын дейтiн. Сондағы ойындағы кiсiнiң бiрi, осы отырған Бейсембi. Оны бұл күнде "Жiгiтектiң ең бiр белдi, табанды басшысы" деп, жұрт аңыз ететiн. Жауырыны жерге тимейтiн, аяр сұр, ақпа жүйрiк Әбдiлда болса, оны да Абай өзiнiң қосарына алмақ.
"Кеше арысын айдауға жiберiп отырған аямас арызының тобына, бұлар неғып тентiп келiп, мүлгiп отыр!"– деп Абай оларға ұнамсыз бiр көз тастады да, ендi қайтып бұрылған жоқ. Байғұлақ сөйлеп отыр екен.
– Ағайын! Күн сынайды, күдерi бел шыдайды. Күйсiз белге кезiгiп отырған күнiм жоқ. Күйлi, келелi Тобықтының тобы боп отырмын. Iргеңе кеп төрт арыстың жиыны қонды. Төбедегi айға ұмтылсаң, арманды, шермендi кезiм деп отырған жоқсың. Осы отырған ортаңа үлкен бiр сыбаға тасталып отыр. "Төбе би" дейдi. Арғын аға деп, өзге үш арыс сол сыбағаны ырғаса келсе де, бiзге бердi. "Атадан ұл туса игi" деген. Мына Тәкежан Ысқақ, Шұбарға алғысымды айтамын. Үшеуi өзге болыстар жиынынан "ол жүлдiге таласпа" деп, өзiмiздiң ортамызға әкеп тастап отыр, мiнеки. Алыс пенен жақынның, қиядағы қиынның түйiнi мен шешуi келедi ертең сол төбе бидiң алдына. Аузының дуасы, алдының абыройы бар бiр жақсыңды, келiсiп отырып, "е" деген ынтымақпен атамақ керек. Атап тұрып, соны мына екi Ояздың алдынан құптатып, беркiтiп өткiзу керек. Елдiң сағы, ердiң сыны мұқамасын. Кәнi бiр жақсыңды "әмин" де де атап бер. Ал онан соң тобымызға сенi шақырғанымыз, Абай шырақ, ұлық сенiң ақылыңды алады. Осы жиынның атағанын қостап, құптап, өз атыңнан да анау тамыр ұлығыңа атап бер! – дедi.
Жұрт бiрталайға шейiн үн қатпай, iркiлiп қалды. Абай қазiргi үнсiз сәтте бұл жиынның iшiнде, жүз түрлi түйiн жатқанын аңғарды. Осы топтың неше саққа құбылып, арбаса аңдысып, құйқылжып отырғанын байқайды. Мырс берiп, күлiп жiберiп, қатты батыл үнменен еркiн сөйлеп кеттi:
– Е, ағайын! Ортаңа сондай дәреже келсе, өздерiң соған ынтымақпен қуанғаның шын болса, ендi немеңе күмiлжiп, тұнжырасып қалдың? Атап-атап неге тастамайсыңдар кiсiлерiңдi! Жоқ әлде – күнiм арай, шыным шырай, бiрлiгiм бекем дегендi тiлiң ғана айта ма? Ернiң емеурiнге зорға келiп, әлi көмейiңде күлкүл бар ма? Неге атаспайсыңдар? – дедi.
Тымағын алып, мықынын тымағымен қоса таянып, басын шалқита көтерiп, айнала жұртқа қабақ түйе бiр қарап шықты. Көпшiлiкке Абайдың қазiргi түсi бұл жиыннан сонағұрлым жоғары тәрiздендi. Тiлiнде де тұтқыры жоқ, ағып сөйлеп кеткендей. Басым, астам сезiлдi.
Бұндағы жиынның көпшiлiгi, ендiгi Тобықтының жас буын, орта буынынан шыққан жас перiлер – Оразбай, Жиренше, Күнту, Абралы, Молдабайлардай болатын. Бұлар Абайды қара сөзге, бiлiм заңға, өздерiнен оқ бойы озық көредi. Сол күйдi қызғана жүрсе де, дайым сезiне отыратын адамдар. Абай жаңағыдай, бiр жағынан кекесiн аралас, сыншы сияқты сөйлегенде, жаңағы бiр құрбы атқамiнердiң бәрi де ұйлығып, тығылып қалғыш болатын. Өздерi әлi iшiн көрiнекке салғыш емес. Үнемi "қулық қайда? Еп, айла қайда? Арамдық жоқ па? Не сыр, не қыр бар?" деп бұқпантайлық етедi. Солар қазiрде жазылмай, жиырылып отыр. Абай олардың iркiлгенiн, ендi ойына келген шұғыл бiр байлаумен кесiп, жарып кетпек. Өз ойына, өз байлауына тез пайдаланбақ болды.
– Жарайды, жақсылар. Бұрын айтқан – бүгiп айтқан болмас. Шыдатпаған шынын айтқан болсын. Төбе билiк сыйға келмейдi, сынға келедi ер басына. "Тобықтының абыройы" деп жатырсыңдар ғой. Ол осы отырған тобыңның тiлегiң. Бiрақ артыңнан ерген көбiңнiң тiлегi онда ғана емес. Төбе бидiң алдында өз бастарың ақылдасып, дауласып жағаласпайсыңдар. Оларың мәлiм. Бұл би алдына келетiнi көптiң iсi. Зорлық, қорлық көрген, есе теңдiк бiлмеген көптiң iсi көлдей көлкiп келедi. Жарлы мен жалқының, жылаулар мен жем болғанның, жетiм мен жесiрдiң ақы адал пұлы, табан ақы, маңдай терi, көз жасы, көңiл күйiгi келедi. Ал ел мен ел арасын алсаңдар, Сыбан – Тобықты, Тобықты – Керей, Тобықты – Уақ арасын алсаң, сөз аз боп жатыр ма! Осы бiр Тобықты бiр атаның ұлымын дегенмен, өз iшiнде күйкi-күйлер, күнәй-сұмдықтар аз ба? Мен, төбе билiкте, осындай сыр мен сын жатқанын ең алдымен ұққанды кiсi дер ем! Осы айтқанды қарыз бiлген кiсi қайда? Халқым деген кiсi, "ақтық, азаматтық – шын бiткен қалпым" деген кiсi төбе би болады. Сендер атамадыңдар ғой. Ендеше ашып айтқанның айыбы жоқ. Мынау отырған иiсi Тобықты iшiнде бақ-дәрежесiнiң басы боп Ырғызбай, қала берсе Құнанбай нәсiлi шығып отыр ғой. "Осының бiрi лайық қой" деген қошеметшi де, бұл жиыныңда жоқ емес. Мен сол Ырғызбайдың бiрi болсам, төбе билiкке бұлардың iшiнен бiреуiн де атамаймын. Бiрақ атайтын кiсi – бұл жиыныңнан табылмайды деп те айтпаймын. Әдiл көңiл, ақ бейлi бар, ағайынға алғыс, абырой әпермесе, лағнат айтқызбайтын, жаманат келтiрмейтiн бiр кiсiнi атаймын. Және қостасам, ұлық алдында соны ғана қостаймын! Сүйтiп, тап осы ортаңнан Асыл ағаңды атаймын. Болыс та емес, би де емес. Боламын деп өктеген де емес. Мынау тобыңа да қалыс адам. Халыққа әдiлет, жаны ашырымен жағатын адам. Айтқан ақылды алсаң, ұстар болсаң, осы Асыл ағаңның етегiнен ұста! – дедi.
Абай сөзiн бiтiре берген кезде, бастығы Бөкеншiнiң пысығы Күнту боп, Жиренше, Оразбай, Абралы – бәрi де көп үнмен дабырлап қалып едi. Құптаған үндер:
– Бәрекелде!
– Тапсаң тап!
– Бәсе!
– Құп айттың, сөз сол-ақ!
– Әдiлетiңе ризамын, Абай! – деседi.
Қалған сөздiң шешуiн, осы дауыстар жетектеп, оңайлатып жiбердi. Ендi бiрер айналысқа келмей-ақ өзгелер сөзi тек Абай айтқанды құптау болды, Ырғызбайдан Абай сөзiн мақұлдап жауап қатқан бiрде-бiр кiсi болған жоқ. Бiрақ олар қарсылық үн де қата алмады.
Сүйтiп, Балқыбек сиязының төбе биi Асылбек болатынын, Абай осы сәттiң өзiнде Лосовскийге бiлдiрдi. Асылбектi халық атынан өзi де қостайтынын айтты да, бекiттiрiп шығарды.
Осы келiсiнде Абай Лосовскийге айтпаққа әзiрлеп келген, бiр жағы арыз, бiр жағы сыр сөзiн, Базаралы жайын қозғап көрiп едi.
Базаралы басына Абай әр кез ақтаушы боп, бар болыстан бөлек қарайтынын Лосовский бiлушi едi. Ол қазiргi әңгiменi аса қысқа қайырып, өзiнен тез тайдырып жiбердi.
– Базаралы Қауменов жұмысы туралы сiздiң маған сөйлесетiнiңiздi бiлiп едiм де, тосып едiм. Андреев қалада сiздiң атыңызды да атап кеп, менен Қауменов iсiнiң жөнiн сұраған-ды. Бiрақ мен ол iстен сыртқары қалдым. Қауменов жұмысы Семипалатинский уезiнiң қарамағынан шықты. Семиреченский, Семипалатинский облыстар арасындағы бүлiк болған Оралбай қашқынның iсiне тiркелдi. Қарқаралы уезiнен де ауыр iс боп, қылмыстар қосылды. Анығын, шынын Андреев досыңыз менен де толықтап айтып берер. Бұл жұмыстың кесiмi, байлауы ертеде әзiрленiп, даяр тұрған-ды. Тек қашқын боп жүрген Қауменовтердiң қолға түсуiн күтiп жүрген өкiм болатын. Ол турасындағы бiрiншi кесiмдi губернатор кеңсесi бекiттi. Екiншi, Омскiде корпус кеңсесi тағы бекiтiптi деп естiдiм. Сондықтан, Қауменов Семипалатинскийге жетiсiмен, бiз шығарда, әтаппен Омскiге кеттi. Он бес жыл каторга ол адамның ендiгi тағдыры боп, шешiлiп қойды, – дедi.
Абай Базаралы iсiнiң мұншалық тұңғиыққа кеткенiн қатты жабыққан жүзбен естiдi. Бұл жолы, өңi бұзылған қалпында, Лосовскийдiң үйiнен қоштаспай шығып кеттi.
Базаралыны ұстап берiп, рақымсыз пiргауар жаламен матап берген Тәкежан, Ысқақтарға Абайдың iшi мұздай суып, зығыры қайнап.шықты.
Далада қайда барарын, кiмдi iздерiн бiлмегендей. Тек Базаралының отты, нұрлы жүзiн еске алады. Қолында шылдыраған кiсен-колеткi. Аяғын қоса буған темiр тұсау көз алдына келедi. Ол жөнiн бiлмес, тiлiн ұқпас, қасиетiн танымас жат жендеттер арасында. Арестант шекпенiн қайғылы денесiне лыпа қып кетiп бара жатқан жалғыз азамат Абай көзiнен қимас жас шығарды. Соққы жегендей сенделген денемен көзiн төмен салып, жұрттың дырду шуынан оқшау кетiп бара жатыр едi. Артынан iлесе шұбырған дабыр естiп, ендi ғана есiн жиса, бағанағы топ атынан Абайдың хабарын бiле келген Жиренше, Күнтулар екен.
Абай басын көтерiп, бойын шыратып алып, Күнтуға қарады.
– Асыл ағаң төбе би болды, қайырлы болсын! Өзiне де, халыққа да хабар айт! – дедi.
– Әдiлетiңе ризамын, әмiсе жолың болсын! Ата ұлы ғана болмадың. Өзiң айтқандай. Соны бiр айта берушi ең ғой! – деп, көзiн қысып, мәздене күлiп Жиренше: – өзiң айтқандай, адам ұлы болдың, Абай. Тәуекел, бiрақ өзiң төбе би болмасаң да, төрт арыстың төбе биiн сен сайлап бердiң. Ой мен қырға сенiң өз айдын, абыройың да аз жайылмас. Ырғызбайдың өзге көп тоғышары саған өкпелемесе, ома қапсын .. Сен, сен болмасаң, осылай өзiнiң кiм боларын, қайдан бiлер едi! Асылбек үшiн Күнту қуанса, мен тап сенiң өзiң үшiн қуандым! – деп, Абайды ерiксiз күлдiрiп тұрып, қолын сiлiктi.
Абай күлгенмен, өз қабағының кейiсiн әлi түгел жадырата алмай тұр едi.
– Әй, Жиренше-ай, оның бәрiн қайтейiн. Тiрлiкте ерiктi жүрген адам:" бiр күн мал, бiр күн бақ, абырой, атақ! деп сандала бередi ғой. Мен осы Ояздың үйiнен кеудеме оқ тигендей боп шығып тұрмын. Базаралы, қайран Базаралы қайда десеңшi! Лосовский арқылы бiр үмiт бола ма деп келiп ем. Қорлық хабарды естiп шықтым ғой. Ояз қолынан кетiп қапты. Тiптi Семей жандаралынан да iс өтiп корпусқа кетiптi. Өзiн әтаппен Омбыға, одан ары каторгiге қаарай алып кетiптi" деп, дiңкенi құртып тұрған жоқ па? – дедi.
Жиренше үнсiз жүдеп тұрып қалды. Ол да Базаралыны қимайды екен. Абай екеуi, бiрiне-бiрi жасаураған көз тастасты да, екi айрылысып кеттi.
Дәл осындай жүдеу көңiл күйiнде келе жатқан Абайға, бүйiр жағынан дабдырлап сөйлеп:
– Абай ғой!
– Осы Абайдың өзi ғой!
– Е, бәсе, кешеден осында деп iздемеппеек?
– Қарағым Абай, қайдасың бұ?! – десiп үн қатқандарға Абай ендi бұрылған. Қараса, Абайдың жатақ достары Дәркембай мен Дәндiбай қалбалақтап, ентелеп келiп қапты. Көп бөтен жұрт арасында iздеген Абайларын жаңа тапқан екi қарт шын қуанышты сияқты.
Абай шал достарымен ұзақ амандасып болған соң, бұл екеуiн ертiп ап, iстерiн қолма-қол жайлау үшiн сөзге кiрiспек едi. Қатар жүрiп келе жатып, Дәркембайға қарады. Оның аңсағай бойына жарасқан шапанын, қонымды тымағын ұнатты. Ералыдаға жатақтың амандығын, қазiргi күйiн, бұлардың қанша жүргенiн сұрастырып келедi. Абайдың iздеп келе жатқан адамдары бар. Ояз үйлерiнiң сыртын ала оқшауырақ бiр топ отыр екен. Өзiне керек кiсiлерi сонда екенiн алыстан аңғарды да, Абай осы топқа қарай беттедi.
Дәндiбай Дәркембайдан қартаңырақ, ашаңдау. Белi де бүгiлiңкi болатын. Ол Абай мен Дәркембайдың жүрiсiнен кейiндеңкiреп, қамшысын арқасына ұстап, соның ұзын сабына екi қолын артып, белiнiң кiрбеңi барын бiлдiрiп, жорғалай басады. Бұның түйе жүн шекпенi, ескi сеңсең тымағы бар. Ажымды мойын, иегi, селдiр сақалынан бiлiнiп тұрған. Солған ұрты, барлық кескiнi қазiргi келе жатқан түрiнде оны Дәркембайдың атшы шалы сияқты аңғартады.
Абайлар беттеп келе жатқан топ Ырғызбай адамдарының оқшауланып, оңашарақ отырған тобы екен. Бұл дөңгеленген жиынның орта тұсында қызыл күрең жүздi, бурыл сақалды Майбасар отыр. Қасындағылар Тәкежан, Ысқақ, Шұбар, Ақбердi, Ырсай сияқты Ырғызбайдың кәрi-жастары екен.
Олардың Абай көрiнбестен бұрынғы әңгiмесi осы Абай жайы едi. Бағана, төбе бидi сайларда Абайдың сөйлеген сөзi билiктi Ырғызбай баласына бермей, Бөкеншiге, Асылбекке әпергенi бұл топ арасында аса бiр мiндi, кiнәлы жұмыс боп сөйленiп отыр.
Болыстар Ырғызбайдан сайланғандықтан, "ұлық шырайы Құнанбай баласына ауды" деген лақаптардан, Майбасар көңiлiнде соңғы күндерде үлкен тоқмейiлдiк болатын. Ол iшiнен: "болыс жастар болса, төрт арыстың жиыны төбе билiктi Тобықтыға ұйғарса, ендi оны Өскембай баласы алмай, кiм алады? Бұл ортаға ондай дәреже келсе, төбе би ендiгi Ырғызбайдың үлкенi – мен болмай, кiм болады?" деген жасырын, бiрақ – құмар ойы болатын. Өз есебiнен көбiнде ұшқары, үстiрт, қыңыр жайылып жүретiн Майбасар: "осы Балқыбек сиязы менiң ырысым болар. Төбе би болғанның жолы – жөнi бөлек. Нелер қиын, қалың даулар бар. Оған билiк айтушының жол-жүлдесi өзгеше. Төрелiктiң түсiмi нағып, олқы болсын. Құдай қосса, бұл жолы үйiрлеп жылқы, қоралап қой айдап, тiзiп қайтса, одан асыл не болсын!"– дегендей ойларды ойлайтын.
Ендi бiлсе, жаңа осы топты жиып алған Тәкежан, Ысқақтар:" бiр үлкен бақ өзi оралып келiп едi. Өзiмiздiң кесiрiмiзден Ырғызбайға бұйырмай, бөтен атаға кеттi. Кетiрген Абай, Абай кетiрдi!"– дескен.
Майбасар бұл хабарды естiгенде, ызаланып, танауы қусырылып кеттi.
– Осы өзi келiп тұрған бақты басқа теуiп қай асқаны Абайдың? Асылбектi сыйласа асын берсiн, өз алдындағы малын берсiн. Ата ұлына, қажының абыройына төрт арыс ұйғарып тұрған билiктi бiзге қимай далаға қуғаны, қалай адасқаны бұ? Ағайын кеңесiне салып, ақылдасу да жоқ. Бергенде, тым құрмаса татымды қып танытып, бұлдап та берсе екен-ау! Шайқы-бұрқы дуанадай, шаша салған несi! Желге шашқаны ма, атамның абыройын! – деп кекетiп, ұрсып тоқтады.
Тәкежандар өздерi жақтырмаған хабарды қысқа қайырып айтқаны болмаса, көп үндеген жоқ.
Майбасар сөзiн қостап, Ырсай, Ақбердiлер де Абайды қыжыртып, мiнеп өтiстi.
Тәкежан Шұбарға қарап, мысқылдап сөйледi:
– Осы төбе бидi сайлағанда Абай: "жарлы-жақыбайға, жетiм-жесiрге, қарiп-қасерге жақсылық ететiн кiсi керек" деп, со бiр сөздi соншалық қазбалағаны несi? Кiсi өлiп, ысқат байлап дәуiр жүргiзгенде "қарiп-қасер, жетiм-жесiр" дегiш болушы едi жұрт. "Садақа, құшыр-пiтiрдi қарiп-қасерге бер " деушi едi. Бiздiң бұл жiгiтiмiз Балқыбектiң сиязын бiреудiң жаназасы деп бiлдi ме осы? Төрт арыстың басын қосып отырып, жаңағы Маекең айтқан шайқы-дуана болғанына намысым иттей келдi! – дедi.
Шұбар Абайды жүз көргенде" өзге аға, туысытан жолы бөлек" деп, артық бағалайтын. Бiрақ сыртта жүргенде, әсiресе Тәкежан, Майбасар сияқты Ырғызбайдың қыңыр-содырларына, бiтеу кеуделерiне кездескенде, сол Абайды ақырындап, сыртынан мысқылдап жүрудi өзiне ендi машық қылып келе жатқан. Оның қырлы келген ұзын мұрны дәл ұшында анда-санда жыбырлап тұратын әдетi бар. Қазiр сол мұрнының ұшы тағы жиi жыбырлай түсiп, мырс берiп күлiп, сұрша жiгiт әзiл айтты.
Тәкежан аға, шайқы-дуана дейсiз. Абай ағам айтқанда: құдайшылық пен мұсылманшылық жолын айтып жатқан жоқ па? О кiсi айтқанды дуана емес, ешен-пiрiң, имам-ғұламаң, қожа-молдаң да күнде айтып, көкейiңiзге сiңiрмей ме? Ендеше Балқыбек сиязында тәңiр жолын тани түссек терiс бола ма? – деп, күлiп тоқтады.
Соңғы сөздерi анық ащы мысқылдың шеберлеп айтқан нақысын танытты. Бұл отырған Ырғызбай жиыны Абайды тегiс кекетiп, тұтас күлiстi. Дәл осы кездерiне қарсы, екi шал мен Абай келе жатқанын көрiс-тi. Көп Ырғызбай Абайды жүз көргенде тайлығып, ығысатын әдеттерiмен күлкiлерiнен тез тыйылып, үндемей қалысты. Жалғыз Тәкежан Абай қасындағы кiсiлердiң жабайы ел адамы екенiн шолып өттi. Жүдеу киiм, бүкшең жүрiсi бар кедей шал Дәндiбайды алдымен болжады. Тағы да лекiте күлiп:
– Ал, ол аз болса, үлықтың қасын тастап, Абайың қарiп-қасерiн жетелеп, әне тағы келедi! – дедi.
Жұрттың көбi ендi сөз қатпай, Абайдың жақындағанын тосып отыр. Тәкежан даусын ақырындатып, тағы да мысқылдады.
– Құданың құдiретi, бiздiң Абай осы жазғытұрдан берi бiртүрлi тақуа боп кетiптi. Әлде, патшаны анау бүлiктер өлтiргеннен кейiн бұл тәубаға келдiмекен. Бүйте берсе, құлшылығын қуып, қажыға да кетер. Басына сәлде орап, зiкiр салып, бiр күнде "әпендi" боп келген Байды көрiп жүрмейiк! – дедi.
Сықылықтап, қызарып, қыстығып күлген күлкi Шұбардан, Майбасардан да байқалып едi.
Осы кезде, Абайлар жиынның қасына келдi. Екi шал Ырғызбай тобына сәлем берiп, ауыл-аймақ, мал-жанның амандығын сұрады. Бiрақ олармен түс жылытып амандасқан Ырғызбайлар болған жоқ. Үйткенi бұлардың жатақ екенi және егiнiн даулап, қыңқылдап жүретiнi отырғандардың көбiне мәлiм. Қазiр бiрiне-бiрi еш нәрсе айтпаса да, Ырғызбайлар бұл шалдардың Абайға өздерiн жетектетiп жүргенi тегiн емес деп бiлiскен.
Жиын iшiнде бүгiн көрмеген үлкендерi болса да, Абай сәлем берген жоқ. Аузында папиросы. Екi қолын жеңiл сұр шапанының сыртынан, арқасына қайырып ұстапты. Суық, сыншы жүзбен, әуелi бiраз үнсiз сызданып тұрды. Ырғызбай тобының үлкен-кiшiсiн жағалай барлап, қадала қарап, шолып шықты. Тек, сондай үнсiз тұрыстың соңынан ғана папиросын қолына алып тұрып:
– Тәкежан, Ысқақ, Шұбар! – деп, қатаң үнмен қатарлап санағандай, iрiктеп атады да, – үш болыс, үшеуiң былай оңаша шығып кетшi! Менiң сендермен сөзiм бар! – дедi. Осыны айтты да, өзi шалдарға папиросты қолымен iлгерi қарай нұсқап, шетке қарай оқшаулана берiстi.
Тәкежан мен Ысқақ семiз денелерi жай ырғалып, шабандап тұрды. Шұбар болса, ең алдымен лып етiп, сұңғақ бойымен тiк басып, Абайдың артынан шапшаң ердi.
Аз кiсi боп, дөңгеленiп отырысқан жерден-ақ Абай сөз бастады.
– Мынау Дәркембай мен Дәндiбай осы сиязға дау даулап келiп отыр. Бұлардың былтырдан берi есе ала алмай жүрген жылаулар екенiн мен жақсы бiлемiн. Осылардың көргенiн өздерiңе айтқызбай, мен айтып берсем де, ақыларын жеген кiсiлер жалтара алмайды. Бұл екеуi өз бастарының жоғын қуып кеп отырған жоқ. Исi жатақтың қырық үйiнiң сөзiн әкеп отыр. Қаладан келе жатып" "Балқыбек сиязына ортаңнан кiсi жiбер. Осы екеуiн жiбер. Сияз басында сөздерiңдi мен сендермен бiрге сөйлеймiн!" деп, осында шақырып келген менмiн. Ал бұлардың iсiн бiтiретiн сендерсiң. Осы үш болыс, үшеуiң! Қай жерге барып дау айтса да, бұлардың "есемiз соларда!" дейтiн адамы да сендер! – деп Абай, үш болысқа барлап қарап қалды.
Тәкежан Абайды жақтырмай, қыжыртып отыр екен.
– Е, "сөзi сендерде" деп, бұларыңның аулын шауып, кiсiсiн өлтiрген Тәкежан, Ысқақ бармекен? Немене, бұл екi қу көк шолақты қылқитып әкеп, маған зәулi қып отырсың? Түсiнен шошысын деп отырсың ба, сұмитып әкеп бұларыңды! – деп ұрса сөйледi.
Абай қатты сызданып қабақ түйдi. Тәкежанға үлкен ашумен, ақыра сөйлеп жiбердi.
– Өй, Тәкежан, аспай сөйле. Аяғыңды аңдап бас! Бұл кәрiлердiң сыртын сұм көрсең де, iшiнен, iсiнен сұмдық таппайсың. Сұмдық бұлармен бiрге туған жоқ. Болыстық сенiмен де бiрге туған жоқ.
– Құдай құртқан қуларыңды жоқ-жiтiк еткен мен деп пе ең ендеше!
– Сенсiң!
– Тапқан екесiң жабар жаланы!
– Сенсiң! Өзiң болмасаң атаң Өскембай, Құнанбай, Мырзатайлар! Бұлар баяғыдан суыңмен кiрiп, күлiңмен шыққандар. Сенiң тұқымыңның есiгiнде ата-анасымен малайлық, құлдықта күн кешкендер. Күшiн алып, түсiн алып, бүгiнде қартайғанда керексiз деп қағып-қуып тастаған күн қақтыларың! Жарлылық, жарым-жандығынан басқа түк жазығы жоқ. Жылаулар ағайын осылар! – деп қабағын түйдi.
Бұл арада Абайдың ызалы долылықпен құшырланған ойына қайраулы қара балта, кек балтасы келдi. Ең әдiл өкiмдей, тағы да бiр еске алынып, бұның зығырын қайната түстi, тағы да қатты үнге басты.
– Қыңыратқымай, түзу сөйлес. Дәл осы Балқыбек жиынының үстiнде ақы адал малын түп-түгел алдарына салыңдар! Саласыңдар және! Осы отырған Құнанбай баласы, үш болыс, мынау төрт арыс жиынында масқара болмаймын десең қазiр кiрiсiңдер! Бұлардың ақысы өздерiңде де бар. Қол астарыңа қараған өзгелерде де бар. Тапжылмай отырып, осыны орындайсыңдар. Болмаса, дәл осы орыннан тұра бере, iске кiрiсем! Бер қазiр жауабыңды! – дедi.
Абайдың ендiгi сөзi Тәкежанға ерiксiз ой салатындай боп, тоқыратып тастады. "Орыннан тұра бере, iске кiрiсем" дегенi – "ұлыққа, Оязға барып айтамын" дегенi. Бұл Тәкежанның жүрегiн су еткiздi. Ол үндемей қалған едi. Ысқақ та әлi үн қатпай, Абайға тiктеп қарай алмай отыр. Жатақтан алынып, Ақымбет аулына барған жетi аттың дауы, бағана Дәркембай көрген жерде-ақ Ысқақтың көңiлiнен кетпей отырған. Ол туыс iшiнде Тәкежанмен үнемi ыңғайлас жүргенмен, Абайды сыйласа да, қорықса да, өз қасында әрдайым үлкен ұлықтай көретiн. Бұған қарағанда, Абайға әр кезде оңай жауаптасып, сөзi өтiмдi келетiн – Шұбар. Ысқақ ендiгi дәменi содан күтiп, Шұбарға қарады.
Абай мен Тәкежан түс шайысып қалғанда, Шұбар өзi қатыспай қалуды қисынды таппады. Бiрақ сөзiн Абайға қарап айтпай, Дәркембайға бет бұрып сөйледi.
– Жә, ағайын, сендердiң, өз ауыздарыңмен айтатын арыздарың бар ма? Не тiлеп, не даулап келдiң? Сөз алды басталды ғой, ендiгiсiн өздерiң айтып көршi, кәнi! – дедi. Жәй, сабырлы, бейбiт адам үнi.
Дәркембай сөзi тiзбегiмен көмейiнде тұрғандай, сай екен. Қатқыл, батыл үнмен сапылдап сөйлеп кеттi.
– Бiз пәле қуып, дау қуайын деген жандар емеспiз, шырақтарым. Оны қуар дәмем кәнi, дәрменiм кәнi? Байды арқаланып, кiсiнiң артығын сұрап алайын деп те жүргенiм жоқ. Ақы адал малымды iздеп келдiм. Өзiм ғана емес, көбiмнiң көлдей тiлегiн әкеп отырмын. Екi түрлi дауым бар. Қырық үйлiнiң екi есе боп кеткен есесi бар. Әуелгi сөзiм: былтыр пiсiп тұрған бес жер егiнiмдi мынау Тәкежан, Майбасар және шырағым Шұбар, өз аулыңның, анау Сүгiр аулының жылқылары күздi күнi жеп кеттi. Ақ-еспе, Сар-жырық, Тақыр-тұма, Қашамада ауылдарың отырғанда, кезегiмен төрт түндей түсiп, тып-типыл құртып кеттi. Соны былтыр жоқтап ем, биыл жығылған үстiне жұдырық деп, көктемде жаңа қылтанақтап келе жатқан тағы бес жер егiнiмдi, сол жаңағы ауылдар тағы таптап, қара топырағын шығарып кеттi. Бiзге дән орнына, шаң қаптырып кетiстi. Көкке ұлытып кеттiң, ағайын! Сол бiр сөзiм. Екiншiм мынау: – Ысқақ шырағым, сенiң Қызыл-мола болысына қараған, қан құйлы ұрының аулы – Ақымбет аулы бар. Жетi бiрдей атымды алып барып, көрiнеу көзiн жоғалтты. Осы екi шал қуа бардық. Сорғалаған қан, сойқақтаған iз дегендей, ант амансыз, жан күмәнсыз, жалтартпай отырып, ұрылардың мойнына салдық, бiрақ араға хат жүрдi. Сыбыр-сыпсың, сәлем-сұмдық жүрдi. Шығарып берген ұры қасымнан табылды. Соны қимады ма, жә болмаса, Ысқақ өзiң, қол астына қараған Ақымбет аулының сөзiне бұрын сендiң бе? Жетi бiрдей атымнан жетi лақ алмастан, ұлардай шулап, тағы қалдым. Абайға айтпай, кiмге айтам? Есемдi әперер жиын болса, мұңымды шақпай, жоғымды қумай, қайтiп қалам? Менiң сөзiм осы-ақ болыстарым! – деп, Дәркембай сөзiн аяқтады.
Тәкежанның iшiнде Дәркембай сөзiнiң тұсында, неше рет толқып келген ыза мен томырық ашу бар едi. Бiрнеше рет қозғала түсiп, Дәркембайға қабақ түйе қарады. Ақырып, ұрыспақ болған адамдай, оңтайланып та көрiп едi. Бiрақ алғашқы қақтығыста Абайдан тайлығып қапты. Қайнаған ашуын сыртқа шығара алмады.
Дәркембай дауынан соң, жиын бiраз үнсiз отырып едi. Аз уақытта Шұбар ептiлiкке салды. Ол бұл сөз ұлыққа жетсе де, билер алдына барса да, осы отырған Құнанбайдың үш болыс баласына абырой әпермей, жаманат келтiретiнiн тез аңғарды. Әсiресе, Абайды тыйып тоқтату қолдан келместей. Шұбардың ептiлiгi ендi үлкен сөздi жайлап бiтiру, зәрсiз тарқату жөнiнен байқалды. Ол Дәркембай, Дәндiбайға көптен бергi сырлас, мұңдас кiсiше жабыса сөйлеп, жылы жүзбен жан тартты. Сөзiне күлкi аралас, жылылық кiргiздi.
– Сүйтiп, екi кәрi, жайларыңды аңғарсам, бүгiн есе берер түрiң жоқ. Өздерiң менiң болысымның қазағысың. Сыртпен даулассаң, сөзiңдi өзiм қуатын қарашым екесiң, бүгiнде, бiрақ, қарашы десем де, жуандап тұрсың, – деп күлiп алды. Бiр жағында жүйрiк жоқшың Абай ағам отыр. Оның ар жағында, былай тартса Оязы, былай тартса төбе биi. Сонымен, сен екеуiң қырық үйлiнiң iшiнде, "ең жолы болғыш, ақжолтай шалдар болдың ба!" деп отырмын. Түбiнде құдайға қараған мақұл! – деп, Тәкежан мен Ысқаққа көз тастады. Бұлардың ақысын өзiмiз де жемейiк, өзгеге де жегiзбейiк, туысқандар! Сөз аяғы сол болсын. Тек қазiр осы арада Абай ағам кесiгiн айтсын да, тыным, тыныштығын тапқызайық бұл сөздiң! – дедi.
Мынау сөз, мына билiктi неше қырға төңкерiп және туралап алып шыққан Шұбар, Абайға жүйрiк көрiндi. Iшiнен: "Тәкежан, Ысқақтан мынау сонағұрлым зерек екен. Мынаның алды бар-ау! Тек қайда барар екен!"– деген болжалын шеше алмай, ойланып қалған.
Дәндiбай өзi дауға араласпаса да, Шұбардың жаңағы сөзi Тәкежанды көндiрiп, бұларды ырзалап Абайды тоқтатып және Құнанбай баласының абыройын арашалап жатқан епшiл сөз екенiн әбден аңғарды. Ендi тоқтамастан басын изеп, әлдененi құптағандай боп отыр едi. Бiраз ыңырана түсiп:
– Е-е! Сөз жүйесiн тапса, мал иесiн табады-дағы. Олай болса, соқырдың тiлегенi екi көзi, төреңе құлдық, шырағым. Дегенiң болсын! – дедi.
– Айтсын, айтсын! Шұбар барды айтты, кесiктi Абай ағам айтсын! Тұрдық, болдық сонымен! – деп Ысқақ та тез көне кеттi.
Екi iнiсi, екi болыс ұйғарған соң, Тәкежан да ендi жалтарып, дауласуды құп көрген жоқ. О да, сазарған бойында үндемей отырып, Абайдың кесiгiн тосты. Ақыры, бар жиын Абайдың өз аузына қараған едi. Ол сөздi қысқа қайырып, тура кесiктi айтты.
Абай билiгi бойынша жатақ былтырғы мен биылғы егiнi үшiн бiр жер егiнге екi қарадан, жиырма қара алатын болды. Биылғы жетi жылқы үшiн, басына қосақ, соңына тiркеумен он "тоқ" алатын болды. "Тоқ" бұл елдiң кесiктерiнде не жақсы ат, не құлынды бие, не бұзаулы сиыр болады. Егiннiң жиырма қарасын да, әуелде жиырма қара деп, бiр атаса, кейiн Абай анықтап жиырма "бестi" деп, "қақ" деп кестi. Абай кесiгiне екi шал қуанғаннан үн қата алмай, тек iштерiнен ғана сыйынғандай. "Я сәт, әумин! Айтқаның ақ болсын!"– десiп отырған.
Үш болысқа бұл кесiк өрескел тәрiзденгенмен, олар амалсыз, титығы құрып, үнсiз қалды. Бiр берген соң билiкке дауласу, келiсiмдi қайта бұзу болады. Оған Абай ендi қайтып ырық бередi деп, Тәкежан да, Шұбар да үмiт қыла алмайды. Абай бұлардың кесiктi ауырлап отырғанын аңғарса да, елеген жоқ. Тағы да ешқайсысына шырай бермей, түйiлiп отырып, соңғы сөзiн айтты.
– Бұл билiк айтылды. Ол бiр кезең. Ал iс болуы, мына екi өлермен шалдың қолына мал тиюi тағы бiр кезең. Билiктi iштерiңнен ауырлап, сырттарыңнан шала дүмбiлез көнгенсiп отырсыңдар. "Күн iлгерi көрермiз!" деп отырғандарың болар. Кесiгiм кесiк болатын болса, сол жаңағы отыз қара, дәл үш күн iшiнде, мынау екi шалдың алдына, "тоғы – тоқтай", "қағы – қақтай", төрт аяғынан басқан мал болып, айнымай түсетiн болсын. Үшеуiң де болыссың. Ақымбет аулы – бiрiңнен, Сүгiр, Майбасар – бiрiңнен, ал өз малдарың – өздерiңнен жалтарып кететiн қиын мүлiк емес. Қазiр атшабарларыңды менiң көзiмше жан-жаққа шаптырыңдар. Дәл үш күн iшiнде малын түгелдеп тұрып, тiзiп тұрып берiңдер! Соны берiп тұрған жерлерiңде, iстiң басы-қасында мен өзiм болам. Оған шектi мынау екеуi осы арадан тапжылмайды. Сөз бiтсе, мiнi осымен бiтедi. Ұқтың ба тегiс? – деп, тағы да байлауын берiк түйiп тоқтады.
– Ұқтық, ұқтық! – деген сөздердi болыстар аузынан Абай қадала тосып отырып, ықтиярсыз тартып алғандай болды. Содан соң папиросын тартып, шалдарын ертiп ап, жүрiп кеттi. Осыдан үш күн өткен соң, Абайдың айтқанындай он "тоқ", пәлен "қақ" деп өлшенетiн бестiге барабар мал бастары тегiс түгелдендi. Дәркембай мен Дәндiбайдың алдына анық отыз қара түстi. Екi шал қуаныштарын қойындарына сыйғыза алмай, қайта-қайта тамсанып, тамашалай бередi.
– Жатақ сорлы қандай қуанар екен.
– Мал төлеуi емес. Мынау қалыңмал да емес! Тiптi ердiң құны болмады ма?
– Жатақ жатақ болғалы қолы есеге бүйтiп жетiп көрiп пе едi? Жетем деп ойлап па едi?
– Айналайын, Абай-ай!
– Тек алдыңнан бағың ашылсын! – деседi.
Мал түгелденiп болғанын Абай келiп көрдi. Бұларды ендi жөнелткелi тұрған жерде тағы бiр күдiк туды.
Оны сездiрген сақ, қырағы Дәндiбай. Кiшкене жыпылық көздерiн жиi қағып, сықсия күле тұрып, Дәндiбай сөйледi:
– Абайжан! Әперуiн әпердiң. Қыруар малды алдыма салдың. "Жатақтың бiр қызы емес, бес қызының қалың малы " десем обал емес. Бiрақ көкейiмде бiр күдiгiм, уайымым тағы тұр. Сонау бауырға қарай екi шал, мына қыруар малмен бара жатқанымызда Тобықтының ба, Найман-керейдiң бе ұрысы екеумiздi екi жерге қылжитып, тағы тартып әкете ме деп тұрмын! – деген.
Дәндiбайдан гөрi тәуекелi мол, әлi де көкiрегi зор Дәркембай:
– Е, қойшы, су жүректене бермей! Кiм аңдып тұр дейсiң? Ел iшi емес пе! Жүргiншiлер болар, iлесiп кетемiз! – деп едi.
Абай осы малдың жатаққа түгел жетуiне бұл күндерде өзi де iштей асығып, үлкен жұбаныш етiп қарайтын.
– Жоқ, Дәркембай, осы Дәндекең дұрыс айтады. Ел арасы қашық. Сырт пен бауыр аралығы елсiз. Мен Дәндiбайдың қаупiн дұрыс көрем. Қой, олай болса, қастарыңда тым құрса бiр сергек жас жiгiт болсын! – деп, өзiнiң маңында жүрген Баймағамбеттi шақырып алды.
– Баймағамбет! Сенi мен жол жүргiзгелi тұрмын. Қазiр, мынау екi кәрiңмен бiрге, осылардың малын айдасып, Байқошқардағы бiздiң ауылға бар. Содан кейiн астыңа атыңды мықтап сайлап ал да, осы малдарын айдасып отырып, Ералыға, жатаққа өз көзiңмен амандап апарып, түгел табыс етiп қайт. Әйгерiмге сәлем айт, мынау екi ақсақалды күтiп, сыйлап жөнелтсiн. Және сандықта жатқан алтыатар бар, саған соны берсiн. Ал, қарттар! Ел-жұртыңа сәлем айт! – дедi. Кәрi достарын осымен аттадырды.
Дәл осы кезде, сонадай бiр шетте Тәкежан бөгде бiр кеңесте болатын. Оның қазiр қасында отырған адамдары, Бауыр елiне мәлiм, атақты екi ұры – Серiкбай мен Тұрсын. Бұл екеуiнiң жастары құрбылас, денелерi де кескен теректей, тұтас балғын – бiр бiтiмдес. Өздерi әрi жас, әрi тынымсыз жатпас, анық сойқанды ұрылар болатын. Сондай болуына, бiр жағынан осы Тәкежанның өзi де себеп едi. Екi ұрыны да алыстан шыжымдап, өзi сақтайтын. Бауырдан қыстау берiп, сол жаққа орнықтырған да өзi. Ендi осы екеуiн оңаша алып, Тәкежан жаңа ғана малын әкетiп бара жатқан Дәркембайларды нұсқаған.
Екi ұрысын сiлейте боқтап алып:
– Екi ит, мынау сұм жатақта кегiм кетiп барады. Сол кегiмдi сен екеуiң жоқтап әпермесең, жау қуғанда жалғыз қазық ұрсын, екi сүмелек! – деген.
Тұрсын сөзiн салмақтап, тiлiн шайнап сөйлейтiн және тәйтiк сөздi, қылжақпас.
– Уай! Тәк-к-к-е-жанай, қолым-д-ды ғана босатшы. Әк-к-еңнiң... Жатақты ма? – деп, қазiр-ақ бiр кердi бастағысы келдi.
Серiкбай бұл жатақпен осы жолда даулы болған. Мойнында айыбы да бар. Сондықтан асыққысы келмедi. Ол арам ойлайтын, тақыс едi.
Әзiр емес, қыстың бiр бес бораны жалынсын деп тақыс есеп сездiрдi. Тәкежан осыны құптады. Екi сойқан ұрымен ұғысып тарасқан-ды.
Балқыбек сиязында болыс, би болмаса да, Абайдың қызу араласқан iсi жатақ iсi болды. Ендi өз мiндетi жоқ. Ел мен ел арасының даулары, тартыс арбасулары, бақталас, бәсекелерi қандай екенiн көрмек. Бiр жағы ұлық, бiр жағы төбе би алдында сол күйлер қалай жүрiп, қалай бiтiп-тынып жатқанын бiлмекке Абай бiраз күн аялдап қалды.
Осы орайда, көлденең ағайынның ендiгi бiр үлкен жұмысы басталды.
Бұл – сияздағы аса бiр даулы жұмыс. Ол қалың Керей мен Найман арасындағы, биылғы өткен қыстан берi ұлы дүбiр, үлкен тартыс боп келген "Салиқа-қыз-дауы".
Қожагелдi Керейдiң жетiп отырған қызы Салиқа Түкi Сыбанның жесiрi едi. Былтырғы жыл соның атастырған күйеуi, тең тұсы өлгенде, ендi қызды жесiр деп, Сыбан қайнағаға қаратқан. Ол қайнаға жасы алпысқа келген, қос қатыны бар адам. Қалыңмал түгел берiлiп қойған. Отауын тiгiп, жасауын жасап отырған қызды, қарт күйеуi үшiншi қатын етiп алмаққа тақайды. Сонда өжет, өр көкiрек қыз елiнiң барлық Қожагелдi, Шақантай iшiндегi үлкендерiне хатпен, сәлеммен арыз етедi. "Сүйегiңдi қорлама, басында ырқыңа көндiм, елiм. Жас басымнан бағымды байлама. Әкемнен де жасы үлкен шалға көп қатынның бiрi қып берме!" дейдi. Қыздың зары халыққа жетедi. Керейдiң ер азаматы, жас-желеңi: "қыз қорлыққа түспесiн" деп, көп қызынады. Кәрi ақын қобыз бен домбыраға қосып:"Салиқа қыздың туған елiне айтқан арызы" деп, аса бiр мұңды жырмен арман ағытады. Аз күн iшiнде сол Салиқа шерi Керейдiң кәрi-жасы түгел айтатын ән боп тарайды. Қой шетiнде күзетшi, ат үстiнде жылқышы, ойын-сауықта, той-топырда қыз-келiн, жiгiт-желең, балаға шейiн айтатын болады. Мұңды қыз Керейдiң iшiндегi Шақантайдан өзiнiң тең тұсын, құштарын табады. Сүйтiп, Керей" қызды жылатпаймыз" деп, бұрынғы құдалықты ендi амалсыз бұзбаққа бекiнедi.
Бiрақ осы хабар қыздың қайнына жетiсiмен, неше саққа құбылады. "Жуандық, елемеушiлiк, әруақ аттау, Сыбан-найманды қор етiп, жермен-жексен ету!"– деген неше түрлi намысты шабақтаған, зәрлi кекшiл тiлге ауысады. Аяғы ұзаққа бармайды. Бiрер-ақ жол елшi ауысады да, үлкен жаулық жон көрсетедi.
Содан берi қар кетiп, көк шығысымен Сыбан мен Керей бiрiнен бiрi кезек барымта алысады. Неше рет қалың қол боп аттанысып, ендi шабысарман боп отыр. Соққыға жығылған, өлiмшi жаралы болған, қалжа жеп жатқан екi жақтың азаматы бұл күнде елуге тарта бар деседi. Қазiр де осы сияз болып жатқан күннiң өзiнде Қожагелдi мен Шақантай iшiнде тыным жоқ. Түкi-сыбан, арғы Найман болса, оның да жылқысына күнде қиқу араласқан. Гулетiп найза қағып, шаба тартып, Керей барымташылары да тыным тапқызып тұрған жоқ.
Балқыбек сиязы шақырылғанда Қарқаралы, Семейдiң екi Оязы өздерi келiп, бас қосқанда үлкен, тығыз ұланғайыр, пәлелi iс, осы Салиқа қыз дауы болған. Пәлеге батқан жұрттың саны көп. Қазiр сияз басына келген Найман-сыбан кiсiлерi, Керей адамдары бұнда да дүрдараз. Екi жағы өздi-өз Ояздарына Балқыбек басында да арыз тоғытады. Жалған куәлiк берiп, жан-иманын, ант-аманын айтысып жатқан. Төрт арыс жиынында Найман-керей араздығы қатты болу себебiнен арадағы Тобықтыға абыройдың оралуы оңай болған.
Абай Асылбекке әперетiн төбе билiктiң төркiнiнде, арғы астарында осындай көп қатпарлар жатыр едi. Екi арыстың бiрiне бiрi қимай қызғанып, қырқысар дәрежесiн Тобықты өз өнерiмен алмаған. Оны Майбасар, Тәкежандар:"Арғын аға болғандықтан емiн-еркiн, дау-дамайсыз сыбағамызға алдық" десе, "би Өскенбай, қажы Құнанбай атына, абыройына жығылғаннан ел келесi өзi сыйлады" десе оның бәрi бос мақтан. Ырғызбай iшiнiң дағдылы ұр-көппелiгi болатын.
Екi жақтың арбасып, қабақ торысқан болыстары "бұл билiктi кiм айтады?" дегенге келгенде, ненi тiлерiн бiле алмай жүрген-дi. Ояздарға "өздерiң айтып, шешiп бер" деген де арыз болған. Бiрақ ұлықтар бұдан бас тартқан. Ал, төбе биге, Асылбекке беруге, Керей қарсы. Бұны "Сыбанның күйеуi!" деп, "қанды мойын, дұшпан аулымның бiрi – Ақтайлақтың күйеуi деп, Керей "тiретей" билер алдынан қашып отыр. Ояздармен ақылдасқанда Асылбек өзi де "ағайынның жаласына қалам" деп, момындықпен бас тартқан. Бұл жөнiнде Асылбекке Күнтудай туысы, Дүтбайдай тiлеулес жақындары үлкен кiнә тағып, сын айтқан. "Билiгiн айтып, бiлем деп олжа алатын кiсi едiң. Алдыңа өзi кеп тұрған мол дәулет. Бекерге тартыншақтық еттiң!"– десетiн.
Дәл осы кезде, Сыбан мен Керей ортасында Абайдың әдiлдiгi, турашылдығы жөнiнде айтылған лақап, қошемет сөздер көп тарады. Екi нәрсе, Абай iстеген екi жұмыс бұған айғақ есептi, тiрек болды. Бiр сөзде жұрт: "Құнанбай балалары төбе билiктi өзiмiзге бер деп қанша жабысса да Абай қарамапты. Ағайын тiлiне азбапты. Жұртқа адалдығымен пайда келтiрсiн деп, алыс ата баласына төбе билiктi өз туыстарынан тартып алып берiптi" деседi. Екiншi лақап, дәл соңғы бiрер күн iшiнде тарады: "жатаққа өзi жоқшы бопты. Өзi би де боп кесiк айтыпты. Отыз қара малды, өзiнiң болыс болып отырған жуан ағайындарынан бақыртып отырып, тағы тартып әперiптi. Тегiнде, алдына арызбен, даумен барған кiсi осы жiгiттен әдiлет табатын сияқты. Жақынға бұрмайды. Қайта жүгiнiске келген екеудiң бiрi өзiнiң жақыны болса, билiгiнiң салмағын соның үстiне қатты қып, ауыр қып салады. Бүкiл қазақ халқының қамы дегендi көп айтатын жiгiт осы. Қамқорлық етiп, қамқорлық жеп айтады" деседi.
Осымен қатар, Найман-сыбанға, Керей-уақтың болыс, билерiне бекем жетiп жатқан сөз тағы бар. "Абайды Семейдiң бар ұлығы бiледi. Елге шыққаны сыйлас, тiлiн алады", дейдi. "Сүйтiп, бұл күнде Құнанбай Құнанбай емес. Кешегi бiр күнде Құнанбай деген айбынды ат болғанмен, қазiр ол тек тiрi әруақ. Болыс болып жүрген өрен-жарандары болса, оның көбi де ел алдына түскен, көптен бойы өскен, озық адамдар емес. Тәкежан, Ысқақ дегендерi бұрынғы ата абыройын бүгiн кертiп жеп жүрген, тоны сұлу тұғырлар. Ендi кiсiлiк бар Тобықты iшiнде бiреуде болса, осы Абайда. Болыс болған өзгелерiнен, жай бетiмен бейбiт жүрген Абай – адам да, азамат та!" деседi.
Осылай басталған сөздер Керей мен Найман тiккен үйлерде, дөңгелек жиындарда бiрер күн қайта-қайта еселеп көп сөйлендi. Сол сөздердiң бiр ұшығын ұстап, Жұмақан Лосовскийге де кiрiп шыққан. Тойсары Қарқаралының Оязына да ақыл салып, айта барған.
Ойында дәнеңе жоқ, тек Асылбектiң төбе билiгiн тамашалап, Жиренше, Оразбайлардың Керей-найман билерiмен тiзелесiп, қағысқанын тыңдап жүрген Абай бiр күн түсте Ояздан шақырту алды. Барса, төбе би Асылбек те сонда. Қарқаралының Оязы да Лосовскийдiң қасында екен.
Осы бiр жолғы қысқа кездесуде ұлықтар мен Асылбек Абайға Керей-найманның тiлегiн, талабын айтты. "Ара ағайын елдiң ара биi боп, мынау үлкен пәленi тоқтатуға себепшi бол!" дедi. Абай, бұл тiлек ұлықтардың өзiнен шыққан сөз емес, Керей мен Найманның көбiнен шыққан сөз екенiн бiлмекшi едi. Асылбек: осыны өтiнiп отырған бұл орын емес. Бiр жағы Жұмақан, бiр жағы Тойсары екеуi де маған келдi. Сенi осыған көндiрiп бер, ағайын жарасын емдеуге шақырамыз. Қандай билiк айтса да тоқыраймыз деп кеттi, – дедi.
Осы хабарды естiген соң Абай көпке созбай, өзiнiң Керей-найман арасына билiк айтуға көнгенiн, әзiрлiгiн бiлдiрдi.
Ояздар билiктi Абай айтатын болғанына дұрыс қарасты. Бұны билiкке белгiлеумен қатар Қарқаралының Оязы Синицын, қыз атынан түскен екi арызды көрсеттi. Абай арабша жазылған арызды ұлық үйiнде отырып оқыды. Бiрақ, Оязға да, Асылбекке де қыз арызы турасындағы өз көңiлiн аңғартқан жоқ.
Сол күнi Абай, екi жақтан үш-үштен, алты ғана кiсi шақырып алды. Бiраз әңгiмеде аужай түйiстi. Абаймен бұл жолы кездескен Найман кiсiлерi Жұмақан, Барақ төре, Тәңiрбердi болатын. Керейден – Тойсары мен Бегеш, Тышқанбай. Осы аз адамдардың сөзiне Абай Жиренше мен Оразбайды ерте келдi. Керей-найман адамдарына Абайдың бұл жолғы сөзi бiр жайдан өтiлу.
– Жә, екi туысқан, сөзiм ем болып, ел тыныштығы табылатын болса одан аянар, iркер күшiм де, ниетiм де болмас. Бiлiмiм жетпей қалса, бабыңды таппасам, қолымнан келмеген болса, оны кешiрiм етерсiң. Бiрақ аңғарып, түйiп байқасам, бұл сөз жесiр дауынан басталғанмен, ұланғайыр iс боп, қат-қабаттап кетiптi. Екi ел арасында көптен жүрген барымта, ұрыс-қағыс бар. Шабуыл-шандуылға жеткен үлкен түйiндер бар. Бұл күнде талай ердiң құнына тақау ақы, мүлiк сөзi бар. Осының бәрiне билiк айтатын адам көп отырып, көп тергеп, қалың сөзге қапысыз кiру керек. Бұған бiр кiсiнiң уақыты да, шама-шарқы да жететiн емес. Бiр кiтаптан оқыған нақылым бар едi: "жалғыз ақыл жақсы, бiрақ екеу болса бекем болар " деген! – деп, Абай бiраз тоқталып қалды. Келтiрген мысалы орыс халқының мақалы едi. Тоқтағаны – даулы елдердiң аңысын аңдымақ болатын. Суық қабақ Жұмақан сыр бермейдi. Тойсары да Абай сөзiнiң артын тосып отыр.
– Сiздерден өтiлiп алайын деп отырмын. Жаңағыдай көп iске, көп көзге адамның мұршасы жетпейтiн болған соң, көмекке кiсi алайын деп ем. Осы дауды тексерiсуге өз қасыма көмекшi би етiп мынау Жиренше мен Оразбайды алғалы отырмын. Соған жауабыңды бiлсем деймiн, туысқандар! – деп, сөзiн бiтiрдi.
Керей-Найман бұл отырыста Абай тiлеген жауаптарын тез айтып, келте қайырысты. Жұмақан да, Тойсары да қасындағы кiсiлерiне сөз салмай-ақ:
– Дегенiң болсын!
– Ал! Көмегiңе кiмдi аламын десең өз еркiң! – дестi.
Тек алғашқы сөзге тоқырасып, тарасар жерде ғана Сыбанның төресi – алып денелi үлкен қызыл күрең жүздi, бурыл тартқан қаба сақалы бар Барақ төре, Абайға үлкен отты көзiн қырындай тастап отырып, соңғы бiр тiлек айтты.
– Абай шырақ! Екi ағайының сенiң алдыңа сөз тастады. Сөз ғана емес, сенiң басыңа да сын тастады. Тобықтыны ара ағайыным дедi. Бүлiнгендi тiлемес, бiрлiгiмдi тiлер деп бiр таңдаса, әдiлетi, ақтығы бар деп, дәл сенiң қара басыңды тағы тiледi. Түптiң түбiнде тергеу көмегiңе екеудi аларсың, немесе тағы әлденешеудi аларсың. Бiрақ, "түгел сөздiң түбi бiр, түп атасы Майқы би" дептi ғой баяғыда. Түбiнде қыл мойынның келеге түсер, кесер сөзiн бiр өз аузыңнан, өзiңнен ғана күтемiз! – дедi.
Жұмақан үндемей, құптағанын бiлдiрiп, сәл бас изеп едi. Тойсары басқарақ айтты:
– Барақ мырза өз мүддесiн айтты ғой. Көлденеңдер кебiм жоқ. Бергенiм берген. Шыжыммен ұш, шырғамен қон.деп неғылам! Түйiн-төрелiктi тек сонау төбеден тосар ғана жайым бар! – дедi.
Қырбай елдердiң қырқылжың билерi әзiр үн қоса алмайтынын сәл сездiргенмен, бұл арада жарыла кетiп жатқан шалғайлық жоқ.
Абай үндемей ғана, екi жағына салқын жүзбен бiр рет бас изедi де, бұл кездесудi осымен аяқтатты. Ара би әуелде аз сөздi, көп сабырлы болмақ жөн. Сыр ұшығын сөз шығарады. Жарым сөзден жай түйем деп жорамалға, тұспалға көп түсетiн сөзқуарлар, пәлеқорлар екi елде де аз емес. Абай соны ойлаған сайын, дәл өзiнiң билiгiне шейiн тергеу сөздiң барлығын аңдап жүргiзбек. Өзгелердi көп сөйлетiп, өзi аз сөйлеудi ниет еткен. Сол оймен жаңағы аз жарықшағы бар екi сөздiң екеуiне де: " бiрiңдiкiн алдым, бiрiңдiкiн қойдым" дегендi бiлдiрген жоқ.
Оразбай мен Жиреншенi ендi iске қосатын боп оңашалағанда, Жиренше өзiнiң байқағыш, шалымпаз ойымен жаңағы сөздер туралы бiр болжау айтып қалды.
– Аужайды әзiр түюге алыс қой. Бiрақ Керей сөзiн мырзалықпен бергенде, Барақ бағып беретiн тәрiздi-ау деген едi.
Абай бұл жайды өзi де осылай топшылағанмен, Жиреншелерге де iшiн ашқан жоқ. Оның орайына екеуiне де, дәл осы жерде, тезiнен iске кiрiсудiң жөнiн айтты. Бiреуiн Керейге, бiреуiн Найманға қазiрден тергеуге қосатын болды. Абай бұл екеуiне де жаңа өзi ойлаған тәсiлдi айтты.
– Сұрамақ пен бiлмек бар. Әр барымта, шабуылда алынған мүлiк, соққыға жығылған жiгiт көп. Талай нәрсенi тергеп, талайды бiлiп келулерiң керек. Бiрақ болған бар да, бұлдыр бар. Шынға өтiрiк қосып, аламыштап айтатын, араздық мiнезi бар. Осындайдың бiрiнде өздерiң "мынау жақсы, мынау жаман, мынау шын, мынау жалған" дегендi жарыққа салып айтпаңдар. Iшке түйiңдер. Әсiресе шырай берiп, уәде берме. Оның арты мойныңа алған қарыз есептi. Сендерге қарыз болған – маған да мiндет артады. Онан соңғы бiр қолқам бар. Екеуiңе анық серттесiп айтар сөзiм: жең үшiнен жалғасып, дүниеге сатылып жүрмеңдер. Екеуiңдi дос бiлейiн және шын тiлейiн, қанатым болыңдар. Бiрақ әдiл-ақтық жолына бастап ұшатын қанатым болыңдар! – деген.
Қыз дауының сыртындағы көп пәленiң барлығын Кожагелдi, Шақантай iшiнен толық бiлудi және бар бiлгенiн Абайға түгел хабарлап тұруды Оразбайға тапсырды. Түкi-сыбан iшiн ақтара қарап, аудара тексерудi Жиреншеге бердi. Олар ең әуелi осы Балқыбек-сиязына келген Керей-найман адамдарын түгел адақтап шықпақ, даугердi, куәны де осы жиыннан тауып, көп тексерудi осында аяқтауға болатынын айтысты. Бiрақ үшеуiнiң тағы бiр ақыл қосып байласқаны: "екi жақ өз бетiмен шалқайысып, тек бiрiн-бiрi жалалап, шынға ойыспайтын болса, онда Оразбай мен Жиренше Керей мен Сыбанның кей жерлерiне өздерi суыт жүрiп, барып қайтыспақ болды.
Осымен Салиқа қыз дауының бiр жұмаға созылған күндiз-түнгi тергеуi басталып кеттi. Тергеу үш жерде жүрiп жатты. Оқта-текте ғана, көбiнше түн жарымында, күнi бойғы бiлгендерi, тапқан-тергендерi туралы Абай Жиреншелермен қысқа уақытқа бас қосып айрылысады.
Абайдың өзi қолына алып тергегенi қыз аулының сөз иесi – қарт Қалдыбай мен қыздың әмеңгерi – шал Сабатар. Бұлар арасында болған ескiдегi құдалық, киiт iлу, қалыңмал жөнiндегi ауыс-күйiстердi Абай асықпай отырып, анықтап бiлген. Қалыңмалдың орайына жасап отырған жабдық-жасауды Қалдыбайға түгел санатып, хатқа түсiрiп алды. Абайдың әзiрге аңғаруынша, Салиқаның қалыңмалы бұл өңiрдегi ең мол қалыңмалдың бiрi екен. Қыздың алғашқы атастырған күйеуi Бәйгөбек iшiнде ескi шаңырақта отырған жалғыз бала болады. Оның жесiрi үшiн қалың көп берiледi. Кейiн, атастырған күйеуi өлiп, қыз шалға қарайтын болған соң, бата бұзылмасын деп, Сабатардың тiлегiне емексiнген Қалдыбай: "қызым теңiне бармай, кемдiкке кететiн болды", дептi. Сабатардың өзiнен тағы да жарым қыздың қалыңмалын алыпты. Абай дәл осы жайға айрықша қадалып, кейiнгi кезде не алғанын түгел бiлдi. Рас, алған малға орай, көп ұлдың ортасындағы жалғыз қыз және жасы жетiп отырған ерке қызды әкесi ырзалап жөнелтем деп, басына көтерген сегiз қанат ақ үйден басқа жабдықты да мол қамдапты. Қыз жасауы жиырма бестен екен. Бас жақсысы Қоқан керуенiнен алған жүз қойлық жiбек кiлемнен басталса, содан ары, iшiк жиырма бес, сырмақ сандық жиырма бестен. Ең аяғы көйлек-көншек, дастарқан-тостағанға шейiн соншалық. Биiк сүйек төсектегi шағи дүриялаған көмкерулер де сол дөңгелек бiр санмен жиырма бестен жасалыпты.
Бiрақ бұл мүлiк қазiр Керей қолында. Малы болса алып қойылған. Қызы және айниды. Сыбан-найманды әсiресе ашындыратын – бұл қызға берiлген малдың молдығы. Пәле басы осындай көп мүлiк дауы болғандықтан, кейiн содан туған барымта шабуылдың айдап қуған жылқысы да аз болыспайды. Қай жағы болса да, есем кетпесiн деген егеспен егер қыла тиiскен. Қарулы жiгiт, жырынды жортуылшы, "ер-батыр" атанған найзагер ұры барымташылар тыным таппай ды. Қара сойыл мықтысы, қарапайым жiгiттерден де бұл пәлеге құлшына кiрiскендер аз болмаған. Даудың бiр түйiнi осы құдалық айналасында болғандықтан, Абай алғашқы тергеуiнде Керей-сыбанды кезекпен алдына алғызып отырды. Барлық аңыстарын түгел аңдап бiр шықты. Соның артынан, ендi даудың тап ортасында тұрған қыздың басында не бар? Екiншi кезекте Абайдың бiлмегi соның жайы.
Салиқа қыз арызын өз қолымен әкелiп, Қарқаралының Оязына кiргеннен берi, осы Балқыбек басында болатын. Ендi Абай, Ербол мен Көкпайды аттандырып, өзi жатқан Оспан үйiне сол Салиқа қызды жақындарымен бiрге алғызды.
Басында кәмшат бөркi бар, құлағында үлкен күмiс сырғалары ырғалған, шағи шапан киген, ұзын бойлы қыз келдi. Қара сұр бойжеткен Абайдың үстiне батыл басып, салмақпен кiрдi. Әкесi Қалдыбай да ере кептi. Әуелде Салиқа қызды көруге анталап келген кәрi-жас үй iшiн кернедi. Керейдiң өзiнен де қыз айналасында жүрген қамау-қоршау көп екен. Келгендерге жағалай қымыз iшкiзiп, Оспан сыйлап болған кезде, Абай ең алдымен Тобықтыларды таратты. Содан, өздерiнiң де отырысын артық көрiп, көп Керейдi Қалдыбай бастап, ертiп кеттi.
Абай мен Салиқа оңаша қалған едi. Салиқаның жүзiн Абай ендi анықтап аңғарды. Меңсiз, ақаусыз, тап-таза қара сұр жүзiнде Салиқаның үлкен тұңғиық қара көздерi өзгеше екен. Ойлы оты бар, нұрлы көз. Ұзын, жиi кiрпiктерi көзiнiң онсыз да үлкен қарашығын қоңыр көлеңкелендiрiп, әсiресе, тереңдетiп көрсеткендей. Қырлы, көтерiңкi мұрнының аз дөңкiлi бар. Жұқа ерiндерiнiң екi шетiнде сәл ғана көлеңкеленiп, төмен созылған бiр кiрбең бар. Бұл ренжiгiш, немесе көп мұң мұңдап қалған жас жүздiң iшкi шерiн танытады. Бiрақ Салиқаның үнсiз жүзi мұңшыл сияқтанса, сөйлегенде аппақ, мiнсiз, кесек тiстерi көп ашылып, ақсия көрiнiп отырады екен. Бұл ажар қыздың пiшiнiн ашық шыншыл көрсетедi. Жарқын жүздi, күлкi қызуы, қызығы мол жандай танытады. Әр сөйлеген кезiнде Салиқаның жүзi күлермен тәрiзденедi. Сауықшыл көңiлi тақауда тұрған сияқты.
Осы iске кiрiскеннен бастап, өзi аз сөйлеп, өзгелердi көп тыңдауға бейiмделген Абай, бұл жерде де сол әдетiн бұзған жоқ. Салиқаға бiраз, үнсiз салмақпен қарап отырып, өзiнiң бiлмек жайларын айтты.
– Салиқа шырақ! Жүз көрiскенiмiз жаңа болғанмен, мен сiздi қазiр бала күнiңiзден берi бiлiп келе жатқан жақын ағайындаймын. Жайыңды көп есiткеннен ғой! – дегенде, Салиқа әуелi күрең тартып, қызара түстi де, ұяла күлдi. Арызыңды оқыдым. Сондағы сөзiң сөз бе? Әуелi осыныма жауап бер! – дедi.
Салиқа бұл сөзге, аз қабақ шытып, тез шымырағандай боп қалды.
– Абай мырза! – деп, үлкен тұңғиық көзiне намыскер ашу бiлiнiп, – менiң сөзiм сөз, дегенiмнен айнығам жоқ! – дедi. Кесек ақ тiстерi ашыла көрiнiп, жүзiнде тағы да күреңiткен қан ойнады, Абайға аңыра қарап қалды.
– Тағы бiр сөзiм – "бармаймын, тимеймiн" дегенде, тең көрмегенiң тек шал Сабатар ма, жоқ исi Сыбанды құп көрмейсiң бе? Сыбанның тең жiгiтi болса, не дер ең?
– Ауыздарына әуелi шалын алмай, азаматын алса, тең тұсымды атаса, бүлiк бастар мен бе едiм? Онда менiң аулым, елiм еркiме қояр ма едi?!
– Теңiмдi атасын деген сөзiңдi сәлем қып, қайын жұртыңа айттың ба?
– Айтқызып ем, тыңдар құлақ болған жоқ. Құлақ кестi – жесiрiм. Сабатар – құдай қосқан әмеңгерi. Елде жоқ сұмдықты бастамасын!" дептi.
– Тағы бiр сөздiң жөнiн айт, шырақ. Қайын жұртың сенi " өздiгiнен азбас едi, аламын деп азғырып, аздырып отырған Керейдiң екiншi атасы, анау Шақантай жiгiтi " деген сөз түсiп отыр. Сен Шақантай жiгiтiн Сыбаннан күдер үзген соң таптың ба? Жоқ, бұрын көңiл қосыппең?
Қыз бұл сұрауға iркiлген жоқ. Тек ұялғаннан, лез қызарып, қысылғандай. Құлағындағы ұсақ шашақтары көп үлкен сырғасы дiрiл қақты.
– Имандай сырым болсын, Абай мырза. Сыбан: "шалдан басқа ешкiмдi атамаймын" дегенде, мен: Шақантай жiгiтi түгiл "ит екешi иттiң" құйрығынан ұстасам да, бұл өңiрден кетейiн, қарамды батырып, басымды алып қашып жоғалайын дегем. Шақантай жiгiтi сонан соң табылды. Бұрын аздырған, бұрын суық сөз салған Керей ұлы түгiл, тiрi пенде болған емес, – дедi. Сөзiн бiтiре бердi де, қыз шашақты орамалды көзiне басып, үнсiз жас төктi. Абайға қырынан тастаған үлкен қара көздерi намыс күйiктен, ауыр жастан қанталай түсiптi. Сөз бiткендей. Ендi Абайдың сұрайтыны жоқ екенiн аңғарған Салиқа тұрарманға жақын едi.
– Менiң сөзiм бiттi! – деп Абай, қыз жүзiне әлi қарап отыр.
Салиқа тұрмады. Жаңағы көз жасының артынан ендi бiр ызалы намыс келгендей. Сөздiң қысқа болып, бұрынғы ағайын талқысынан жеңiл бiткенiне таң қалды. Абайдың алды бұған жанашыр адам алдындай, кең сияқты. Соның бәрi қосылып кеп, Салиқаның соңғы бiр сөзiн айтқызды. Түйiлiңкiреп жазылған қабағында мұң да, ашу да бар.
– Менi бұзған Керей де жоқ. Бұрын бұзық ой менде де жоқ едi. Жалғыз ой, удай ащы ой, кейiн пайда болды. Ол: "Сабатардың, кеуiп қалған шалдың, үш қатынының бiрi боп бармаймын" деген ойым. Ол ойымнан, қайғымнан қиналғаным сонша, бүгiнде мен тiрi жүрмiн деп жүргем жоқ. Осы аз күн iшiнде өлiм мен тiрлiктiң дәл ернеуiнде тұрмын. Шал сипаған етiмдi құрт жесiн деулiмiн. Шынымды сұрадың ғой, ағайын. Мынау Балқыбек пен Бақанастың тұңғиық қара суларына күнде қараймын. Мекенiм, көрiм сендердiң түбiңнен табылар! – деп қараймын. Сабатарға кеткенше, осы екi судың бiр тұңғиығы бұйырсын! Барым осы-ақ! – дедi.
Абай басын шалқита көтерiп, үлкен толқынмен өзгерiп қалды. Қыз тұрып жүруге айналғанда, ол өз ойымен қатып қалғандай. Тек үнсiз ғана бас изедi. Қазiр Абайдың көз алдында жаңағыдай сымбатты, сұңғақ бойлы, асыл жастың терең суға батып бара жатқан суретi айықпай елестеп тұр. Үнсiз тұңғиық, терең қара су қатты шалп еткен тәрiздi. Соның түбiне қыз денесi кетiп барады. Қабағы лағнет айтып түйiлген. Кiшкене қолдары өлiмдi уыстап, қарғыстай жұмылыпты. Суық меңiреулiк iшiнде жан берiп, жай тапқандай. Көңiлде ыстық бiр ағым, қиял мен ойдан бас құрады. Ырғақты сөзге ауысады. Уәзiндi өлең жолына өз өзiнен құйылғандай болады.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға...
Қыздың Абай үйiнен тез кеткенiн Ербол, Көкпай, Шәкелер қабыл көрмептi. Ербол үйге кiре бере, оңаша отырған Абайға өз ойын айта келдi.
– Абай, ұлықтың кеңсесiне жауапқа кiргiзгендей, тез жөнелткенiң не қылғаның? – дедi.
– Тым құрса, түстендiрiп жөнелтсеңiз болмас па едi, Абай аға! – деп Шәке де қостады.
– Жоқ, жеттi! Бара берсiн! – деп, Абай қағаз бен қарындаш алып, бiрдеменi жазып жатыр. Жолдастарымен сөйлескiсi келмедi. "Қызды ұзақ ұстап, көп сөйлесiптi" десе,, әр нәрседен секем алып отырған Сыбан, оны да бiр сiдет етуi мүмкiн. "Ұлыққа арыз қып айтар сөздердi Абай құлағына құйып жiберiптi" деуден де тайынбайтындар болады. Бiрақ бұл ойын да Абай өз iшiнде тұтты.
Осыдан кейiн тағы үш күндей Салиқа дауының, Керей-найман ылаңының тынымсыз тергеуi өттi. Бұл үш күн iшiнде бiрталай сөздердiң басын қайырып болған Жиренше мен Оразбай қастарына бес-бестен кiсi ертiп, жақын отырған Керей мен Сыбанды екi жақтан аралап қайтты. Талай айғақты жиып. Сүзiп келiстi.
Ендi билiк күнi жеткен едi. Бар дау, бар шығын, шытырманның көп түйiнi жан-жақтан ағылып кеп, қазiр Абай қолына түгел тигендей. Ұлықтар үйiнiң жанына Абай Керей-найманның осы iске қатысы бар кәрi-жасының барлығын жиғызды.
"Салиқа қыз дауы", "Керей-Найман пәлесi бүгiн шешiледi, бүгiн кесiк айтылады" деген хабарды бүкiл Балқыбек бойына шапқылап жүрiп таратқан атшабар, старшындар болатын. Билiк айтар жерге сияз басындағы ұлықтар да келмекшi. Қазiр жалтыр түймелi, ақ кительдерiн киiнiп, сарала қылыш асынған урядник, стражниктерiн, тiлмаштарын қастарына ертiп, көрнектi, оқшау шұбар топ болысып келдi. Бүгiнгi жиынның айдыны бар. Түсi суық тәрiздi.
Дәл осы жиын алдында, Жиренше мен Оразбай, Абайды оңаша шығарып ап, өзгеше бiр сөз салды. Бұны бастаған Жиренше.
– Абай, екi тiзгiн, бiр шылбыр сенiң қолыңда. Сыналатын сағаға ел де жеттi, сен де жеттiң. Қалай айтар сырыңды әлi керек десе, мына Оразбай екеумiзге де сездiрмей, iшiңе бүгiп кеп отырсың. Уа, жөнiңдi айт, жарықтығым! Кiмдi жығып, кiмдi үстем етпексiң?
Абай, бұл екеуiн барлағандай, көзiн сәл қысыңқырап, күлiп қойды.
– Өздерiң айтшы, кiмге бұр дегелi отырсың? Көмейiңе тақап тұрған бiр күлкүлiң бар ғой. Айтшы екеуiң, неге ұйғардың? – деп Жиреншеге қадалды.
Жиренше де бұның жүзiнен көзiн алмады. Барынша салқын, берiк үнмен қазiргi отырыстың сұмдық бiр сырын ашты.
– Абай, "алтын көрсе перiште жолдан таяды". Ата жолы, ел жөрелгiсi. Соны ұғынған ел – анау Сыбан. Басы Барақ болып, Байгөбек, Салпы, мына Оразбай екеумiз арқылы билiк алдында, саған сәлем жолдап отыр. "Керей қызын Сабатарға бұйырып берсiн. Тобымнан таңдап, түкi Сыбанның қыл құйрықты адалынан дәл қырық ат таңдап беремiн!" деп жатыр. Мiнi алдыңды алғаным, айтқаным осы 1 – дедi.
Абайға Жиреншенiң аузы нәжiс төгiп отырғандай жиренiштi көрiнiп кеттi. "Тоқтат, үнiңдi өшiр!" дегендей қолын қатты сiлкiп, үнсiз түйiлiп қарап едi. Артынан шұғыл бiр қырға мiнiп, бойын билеп алды. Бұның сәт iшiнде жалт берген өзгерiсi адам жүзiн аңдығыш, жүйрiк Жиреншенiң көзiнен қақас қалған жоқ. Басында секем алып, кейiн үмiттене бастады, Абай ендi Оразбай мен Жиреншеге қарап, сылқылдап күлiп отыр. Сәл уақытта сол күлкiсiн тыймастан:
– Е – е, Оразбай! Сен де осыны айтасың ғой! "Алған мақұл, Керейдi жығып берген мақұл" дейсiң ғой? – деп, екеуiн тағы арбады.
Өз ойларына қыңыр бекiген Оразбай мен Жиренше Абайдың бұлардан тәсiлқой қыры биiк екенiн сезе отырса да дегендерiнен танған жоқ.
– Солай деймiн, Жиреншенi мен де құптаймын. Бұлтақ-сұлтақ неме керек? Алмай жатқан әкiм, жемей жатқан би жоқ осында. Сенiмен басталып, сенiмен тынар деппең! Мекеге келiп отырғам жоқ. Балқыбектiң-сиязына келiп отырмын, сiрә! – дедi Оразбай.
– Сөз сол-ақ қой, – деп, ендi жай ғана шыншыл жүзбен, сабырлы үнмен сөйлегендей болды.
Жиреншелер бұрынғыдан да дәмелене түстi.
– Сол, байлауы сол!
– Дегенiн ет Сыбанның! – дестi.
Абай осы арада ғана қатты құбылып, шұғыл ақырып қалды.
– Оттапсың, екi төбет! – деп боқтап жiбердi.
Екеуiнiң жасы өзiнен аз үлкен болса да, Абай кейде қалжың, кейде ашу аралас, бұларды сөге беретiн. Екеуiнiң енелерiн шiрене сыбап алып, жылдам сөйлеп, қайнаған ашумен қаптап кеттi.
– Өзiм деп, сенерiм деп, қанат тұтып, қатарыма алғаным сенбiсiң? Айналып, жүрiп-жүрiп кеп, айтар ақылың "арам жейiк" болды ма, екеуiңнiң!? Бұған бет бұрар болсам, екеуiңдi ертпей-ақ, Тәкежанды таңдасам болмас па едi? Сендер "Керей-найман әдiлет таппай, әрекет тапса, өлмесе ома қапсын" десең, мен оларды елiм деймiн. Үш жүздiң баласының алдында қалың қазақ қауымына менi әкелiп, құлқының үшiн құрбан еткелi отырсың ба? Өлтiрiп кеп отырмын десеңшi! Жеткен жерлерiң осы ғой! Бар аулақ! – дедi де, тұрып жүре бердi.
Бұл кезде:" ұлықтар, ұлықтар келдi, сенi күтiп қалды ғой, Абай!" деп, Тәкежан, Ысқақ Абай алдына аптығып келiсiп едi. Абай саспай жүрiп барып, жиын iшiне кiрдi. Шалғынды кiшкене дөңестiң дәл төбесiне шықты. Екi Оязбен амандасып, екi жақтағы Керей-найманның Барақ пен Тойсарыдай екi даугерiне де сәлем бердi.
Жиренше арқылы Абайға пара ұсынған Барақ, қазiр көтерiңкi отыр. Ол осы iс жөнiндегi арам ойды ерте ойлаған. Осыдан бiрнеше күн бұрын, Абай "Жиреншелердi көмекке алам" деп өтiлген жерде ойлаған-ды. Сонда Абайға "билiктi бiр өзiң айт" деген сөздi қырмен, әдейi айтты. "Керей Абайға пара жөнiнен сөз салып, жексұрын көрiне берсiн" деген. "Ал, Жиреншеге параны атап, аузын өзiм оңай аламын" деп, оны елеусiз еткен боп, әдейi тасаға тастаған. Бұдан бұрынғы бiр жүгiнiсте де Жиреншенi паралап, сырмiнез боп қойған-ды.
Ендiгi отырыста Абай тек қысқа ғана емеуiрiн жасап, сөздi өзi бастамай, әуелi даугер би Бараққа сөйлеттi.
Бұрын сөйлеген Барақ та, артынан сөйлеген Тойсары да бұл күндерге шейiн екi жақтың айтып келген, қиғаш қия дауларын айтып тоқтасты. Екi жағы да: "құдайға бердiк, өзiңе бердiк, әдiлiңдi айт, ара ағайын, ақтық сөзiңдi әруағына тапсырдық!" десiп тоқтаған.
Абай осыдан ары өзi сөйлеп кеттi.
Көңiлде қобалжу, қысылу болғандықтан, оның түсi қазiр ақшыл тартқан. Басындағы тымағын алып, малдас құрған күйде, тымағымен қоса мықынын таянып отыр. Кең ақшыл маңдайында және қырлана түскен ұзынша мұрнының ұшында жiпсiген суық тер бiлiнедi. Бiрақ үнi зор, лебi екпiндi, батыл. Қатты сөйлегендiктен әр сөзiн жай айтса да ойы мен тiлi тұтқырланбайды. Еркiн ағылғандай.
– Уай, жағалай жұртым! Керей-найман елiм! Ортаңа менi қойыпсың. "Тетiгiмдi тап, танымымды бер" деп қойыпсың. "Сынға салдым, жарықшағыма жамау бол, сына бол" деп сенiпсiң. Арылып өтер жөнiм бар. Бiр айтарым: Тобықтыдан туғаныммен екi бауыр, екеуiңнiң iсiңе Тобықтының тұғысынан қарар деме. Тағы бiр айтарым бар: қазақта жесiр дауы – жетi ықылымнан келе жатқан дау. Заман азып, заң тозатыны рас па? Содан ба? Болмаса дау бiреу болғанмен, дауа көп болғандықтан ба! Әйтеуiр бiздiң тұсымызда, дәл осы заманымызда бұл дау халыққа сын болғандай. Келеге сын, нәсiлге сын болғандай деп түсiнемiн. Мiне, ағайын, сенiң алдыңда өзiме осында асу қып атаған екi тұрғым бар. Айтар билiгiмнiң қыбласын осыдан ұқ дер ем. Бұдан басқа, баспалап бағар, өзге есебiм жоқ. Барлап барар, сендер қамыңнан өзге бағытым да жоқ. Әуелгi түйiн – Салиқа қыз басы. Жақсы жол – елге жора. Мен, баяғың ненi желеу, ненi жамау тапқанын бiлемiн. Жаңа ұрпақ жаңа тiлекпен келедi. Жас боп туып, жетпестен күңiренiп өтем деп келмейдi. Жаңа күн өзiнiң жаңа жорасын, жаңа тiлегiн жас көңiлiмен айтады. Жас ұрпақтың талабымен айтады. Оған құлақ iлмеген елдiктiң дауасын таппай, аласын табады. Бұл қыз болса: тағдыры бiр жазалаған қыз. Теңiнен айрылып, тiлегiнен кесiлген қыз. Ата-анасы, қайын-жұрты бiр атаған орнынан жас көңiлiн тапжылтпай табылған-ды. Бiрақ бiр өмiрге екi өлiм бұйырған тәңiр тағдыры да жоқ. Сабатар тiлегi сол қыз басына екiншi өлiмдi қанды ноқта қып ұсынып отыр. Бұл ақ ноқта емес, қайта айтамын – қан ноқта. Қыз өлiмге бар, бұл өмiрге жоқ. Жиын отырған жұрт, бәрiңде де – апа-қарындас, қыз-қыршын бар. Төрт арыстың жиыны, жора болсын деймiн кейiнгiге. Бiр жанға екi күймек – әделет емес. Бiр қыздың екi сатылмағы жол емес. Алғашқыда саған берген еркiн, халық, ендi қыздың өзiне бересiң. Қыз басы Сыбаннан азат. Бұл – менiң бiрiншi байлауым! – деп, Абай соңғы сөздер тұсында үнiн қатайтып, зiлмен құлшына түйдi. Тоқталмастан екiншi сөзiне ауысты. Сыбанда да жазық жоқ. Өлiм – ел жазасы емес ер қазасы, дауа жоқ. Мал бергенi ақ тiлекпен қызығын күткенi анық едi. Бiрақ өлiм орнын өз олқысымен толтыру керек. Салиқа қыздың қалың малы жеткен, ақы адал мал болатын. Керей, оны алдың. Бiр алмадың екi алдың. Басында алғаш алған қалыңмалың да аз емес едi. Елу түйенiң пұлы. Кейiн қызыңды ықтиярына қарамай, "қартаң кiсiге барады, қатын үстiне барады" деп сылтауратып тағы алдың, тағы да көп алдың. Бұл тұста Сыбан жазықты емес, араныңды ашқан, Керей, сен жазықтысың. Ендеше, адал бата, ақ малдың орайына қыз иесi Керей Сабатарға екi қыздың қалың малын берсiн. Алғаш алғаны елу түйе, кейiн еселеп алғаны жиырма бес түйе екен. Мен әрi Сыбан алдындағы, әрi өзiнiң қызының алдындағы жазығы үшiн Керейге тағы жиырма бес түйе айып кестiм. Сүйтiп, Керей екi қыз қалыңмалың жүз түйе қып қайырады. Қожагелдi мен Шақантай Сыбан алдында айыпты екi ата тең тартады. Бұл екiншi түйiн. Мен бес күн бойында, осы қыз дауынан туған шығын-шабуылдың екi жағын да шолып танып, қолыма жиып отырмын. Барымта, қуғын үстiнде Керейден екi жүз жылқының ақысы Сыбанға ауысқан. Жүз жетпiс жылқының тобы Керейге ауысқан. Сол барымта малы, көзi барының көзi боп, көзi жоғы әр жылқының тұяғы бiр бестi боп, екi жаққа ерсiлi-қарсылы қайта ауыссын. Мiне, ағайын, ел бiрлiгiнiң тiлегiнен туған, менiң талабым, тоқтау сөзiм де осы! Мен болдым! – дедi.
Жиын билiктi үнсiз қарсы алды. Абайдың байлауын тiлмаштар арқылы ендi түгел түсiнiп болған екi Ояз, күлiсiп, бiр-бiрiмен келiсе жарасқандай. Екеуi де Абайға:" дұрыс айттыңыз, осыныңыз мақұл!" дегендей, бас шұлғысқаны, күлiсе жауап қатысқаны байқалды.
Керей-Найманның екi жақтан жарыла отырған қалың жиынына Ояздардың көрсеткен ажары – "бұл билiк бiттi, тынды" дегендей. "Ырзамын!", "наразымын!", "бұл қалай болды, жол емес" деген сияқты бұндайда кейде дабырлап, жамырап шығатын үндер қазiр болған жоқ. Екi елдiң жиынына келiп, "қайтер екен?" дескендей, қалыс тыңдап отырған Тобықты да қазiр түк сыр бермейдi. Абайдың билiгiне ырза болған қалың жұрт бiрте-бiрте тарай бастады.
Жиренше Сыбанның бiр қапсағай бойлы, зор келбеттi ақсақалының жанында тұр едi. Қазiр Жиреншенiң әлдеқандай бiр күбiр-жыбыры соны қамшылап жiбергендей болды. Қатты, добал үнменен сол шал Абайға қарап, айғай салып ұран тастады:
– Уа, Кеңгiрбай! Кеңгiрбай! Әуруағыңа не боп едi сенiң? Осымедi кешегi азған қызға айтқан сенiң жолың? Кеңгiрбай, шақырдым әруағыңды! – деп, сырт айналып жүре бердi. Кеңгiрбайдың Еңлiк пен Кебектi осындай жесiр дауы үстiнде өлiмге бұйырғанын айтып едi ол шал.
Бiрақ бұл кезде көпшiлiк әр түрлi жай сөздермен жамырасып, тарап кеткен.а-абай жаңағы шал үнiне, жүзiне қатты ойланып, аңыра қарап тұрды да, аздан соң қарқылдап күлiп жiбердi.
Билiк бiтiп, ел тараған кезде, Жиренше мен Оразбай Абайға тағы бiр келiп, тiл қатты. Бастаған және Жиренше.
– Абай, өзгеңдi өзге дейiн. Тап жаңағы Сыбан шал әкең Кеңгiрбайдың әруағын шақырғанда, шiмiрiктiң бе тым құрса? Қабырғаң сонда да қайыспады ма? Ата жолынан өзiң де азып, елдi де аздырып тұрғаныңда, тым құрса соны да аңғармадың ба? Дәлiңдi айтшы? – деп қадала сөйледi. Абай әлi де бағанағы бұған көрсеткен суық зiлiнен қайтқан жоқ.
– Кеңгiрбайдың халық қойған аты "Қабан" болатын. Жем үшiн, осындайда қарындастың қанын iшкендiктен "Қабан" атанған. Ұқтың ба? Мен Кеңгiрбайдың ұлы емеспiн. Адамның ұлымын! – дедi.
Абайдың осы сөзiнен соң қақ басқа таяқпен бiр салғандай болған Жиренше мен Оразбай үн қатпай, сiлейiп тұрысып қалды. Абай кете барды.
Екеуi оңаша қалып, бiр бiрiне ажырайысып қарасқанда, түстерiнде үлкен ыза бар едi. Жиренше жалғыз-ақ сөз айтты.
– Асқан екен мынау! Көрермiн!
Оразбайдың да ойындағы сөзi осы екен.
– Кеше Құнанбай бiр асып-тасып төгiлiп едi. Бұ да тiленген екен! Тәуекел, Жиренше, тарт берi! – деп екеуi бiрге кеттi.
Кейiн Балқыбек-сиязы бiткен соң, Абай бiр топ жастармен бiрге аттанып, Байқошқарға қарай жүрдi. Осы кезде Оразбай, Жиреншелер де аттанған екен. Абай тобының алдында, Жиренше мен Оразбай оқ бойы жерде екеуленiп, оқшау кетiп барады. Оларды танып, Абай дауыстап тоқтатайын деп едi. Екеуi артына бұрылып қарасты да, бұны танып алған соң тоқтамай, iлгерi бүлкiлдеп, жүре берiстi. Абай оларға өзiнiң айтқан қатты сөздерiн еске алып, ендi кеңiректе жай сөйлесiп, кiнәласпақ едi. Сонымен көңiлiнде зiлi жоқ, астындағы құла атын тебiнiп қап, желiп отырып, алдыңғыларды қуып кеттi. Өз топтарынан оқшау сытылып, жалғыз озып келген. Бiрақ Абай дәл қастарына тақап қалғанда, Жиреншелер мұны көрiп алып, бiр-бiрiне қарасып, үндемей "е" дескендей боп, аттарына қамшыны басып-басып жiберiп, жарысып жөнеле бердi. Абай бұлардың iстеп бара жатқан мiнезiн лезде аңғарып, айғайлап:
– А , солай ма едi? Бiлдiм! – деп едi.
Екеуi естiп қалған екен. Сәл аттарын iрке бердi де, қатар бұрылып, тұра қалысып бiр ауыздан:
– Бiлсең сол!
– Сол-ақ! – десiп, ашулы жүзбен ақыра үн қатысты да, қайтадан жарысып жөнелдi. Осы жарыс үстiнде олар Абайға қарсы үлкен ызалы ашу, қатты араздық жиып бара жатты.
Балқыбек-сиязынан қайтқан Тәкежан, Майбасарлар да Абайды жамандап, өсек етiп қайтқан. Жиренше арқылы Барақ ұсынған қырық жылқы жайы бұларға да мәлiм болған.
– Әрi абырой алып, әрi мал алып, жұрт iстегендi iстеп қайтудың орнына, Абай абырой да, мал да таппай, бос қайтты. Орыстың ұлығы айтатын заңды айтып, ел шырқын бұзып қойды. Атаның абыройына келген бақты қор қылғанда, осындай жiгерсiздiк, намыссыздықпен қор қыламыз ғой! – деп, Тәкежан өз сөзiн Майбасарға мақұлдатты.
Бiрақ Тобықты атқамiнерлерi осылай дегенмен, Керей-найман Абайды олай мiнеген жоқ. Сөзiне тоқтап, екi ұлық кетер алдында: "бiттiм, тындым" дестi. Найманнан Жұмақан мен Барақ, Керейден Тойсары мен Бегеш боп келiсiм жасап, хат мөрлеген "тындым" қағаздарын берiп аттанысты. Абайды олар: "бұрынғы қара қазақ жолынан жолы басқа, үнi басқа лебiнде елге ем болайын деп тұрған жақсы ырым бар, сөзi дуалы, бетi алмасты, бұл өңiрдiң абыройлы адамының бiрi болғалы тұрған жан екен!" деп бағалаған.
3
Үш ат жеккен кең күйме, Ақшоқыдағы қыстаудың тұсынан – Қорықтан шығып, қалаға қарай тартып келедi. Ат ұстаған – козлодағы Баймағамбет. Үш торыны күз күнiнiң таңертеңгi қоңыр салқынында тықсырып айдап, сар желдiредi. Шалқасынан ашылған, қызыл сафиян iшi бар күймеде – Абай мен үш баласы отыр. Бұл – Әбiш, Мағаш және Күлбадан.
Кең ақ маңдайлы, жiңiшке ұзынша қара қасты, жұқалаң қызғылт жүздi Әбiш Абаймен әңгiмесiн үзбей келедi.
– Аға, бiз қалада қайда тұрамыз? Үшеумiз бiр үйде тұрамыз ба? Қазақ үйiнде тұрамыз ба, орыс үйiнде тұрсақ жақсы бола ма? Жоқ, әлде мен мына екеуiнен бөлек оқып, бөлек тұрам ба? – деп алдағы жұмбақ күндерiн әкесiнен тынымсыз сұрайды.
– Иә, мен қызы бар орыс үйiнде, өзiмдей қызы бар үйде жалғыз тұрам! Сен екеуiңнен мен өзiм бөлек тұрам! – деп, екi туысынан көрi еркiн, ерке сөйлейтiн Күлбадан күлiп қояды. Ол әкесiнiң алдынан Мағашты да ысырып жiберiп, шалқия түсiп, Абайға өзiн құшақтатып, жатып алған. Күлбаданның омыраулығы және шеше қасынан ең алғаш рет кетiп бара жатқанда, мойымайтыны әкесiне өте ұнайды. Алдында жатқан ерке қызын иегiнен қытықтап, күлiп отыр.
– Пәруәйсiзiм, алтын сарым! Осы жұрттың бәрiнен сен ермiсiң, қарағым! Сенi айтқаныңдай бөлек қоям. Өзiңе шеше болатын, ақылды, оқымысты орыс әйелiнiң қолына тапсырып берем. Бәрiңдi де жайлы үйлерге қоям! Маған үшеуiңнiң оқып адам болғаныңнан үлкен қызық та, мақсат та жоқ! – дедi. Үлкен құшағымен үш баласын кейде бiрдей қысып, құшақтап қояды.
Абай бiр ауық үндемей отырған жұқалаң ойшыл баласы Мағашқа иiле түстi. Оң жақ қолтығына соны көтерiп тартып алды. Күйме iшiндегi қалың көрпе, үлкен жастықтардан оның астын биiктеп, орнықты қып салып берiп: "ән сал, сен ән басташы, Мағаш!"– дедi. Үйден шыққанын өзгелерден көрi ауырлап келе жатқан Мағаштың көңiлiн сейiлтпек болды. Күлбадандай емес, әкесiнiң қабағын бұлжытпай бiлетiн Мағаш қазiр өзiне арналған бейiлге шын ырза болды.
– Аға, қай әндi айтайын? – деп, әкесiнiң мойнынан құшақтай алды.
Бiр сәтте қабағынан кейiсiн жойды. Жұқа ерiндерi шыншыл балалық күлкiсiмен созылып, ақ тiстерiн көрсеттi.
– Бiрақ мен бастамаймын. Жаңылып қалам ғой. Төселiп алғанша әуелi өзiң баста, аға! – деп тiлендi.
Абай бұның өтiнiшiн орынды көрiп, тамағын кеней берiп едi. Күлбадан iнiсiн мазақ еттi.
– Иә, ән сал десе болды, Мағаш ылғи кiсiге:
– "Өзiң баста, дейтiн әдетi!"– деп, сықылдап күле отырып, – көткеншегi бар тайдай, үй қасынан шыға алмайды бұл! – деп едi. Абай мен Баймағамбет қосыла, барлық күйме ұзақ күлiстi.
Мағаш ұялып, айналып түсiп, бетiн басып жатып, өзi де күлдi. Әбiш кiшкене iнiсiн Күлбаданның аямай қылжақ, мазақ қылғанына дау айтты. Ол Күлбаданды сынады.
– Сен, көткеншек болса, тай жаман болады деп ойлайтын шығарсың. Өзiң тайға мiнбейсiң, қайдан бiлесiң? – дедi.
Мағаш осы кезде басын жастықтан жұлып алып:
– Тай қайда? Қойға да мiне алмайды. Ал, менiң жаздыгүнгi көткеншек сар тайым бес рет бәйгеден келдi. Со ма? – дедi. Ендi жадырап күлiп: – Ал, аға, ән баста! – деген.
Абай балаларын тегiс өз айтқанына ертiп қосылдырып, "Қозыкөш" әнiн айтып отырды.
Екi күн үрдiс жол жүргенде, кейде әндетiп, кейде балаларына өзi әңгiме айтып бередi. Немесе Әбiшке, Күлбаданға олар бiлген ертектердi айтқызады. Ұйқы келер шақ болса, Баймағамбетке шейiн қосылып, түгел қосылып, тегiс ән шырқайды. Сонымен ақыры қалаға жетiстi.
Абай Күлбадан мен Мағашты Михайловтың ақылымен "уездная школаға" бердi. Бiрi еркек, бiрi әйел балалар оқитын школдарға бөлiнiп түскенмен, бұл екi баланы Андреев тауып берген орыс үйiне бiр бөлек қойды. Әбiш туралы Михайловтың мәслихаты басқа болды. Оның мұсылманша жақсы оқуы бар. Ұғымтал, өз талабы зор, ынтасы ашылған бала. Және орысша да тiлмаштан бiрталай оқып, бiрге сөйлесiп, қасынан қалыспай жүрiп, тiлге жақсы боп қапты. Алғашқы кластарға түсiруге жасы да ересегiрек боп қалған. Оны Абай мен Михайлов ана екi баладан бөлiп алды. Тiл тәжiрибесiне, бар тәрбиесiне үлкен септiгi тиетiн, оқымысты адамдар үйiне, жалғыз қойды. Және школда оқытпай, өзiн жалғыз, үйде оқытатын байыпты, ысылған, жақсы учительдi жеке жалдап берiстi.
Әбiштiң ажарына, мiнез, тәрбиесiне ең алғаш танысқаннан Михайловтың ықласы басқаша болды. Оны оқу мен пәтерге орналастырып болғаннан кейiн, Михайлов Абайға тағы бiр ақыл айтты.
– Ибрагим Кунанбаевич! Мынау бала, Әбдiрахман, көп оқуға жарайтын бала сияқты. Аз ересек болғаннан күдiктенбеңiз. Мүмкiн, тiптi, өзiнiң ана тiлiнде оқып, ашылып, ысылып келгенi, жақсы да болар. Бiрақ осы туралы менiң бiр ақылымды алыңыз. Биыл қыс бойы Әбдiрахмен төтенше жолмен, бiр ғана оқытушыдан, жақсы әзiрленсiн. Келесi жыл школға түскенде, Семейде оқымасын. Түменде оқу орындары бұдан артығырақ. Және менiң жақсы дос, таныстарым бар. Бұл бала жаз сахарасына қайтып тұрар. Бiрақ қысқы оқуда таза орыс ортасында болып, шаhарлық орыс тәрбиесiн толық алатын болсын. Денi сау болса, ар жағындағы болашағын Түменнен де ары, Питер деп үмiт етейiк! – деген.
Абай өзiнiң жас балалары туралы, қырдағы жақынының бәрiнен де сонағұрлым тiлеулес, аға дос боп отырған Михайловтың мәслихатына үлкен алғыс айтты. Сол арада iркiлместен, оның ақылын құп алды. Бұл сөздер Михайловтың жұмыс iстеп отыратын үлкен бөлмесiнде болған едi.
Бiр кезде осы бөлмеге iшкi үйлер жақтан бiр жас әйел кiрдi. Михайлов үйiнде бұл әйелдi Абайдың алғаш көргенi осы. Әдетте екi дос үйде кездескенде, өз жұмысын үлкен тынымдылықпен, момын қабақпен атқарып жүретiн бiр-ақ бөгде адам бар-ды. Ол кәрi полицеймен көп ұрсысатын Домнушка. Мынау әйел ала көлеңке тартқан қоңырқай үйге үлкен жарық лампы алып кiрдi. Қызғылт, кең жүздi, қою қоңыр шашы бар, тұнжыраған үлкен қара көк көздi әйел. Ол үй iшiне амандаса кiрген едi. Сол кiрiсiмен, Михайлов Абай қасынан атып тұрып, жас әйелдiң қолынан лампыны рахмет айтып алды. Бiр қолымен әйелдi Абайға қарай тартып кеп:
– Мынау, Ибрагим Кунанбаевич, менiң досым! Таныс бол, Лизанька! – дедi. Абайдың қатты аңырған жүзiне қарап, өзi де қызарыңқырап, қысыла тұрып күлдi де:
– Ибрагим Кунанбаеч, таныс болыңыз, Елизавета Алексеевна, менiң әйелiм! – дедi.
Абай ыңғайсызданып қалды. Бұндайда орыс тiлiмен "қайырлы босынды" қалай айтатынды бiлмей, ығысып едi.
– Мен бiлгем жоқ, Евгений Петрович, сiз неге жасырғансыз? Бақытты болыңыздар! – деп, аз қарбалас көрсеттi.
Бұл әйел Абай көзiне бұрын ұлық үйлерiнде, я Андреевтiң қауымында көретiн Петербург, Москвада өскен адам сияқты емес. Осы Семейдiң өзiнде көп көрiнiп жүретiн, жай момын ортаның адамы тәрiздi. Жүзiнде ұялу, имену көбiрек. Күйеуi мен қонағының алдында әр қозғалысында қысылу, имену бар. Бұйығылау адамдай. Елизавета Алексеевна отырмай аз тұрып, ақырын басып шығып кеткенде, Михайлов Абайға қарап, өзiнiң үйленуiнiң қысқа ғана бiр жайын айтты.
– Мен осында, жақында үйлендiм. Бұрыннан ойлап жүрген қалыңдығым емес. Тiптi ойда жоқтан, оқыс үйлендiм десем де болады. Бұл осындағы халықтың момын қызы. Оқу тәрбиесi де жоқ. Сiз Әбiштi оқытсаңыз, мен қазiр бұл адамды үйден, сол Әбiшше, төтенше оқытып жүрмiн. Оқытып, өсiрiп, жар етудi қарыз бiлдiм! – дедi. Өзi де қысыла отырып, бұрынғы сыбай-салтаң өмiрiне кiрген үлкен жаңалығын осылайша, жай ғана айтқан. Абай одан арғыны қазған жоқ. Келесi сәтте Михайлов өзiнiң облыстық кеңсеге қайта кiрiп, ендi жаңадан қызмет иесi адам боп жүрген жайын баяндап бердi.
Бiр кезек Абай бер жаққа өтiп, көптен бармаған Тiнiбек үйiне келiп, Мәкiштiң отауында қонған едi. Сол бiр кеште Мәкiш Абайға бұл үйге көп келмейтiнiн кiнә қып сөйледi. Бiрауық ана бiр жылда осы үйде Салтанат болғанда Абайдың көңiлдi сәттер өткiзгенiн жеңiл әзiл етiп, Мәкiш еске алған. Абай Салтанат аты аталған жерде, оны аса дос көңiлмен атады. Ойлана созып сөйледi:
– Салта-н-а-ат! Шiркiн Салтанат жақсы едi-ау! Өзiм көрген қазақ жасының қасиеттi бiрi едi-ау! – дей түстi.
Мәкiшке шұғыл бұрылды да:
– Айтшы, Мәкiш, Салтанат бүгiнде қандай екен? Өмiрi, күйi-жайы не халетте екен? Бiлгенiң бар ма? – дедi.
Мәкiш Салтанат туралы Абайға таға бiр қадiрлi әңгiме айтып өттi.
Баяғы айттырған күйеуiне Салтанат тиген. Бұл күнде ерiксiз өмiр тұтқыны болыпты. Сонау жылдардан соң қалаға ең алғаш келгенi осы биыл өткен жаз екен. Қасына бiр еркек, бiр әйел баласы ере кептi. Солармен Салтанаттың өзiн Мәкiш бұл шаhар халқының жазды күнгi сейiл-сауығы ретiнде, қайыққа мiнгiзiп үлкен Ертiстен өткiзiп, полковник аралына апарыпты. Сабамен қымыз алғызып, сойысқа қой алып шығып, бiр күн бойы аралда, тоғайда екi дос әйел ұзақ бiр мұңдар айтысыпты.
Мәкiш Абайдың күтпеген, ойламаған жайын осы арада бiлдiрдi. Ол соңғы жылдарда Абай шығарған өлеңдердiң көбiн жатқа бiледi екен.
Салтанаттың өтiнiшi бойынша аралда, кейде әнге салып, кейде жаттай оқып, бәрiн айтып берiптi. Салтанат үнсiз сабырмен көп уақыт, қызыға тыңдапты. Ең аяғында,, қасына еркек баласын шақырып алып, өзгеше бiр сөздер айтыпты.
– Менiң өмiрiм өз басымды ойдағы арманымнан жыраққа әкеттi ғой. Үмiтсiз де болса, бiр арман құшқан жан едiм. Жастық тiрлiгiмде Абайды көрген күндерiм, осы аралдай бопты. Көлеңкелi, саялы боп, мынадай гүл атып тұрған көрiктi шағымның бiрi екен. Мәкiш, бүгiн сенi көргенiм, Абай сөзiн естiгенiм тағы баяғы сағынышымды тапқандай табысым болды. Ендi бiр сертiм болар – Абай қадiрiн өзiм ғана бiлiп сақтамаспын. Мынау балаларымды да Абайға дос етiп өсiру, ендiгi аналық қарызым шығар. Абай алдындағы соңғы достық мiндетiм болар! – дептi.
Абай Салтанатты қадiрлеген көңiлiмен өз апасы Мәкiшке де iштей алғысқа толы, ырзалық бiлдiрдi. Оны өзiнiң сырласы, сенiсер досы есебiнде ұғынып, аз сөзбен iшiн ашты.
– Солай, солай айтар Салтанат! Өз қарызын ғана айтпаған. Менiң де мiндет қарызымды айтқан да. Оның баласындай жас ұрпақ жанына азық етер, жақсы көрер қазына болар сөзбен өлең туғызуды маған мiндет етiптi ғой. "Алты қырдың астында жүрсем де, маған тым құрса, сондай сарының жетiп жатсын" дегенi де. Ұқтым, түсiндiм, арманды дос! – деп, салмақты сыр айтты да көңiл шабытына, толқын ойға шомды.
Абай осы жолы қалада көп жатты. Оқуға балаларын орналастырған алғашқы жылында, оларды қимай жүргенi де болды. Күз бойы, қыстың ортасына шейiн, Гоголь атындағы кiтапханада күнұзын отырады. Ғылым зерттеушi, оқымысты тәрiздi боп алған өзiнiң дағдысына да аса қызығулы. Кiтап бетiнен кете алмайтындай. Жақсы, таза сарылғандық бойын мегдеп алған. Кей кештерде, үй оңашада өзi оқыған романдарының қызықтыларын Баймағамбетке әңгiме етедi. Оның айтуы арқылы, Баймағамбет те көп әңгiме жиып жүр.
Сенбi күн кештерде, Баймағамбет ат-шанамен жалғыз кетiп, бiр пәтерден Әбiштi, тағы бiр пәтерден Мағаш пен Күлбаданды алып келедi. Олар екi түн, бiр күн әкесiнiң қасында аунап-қунап, тынығып, қуанысып қалады. Абай балаларының қонаққа келетiн кештерiн ел қазағына бермеуге, бөлмеуге тырысады.
Балаларға өзi әңгiме айтады. Немесе Баймағамбетке ертегi айтқызып бередi. Тағы бiр кез топ болып, ән салысып, аса бiр көңiлдi, рахат кештер өткiзедi.
Абай жұмасына немесе он күнде бiр Әбiштiң пәтерiне барады. Ондағы үлкен тәрбиелi, сұлу жүздi, бурыл шаш Анна Николаевна атты Әбiштiң "хозяйкасымен" ұзақ әңгiмелесiп қайтады. Тағы бiр кез Мағаш пен Күлбадандай екi еркек, екi әйел баласы бар Екатерина Петровнаның үйiне барады. Өлген офицердiң тұл қатыны, көп баланың тәрбиесiн өзiнiң жалғыз ғана оқытушылық, ұзақ еңбегiмен атқарып келе жатқан. Бұл үйге Абай анда-санда балаларының пәтер ақысынан басқа, Баймағамбетке шанаға салдырып, тұтас қойдың етiн, қаптаған ұн, кейде отын сияқтыларды есептен тыс апарғызып тастайды.
Осы жолы өз балаларының ғана оқуы емес, тағы бiрнеше жетiм жастарды Абай өз талабымен оқуға бергiздi. Бұл балаларды көршiлес жатақтарынан арнаулы кiсiлермен алғызған. Соның бiрi – Ералы жатағындағы Әнет, Молдабай баласы Дәнияр деген жетiм бала. Бұның оқуға түсуi – өзi бiр өрескел күйден туған. Соңғы екi жыл бойында корпус пен Семей жандаралы тарапынан шыққан бiр бұйрықта қазақтан болыс басы бiр бала орысша оқуға берiлсiн делiнген. Сол бұйрық Тобықты болыстарына барса, әкесi бар баланы ешбiр ауыл қимаған да, бермеген. Берсе жетiм берiлсiн деп, ол жетiмдерге және де иелер табылып, құнын төлемесе берместей болған. Қысқасы қас надандық. Түйсiксiз тоң мойындық етiп жүрген-дi. Осы жайды бiр күн Абайға Михайлов сөз қып едi. Күйiнiшпен күлiп отырып, "бар Семипалат уезi жиылып, бiр баласын оқуға беруге қимайды. Осының не шарасы бар?" деп сұраған.
Сол хабарды бiлiсiмен Абай Тобықтының өзi бiлген, тiлiн алады дейтiн адамдардың барлығына қалада жатып хат жазған. Шыңғыс болысының есебiне деп, жатақ баласы Дәниярды қалаға алғызып кеп, интернатқа бергiздi. Молдабайға сәлем айтып, Шағаннан тапқаны – сол ел iшiнде отырған аз үйлi қырғыздың жетiм баласы Омарбек. Оны да орысша оқуға бергiздi. Тәкежанға хат жазып, Қызыл-адырдан және бiр жетiм баланы, Құрманбай дегендi алғызды. Ералы жатағына бұдан тыс және бiр-екi баланы оқуға бергiздi. Олар Абайдың өзiнiң аталас елi емес, Мамайдан шыққан, жатақ балалары. Екi жетiм, Садуақас, Қасен деген балалар болатын. Бұл екеуiн Абай мұсылманша оқуға бергiздi. Жатақ жөнiнде "тым құрса олардың жас буынынан азды-көптi саңылау болсын. Әлде сордан көзi ашылар ма. Көбiне көмегi тиер ме!" деп, Абай осы күз айрықша бiр шұғылданып ойланған. Жатақ жайы қалада жүрген Абайға да уайым салған.
Анау жылы Балқыбек-сиязында Абай әперген мал жатаққа түгел тимептi. Сияз басынан Ералыға шейiн аман жеткiзгенмен, отыз қараның он жуан тұғырын сол күзде бiрден, екiден тасымалдап, белгiсiз бiр ұрылар тағы тоздырып әкетiптi.
Жатақ жайын қалада жатып естiп жүрген Абай, тым құрса тозбас дәулет – ғылымға бұлардың тобынан да, бiреулер қол артсын" деп, жаңағы балаларды бар Тобықты iшiнен, әдейi осы ортадан iрiктеп алғызған.
Қыстың ортасы ауып, ендi қаладан елге қайтар кез жеткенде, тағы бiр сенбiнiң кешiнде, Абай Баймағамбеттi жарым күндей жүргiздi. Қаланың әр жерiнде тұрған жаңағы оқушы балалардың барлығын өз пәтерiне шақырып алды. Соларға өз алдында еркiндетiп ән салдырды. Асық ойнатып, жаңылтпаш, жұмбақ айтқыздырып, емiн-еркiн бой жаздырды. Сонымен, кешкi ет алдында азғана бiр толаста "балалар!" дедi. Жас қонақтарын, өз балаларын салмақты үнмен өзiне қаратып алды. Бүгiн күндiз жазып қойған бiр табақ қағазды алып отырып, үнсiз аңырған балаларға бiр өлең оқып бердi.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім…–
Бұл жиында бiр өзiнен басқа ешкiмге мәлiм емес, осы бүгiн туған өлеңiн оқыды. Арасында:
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек өрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім…–
деген жолдарын қайталап оқып берiп, балаларға қысқа ғана тiл қатты.
– Мiне, балаларым, iнiшектерiм. Бiз сияқты аға, әкелерiң мезгiлiнде өсе алмай, қылтанақ жарып, сарғайып қалған шөптеймiз. "Ғылымнан махрұм қалдық" деп, ендi өкiнемiз, опық жеймiз .. Сол бiздiң мұң. Ал, сендер үшiн тiлегiм, айтарым жаңағы. Бұл – аға батасы! Сендерден дәрмен күткен далаңның, елiңнiң тiлегi! Адам болам деп оқыңдар. Аймағыма жақсылығым жетедi. Адал азамат болам деп, халықтың қамқоры болам деп оқыңдар! – дедi.
"Осы отырған балалардан жаңа төл өсiрсем, жаңа буынның жаңа азаматын шығарар болсам, менiң ендiгi жұбанышым, көмектесiм де, үмiт етер қанатым да солар болмас па едi? Ендiгi етер еңбегiм мен көмегiм, айтар өсиет, ақылым болса – бәрi де қазақтың мешеу, қараңғы жұртынан жаңа қауым, көзi ашық, оқыған жаңа қауым туғызуға арналсын. Ел iшiн көгертетiн кез жеттi ғой" деп ойлады Абай.
Биылғы қыс кiтаппен қатар Абай қағаз-қарындашты жиi ұстап, өзi де көп өлеңдердi, құлақ күйдей, жан сазындай, күйлей толқып жүрген-дi. Сол өлеңдердегi ой өсиетiн арнайтыны, жаңағы – "жас төл". Бiрақ бұл сөздiң иесiнiң өзiнде де, әлi өзiне-өзi сенген ақын ат жоқ. Сыншыл жанның көмескiлеу айтылатын лақап аты бар-ды.
БИІКТЕ


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет