Дәріс 5. Тақырыбы: Абайдың әдеби ортасы мен нәр алған рухани көздері. Абай және төл әдебиет Жоспары: 1. М.Әуезовтың 1934 жылғы мақаласының мәнін тану
2. Абай және Шығыстық қайнар
Дәріс мақсаты: Абай нәр алған үш қайнар, олардың ара-салмағы туралы мәлімет беру
Дәріс мәтіні (қысқаша): Абай дүниетанымының қалыптасуында ақын мұрасының нәр алған рухани көздерін танып, бөлуге терең мән берілді. Бұл аса күрделі мәселені абайтану тарихында отызыншы жылдары М. Әуезов көтеріп алғаш рет пікір білдірді. Бұл айрықша мәні бар күрделі де аса жауапты тақырыпқа М. Әуезов алдын ала ғылыми даярлықтан өтіп барып келді. Орта Азия мемлекеттік университетінің түркология кафедрасында аспирантураны бітіріп, 1930 жылы шығыс классиктерін түп нұсқадан оқып, шағатай әдебиетін де терең меңгеріп, Европа әдебиетін орыс тілі арқылы еркін танып мол даярлықпен келген кезең болатын. 1924-1927 жылдың өзінде-ақ Абайдың тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасының нобайын даярлап та қойған еді. Міне, осындай алдын ала зор даярлықтың негізінде 1933 жылы Абайдың толық шығармалар жинағы мен Абайдың ғылыми өмірбаяны Қызылорда қаласында жарияланды. 1934 жылы Абайдың қайтыс болуына отыз жыл толу мерейтойына орай М. Әуезовтың «Абай ақындығының айнасы» деп аталатын мақаласы абайтанудың ең өзекті мәселелерін көтерумен, қысқаша нобай бағыт-бағдар берумен ерекшеленеді.
Осы мақаласында автордың Абай мұрасының нәр алған үш рухани қайнар көздеріне арнайы тоқталып, ойын өрбіткенде Абайдың Батыс мәдениеті мен Шығыс мәдениетіне қатысын айрықша екшеп талдауында: «...Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ. Батысқа келгенде ол арқасын шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келеді». (Елу томдық толық жинақ. 10 том, 12 бет) дейтін терең ғылыми ой байламын береді. М. Әуезовтың танымында Абай дүниетанымын қалыптастыруда оның нәр алған рухани қазына көздері ретінде қарауы себепті «... ақынның өз халқынан және адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен саласы, түп төркіні барын байқаймыз», - деп көрсететіні бар. Олар:
а) Қазақ елінің рухани ой-қазынасы
ә) Мұсылмандық шығыстың рухани қазына көздері
б) Батыстық классикалық әдеби-мәдени әлемі
Осылайша ғылыми тұрғыдан сарапталған ой байламдары 1938 жыл мен 1961 жылдар аралығында табиғи бастапқы қалпы бұзылып өзгеріске түсті. Оның себебі 1938 жылы БК (Б) П ОҚ барлық жерде орыс тілін міндетті түрде оқыту қаулысы мен 1945 жылы ҰОС аяқталуына байланысты И. Сталиннің орыс халқының ролі туралы сөз сөйлеуі және КПСС ОК 1949 жылы космополитизм туралы саяси-идеологиялық мақсат көздеген қаулысына байланысты болатын. Кеңестік тоталитарлық идеологияның саяси-идеологиялық талабы қоғамдық ғылымдар мен әдебиет, өнер саласында батыс пен шығысқа бас июшілерді яғни космополиттерді талқандау науқаны қатты қарқынмен жүргізілді. Барлық Одақтас республикаларда мыңдаған көрнекті әдебиет пен өнер қайраткерлері жазаланып, қуғындалып жатты. Мәскеуде самал соқса, Қазақстанда дауыл боп соғатын әдет бойынша мұсылмандық шығысқа, оның әдебиеті мен тарихына байланысты жазылған мақала, зерттеу жұмыстары мен, тіпті, солар жайында жанама пікір айтушылар да аяусыз жазаланып қуғындауға ұшырады. Мысалы Қазақстанда Абай мұрасының шығысқа қатысы жайында пікір айтқан әдебиет қайраткерлерінің басына әңгіртаяқ ойнай бастады. Әдебиеттегі қатаң сынның қыспағына алдымен М. Әуезовтың Абай мұрасының нәр алған рухани қазынасы жайында айтылған ғылыми-теориялық ой-байламдарының тірегіне айналған «...Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ», - деген ғылыми теориялық ой-пікіріне қатты шабуыл жасалынды. Осы кезден бастап абайтану саласында жазылған еңбектерде, ғылыми зерттеулік мақалаларда Абай мұрасының рухани нәр алған бір саласы яғни Абай мұрасының Шығысқа қатысы түгелдей терістеліп жатты. Мұны профессор Қ. Бейсембиевтің «Мировоззрение Абая Кунанбаева» (1956 г.) деп аталатын монографиясында ашық көрініс берді. Профессор Қ. Бейсембиев т. б. Абай мұрасының рухани нәр алған көздерінің бірі Ресей мәдениетіне шешуші мән берілуі де Абайдың шығыс пен туған елі ой-қазыналары мүлде атаусыз, дүниеде ондай құбылыс болмағандай қалып танытты. Міне, осы жағдайдан кейін абайтану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен қорғалған диссертациялар Абай және орыс әдебиеті деген тақырыптың аумағынан шыға алмай тұйықталып қалды.
Абай мұрасының рухани нәр алған өнікті рухани бұлақ көздері қазақ халқының рухани ой-қазынасы мен мұсылмандық рухани әлемі мүлде ғылыми зерттеу нысанасынан тыс қалды. Яғни Абай мұрасының шығысқа қатысы 1963-ші жылға дейін зерттеу нысанасына алынбай қозғаусыз жатты.
Кеңестік дәуірде Абай мұрасының шығыстық ой-қазынасына қарым-қатынасы абайтану саласындағы 1963-ші жылдан бастап там-тұмдап ғылыми зерттеу нысанасына алынып, алғаш рет қозғалысқа түсе бастады. 1965 жылы осы жол авторының «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпқа кандидаттық диссертациясы қорғалды. Осы диссертация негізінде 1994 жылы «Абайтану тарихы» монографиясы басылым көрсе де, Мұхтар Әуезов ұсынған ғылыми концепциясы яғни Абай мұрасының рухани нәр алған үш бұлағы туралы әлі де бастапқы қалпына келе алмады. Бұл саладағы Мұхтар Әуезов ұсынған Абай мұрасының нәр алған үш рухани бұлақ көздерінің бастапқы табиғи қалпына келіп, ғылымда орнығу процесі 1982 жылы «Ғылым» баспасынан жарияланған «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деп аталатын көлемді ғылыми зерттеу монографиясы жарияланып, әдеби орта мойындаған соң ғана жүзеге асқаны жұрт мойындаған шындыққа айналып отыр.
Бақылау сұрақтары:
Абай нәр алған қайнар көздер туралы ең алғаш тиянақты мәлімет беретін мақала.
Абай шығысының танылу жайы