Абайдың діні Орындаған: Садыканова Динара Берікқызы Түйінді сөздер



бет3/4
Дата11.12.2023
өлшемі40,78 Kb.
#136997
1   2   3   4
Байланысты:
Абай және Дін.

Абайдың діні

Кемеңгер Абай кемелдікке жеткен шағында иман (қазақша – Құдайға сенім), оның тағатқа (құлшылық қылу амалдары) қатысы және Тәңіріні тануды басты деп біліп, осы мәселелерді танып-білуге ден қойған болатын.


Бір Тәңіріге сенім, Абайдың білуінше, адамның адамдығының һәм күллі махаббат, әділет сезімнің қайнары. Бірақ адам баласының сенім күші – Жаратушыны тану, яғни Алланың хикметін сезу деңгейіне тәуелді.
Осымен, жасы елуден асқанда, 1895-1896 жылдары ойшыл «Түп Иесін көксемей бола ма екен?» деп тереңге бет қояды. Өз сөзінше «терең ойдың телміріп соңына ереді». Тамаша пәлсапалық өлеңдері («Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» және «Алла деген сөз жеңіл») соның татымды жемісі. Баршасы да жүректен құйылып, тылсымнан тұнған керемет туындылар. Оcы туындыларына сүйеніп, Абайды нағыз тәңірінітанушы – теолог биігіне (мұсылманша – мағрифат сатысы) жеткен деуімізге дәлел.
Қайталап айтайық, сенім – ақыл-ойдың, танымның өнімі. Егер таным таяз болса, иман да әлсіз. Сондықтан өзінің квинтэссенциялық күрделі еңбегі – 38-қарасөзін Абай: «Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың толады» деп бастап, Алла тағаланың болмысын зерттеуді қолға алады. Әлемдік теология саласына қомақты үлесін қосады. Бұл туралы сөз төменіректе.
Енді Абайдың иман туралы танымына келейік. Иманның екі түрі бар: бірі – якини (ақылмен илану) иман, екіншісі – тақлиди (біреуге еріп илану) иман. Оқырманға түсінікті болуы үшін Абай өзінің 12 және 13-қарасөзінде ұқтырған иманның осы екі түрін бүгінгі тілімізде сенушілік және діншілдік деп айырсақ қате бола қоймас. Сенушілік – жүрегінде құдайы бар, халықтың ұғымында «Құдайға қараған» адамға тән мінез я қасиет.
Ал діншілдік – тағат немесе сыртқы ғибадаттан туады. Әдетте діншіл кісі сыртқы пішінге, бес парызды қатаң орындауға табан тірейді. Ол үшін діннің негізгі мұраты осы.
Тұжыра келгенде, хакім Абай – дін негіздерін әлемдік деңгейде жаңғыртқан батыл ойлы кемеңгер. Мұсылманда әйгілі әл-Ғазалиден кейінгі сенім ілімін тірілткен екінші ұстаз-реформатор.
Ләжіміз не, Құдай ісі (аспан әлемі, күн мен түн, қараңғы мен жарық, өмір мен ажал, махаббат пен зұлымдық т.с.с.) мен дін ісі екі бөлек дүние екендігі, әлбетте, дін ұстаздарының ойына кіріп те шықпайды. Көбісі дін мен шариғатты айыра алмай, екеуін бір нәрсе деп біледі. Шариғат қабыл еткенді, Құдай қабыл етті деп сенеді. Орта ғасырлардан беріде дін мешіт төңірегімен шектеліп, имам, молдалар бес парызды орында деген талаптан аса алмады. Мұсылмандық Шығыста сана-сезім өлкесі тұмылдырықтанып, ақыл-ойдың сәулесі түсер есік-терезе атаулы тұмшаланды. Мұның қандай салдар әкелгенін өзіңіз де болжай аласыз. «Ақыл – мизан, өлшеу қыл», «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деген ойлары шығармашылығын көктей өтетін Абай үшін ақыл, ғылымсыз дін – өлі догмат. Сондықтан ол діншілдікті «бүкіл шығыстың сол заманға шейін кенже қалуына себеп болған кесел-кедергінің бірі деп танып, онымен бірде-бір адым баспайды. Аулақ серпеді» (М.Әуезов).
Сөйтіп, Абайдың діні – сыншыл ақылдың діні. Оған исламның бес парызын терең қаузап, діннің түпкі мағынасын жаңғыртуы дәлел. «Діннің бес парызы шарт еткен жолдарды Абай өзінің сыншыл ақылымен діндік соқыр наным – предрассудок деп түсінеді», - дейді Мұхаң. Осы түйткілді де тарата кетелік. Абайша бес парыз тең емес. Жаны бар жетекші, қалған төртті қозғаушы күш – шын иман. Бірақ «инанмақтығың құр ғана инанмақтықпенен қалмасын, - дейді Абай 38-сөзінде, - сен өзің инанмақтығыңнан пайда ал». Сонда мінезің түзеледі, «кәміл иман болады». Бұдан асқан ақыл бола ма? Соңғы өсиет өлеңін де кемеңгер:
Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол, - деген айқын оймен түйеді. Абайша иманигүл жоқ жерде, яғни «махаббаты толмаған» жағдайда тақлиди иман (біреуге еріп иман келтіру) төрге шығады. Ол «жарым мұсылман». Оның Алла барын жүрекпен сезуі, бұйрықтарын саналы түрде орындауы неғайбіл.
Пайымдай келгенде, діннің түпкі мәні, мазмұны – махаббат, әділет және ғылымды азық қылу. Осы үшеуге шақырған аяттарға Құранның іші толы. Ләкін, оларға «ешкімнің ықыласы, көңілі мен ғылымы жетіп құптағанын көргеніміз жоқ» (38-сөз), - дейді Абай. Өзіміз де куәміз, жат пиғылды ағым өкілдері Құраннан «жиһад», «шахид» және «кәпір» терминдерін теріп алып, соны идеологиялық қайнар қылуда. Және «аят-хадисті ақылға салма» деседі. Керісінше, халықты ғылымға шақырып, атойласа кәне. Егер адамзат ақыл қуатын пайдаланып, ғылымды азық қылмаса әлі күнге тас дәуірде қамалып отырмай ма. Білім-ғылым тақырыбы Құранды да (ғылым жайлы 700-ге тақау аят бар), Абай мұрасын да көктей өтетіні сол. Бірақ адасқан діни ағымға керегі – еріп иман қылған, яки соқыр сенімдегі жастар сияқты.
Таным таяздығы, шетін көзқарас (радикализм) – адамның да, қоғамның да дамуын тежеуші күш екені сөзсіз. Бүгінгі таңда мұсылман елдерінде орын алып отырған дін атын жамылған сан алуан қантөгістер мен атысып-шабысулар соның айғағы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет